|  |  | 

Руханият Әдеби әлем

Қазақ әдебиетінің Тәңірлік әлемге есік ашатын трансценденті

Қазақ әдебиетінің Тәңірлік әлемге есік ашатын трансцендентті мазмұны Қожа Ахмет Яссауидің хикметінен басталатын еді. Құдайберген Жұбанов бұ турасында бүй деп жазады. «біздің «Əдебиет саласындағы жазуымыздың басы «Диуани хикметтен» басталады. Орта Азиядағы түркі тілінде сөйлейтін халықтардың алғашқы жазба əдебиетінің бірі! Бұл факті қазақ ақындарының Ахметке еліктегенін көрсетеді ». Сәкен Сейфуллин былай деп баға береді. «Қазақ арасында жазба әдебиетін таратқан – Түркістаннан шыққан қожалар. Ол кезде қазақ арасына көп таралғаны – Қожа Ахмет Яссауидің кітабы. Біздің қазақ ақындары соған еліктеді».
Большевиктер Яссауидің атын өшіру үшін ақын-жазушыларға тапсырма берді. Мәселен, ЦК 1937 жылы Асқар Тоқмағамбетовті «Хазірет Сұлтан» пьесасын жазуға мәжбүрледі. Бұл спектакль ҚазССР кезінде сахнада қойылып келді. Пьесада Яссауиді терістеп, оның жолын «халықты адастыратын қараңғы жол» деп көрсетті. Совет билігі 1938 жылы Мұхтар Әуезовті қинап осы пьесаға рецензия жаздырды . Әбділда Тәжібаев пен Дихан Әбілев де осы пьеса жайлы мақтап мақала жазды. Мұхтар Әуезовтің шығармалар жинағында бұл жайт тайға таңбас басқандай анық жазылған.

«Мақала өзегіне арқау болып отырған Асқар Тоқмағамбетовтің «Әзірет Сұлтан» пьесасының қойылымы туралы «Қазақ әдебиетінің» ақпан мен наурыз айында шыққан сандарында Ә.Тәжібаевтың «Әзірет Сұлтан» неге ұнады?», Д.Әбілев «Әзірет Сұлтан» туралы бірер сөз», «Ірі табыс», «Шындық ашылды» сияқты бірнеше мақалалар топтамасы жарияланды. «Дін – адам баласының басын уландыратын апиын», «Әзірет Сұлтан» – еңбекші халықтың ой-санасын уымен басып, кері қарай тартатын «орталық», оған «Екінші Мекке» деп жалбарынып, елдің түкпір-түкпірінен келіп, басын сиқырлаған, белгісіз, түсініксіз ой мегзеген храмның мейірімсіз тарғыл тасын құшақтап өледі», – деп келетін біржақты жазылған мақалалар болды». (НКВД жендеттері қара маузерді Әуезовті самайына тіреп тұрып жаздырған болса керек шамасы)

