Дәрі-дәрмектің бағасы қашан реттеледі, Біртанов мырза?
Бір отбасы бір жылда 26300 теңгеге дәрі-дәрмек алады. Жалпы Қазақстан бойынша
бұл шығынның жылдық көлемі 120 млрд. теңге. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында
дәрі-дәрмек бағасының 8,4 пайызға өсуіне байланысты ол тағы да 10 млрд. теңгеге артқан.
Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров тұтас емес, таңдап алынғандықтан статистика
органдарының бұл көрсеткіші жағдайдың толық сипатын бере алмайды дейді. Оның айтуы
бойынша халықтың дәрі-дәрмекке шығаратын шығыны шын мәнінде бұдан әлдеқайда көп.
Жуырда мемлекеттің дәрі-дәрмектер бағасын реттеуіне мүмкіндік беретін заң қабылданды.
Алайда тиісті мемлекеттік орган заңды іске асырудың тетіктерін ойластырып, оны ырғалып-
жырғалып енгізгенше дәрі-дәрмек сатушылар бағаны шарықтатып жіберген. Сондықтан
дәрінің ең үлкен шекті көрсеткішін мемлекет жаңа бағаның деңгейінен анықтауға мәжбүр
болады.
Осыған алаңдаушылық білдірген депутат А.Қоңыров денсаулық сақтау министрі
Елжан Біртановқа сауал жолдап, қалыптасқан жағдайды зерттеп, дәрі-дәрмек бағасын
арттырудың себептерін табуды өтінді. Әйтпесе, біздің халқымыз, әсіресе зейнет жасындағы
адамдар ойларына келгенін істеп жатқан алыпсатарлардың ойыншығына айналып,
ақшаларын артық төлей беруде дейді ол. Сонымен бірге депутат дәрі-дәрмек бағасын реттеу
бойынша осы күнге дейін қандай жұмыстар атқарылғанын және импорттық дәрі-
дәрмектердің бағасын теңге курсының төмендеуіне байланысты қымбаттатпауды сұрады.
Елеу, сарапшы
kerey.kz
Пікір қалдыру