Шекара мәселесі шешілген күн
Алашорда: Сурет сыртындағы тарих
Солдан оңға қарай: бірінші қатарда- Х.Ғаббасұлы, М.Дулатұлы, А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов; екінші қатарда- Ж.Аймауытұлы, Ә.Марғұлан, А.Байтасұлы.
1917 жылы 13 желтоқсанда құрылған Алашорда автономиялық республикасы 1920 жылы 26 тамызда кеңес үкіметінің пәрменімен жасақталған кеңестік Қазақ автономиясының құрылуына негіз болған еді. 1936 жылы ол автономия кеңес құрамындағы жеке республикаға айналды. Кеңестік республикаларды құру кезінде шекара белгілеу мәселесі, негізінен, Қазақ автономиясы құрылған кездегі межемен белгіленді. Олай болса, қазіргі таңдағы тәуелсіз Қазақстанның ұлан-ғайыр жерге ие болып қалу мәртебесі Алаш зиялыларының жанын шүбереке түйіп (соңында жаны құрбан болған) жүріп атқарған жанқиярлық ерлік істері мен ерен еңбектері арқасында жүзеге асты.
Алаш зиялылары бейнеленген фотосуреттер біздің рухани мұрамыздың құнды бөлшегі екендігі сөзсіз. Себебі ол жәдігерлердің сыртында ізденген кісіге айтылатын естелік, табылатын тарих, тұщынатын тағылым бар. Сондай құнды маңызға ие суреттің бірі – Алаштың ардақты тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлын бір топ замандас інілері мен шәкірттері қаумалап, орталарына алып түскен тарихи фото (1 сурет).
Фото 1926 жыл бұрынғы Қазақ кеңестік автономиясының астанасы Қызылорда шаһарында түсірілген. Оның құндылығы – Алаш қозғалысының үш буын ( аға, орта, кіші) өкілдерінің бір фотода бейнеленуі. Сонымен қатар мұның тағы бір танымдылық тағылымы қазақтың үлкенді құрметтеу, ізет көрсету дәстүрінің фотода бейнеленуі. Қазақта сыйлы кісіні ортаға отырғызып, сол ортадан бастау алып орналасатын «оң жақ» және «сол жақ» деген ұғым бар. Оң жаққа жасы үлкен, сыйлы кісілер, сол жаққа, әдетте, жасы кіші кісілер орын алады.
Суреттің ортасында, ең құрметті орында – жасы да, беделі де жоғары сыйлы Ахаң, оның оң жағында – орта буын өкілдері М.Дулатұлы, Х. Ғаббасұлы, Ж.Аймауытұлы, ал сол жақта – М.Әузеұлы, А.Байтасұлы, Ә.Марғұландар. Мұндай ортасы толған сәтті басқосу ол кісілерге бұдан кейін бұл фәниде мүмкін болмайды: 1927-1928 жылдары большевиктік үкімет Алаш зиялыларына бағытталған репрессияның алғашқы толқыны басталып, Алаш зиялыларының қатарын, әсіресе, орта буынын «баудай түсіреді». Қуғын-сүргіннің бірінші кезеңінде аталмыш суреттегі М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Х.Ғаббасұлы сынды орта буын өкілдері, кіші буыннан Абдолла Байтасұлы бірі атылып, енді бірі НКВД түрмелері мен концлагерлерінде қайтыс болады. Аға буын өкілі А.Байтұрсынұлы, Алаш шәкірттері М.Әуезов, Ә.Марғұландар үлкен қиыншылықтар тартып, «әупірімдеп» аман қалады.
Суреттегі тұлғалардың әрқайсысының артына қалдырған асыл мұралары мен тағылымды тарихы бар. Зерттеушілердің зерде-танымынан шеттеп қалып жүрген Алаш қайраткерінің бірі – Халел Ғаббасұлы..
Халел Ғаббасұлы – Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика факультетін алтын медальмен тамамдаған, Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханның орынбасары, өзі ұйымдастырған кредиттік кооператив арқылы «Абай»журналының қаржылай демеушісі және «Сарыарқа» газетінің шығарушы редакторы болған, Алашорда үкіметінің атынан И.Сталинмен Қазақ автономиясы туралы келіссөз жүргізген көрнекті тұлға. Ол турасындағы ізденістердің Алаштану толқынынан шеттеп,қайырлап қалу себебінің бірі – Халел Ғаббасұлының ОГПУ тергеушілеріне берілген жауабындағы өзінің шыққан тегі туралы дерек еді. Онда ол былай дейді: «Менің ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Семей губерниясының Шаған болысында олардың әуеліде дәулетті жеке шаруашылығы болды, кейін тәркіленіп, кедейге айналды. Арғы ата-тегім – татар, ұста болған. Осыдан 200 жыл бұрын Шаған болысына көшіп келген. Ғаббасовтарды тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. Төлеңгіт – бұл қоғамдық жік, сұлтандар мен төрелердің қызметшісі ретінде қалыптасқан. Менің ата-бабам сондай кірме дәрежесінде өмір сүрді».
Түрмеде отырған адам бостандыққа шығу үшін неше түрлі амал-айла қолданатыны белгілі. Х.Ғаббасұлының өзінің тегі туралы жауабындағы деректердің астарында саяси сауатты кісінің заманның сазына қарай сөз саптағаны байқалады. Оның жауабында кедейді жарылқаймын деп ұрандап билікке келген большевиктердің таптық саясатының ығына қарай жығылу бар. Ата тегі бай-қуатты кісі болғанымен, тәркіленуге ұшыраған, сөйтіп кедейге айналған. Демек, әулет кеңестік үкіметтен жазасын алған. Жазықсыз айыпталушы «Екі күймек – бір кісіге әділдік пе?» (Хәкім Абай) деп, кеңес үкіметінен әділдік сұрап отыр. Бұл – бір.
Екіншіден, Халел – қазақтың ру-тайпалық шежіресінен мол хабары бар кісі. Төлеңгіттер, қазақтың дәстүрлі шежірелік танымы бойынша, Үш жүздің ру құрамына кірмейді. Олар – хан-сұлтандардың орда және әскери қызметшілері. Қазақты билеген хан-сұлтандардың төлеңгіттерді тұтқынға түскен кірме кісілерден құрап отырғаны тарихтан мәлім. Осы бір тарихи шындыққа сүйенсек, Халелдің татар ата-бабалары қазаққа кірме болып, бай-қуатты кісілерге жалшы, қызметші болған. Олай болса, жалшы, кедей-кепшіктің сөзін сөйлеген большевиктер саясаты мұны ескеруі тиіс. Бұл заңды қорғаушысы (адвокаты) жоқ айыпталушының өзін-өзі ақтап шығар, оған қорған, тірек болар сөздері еді.
Үшіншіден, аталмыш деректер – өзі жазаға ұшырағанмен артындағы туған-туыстарын аман алып қалудың әрекеті. Шын мәнінде, оның артында ормандай қалың туған-туысқаны қалды. Олардың тағдыры әртүрлі қалыптасты. Бірі – жан сауғалап шетелге қашты, елде қалғандары екінші бірі үрей мен қорқыныштың шырмауынан шыға алмай, «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деген қағиданы ұстанып өтті.
Халелдің ағайыны, туысы екендігін ашып айта алмай дүниеден өткен кісі – Араб Мақыұлы Ғаббасов. Академик, көп жылдар Ғылым академиясының Топырақтану институтын басқарған. 2001 жылы жасы жүз жасап дүниеден өтті. Одан ұрпақ қалмады. Ал Халел Ғаббасұлының аласапыран дәуірде жан сауғалап, шетелге-Қытайға қашқан ұрпақтарының бірі – Әбілхасен Баязитұлы. Баязит пен Халелдің әкесі Ахметжан – немере ағайын. Екеуі де Ғаббастан тарайтын ұрпақ. Халел Ғаббасұлы ұсталып, Мәскеудегі Бутырка түрмесіне қамалған кезде Әбілхасен Баязитұлын да тұтқындап, Қарағанды түрмесіне жабады. Түрмеден амалдап шыққан Әбілхасен Қытай асады. Сол жақта Қытайда өніп-өсіп, 1955 жылы елге қайта оралады. Әбілхасеннің бір баласы Берікбол Баязит қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы «Қарақол» ауылында тұрып жатыр. Жасы 80-ге келді. Қажылыққа барған, аулында мешіт пен хатымхан салған бақуатты кісі.
«Әкем Әбілхасен (жұрт Көкен деп атаған), – дейді Берікбол қажы, – 1901 жылы Шыңғыстауда дүниеге келеді. Ата-абаларымыздың қонысы – Ақбұлақ, Дегелең, Қызылту. Тегіміз – Орта жүздің Тарақты руы. Әкем үш жасқа толғанда әкесі Баязит Ғаббасұлы қайтыс болып, менің әкемді Халелдің әкесі Ахметжан қамқорлығына алып, бағып-қағады. Бір сөзбен айтқанда, біздің әкей Халелдің үйінде өседі. Жалпы, Ғаббас әулеті текті тұқымнан. Оның арғы аталары Қашақ – Құнанбайдың тұсында өмір сүріп, аға сұлтанмен жер дауында талай кездесіп, талас-тартысқа түскен кісі. Бергі атасы Дүйсенбай (Тышқанбай деп те атайды) өте дәулетті кісі болған. Ал Халелдің туған әкесі Ахметжан бала тәрбиесіне қатал, шаруға пысық әрі саятшыл кісі болады.
Халел ағам да әкесі Ахметжан сияқты өте саятшыл кісі болған дейді әкем. Оның «Ерейменнің Аққасқасы» деген керемет тазы иті болады. Жұрт Халелдің тазы иті қасқырды қара күшпен алады деп әңгіме қылады екен. Сонда ол айтады екен: «тазы қасқырды күшпен ала алмайды, айламен алады. Оның мәнісі мынада: тазы қасқырды қуғанда ұзақ уақыт оның бір жақ жанын жүгіріп отырады. Қасқыр тазыға алаңдап келе жатып мойыны бұрылып, қатып қалады. Сол кезде тазы қасқырдың екінші жағына шалт бұрылып қарғып шығып, құлақшекеден тартып қалады. Сөйтіп, омақаса құлаған қасқырдың тамағынан орып жібереді».
Халел Ғаббасов ұсталған кезде, үкімет менің әкем Әбілхасенді де қамауға алып, Қарағанды түрмесіне жабады. Түрмеден амалдап шыққаннан кейін оған сол өңірдегі Керей Төлеу Көбдіков деген белгілі ақын кісі: «Сенің үкімет басшысы болған ағаң Халелді атты, енді сені де атады. Сондықтан елден қаш, жан сауғала. Атыңды өзгерт, тегіңді жасыр»,- деп ақыл-кеңес береді. Содан әкем жан сауғалап Қытайға қашады. Атын «Көкен» деп өзгертеді.
1955 жылы Қытай мен КСРО шекарасы ашылған уақытта әкем Әбілхасен Баязитұлы бар малын сатып, одан түскен қаражатқа он екі қанатты кигіз үй, киім-кешек, дүние-зат алып Қазақстанға қайта оралып, қазіргі тұрып жатқан жеріміз Үржар ауданының Қарақол деген ауылына келіп орнықтық. Әкем елге оралғанына шүкіршілік етіп, Шыңғыстау-Семей жаққа бармай, осы жерде тұрып қалды».
Берікбол ақсақалдың айтқандарынан жұмбаздайтын түйін мынадай: Халел Ғаббасұлының тегі татар емес, қазақ. Оның ішінде – Орта жүздің Тарақты руы. Біздіңше, Х.Ғаббасұлы тергеушілерге төлеңгіт руын бекер атаған жоқ. Алдымен ойға түсетіні – төлеңгіт пен тарақты сойының хан-сұлтандар жанындағы қызметінің өзара ұқсастығы. Тарақ таңбалы тайпалар сонау Шыңғыс хан заманынан бері билеуші төрелерге қызмет етіп келген. Шыңғыстың андасы, атақты түменбасы Мұқылай тарақ таңбалы Жалайыр тайпасынан болатын. Төрелер мен тарақтылардың таңбасы да – бір.
Ел арасында «Төреге ерген – ер-тоқымын арқалар» деген сөз бар. Шежіреші қартта мұны тарақ таңбалы тайпаларға қатысты айтылған дейді. Себебі тарақ таңбалы тарқатылар қай жерде төре жүрсе, соның соңынан ере берген-мыс. Аталмыш шежірелік пайымдардың шындыққа орайласатынын Тарақты тайпаларының хандық дәуір ыдырағанға дейінгі географиялық орналасуы да көрсетеді. Тарақтылар аз ауылдармен қазақтың кең даласына шашырай орналасқан. Демек, Х.Ғаббасұлының «төлеңгіті» астарлы түрде Тарақты болып шығады. Төлеңгіт – тарақты руының жасырын бет-пердесі. Тобықты руы төлеңгітті кірме ете алмайды. Себебі төлеңгітті хан-сұлтандар ұстайды. Кезінде «Қазақ» газетінің бетінде Әлихан Бөкейхан төлеңгіт атауының этимологиясына көңіл бөліп, оны «төреңді күт» деген сөзден шыққан деген ой айтқан болатын. Айтпақшы, Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейхан төре тұқымынан, ал оның орынбасары Халел Ғаббасұлы – төреге қызмет еткен тарақты руынан. Кездейсоқтық па, әлде құдірет пе? Ол жағы бізге беймәлім. Анығын – Алла-тағала ғана біледі!
«Біздерді, – дейді Берікбол ақсақал, – Халелдің көзін көрген туған-туыстары қорқып қалғандықтан ба, әлде Қытайдан келгенімізді жақтырмады ма, әйтеуір, салқын қарсы алды. Бірақ әкем бұған мойымай Халел ағаның туысқандарымен қарым-қатынас орнатуға ұмтылды. Халел ағамның жары Рамия – текті жерден шыққан кісі, Тобықтының қыз дейтін әкем. Рәмиядан Халел Забен және Қадыр атты екі ұл, бір қыз сүйеді (1926 жылы Халелдің өз қолымен толтырған анкетада екі қызым бар деп жазылған – автор). Забен отбасын құрмайды, соғыс жылдары қайтыс болады. Ал Қадырды мен өз көзіммен көрдім, қолынан сый-сяпат алдым. Бұл оқиға былай болған еді. 1957 жылы әкем қасына мектеп бітірген мені ертіп Халелдің туған ұлы Қадырды және Мақыдан тарайтын ағайыны Араб Ғаббасовты іздеп Алматыға келеді. Қадыр Халелұлы қаладағы бір мекемеде бухгалтер болып қызмет жасайды екен. Соғысқа қатысып, бір қолынан жараланып қайтқан. Кемтар қолында протез бар. Жұбайы – нәсілі татар, сұлу жан екен. Оның артына еріп келген екі қызы болды. Ал Қадырдың өзінен туған бала болмады. Әкем оған: «Сен мына татар әйелден ажырас, қазақ әйел ал. Бала тапқыз, ұрпақ қалсын» деген ақыл айтты. Қадыр әкемнің сөзін жауапсыз қалдырды. Ақыры көп ұзамай, 60-жылдардың басында өзі дүниеден озып кетті. Сол кездесуде ол маған: «Менде Халел ағаң киген 4 костюм бар. Соның бірін ағаңның көзіндей көр»,- деп, маған сыйға беріп, иығыма жапты. Әкесі Халел Ғаббасұлы туралы ашылып сөйлемеді. Қадыр Халелұлының үйінде бірнеше күн болып, одан Араб Мақыұлы Ғаббасовтың отбасына бардық. Араб Ғаббасов жеке жер үйде тұрады екен. Жұбайы – орыс. Әкем екеуі біраз шүйкелесіп, сөйлесті. Әкем Халел туралы әңгіме айтқысы келіп еді, ол оны қозғамауды сұрады. Мәскеудің Темирязев атындағы институтын бітірген Арабтың студент шағында елге келгенде түсірген фотолары бар екен. Соны тамашаладық. Алматыдағы Қадыр мен Арабты көріп, мауқын басқан әкем Қарақолға қайта оралады. Одан кейін Алматыға шықпадық. Біз елге оралғаннан кейін Араб Мақыұлы Ғаббасов әкеме біраз жыл қаражат жағынан көп көмек көрсететіп тұрады. Тіпті, Алматы жанындағы совхоздардың біріне көшіріп алмақ та болады. Бірақ әкем ол ұсынысты қабылдамады. Әкем: «Біздің Араб әйелі орыс болғандықтан, қуғын-сүргінен аман қалды»,- деп айтып отыратын. Қытай қашып жүрегі шайлыққан және Халел ағамыздың туған-туыстарының көңіл-күйін білген әкеміз біздерге: «Тірі жүремін десеңдер, Халел Ғаббасовтың туысқанымын деп айтпаңдар»,- деп өсиет қалдырады. 1974 жылы әкеміз 73 жаста дүниеден өтті. Содан кейін Алматыдағы ағайындармен байланысымыз үзіліп қалды. Оның үстіне Халел ағамның ұрпақтарының барлығы орысша оқыған еді. Ол да тұрмыстық тұрғыдан өз кедергісін тигізді. Әкем Әбілхасен: «Мен Халелге қатты ұқсаймын» деп отыратын. Бірде Халел ағамның Ахмет Байтұрсынұлын М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Әуезовтермен бірге ортаға алып түскен суретін көріп, «әкемнің айтқаны рас екен» деп көз жасымды сүртіп жылап алғаным да бар…(2 сурет)».
2 сурет. Ғаббасұлы Баязиттер әулетінің Қытайдан келген соң түскен отбасылық фотосы. Отырған ер кісі – Әбілхасен. Түрегеліп тұрған жас жігіт – Берікбол Әбілхасенұлы Баязитов
20-30 жылдардағы дүрбелең кезінде Семей өңірі қазақтарының Қытайға қашқаны тарихтан мәлім. Ал Халелдің саятшылыққа құмар болғанын Міржақыпқызы Гүлнар апайдың Алаш қайраткерлері туралы жазған «Шындықтың шырағы» атты естелігіктер жинағында тілге тиек етіледі.
1917 жылдың ақпан буржуазиялық революциясының тегеуірінен Ресейде патшалық монархиялық жүйе құлап, отарлық қамыттан құтылатындай ахуал қалыптасады. Әлихан Бөкейханұлы бастаған Алаш зиялылары жедел қимылдап, қазақтың кең даласында ұлттық жиындарды (сиездерді) өткізуді қолға алады. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында өткен II жалпыұлттық қазақ сиезінде Алаш автономиясы жарияланып, оның үкіметі – «Алашорда» Ұлт Кеңесі құрылады. Оның төрағасы болып Әлихан Бөкейхан, ал оның орынбасары лауазымына Халел Ғаббасұлы сайланады.
Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметінің тағдыры большевиктер билікке келгеннен кейін қалай өрбіп, қалай аяқталғаны бүгінгі жұртшылыққа аян. Қанды төңкеріс арқылы билікке келген большевиктер Алаш автономиясын да, Алашорда үкіметін де мойындамай, заңсыз (легитимсіз) келген жаңа кеңес үкіметін қитұрқы амал-әрекет, зорлық-зомбылық арқылы орнатуға кіріседі. Осы бір алмағайып заманда Ә.Бөкейхан бастаған Алаш зиялылары Қазақ автономиясын сақтап қалуға ұмтылады. Алаш көсемінің тікелей тапсырмасымен Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары лауазымындағы Халел Ғаббасұлы автономия жөнінде 1918 жылдың 20 наурызында И.Сталинмен телеграф арқылы алғашқы келіссөзді бастайды. Келіссөз сол жылдың сәуір айында да жалғасын табады.
Ашық келіссөздер форматын таңдаған Алашорда үкіметі Сталинге телеграф арқылы жолданған мәтінді «Сарыарқа» газетінде жариялап отырады. Бірақ бұл жеделхатқа большевиктер тарапынан жауап болмайды. Оның есесіне Сталин екіжүзді, аяр саясаткер екенін танытып, қазақ даласында билікке таласып жатқан большевиктер басшысы Әліби Жангелдинмен алашордашыларды тілдеп, жамандай отырып, келіссөз жүргізеді. Сиырқұйымшақтанып, уақыт оздырып кеткен келіссөздің соңы кеңес үкіметінің Алашорданы биліктен ығыстырып шығарумен аяқталады.
Алашорда билігі тарағанымен, Алаш зиялыларының автономия құру мақсаты жүзеге асып, 1920 жылы қазақ жерінің шекарасы анықталған, арнайы декретпен бекітілген Қазақ автономиясы құрылады. 1936 жылы ол автономия кеңес құрамындағы жеке республикаға айналды. Кеңестік республикаларды құру кезінде шекара белгілеу мәселесі, негізінен, Қазақ автономиясы құрылған кездегі межемен белгіленді. Олай болса, қазіргі таңдағы тәуелсіз Қазақстанның ұлан-ғайыр жерге ие болып қалу мәртебесі Алаш зиялыларының жанын шүбереке түйіп жүріп (соңында жаны құрбан болған) атқарған жанқиярлық ерлік істері мен ерен еңбектері арқасында жүзеге асты.
Алмасбек Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ профессоры
Abai.kz
Пікір қалдыру