Шамырқану (немесе Самурайдың соңғы сөзі)
https://youtu.be/0XIaWMUCthY
Ақордаға ағызсам атқа мініп,
Ханның басын қаршысам қақпа бұзып.
«Ерсің деп» енді маған лап қойған
Жағымпазды жіберсем жаққа періп.
Сонда кірер шырайы тынысымның,
Дос сезіп, дұшпан ұқпас мұның сырын.
Қанша жыл бір ғазауат майдан күтіп
Қанға шөлдеп тұрған-ай қылышымның.
Атой салсам боратып дүркін-дүркін,
Сонда ғана жайланар көңіл шіркін.
Енді менің келмейді аз ғұмырда
«Малдан боғым бөтен боп» өмір сүргім.
Дұшпанның қызыл қанын ұрттап ішсем,
Шаншылып тұрса сонда бұлтқа басым.
Шіркін-ай…
күрең қаным куәлік боп
Жүзіне Жаратқанның тік қарасам…
Ықылас Ожайұлы facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру