|  |  | 

Тарих Тұлғалар

Ер Жабай

2-batyr… “Ағашта биікті айтсаң, қарағайды айт,

Жігітте ерлікті айтсаң, Бөгенбайды айт!

Ұшына найзасының жау мінгізген

Еменәлі Керейде ер Жабайды айт!”

Тәтіқара жырау.

Ақиқат арқауы — аңыз

Мен осы мақаламның тақырыбына Тәтіқара жыраудың “Қамыстың басы майда, түбі сайда” деген үш шумақ өлеңінің екіншісінде есімі баяндалатын Жабай батыр жайындағы соңғы екі тармақты тектен-тек айғаққа алып отырған жоқпын. Жорық үстінде, нағыз кескілескен қантөгіс сәтінде сананы серпілтетін, намысты жалындататын, жүрекке от беретін жырды Тәтіқара (1705-1780) қол бастаған Шақшақ Жәнібек Қошқарұлына, Қанжығалы Бөгенбай Ақша ұлына, Уақ Сары, Баян Қасаболат ұлдарына һәм Керей Жабай батыр Қарабиұлына және басқа марғасқа ерлерге арнап шығарған.

Әлбетте, қазақтың ақпа ақындары мен жорға жырауларының өлең-жырлары ауызекі айтылғанымен, қаймағы бұзылмаған қалпында ұрпақтан-ұрпаққа жеткені – айна-қатесіз ақиқат. Мұндайда ежелден адам тегі жазу-сызумен тарихта қалған дегендей, доғал, жаңсақ пайымдарға қарсы, әсіресе, шығыс халықтарында, оның ішінде – қазақта әлемдік әдебиеттің алтын мұраларынан ойып тұрып орын алған батырлық жырлар, лиро-эпостық дастандар, махаббат, сүйіспеншілік толғаулар, әлгі айтқандай, қағазға түсіп, хатталған дәйектерден дәрменсіз емес!

Ол жырларды айтушылар, Абайша айтқанда, “Бөтен сөзбен сөз арасын былғамай”, анық айғақ желісін үзбей жеткізген. Осы орайда қазақтың хандары, билері, ақындары, жыраулары, жыршылары, шешендері жайындағы жылнамалар түптің-түбінде аңыздарға арқа тірейді, нақты дәйектер жоқтың қасы деп түйіндейтін, әсіресе, кеңес идеологиясымен уланған зерттеушілер жалған ойлап келген, сол уды біздің де санамызға сіңіруге құштар болған.

Ал бұл ыңғайда қазақтың аты қанық қандай бір тұлғасын алмаңыз, оның іс-әрекетінде, ғұмыр-намасында мифтік қазық қағылуы – заңды құбылыс. “Миф” латын тілінде – аңыз. Ертегі емес! Егер адамның ойлау қабілеті оның санасының заңғарлығын танытатынына басымызды исек, аңыз-әфсана тарихи құбылыстан туатынына көзіміз анық жетеді. Бұл орайда Рим империясының, соның ішінде Рим қаласының біздің дәуірімізге дейінгі 754-ші жылы іргесі қаланғаны аңыз (миф) емес, ақиқат екені дәлелденді. Гомердің “Илиадасы” анық! Осында баяндалатын Троя қаласының күйрегенін, бұл кент қазіргі Түркияның Бодрум қаласы төңірегінде болғанын неміс археологы Генрих Шлиман, кемінде, отыз жыл зерттеулермен дәлелдеп берді ғой.

Демек, аңыз-әфсана – ақиқаттың арқауы, алтын діңгегі. Бұған біздің қосарымыз – ұлтымыздың қадым ғасырлар бұрын жасаған тұлғаларының ғұмырнамаларындағы ақиқат-айғақтар – ауызекі тілмен жетсе де, нағыз табан тірейтін тарих. Әйтпесе, Рим қаласының ірге қалауын да теріске шығаруға болар еді ғой. Қаланың жоба-нобайын жасаған Эней қираған Троядан ел-жер кезіп жүріп, италиктердің мекеніндегі жеті жотаға Римді тұрғызуды ұсынған. Қираған Троя соғысында есімдері аталатын Ахилес, Приам, Гектор, екі Аякс, Одиссей және басқалары туралы дәйекті сөздерді жеткізген Эней (ол Троя қираған соң қашып, италиктерге келгені кейін дәлелденген ақиқат. Гомердің “Илиадасы” – нағыз тарихи дәйекті шығарма – З.Ә.).

Олай болса, қазақ шежіресіне шындық деп қарамау – тарихымызға күнә. Қазақтың ел аузындағы билері, хандары, батырлары жайындағы аңыз-әфсаналар – тарихи ақиқат.

Біз әңгіме арқауына негіз етіп отырған Жабай батыр Қарабиұлы да – тарихи тұлға. Ұлтымыздың тағдыр-талайына барша ғұмырын сарп еткен сардар. Шежіре тілімен айтсақ, Орта жүздің Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Уақ, Керей аталатын, Жан Арыс бабадан тамыр тартатын алты рудың бірі, айбынды Керейдің бунағы. Әттең, біз кей-кейде өз атасын өзгеден зор санайтын кейбір санасы кемдеу айтқыштардың әлегінен әфсананы ертегіге апарып жалғап, жаңсақтыққа жол береміз. Бұл ретте Біржан салдың “Атығайдың игі-жақсылықтарына!” деген өлеңін бұрмалап, оны Атығай тайпасына қоспақ болғандар жөнсіз айтқанын айғаққа алар едік. Біржан сал – Керейдің Нұралысынан!

Кейде Алдай Керей Қарабиді, Таузар Көшебе Қожаберген жырауды, Жабай батырды басқа бір руларға теліп жүргендерге налисың. Тіпті, кейбір ішінара зиялы дейтіндер “Бұлардың қасында кім тұрыпты?! Ол әңгімелер аңыз ғой!” дегенді айтып қалады да. Иә, аңыз болсын, алайда, ертегі емес, ақиқат! Салыстырма ретінде жоғарыда айтылған Эней ғұмыр кешкен біздің дәуірімізге дейінгі 754-ші жылы латын әрпі қағазға түсті дегенге ешбір зиялы адам сенбейді. Бірақ бұл әңгіме – тарихи ақиқат, аңыздың алтын арқауы.

 

Қарабидің қалаулы ұлы

Айтқанымыздай, бізге жеткен шежіре деректері, көбіне, ауызекі тілмен тараған. Оқтан да, оттан да сескенбеген қазақ сөзден қорыққан. Сөзге қалу – қазақ үшін өлім! Сондықтан ұлтымыз “Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз иесін табады!” дейді. Яки, “Түгел сөздің түбі бір, түпатасы – Майқы би!” дегендей сөзге жүгінген. Сөзге қалған адамды қара басқан. Ендеше, шежірешілердің сөзі салмақты, зілі қара тастан ауыр.

Осындайда Жабай батырдың ғұмыры, ерлігі жайындағы толғамдар тура әрі қоспасыз. Арғы бабасы – Ашамайлы Керей, оның Фархад атасынан, одан беріде Танаш биден тарайды. Танаштың кенже ұлы Тарышыдан.

Тәтіқара – Жабайдың нағыз замандасы болғандықтан, батырдың Тарышының Еменәлі буыны екенін өлеңімен айғақтаған.

Керей Қараби, оның ұлы Жабай батыр, Жабай ұлдары – Сексен батыр мен Тоқсан бидің өмір сүрген мекендері қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Жекекөл, Талпын, Амангелді ауылдарының өңірі.

Еменәлі мен Нұралы (Біржан сал тараған) – ағайындылар.

Шежіре дәйектемесі арқылы жеткен дерек: Жабай Қарабиұлы 1703-1795 жылдары ғұмыр кешкен. Аузы дуалы қарттардан естіген әңгіме бойынша алғанда, Жабай дүниеге келер алдында әкесі Қараби түс көреді.

Түсінде бір қарт: “Оян, би! Мына домбыра мен найзаны саған сыйладым. Өзің сақта! Я балаңа ұстат!” – дейді.

Қазақтың түс ауғанша түс жорытпайтын әдетімен бәйбішесінің аяғы ауыр, айы-күні жақын болған соң би түс жорушы қартты кейіндеу алдырады. Қартаң шал: “Келін аман-есен босанар. Әрі найзагер, әрі өнерпаз ұл туар!” – деп бата беріпті.

Айтқаны келіп, Жабай жастайынан екеуіне де үйір болады. Жаугершілік заман ғой, туған ұлды ел қорғаны деп білген қазақ, баланы бесіктен тұра сала ашамайға отырғызып, қолына қару-найза, садақ, кездік ұстатып, аттың құлағында ойнатқан.

Бір таң болатынымыз – Қарабидің Жабайдан өзге бала сүймеуі қисынсыз. Алайда, бәлкім, солардың ең үздігі осы Жабай болса керек. Мысалы, тарихта ұлы қаған Шыңғыс Есугейұлының Жошы, Шағатай, Үгедей, Толы атты ұлдары ғана айтылады. Өзгелері атаусыз қалған.

Шыңғыстың ұлы Жошыда еркек кіндікті қырықтан аса ұл бала болыпты. Алайда, тарихта он тоғызы ғана белгілі. Олардың ішінде ең үздіктері – Орда-Ежен, Бату, Берке, Тоқай-Темір. Батуды қазақ “Сайын хан!” деп дәріптеген. Ол сөздің мағынасы – кеңпейіл, дарқан, жомарт деген ұғым.

Ендеше, Жабай да – Қарабидің өзге балаларының ішіндегі үздігі, беткеұстары десек, жаңсақ емес.

Жабайдың ғұмыры – қазақ-қалмақ соғыстарының кезеңі. Жасынан жаугершілік майдандарында шыныққан майталман. Қожаберген жырау “Елім-ай!” дастанында:

“Қиыншылық ылғи болмас, әлі-ақ өтер,

Ерлерім жауды ұзатпай тентіретер.

Бөгенбай, ер Сары, Асқап, Жабай, Көшек

Қалмақты қойша қырар, зар еңіретер!” – деп рух көтере жырлайды ғой.

1703-шы жылы туған Жабай (1795 жылы өмірден озған) Абылай ханның қазақ-қалмақ соғыстарын бастан-аяқ өткерген. Махамбетше айтқанда:

“Ереуіл атқа ер салмай,

Егеулі найза қолға алмай,

Еңку-еңку жер шалмай…” ғұмыр кешкен емес.

 

Әйтпесе, “Ұшына найзасының жау мінгізген” деп Тәтіқара тегін жырламасты.

Дәстем сал:

“Қарабиұлы ер Жабай,

Жиырма алтыда жасы бар,

Қырылған елге жаны ашып,

Жауға аттанды аянбай”, – деп батырдың, “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” апатындағы озық ердің қаһармандығын жырға қосқан.

Бұл 1729 жылға дөп келеді. Қанды қырғыннан аман-сау болған, елін де есен-сау ете алған Жабай батыр, әсіресе, алғашқы екеуі даңққа бөленген Сексен, Тоқсан, Мыңжасар есімді ұлдар сүйген.

Тақымы аттың теріне малшынып, алақаны найзаның сабына қажалып, ақжем болғанша ел-жер қорғаған Жабай ұлдарына үлкен үлгі, ғибрат бере білген. Жоқ! Үнемі мақтаумен айтпапты. Мысалы, Сексен жасынан өркеуде, өжет өскен екен. Ал Тоқсан ұстамды, ойшыл, от ауызды, орақ тілді қасиетімен ел көзіне түскен. Сексенге – батырлық, Тоқсанға билік беріпті.

Бұлар ғұмыр сүрген кез – орыс империясының қазақтың қиыр солтүстігіне бойлай еніп, “Қасырет белдеуін” салған уақыты. Жерін жауға билетіп қойып, қол қусырып отыра алмайтын қазақ қанша қарсыласса да, қаруы басым, қарасы көп орыс империясы қойды қырған қасқырдай болып қазақ жұртына тізе батырады.

Осы уақытта Жабайдың Сексенге: “Сен батыр боларсың, Тоқсан, сен би боларсың” деген жорамалы дәл келіп, Сексен атқа амалсыз қонады.

Ол қазіргі Жамбыл ауданының Преснов, Пресногорьковка, Железное, Новорыбинка, Островское, Екатериновка аталған мекендерін оқтын-оқтын шабады. Сексеннен зәрезап болған казак-орыс отбасылары балаларын оның атымен қорқытады екен.

Анығында да, “Қасырет белдеуі” орнығып, қазақтың шұрайлы қонысына қол сұғып алған қарашекпенділер, әсіресе, капитан Пресновский бастаған (Пресновканы қазақтар сол себепті “кіпитан” атап кеткен – З.Ә.) казак-орыстар тұрғылықты ел-жұртқа тізесін көп батырған. Есесін Сексен батыр бас болып қайтарып отырған.

Ел ішінде ежелден айтылып жүрген бір әңгімеде кіпитанның бір атаманы үйіне қазақтарды оңаша алдап кіргізіп, ұрып өлтіруді, сөйтіп, сес көрсетуді әдетке айналдырыпты.

Аңдаусыз отырған адамды желкеден ұрып, мойын омыртқасын үзеді де (алып, өте қарулы адам болса керек) жаз болса иттеріне лақтырып, қыста үлкен орыс пешіне өртеп жібереді екен.

Осыны естіген Сексен батыр (ол да алып денелі, қолы орасан қарулы, соққысы сойқан болыпты) әлгі атаманды кеудесінен ұрғанда жұдырығы ананың төс сүйегін опырып жіберіпті. Жалма-жан жанып жатқан пешке тығып жіберіп, жанайқайға басқанына қарамай, пештің оттығын аяғымен тіреп отырып алыпты.

Ақыры, казак-орыстар Сексенді Пресновкада бір татардың үйіне қымыз ішуге тоқтағанда әлгінің әйелі арқылы сусынға у қосып өлтірген екен.

Батырдың мәйітін қорлауға олар қазақтардан сескенеді. Денесі Благовещенка (Жекекөл) маңындағы “Бейітағаш” деген қорымда жерленіпті.

Станицалықтар денесін қорламасын деп зиратының бетіне жылқының терісі мен құйрық қылын қоса илеп, оба соғады. Сонда топыраққа күрек батпайды екен.

Естуімізше, ағасы Сексен мен інісі Тоқсан арасы үнемі бітімді бола бермепті. Ретті күндердің бірінде екі бауыр ірге бөліседі. Араға салқындық кіріп, саңлау түскенде ағайынды татуластырмақ ниетпен Киікбай шешен Айтуғанұлы (туған жері Жамбыл ауданының Баян ауылы төңірегі) бітімге шақырғанда мінезі ожар, бірбеткей Сексен мәмілеге бет қаратпайды. Сонда шешен мынадай уәж айтыпты. Ол көшін Наймандағы нағашыларына бұрып бара жатқан Сексенді қуып жетеді де:

Беу, Сексенім, Сексенім,

Бұл барғаннан барарсың

Бағаналы Бабырға!

Барған жылы сый қылып,

Қос табақпен тартады

Қос қазыдан сыбаға.

Келер жылы болғанда

Тартар сынған қабырға.

Онан келер жылы болғанда

Қонарсың тал жайылған тақырға.

Қадырың кетер шашылып,

Ыстық демің басылып,

Бірте-бірте айтқаның

Алынбай қалар қабылға.

Жазғытұры болғанда

Ақ ордаңды тігерсің

Ласты батпақ сабырға.

Күзді күні болғанда

Тағы амалсыз қонарсың

Мал жайлаған тақырға.

Жаныңа ерген жанасып,

Жақын болған жаны ашып,

Табылмас бірі жаныңда.

Екі кісі бас қосса,

Кіре алмассың сыбырға.

Аңға шықсаң атпенен

Атып алған олжасын

Қанжығасына байлар да …

“Жатта сұлтан болғанша,

Өз еліңде ұлтан бол”

деген нақыл бұрынғы

Бар ма, батыр, жадыңда?

Қағынан құлан жерісе,

Су таба алмай шөлде өлер.

Кеңінен толғап, Сексенім,

Әлі де тоқта, сабырла.

Бұған құлақ салмасаң,

Айтқан тілді алмасаң –

Еркің білсін, жарқыным,

Жеріңе барар адымда.

“Қайран туған елім!” деп

Кейін, жаным, налыма.

Көтер, Сексен, басыңды,

Аш қабақ пен қасыңды.

Менің атым – Киікбай,

Келген жоқпын бекер, жай.

Немере туыс тілді алмай,

Болғаным ба сұмырай?!

Шешеннің сөзі сүйегінен өткен Сексен кері бұрылып, туысын тапқанын Жамбыл ауданындағы өзім туған Амангелді ауылының атақты шежіреші білгірі Бәри молда Төлегенұлы және аңыз-әфсаналарды домбырамен қосып айтып отыратын Мырзахан қарттан естіп, қағазға түсіріп алып едім. Бұл екі қарт Жабай батырмен аталас Алдайдан тараған Мадияр атасынан туған.

Әсіресе, Бәкең ғұлама еді. Оның айтуынша, Кенесары Қасымұлы орыс империясын паналаған қазақ бай-билерінің ауылдарын шапқан кезде қолды болған жылқыларын айырып алу үшін аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов пен оның заседателі Есеней Естемісов бастаған қалың қол соңына түседі.

Осы майдан қазіргі Тимирязев ауданындағы Қақ көлінің маңында өтіпті. Есеней қолының ішінде Сексен батырдың Бекентай есімді ұлынан туған немересі Қайнет батыр да болыпты.

Қайнет өте батыл, жаужүрек әрі орасан алып, Сексен атасына тартқан екен. Сол майданда үлкен ерлік көрсетіпті. Кенесары сарбазының қара санына сұққан найзадан аман қалыпты, – деуші еді Бәри ата.

– Ата, Тоқсан би неліктен Жекекөл-Талпын маңынан Көкшетау, Пески өңіріне қоныс аударған? – деген сауалға әр сөзі тиянақты шежіреші:

– Меніңше, екі гәбі болуға керек. Мен арғы бабалардан қалған сөзге басымды иемін. Сонымен екі ретте Тоқсан мен Есенейдің арасы алшақ кетіпті.

Бірінші гәбі – Есенейдің Нұралы Керейдің, оның ішінде, Біржан салдың атасы Қожағұлдың жерін басып алуы. Бұған шора би Тоқсан араласады да, Есенейге “Жерін қайтар!” деп сес көрсетеді. Есеней бетінен қайтпайды. Қожағұл амалсыздан Степнякқа (қазіргі Ақмола, бұрынғы Көкшетау облысы) көшеді. Біржан сал 1834 жылы сонда туыпты, – дейді Бәри атамыз.

Екіншісі – Тоқсанның Есенейді орысқа бағынып кеткені үшін жазғыруы. Осы салқындықтың салдарынан қартайған Тоқсан Көкше өңіріне қоныс аударады. Бұл жер – қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Западное ауылы. Онда облыстық соттың сол кездегі төрағасы Бекет Тұрғараұлының тікелей басшылық етуімен 2000 жылдың тамыз айында Тоқсан би кесенесі бой көтерді.

Бидің зиратын тауып берген сол ауданның Чистополье ауылында тұрған марқұм Дүйсенбі Қазыбеков деген ағай еді. Ол менімен Көкшетау қаласында 1998 жылдың шілдесінде ойда жоқта кездесіп, 1960 жылы ауыл қарттары осында келген Сәбит Мұқановты Тоқсан би зиратына апарғанын айтқан. Дүйсенбі ағай сол жылы жүргізуші екен. Өзі қарттарды жүк машинасына мінгізіп, Сәбең мінген көлікке жол көрсетіп барғанын жеткізгенді.

Өтінішім бойынша ол осы оқиға жайлы жазған мақаласын “Ленин туына” менің атыма жолдап, көрген-білгені туралы әңгімесі газеттің 1998 жылдың 30 қазандағы санында Дүйсенбі Қазыбековтің авторлығымен жарияланды.

Өкінішке қарай, оның аты-жөні ескерілмей, кейінгі өлкетанушылар осы мақаланы оқып алған соң “Тоқсан бидің зиратын біз таптық!” деп жүр (СҚО энциклопедиясы, 2006 жыл, 582-бет, “Тоқсан би моласы”).

 

Жабай батыр ұрпақтары

Жабай батырдың кіндігінен тараған үлкені Сексен мен кішісі Тоқсаннан айтарлықтай ұрпақ бар.

Білікті, жетік адамдардан естуімізше, Сексеннен – Бегей, Бексен, Бекентай, Бегәлі, Қазан, Кәрібай есімді алты ұл туған.

Ал немерелерінің есімдерінен біздің білетініміз батырдың үшінші ұлы Бекентайдан – Сағындық, Қайнет, Зейнолла, Файзолла, Мырзағали.

Қайнеттен Шәкіжан туады. Одан – Боташ.

Боташ қазір Астана қаласында тұрады. Тоқсаныншы жылдардың соңынан, екі мыңыншы жылдардың орта шенінен асқанша Петропавл қалалық әкімдігінде жауапты қызмет атқарды. Соңғы кездері облыс орталығындағы “С.М.Киров атындағы зауытта” директордың орынбасары болып еңбек етті. Астана қаласына қоныс аударғалы екі жылдай болды.

Зейнолла Бекентайұлының ұрпағы, Сексен батырдың шөбересі Дайыр ақсақал да Петропавлда тұрмыс кешуде.

Ол осыдан бірер жыл бұрын “Soltústіk Qazaqstan” газетінің редакциясына Сексен батырдан жеткен тәбәрік – кісесін әкеліп көрсеткенді. Мен бұл жайында мақала жариялағанмын.

Кісенің көлемі оқушы баланың сөмкесінен асып түседі екен. Қалың былғарыдан тігілген. Оның тұрқына қарап, кісені беліне байлап жүрген Сексен батырдың тұлғасының қандай зор болғанына көз жеткізесің.

Бекентайдың тағы бір ұлы – Файзолла. Одан туған Әбу марқұм әкемнің кенже інісі Мырзахмет Әкімжановпен дос еді. Мен ағама ере жүріп, Әбекеңнің Пресновкадағы үйінде талай мәрте болғанмын.

Ол ұзақ жылдар Преснов ауданында ірі қаржы қызметкері болды. Бүгінде Жамбыл ауданы Талпын ауылының қорымындағы зиратында ұрпақтары орнатқан ескерткіші (бюсті) тұр.

Әбекеңнің Жеңіс есімді ұлы – зейнеткер. Ұзақ жылдар энергетика саласында еңбек етті. Қазір зайыбымен бірге Петропавл қаласында тұрмыс кешіп, ұрпақ өсіруде.

Ал Тоқсан би туралы көп жазылды. “Асыл мұра” орталығынан шығарылған “Тоқсан би” атты кітап та бар.

Бір-екі дерек айта кетейін. Ол аса өткір, айтыс-тартыстарда жүйесін тауып сөйлейтін шешен. Ақылман. “Ал, кеттімі!” жоқ, байыпты, табанды екен. Бұған мысал: бірде қатар отырған Керей мен Уақ жер дауын қаузайды. Уақ жағынан – Жарылғамыс би, Керейден – Тоқсан би уәж айтысады. Айтыстың бір тұсында қызып алған Жарылғамыс қолындағы қамшысын көтере сөйлепті. Сонда Тоқсан:

– Уа, Жарылғамыс! Сен андағы қамшыңды көтере берме! Жеріңе баса-көктеп кірген Керей емес, орыс! Қамшыңды соған шошайт! – деген екен. – Одан да туысымыз ортақ, қанымыз бір екенін айғақтап, ағайыншылыққа жүгінейік. Жарылғамыс үнсіз бас изепті.

Енді бір әңгіменің өзегі – Тоқсанның Ізбасты бимен жүздесуі.

Ізбасты Тоқсаннан кіші. Алайда, асыра сілтеп, айбын таныта сөйлейтін әдеті болыпты. Ол Тоқсанды бұрын көрмеген атына сырттай ғана қанық екен.

Кілең игі жақсылар мәжіліс құрған, жер-жердің билері бас қосқан жиында ол:

– Тоқсан, Тоқсан дегенге томашадай екенсің, – депті (томаша шымшықтай ғана құс екен).

Тоқсан:

– Томаша тоғыз жұмыртқалайды. Біреуінен Құмай туады. Ендеше, Құмайы шығармын! Сендей жөн білмес нәмәрттің құдайы шығармын, – дегенде беті күйген Ізбасты үйден шыға жөнеліпті.

Тоқсаннан, үлкендерден естігенім, Доғалақ туады.

Ел арасында Доғалақты әкесіне қарсы келе беретін бетсіз, санасыз болған деген әңгімелер айтылып жүр. Менің ойымша, осы сөздер алып-қашпа сынды. Қисынсыз ба деймін.

Манағы Бәри молла, шешемнің жездесі Мұхамеджан Кәрібай қажы ұлының айтуынша, Доғалақ ақылсыз, жетесіз емес.

Тоқсан бірде оны ара ағайындық дауды әділ шешуге Кіші жүзге жіберіпті. Доғалақ әкесінің көңілінен шығатындай әділ төрелік етіп, дауды доғарып қайтыпты.

Келесі бір әңгіме мынау: Доғалақтың ағайындас інісі қалыңдық алатын болып, қайнына барады. Топты Тоқсанның ұйғаруымен Доғалақ бастайды.

Қалыңмалы төленген. Бірақ қыз әкесі ынжық, байлыққа бөгіп алған балаларына сөзі өтпейтін адам екен. Доғалақтың болашақ келіні де адуын, жойпар мінезді көрінеді.

Күйеуге және Доғалақ бастаған құдаларға ақбоз, көп қанатты үй тікпей, жолым үйге енгізбек болады.

Мінезі атасы Жабайға тартқан өр әрі сондай батыр, сөзге жүйрік Доғалақ қатты намыстанып, аттан түспеген қалпы:

“Адыра қалсын құдалық!

Мұны не деп ұғалық?

Мұндай үйге түскенше

Кетейін түтесін шығарып!” – деп қамшысы мен қылышын суырып алып, айғырын омыраулатқан күйі үйдің туырлығын тіліп, шаңырағын ортасына түсіреді.

Аруақты атасы Жабайға – әрі батыр, әрі биге тартқан адуын мінезді Доғалаққа ешкім бет қарай алмайды. Қалыңмалын алдына салып алып келген ұлына Тоқсан би іштей ризалық білдірген екен…

Облыстық энциклопедияда Жабай батыр 1697 жылы туған деген дерек жазылған. Ал кейбір еңбектерде 1703-1795 жылдар аралығында ғұмыр кешкен делінеді. Егер осы соңғы дерек анық болса, биыл оның туғанына 315 жыл толмақ.

 

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

kerey.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: