|  |  |  | 

Көз қарас Руханият Қазақ шежіресі

Керейдің айқыш таңбасы.

Kerey taryhi

Болған талай қаламыз да, халық та,
Уақыт көмді бәрін жердей табытқа.
Болған талай ауылымыз тайпамыз,
Енді соның ізін тауып байқаңыз…
Жүсіп Баласағұни

   Дін дегініміз жер бетіндегі халықтардың Көк Тәңірімен байланыс
жасауының салт-жоралары (ритуал) болады. Яғни, Көктегі бір аратушымен,
бір Құдаймен байланыс жасаудың. Бір Тәңір, жалғыз Құдай ұғымы
тенгриандық діннің басты қағидасы екені белгілі. Белгілі ғалым Сәбетқазы
Ақатай Көк Тәңірлік дінді пайғамбарсыз дін деп те атаған екен. Алай да,
біздер ертеде Гесар атанған (Қызыр) Көк Тәңірлік Қыдыр атаны ең алғашқы
пайғамбар деп түсінеміз. Қыдыр ата Христосқа дейінгі бес мың жыл бұрында өмір сүрген. Біздің ата-бабаларымыз сыйынған осы діндегі Тәңірлік таңба біз әңгіме қылғалы отырған Керей тайпасының айқыш таңбасымен бірдей таңба. (+). Яғни, төрт қанаты біркелкі, қазақтың шаңырағының бір компонентін білдіріп тұрған таңба. Осы шаңырақ атауына қатысты көптеген зерттеулер жүргізіліп, бұл сөздің біздерге якут, маңғол тілдерінен келгені де айтылды. Алай да, біздің ойымызша, бұл сөз қайта біздерден, яғни, қият-қыпшақтардан солардың тіліне бұрмаланып өткен.       Филолог-ғалым Гүлсінай Исаеваның айтқанында бұл жердегі «шаң» түбірі көне түркі тілінде «таң шапағы», «қарақ» дегеніміз көзді білдіреді екен. Сонда бұл сөздің бастапқы нұсқасы шаң+қарақ дейді. Ал енді, Тәңір дегеніміз «Таң ері» – герой зари, утра дегеннен болғанда, бұл шаңқарақ-шаңырақ сөзін біздер Тәңірдің көзі деп ұғамыз. (Таң ерінің, яғни, Күннің көзі). Сондықтан да, атам қазақ: «шаңыраққа қара» деп, Тәңірді ұмытпауды тапсырады. Шаңырақтың
Тәңірдің көзі екенін, сол шаңырақ дөңгелегінің ішінде орналасқан оның
белгісі, таңбасы – айқыш та білдіріп тұр. Біздіңше, бұл айқыш таңбаның
нақты атауы «төртқара» болса керек. Енді, алдымен осы төртқара атауы мен
қара сөзінің керейлерге қатысы жөнінде айталық.
Қазақ шежірелерінен біздер көптеген тайпалар өздерінің таңбаларына
қатысты аталғандарын білеміз. Мәселен, жағалбайлы, балталы,

терістаңбалы, бағаналы, ысты, шапырашты, ошақты, ашамайлы, ергенекті,
ойық, тілік, шанышқылы, жалайыр (жалды айыр), т.с.с. Осы сияқты, қазіргі
Кіші жүздегі тайпаның, Наймандағы Матайдың бір тармағының,
Терістаңбалыдағы Ақтоғыс тармағындағы бір атасының Төртқара атаулары
да таңбасына сәйкес аталған болса керек. Қазыбек бек Тауасарұлының
шежіресінде үйсіндегі Бәйдібектің немере қызы деген Қызайды найман
Аталық алып, одан екі ұлы туғанда өзінің қайтыс болғаны жөнінде айтылады.
Осыдан кейін Қызайды бір керей алып, әлгі найманның екі ұлы ер жеткенде
әлгі керейді өлтіріп тастаған екен-мыс. Міне, осыдан, яғни, керейден қалған
төрт ұлды кейін Төртқара атап кеткен екен дейді байжігіттік шежіреші
Жеңісхан Атшабар. Осымен қатар найман шежіресінде Төртқара тармағы
қазақ хандығын құрысқан матай Қаптағай батырдан да таратылады. Және де
төртқара атауына қатысты: «алыстан көрінген төрт салт аттының қарасы
дегеннен қалған» деп те өтірікті айта салады. Анығында, төртқара атауының
бұл төрт ұлға да, төрт салт аттыға да еш қатысы жоқ. Бұл аңыздар төртқара
руының найман мен керейге қатысын ғана білдіріп тұрған шежірелік миф
қана. Сондықтан да, осы күндерге дейін шежіретануышылар Кіші жүздегі
Төртқара руының шығу тегін біресе найманмен, біресе кереймен
байланыстырады. Ал енді, бұлардың Қызайдан туды дегендері үйсіндерге де
еш қатысы жоқ. Қызай дегеніміз арабша айтылған Хузай, біздіңше Қосай,
яғни, ежелгі қаңлы-қыпшақ болмақ. Қосай дегеніміз ежелде Айға табынған
халықтың аты болады. Қосай деп анығында мифологиялық қасиетті қара
бұқаның екі мүйізі айтылады. Ал енді, Ай Тәңірінде бұқаның ұрығы бар деген
ертеде ұғым болған. Сондықтан да, біздің бабаларымыз сонау арийлердің
заманында Тамғалыдағы тастарда Ай Тәңірі мен қасиетті сиыр ананың
жыныстық қатынасқа түсіп жатқан көріністі бейнелеп кеткен. Осыдан қасиетті
қара бұқа, біздіңше Өкіреш (кіші бұқа, еркек бұзау) туған екен-мыс. Бұл атау
парсы тіліндегі «ukar» (бұқа) дегеннен қалған. Арийлік «Вендидадтағы»:
«Взойдись, вознесись месяц, ты, который порождаешь быка!» деген сөздер
қазақ жерінде қалған Тамғалыдағы тастың бетінде қашалып салынған
суреттің мағынасын айтып тұр. Бұл жерде Тәңірдің нұрынан жаралу мифінің
төркіні жатыр. Алдыңғыда айтқанымыздай, қазақ шежірелерінің көптеген
нұсқаларында матриархаттық белгілер бар.
Біз айтып отырған Керейдің де, Төртқараның да түбі осы қаңлы-қыпшақ
болады. Наймандағы атақты шежіреші, ғұлама атанған Ғұлам Қадыр ақсақал
Керейді былайша таратушы еді. Бекарыстан Мейрамсопы, одан Сарманай

мен Шалман, Сарманайдың бәйбішесінен Ақжол, Ақсопы, екінші әйелінен
Қоянбай, Жарғақ. Ақжолдан Арғын, Ақсопыдан Найман. Ақсопы өліп, оның
жесірін Қоянбай алады. Одан Керей. Қоянбайдың бәйбішесәінен Уақ.
Осыдан біздер Найман мен Керейдің Сарман деген атадан тарап
тұрғандарын көреміз. Алдыңғыда біздер Сарыман дегеннің сары қаңлы
екенін айтқан едік. Наймандардың қаңлы-найман, төре-найман деген
атаулары осыдан болған. Ал енді, Шалман дегеніміз де төре адам дегенді
білдіреді. «Найман хандығының мемлекеттік құрылымы» атты еңбектің
авторы Бақыт Еженхан «шал» дегеннің ханзада екенін айтады. Шежіреде
терістаңбалының атасы деген Елата осы Шалманның немересі ретінде
көрсетілген. Елата деген атау қытай деректеріндегі сир-қыпшақтардың қаған
әулеті Илиту атауынан қалған. Бұл Илитудың енді бір Ильтер деген атауына
қатысты Найман шежіресінде Елатаның бастапқы аты деген Елтай есімі пайда
болған. Ильтер дегендері Елтеріс. Екінші Түрік қағанатын сир-қыпшақ
Тоныкөк құрғанда Ашина әулетінің өкілі Құтлұғқа лақаб аты ретінде осы
әулеттің Елтеріс аты берілген. Терістаңбалының ноқта ағасы деген атағы хан
әулеті дегенді білдіреді. Бұл жөнінде толығырақ ғаламтордағы «Шыңғыс хан
және қыпшақтар», «Бұқа-тархан Тоныкөк» атты мақалаларымыздан біле
жатарсыздар.
Ал енді, Керейдің әкесі деген шежірелік Қоянбай, дала ауыз тарихының
дерек беруіндегі шежірелік тәсілге сай айтылған, Керейдің түбінің қият
екенін білдіріп тұрған символдық атау болса керек. Яғни, қоян, хуян, қиян,
қият. «Шыңғыс хан және қыпшақтар» атты мақаламызда біздер Рашиден
айтқан Қиян дегеннің анығында арийлік патшалар әулетін білдіріп тұрған
«кейаниан» екенін айтқан едік. Яғни, патшалық Кай әулеті орысша
«кеяниды» деп аталса, парсыша «кейаниан» деп аталған. Міне, осы
кейаниан деген парсы сөзінен Қиян атауы пайда болғандай. Олай деп
айтуымыздың себебі, Қиян мен Нүкүз кетті деген мифологиялық Ергене қоң
ежелгі Арианам-Вайджна, яғни, Иран жақтағы Арий кеңістігінен табылып
отыр. Атап айтқанда, Кайрат Закирянов ағамыз болжаған Мавреннахрдан.
Тарихи деректердегі каилар мен қаңлының түбінің бір екені анық. Қытай
деректерінен біздер Мавреннахрдың қаңлыларлың байырғы қонысы екенін
білеміз. Осман империясын құрғандар да осы сары қаңлы, кайлер болады.
Түрік қағанаттары құлағаннан кейін хандық құрған Керейлер мен Наймандар
да осы патшалық кайлердің ұрпақтары еді. (қият-белгунут, қият-богенут).
Олардың замандарында тегінде хандық болмаса, ешкім де хандық та құра

алмаған, хан атағын да ала алмаған. Мәселен, бұл жағдайды жақсы білген
қытай императорлары Найманның ханын мойындап оған «дауаң», Керей
ханын мойындап оған «уаң» атақтарын берсе, қиятқа кірме Бөржігін Қабыл
қаған жөнінде «Цза-цзи» дерегінде Ли Синь-чуан: «Их владетель также
незаконно назывался первым августейшим императором-родоначальником»
деп жазады. Яғни, бұл жерде тегінде хандық болмаған Қабыл қағанның өзін
ең алғашқы хан деп заңсыз атап алғаны айтылып тұр. Не болмаса, «хан
әулетін заңсыз (негізсіз) құрды» деп айтылып тұр. Міне, осы себептен Қабыл
қаған өзінің ұлдары бола тұра өз тағын заңды мұрагер тайчиут Әмбегейге
берген. Тайчиут-тайдзи+ут дегеніміз қанынан ханзада, яғни, принц по крови,
тақ мұрагері дегенді білдіреді. Тайчиуттар Бесуттармен бірге Бөржігінге
сіңген Шарақаи (шарахай линхум, шара каи), яғни, сары кайлар болады.
«Алаш» тарихи-зерттеу орталығының тапқан шежірелік деректерінде
Наймандар осы патшалық Кай әулетінен таратылып тұр. Найман атасы
Белгібай дегеніміз қият-белгунуттарды білдіріп тұр.
Қазіргі біздердің «Маңғолдың құпия шежіресі» деп жүргеніміз анығында
қият-қыпшақтардың шежіресі болады. Мұхтар Әуезов қияттарды қият-
қыпшақ десе, Әлкей Марғұлан атамыз қоңырат-қият деген еді. Кеңес
дәуіріндегі әйгілі ғалым Әйтім Абдрахманов «Қазақстан этнотопнимикасы»
атты зерттеу кітәбінде қоңырат пен қияттың бір ұғым екендерін айтқан еді.
Бұлардың қазіргі маңғол этносына еш қатыстары жоқ. Шежіредегі:
«Қоянбайдың бәбішесінен Уақ» дегендері де, Уақтың түбінің қаңлы-қият
екенін білдіріп тұр. Уақ дегеніміз қытай деректеріндегі оңғыт. Бұл оңғыт
дегені уаңғы, қаңғы, яғни, қаңлы+ут болмақ. Уақтардың байырғы қонысы да
Батыс жақта болғанын екінің бірі біле бермейді. Ал енді, Шыңғыс ханның өз
әулеті қияттардан болмаған соң, оның идеологтары бөржігін әулетінің атасы
Боданжарды бұл шежіреде нұрдан жаратып, Тәңірдің ұлына жатқызған. Егер
де, Темуджин (Теміржан) хан әулеті қияттардан болса, онда, бұл лақабтың
еш керегі жоқ еді. Белгілі маңғолтанушы Зардықан Қинаятұлы айтқандай,
Шыңғыс ханның тоғызыншы бабасы Боданжар есік алдындағы баяут
мағалық, яғни, байұлы мұңалдық жігіттен туған соң, оның шешесі, асыл текті
Дубун Баянның жесірі Алан ана нұрдан жаралу лақабын таратқан. Өйткені,
нұрдан жаралды дегендердің Тәңір ұлдары, яғни, хан болатындары белгілі.
Шыңғыс хан хандық құрғанда батаны керейлердің ханы Тоғұрұлдан алған
еді. Керей этнонимі туралы пікір ең алғаш Рашиденнің еңбегінде кездеседі.
Ол былай деп жазады: «Кераит. Рассказывают, что в древние времена был

один царь; он имел семь сыновей, все они (были) смуглые. По этой причине
их называли кераитами». Бұл жерде Рашиден кераит дегендердің патшадан
тарайтындарын айтып отыр. (патша әулеті). Яғни, қазіргі тілмен айтқанда,
Кераит дегеннің монархиялық әулет екені айтылып тұр. Ал енді «смуглый»
дегеннің біздіңше «қара торы» екені белгілі. Сонда керей, кереит, кераит
дегендегі «кер» түбірі кейбір зерттеушілер айтқандай «қыр» дегенді емес,
«қара» дегенді білдірсе керек. Қазақ тілінде «қара» деген сөз тек қана бір
заттың түсіне қатысты ғана айтылмайды. Мәселен, қара шаңырақ дегеніміз,
бұл шаңырақтың қара түсті екенін айтып тұрған жоқ. Үлкен үйді білдіреді.
Яғни, ежелгі, байырғы, атам заманнан келе жатқан шаңырақ деген мағынада.
Осымен қатар қара аспан деген сөз мәңгі аспан деген мағына береді. Сонда
біздер Төртқара деген атаудың төрт мәңгілік, төрт ақиқат, төрт негіз дегенді
білдіріп тұрғанын түсінеміз. Бұл жерде дүниенің төрт бұрышы да, яғни,
төрткүл дүние де, әр нәрсенің түпкі негізі төрт дүние – от, су, топырақ, ауа да
айтылып тұр. Яғни, бұл Төртқара атауының негізінде біздердің ата-
бабаларымыздың дүниетанымы жатыр.
Бұл Көк Тәңірін білдіретін төртқара таңбаны біздің бабаларымыз жіпке
байлап мойындарына асынып, не болмаса, маңдайларына бояумен суретін
салып қоятын болған. Яғни, сақтам ретінде пайдаланған. Бұндай, төрт қанаты
біркелкі айқыш таңбалар қазба жұмыстарында Алтай мен Дунай аралығында
жиі табылған. Және де біздер осы қазба жұмыстарынан төртқара таңбаның
христиан дінінің пайда болуынан неше ғасыр, мыңжылдықтар бұрын
болғанын аңғарамыз. Қазіргі дін зерттеушілері христиан дінінің осы
тенгриандық діннен бастау алғанын айтып жүр. Тіпті, Исаның құдай
болмағаны, Библияның Құдайдың сөзі емес екені де айтылады. Христиан
дініне қатысты бұл жерде мынаны айтып кеткенді жөн көрдік. Қазақ
рушылдары Наймандар мен Керейлердің ертеде христиан дінін
ұстанғандарын айтып беттеріне басады. Анығында, Наймандар мен
Керейлер Шыңғыс ханның дәуіріне дейін несториандық бағытқа ұқсайтын
дінді ұстанған. Бұл дін христиан дінінде «ересь», яғни, дін бұзарлыққа
саналған болған. Өйткені, Наймандар мен Керейлер ұстанған дін христиан
дінінің атын жамылған шіркеулердің қағидасын бұзып, оны Құдайға
санамаған. Бір ғана Тәңірге сыйынып, өздерінің ата-бабаларынан келе
жатқан тенгриандық дінді жаңа бір қалыбында ұстанған. Ал енді, олардың
мойындарына асынып жүрген айқыш, яғни, төртқара таңба Исаны шегеледі
деген бағанды емес, өздерінің қара наным-сенімінің символын, яғни, Көк

Тәңірінің символын білдірген болған. Олардың тасқа қашалып қалған
таңбаларынан біздер төрт қанаты біркелкі Керейдің айқыш таңбасын
көреміз. Сол замандардан бері сақталып келген несториандық крештен
біздер ортасында күн бейнеленген, төрт қанаты біркелкі Көк Тәңірлік
айқышты көреміз. Олардың крештерінде Иисустың ағашқа шегеленіп тұрған
бейнесі болмаған. В.В.Бартольдтің айтқандарында көшпенділер өздерін
христиандар деп те, несториандар деп те атамаған. Назарей деп атаған.
Назарей дегеніміз теолог мадам Е.П. Блаватскаяның айтқанында «су
бүркуші» (назар), не болмаса «назарайос» – бөлінгендер, өз бетімен
жүргендер дегенді білдіреді. Блаватскаяның айтқанында шоқындырушы
Иоан (креститель Иоан) назарей сектасының адамы болған екен. Осыдан
біздер «назарей» дегенді «су бүркуші» (бақсы) деп түсінеміз. Назарейлер
сәуегей, бақсы-балгерлер болған. Иисустың адамды тірілтіп, алапесті емдеп
жібергені, оның назарейлердің ең мықтысы болғанын білдіріп тұр. Оның
туған Назарет қаласы осы назарейлердің атымен аталған дейді. Скиф
Дионисий Малыйдың жазған Сахабалар ережесінің негізінің тенгриандық
дінде жатқаны белгілі. Демек, ежелгі наным-сенімді ұстанып, назарей
атанып бір Тәңірге сыйынған Наймандар мен Керейлер Көк Тәңірінің
алдында ешқандай да, кәпірлікте, күпірлікте болмаған. Ал енді, бұл назарей
бағытындағы дінде болмаған тайпалар ол заманда манихейлік, шамандық
діндерде болып, аруақты құдайдан күшті санап, неше түрлі құдайшықтарға
сыйынып, нағыз кәпір, күпіршілді, надан болған. Осы тұрғыдан қарағанда,
кейін Ислам дінін қабылдаған Наймандар мен Керейлер ертеде де, кейін де
Бір Тәңірге еш серіктік жасап күнахар болған емес. Біздіңше, назарей
дегеніміз тенгриандық діннің еврейше атауы. Ал енді, Иисусты б.д 325 жылы
Византия императоры Константин Құдайға санап Көк Тәңірімен қатар қойды.
Бұл шешімнің түбінде саясат жатты. Иисус Христос ешқашан да, өзін
құдаймын деп айтпаған. Жалғыз Аллаһқа табынған ол нағыз мұсылман
болған. Ислам ғұламаларының айтуларынша Иса пайғамбар, оған Аллаһтың
сәлемі болсын, Аллаһтың ең сүйікті елшілерінің бірі болған. Осы сияқты, бір
құдайға сыйынған Наймандар мен Керейлерді кәпір болды дегендер,
Мекентес Мырзахмет ағамыз айтқандай, «коммунистік идеологияның
күшімен мәңгүрттенгендер». Олар, теологияны, теософияны, Ислам дінін,
Иса пайғамбардың өмір баянын білмеген, жоғарғы оқу орындарында
оқымаған, атеизм пәнінен діндердің тарихын зерттемеген қу көкірек
надандар. Енді Керейдің шыққан тегіне келелік.

Тарих ғалымдарының докторы Зардықан Қинаятұлы марқұм: « Қаңлы мен
кереиттер жағрапиялық орналасуы, этнотегі, келешек Қазақ мемлекетін
құруда атқарған рөліне қарағанда етене жақын халықтар болуы мүмкін.
Және Жетісу қаңлылары өздерін қаңлының бес баласы, қара қаңлының алты
баласынан таратады. Егер «кереит» атауының тегі «кері», «баран» – да жатса,
кереиттердің түбі неге қара қаңлыда жатпасқа!» деген еді. Яғни, бұл кісі де,
керей атауының «қара» дегенді білдіріп тұрғанын айтады. Ал енді, қытай
деректеріне сүйенген А.Ш. Қадырбаев болса: «Кереиттер қаңлылардың
аталары болған. Батыстағылар қаңлы, шығыстағылар кереит атанған» дейді.
Осыған қосарымыз: Қаңлының ескі таңбасында алты шуақты күннің астында
Керейдің айқыш таңбасы көрсетілген екен. Біздіңше, қазіргі кереит, керей,
шымыр атаулары ежелгі дүние тарихында хуррит, хорей, шумер аталып
жүргендей. «Библияда» хорей атауы бір-екі жерде аталады. Онда: «И
Хореев, в горе их Сеире, до Эл-Фарана» деп айтылған екен. (Быт. 14:6). Және
де бұл қасиетті кітапта «хеттеяны», яғни, тарихи деректерде «хетты» деп
таңбаланған да бір халық аталады. Бұлар қазіргі Кіші жүздегі Кетелердің
бабалары болса керек. Зерттеуші Л.Мейердің деректерінен біздер бұл
кетелердің де бір таңбасының айқыш екенін көреміз. Ал енді, сонау
шумерлердің заманынан кейін Месопотамияда Митан патшалығын құрған
хорей-хурриттардан қалған қабырғадағы ежелгі суреттерден біздер
шеңбердің ішінде тұрған осы төртқара таңбасын көреміз. Яғни, бұл жерде
қазақтың шаңырағының бейнесі нақты көрсетілген. Осы таңбаның астында
тұрған діни қызметкердің суретінен, оның оң қолын алдыға созып, қазіргі
христиандар сияқты біреуді шоқындырып тұрғаны білініп тұр. Осыдан біздер
айқыштың да, шоқыну рәмізінің де христиан дінінен неше мың жылдар
бұрын пайда болғанын түсінеміз. Шоқыну да сақтамдық салт-жоралының бір
түрі болады. Біздердің бала кезімізде ата-әжелеріміздің біреуді
ұшықтағында ауызға су алып бүркетінін кім көрмеді? Сумен бүрку
аластаудың бір түрі болады. Шоқыну мен сумен аластау жөнінде
Е.П.Блаватская: «Крещение является одним из древнейших ритуалов и
практиковалась всеми народами в своих мистериях в виде священных
обливаний» дейді. Рашиден Керейлер жөнінде жазғанда: «Кереиттер
Қайсаның хақ жолын ұстанды, дінін күтті» деген екен. Бұл жерде христиан
дінін ұстанды деген сөз жоқ. Ал енді, «Қайсаның хақ жолы» дегенде,
көптеген құпияны білген, соның үші өлім жазасына кесілген Рашиден, оның
назарейлік, яғни, тенгриандық жолын айтқан болса керек. «Дінін күтті»
дегені, сақтады деген мағанада айтылғандай. Теософия тұрғысында қалам

тартып жүрген мадам Блаватская, «Қайсаның хақ жолының» оның ақырғы
сақабасы өлгенде таусылғанын айтады. Ал енді, Ислам дінінің ғұламалары
болса, Қайсаның хақ жолын ұстағандардың нағыз мұсылмандар екендерін
айтады.
Тарихта бұл хорейлердің арабтар да, еврейлер де емес екендері айтылған.
Тек қана көшпенділер болғандары анық. Ғалымдар олардың бет-әлпеттерін
«жерортатеңіздік нәсілге» жатқызады. (средиземноморская раса). Бұл
нәсілге сақтар мен қыпшақтардың да жататындары ғылымда белгілі. Ежелгі
көшпенді арийлер, яғни, Турандықтар да, осы нәсілге жатады. Бұлар екі өзен
аралығына қосаяқты соғыс арбаларымен келіп, сол замандағы ең күшті соғыс
құралдарына ие болғандықтарынан жергілікті халықты жаулап алып
өздерінің Митан патшалығын құрады. Әйгілі Нефертити ханым осы
Митандардан еді. Жергілікті халық ол заманда бұл соғыс арбаларын
білмеген еді. Ал енді, соғыс арбалары ертедегі арийлерде болған.
Арийлердің соғыс арбаларына мінген замандары тарихта «қаһармандық
ғасыр» деп аталады. Қаңлы дегеніміздің арбалы дегенді білдіретіні белгілі.
Осымен қатар қытай деректеріндегі «юйлибейли», орыс деректеріндегі
«половцы орюплюеве» дегендері «арбалы қыпшақ» дегенді білдіреді.
Осыдан да, біздер көптеген зерттеушілер айтқандай ежелгі қаңлы мен
қыпшақтың бір массив екендерін түсінеміз. Әбілғазының айтқанында,
арбаны ойлап тапқандар қаңлылар болады. Ал енді, Қазақ жеріндегі
қаңлылардың байырғы мекені болған Тамғалыдағы петроглифтерден біздер
қола дәуірінде салынған арийлердің қосаяқты арбаларын көреміз. Және де,
Орталық Қазақстандағы Сатан қорғанынан да, қосаяқты соғыс арбалары
табылған. Сондықтан да, қаңлылар тек төрт аяқты арбаны ғана ойлап тапқан
дегендері қате тұжырым. Көшпенділер Қаңлы заманында қосаяқты
арбаларға реконструкция жасап, көшіп-қону көліктеріне айналдырған.
Зерттеушілердің бір тобы бұл хуррит-хорейлердің Иран қырынан
келгендерін айтса, енді бір тобы Қавказ тауларынан келгендерін айтады.
Кавказ тауының мысырлық атауы Хабиру еді. (кави?). Кавказ, яғни, Кап
тауының бастапқы атауы Кави+каз болса керек. Ежелгі арийлік Авестада Кави
сөзінің екі мағынасы айтылады. Ерте Авестада бұл сөз абыз-ақын дегенді
білдірсе, кейінгі Авестада патша дегенді білдіреді. Сонда, Кави-каз дегеніміз
абыз-ақын, не болмаса, патшалар тауы дегенді білдірмек. Бұл жердегі «каз»
сөзі – тік, шың деген мағынада айтылған ежелгі түрік сөзі болса керек.
Мәселен, қазақта «қаз тұрды» деген сөз бар, яғни, өз бетімен, тік тұрды

деген мағынада айтылады. Кави деген сөзден қазақта Қаби есімі қалған. Бұл
жерде Көк Тәңірінің сөзін санаға қабылдау деген ұғым жатыр. Жоғарғы Кай
деген этноним осы Кави атауының бір фонетикалық нұсқасы болады. Осыдан
жартылай мифологиялық, патшалық Кай әулетінің атауы пайда болған. Бұл
әулеттің басты атасы Кай Кобаад арғықазақ мифологиясында Кейқуат атанып
қалған. Орыстардың біздерді кезінде «кай+сак» деп атағандары – каи, қаңлы,
кави сақтары дегенді білдіреді. Демек, қайсақ дегеніміз кезінде Геродот
айтқан «царские скифы», яғни, хан сақтары болады. Қытайдағы қандас
тарихшымыз керей Нығмет Мыңжан «царские скифы» дегенді «хан әулеті
дәуірі» деген еді. Қыпшақ атауы осы кавиге қатысты кави+сақ дегеннен
қалған. Осының дәлелі ретінде біздер қазіргі қыпшақтардың шежіресіндегі
олардың басты атасының бірінің Көбеқалып аталғанын келтіреміз. Бұл
жердегі «көбе» дегені кави атауының қазақшаланып айтылғаны да, «қалып»
дегені – болмыс дегенді білдіріп тұр. Яғни, болмысы кави-абыз, кави-патша
деген мағынада. Белгілі көшпендітанушы, түркітанушы ғалым С.Кляшторный
қыпшақтардың «кыпчак ковы» деген атауын да келтірген еді. (кави-қыпшақ).
Библияда хорей, хуррит (кереит) деген этнонимдермен бірге Сеир
Херреянин дегеннен туған жеті ұлы туралы да айтылады. Бұлар, жоғарыдағы
Рашиден айтқан патшалық жеті ұлды еске салып тұр. Бұл жердегі
«херреянин» дегенді «херрейский» деп те айтуға болады. Библияда
хорейлерді осы Сеир Херреяниннің ұрпақтары деп айтады. Рашиден айтқан
Керей шежіресінде болса, күллі Керей де патшалық жеті ұлдан тараған.
Хурриттер құрған Митан патшаларының есімдері индоирандықтардың, яғни,
индоарийлердің есімдері болған. Олар өздерін «хайер» деп атаған. Осы
хайер атауы мен патшалық Кай әулетінің атауының үндес екендерін айтпаса
да түсінікті. Қият этноимінің бастапқы нұсқасы Кай+ут болса керек. Бұл
жердегі «ут» жалғауы от, ошақ, әулет деген мағынада. Сонда кай+ут
дегеніміз Кай әулеті болады. Мәселен олхон+ут – олхон әулеті, тайчи+ут –
тайшы әулеті. Қыпшақ хандар әулетінің Ұран деген руынан шыққандары
белгілі. Міне, осы ұрандарды Кай+ұран деп те айтады. Яғни, Кай әулетінің
ұран руы деген сөз. Тілеуберді Әбенай «ұрыңқай» дегенді Ұранқай деп
дұрыс аударған. Бұлар өте текті халық болған. Шыңғыс ханның ең мықты
нояндарының бірі Сүбедей баһадүр осы Ұранқайлардан еді. Кезінде
өздерінің қандастары қыпшақтарды ала алмай жатқан Сүбедей оларға елші
жіберіп: «Біздер бір атаның баласымыз. Ал анау Аландар біздерден бөлек.
Соларды біздерге жеке қалдырыңдар» деген еді. Яғни, бұл жерде Сүбедей

маңғол мен қыпшақтың бір түрік екендерін айтып тұрған жоқ, ұранқай, яғни,
қай ұран мен қыпшақтың бір екенін айтып тұр. Ал енді, алан дегендерінің
сақтардан аруағы бөлек сарматтар екендері белгілі.
Ислам дінінің қағидасы бойынша, Исаны Аллаһ тағала бағанға шегелеуден
аман алып қалған. Яғни, оған басқа адамды ұқсатып ұстатып берген. Сол
адам Исаның орнына азап шегіп өлген. Найман шежірешісі Ғұлам Қадыр
Аллаһ тағаланың Исаға оны сатқан Иуданы ұқсатып жіберген деген екен. Бұл
деректі Ғұлам Қадыр ақсақал Варнаваның «Інжілінен» білсе керек. Иуданың
орнына Понтий Пилат түрмедегі бір кісі өлтірушіні бәйтереке асып қойған
дейді. Ал енді, христиан дінінің уағыздаушысы, атақты Ириней, Исаның
орнына жан тапсырған сол басқа адамның аты-жөнінің Симон Кирийский
болғанын екінші ғасырда жазып кетіпті. (Ириней. 1.23.). Бұл «кирийский»
деген аты-жөнде екі «и» әрпі болғанына қарағанда анығы – «кирейский»,
яғни, «хорейский» болса керек. Христиан дінінің ежелгі хорейдің, яғни,
керейдің төртқара таңбасын алғанының себебі осыдан болар. Ежелгі
Римдіктердің жазалайтын ағаштары ешқашан да айқыш болмаған, Т-әрпіне
ұқсас болған. Яғни, христиандардың крешінің бағанды білдіретіні жалған
әңгіме. Осыдан біздер христиан дініне төртқара таңбаның хорейлерден,
яғни, осы күнге дейін осы таңбаға ие болып отырған Керейлерден келген деп
болжай аламыз. Біздіңше, Симон Кирийский дегендері аңызда айтылғандай,
Иса пайғамбардың орнына өз еркімен жан тапсырған адам болса керек. Иса
пайғамбар сахабаларынан: «Кім менің бет-әлпетімді алғысы келеді?» деп
сұрағанда бір жас жігіт алдыға шыққан дейді.
Ертедегі шумерлер Құдайды Эа деп атаған екен. «Тіл ұшындағы тарих»
атты кітаптың авторы Байбота Қошым-Ноғай осы Эа құдайдың атынан
еврейдің Иегова, яғни, Яхве құдайының аты, және де қазақта Құдайды
білдіретін Ие сөзі пайда болған дейді. Мысалы, О Жаратқан Ием!
Қазақтардың Тәңір Ие дегендері Күн Құдай дегенді білдірсе керек. Қазіргі
таңда көптеген ғалымдар шумерлік аңыз-әпсаналарының «Тауратқа» негіз
болғанын айтады. Ең бастысы, топан суға қатысты библейлік аңыздың төркіні
шумерлік Гильгамеш эпосында жатыр. Осымен қатар Авесталық Иемге де
Құдай аян беріп топан судан сақтандырған. Осыдан біздер шумер
дастандарымен діни кітаптардан топан судан сақтанған үш кейіпкерді
білеміз. Гильгамеш эпосындағы Утнапишти мен Нұх пайғамбар топан судан
кеме жасап сақтанса, Ием пайғамбар саманнан дұрыс үшбұрыш пішінді үй
тұрғызып, соның ішіне тығылып сақтанған. Дұрыс үшбұрыш әйел ананың

жатырын білдіретін болғандықтан, осындай таңбаны Ю.Зуев, Қаржаубай
Сартқожа сияқты ғалымдар «символ женского начала» деп атаған. Ием
салған үйдің аты Вара болған, яғни, Варахана. Әбден қалыптасқан пішіні
дұрыс үшбұрышты болып келген, Мырзашөлге қараған жалғыз қақпасы бар
Ферғана аңғары осы Варахана болады. Ескі атауы Иаргана. Яғни, қият-
қыпшақтың отаны Ергене қоң да осы болады. Авестада Иемнің Вара үйінің
ішіне су тартқаны айтылады. Бұл су Ферғана аңғарының ортасында ағып
жатқан Сырдария өзені болмақ. Ергене дегеніміз тәжік тіліндегі Ферғананың
ескі атауы Иаргана – тау шатқалындағы аңғар болса, қоң дегеніміз Серікбол
Қондыбай айтқан коңғ, қаңғ, яғни, Авестадағы Қангха қамалы. Демек, Ергене
қоң дегеніміз тау шатқалындағы қамал дегенді білдіріп тұр. Осында кеткен
«Қиян (кейаниан) мен Нүкіз бекінді» дегендері, осы қамалды айтқандары
еді. Бұл қамал ежелде Вара үйінен кейін көшпенді арийлердің, яғни,
Турандардың мекеніне айналғандай. Кангха дегеннің Қаңлы екенін көптеген
ғалымдар айтқан еді. Міне, сондықтан да, осы Ергене қоңнан шыққан ұлысты
ертеде Қоңырат, яғни, канг+арат – қаңлы халқы деп атаған. «Қазақ
тайпаларының тарихы» атты кітаптің авторы Сайдаққожа Дүсіпұлы
Қоңыраттардың бір бөлігінің 1006-ші жылы Ферғанаға келіп
қоныстанғандарын айтады. Демек, олар өздерінің шыққан жері, тарихи
отандарына қайтып келген. Қоңырат елінің «Алпамыс» жырындағы қасиетті
мекені Жиделі-Байсынның да осы маңда екені белгілі. Және де, «Алпамыс»
жырындағы: «Қарақан тауда қамалым» деген сөздер «қара қанг», «қара
қангқа», ежелгі Кангха қамалы дегенді білдіріп тұрғандай. Кангха қамалын
Вара-Кангха деп те атаған. Міне, осы Вара-Кангха деген атаудан Ферғана
атауының пайда болуы да мүмкін. Әрине, бұл жырда қазіргі Қоңырат
тайпасы ғана айтылып тұрған жоқ, Қоңырат ұлысы, яғни, қаңлы-қыпшақ,
қазақ елі айтылып тұр. Ергене қоңды Алтай тауларынан іздеп жүргендер
адасқандар. Аңызда Қиян мен Нүкүздің архардың ізімен кеткендері
айтылады. Архар жануары Тамғалы тастарда көрсетілгендей, Күн Тәңірінің
бір символы болады. Демек, Қиян мен Нүкүз Күннің артынан, яғни,
Шығыстан Батысқа кеткен. Ферғана аңғарының қытай деректерінде «Батыс
өңірі» деп аталатыны белгілі. Ал енді, Хорейлер Месопотамияға Ергене
қоңнан кейін барды ма, әлде, ол жақтан қайтқанда бекінді ме, ол жағы әлі
жете зерттелген жоқ. Өйткені, Ергене қоң оқиғасының қай заманда болғанын
бір Аллаһ қана біледі. Рашиден өзінен екі мың жыл бұрынғы заманды
айтады. Ал енді, Вара үйі осыдан отыз мың жыл бұрын салынуы мүмкін.
Ергене қоңның басты нұсқасындағы Қаян мен Тоғыз да, Ием сияқты бұл

аңғарға адамның, жан-жануардың ұрықтарын әкеткен. Біздіңше, Ергене қоң
оқиғасы Авесталық Иемнің оқиғасынан плагиат қана. Бұл Ергене қоңның да,
Авесталық Иемнің де, қазіргі маңғол атаулыға еш қатысы жоқ. Алай да,
Ергене қоңның естелігі ретінде қалған қазақтың тұмар таңбасы мен Мысыр
пирамидаларының арасында байланыс бар сыңайлы. Негізінде, бұл тұмар
таңба Мысырдың қасиетті қара бұқасының маңдайындағы дұрыс
үшбұрышты ақтаңлағының да пішінін білдіреді. Бір бұрышы төмен қарап
тұрған бұл үш бұрыш ақтаңлақта «қасиетті сиыр ананың ұлы» деген ұғым
бар. Танакөктің жеке таңбасы да осындай еді.
Біздің бабаларымыз сонау Шумер замандарынан бері Эа құдайдың атын
осы күнге дейін алып келгенде, сол замандағы елдің Хорей атауы да
халықтың жадында ұмытылмағандай. Егер де біздер ежелгі хуррит-
хорейлерден бүгінгі Керейдің таңбасы мен қазақтың шаңырағының бейнесін
көріп бір-бірімен байланыстары бар екенін айтсақ, археологиялық қазба
жұмыстары ең алғашқы өркениет иелері болған шумерлер мен Орта Азиялық
арийлердің де бір-бірімен байланыстары болғандарын дәлелдеп отыр. Және
де, ежелгі шумер тілінде қыпшақ тілінің элементтері бар. Мәселен, әке
дегенді олар ада деп айтса, үш дегенді уш, шопан дегені шуба деп айтқан
екен. Және де, барельефтерден көретініміздей олардың қос аяқты арбаға
жеккен аттары араб тұқымы емес. Олар Орта Азиядан ол жаққа арбаға
бейімделген өз аттарымен келгендей. Қазақта бұндай аттарды «жыланбас»
деп атайды. Арбаға жегіліп аламанға шабатын болған соң, олардың басы мен
мойны алдыға ұмтылып тұрады. Міне, хурритерде осындай аттары болған.
Құлақтары араб тұқымындікіндей есек құлақ емес. Осымен қатар біздің
пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с-ның тайпасы қорайыштың да атауының
түбірі хорейге ұқсас қорай, курей болып тұр. Ислам тарихын жете зерттеген
беделді ғалым Анри Массэ өзінің «Ислам» атты кітәбінде: «Семья
Мухаммеда принадлежала к аристократий Мекки, к племени курейш,
делившемуся на десять родов. Происхождение этого племени совершенно
неизвестно» деген екен. Көшпенділерге жатқан Қорайыштардың арабтар
емес екендерін көптеген зерттеушілер айтады. Осылардың құрамында
пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с шыққан «бану калб» руы бар. Бұл сөз «ит
ұлдары», яғни, «ит елі» дегенді білдіреді. Ал енді, қазіргі қазақ арасындағы
Керейдің құрамында да осы ит елі тармағы бар. Осы ителі де, қорайыш та
ежелгі Хузаа (хузағ) тайпасының құрамында болған соң, орыс шовинистері
қазақтарды «калбиты» деп атаған. Яғни, пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-

ның ата тегі бану калб руына қатысты «қалбалықтар», «ителілер» дегендері
еді. Орыс зерттеушілері қазақтың түбінің сақтар екендерін жақсы білген,
сондықтан да біздерді жоғарыда айтылғандай кай+сак деп атаған. Ал енді,
сақ дегеніміз парсы тіліндегі саға, яғни, ит болады. Ит жануары ежелгі
арийлерде әулие саналған. Арийлердің тікелей ұрпақтары сақтар болады.
Олардың ұрпақтары қазақтар ит жануарын жеті қазынаға санап, осы күнге
дейін арийлер «остромордая охотничья собака Дужака» деп атаған тазы итті
үйдің ішінде жастыққа жатқызып қояды. Тазы атауы осы арийлік Дужака
атауынан реконструкцияға түскен. (дужа-тазы). Арийлер тазы итпен бірге бір
дастарқан басында тамақ ішетін болған.
Ғалымдардың бір бөлігі Керей мен Найманды маңғол халқына
жатқызатыны белгілі. Және де, Керейлердің бет-әлпетін монголоидтық деп
айтады. Анығында, Керейлердің антропологиясы «түркіленген арийлік тип»
болады. Яғни, монголоидтық бет-әлпетті ғұн-түріктермен сүйек-шатыс
болғандықтан өздерінің европеоидтік, арийлік бет-әлпеттерін жартылай
жоғалтқандар. Доктор Зардықан Қинаятұлы тарихи деректердің негізінде
Наймандардың да бет-әлпеттерінің ежелде европеоидтық болғандарын
айтқан еді. (ақсары арийлік тип). Біздердің зерттеулерімізде Шыңғыс ханның
маңғолдары дегендердің тек қана қият-бөржігін әулеті екендері айтылған
еді. Оның мәнісі мынада. Маңғолдардың тарихын жазған ғұлама ғалым,
мемлекеттік қайраткер Рашиден «Оғыз-нама» еңбегінде «маңғол» деген
атаудың мағынасын – «будьте всегда опечаленными» деп түсіндірген екен.
Бұл жердегі «опечаленными» деген сөздің «мұңалыңдар», «мұңайыңдар»,
яғни, «мұңды алыңдар» деп аударылатыны түсінікті. «Шежіре түрікті»
жазған Әбілғазы хан да «мунол» дегендегі «мун» түбірін «печаль» деп
түсіндіреді. Осындай бір емес, екі ғұлама шежірешілердің маңғол сөзінің
мағынасын айтып тұрғандарында қазіргі зерттеушілердің бұл атаудың
мағынасын небір қисынсыз қиялдарға беріліп анықтамақшы болғандарына
таң қаламыз. «Опечаленными» деген анықтаманың «возьми печаль» деген
мағынада айтылып тұрғанында, бұл атаудың түрікше, өзбекше «мұң+ол»
қазақша «мұң+ал» екені айдан анық. Бұл атау қазіргі Адай бірлестігінің
құрамындағы Шыңғыс ханның үш аша таңбасымен жүрген, қара шаңырақ
деген Мұңал руының атауы болады. Яғни, Бекет атаның да руы. Шыңғыс
ханның тоғызыншы бабасы деген Боданжардың да нұрдан жаралғаны
жалған миф екені белгілі. Жоғарыда айтылғандай бұл Боданжар есік
алдында жүрген «баяут-маалих» аталған жігіттен туған. Бұл жердегі

«маалих» дегендері түркі тілінде «маалдық» дегенді білдірсе керек. Маңғол
атауын сол замандағы айтылуы, естілуі бойынша Гильом де Рубрук «моал»
деп жазған еді. Міне осы «маал» да, «моал» да, Рашиден мен Әбілғазы
айтқан Мұңал болмақ. Әбілғазы бұл «мұңал» сөзінің айтылуы қиын
болғандықтан «мугул» деп айтылып кеткенін дұрыс айтқан. Міне осы
мугулдан моғол, монгол, маңғол атауы пайда болған. Демек, бұл жердегі
«баяут-маалих» дегеніміз Байұлы Мұңал болмақ. Баяуыттың Байұлы екеніне
қазіргі таңда ешкім де, шүбә келтірмейді. Сонымен, қият-бөржігін
дегендеріміз қият-қыпшақтарға кірмелер болады. Адай мен қыпшақтың
айырмашылықтары – адайлар су сақтарының ұрпақтары болса, қаңлы-
қыпшақтар хан сақтарының ұрпақтары болады. (царские скифы). Сондықтан
да, Қаңылының түбін білген атам қазақ: «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыдан
хан көтер», Қаңлыдан өзге хан болмас» деп айтқан. (Нығмет Мыңжан).
Әрине, бұл жерде қазіргі Ұлы жүздегі Қаңлы тайпасы айтылып тұрған жоқ.
Кең мағынада хан әулеті дәуіріндегі хан сақтары айтылып тұр. Мағолды,
яғни, Мұңалды шежіре Созақтан, яғни, су сақтарынан таратады. Шыңғыс хан
әулетінің әлемдік монархтар әулетіне алынбағаны осыдан. Ал енді, Кай
әулетіне жататын каи-қаңлылық Османның әулеті монархиялық әулет болып
саналады.
Осы Мұңалдардың таңбасының шығу тегіне қатысты біздер көптеген
зерттеулер жүргізген едік. Яғни, бұл таңба Мұңалдарда Шыңғыс ханнан кейін
пайда болды ма, әлде, одан ертеде пайда болды ма? Бұл сұрақтың маңызы
зор, өйткені, біздер Кай әулетінің есік алдында жүрген асыранды жігіттен
тараған Шыңғыс ханды Кай әулеті патшаларының таңбасын малданып кетті
деген едік. Юечжи-Кушан патшалығының алтын теңгелерінен біздер
патшаның қолынан осы жалды айыр таңбаны көреміз. Жоғарыда аталған
мақалаларымызда осы жөнінде толығырақ айтылған соң, біз уақытты алмас
үшін қайталанып жатпалық. Үш аша таңбаның Кай әулетінің патшаларының
таңбасы екені анық. Алтын теңгеде бұл таңба қазіргі жалайырдікіндей
тараққа ұқсаған болса, айыр-тарақ скипетрдің түбіне аттың жалы өріліп
байланған. Бұл жалды айыр таңба «тарақ» деп надандықтан айтылған еді. Ал
енді, Мұңалдың таңбасының пошымы олардікінен бөлек, яғни, үш ашаның
түбі бір-біріне қосылып көрсетілген. Дұрыс үшбұрышқа да ұқсаған соң, «тіл»
деп надандар айтып жүрген бұл таңбаны «мұңалошақ» деп те атайды. Яғни,
қазақтың қазанының астындағы шеңбердің аяқтарының дұрыс үшбұрышты
құрап орналасқанына қатысты. Дұрыс үшбұрыш таңбаны «ошақ» деген соң,

Ошақты тайпасының аты пайда болған. Шапыраштылар бұл таңбаны «тұмар»
дейді. Ал енді, хуррит-хорейлердің заманындағы барельефтерден біздер
жалаңаш әйелдің жатырының айналасынан осы дұрыс үшбұрышты көреміз.
Яғни, дұрыс үшбұрышқа қатысты «символ женского начала» деген ұғым осы
шумер-аккад, хуррит-хетт, Мысыр замандарынан келе жатыр. Ал енді,
қазақбайшылықтан да болған, Мұңалдың осы таңбасын «бұтымдағы
тұлағым» деп те, әйел ананың жатырына қатысты айтады. Осымен қатар, дәл
Мұңалдікіндей үш аша (тарақ сияқты емес) таңбаны біздер барельефтердегі
хуррит-хеттердің Найзағай құдайының қолынан көреміз. Ал енді, Шыңғыс
ханның маңғолдарының (мұңалдарының) найзағайдан қатты қорыққандары
белгілі. Бейне бір, үш аша таңбалы Найзағай құдай олардың қандарында,
яғни, гендік жадында (генная память) сақталып қалғандай. Және де, олар
найзағайды Құдаймен бара бар еткен. Егер де, Кай әулетінің арийлік үш аша
таңбасы Тамғалы тастарда көрсетілгендей Ай Тәңірін білдіріп тұрса,
Месопотамияда болған хуррит-хеттердің (кереит-кете) Найзағай құдайының
таңбасы найзағайды білдіріп тұр. Осымен қатар, хурриттердің бұл
Құдайының енді бір таңбасы (Ф) – Рашиденнің дерегіндегі Баят руының
таңбасына ұқсас. Махмуд Қашғаридің сөздігінде Баят дегеннің Құдай екені
айтылған. Демек, Байұлына келгендер Найзағай құдайды білген. Үш аша
сияқты найзағай таңба Қырым татарларындағы каракурды деген руда да бар.
Бұладың басты атауының кара+хурриды болуы мүмкін. Қазіргі курділерді де
хурриттердің ұрпақтары деушілер бар. Және де, қият-мұңалдардың атасы
Боданжардың өз таңбасының «қаршыға», яғни, біз білетін «свастика»
болғаны белгілі. Бұл свастика таңба ежелгі хорейлерде де болған. Күннің
символын білдірген. Тәңірдің, Керейдің айқыш таңбасының да Күнді
білдіретіні белгілі. Анығында, свастика да айқыш таңба болады.
Шешіретанушы ретінде айтарымыз, қазақ шежірелерінде Мұңал сияқты
«кенже бала» көбінесе кірме болады. Мәселен, «кенже бала» деген
Жолымбеттің Қуансейіті (Ақнайман) асырап алған бала. «Манас» жырындағы
жар түбінен табылған асыранды Боқмұрын да тақ мұрагері еді, т.с.с. Бұл
жерде текті балаларды, яғни, ханның тұқымын асырап алу ұғымы жатыр.
Осы тұрғыдан қарағанда, «кенже бала» атанған Боданжардың әкесі де
анығында табылған бала еді. Ал енді, шежірелердегі «жар түбінен табылған»
деген сөз, мифологияда айтылғандағы Кай әулетінің патшаларының Албурз
тауының (Эльбурс) басындағы солар түсетін жарды айтып тұрғандай. Яғни,
бұл жерде жар түбіндегілер небір жағдайлармен патшалардың тұғырынан

жар түбіне құлап қалған деген ұғым жатқандай. Яғни, ұядан қүлаған
балапанды меңзеп тұрғандай. Және де, арғықазақ мифологиясында осы жар
түбінен табылғандар міндетті түрде текті (хан) болып шығады. «Арғықазақ
мифологиясын» жазып, қазаққа арғықазақ мифологиясы атты ғылымды
енгізген адай-мұңалдық Серікбол Қондыбай марқұм, Адай тайпасын – Адай
бірлестігі деп бекер айтқан жоқ. Яғни, Адайдың ішінде кірмелерінің бар
екендерін меңзеген. Шыңғыс ханды адай деп жүргеніміз, қазақта теңдесі
жоқ батыр Қабанбайды қаракерей деп жүргеніміз сияқты болса керек.
Қабанбайдың руы Байжігіттің қаракерейге кірме екені белгілі. Өткен
ғасырдың басында орыс зерттеушісі А.П.Чулошниковтың еңбегіне сын айтқан
Мұхамеджан Тынышбаев: «Автор утверждает, что Чингис хан происходил из
племени «керей» деген екен. А.П.Чулошниковтың көпті білгені күмән
келтірмейді. Мәселен, ол кісі Бактриядағы біз айтқан юечжи-кушан
патшалығын қазақтармен байланыстырған. Мұхамеджан Тынышбаев болса,
осыны ұға алмаған. Юечжи-Кушан патшалығын қыпшақтармен, қазақтармен
кейінгілерден байланыстырғандар Ю.Зуев пен Серікбол Қондыбайлар еді.
Керей шежіресінің де, Наймандікіндей сан-аулан нұсқалары бар. Осы
нұсқаларда Абақ-керейдің атасы деген Абақтың қайындап қалған үйсін
Майқы бидің ұлы деген лақаб бар. Яғни, бұл нұсқа абақ-керейді үйсінге
жатқызады. Қазыбек бек Тауасарұлы Абақты шапыраштының жоғалып
кеткен ұлы деп айтады. Яғни, Абақты шапыраштыға жатқызады. Бұл
таратылуларды Шыңғыс хан әулетінің идеологтары, Рашиденнің дерегінде
патша әулетінен тарап тұрған Керейдің тектілігін жоққа шығару үшін әдейі
айттырған болса керек. Ханның ұлы Шоқан бұндай таратылуларды: «по
повелению которых они и писались» деп хандарды айтқан. Өзіміз білетін
шежіредегі Абақ аты шежірелік Керейдің бәйбішесінің аты болады. Бұл
Абақтың шын аты Әппақ – бозықұрт Сәлім бидің қызы дейді. (Ғұлам Қадыр.
Зарыпхан Дәукеев). Демек, Абақ-керейіміз ешқандай да үйсін, шапырашты
емес. Осымен қатар, шежіреші, әдебиетші Ашамайлы Сиезхан Абақ дегеннің
аңға құрылатын қарапайым құрал екенін айтады. (+). Яғни, айқыш таңбасы
осы құралға ұқсаған соң Абақ керей атанған. Ашамайлының таңбасы көбейту
белгісіне ұқсаған айқыш. Осымен қатар Дулаттардың Абақ таңбасы да Көк
Тәңірін білдіреді Ол таңбаның ортасындағы нүкте Тәңірді білдірсе,
сыртындағы шеңбері әлемді, яғни, төрткүл дүниені білдіреді. Осыдан біздер
Керейдің айқыш таңбасының енді бір атауын Абақ деп түсінеміз. Яғни, Абақ
бәйбіше дегені де, жалған миф болады.

Біздер жоғарыда ежелгі хуррит, хорейлермен бірге, әлемдегі өркениеттің
аталары шумерлерді бекер айтқанымыз жоқ. Шумерлерден кейін өркениет
иелері хурриттер мен хеттер болған. Ал енді, осы ежелгі шумерлерді еске
салып тұрған Шымыр руының атауының да Керейге қатысы бар. Шежіреде
күллі Керейдің анасы саналатын Абақ ананың жесір қалып Шымыр деген
ұлын ертіп төркіні Ұлы жүзге кетіп қалғаны айтылады. Белгілі түркітанушы
ғалым Сәрсен Аманжолов болса, Шымыр мен Шапыраштының түбінің бір
екенін айтқан. Таңбалары бір (екі аша) болғандықтан, Шапрышатыны
Шымырдан бөлініп шыққан бес ата деп те айтады. Жоғарғы, Абақтың түбі
Шапырашты деген сөз тағы бар. Ал енді, нағашыларына келген Шымырды
нағашы атасы: «Ашамайлы Керейім» деп жүреді екен-мыс. Қайткенде де,
Шапырашты мен Керейдің бір-бірімен байланысы анық. Және де, бұл
Шымыр атауы қытай деректерінде Чу-ми деп таңбаланған соң,
қазақшаланып Шимойын деп те аталып кеткен. Сондықтан да, Шымырды
шежіре деректері кейде Шимойын деп те атайды.
Бұл шежіре деректері бергі Керейге қатысты болады. Ал енді, ежелгі
Керейдің таратылуында Керейхан, Жырхын, Тонхаит, Сахиат, Тобырат, Албат
тайпалары болған. Нығмет Мыңжанның, Сәрсен Аманжоловтың,
Рашиденннің, Әбілғазының Қадырғожа Амангелдиевтің деректерінде
Керейдің құрамында Қаракерей тармағының болғаны айтылады. Нығмет
Мыңжан айтқандай кейбір этнографтар Керейді – сары керей, қара керей,
уақ керей деп үшке бөлген еді. Міне, осы қаракерей тармағы қазіргі
найманның құрамында болады. Бұл жердегі «қара» сөзі жоғарыда айтылған
қасиетті қара бұқаны (ірі қара) білдіріп тұр, сондықтан да, Наймандағы
қаракерейдің таңбасы бұқаның мүйізін білдіреді.
Анығында, «қара» сөзі де, «керей» атауының мағынасы да бұқа дегенді
білдірсе керек. Зерттеуші М.Ақанов Керей этнониміне қатысты зерттеу
мақаласында бұл тайпаның ежелгі төтімінің сиыр екенін тарихи-
лингвистикалық, және де этнографиялық деректермен дәлелдеуге тырысқан
екен. Сонда, Керей атауының сиырға қандай қатысы бар? Біріншіден:
біздіңше, ежелгі хурритердің атауы жоғарыда айтылған Найзағай
құдайлырының мініп жүретін қара бұқасының атымен аталған. Бұл бұқаның
мифологиялық атауы Хурри болған екен. Міне, Керей этнонимінің бастапқы
нұсқасы да осы Хурри (хорей) бұқаның атымен аталған болса керек.
Екіншіден: Керей атауы тарихи деректерде Орта Азия халықтарының
арасында біздің дәуіріміздің 9-шы ғасырынан бастап қана аталады. Теле

бірлестігінің құрамында бзідер Керей атауын кездестірмейміз. Олай болғаны,
Керейлер ол заманда Наймандардың бабалары сияқты Сир атанып
жүргендей. Ал енді, Сир дегеніміздің Библиялық Сеир екендерін талай
зерттеушілер айтады. Ертеде гаргарей (хар-харей) деген ел болған. Бұлар
кейін галгал атанып кеткен қазіргі ингуштардың аталары екен. Біздіңше,
қаракерей ұғымы сонау Месопотамия замандарынан бері келе жатыр. Ал
енді, саяси мақсатта хандар жасаған шежіре аңыздарына сеніп, Қаракерейді
Төлегетайдың үлкен ұлы деп жүрген артта қалған шежіресымақтардың
айтатындары бос сөз. Қазіргі Саха атанып жүрген якуттер де Керейден
бөлініп шыққан. Рашиден оларды «кереит-сақайты» деп таңбалаған. Алай да,
якут пен жақұт сөзінің бір-бірімен байланысы жоқ. Якут деген этнонимнің
бастапқы нұсқасы сағ+ут, яғни, сақ әулеті болғандай. Кейін, йағут, якут болып
реконструкцияға түскендей. Бұл саха-якуттер Көк Тәңірлік дінге қатты
берілгендер. Қазіргі Саха елінде Көк Тәңірінің әлемдегі жалғыз
ғибадатханасы бар. (храм).
Белгілі қытайтанушы, маңғолтанушы, түркітанушы, көшпендітанушы ғалым
С.Кляшторный келтірген Қытай деректеріндегі бір аңызда 646-ші жылы
осылар құрған Сир-қыпшақ қағанатын ұйғыр мен қытайлар бірігіп
құлатқаннан кейін, сирлердің бір бөлігі Ферғана жаққа шегініп кеткен екен.
Отыкен маңында қалған сирлерге екі аруақ келіп Сир атаулының жер бетінен
құрып кеткелі тұрағандарын айтады. Анығында, бұл жерде ұйғыр мен
қытайдың Сирлерді түп-тамырымен құртып жіберуді ойлаған жоспарлары
айтылып тұрған болса керек. Міне осыдан кейін сир-қыпшақтар өздерінің
Сир атауынан бас тартқан болуы керек деп түсіндіреді С.Кляшторный. Міне,
осы Сир қағанатының күйреуінен кейін олардың бір бөлігі аттарын жасырып
өздерінің ежелгі хурри-хорей- керей атауын алған болса керек. Яғни,
өздерінің бұқатекті екендерін білдіріп қалу үшін. Сирлердің енді бір бөлігі
ұйғырларға қарсы одақ ретінде сегіз-өгіз одағын құрып, кейін қыйдандар
оларды Найман атаған. Өздерінің бұқатекті Сир екендерін білдіріп қалу үшін
олар шежіресінде мифологиялық аталарын Өкіреш, яғни, кіші бұқа атаған.
Сирлердің енді бір бөлігі төтемінің құрметіне өздерін Мүйіздіден таратып
қойған қыпшақтар еді. Бұлардың бәрінің түп-тамыры көшпенді арийлерге
жататын Турандықтар болмақ. Тур дегеніміз жабайы бұқа болады.
Наймандар өздерінің хандарының есіміне бұқа сөзін жалғау қылған.
Қазақтағы төре атауының бастапқы нұсқасы Тур, яғни, бұқа болса керек,
бұқатекті Наймандардың төре-найман деген атауларына қарағанда.

Терістаңбалы Кетбұқа болса, Сир қағанатын құрған Илиту (Елата), яғни, қаған
әулетінен болған соң, осылай атанған болса керек. Найман мен Керейдің
жоғарыда айтылған шежіреде бір ата Сарманнан тарап тұрғандары, олардың
түбінің бір – Сир-қыпшақтар екендерін білдіріп тұр. «Адай мен Таз егіз»
дегендей, Керей мен Найман да егіз болады. Бұқаның, яғни, Өкірештің патша
символы екенін біздер Юечжи-Кушан патшалығының алтын теңгелерінен
ұғамыз. Ол теңгелерде патшаның қолында үш аша таңба тұрса, екінші
жағында құйрығы кесілген бұқа тұр. Арийлердің наным-сенімінде қасиетті
қара бұқаның құйрығын кесіп алып, патшаның символы ретінде тақтың
үстіне іліп қоятын болған. Осымен қатар, бұл Пакистанда сақталған алтын
теңгелерде патшаның символы ретінде бұқаның ноқтасы да көрсетілген.
Яғни, бұл жерде патшаның «ноқта ағасы» екені айтылып тұр. Шежірешілер
бұл ұғымды сонау 1-3 ғасырлардан бері алып келген болса керек. Тілеуберді
Әбенай «Керейдің ноқта ағасы Оң хан еді» деп Рашиденнің жазғанын дұрыс
аударған. Бұл жерде ноқта ағасы дегені ел жетекшісі, хан, патша, яғни,
«лидер наций» деген мағына береді. Ю.Зуев қытай транскрипиясындағы
юечжи дегеннің айтылуын ати, оти, яти деген соң, біздер юечжи дегенді адай
деп ұққан едік. Ал енді, Кушан дегеніміз қытай деректеріндегі хуша, хушьянг,
яғни, қыпшақ болмақ. Түркітанушы ғалым Ю.Зуев қытай деректеріндегі
«худжен-хи» дегенді «кушан-каи» деп тсүіндіріп, бұл этнонимнің
қыпшақтарға қатысты екенін айтқан. Осыдан бзідер юечжи-кушан
патшалығы дегенді адай-қыпшақ деген едік. Бұл патшалықтың әйгілі
патшаларының бірі Герай еді…
Сонымен, біздің дәуіріміздегі 735 жылдан бастап тарихи деректерде Сир
атауы жоғалады. Мақаланың басында айтқанымыздай, тегінде хандық
болмағандар ерте замандарда хандық құра алмаған. Шыңғыс ханның
дәуіріне дейін С.Кляшторный асыл текті деп таңбалаған ежелгі Сирлердің
ұрпақтары Найман да, Керей де, Қыпшақ та ұлы далада хандық құрған,
өйткені, олар асыл текті Кай әулетінің ұрпақтары еді. Екінші түрік қағанатын
құрғандар да Тоныкөк бастаған осы сир-қыпшақтар болады. Ашина
әулетімен Түрік қағанаттарын құрып басқарған Тоныкөктің Ашидэ әулеті
болған. Тарихи деректерде: «Ертедегі бір қағаннның әулеті» деген бұл Ашидэ
әулетінің атауы, қытай тілінде бұрмаланып айтылып кеткен кеянид-
кейаниан-қиян Кей Оседеньнен қалған болса керек. Бұл әулеттің төрт аша
таңбасын да біздер юечжи-кушан патшалығының алтын теңгесіндегі
патшаның қасынан көреміз. Бұл таңба да Тәңірді білдіреді. Осының дәлелі

ретінде біздер Аллаһ деген араб жаузынан үш аша таңбаны да, төрт аша
таңбаны да бірдей көреміз.
Қазіргі таңда армян, шешен, ингуш зерттеушілері ежелгі хуррит-
хорейлерді арийлерге санаған соң, өздерін де арийлерге жатқызу үшін
оларды, яғни, хурритерді ешбір негізсіз өздерінің ата-бабаларына
жатқызады. Бар келтірген дәлелдері Кавказдағы Кура өзенінің атауы. Осыны
хорей, хурриттен болған дейді. Біздің дәуірімізге дейінгі 1340 жылы
хурриттер құрған Митан патшалығы құлағаннан кейін құрылған Армян таулы
қырындағы Урарту мемлекетін хурриттермен байланыстырады. Урарту
дегеніміз тайпалар одағы еді. Олардың арасында Месопотамиядан шегінген
хурриттер де болған шығар. Курдтардың, қарашайлардың, черкестердің,
құмықтардың да түбі хурриттер болулары мүмкін. Армяндар болса,
гректерге жақын халық. Кейбір зерттеушілер оларды ежелгі арамейлер деп,
еврейлерге жақындатады. Шешендердің түбін ғалымдар сарматтарға телиді.
Сондықтан олар өз ата-бабаларын Европа мен Англиядан іздеу керек. Ал
енді, біздегі Керейлер болса, таңбаларымен, аталуарымен, ежелгі қаңлы-
қыпшақ, арий тарихымен, ежелгі наным-сенмідерімен, шежірелік
деректерімен Библияда аталған хорейлерді еске салып тұрғаны анық.
А.Ақышев корейлердің Алтай тауларынан шыққандарының дәлелденген
мәселе екенін айтады. Олар Корей түбегіне 3-7 ғасырларда келген дейді.
Олар атқа жақсы отыратын, бес-қаруы сай халық болған. Керейлер сияқты
патшалық әулетті болған. Корей түбегінде бұрын болмаған сақтардың
жерлеу ғұрпын әкелген.
Төле би бабамыз керей Жәнібек батырды айтқанда: «Қазақ болсаң Керей
бол, бүкіл елге мерей бол»» деген екен. «Керей – қазақтың серкесі» деген де
сөз бар. Хандардың ханы Шыңғысқа батасын беріп, атқа қондырып аламан
қылған да, осы Керей еді. Жоғарыда біздер ит жануарының атының шежіре
деректерінде арийлерге қатысты айтылатынын жазған едік. Мәселен Әнес
Сарай ағамыздың айтуынша «ноғай» дегеніміз де маңғолша итті білдірген
соң ителі болады. Ноғай-қыпшақтар қоныстанған Итиль өзенінің нақты атауы
ит елі дейді. Арийлердің шежіресінде Сарматтардың да арийлердің
ұрпақтары екендері көрсетілген екен. Сондықтан да, сарматтардың
ұрпақтары қырғыздар шежіресінде өздерін қасиетті иттен (қызыл тазы) жүкті
болып қалған қырық қыздан таратады. Арийлік тегін білдіретін осындай
аңыз Керей жөнінде де айтылады. Яғни, бұл елдің алғашқы атауы «Тәңір
ұлдары» екен. Ертеде олар бір зор-алапат шапқыншылыққа ұшырап, күллі елі

қырылып, бір ғана бойжеткен қыз аман құтылып кетеді. Осы қызға бір ала
күшік еріп кетеді. Кейін, әлгі қыз өздеріне таныс бір елді тауып, сол елде
тұрмысқа шығып бір ұл табады. Осы ұлға, өзіне серік болған әлгі ала күшіктің
Кереит деген атын берген екен-мыс. (Ашамайлы Сиезхан). Біріншіден: бұл
жердегі «ала күшік» хандық белгі болып тұр. Арғықазақ мифологиясында ала
белгісі ханның ұлына қатысты айтылады. Алаш атауының түбірінің «ала»
сөзі екені хақ. «Манас» жырындағы хан болатын Боқмұрынды да «ала күшік»
деп атаған. Көкетай хан өлерінде баланы олай атамауларын сұраған,
жетімідігін бетіне басарсыңдар деп. Екіншіден: бұл жерде күллі Керейдің ит
елі екені айтылып тұр. Олай болса, патшалық текті білдіретін «ноқта ағасы»
деген атақ жалғыз бір Керейдің ішіндегі руының емес, күллі Керейдің атағы
болмақ. Көпті білген Рашиден сондықтан да, Кереит тайпасының атауының
бір патшаның жеті ұлының атауы екенін айтқан еді. Яғни, дала ауыз тарихы
Керей елін монархиялық әулетке жатқызады.
Қазіргі заманда қырғыздар мен қазақтардың Аттилаға таласып жатқандары
белгілі. Қазақтар Аттиланың есімін қыпшақшалап Еділ дей салады. Бұл
есімде екі «т» әрпі болғанына мән бермейді. Германдықтар мен
скандинавтықтар оның атын Этцель деп жазған. Сонда, Аттила дегеніміздің
қыпшақ тілінде Аттылы болуы мүмкін. Еділ өзенінің нақты атауы Атыл, яғни,
ат өзені деуішлер де бар. Егер де Аттиланың аты Атылға (Еділ) қатысты
айтылған болса, онда оның аты Атыл, не болмаса, Атыллық болар еді.
Мифология оның тегінің Керей мен Қырғыздардікі сияқты ит тегі (арий)
екенін, яғни, иттен жаралғанын айтатынын ескеретін болсақ, онда, Аттила
дегеннің бастапқы нұсқасының Ит+төлі болуы мүмкін дегеніміз орынды
болар. Осы Иттөлі деген атау Европалықтардың тілінде Аттила деп айтылып
кетуі мүмкін. Бұл жерде логика бар. Біздердің, Аттиланы шежіресінде иттен
тарап тұрған қырғыз дегенге қарсылығымыз жоқ болар еді, егер де оның
туында Керейдің айқыш таңбасы болмағанда. Аттила да патшалық әулеттен
шыққан. Ал қырғыздар болса, патшалық әулетті қойып, Шыңғыс ханның
төрелерін де білмеген. Қырғыз қағанатындағы көмусіз қалған Барс бегілері
ешбір монархиялық әулеттің өкілі болмаған. Аттиланың ежелгі хурритердің
ұрпағы болуы мүмкін, өйткені, оның бойында мемлекетшілдік қасиет өте
басым болған.
Ежелгі Месопотамия, Мысыр жақта жоғарғы хуррит, хорей, хетты,
шумерлерден басқа кассит, гиксос деген де халықтар болған. Осындағы
касситтер жөнінде «Қазақ өркениетінің негізі» атты кітаптың авторы, ғалым

Еренғайып Омар: «Біз Олжас Сұлейменовтың қазақтар өз бастауын
қассақтардан алды, ал қассақтар өз кезегінде шумерлер мен касситтерден
шыққан деген жорамалын қолдап қуаттаймыз. Бұл – қазақ өркениетінің
қайнар көзі, ол туралы тарихи хронологияда нақты жазылған. Касситтер
жөнінде біздің қазақстандық ғылыми әдебиетте іс жүзінде арнаулы ғылыми
зерттеулер жоқ» деген екен. Еренғайып Омар кассит дегенді қас+ит, ит
дегеніміз парсыша сақ, сонда, кассит дегеніміз кассақ болмақ дегенді айтқан
екен. Ал енді, кассит дегенді Бабылдықтар «кошши», Библия «кушиты»,
гректер «коссеи» дегендеріне қарағанда, бұл кассит дегеніміз косаит, яғни,
Қосай болғандай. Арабтар хузаа, хузай деп айтқан. Осы арабша айтылған
хузаа сөзінен қазақ атауының пайда болуы да мүмкін. Мифологияда біздерге
қазақ атауын арабтар берді деген сөз де бар. Және де, тарихи деректердегі
«хасо», касо» деген сөздер де Қосайды еске салып тұр. Бұл Қосайлардың
пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с.-ның дүниеге келуінен екі жүз жыл бұрын
Аравияда болғаны тарихта айтылған. Және де, пайғамбарымыз Мұхаммед
Мұстафа с.ғ.с.-ның бесінші атасының аты да Қосай еді. Меккені алғаш пайда
көзіне айналдырған адам осы Қосай ата. Бұл хузаа-қорайыш- қосайлар
Меккені джургим деген бір тайпадан тартып алған екен. Қазақ
тайпаларының басым көпшілігінде осы Қосай тармағы бар. Ал енді, гиксос
дегенді Қайрат Закирянов ағамыз «көксес» деп айтқан екен. Біздіңше, гиксос
дегеніміз қазақ шежіресіндегі Көкше болса керек. Ер Көкше, Ер Қосай деген
біздің генеалогиялық мифіміздегі аталарымыздың есімдері арғықазақ
мифологиясында сайрап жатыр. Бұлардан асқан ер болмаған.
Осымен қатар, қазіргі Кіші жүздегі Әлімұлы тармағының түгелдей кешегі
хуррит-хеттеяндардың ұрпақтары болса керек. (хорей-керей). Олардағы
Қарасақал дегендері, хорейлердің қара сақалды болғандарын айтып
тұрғандай. Қаракесек дегеніміз ірі қара, яғни, қасиетті қара бұқа, кете –
хеттеяндар, төртқара – төрт қырлы дүниені білдіретін ежелгі керей-
хорейлердің таңбасының аты, Шөмекей – қытай деректеріндегі чу-му- кунь,
яғни, керейдегі шымыр-шимойын. Ал енді, Шекті дегеніміз таңбасының
атына қарай, яғни, арыстан, жолбарыстың шабуылына шек қоятын екі аша
құралдың атымен аталған болса керек. Ежелгі хурриттер арыстанның күшігін
жетектегенде, жетек арқанмен бірге осы Шектінің таңбасына ұқсаған екі аша
құралды ұстап жүрген екен. Осымен қатар ертедегі Шектіде,
Добромысловтың мәліметінде көретініміздей керейдің біз айтқан төртқара
таңбасы да болған. Хуррит суреттерінен біздер арыстанды аулауға баратын

аңшының басына бұқаның мүйізін тағып, беліне құйрығын байлап алатынын
байқаймыз. Демек, ол замандардағы бұқалардан аң патшасы деген
арыстандардың өздері сескенетін болған. Ал енді, осы арыстан аулайтын
аңшының арт жағында орыстардың аюға барғанда ұстайтын «рогатина»
аталатын құралына ұқсас құрал тұр. (шек). Яғни, біздер «мүйіз», «баған», атап
жүрген Шектінің, Бағаналының, Шымырдың, Шапыраштының таңбаларына
ұқсас құрал.
Міне, құрметі оқырман, Керей тайпасының тарихы осындай болмақ. Бұл
мақаланың шығуына ғаламтордағы «Оралман батыр» атты мақала себеп
болды. Бұл мақалада қазақтың хас батырларының бірі болған керей Жәнібек
Бердәулетұлы туралы айтылған екен. Осы батырды «оралман» депті. Керей
Жәнібек батырды талдықорғандық бір шежіресымақ «ойнастан туған
арғынның баласы» деген де еді. Бұл өсек тіпті жоққа шығаруға да тұрмайды.
Керей Жәнібек туғанда шақшақ Жәнібек баланы қолға алып басынан асыра
көтеріп, тасағынан иіскеп батасын берген екен. Осыны Керей Жәнібек
мақтан тұтып, өмір бойы өзін шақшақ Жәнібектің баласымын деп жүрген.
Міне, Жәнібектің осы сөздерін әлгі шежіресымақ өсекке айналдырған. Ал
енді, керей Жәнібектің оралман аталуы мынада. Жоңғар хандығында таққа
таласудың аласапыраны басталғанда Абылай, Қабанбай, керей Жәнібектер
қарап қалмай, олардың арасында арандатушылықты үдете түседі. Абылай
жоңғар тағына таласқан ханзадалардың арасына іріткі салып отырады. Осы
жөнінде қытай деректерінде: «Хан этой (Средней) орды Аблай
воспользовался некогда мятежом Дауаджи и совершил несколько раз
опустошительные набеги в Джунгарию» деп жазады. (Эмбо. 117-127). Осы
кезде Әмірсананың бүлігінен кейін Қазақ жеріне қашқан жоңғар әскерінің
киімін керей Жәнібек шештіріп алып керей-наймандарға кигізеді де,
жоңғарларша ұран салдыртып қытай әскерін шаптыртады. Міне, осыдан
кейін қытай императоры «Полное усмирение джунгар» атты әскери жоспар
құрып жоңғар атаулыны қырып тастайды. Бері қашқан жоңғарларды керей
Жәнібек, Көкжал Барақ, керей Қожаберген, байжігіт Байбарақ батырлар
қырып тастайды. Қожаберген батыр жоңғарлардың соңынан Қазақ жеріне
кірген қытай әскерімен де соғысады. Алтайдағы Аршатыға, қаратайлардың
арасына келіп тығылған Әмірсана кейін Тобылға қашып сол жақта шешек
ауыруынан қайтыс болады. Қырғынға ұшыраған жоңғарлардан Шоқан
айтқандай, Ыстық көлден Тарбағатайға дейін бірде-бір киіз үйі қалмайды.
Міне, жоңғардың түбіне керей Жәнібек осылайша жеткен еді. Осыдан кейін,

керей Жәнібек пен Қожабаргендер қытаймен келісіп жоғарлардан бос қалған
арғы бет Алтайдағы көк орай шалғын жерлерге Керей елін қондырады.
Кейін, орыс пен қытай императорлары жүргізген шекаралық демаркация
кезінде Керейлер арғы бетте қалып қалған еді. Омбыдаға абақ-керейлер
1740-шы жылдары 15000 жоңғардың шапқыншылығынан кейін сол жаққа
ауып кетіп, Ресей жерінде қалып қалғандар. Осы себептерге байланысты
қазақ рушылдары керей Жәнібекті «оралман» атаған еді. Сол баяғы, «жау
келгенде батырым, жау кеткенде кәпірім» атағандары да. Керей Жәнібек
батырдың ежелден белгілі моласының басына әлі күнге дейін мазар
тұрғызылмағаны жалғыз керейлерге емес, күллі қазаққа абырой болмады.
Қазіргі сенат депутаты, кешегі Жарма ауданының әкімі болған Дүйсенғазы
Мусин, Өскемендегі «Ер Жәнібек» қорының төрағасы Серік Самарқанұлына,
егер де осы моланы заңдастырса мазарды тұрғызуды өз мойнына алатынын
айтқан екен. Осыған да, шүкір дейміз. Алай да, заңды қағаз аламыз деп, қай
керейдің жүгіріп жүргенін көрген емеспіз.

Қайрат Зарыпхан. Шежіретанушы. Өскемен.

kerey.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: