|  |  | 

Жаңалықтар Саясат

Ескі державаға ескерткіш. Ресей соғыстың салдарынан Байқоңырдан кетуі мүмкін


Байқоңыр ғарыш айлағы.

Байқоңыр ғарыш айлағы.

Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағы Ресей космонавтикасының ажырамас бөлігіне айналып кетті. 90-жылдардан бері Байқоңыр Ресейден алшақтай бастады. Қазақстанмен келісімшарт 2050 жылға дейін жалғасқанымен, Байқоңырда біртіндеп Ресейдің белсенділігі азайып келеді. Зымыран ұшыру кешендері аз қолданылып, алда не болады деген сұрақ күшейді. 2023 жылы ғарыш айлағын бірлесіп пайдалану мәселесі тағы да ушықты: Қазақстан Ресей мүлкін бұғаттап, 2 миллиард рубль сұрады. Ал Ресей тарабы 220 миллион долларлық қарсы талап қойып отыр. 

Ресей мен Қазақстан арасындағы 1994 жылғы келісімшарт бойынша, Байқоңыр ғарыш айлағы бар құрылғысымен бірге Қазақстанның иелігінде қалды, ал Ресей ғарыш қызметіне қажет аумақ пен инфрақұрылымды жылына 115 миллион доллар төлеп жалға алатын болды.

Ресей Байқоңырды ұлттық бағдарламаларын жүзеге асыруға, әскери мақсаттағы ғарыш сапарларына және халықаралық жобаларға пайдаланады, яғни “Мир” және Халықаралық ғарыш станциясының басқаруымен басқа мемлекеттердің ғылыми аппараттарын ұшырады. Байқоңыр “Роскосмостың” коммерциялық қызметінде де маңызды рөл атқарады. Ресей шетелдік жер серіктерін тасымалдаушы “Протон” зымырандарын ұшырғаны үшін кейінгі 25 жылда 10 миллиард доллар табыс тапқан.

2000-жылдары Байқоңырдан “Союз”, “Протон”, “Зенит”, “Днепр”, “Циклон” зымырандары ұшырылды. Ғарыш айлағында олардың әрқайсысының ұшыру кешені бар еді. Бұған көп жұмыс күші мен қыруар қаржы кететін. Осының бәрі Ресей мен Қазақстанның әріптестікті жалғастыруға қызыға түсуіне әсер етті.

Бірақ Қазақстанға Ресейдің ғарыш айлағынан қыруар табыс тауып, жыл сайын келісімшартта белгіленген соманы ғана төлейтіні ұнаған жоқ. Оның үстіне, “Роскосмостың” негізгі асыраушысы “Протон” болды. Ол улы отын есебінен ұшады. Бұдан Қазақстанның қоршаған ортасына зиян келеді. Қос мемлекет арасында осы мәселе бірнеше рет ушығып, зымыран ұшыру уақытша тоқтаған кездер де болды.

Байқоңырдан "Протон" ұшыру. 2021 жылғы шілде.

Байқоңырдан “Протон” ұшыру. 2021 жылғы шілде.

Байқоңырды пайдалану мүмкіндігін сақтап, қос мемлекет қарым-қатынасындағы шиеленісті шешу үшін Ресей мен Қазақстан “Бәйтерек” бірлескен жобасын қолға алды. Жобаға сәйкес, Байқоңыр ғарыш айлағының бір бөлігі қайта салынып, оны қос мемлекет экологияға қауіпсіз зымырандар ұшыру үшін коммерциялық мақсатта бірлесіп пайдалануы керек еді. Жоба “Бәйтерек” деп аталды, қағаз жүзінде оны жүзеге асыру 2004 жылы басталды. Ресей ғарыш айлағына әлі қолданысқа енбеген “Ангара” зымыранына арналған ұшыру кешенін салуды ұсынды. Бірақ кейін әуелдегі оптимистік жоспарларды қайта қарауға тура келді. Өйткені жаңа ұшыру кешеніне көп қаржы керек болды, ал зымыран өндірушілер асықпады. Сондықтан 2020 жылы “Ангараны” орта санаттағы зымыранға ауыстыру туралы шешім қабылданды, 2021 жылы оның орнына ресейлік “Союз-5″ зымыраны қолданылатыны айтылды.

“Союз-5″ зымыраны – бөлшектері шетелден келетін “Зениттің” түгелдей Ресейде құрастырылатын нұсқасы. “Зенит” зымыраны СССР кезінде Ресей мен Украинада өндірілетін бөлшектерден құрастырылатын. Бұл зымыран 1990-2000 жылдары ұшырылды. Ресей Қырымды аннексиялағаннан кейін “Зенит” өндіру тоқтады. Бірақ Байқоңыр мен АҚШ-тың “Теңіз стартындағы” ұшыру кешені қалды. “Теңіз старты” мобильді ғарыш кешені Калифорнияда болғанымен, ол кезде ресейлік “Энергия” зымыран-ғарыш кәсіпорнына тиесілі болды. “Роскосмостың” қатысуымен “Теңіз стартын” ресейлік S7 Space жекеменшік компаниясы сатып алды. Компания Ресей мемлекеттік корпорациясына коммерциялық мақсатқа 80 зымыран өндіруге тапсырыс бермек болды. “Роскосмос” “Союз-5″ ракетасын біріктірсе, “өте ауыр санаттағы зымыран тасымалдаушы құрылғы” жасауға жарайды деп шешті. “Союз-5″ – орта санаттағы зымыран, бірақ бесеуін біріктірсе, “аса ауыр салмақтағы зымырандарды таситын құрылғы” шығады.

"Теңіз старты" мобильді ғарыш кешені.

“Теңіз старты” мобильді ғарыш кешені.

Дәл сол кезде Қазақстанға да “Бәйтерек” жобасы бойынша “Ангараның” орнына “Союз-5″ ұсынылды. Байқоңырды “Союз-5″ ұшыруға дайындау үшін “Зенит” ұшыру кешендерін модернизациядан өткізу керек. Бұған “Ангара” ұшыру кешенін салуға жұмсалатын ақшадан аз қаржы кетеді.

“Бәйтерек” жобасын “Ангарадан” “Союз-5″ зымыранына көшіру жобаға екінші тыныс сыйлағандай болды. “Зенит” зымырандарын ұшыруға арналған инфрақұрылымның бәрі “Бәйтерекке” өтті. Бірақ Қазақстан келісімшартта көрсетілген ескі кешенді модернизациялауға кететін 220 миллион долларды бөлуге асықпады. Бұған екі себеп болды: “Союз-5″ өндірісінің кешеуілдеуі және АҚШ-тың Ресей зымырандарына санкция салуы. 2015 жылы АҚШ ресейлік зымыран-ғарыш компанияларының өнімдеріне санкция салды. Бірақ бұл санкциялар 2023 жылы ғана күшіне енді. Сәйкесінше, “Бәйтерек” құрылған кездегі идеялар немесе, құжат тілімен айтқанда, “техникалық-экономикалық негіздеме” жарамсыз болып қалды.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейдің сыртқы экономикалық жағдайы нашарлады. “Бәйтерек” бірлескен кәсіпорнының Ресей жағынан иегері “Хруничев орталығы” мен “Союз-5″ зымыранын өндіруші “Прогресс” зымыран-ғарыш орталығы санкцияға ілікті. Ресей зымырандарына тапсырыс беріп келген компаниялар “Роскосмостан” сырт айналып кетті. Мұндай жағдайда “Бәйтеректің” болашағы қиындады, сондықтан Қазақстанның тиімсіз активке ақша салғысы келмеуін түсінуге болады. Жобаның қазіргі жағдайы түсініксіз, себебі Қазақстан жаңа техникалық-экономикалық негіздеме күтіп отыр. Елдің бұл жобаға ары қарай қатысуы осы құжатқа байланысты болмақ.

“Союз-5-ті” өндірушілер қиын жағдайда қалды, енді олар құрастырған зымыранын қайдан ұшырарын білмейді. “Теңіз старты” мобильді ғарыш айлағы Ресейге жеткізілгенімен, оған да модернизация керек. Бұл “Бәйтерек” жобасынан да қымбатқа түскелі тұр. “Аса ауыр салмақтағы зымырандарды таситын құрылғыны” өндіру белгісіз мерзімге кейінге қалды.

Ұшыру кешеніне коммерциялық және мемлекеттік сұраныс болмаса, зымыран құрастыруға негіз жоқ. Содан болар, “Роскосмос” “Амур-СПГ” зымыранын өндіруді жандандырды. Былтыр “Роскосмостың” сол кездегі басшысы бұл зымыранды құрастыруда асықпаймыз деген. “Амур-СПГ” құрылымы жағынан “Союз-5-ке” ұқсайды. “Прогресс” орталығының бұл зымыранды өндіруге қуаты жетеді. Оған басқа отын қолданылады және зымыран Восточный ғарыш айлағынан ұшырылады.

Басқа зымыран жобалары да Қырымның құрбанына айналды. “Циклон” және “Днепр” зымырандары Украинада өндіріліп, 2000-жылдары Байқоңырдан ұшырылған. Бірақ 2014 жылдан кейін ұшпайтын болды. Қырым аннексиясына дейін бұл зымырандар Ресейдің Плесецк және Ясный ғарыш айлақтарынан ұшырылатын.

Қазір Байқоңырда Ресейдің “Союз-2″ және “Протон” зымырандарын ұшыратын екі зымыран ұшыру кешені ғана қалды. 2010-жылдары “Союз-2″ зымырандары №1 және № 31 алаңдардан ұшатын. “Бірінші алаң” “Гагарин старты” деп те аталады. СССР кезінде Юрий Гагарин мінген ғарыш кемесі мен “Спутник-1″ жер серігі осы жерден ғарышқа аттанған. 2019 жылы бұл алаңның жұмысы тоқтады. Бұған да Қырымды аннексиялау әсер етті. Зымыранның осыған дейінгі моделі – “Союз-ФГ” құрылысына Украинада өндірілген бөлшектер қолданылған. Олар таусылғанда “Роскосмос” “Союз-2″ жаңа сериясына көшті. “Гагарин старты” жаңа сериядағы зымырандарды ұшыруға жарамайды. Бұл алаң Біріккен Араб Әмірліктерінің көмегімен модернизациядан өтуі керек еді, бірақ 2022 жылы бұл әріптестік де тоқтады.

Ресей мен Қазақстан арасындағы келісімшарт бойынша, зымыран отынының зияндығына байланысты “Протондар” Байқоңырдан 2025 жылға дейін ғана ұшырылады. “Протон” өндірісі тоқтаған, болашақта ғарышқа ауыр жүк тасымалдау міндеті Восточный ғарыш айлағынан ұшатын “Ангараға” жүктеледі.

Восточный ғарыш кешені.

Восточный ғарыш кешені.

“Бәйтерек” жобасы жүзеге аспаса, 2025 жылы Байқоңырда “Союз-2″ зымыранына арналған бір ғана ұшыру кешені қалады. Ресей “Союз-2″ зымыранын Плесецк және Восточный ғарыш айлақтарынан да ұшыра алады. Байқоңырдағы “31-алаңның” бір артықшылығы – халықаралық ғарыш станциясына зымыран ұшыру мүмкіндігі. Ресей мен АҚШ арасындағы қазіргі келісімге сәйкес, “Роскосмос” 2028 жылға дейін халықаралық ғарыш станциясына қатысушы бола алады. Бірақ 2022 жылы жазда “2024 жылдан кейін әріптестік тоқтауы мүмкін” деген хабар тараған.

Ресей ғарышқа адам ұшыруды жалғастырып, 2028 жылдан кейін өз орбита станциясын пайдаланғысы келеді. Бірақ әзірге бұл станция дайын емес. Бұл жоспардың бәрі Ресей экономикасының болашағы мен мемлекеттің қай салаға басымдық беретініне байланысты. Бағдарламаны жүзеге асыруға жағдайы жетсе, Ресей Восточный ғарыш айлағын “Союз” зымырандарына сай модернизациядан өткізіп, соны пайдалана алады.

2028 жылы Ресей Байқоңырдан біржола кетуі мүмкін. Бұл кезде адамзатқа басқа ғаламшарларға жол ашқан “Ғарыш қақпасы” алаңы, яғни Байқоңыр темір-терсекке айналып, өткен дәуір мен ескі державаның ескерткіші болып қалады.

Ресей мен АҚШ-тың халықаралық ғарыш станциясындағы әріптестігі жалғасып, Украинамен бейбіт келісімге қол қойылып, Батыс санкцияларының күші жойылса, “Роскосмостың” қазақстандық ғарыш айлағындағы ғұмыры ұзарып, болашағы өзгеруі де мүмкін.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Виталий Егоровтың мақаласы қазақшаға аударылды.

Related Articles

  • Президенттің Бенилюкс гамбиті немен аяқталады?

    Президенттің Бенилюкс гамбиті немен аяқталады?

    Еуропа жүрегінде ашылған гештальт. Президенттің Бенилюкс гамбиті немен аяқталады? Елімізде Алматы халқы жаңа такси ашып, ал Шымкент халқы өзбек көршісімен бірге кешкі матчты тамашалайын деп отырғанда қазақ үмітін арқалаған Airbus моторын дүрілдетіп, Брюссельге ұшып кеткен болатын. Президент Тоқаев геосаяси қақтығыстар, сауда соғыстары, санкциялық қысым мен логистикалық тәуекелдер күшейіп жатқан бұл заманда Қазақстанның инвестиция үшін ең тыныш айлақ екенін тағы бір еске салу үшін бара жатқаны анық. Тура осы сапар алдында Fitch Қазақстанның ВВВ рейтингін растап, мықты аргументті қалтамызға салып жіберді. Брюссель Еуропа капиталының сөресі екенін білеміз. Сол сөреде жатқан миллиард еуро инвестицияға біз қол салғанда, бастысы ешкім “тәйт” демеуі керек. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен

  • Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Қазақ этногенезінің дағдарысы һам жаңа концепция

    Арма ағайын! Шағын сараптама Бірінші, қазақ этногенезінің дағдарысы келе жатыр. Дағдарысқа қарсы қазақ этногенезінің жаңа концепциясының жасалмауы алаңдатады. Біз қазір 18 ғасырлардағы қазақ хан-сұлтандары қабылдаған этногенездік концепциясымен әлі өмір сүріп келе жатырмыз. Одан кейінгі үш ғасырда колонизациялық кіріптарлық этногенездік жаңа концепцияны қабылдауға һәм трансформациялауға мұрсат бермеді. Қолданыстағы қазақ шежіресін ашып қараңыз, рулар шежіресінің концепциясы 18 ғасырларда қабылданған мизамға сәйкес келеді. Тіпті шежіредегі аталық рулар сол ғасырдағы қандайда бір тарихи тұлғадан (батырдан) бастау алады немесе шежіредегі аты аталатын рулар 18- ғасырға барып тоқтайды, ары қарай үзік-үзік. Бұл 18- ғасырдағы жаугершілік заманның талабына сай сұрыпталған қазақ этногенезінің көрінісі еді. Яғни қазақ шежіресінің концепциясы қазақ этногенезінің моделін қалыптады. Екінші, саяси және мәдени шешімдердің

  • Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған арғы беттің көрнекі тұлғалары мен зиялы қауым өкілдері

    Арма әлеумет! 31 мамыр саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған байланысты іргелес елдерде соның ішінде Шығыс Түркістан өңірінде өмір сүріп жатқан Шыңжаң қазақтарының саяси, әлеуметтік һәм мәдени тарихын танып біліп жүргеніміз артық болмас. Алдымен суреттерге түсініктеме: Бірінші сурет: Шыңжаң өлкесінде 1934-44 жылдары өлке губернаторы болған Шэн Шицайдың (盛世才) бейнесі. Екінші сурет: Тайвань Тайпэйдегі Шэн Шицайдың мазары. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барғандағы естелік. Ол туралы естелікті кейін оқисыздар. Үшінші сурет: Шыңжаң өлкесі Құмыл аймағының аймақ губернаторы болған Жолбарыс Бег-тің мазары. Тайвань Тайпэй қаласындағы мұсылмандар зиратында жерленген. 2024 жылы арнайы іздеп тауып басына барып қайттым. Төртінші сурет: 1944 жылы ұлт-азаттық көтерілісшілері Құлжа қаласын азат қылған соң қала

  • Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Наурыз мерекесі құрметіне Панфилов көшесіндегі Сахнада «Ән қанатындағы Наурыз» атты дәстүрлі өнерде жүрген жас орындаушылардың ән кеші өтті.

    Бүгін Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Панфилов көшесі бойындағы сахнада Наурыз мерекесіне арналған «Ән қанатындағы Наурыз» атты жас орындаушылардың дәстүрлі ән кеші жоғары деңгейде өтті. Алматы қаласы ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап ұлт мәдениетінің ұйытқысы, ордасы қызметін атқарып келеді. Дәстүрлі өнердің ірі өкілдері, зерттеушілері осы қалада тұрып, еңбек етті. Қазір де профессионалдық типтегі дәстүрлі музыканың ең ірі ошағы – Алматы. Мұнда этномузыканың белгілі қайраткерлері, дәстүрлі домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-термешілер әзірлейтін арнаулы орта және жоғары оқу орындары, өнер ұжымдары шоғырланған. Қазақ көне музыка аспаптарының жер бетіндегі жалғыз музейі мен еліміздегі жалғыз дәстүрлі өнер театры да осында. Соңғы уақыттары Алматы қаласында дәстүрлі өнерді насихаттап жүрген жас өнерпаздардың арнайы ән кеші өтпеп еді.

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: