ҚҰРҚЫЛТАЙДЫҢ ҚҰЯСЫ
Түн түс көріп жатырмын, оятпаңдаршы!!!
«Бүркіттің құясы түсетінін естіген едік, құрқылтай да болсын ба»,-деп отырғандар қыран-топан ду күлді. Бірақ зілді емес.
Жас айырмашылығын ескерсек айқара қарыс алтылық бар, талқылық жоқ. Өтпелі дүниенің жолайырығына жеткен де біреуі тауға тартты, екіншісі сол қалпында түсінен жаңылмаған кейпінде дауға тартты…жо, жо, жоқ. Зәудеғалам алда-жалда ойпыл-тойпыл болса, кімнің қай жаққа танауы желбірейтінін уақыт анықтар. Оны өмір картинасы өзі сызып меңзеуге әлек. Түлен түрткен де ағадан қайыр болған ба? Болса көрелік.
Жөпелдеме де жасалған тосын шешім тізеден қағып, ақ бас таудан шаң шығарса, жүрек қайда барып күнелтсін. Бәрібір кеудеден қашып кете алмай тулайды. Тулап-тулап тұралап қалады. Іле сала құзғындар шулайды. Бірақ сырттағы ызғырықтың жұқа қабырғадан түйрегенде жан мұрнның ұшына жетер, сонда да шыдауға тура келеді. Келмей лажың жоқ…
Қозы көш жерден көрген нәрсені мойынымен нұсқау, білген нәрсені бес күн арқалауға тура келетін қия беттің кіші шұқанақтары. Каріздің қылтанақтары қаулайды бейопа дүние. Қиямет демей тұра-тұралық, сабыр бар ғой!
Сүйегі жұқарып жұбына жеткенде басыңа құсы саңғырып, мойыныңа тышқан мініп алатын болса бақыттың құлағы. Жеті таразы- ой, ақыл, сана, көз, түйсік, сезім, жүрек болып екшеген қателік пен қаралықтың бәрі мизам таразысында өзінің құны мен обалын, сауабын алады. Ол кезде тым кеш…
Қос жанары өзін жетелеп әрең жүргенде көргені мынау, сөніп кетсе ше, бәрінің ауызына құм құйылар. Қара басына не көрінді. Оны сарсаңға түсіп дәлелдеудің пайдасы соқыр тиын. Түнде қалғымаған, күндіз аңдымаған көлеңке қалды ма? Соңында қу сүлдерін сүйреткен бір шоғыр лап қойып келеді. Олардың жүрегі жоқ, құлтемірге айналған міскіндер. Бірақ, өтірік пен қаралықты жасағысы келсе айшылық жерден айла табады. Шындыққа келгенде қайласыз қалады. Енді не дейсің?
Мен онымен ат кекілін кесісіп, белдікті шешісіп кеттім, махаббаттың түбіне жеттім. Сойылдың дүмінен өттім, ажырап қалған ар, қожырап қалған сор. Сонда ол не тапты… Бар болғаны шаңырақ шайқалды, құрқылтай ұшып кетті.
Таң есінеп жатырмын қоя тұрыңдаршы!!!
Көгедай ШӘМЕРХАН.
Суретті жасаған: Бақтияр Айтәлі kerey.kz
Пікір қалдыру