Жас жазушы амалсыз келіседі. Бұл қиянаты Әуезовтің ар-ожданына ауыр дық салғаны анық еді. Жазушы өмірінің соңында Түркістанға жиі барып, Яссауидің кесенесін зиярат етті. Киелі шаһарда бірнеше күн қалып, әулиенің рухымен іштей тілдескен болды. Бәлкім кім біледі, әулиенің рухынан кешірім сұраған шығар. Бұл оқиға жайлы кітапта кеңірек баяндаймыз.
Бірақ сол заманның өзінде Қожа Ахметтің абыройын қорғайтын бір батыр табылды. Батырдың аты – Құдайберген Жұбанов! Ол Яссауи жайлы зерттеу еңбегінде бүй деп жазады: «Бір жазушы «Хазірет сұлтан» деген пьеса жазып, онда Қожа Ахметті құзғындар тобының бастығы етіп те көрсетпекші болған. Əрине, бұл Қожа Ахмет туралы əділ таным емес. Оның жалпы адам баласы үшін, өз халқы үшін ізгі тілекті адам болғанын теріске шығаруға, тіпті, болмайды. Қожа Ахмет – үнемі адам баласы үшін, өз халқы үшін, өзіне ерген жұрт үшін бақыт іздеген адам» . Бірақ осыдан соң Құдайберген Жұбанов ұзақ жүре алмады. НКВД оны сотсыз-ақ атып тастады.
СССР кезінде қазақ жұрты Әзірет Сұлтанның дүрбесін телеарналардан тамашаламақ тұрмақ газет, журналдан суретін де көре алмайтын. Кесенесінің айбынды бейнесін «Алдар көсе» фильмінен ғана тамашалады. Біздіңше, Шәкен Айманов Алдаркөсе сияқты қулық жасап, Кремльдің цензурасына іліктірмей кесененің келбетін киноның бір эпизодына әдейі қосып жіберген.
Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, эпикалық санасы өшпеген көзі ашық, көкірегі ояу қазақтар Ислам діні Яссауи жолымен қайта жаңғырады деп үміттенді. Өкінішке орай, Советтік идеологиядан есеңгіреп шыққан мемлекеттік аппарат діни саланың мәдениетке, мемлекеттің рухани саулығына қаншалықты ықпалы болатынынтерең зерделей алмады. Соның кесірінен бөтен топырақта тамыр жайған түрлі діни ағым арамшөп сияқты қаптап кетті. Қазіргі модерн үкімет неше жерден халықты діни толерантты болуға шақырса дататымды жеміс бермей жатыр. Себебі қазақ мәдениетіне, қазақ руханиятына сырттан әкеліп қолдан жалғаған бөтен таным мен мәдениет кері эффект туғызды. Мұның мысалын мынамен береміз. Қазір медицинада адамның жарамсыз денесін донор табылса сау мүшемен ауыстырып бере алады. Апатқа түсіп, қолы қырқылған бейбаққа марқұм болған басқаның сау қолын жалғайды. Оны трансплантация дейді. Бірақ организм бөтен денеден келген мүшені өлгенше қабылдамайды. Жанталаса кері тебеді. Сол үшін пациент өзінің иммунитет жүйесін әлсірету үшін үнемі препарат ішіп жүруге мәжбүр. Дәл осыған ұқсас рухани процесс қазақ қоғамында да жүріп жатыр. Қазіргі қазақ мұсылмандары мемлекеттің нығаюына ықпалдасудың орнына діни дауды өршітіп, мемлекеттің зайырлы формада өмір сүруіне кедергі келтіруде. Қазақ тарихында болмаған діни терактілер соңғы он жылда бірнеше рет қайталанды. Осының бәрі Сталин жасаған қиянаттың салдары. Хикметті тірілткен «Яссауи» вокалды тобы он жылда еш тараптан қолдау таппады. Әсем әуез бен сахналық үлгіде қайта оралған Яссауи хикметтері жалп етті де қайта сөнді. Осының өзі Яссауидің атын естісе, дереу тұншықтырып құртқысы кеп тұратын Советтік менталитеттің, жауыққан атеизмнің санадан өшпегенін көрсетеді. Большевик мұсылмандар бұрынғы коммунистер сияқты Әзірет Сұлтанның тұлғасын барынша сорақы, Исламға бөтен, елді адастырушы жалған сопы етіп көрсетуге барын салып бағуда. Түбінде осы теке-тіресте большевик мұсылмандар жеңетін болса, ұлы топырақта мәдениетіңді жайқалтып, рухани жаңғырмақ түгіл, басыңмен қайғы боп кетесің.
Соңғы 26 жылда қазақ халқының санасын Советтік идеологиядан деколонизация жасау процесі жүрген жоқ. Мемлекет мәдени емес, экономикалық өсуді ғана назарға алды. Соның кесірінен Яссауи феномені зерттелген жоқ, айтылған жоқ, насихатталған жоқ. Осы уақытқа дейін елдің Яссауиге деген құрметі бұрынғы ата-әжелер тәрбиесінің инерциясымен жетті. Қазір бұл инерция айтарлықтай әлсіреді. 2016 жылы қазақ халқына Құдай қарасқандай болды. ЮНЕСКО 2016 жылды бүкіләлемдік «Яссауи жылы» деп жариялады. Яссауи мәдениетін жаңғыртып алуға зор мүмкіндік туып еді. Амал нешік, мемлекет бұл мүмкіндікті құр жіберді. Қазақстандағы Ислам дінін насихаттайтын бірде бір діни институт, діни қоғам, не діни арна қызығушылық танытпады. Түркия Республикасы ғана 2016 жылы Яссауи ілімін жаңғыртқан бірнеше конференция мен симпозиум өткізді. Бірақ мұның жаңғырығы Қазақстанға жетпеді.
Қазан революциясына дейін балаға дін үйреткенде оның мәдени идентификациясы назарға алынатын. «Сен ислам өркениетіне қай тараптан жалғанып тұрсың?» деген сұраққа жауап берілетін. Оның үлгісі мынау:
– Дінің не?
– Ислам.
– Кітабың не?
– Құран.
– Құбылаң қайда?
– Мекке-Шәріп.
– Кімнің құлысың?
– Алланың құлымын.
– Кімнің ұрпағысың?
– Адам ата мен Хауа ананың ұрпағымын.
– Кімнің қауымынансың?
– Әзіреті Ыбырайым пайғамбардың қауымынанмын (ұл бала).
– Бибіажар анамыздың қауымынанмын (қыз бала).
– Кімнің үмбетісің?
– Әзіреті Мұхамбет пайғамбардың үмбетімін.
– Кімнің досысың?
– Төрт шадиярдың досымын.
– Кімнің мазхабындасың?
– Имам Ағзам Әбу Ханифаның мазхабынанмын.
– Кімнің сеніміндесің?
– Әбу Мансұр Матуридидің сеніміндемін.
– Кімнің силсаласынансың?
– Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Яссауидің силсаласынанмын.
Исламның түркілік өрнегін қалыптаған Қожа Ахмет Яссауи бүкіл болмысымен, тыныс-тіршілігімен, сөз мәнерімен, тақуа-тауазылығымен хазіреті Мұхамбет пайғамбарға ұқсауға тырысқан нағыз үмбет еді. Құран мен сүндетті дәл мұндай дәрежеде насихаттап, елге жайған ірі тұлға ілуде біреу. Тіпті мың жылда бір туатын бірегейі болуы да мүмкін. Әзірет Сұлтанның мына ұқсастығына қалайша қайран қалмайсыз?! Пайғамбардың бір есімі Ахмет. Яссауидің де азан шақырып қойған аты – Ахмет. Пайғамбар «Арғы атам – Ыбырайым пайғамбар» деп мақтанған. Әзірет Сұлтанның да әкесінің аты – Шайқы Ыбырайым. Расулдың да жастай шетінеген бір ұлының аты – Ибраһим еді. Қожа Ахметтің де кәуірлер қолынан қаза тапқан баласының аты Ибраһим. Мүбәрәктің кіндігінен ұлдан перзент қалмаған. Осыған орай, «пайғамбарда ұл болмайды, үмбет болады» деген сөз қалған. Сол сияқты Түркінің пірінен де ұлдан ұрпақ тарамаған. Есесіне ізін басқан Яссауи жолының дәруіштері қалды. Пайғамбардың бір әйелінің аты Айша еді. Қожа Ахметтің де бибісінің есімі – Айша. Мұсылман жұртында пайғамбардың қызы Бәтима анамыз ерекше аталса, қазақ арасында Яссауидің қызы Гауһар әулие аналардың қатарына енеді. Хақ расулы Меккеде туып, Мәдинада жерленді. Яссауи Сайрамда туып, Түркістанда мәңгілік тыныс тапты. Мүбәрәк патшалыққа жетсе де, кедейшілік мақамынан бір елі шегінбеген. Әзірет те хан-сұлтандарға пір болып отырса да, пақырлық мақамынан бір елі ажырамаған. Пайғамбар үмбетіне мирасқа Құран Кәрімді қалдырды. Яссауи түркі жұртына Құран рухын жырлаған «Диуани хикметті» сыйға тартты. Алланың елшісі алпыс үш жаста дүниеден өтті. Әзірет Сұлтан алпыс үштен соң дүние ісінен қол үзіп, жер асты мешітінде дәруіш дайындаумен ғана шұғылданды. Модерн тілмен айтқанда елді ағартумен айналысатын педагог кадрлар дайындады.

“Яссауи Феномені” кітабынан үзінді.

Sanjar Kerimbayдың facebook парақшасынан алынды

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • …ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз.

    Әлеуметтік желіде осы отандасымызды қызу талқылап жатыр екен. Көбі сын айтып жатыр. Видео жазбаның толық нұсқасы жоқ, пікір-талас тудырған бөлігі ғана тарап жатыр екен. Соған байланысты өз ойымды айта кетпекшімін: Бірінші, отандасымыздың видеосы, фотосы әлеуметтік желіде желдей есіп тарап жатыр. Ол азаматтың (азаматшаның) жеке құпиясы саналатын фотосы, видео жазбасы кімнің рұқсатымен тарап жатыр екен? Өз басым осы постты жазу үшін ол азаматтың (азаматшаның) видеодағы бейнесін қара бояумен өшіріп тастауды жөн көрдім. Және рұқсатынсыз фото бейнесін жеке парақшама салғаным үшін одан кешірім сұраймын. Діни ұстанымы, ойы бөлек болғанымен ол да осы елдің тумасы, біздің отандасымыз. Екінші, отандасымыздың діни ұстанымына байланысты айтқан сөздері қоғамда қатты пікір тудырған екен. Тіпті оны “ұлт дұшпаны”

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • ТӘҢІРІ ҚАЛАУЫ ТҮСКЕН ЖАН

    Мандоки Қоңырдың туғанына 80 жыл толуына орай «Тәңірі мені таңдады»  Мұхтар Мағауин Мандоки Қоңыр Иштван – отаны Мажарстан ғана емес, күллі түркі дүниесі қастерлейтін ұлық есімдер қатарындағы көрнекті тұлға. Шыңғыс жорығы тұсында Карпат қойнауындағы мадиярлар арасынан пана тапқан құман-қыпшақ жұртының тумасы Мандоки Қоңыр оннан аса тілді еркін меңгерген, бұған қоса зерттеушілік қарымы ерен, Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық санасын бойына дарытқан ғалым. Ол түркология ғылымымен дендеп айналысып қана қоймай, ХХ ғасырдың төртінші ширегінде Шығыс пен Батыс­тың арасында алтын көпірге айналды, миллиондардың ықылас алқауына бөленді. Яки ол халықтар арасын жақындас­тырған мәмілегер, озықтарға ой салған көреген еді. Замана алға жылжыған сайын мерейтой иелері туралы айтылатын жайттар естелік пен өткен шақ еншісіне көшеді. Көзі тірі

  • ҮЛКЕН МЫРЗА…….

    Мұса Шорманұлы (1818-1884) – Баянауыл аға сұлтаны, меценат, ағартушы. Ол жайлы Г.Н.Потанин: “Мұса Шорманұлы – Шоқанның туыс ағасы, ол даладағы өте беделді адам еді, дала басшыларының құрметіне ие болды, орыс полковнигі деген шен алған. Біраз жылдай Омбыда тұрды, екі рет Петерборға барған, жалпы айтқанда қазақтың нағыз еуропаланған тұлғасы” деп жазды. Біржан сал: “Қазақта бір құтым бар Мұса Шорман, Үзілмей келе жатыр ескі қордан” десе, Мәшһүр Жүсіп: “Бес жаста “бісмілла” айтып жаздым хатты, Бұл дүние жастай маған тиді қатты. Сегізден тоғызға аяқ басқан кезде, Мұса еді қосақтаған Мәшһүр атты” деп жырлаған. Мұсаны Баянауыл орыстары “Большой господин”, ауыл қазақтары “Мұса мырза” деп атаған. Өз қаржысына Баянауылда мешіт, медресе салдырады. Інісі Исамен бірге

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: