|  |  | 

Көз қарас Саясат

Ақорда Қытайдағы қазақтардың мүддесін қорғауға неге құлықсыз?!

KZ_Ch-800x480

Н. Назарбаев және Ши Жинпиң. Фото: kznewsline.com.    

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы – жаңа ғасырға тәуелсіз мемлекеті бар ұлт ретінде қадам қойған қазақтың ең биік абройы. Дүниежүзі қазақтарының әр реткі құрылтайында, әлемнің әр түкпіріндегі қазақтың бір ғана тарихи отаны Қазақ елі екенін сан рет айттық. Әлемнің әр қайсы елінде де қазақ ұлты өзінің ұлт ретіндегі биік сапасын танытып келеді. Елбасының өзі айтқандай «қай елге барсақ та, қазақтар тыныштықты бүлдіріп жатыр деген сөз естімедік». Тарыдай шашылған қазақтың әр баласы қайсы бір жат топырақта жүрсе де, Қазақстанға деген терең сүйіспеншілігінің бар екеніне көз жұмбаймыз. Оның астарында «Менің Қазақстан деп аталатын тәуелсіз елім, тарихи түп қазығым бар» деген ұлы мақтаныш жатса керек. Әлемдігі қазақтың жүрек түкпіріндегі осы бір мақтанышқа Қазақ билігі қаншалықты лайық? Тәуелсіз Қазақ елі ретінде билік шетелдегі қазақ диаспорасына қаншалықты сұраушы, сүйеуші болды?                                                                                                                                                                                                             Бүгінде Қытайдың Шынжаңында жасайтын екі миллионға жуық қазақтың мүддесі мен кісілік құқығы жергілікті билік жағынан таптауға ұшырап отыр. Аталған жайттың бір ұшы тек Қытай қазақтары ғана емес, Қазақстан азаматтарына да тиіп жатыр. Бұл туралы соңғы кезде әлеуметтік желілер мен қазақ тілді БАҚ-та айтылып келеді. Әңгіменің басы ШҰАР-да көтеріліп отырған “Шынжаң орнықтылығы” желеуінен басталады.                                                                                                                                                                          2009 туылған 5 шілде оқиғасынан кейін, Шынжаңдағы қоғамдық-саяси жағдай мүлде өзгерді. Ал, өткен жылы Шынжаң өлкесінің бірінші басшысы болып тағайындалған Чын Чуанго, Шынжаңдағы ұлттық мәселені тіпті де шиеленістіріп жіберді. Осыған дейін ұйғыр ұлты шоғырлы қоныстанған Оңтүстік Шынжаңдағы саясатты енді тұтас Шынжаңды, соның ішінде қазақтар қоныстанған автономиялы облыс, аудандарға дейін кеңейтті. Тұрғындардың діни немесе дәстүрлі салт рәміздерді өткізуінен тартып, еркін жүріп-тұруына шектеуге ұшырап, тіпті әлеуметтік желілерде де күшті цензура қойылып отыр. Әлеуметтік желілердегі Қазақстан, дін, ұлт туралы айтылған бірер ауыз сөзді де «бөлшектеуші», «діни экстремистік» деген желеумен қамауға алуда.                                                             «Азия Азаттық Радиосының» (http://www.rfa.org) хабарлауына қарағанда, 1 маусым күні ҚХР Шынжаңда «Шынжаңдағы кісілік құқықтың дамуы» атты жинақ баспадан шыққан. Бұл кітапта 1949 жылдан бері ҚХР үкіметінің Шынжаңдағы кісілік құқықты жоғары дәрежеде дамытқаны туралы айтылған. Аталған кітаптың алғы сөзінде: «1955 жылы Қытай үкіметі Шынжаңда ұлттық территориядағы автономиялы өлке құрып, мұндағы әр ұлттың өзін өзі билеу құқығын қамтамасыз етті», – делінген. Оған қоса «Шынжаңдағы кісілік құқықтың дамуы» атты кітапта саяси құқық, діни сенім құқығы, бұқаралық, мәдени өмір, әйелдер мен балалар құқығы және тағы басқа сегіз үлкен мазмұнға бөлініп, осы аталған кісілік құқық талаптарының аса жоғары деңгейде екенін сөз еткен.                                                                                                                                                                                                                                                                Алайда, біз Шынжаңдағы аз ұлт халықтарының әлеуметтік, наным-сенім, тіпті саяси құқықтарының да ауыр дәрежеде тапталып отырғанын анық байқай аламыз. Кісілік құқық пен азаматтардың тең құқықтылығы мәселесінде бір ҚХР ішінде ішкі Қытай мен Шынжаңның жағдайы жер мен көктей парық тудырады. Бұл үшін жалпы Қытай билігін айыпқа тартудың жөні жоқтай көрінеді. Себебі, Қытайдың өзге провинцияларында демократиялы, азаматтарың тең құқықты қоғамының бейнесі біршама анық байқалады. Ал, Шынжаңның жергілікті билігі тұрғындары көптеген шектеулерге ұшырап отыр. Айталық, наным-сенім құқығына, еркін-жүріп тұру секілді азаматтық құқықтарына қол сұғуда.                                                                                                                                                                           Кісілік құқықты қорғау ұйымының Қытай ісіне жауапты директоры «Азия Азаттық Радиосына» береген сұхбатында, жоғары да аталған кітап туралы өз пікірін білдіреді: «Бұл кітапты көргеннен кейін менің ойыма Қытайда біз білмейтін басқа бір «Шынжаң» бар ма?!» деген сұрақ болды», – дейді. Оның айтуынша бұл кітап ақиқаттан мүлде алшақтап кеткен. Дүниежүзілік кісілік құқықты қорғау ұйымы Шынжаңдағы діни сенім құқығы және басқа да кісілік құқықтардың ауыр дәрежеде тапталып отырғанын айтады.                       1 маусым күні өткен Еуропалық парламент отырысында, Социал-Демократтар партиясы, Жасылдар партиясы және Еуропа Халық партиясы қатарлылардың парламенттегі мүшелерінен 14 адам ашық хат жолдап, Қытайдың кісілік құқық мәселесіндегі мәмілесі жақсы болғанымен, олар күткен оң нәтижені бермей отырғанын алға тартты. Сонымен бірге Еуропалық комиссияның ҚХР-ға кісілік құқығы мәселесі жөнінде диалогтар өткізуін талап еткен.                                                                                                                                    Соңғы уақыттары Қытай мен Қазақстан қарым-қатынасы әріптестіктің жаңа бір деңгейіне көтерілді деп жоғары лауазымды атқамінерлерден бастап, мемлекеттік БАҚ өкілдеріне дейін жарыса айтып жатыр. Бірақ бұл шын мәнінде осылай ма? Қазақстан осы уақытқа дейін Қытаймен тең дәрежедегі экономикалық әріптестік орната алды ма?                                                                                               Қазақстан тең тұрғыдағы әріптес ретінде Қытайдағы қазақ диаспорасының мүддесін қорғай ала ма? Кеңестер одағы құлағалы бері Қытай Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға өз ықпалын күшейту үшін түрлі қадамдар жасап келе жатқаны белгілі. Соңғы үш, төрт жылды алып қарайтын болсақ ресми Бейжің Қазақстанға экономикалық тұрғыдан өз ықпалын күшейту мақсатында аса белсенді жұмыс істеуде. Бұлай дейтін себебіміз 2013 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы Қытай компанияларының саны 35 пайызға артқан. Қазіргі таңда Қазақстанда Қытай қаржысы салынған 2783 кәсіп орын мен 600 ден астам компания жұмыс жасауда. Осыншама Қытай компанияларына есігімізді ашып беру елімізге экономикалық тұрғыдан тиімді шығар. Бірақ саяси тұрғыдан төніп тұрған қауіпті ескердік пе? Егерде ел билігі айтып жүргендей тең дәрежедегі әріптес болсақ, онда неге ресми Бейжің билігі Қытайдағы қазақ мектептерін жауып, қазақ тілінің тынысын тарылтып жатыр? Егер біз шын мәнінде әріптес болсақ, Қытай билігіне сөзіміз жүретін болса, онда неге Қытайдағы қазақтардың жүріп-тұруына тосқауыл қойып жатқан Қытай билігіне ресми хат, тіпті керек болса нота жолдамаймыз?                                                                                                                                                                                                           Бірақ біздің Қытайға 13 млрд доллардан астам (2015 жылы) қарыз екенімізді ескерсек, бұл сұрақтардың жауабы өз-өзінен көз алдымызға келері хақ. Өйткені қарыз алушы, қарыз берушіден қашанда бір бас төмен тұрады. Қорыта келгенде бұның барлығын айту оңай әрине. Бірақ, өз ұлтыңның мүддесін қорғай алмасаң экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілдік деп кеуде қағудың өзі артық шығар.                                                                                                                                                                                                                        БАҚ-та көптен бері сөз болып келе жатқан – Шынжаңындағы қазақтардың паспорттарын жинап алу; шекарадан шығармау; ҚХР-дан көшіп келген ҚР азаматтарын қайта шақыртып алып, Шынжаңдағы тіркеуінен шығуын талап ету; Қазақстан Республикасынан алған ықтияр хатты тартып алу; Қазақстанда ықтияр хатпен тұрып жатқан ҚХР зейнеткерлерін зейнетақысын тоқтату қатарлы ҚХР-ның өз заңына сәйкес келмейтін әрекеттердің көбі дерлік Шынжаңның жергілікті билігінің «Шынжаң орнықтылығы» желеуімен жасап отырған қадамдары.  Әсіресе, бейбіт тұрғындардың діни, ғұрып әдеттеріне қатысты кейбір жоралғылардан шектеу шаралары шектен шығуда. Қазақтар арасында екі елде тұратын туыс-туғандардың бір-бірімен әлеуметтік желілерде хабар-байланыс орнатуына дейін салынған тиым, жергілікті биліктің ұлттарға қаратқан, тіпті тату ынтымақтағы көршілес Қазақстанға қаратқан көзқарасын айқын аңғартса керек. Бұл жөнге симайтын жергілікті ережелер, соңғы кездері, Шынжаң көлемінен алқып шығып еларалық қарым-қатынасқа, екі ел арасындағы қалыпты байланысқа кері әсерін тигізетін деңгейге дейін жетті.                                          Қытайда бір өмір түрлі салада қызмет атқарып, зейнетке шыққаннан кейін Қазақстанда тұрып жатқан адамдардың зейнетақысын тоқтату немесе Қытайда ғана тұруын талап ету, сол елдің заңдарына да қайшы келіп отыр. Бұл мәселені елімізде болса «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 54-бабында көрсетілгендей, шетелдегі Қазақстан азаматы санатына жататын тұлғаларға, “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру”  туралы заңның 31 және 32-ші баптарына сәйкес төленеді. Айталық, 32-ші баптың 4-ші тармағында былай деп көрсеткен:                                                                                                                                                                                      “Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар”, – деп белгіленген. Сондай-ақ, БЖЗҚ-ның ресми сайтында жарияланған ақпарат бойынша да Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдеріне  құқық  жоғарыда аталған баптар бойынша беріледі.                                                                                                   Ал, Ресейдің зейнетақы қорының сайтында жазылған ақпаратқа сүйенсек, тұрғылықты жері бойынша тіркелген немесе Ресей аумағында келіп жүрген шетелде тұратын ресейлік азаматтар, зейнетақыны тағайындау немесе оны жеткізу туралы құжаттарды бұрынғы тұрғылықты жері бойынша Ресейдің зейнетақы қорының (РЗҚ) аймақтық органдарына өткізеді. Егер, Ресей аумағында тіркелмеген шетелде тұратын азаматтар зейнетақыны тағайындау бойынша РЗҚ-ға өтініш жібереді. Ал Ресейден тыс тұратын азаматтарға зейнетақы зейнеткер тірі болған жағдайда немесе зейнеткердің жылдық жеке пайдасы бар екенін растайтын құжат болған кезде төленеді.                                                                                                                                                                                                                                 ҚХР заңында да шетелдегі зейнеткерлерге зейнетақы толықтай төленетіндігі туралы анық көрсетілген. Зейнеткерлердің зейнетақы ала алмай  отыруы осы аталған мәселе арасындағы бір тармағы ғана. Мамыр айының соңғы күндері, Алматыдағы Қытайдың бас консулдығының ұйымдастыруымен, жоғарыда аталған мәселелер төңерегінде Қытайдан арнаулы делегация келді. Қытайға барып, паспорттары жинап алынған, Қазақстандағы отбасынан ажырап қалған адамдардың туыстары және «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері Қытайдан келген жұмыс тобына кездесті. Кездесуде болған «Жебеу» РҚБ-ның төралқа мүшесінің бірі Рахым Айып былай деді:                                                                                                                                                                                                                            –       Кездесу барысында Қытайдан келген арнайы комиссия өкілдері барлық қатысушыларды мұқият тыңдап, жазбаша шағымдарды тапсырып алды. Біз олардан бұл мәселеге жауап сұрадық. Алайда олар, істің шешімі ҚХР заңы бойынша оң шешім табуы мүмкін екендіктерін, тапсырып алынған арыздар мен ауызша өтініштердің толықтай мұқият тексеріліп, анықталатындығын ғана жеткізді. Қазақстан билігі толықтай болмаса да бұл істен хабардар. Біздегі мүдделі азаматтар Президент әкімшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне хат жазғанынан хабардармыз. Алайда, билік тарапынан бел шешіп араласып кетті деп айта алмаймын. Себебі, кейбір мәселе Қытайдың ішкі мәселесіне саяды. СІМ өз наразылығын айту немесе нота жариялау үшін мәселе шынында біздің азаматтардың құқықтары Қытайдың ресми билігі жағынан тапталғаны дәлелденген жағдайда ғана орындалады.    Ал, бұл арнаулы жұмыс тобының келуі ҚХР-ның ҚР-дағы бас елшісі Жан Ханхуй мен Алматыдағы бас консул Жан Уей мырзалардың ұйымдастыруымен болып отыр. Әрине, одан бұрын «Жебеу» бірлестігі басшылық құрамы орын алған мәселе туралы екі елшімен бірнеше рет кездескен болатын. Мәселенің шешіміне келетін болсақ, «Жебеу»-дің араласуында және Жан Уей мырза өзі қабылап, тікелей өзі кірісуімен тоқтатылған зейнетақыны қамтыған және бұдан кейін ол жақтан алатын зейнетақы толық берілетін болып шешілді. Шынжаңнан келген жұмыс тобымен кездесуден соң Іле Қазақ автономиялы облысының әкімшілігі ҚР азаматтығын алуына байланысты Зейнетақысы тоқтаған барлық жеке тұлғалардың зейнетақысы толық және жалғасты төлейтіндігін жариялады. Ал, енді біз ықтияр хат алған зейнеткерлердің мәселесінің шешім табуын күтіп отырмыз.                        Жұмыс тобының келуімен және мүдделі азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің араласуымен зейнетақы мәселесі жартылай шешім тапқаны белгілі болды. Алайда, үлкен мәселе ондағы қазақ бауырлардың тапталып жатқан кісілік құқығы. Шынжаңда туылып жатқан келеңсіздіктер туралы жекелеген адамдардан пікір алған едік, кейбіреуі ол жақтағы туыстарына салқыны тимес үшін аты-жөнін білдіргісі келмейтінін айтты. Пікір берушілердің бәрі де паспорттарды себепсіз жинап алынып, қайтарылмай отырған және заңмен қорқыту арқылы жазықсыз қамауға алынған туыстарының бар екенін айтады.                                                                      «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының президенті Жеңіс Түркиядан шетелдегі қазақ диаспоралары мен Қазақстан билігі арасындағы байланыс туралы пікірін  сұрағанымызда:                                                                                                                                                                        –       Әлем қазақтары – керек болса, бұл үлкен ұлттық идеология. Шетелдегі бес миллион қазақ әлемдегі бар қазақтың үштен бір бөлегін ұстайды. Шетелдегі қазақтар арасында небір үлкен ғалымдар, ірі тұлғалар бар. Олардың кейбіреуі елге келіп, еңбек етіп жатыр. Жалпы олармен мәдени-рухани байланыстарды тығыз сақтап отыру керек. Ұлттың болашағынан алып қарағанда, тіпті, Қазақстанның ұзақ болашағынан алып қарағанда да шетелдегі қазақтармен тығыз байланыс орнату, олардың мүдделерін қорғау Қазақстанның мемлекеттік стратегиясының бір бөлегі болуы керек. Билік деңгейінде шетел қазақтарының мүдделерін қорғауға тиіспіз. Мәдени іс шараларды ортақ ұйымдастыратын халықаралық ұйымдарды көптеп құру керек. Бір елдің ішкі ісіне тікелей араласып кетпесек те осы халықаралық ұйымдардың көмегінде, ондағы қазақтардың мүдделерінің тапталуына жол бермеуге тырысу керек.                                                                                                                                                                                                                                                                   Жалпы экономикалық селбестік орнатып отырған Қытаймен болсын, Ресей немесе Түркия, Моңғолия, Өзбекстанмен болсын дипломатиялық қарым қатынастарымыздың бір парасын ондағы қазақ диаспораларымен байланыс орнатуға арнауымыз керек. Бұл Қазақстанның шетелдегі абройын биіктетпесе төмендетпейді, – деген пікірін білдірді.                                                                                               ЭКСПО қарсаңында ҚХР басшысы Ши Жинпиң Астанаға келмек. Екі елдің тату ынтымақты, өзара құрметі жоғары, сенімді дос және тең дәрежелі әріптестік орнатқан экономикалық одақтас екенін екі ел басшылары да атап өтетіні анық. Қытайдың тыныштығы Қазақстанға қаншалықты маңызды болса, Қазақстанның орнықты тыныштығы да Қытайға соншалықты маңызды. Ал екі елді тұтастырып тұрған Шынжаң тыныштығы екі ел мүддесіне бірдей маңызды. Шынжаңдағы қазақтар өңір тыныштығының ең негізгі кепілі. Себебі, Шынжаң қазақтарына Қазақ елі деген тарихи отанының болуы, ондағы халықтың көңіліне үлкен медеу әрі қанағат пен сабырды силаған. Жергілікті билік Шынжаң қазақтарын Қазақстандағы бауырлас, қандастарымен мәдени-рухани байланысын үзуге тырысса оның салдары қазіргіден де ауыр болатыны анық. Бұл екі ел арасындағы достық дәлізін күйретуге апарып соғады.                        Қазақстан Қытайдың «Бір белдеу, бір жол», «Батыс Қытай, Батыс Еуропа» тасымал дәлізі, «Батыстың газын шығысқа жеткізу» қатарлы көптеген ішкі-сыртқы бағдарламаларына экономикалық одақтас, сенімді дос ел ретінде қолдау көрсетіп келеміз. Табиғи газ бен мұнайдан да Қытайға басым үлесті беріп отырмыз. «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» қатарлы халықаралық ұйымдарға бірдей мүше екеніміз және бар. Еліміздегі Қытай кәсіпорындарына берген мүмкіндіктерді айтпаған күннің өзінде территориямызды басып Ресей, Балтық жағалауы, ары қарай Еуропаға кетіп жатқан тасымал дәліздің өзі Қытай экономикасының күре тамырына тиеді. Міне осы тұрғыдан Қазақстан билігінің Қытайдағы қазақ диаспорасының мүддесіне араша сұрауына толықтай қақысы бар еді. Ақорда мұндай мүмкіндікті неге пайдаланбай отыр?!                                                                                                              “The Qazaq Times”

Related Articles

  • Шымкент әкімі Ерлан Айтахановты қызметінен алып тастапты ғой. Маған бір пайдасы тиген әкім еді. 

    2015 жылы ақпанда Сарыағашта қазақ пен тәжік арасында конфликт болды емес пе? Шенеунік боп істейтін қазақ жігітін жылыжайдағы тәжік жігіті өлтіріп, жік түсті. Ынтымақ деген ауылда 20-ға жуық тәжік үйін өртеп, бір күнде дүние астаң-кестең болды. Әскер кіргізді. Әлеужелің бірде бар, бірде жоқ. Оқиғадан үш күн өте редакция тапсырмасымен Сарыағашқа жеттім. Әрі қарай ауылға барайын десем таксистер мынау сақырлаған камера, фотоаппаратыңызбен кіргізбейді деп баспайды. Ақшасын молдау беріп көндірдім біреуін. Бір топ полиция Сарыағаштан шыға берісте бір, ауылға кіре берісте екі тексерді. Құрал–сайманды таксистің темір-терсегінің астына тығып тастағам, Құдай сақтады. Ауылға кіріп келсек полиция, әскер, омон-сомон, БТР-ға дейін техника самсап тұр екен. Аттап бастырмайтыны белгілі болды. Қайдан түсірейін деді таксисім. Қайдан

  • Лукашенко Ресейдің Қазақстанға мұнай тасымалдауға рұқсат бермей отырғанын айтты

    Беларусь президенті Александр Лукашенко. Беларусь президенті Александр Лукашенко 21 қаңтарда Минск қаласында мұнай тасымалдау мәселесіне арналған жиында “Ресей Қазақстанға Беларусьқа мұнай сатуға рұқсат бермей отырғанын” айтты. “Қазір расымен Ресей мұнайын толық алмастыратын басқа көз жоқ. Мұнайды жан-жақтан алу керекпіз. Бәрібір мұнайдың 30-40 пайызын Ресейден сатып аламыз. Қалғанын30 пайызын Балтық елдерінен, 30 пайызын Украинадан алуымыз қажет. Егер Ресей келіссе, Қазақстан да бізге мұнай жеткізіп бере алады. Біздің бір одақтасымыз екінші одақтасымызға мұнай тасымалдауға келісім бермей отырғаны таң қалдырады” деді Лукашенко. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей Беларусь еліне мұнай тасымалдауды тоқтатқан. Осыдан соң Беларусь елінде мұнай тапшылығы басталды. Лукашенко мен Ресей мұнай тасымалдау туралы бірнеше рет келіссөз жүргізгенімен нәтиже шықпады. Азат

  • Қастер мен Мұрагер Қытайға қайтарылмайды

    Сот Зайсан ауданы арқылы (ШҚО -авт.) «шекараны заңсыз кесіп өтті» деп айыпталған Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты үкім шығарды. Үкім оқылар алдында «Бостандық» деп айқайлаған Қастер мен Мұрагердің жақтастары сот залына басып кірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhyтілшісі. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған белсенділер сот отырысы үшін кеңірек зал беруді талап етті. Сот процесіне кірмек болған адамдарды полиция тоқтатпақшы болғанмен, олар ескертуге құлақ аспады. Тіпті, айғайға басқан азаматтар тәртіп сақтауды талап еткен полиция қызметкерлерін итеріп, сыртқа шығарып тастады. Түске дейін болған сот отырысында прокурор Ержан Әзімбаев Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын бір жылға бас бостандығынан айырып, Қытайға депортацияламауды сұраған. Адвокат Ләззат Ахатованың айтуынша, прокурордың жеңіл жаза сұрауына екі жігіттің тергеумен ашық жұмыс істегендері, әрі кәмелеттік жасқа толмаған жас балаларының

  • Арқадан Алтайға ауған елдің ізі (Яғни Арқадан Алтайға ауған Абақ Керейдің керуен көші жәйінда)

    Байахмет Жұмабайұлы  Кіндік сөз: Керей тайпасының ежелгі мекендері Арқадан Алтай бетіне іргелі елдің қақпайынан ауғаны распа?». «Абақ Керей елді Арқадан Алтайға «Ақмырзаның өліміне себепші болып көшкені» рас па? «Бұқар жырау Абылай ханның бұйрыуымен Керей көшін тоқтатуға алдынан шығып жотасын көрсеткені распа?» т. б. Сұрақтар төңірегінде тарихшы болмасамда ызденістің натижесінде өз әлімше көзғарас білдіруді жөн көрдім. Артық – кемін кешірммен қарарсыздыр. Шыны керек, осы тақырыпқа қатысты жазба деректер аз болғандықтан, дәлелсіз сөздің дәрмені шамалы болар деген оймен, тартыншақтап келген едім. Жуықтан бергі әлеуметтік желілерде бұл тақырып төңірегінде талас-тартыстар малыға бастағанын көріп қолыма қалам алып, осыдан бір қанша жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» деген еңбегімен екі миллярд қытайға ғана емес, шет елдердегі

  • Азия соқпағы қайда апарады?

    Қуанышбек ҚАРИ Солдан оңға қарай: Әзербайжан президенті Илхам Әлиев, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Филиппин президенті Родриго Дутерте. Валдай пікірталас клубы, Сочи, Ресей, 3 қазан 2019 жыл. Ақорда сайтындағы сурет. Қазақстан президентінің Сочиде айтқан Ресейдің Орталық Азиядағы орны туралы пікірін елдегі ресми баспасөз жарияламады. Сарапшылардың кейбірі Тоқаевтың айтқандарын Қытайға сапардан кейінгі ақталу ретінде бағаласа, кейбірі дипломатиялық ілтипатпен байланыстырады. Өткен аптада Ресейдің Сочи қаласында халықаралық “Валдай” пікірталас клубында сөйлеген сөзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді “ұлы мемлекет” деп атады. Қазақстан басшысы Орталық Азияның Ресей империясының бір “бөлігі” болғанын айтып, қазір де Мәскеудің Орталық Азияда “жетекші орынға ие болуы керектігіне” тоқталды. Алайда оның Ресей туралы пікірі Қазақстандағы ресми

1 пікір

  1. Айка

    Қазақтың көрмегені жоқ, тезірек осы мəселені шешіп, Қытайдағы қазақтарды бері қарай көшіріп əкелсе екен, дінінен, тілінен айрылмай тұрғанда. Егер селқостық танытып, мəн бермесек осы жағдай өз басымызға түсу қаупі бар!

POST YOUR COMMENTS TO Айка (Cancel)

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: