|  |  |  | 

Жаһан жаңалықтары Көз қарас Сұхбаттар

“Қырымды жаз аяғына дейін азат етуге болады”. АҚШ-тың экс-генералы Бен Ходжесбен сұхбат


Украина сарбазы минометтан атқылап жатыр. Бахмут, 15 ақпан, 2023 жыл.

Украина сарбазы минометтан атқылап жатыр. Бахмут, 15 ақпан, 2023 жыл.

АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес “Настоящее время” телеарнасына берген сұхбатында Путиннің ядролық қару қолданбайтынын, Батыс бұл қатерді әсірелеп жібергенін айтты. Оның сөзінше, Украина Қырымды жаздың аяғына дейін азат етуі ықтимал, ал Ақ үй Украина күштерінің Қырымдағы Ресей объектілерін атқылауына “енді қарсы емес екенін” білдіріп отыр.

“Настоящее время”: Генерал Ходжес, The Washington Post газетінде жарық көрген мақалаға қарағанда, АҚШ Украинаға “соғыста екінші шешуші сәт басталып жатыр” деп ескерткен. Сіз бұл көзқарасқа келісесіз бе?

 

АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес.

АҚШ-тың Еуропадағы әскерін басқарған генерал Бен Ходжес.

Бен Ходжес: Сіз ЦРУ директоры Бернс мырзаның сөзін айтып отырған боларсыз. Алдағы алты айдың соғыс үшін аса маңызды болатыны жайлы. Мен бұған келісемін.

Бірақ мен Украинаның ұтымдырақ жағдайда екенін ескерткім келеді. Ресейде дайындығы нашар, басқаруға келіңкіремейтін жаяу әскерді отқа айдаудан басқа амал жоқ. Оларда жағдайды өзгертетіндей жаңа мүмкіндіктер барын көріп тұрғаным жоқ.

Ал Украинаға келсек… Әрине, оның да сарбаздары шаршады, бүкіл ел шаршады. Айлар бойы соққының астында отыр. Бірақ Украинаны қолдайтын 50 ел бар. Меніңше, Батыс Украинаға уәде еткен көмегін одан әрі береді. Оған қосымша алысты дәлдейтін жүйелер берсе, Қырым жаздың аяғына дейін азат етілуі ықтимал.

“Настоящее время”: Батыс берген, берейін деп отырған қару Киев үшін жеткілікті ме?

Бен Ходжес: Әрине, бұл жетпейді. Біз кейінгі 20 жылдағы қателіктің зардабын тартып отырмыз. Қорғанысқа қажет қару мен оқ-дәрінің тиісті қорын қамтамасыз ете алмадық. Енді сол қорды толтырмайынша, Пентагон қатерді таразылап отыруға мәжбүр. Оған Қытаймен арадағы қиындықтарымызды қосыңыз.

Сөйте тұра, біз Ресейдің ядролық қаруды қолдану ықтималдығын әсірелеп жібердік. Осы себепті қару берудегі шешімдерді біртіндеп қабылдадық. Оның орнына Украинаға бірден “Сендерге керегі мінеки. Жақында тағы береміз” деп айту қажет еді.

Қазір Ақ үй Ресейдің ядролық қаруды қолданбайтынына сенімдірек. Мен де соған сенімдімін. Ақ үй енді Украина әскерінің Қырымдағы Ресей объектілеріне соққы жасағанына да қарсы емес.

“Настоящее время”: Ресей ядролық қаруды қолданбайтынына сенімдісіз. Не себепті бұлай дейсіз?

Бен Ходжес: Бұл бәрін алаңдататын негізгі сұрақ болса керек. Ядролық қарудың екі түрі бар екенін еске салайын. Біріншісі – стратегиялық. “Доктор Стренджлав” фильмін көрген болсаңыз, онда құрлықаралық ракеталар бар, АҚШ сонымен соққы беруі керек болады. Қарудың мұндай түрі Ресейде бар және ол үлкен көлемде. Оны аз адамнан тұратын топ қадағалайды. Оны қолдануы екіталай. АҚШ-қа ядролық соққы жасаса, тура сол соққыға өзі ұшырайды. Бұдан ешқандай пайда жоқ. Мұндай жағдай бола қоймайды.

АҚШ-тың ATACMS жүйесі. 300 шақырымға дейін ұшады. Киев АҚШ-тан осы қаруды сұрап отыр.

АҚШ-тың ATACMS жүйесі. 300 шақырымға дейін ұшады. Киев АҚШ-тан осы қаруды сұрап отыр.

Ядролық қарудың екінші түрі – тактикалық. Оның жарылыс ауқымы Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан едәуір аз. Оны қолдану үшін көп адамнан тұратын тізбек керек. Қоймадан оқтұмсықты шығарасыз, оны ұшаққа не өзге де жүйелерге орнатасыз. Яғни тізбекте өте көп адам бар, соның бірі “Жоқ, біз бұған бармаймыз” деп айтуы мүмкін. Сондай-ақ оған көп уақыт кетеді. Ал біз олардың мұндай жоспары барын біліп қоямыз.

“Настоящее время”: Бірақ бір жыл бұрын басқыншылық соғыстың қисынын келтіру қиын еді ғой? Оның үстіне, Владимир Путиннің шешім қабылдарда қандайда да бір логикаға сүйенер-сүйенбесін де анық білмейміз.

Бен Ходжес: Әрине, бір жыл бұрын олар қатты қателесті. Киевке қырғиқабақ соғысы кезінде Будапешт пен Прагаға кіргендей кіреміз деп ойлады. Өз мүмкіндігін әсіре бағалап қойды, Украинаның әлеуетін дұрыс болжамады. Олар сондай-ақ Батыс [Ресейді] жауапқа тартуға одан әрі де құлықсыз болады деп ойлады.

Қазір Кремль қателескенін түсініп-ақ отыр. Бірақ жауапкершіліктің бір жүгі біздің де мойнымызда. Өйткені Грузияға басып кіргенде, біз Ресейді жауапқа тартпадық.

Ядролық қару туралы тағы бір нәрсені айтқым келеді. Президент Байден Ресей ядролық қару қолданса, салдары ауыр болады деп ескертті. Меніңше, Мәскеу оған сенді. Қытай да бұл қадамға бармауға үндеді. Соғыс алаңында ядролық қару ешқандай артықшылық бермейді. Сол себепті мен ол осы қаруды қолданатынына сенбеймін. Путин зұлым. Бірақ ол ақыл-есінен адаспаған. Өзіне қол жұмсамайды. Пандемия кезінде үстелде кеңесшілерінен 10 метр қашықта отырғанын еске түсіріңіз. Өмір сүргісі келмейтін адамға ұқсамайды.

“Настоящее время”: The Washington Post газетіндегі мақалаға оралсақ. Онда “Украинаға берілген қару – соғыс бағытын өзгертуге жақсы мүмкіндік” деп айтылған. Мұны көмек ерте ме, кеш пе тоқтайды деп ұғуға бола ма?

Бен Ходжес: Мұның бәрі АҚШ конгресінің қолдауына байланысты. Өйткені мұндай қаражатты бөлуді конгресс қана мақұлдай алады. Қуанышқа орай, республикашылдар да, демократтар да мұны қолдап отыр. Иә, “бізге мұның қажеті не?” деп айқайлап отырған он шақты адам бар. Бірақ бұл – шағын топ қана. Ал конгресте 435 адам бар. Бірақ мен конгресмендердің едәуір бөлігі әскери көмекті қолдайтынын көріп отырмын. Егер АҚШ осы бағытынан таймаса, “Рамштайн” тобына кіретін қалған 50 мемлекет одан әрі көмек бере береді.

Бірақ, жалпы алғанда, Украинаға қажеттің бәрін бере алсақ, соғыс биыл-ақ аяқталуы мүмкін.

“Настоящее время”: Жойғыш ұшақтардың артықшылығы туралы айтып тұрсыз ба? Киев қазір [осы ұшақтарды] сұрап отыр.

Бен Ходжес: Жоқ, мәселе ұшақтарда ғана емес. Менің айтып отырғаным – дәлдігі жоғары алысқа ұшатын қару. Ұшақ – соның бір бөлігі ғана. Алыстағы нысанды дәлдей алу, қоймалар мен көлік инфрақұрылымдарын, штабтарды жою мүмкіндігіне назар аударыңыз. Осы үшеуін нысанаға ала алсаңыз, Ресейдің жаяу әскерінде қанша адам бары маңызды болмай қалады. Бұл сондай-ақ Қырымды Ресей әскері үшін өте қауіпті етеді.

“Настоящее время”: Киев сұрап отырған қару [Батыс елдерінде] бар ма?

Бен Ходжес: F16 ұшағын, Grey Eagle секілді дрондарды айтып отырсаңыз, иә. Диаметрі аз, жерден ұшырылатын, бірақ 150 шақырымға ұшатын қару жақын арада жетіп қалады. 300 шақырымға ұшатын ATACMS баллистикалық ракеталары бар. Міне, осы қару қазір жетпей тұр. Оны HIMARS секілді жүйелерден ұшыруға болады. Бірақ соған балама басқа жүйелерді қарастыруға болады. Сол себепті қарудың түріне емес, мүмкіндіктеріне назар аударған жөн.

“Настоящее время”: Қырымды қайтармай, бұл соғыс аяқталмайды дейсіз. Мұндай жағдайда қарымта шабуыл тұрғысынан Украинаның стратегиясы қандай болуы керек?

Бен Ходжес: Қырымның соғысты аяқтауда шешуші рөл атқаратынына сенімдімін. Украина Донбассты, Донецкіні, Луганскіні, бәрін қайтарып алып, бірақ Қырымда Ресей тұрса, келіссөз нәтижесінде Ресей үш-төрт жыл күтіп, Батыстың Украинаға деген қызығушылығы әлсірейді деп үміттенуі мүмкін. Осы арада олар әскерін қайта жасақтап, Қырымды Украинаға жаңа шабуылмен кіруге алаң ретінде пайдалануы ықтимал. Олардың онда логистикасы, ракеталары, ұшақтары мен дрондары бар. Бұл тұрғыдан алғанда, Украинаға қауіп төніп тұра береді, Қара теңіз жағалауы қауіпті болады.

Экономикалық жағы да бар. Ресей Қырымды бақылауында ұстаса, Украинаға экономикасын қалыпқа келтіру қиынға соғады. Өйткені Ресей Азов теңізіне кірер жолды бөгеп тұрады. Ал бұл дегеніңіз Бердянск пен Мариупольдің қираған күйі қала беретінін білдіреді. Ал Одесса Севастопольден 300 шақырым жерде. Ресей ол жердегі сауданы да бақылай алады. Қазір ондағы портта астық жүктелген 100 кеме Ресей инспекторының мақұлдауын күтіп, теңізге шыға алмай отыр.

Осы себепті Қырымды қайтару керек болады. Оған қалай қол жеткізеді? Картаға қарасаңыз, Ресейді Қырыммен екі жол қосып тұр. Бірі – Керчен көпірі. Оған украиндер бір рет соққы жасаған, алда тағы оралады деп ойлаймын. Екіншісі – Ростов, Таганрог, Мариуполь және Мелитополь арқылы Қырымға шығатын жол. Осы екеуін үзіп тастаса, Қырым тұзаққа айналады. Ал одан кейін қаруды тақап қойып, Севастополь, Саки және Жанқойдағы Ресей базаларын атқылай беруге болады. Ресей ол базаларды пайдалана алмай қалады. Осылай істеу керек. Бірақ Украинаға алысты дәлдейтін қару бермесе, бұл жоспарым жүзеге аспайды.

“Настоящее время” сайтындағы сұхбаттың ықшамдалған нұсқасы.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Джо Байден Ақ үйден кетер алдындағы сөзінде сыртқы саясат жайлы айтты

    Джо Байден Ақ үйден кетер алдындағы сөзінде сыртқы саясат жайлы айтты

    АҚШ президенті Джо Байден Мемлекеттік департаментте сөйлеп тұр. Вашингтон, 13 қаңтар, 2025 жыл. АҚШ президенті Джо Байден Ақ үйдегі қызмет мерзімі аяқталар алдындағы соңғы сөзінде сыртқы саясат жайына тоқталып, Ресей президенті Владимир Путинді мысқылдады. “Путин Украинаға басып кіргенде Киевті бірнеше күнде аламын деп ойлады. Ал іс жүзінде соғыс басталғаннан кейін Киевтің орталығында ол емес, мен тұрдым. Ол жерде Путин болған жоқ”, – деді АҚШ мемлекеттік департаментінде сөйлеген Джо Байден. Мен америкалық әскердің бақылауынан тыс жердегі соғыс аймағына сапармен барған жалғыз Жоғарғы бас қолбасшымын”, – деп сөзіне қосты АҚШ президенті. Байден сөзінде Украинаға көбірек назар бұрды. Айтуынша, ол ресейлік басқыншылықтан қорғанған Украинаға халықаралық қолдау ұйымдастыруды және ядролық жанжалға жол бермеуді өзіне

  • Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка.

    “Сұхбатты” енді ғана оқып шықтым. Әзірге, сипаты туралы аз сөз: Әлбетте, бұл – журналистика стандарттарына сай, шынайы, нағыз сұхбат емес. Конституциялық құқығы тең, екі саналы азаматтың өзара пікірлескен, еменжарқын әңгімесі емес. Бұл – советтік һәм назарбаевтық кезеңнен қалған, журналистиканы жағымпаз қолбала, шауыпкел құрал деңгейіне түсірген шенеуніктік штамповка. Пәленбай адам түзеп-күзеген, ананы да, мынаны қамтуға тырысқан, аяғында жаны жоқ мәтіндер жиынтығы туған. Тоқаев айналасындағыларға: “осыншалық жасанды кейіппен халық алдында көрінуім ұят болады, қойыңдар, айналайындар, қателессем де өз болмысыммен шығам” деуге түсінігі жетпегені өкінішті. Былтыр “Егеменде” “сұхбаттасқан” Дихан Қамзабек те, биыл “Ана тілінде” “әңгімелескен” Ерлан Жүніс те, кешіріңіздер, ешқандай да интервьюер емес. Иә, біреуі терең ғалым, екіншісі тамаша ақын, бірақ, өмірінде бір

  • Украина Курск облысында қайта шабуылға шықты. Не болып жатыр?

    Украина Курск облысында қайта шабуылға шықты. Не болып жатыр?

    Руслан МЕДЕЛБЕК Курск облысында “кетіп бара жатқан” Украина колоннасы. 5 қаңтар 2025 жыл.  Украина әскері 5 қаңтарда Ресейдің Курск облысында жаңа шабуылға шықты. Бұл туралы Украина шенеуніктері мен Ресейдің z-блогерлері жазып жатыр. Қазір Курск облысындағы ахуал қандай? Украина неге Курск облысында қайта шабуылға шықты?  КУРСК ОБЛЫСЫНДА ҚАЗІРГІ АХУАЛ Украина кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 6 қаңтарда “Курск облысынан жақсы жаңалық, Ресей сазайын тартып жатыр” деп жазды. Ал Украина ұлттық қауіпсіздік қызметінің жалған ақпаратпен күрес орталығының жетекшісі Андрей Коваленко Курск облысында бірнеше бағытта шабуыл жүріп жатқанын айтты. Z-каналдардың жазуынша, қазір шайқас Пушкарное, Леонидово және Тёткино ауылында жүріп жатыр. Бұл ауылдар Украинаның бақылауындағы Суджа қаласына жақын орналасқан. Кремльшіл блогерлер Курск облысында кетіп бара

  • Жұрттың баласы мен оның ақшасы. Тұрақтылық пен тұрақсыздық құны туралы бірер сөз

    Жұрттың баласы мен оның ақшасы. Тұрақтылық пен тұрақсыздық құны туралы бірер сөз

    Тура біз сияқты мұнай сататын Әзірбайжан 2015 жылдан бері бір АҚШ доллары 1,7 манатқа тең бағамды ұстап келеді. Және The Economist Group болжауынша осы паритет 2029 жылға дейін тұрақты сақталуы тиіс. Яғни манаттың долларға шаққандағы бағамы 14 жыл бойы өзгермейді. Экономика мен экспорт құрылымы бізге ұқсас Әзірбайжан қалайша ұлттық валюта тұрақтылығын қамтамасыз етті? Және осы тұрақтылықтың бағасы қандай? Теңге неге манат сияқты болмады? Және неге бола алмайды? Неге біздің теңге кез-келген әлемдегі жағдайға тым сезімтал? Осыған асықпай жауап іздесек, көп процесс сізге түсінікті бола бастайды. Ашық мойындау керек, өз валютамызға қиянат көрсеткен кездеріміз аз болмады. Сондықтан барлығын әлемдік нарықтар мен сыртқы құбылыстарға ғана байланыстырып оқырманды алдағым келмейді. Теңге тамырына жеке

  • “Сириядан айырылу Ресейге ауыр соққы болды”. Асад режимінің құлауының салдары қандай?

    “Сириядан айырылу Ресейге ауыр соққы болды”. Асад режимінің құлауының салдары қандай?

    Майкл СКОЛЛОН Фруд БЕЖАН Исламшылдар басқарған көтерілісшілер 8 желтоқсанда Дамаскіні басып алғанын мәлімдеді. Президент Башар Асадтың қашып кеткені белігі болды. Жарты ғасыр билік құрған Баас партиясының дәурені аяқталды. Владимир Путин Ресейді қайтадан әлемдік державаға айналдыруға осыдан ширек ғасыр бұрын, постсоветтік мемлекетте билік басына келген соң кіріскен. 15 жылдан кейін Мәскеу Сириядағы азамат соғысына араласатынын мәлімдеді. Осылайша Ресей әлемдік деңгейде өзгелер онымен санасуға тиіс күш екенін көрсетпек болды. Мәскеу осынау имиджін өзін Батысқа балама күш ретінде көрсетіп, Таяу Шығысқа және одан тысқары аймақтарға ықпалын кеңейту үшін қолданды. 2024 жылғы 8 желтоқсанда осы кезге дейін Мәскеудің Таяу Шығыстағы негізгі одақтасы болып келген Башар Асадтың режимінің құлауы ұлы держава болуды көксеген Ресейге ауыр

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: