Тұрсынбек КӘКІШЕВ:сол өтірік академиктер көзінің тірісінде мақталып та, мадақталып та жатады. Ал көзі кеткеннен кейін соларды іздейтін ешкім болмайды…
Астана. 11 қазан. Baq.kz Тұрсынбек КӘКІШЕВ,филология ғылымының докторы, профессор:
Тұрсынбек аға, бүгінде 85 жасқа келіп жатырсыз. Өмірден не түйдіңіз? Өкініштеріңіз бар ма?
– «Ананы істей алмадым-ау», «мынау қалып қойды-ау» деген өкініш менде жоқ. Өйтіп өкінетіндей мүмкіндік те болған жоқ. Шындығын айтқанда, қазір өздерін «академикпіз», «доктормыз» деп жүргендердің арасында архивтің есігі қайда екенін білмейтіндер бар. Шыққан кітапты оқып алады да соған қарап өзінің ой-толғамдарын жазады. Негізі, кітап жазу үшін архивті білу керек, кешегі өткен күнді зерттеу керек. Осы жағынан келгенде, менің сөзімде, ойымда қатқыл пікірлер болып жататын болса, көп жағдайда сол тарихтан алған сабақтар еріксіз солай сөйлетеді. Архив дерегіне сүйенген адамның сөзі дәлелді, нығыз болады. Сол архивті ақтарам деп жүргенде менің ананы, мынаны ойлауға уақытым болған жоқ.Тағы бір мақтанатын нәрсем, мен «анау атақты алсам екен», «мынау атақты алсам екен» деп талпынбаймын. Адал еңбек етсең, атақ-дәреже сені өзі іздеп келіп жатады.
– Қаншама еңбек жаздыңыз, сыншы, зерттеуші ретінде әлдеқашан мойындалған адамсыз, профессорсыз. Бірақ академик атанатын да жөніңіз бар еді ғой…
– Сұрап алған атақ сенің ізденіспен алған ғылыми дәрежеңе татымайды. Тіпті атақтың соңына түскен адам Құдайдың өзі берген дарынынан да айырылады. Сөйтіп, ақырында не еңбегінің нәтижесі жоқ, не қолы жеткен атақ-даңқы жоқ, тоқырай бастайды. Кез келген нәрседен ілік іздеп, пәле қуып, кез келген адамды дұшпан тұтып, пәлеқор, жалақорға айналады. Оны өздері сезіп-білмей ме немесе түсінсе де, мойындауға азаматтығы жетпей ме, ерік-жігері мен күш-қайратын мүжіп, өзі де мүжіліп, көшке ілесе де алмай, көштен қала да алмай, күні өтеді. Бізде академиктің өзі сайлаумен келеді. Сайлау саясатсыз бітпейді. Пендешілік араласады. Ондай жерде ғылым кірлей бастайды. Осыны білетіндіктен де сайлаумен келетін атақтарға, біріншіден, зауқым соқпайды. Екіншіден, тура мінезді болғандықтан, ондайға ыңғайым жоқ. Кім-көрінгенге жалынып, «Ағатай, академик болайын деп едім, сыйлық алайын деп едім, маған дауыс бере қойшы?» деп жүгіру менің табиғатыма жат. Қарап тұрсаң, сол өтірік академиктер, ғалымдар көзінің тірісінде мақталып та, мадақталып та жатады. Ал көзі кеткеннен кейін соларды іздейтін ешкім болмайды. Мұндай жағдай ақын-жазушылардың да, ғалымдардың да арасында өте көп.
– Сіздің зерттеушілік, сыншылық еңбегіңіздің аса жемісті кезеңі кеңес дәуірімен тұспа-тұс келді. Сол уақытты зерделей келгенде, қазақ әдебиетінің негізгі жетістігін қалай сипаттар едіңіз?
– Қазір кеңестік кезеңді тұтастай қаралап жатырсыңдар, бәрін «оңбаған», «жаман» дейсіңдер. Ал, шындығында, социализм жамандығынан не болмаса адамзатқа қастығынан құлаған жоқ. Бұл сол жүйені дұрыс басқара алмаған жекелеген адамдардың қателігінен болды. Солардың көбі марксизмнің не екенін білмейтін. Маркс пен Энгельс: «Социализм мәдениеті өркендеген, шаруашылығы гүлденген бірнеше елде қатар немесе жеке-жеке орнауы мүмкін. Бірақ ол міндетті түрде өскен, көркейген ел болуы керек» деді. Ленин Еуропа мойындамаған, Ресейдей артта қалған елде социализмді орнатуын орнатты. Бірақ артынша бәрі Сталинге қалды. Үйді басқару үшін оның иесі мығым болуы керек қой. Негізі, социализм жаман жүйе емес болатын. Мысалы, кім бірінші Айға ұшты? Артта қалған Ресей социализмнің арқасында әлемді аузына қаратқан ірі мемлекетке айналды. Жалғыз Ресей ғана емес, оның қоластында болған қазақ та, өзбек те, басқалар да керемет жетілді. Экономикалық, мәдени тұрғыда мықты өрлеу болды. Рас, социализм заманындағы аштық, халықтың қырылуы, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін салдары ауыр тиді. Сталин әуелде қуғын-сүргінді Троцкийлерді құрту үшін бастап еді, бірақ екпінін баса алмай, артынан күллі ұлт республикаларындағы зиялы қауымды құртып жіберді. Оның зиянын ең көп көрген ел – қазақ болды. Сәкен, Ілияс, Бейімбеттердің кетуі – қазақ әдебиетін құртуға бағытталған қадам болды. Мәселен, сол кезде 20 шақты жазушы ұсталып кетті. Тіпті дағдарысқа ұшырай жаздадық. Құдай сақтап, әйтеуір Қасым Аманжолов, Саттар Ерубаев сияқты жас дарындар әдебиетімізді алып қалды.
Мен тіпті қазақ әдебиеті сол кезде халық ауыз әдебиетімен, оның Жамбыл сияқты ірі өкілдерінің талантымен де дараланып көріне алды деп ойлаймын. Жамбыл, мысалы, бүкіл Одаққа, бүкіл әлемге танылды. Ал ондай ақыны бар ел қалайша артта қалған ел болады?
– Солай бола тұра, дегенмен, «біз жақсылық атаулының бәрін сырттан алдық, өнерді де өзгелерден үйрендік» дегенге өзімізді сендіруге тырысқан жоқпыз ба?..
– Ол – еуропацентристік ұғымның салдары. «Барлық мәдениет, барлық ғылым-білім Еуропадан тарады, одан басқалар, Азияның, Африканың халықтары надан, қараңғы, ештеңені білмейді» деп есептейтіндер – сол түсінікпен уланғандар. Бірақ дүние – дүние болып жаралғалы Азияны Еуропа асырап келе жатыр ма? Қарап тұрсақ, Қытайдың мылтықтың оқ-дәрісін ойлап тапқанына 5 мың жыл болған екен. Ал осындай нәрселерді қалай елемеуге болады? Мен өзім өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері осы еуропацентризмге қарсы болып келе жатқан адаммын. Сол кезде З.Кедринаның бір кітабы шыққан. Әлгіні оқысам, қазақтың не тілін, не әдебиетін, не тарихын білмейтін адам «Ананы өйту керек, мынаны бүйту керек» деп бізге сырттан ақыл айтыпты. Мұндай ақыл Мәскеуде, Ленинградта шыққан еңбектерде көп. Олар бізге «бұлар надан, мал бағып, сонымен ғана күн көрген, біздің арқамызда адам болды», тіпті «қазақ халқы Октябрь революциясынан кейін туды» деп қарайтын. Ал, шындығына келгенде, мүлде олай емес. Ойлап тұрсақ, Ресейге қараған уақытқа дейін қазақ даласында не бір түрме, не бір есікке салатын құлып болған емес. Не сонда тентегі, бұзақысы болмап па? Болды, әрине. Ендеше, соның бәрін қалай тоқтатты? Мылтықтың күшімен емес, сөздің күшімен тоқтатты. Сөз бен қазақтың кіндігі бір. Біз ұйқастырып сөйлеуге шеберміз, әндетіп отыратын адамдарды жақсы көреміз. Өзіміздің қара домбыра Еуропаның барлық музыкасын ойнайды. Қандай аспапта, қаншама оркестрмен орындалатын дүниелердің бәрін екі ішекпен-ақ құлағыңа сіңіріп береді.
– Өкінішке қарай, өзіңіз айтқандай, кестелі тілмен мақамдап, әуезді сөйлеу үрдісін бүгінде жоғалтып алған сияқтымыз. Қазақтың сөйлеу тілі, мәнері өзгеріп бара жатқан тәрізді…
– Оның бәрі – шоқындырудың нәтижесі. Бізде оқуға түсетіндер – қыздар. Өйткені нүкте, үтірден қателеспей, университетке алдымен солар түседі, қай жерде де қыздар ерекше белсенді. Бүгінде жоғары оқу орындарында оқып жатқандардың 70-80 пайызы – қыздар және көбісі орыс бөлімдерін бітіріп, шүлдірлеп шығады. Соның салдарынан қазір қазақ балаларының 60 пайызы (бұрын 40 пайыз еді) орысша сөйлейді. Баяғыда, шамамен алғанда 1870 жылдары ма екен, Святой Сенат «Бұратана халықтардың ұлдарынан гөрі бізге қыздарын оқытқан әлдеқайда пайдалы. Өйткені олар күйеуге шығып, ана болғаннан кейін өзінің баласына да, үйінің ішіне де орыстың рухын сеуіп отырады» деген тұжырымдама қабылдаған. Мұның шындыққа айналғанын күнде көріп жүрген жоқпыз ба? Таныстарыңның үйіне бара қалсаң, баласымен де, оның әжесімен де орысша сөйлесіп отырған келінді көресің. Социализм тұсында интернационализм деген түсінік болды. Негізі, «халықтар достығы, бәрі ауыз жаласып бірге жүреді» деген – желеу ғана. Ал шындығына келгенде, ол – орыс шовинизмінің сыртқы көрінісі. Сөйтіп, интернационализм бізді одан әрі шоқындырып кетті. Өзгені былай қойғанда, Абай туған жердің 50 жыл бойы полигон болғанына көніп келдік. Тіпті Волгоградтың тұсындағы Красноярскіден ракета атады, сол ракеталар күні бүгінге дейін біздің Сарышағанға келіп түседі. Ондай жерлер Ақтөбе облысында да бар. Байқоңырды жалға алған Ресей бізге жылына 117 млн доллар төлейді, ал Байқоңырдан айына болмаса да, тоқсанына 3-4 рет зымыран жіберіп жатыр. Американың, Италияның, Германияның, басқа да мемлекеттерден бір туристің сонымен ұшып барып келгені – 20 миллион доллар. Сонда кім пайда тауып отыр? Тас-талқан болып жатқан кімнің аспаны, кімнің жері?..
– Елдің жоғын жоқтайтын, есесін қайтаратын – намысты ұл, қайратты азамат дейтін болсақ, өзіңіз айтқандай, қыздар белсеніп алға шыққан бүгінгідей уақытта ұл балалардың беделін қалай көтереміз, белсенділігін қалай арттырамыз?
– Мейлі, қыздарды да оқытайық, жеткізейік. Бірақ әркімнің тумысынан атқаратын өз міндеті бар. Мен Францияда да, Германияда да, Польшада да болдым, көрдім, білдім. Францияның қыз-келіншектері не бет жоқ, не кеуде жоқ, тулақтай болып қатып қалған. Одан үйренетін ештеңе жоқ. Бірақ жартылай жалаңаш жүру – өз алдына, енді тіпті тамам жұрттың алдында тыр жалаңаш жүретін қыздар шығыпты. Масқара ғой! Мәдениеттің жеткен жері осы ма? Қазақ өзі – талантты халық, бәрін бірден қағып алады, онда да ең бірінші – жамандықты… Осындай анайылықтарға қыздарымыздың еті үйреніп бара жатқаны шошытады. Ал ұл балалардың қашан адам болып, ел қатарына қосыларын бір Алла біледі.
– Осындай жағдайда не істеу керек?
– Бізге қазір қалайда ер балалар мектебін ашып, оларға жоғары білім беру үшін арнайы квота бөлу қажет. Әйтпесе ұлдарымыз жаппай ынжық болып бара жатыр. Мектепте де, басқа жерлерде де ұлдар қыздардың айтқанынан шыға алмайды, қыздар оларды кеудесінен итеріп тастап, басынан аттап жүре береді. Мәдениетке үйретуді, ең алдымен, қыздарды тәрбиелеуден бастаған жөн. Мысалы, көшеде де, университетте де қазақтың қыздары кәдімгідей жолыңды кесіп өтіп кетеді, ал тар дәлізде жолықсаң, бөксесімен қағып, тіпті қабырғаға жапсыра жаздайды. Тәрбие көрген, ибалы, иманды қыз осылай істер ме еді? Қазір біз ұлттық менталитеттің көбінен айрылып қалдық. Социализмнің бізге зиянды болған бір тұсы – ұлттық дәстүрдің быт-шытын шығарып бұзды. Оған себепкер болған – орыс халқының менмендігі, шовинизмі. Қазақ ұлын «машина айдаса да, мал бақса да, өлмейді» деп, әбден басып тастаған. Есесіне, «қонақ қой, жатқа кететін бала ғой, ертең құдалардың алдында ұялып қалмайық» деп, қыздарын оқытуға күш салған. Енді ол санадан арылатын кез жетті.
– Бір анығы, қазір қоғам да, ұлттық құндылықтар жөніндегі көзқарастар да өзгерді. Ал тарихты зерделеуде біз нені ескермей жатырмыз?
– Тарихта біз әлі социализмнің сеуіп кеткен идеологиясынан шығып болған жоқпыз. Әлі күнге шейін – еуропацентризм. Ал Ресей Еуропадан келген нәрсенің барлығын жұта береді және оны өзіне бағынышты халықтарына насихаттай береді. Содан құтылсақ қана ел боламыз.
– Алашордашыларға, Мұстафа Шоқайға қатысты көптеген мәселелер туындап, даулы пікірлер айтылып жүр. Осы орайда, өзіңіз байқаған қандай артық-кем жайттар бар?
– Алаш қайраткерлері аспаннан түскен адамдар емес. Олар – еуропалана бастаған қазақ интеллигенциясының ірі өкілдері. Бұлар – менің түсінігімде, революционер-ағартушылар, қазақ халқын жеткізгісі, өркендеткісі, өз алдына жеке мемлекет еткісі келген қайраткерлер. Бірақ оларды «барлығы да керемет данышпан еді» деуге болмайды. Қазір біраз жігіттер таңертеңнен кешке дейін кезінде алашордашылармен құшақтасып бірге жүргендей мақалалар жазады. Өтірік! Осы қазір оқулық жазып, кітап шығарып жүргендердің көпшілігі кезінде даттап, боқтап, қаралап, Алаш Орданың түгін қоймаған. Кешегі сөздерін ұмытып кетіп, енді бүгін жер-көкке сыйғызбай мақтауға қалай ұялмайды десеңші!
Шәкерімнің «Мұтылғанның өмірі» дейтін поэмасы бар ғой. Сонда ол Алашордадан неге кеттім дейді? «Ауызбірлігі, берекелері жоқ екен, сондықтан мен даладағы қораға барып жатып алдым» дейді. Демек, Алаш Орданы басынан-аяғына дейін керемет деуге болмайды. Олардың да қателіктері болған. «Қазақты ел қыламыз, жұрт қыламыз» деп талпынғандары рас. Бірақ қолдарында билік болмаған. Сол сияқты, Сәкен Сейфуллинді де, Сәбит Мұқановты да біржақты кінәлаған дұрыс емес. Себебі олар да қазаққа қастық жасайын деп социалистік идеяны жақтаған жоқ. «Қазаққа қай жол тиімді, қай жол пайдалы?» деп ойлады. Коммунистердің «Кешегі жетім-жесірлерді ел қатарына қосамыз, тіпті аспазшыларға да өкіметті басқартып қоямыз!» деген ұрандары болды. Жарайды, Сәкен – байдың тұқымы делік. Ал Сәбит – жетім, өзінің көрмеген қорлығы жоқ. Анандай идея айтылып жатқанда ол не істеуі керек? Әрине, соның жақтасы болды. Сәбит социализмге, қазақ халқына қарсы ешқашан ештеңе айтқан жоқ. Қайта «осының арқасында қазақты жеткіземін» деп істеген ісі басқалардан әлдеқайда зор, мықты. Мысалы, өзгені былай қойғанда, Сәбиттің жан жолдасы, құдасы Ғабит Мүсіреповті алшы. Ол байқап сөйлейтін, маңына адамды байқап-байқап жақындататын, амандасқанда да «осының қолын алсам ба, алмасам ба» деп тұратын мінездері болатын. Тап осындай мінез Мұхаңда да болды. Қазір Сәкен мен Сәбитті сойып жатырсыңдар, «Кеңес өкіметін орнатпаған осы екеуі болмағанда бақыттың құшағында отырар едік» деп кіжінесіңдер. Ал шындығына келгенде, «Қазаққа не керек?» дегенді ойлаған және мүмкіндігінше соны іске асырған – осы екеуі. Сәкен Совнаркомның төрағасы болып тұрғанда Ресейден бөлінетін бюджеттің 50 пайызын қазақ балаларын оқытуға жұмсады, сол үшін партиядан сөгіс естіді. Қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдырған да, қазақ тілінде іс жүргізуді бастап кеткен де – Сәкен.
– Зиялылар арасындағы осындай алауыздықтар қазір де бар. Бұл қазақтың қанына сіңген нәрсе ме, жалпы, одан арылу мүмкін бе?
– Шынымды айтсам, жердің кеңдігі қазақтың психологиясының бұзылуына жағдай жасаған ба деп ойлаймын. «Ой, бауырым!» дейтін қазақты мен өзім онша көп көрмеймін. Өкпелесем, жараспай қалсам, үйімді жығам да көшіп кетем. Жер кең, бәрі – өз атамыздың жері. Осы қазақтың қонақжай болатын себебі неде? Бір ауыл мен екінші ауылдың арасы – 50-60 шақырым. Жолға шықсақ, бірдеңе алып шығуды білмейміз. Кездескен үйге түсе кетеміз. Бауырмал сияқты болып көрінеміз, бірақ өте қызғаншақпыз. Өзімізден асып кеткенді көре алмаймыз. Мұны отаршылдар одан әрі қоздыра түсті, бір-бірімізге қарсы қойды. Бұл, тіпті өкіметтік саясат болды. Ал қазақтар болса: «Кетші, саған табынып отырам ба, ана жерде де су бар ғой» деп, қолын бір сілтеп көшіп кете беруді әдетке айналдырған. Ал өзбектер тату, өйткені басқа барар жері жоқ, көнсе де, көнбесе де – сол. Азғантай аумақта бір-бірін «әке-үке» деп отыруға мәжбүр.
Маған кейде қазақтың ұлттық намысы әлі жетілмегендей болып та көрінеді. Осы қазақ үшін өзін отқа да, суға да салған адамды көргендерің бар ма? Ондайлар өте сирек. Басқасын айтпағанда, тіл мәселесін алайықшы. Намысымыздың жоқтығынан да әлі осы мәселені шеше алмай отырмыз. Ұлттық намыс болмаған жерде ұлттың өз мақсатына жетуі де қиын.
– Ал бүгінгі әдебиет қоғамдағы осындай жағымсыз жайттарды, өзекті мәселелерді қаншалықты ұтымды бере алып отыр?
– Қазір біздің кейіпкеріміз айқын емес. Баяғыда жағымды кейіпкер деген болатын. Бүгін ұры-қарыны айтасың ба, жемқорды айтасың ба, кімді айтасың? Қазір бәрі – сол. Өйткені ақша жүрген жерде тазалық жүрмейді. Маркс пен Энгельс капитализмге ақымақтығынан қарсы болған жоқ. Социализм адамзаттың 90 пайызына, ал капитализм 10 пайызына қызмет етеді. Оны көріп жүрміз.
– Сонда жағымды кейіпкер болмағандықтан да әдеби процесс ілгерілемей жатыр ма?
– Иә. Таңертеңнен кешке дейін өтірік мақтау немесе зар жылау кімді ілгері бастырады? Жас ақындар шетінен жылауық. Негізі, Ленин данышпан адам болған. Ол: «Әдебиет өзінің оқырманынан бір адым болса да алда жүруі керек» деген. Қазір біздің оқырмандарымыз мейлі саясат, мейлі білім жөнінен болсын, жазушылардың алдына түсіп кетті. Мұның барлығы, әрине, мәдениетіміздің өскенінің белгісі. Сонымен бірге, Мұхтарлардың, Сәбиттердің, Ғабиттердің жоқтығын бүгін айқын сезінудеміз. Мәселен, бүгінгі жұрт кімді оқыды, кімді тұтқа ғып ұстап отыр? Рас, әркімді жалдап әкеліп, өзін зорлықпен аудартып жатқандар бар. Орысша насихатталған адамды қазақтың «Е, мынау данышпан екен» деп қабылдайтыны да белгілі. Бірақ бүгінгі жағдайда әдебиетімізге тұтқа болатын адам қажет. Баяғыда «Ботагөз» шыққанда қазақтың қыздарының бәрі Ботагөз болып кеткен жоқ па еді? Ал енді соңғы 20 жылдың ішінде елдің аузында жүрген қандай кейіпкер бар? Тіпті, ең болмағанда, жүрегің айнитындай бір жағымсыз кейіпкер болуы керек қой. Өкінішке қарай, ол да жоқ. Сөйтіп, өтірік мақтанмен, кеудемізді соғып, әлі келе жатырмыз. Қанша уақыт жүретінімізді Құдай білсін…
Осындай жайттарды ойлай келе, талай мәрте қазақтан кеткім келді. «Нағашым қырғыз ғой» деп, қырғыз болғым келді, бірақ олар бізден де жаман екен. Мені ешкім қабылдамады. Амал жоқ, кері қайттым. Анау армяндарды, грузиндерді көрген уақытта өзіңді-өзің салыстырасың, сөйтіп, қаның қайнайды.
– Ал сол армяндар, грузиндер сияқты етіп, ұлтты тәрбиелеуге бола ма?
– Болады. Ол үшін ұлттық намысты оята білу керек. Біз өзгеге келгенде жайылып кетеміз, өзімізге келгенде тарылып қаламыз. Ол – болмайтын нәрсе. Алдымен өзіңді жарылқап ал, одан кейін өзгеге көмектес. Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше.
Әңгімеңізге рақмет!
Автор: Роза РАҚЫМҚЫЗЫ
Baq.kz тегі тақырыбы:Сөз бен қазақтың кіндігі бір
Baq.kz
1 пікір
Ğaliy Baysimaq
Ras aytadi kezinde soviet zamaninda da osinday jağdaylar orun alğan ôkinişke oray. Jane de búgingi tangda da qaytalanu ústinde. Kôzi tirisinde madaqtaydi al ôlgen song tipti ôzgeşe pikirlep qoğam arasinda qaulap şiğadi. Bul barip turğan essizdikpen teng dese de boladi. Ôytkenşe kôzi tirisinde şinayi bağasi berilgen durus emes pe?! Qalay bolğanda da baribir uaqit tôreşi ğoy. Asirese madeniyet ôkilderinen bôlek sayasy ôkilderge de qatisti. El biylegen talay basşilar o dúniyelik bolğanda artinan nebir sumdiq sôzder aytilip jatatinin barşamiz bilemiz estip júrmiz.