Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді.
Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған. Қарағанды экологиялық орталығының іргесін қалағандардың бірі. Алған сыйақысының бір бөлігін өзі басқаратын әлеуметтік-экологиялық қорды құруға жұмсаған. Қор қазір Қазақстан өңірлерінде АЭС салу идеясын көпшілік алдында талқылаумен айналысып жатыр. Азаттық ақпан айының аяғында Қарағандыда өткен талқылаудан кейін Қайша Атахановамен сөйлесті.
– Эколог әріптестеріңізбен бірге Қазақстанда АЭС салу мәселелері бойынша ақпараттық науқанға қатысуға не түрткі болды? Неліктен өңірлерді аралап жүрсіздер? Оның пайдасы қандай?
– Талқы адамдарға ой салады. АЭС-ке қатысты жауаптан сұрақ көп. Халықтың сенімді, шынайы ақпарат алуға хақы бар. Біз Ақтауда, Қарағандыда, Қазақстанның оңтүстігінде болдық. Әрбір аймақ халқының түсінігі әртүрлі. Қарағандыда талқы өткізгенімізге қуандым. Себебі елді алаңдататын көп сұрақ қойылды, біреулер жеке тәжірибесінен мысалдар келтіріп, жанына батқан мәселені айтты, ал дәстүрлі энергетик мамандар АЭС құрылысын қос қолдап қолдайтынын көрсетті. Меніңше, жақсы талқы өтті. Ең бастысы – талқылау процесі басталды, адамдар пікір таластырып, ойын айтуға дағдыланды. Аймақтарды аралаудағы мақсатымыз – осы.
Атом лоббиі күшті. Кездесуде не үшін келгенін жақсы білетін, ұйымдасқан қатысушылар тобы болды. Мұның өзі қоғам, яғни біздің атом лоббиі үшін кәдімгідей күш екенімізді көрсетеді. Сондықтан олар қарсылық танытып жатыр. Бірақ халыққа шындықты айтып, олардың да пікірін білуге тиіспіз. Мұнда білетінімді айтуға, экологиялық ақпарат беруге келдім.
Қазір бәрі бұрмаланып жатыр: біржақты ақпарат беріліп, халықты жылусыз, жарықсыз қаласыңдар, экономика дамымайды деп қорқытады. Ал бұдан шығатын жалғыз жол – АЭС салу дейді. Дамыған елдерде салынып жатқан АЭС-тер жаңа буын реакторымен жұмыс істейді деген уәж айтса, ешкім үндемейді. Ал бізге ұсынып отырғаны 3+ буын реакторы. Әрине, совет заманынан қалған реакторларға апгрейд жасап жатқан ядрошыларға алғыс айтуымыз керек. Бірақ олар әлі 60 жыл шыдас береді, тіпті үстіне бомба түссе де, ештеңе болмайды дегені енді… Мен 60 жыл қызмет ететін АЭС реакторын әлі көрген жоқпын.
АЭС-ке уран алу үшін алдымен оны табу, сосын өңдеу керегін ешкім айтпайды. Ядролық отын циклінің әрбір кезеңінде қоқыс бөлінеді, экологиялық қатер төндіреді, радиациялық ластану болады. Реактор өз қызметін атқарып болған соң оны қолданыстан шығарып, тазалап, радиоактивті материалдарды бір жаққа жіберу керек. Оған ондаған-жүздеген жыл және көп ақша қажет. Мәселен, 1990 жылдардың соңында МАЭК-де БН-350 реакторының жұмысы тоқтатылды (Ақтаудағы Маңғыстау энергокомбинатындағы жылдам нейтрондар реакторы – ред.), реакторды қолданыстан шығару процесі 22 жыл бойы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұрынғы Семей полигоны аумағындағы “Байкал” кешеніндегі кәдеге жарамсыз ядролық отынды жою және жоғары радиоактивті сұйық қалдықтарды уақытша сақтауға арналған жұмыстар да әлі жалғасып келеді. Ол кем дегенде 50 жылға созылады деген болжам бар. Осы жұмыстарды атқару мен қолданыстан шығару қазақстандықтарға жылына миллиардтаған теңге шығын әкеліп жатыр.
Атом лоббиі бәрі шешіліп қойғандай кейіп танытқанымен, референдум қарсаңында біздің қоғамдық кеңестер, талқылар өте маңызды.
– Сіз АЭС салуды қолдайсыз ба, қарсысыз ба?
– Қарсымын. Эколог ретінде қатер барын түсінемін. Радиациялық әсерді зерттеудегі тәжірибеме сүйенер болсам, алдымызда не күтіп тұрғанын барынша түсінуіміз керек.
Көптеген халықаралық жобаға қатысушы ғалымдардың деректерін зерттеп шықтым. Содан түсінгенім, Хиросима мен Нагасакидегі ядролық бомба жарылысының құрбандары және Оңтүстік Орал, Чернобыль апатында сәуледен зардап шеккен жандардың екінші және үшінші буынының бойынан тұқым қуалайтын геномдық, хромосомалық ауытқулар анықталған. Сол себепті атом санкциясына қарсымыз. Радиацияның тірі ағзаға қатері жойқын. Әрине, ол адам организміне және радиация мөлшеріне байланысты, бірақ ағзада қандай ауытқушылық болатынын ешкім білмейді ғой. Ол бір ұрпақтан екіншісіне беріледі, радиацияның ең басты ерекшелігі сол. Бізге: “Сендерде “егер” бітпейді екен”, – дейді. Бірақ біз оның бәрі қауіпсіздік үшін дейміз.
Қазір кімдер шешім қабылдайды? Жасы 60-тан асып кеткендер. “Жаңа Қазақстан” дейді, бірақ өздері сонау совет кезінде жасақталған 3 және 3+ буын реакторларын ұсынады.
ӘСКЕРИ, ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ СЕЙСМИКАЛЫҚ ҚАУІП-ҚАТЕР
– Ақпараттық науқан кезінде әртүрлі қауіп-қатер мәселелері көтерілді. Соның ішінде әскери қауіп, Украинадағы соғыс та айтылды…
– Украинадағы соғыс АЭС ядролық бопсалау құралына айналғанын және ғаламдық апат қаупін төндіретінін көрсетті. Бұл – факт, Запорожье АЭС-і осындай нысанға айналғанын жоққа шығара алмаймыз. 2022 жылдан бері ол ресейлік әскери күштердің қолында. Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) бас директоры Рафаэль Гросси БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде Запорожье АЭС-інде ірі ядролық апат болу қаупі әлі де зор екенін мәлімдеді. Соғыс жүріп жатыр. АЭХА миссиясы өкілдері сол стансаға барып, ұзақ уақыт ішке кіре алмағанын, тіпті кейін рұқсат еткеннің өзінде уақыт шектеулі болғандықтан АЭС-тегі жағдайды толық тексере алмағанын оқып, қатты қапаландым. Әрине, АЭХА келіссөздер жүргізіп, бұл жағдайды бақылауда ұстауға тырысады. Бірақ бұл жай шартты түрдегі әңгіме екенін, шын мәнінде Запорожье АЭС-і ресейлік әскери күштердің бақылауында екенін жақсы білеміз. АЭХА мен Запорожье АЭС қызметкерлері бар мүмкіндікті қолданды: алты реакторды тоқтатты, олардың бесеуі суық, біреуі ыстық күйінде тоқтап тұр. Дегенмен ірі апат болу қаупі әлі де бар.
АЭС-ті Балқашта – Қазақстанның орталығындағы ең ірі өндірістік аймақта тұрғызғысы келеді. Оның маңайында төрт облыс, Қырғызстанға дейін 500 шақырым бар. Есі дұрыс адам болашақта зор қауіп төндіруі мүмкін мұндай нысанды елдің қақ ортасына орналастырмайды. Тіпті еш жерде орналастыруға болмайды. Біз неге елдің басын қатерге тігуіміз керек?
– АЭС салуды жақтайтындар мәселені саясиландырмау керек дейді. Оған не дейсіз?
– Атом энергетикасы – қай заманда да үлкен саясаттың бөлшегі. Өйткені АЭС-ті тек ірі державалар салады. Егер біз көпвекторлы саясатымызбен қоса, атом стансасын тұрғызатын болсақ, эколог әріптесім Вадим Ни айтпақшы, “геосаясаттың илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”.
– Басқа қандай қауіп бар?
– Бірде-бір реактор сусыз жұмыс істемейді. Халқын сумен қамтамасыз етуде көрші елдерге тәуелді мемлекетте атом стансасын тұрғызу – оң ұсыныс емес. Балқаш көліне Қытайдан бастау алатын Іле өзені келіп құяды. Ал Қытай ауыл шаруашылығын дамытып жатыр. Миллиардтаған халқы бар ел бізді ойламайды. Қазақстанда су тапшы, климат өзгеруіне байланысты болашақта су тапшылығы күшейеді деген дерек бар. “Су дағдарысының” ғаламдық картасын қарадым, 2024 жылы біз суы жоқ елдер қатарына кіреміз. Сонда біз онсыз да тартылып бара жатқан Балқаш көліне атом стансасын саламыз ба? Бізге қазір көп мөлшерде су шығындайтын АЭС сияқты нысандар керек емес. Бұл – ұлттық мүдде мәселесі. Біз онсыз да радиациялық ластанудан зардап шеккен елміз. Картаға қарайық: Азғырдағы жарылыс, Капустин Яр, ондаған “бейбіт” ядролық сынақ, Семей ядролық полигоны, химия комбинаттары, уран өндірісі, оған Байқоңырды, бұрынғы әскери полигондарды қосыңыз. Көршілеріміздің де уран қалдықтары мен қауіпті қалдықтар сақтайтын қоймасы жетіп артылады. Ресейдің тура бізбен шекаралас жерінде атом нысандары орналасқан, олар қару-жарақ плутонийін алу үшін кәдеге жарамайтын яролық отынды өңдеумен айналысады. Қытайда Лобнор ядролық полигоны бар. Осылар аздай, тағы да қауіпті нысан тұрғызбақпыз ба?
– Қазақстандық тәуелсіз экологтар Өзбекстанның Қазақстанның оңтүстік шекарасына жақын маңға АЭС салуды жоспалап отырғаны да алаңдататынын айтып қалды…
– Іргеміздегі елдің АЭС құрылысына қалай бей-жай қарайсың? Оның қауіпсіздігінің бізге тікелей қатысы бар, соған тәуелдіміз, дәл Ресей шекарасындағы жағдай қайталанбасына кім кепіл?!
“Қазақстанда АЭС салынады” дегенді естігелі Қырғызстан халқы да алаңдап отыр. Қырғызстан мен Қазақстан шекарааралық әскер туралы конвенцияға қол қойды. Бәлкім, келіссөз жүргізілетін де шығар. Ресей мен Өзбекстан бұл конвенцияға қол қоймады. Шымкентке барғанымызда, ондағы халық та Өзбекстан мен Қазақстанда жоспарланып отырған АЭС құрылысына алаңдайтынын айтты. Жұрттың кейбірі: “Өзбекстанда салу керек шығар. Бізде салғызбау үшін энергияны өзбектерден сатып алсақ қайтеді?” – деген сыңайда ой-пікірін айтты.
“Росатомның” Түркия туралы жасаған жарнамасын көрдім. Онда тіпті нысан құрылысын толық аяқтап өткізетінін айтады. Өздері салып, пайдаланғаннан кейін өздері істен шығарады. Тіпті 20 жылдан соң, кәдеге жарамай қалған кезде бәрін көміп тастайды екен. Түркияға түскен табыстың 20 пайызын береді. Ал бізде АЭС құрылысы қанша болады және ол өзін-өзі қашан ақтайды? Жауабы жоқ көп сауал маза бермейді.
– Кейінгі кезде сейсмикалық белсенділік жиі байқалып жүр. Жерасты дүмпуі Қазақстанның түрлі аймағында сезілді. Мұның бәрін ескерсек, Қазақстанда АЭС салып, оны істен шығару қаншалықты қауіпсіз?
– Бір айдан бері Алматы қаласы, Алматы облысына сейсмикалық қауіп төніп тұр. Қырғызстан мен Қытай шекарасында болған жер сілкінісінің афтершогы ұдайы сезіліп отыр. Сейсмика – табиғи техногенді фактор болғандықтан маңызды рөл атқарады. Тауасты тақталарының сызығын бойлай атом стансаларын салуға мүлдем болмайды. Бұл туралы айтып жатқан адам жоқ, бәрі су мәселесін көтереді, бірақ сейсмика да өте маңызды.
РАДИАЦИЯНЫҢ АДАМДАРҒА ӘСЕРІН ЗЕРТТЕУ НЕНІ КӨРСЕТТІ?
– Сіз эколог, биолог және генетик ретінде көп жылдан бері радиация тақырыбын қозғап жүрсіз. Басқа ғалымдармен бірге Семей ядролық полигонында жүргізілген зерттеу жұмыстарына да қатыстыңыз. Бұл зерттеулерден не білдіңіз? Неліктен дәл қазір осы мәселеге халық назарын аударғыңыз келеді?
– Стронций-90 адам ағзасындағы кальцийдің орнын алмастырады, цезий-137 бұлшықетке орнығып, организмге іштен зиян келтіреді. Олардың организмнен шығу уақыты адамның ғұмырынан да ұзақ. Олар тәнімізге ауа, тамақ арқылы түседі. Радионуклидтер көшіп отырады. Радиация түссіз, дәмсіз, иіссіз болады. Сол себепті адам оны білмей қалуы да мүмкін. Міне, мәселе неде жатыр.
Апат кезінде адамдарды ешкім қорғамайды. Олар қандай төтенше шара қолдану керегін білмейді. Адамдар дабыл сөмкесіне қандай заттар салынатынын білуі тиіс. Ал бұл дабыл сөмкесі жер сілкінісі кезіндегі дабыл сөмкесінен мүлдем бөлек. Халық радиациялық апат кезінде өзін ұстай ала ма, жоқ па, білмеймін. Атом стансасын салу келешектегі саясат қана емес ғой, ол – қауіпсіздік шаралары, қауіп-қатер мен оның зардабының алдын алу деген сөз.
Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде 1991 жылғы 29 тамызда жабылса да, проблемасы әлі күнге өзекті болып отыр. Көптеген ғалым Семейде және онымен іргелес жатқан аймақта зерттеу жүргізді. Полигонның өзі 18 мың шаршы шақырымды алғанымен, радиоактивті ластану 300 мың шаршы шақырымнан аса аймақты қамтыды. Іргелес жатқан аймақтағы халықты мүлде көшірмеді. Қалалық және аудандық жерлердегі радиоактивті сәуле әсері табиғи радиациялық фоннан сәл ғана асқанымен, жиналған кумулятивті доза халықтың көпшілігіне айтарлықтай сезіледі, адамдарға кері әсері бар сәуле жоғары мөлшерде тараған.
Біз зерттеу жұмысын жүргіздік. Ол кезде экология және генетика лабораториясында істейтінмін. Жыл сайын Семей ядролық полигонына барып, радиацияның экожүйеге тигізетін әсерін зерттеп жүрдік. Бір зерттеуді ешқашан ұмытпаймын. Біз оны Қарағанды экология орталығымен, Экология мұражайымен және Ұлттық ғылым академиясының адам физиологиясы Институтымен, Бельгия ядролық орталығының, Рен-2 университетінің (Франция) ғалымдарымен бірлесе отырып жүргіздік. Қарағанды облысындағы бұрынғы полигонның шығыс аймағынан 5 шақырым жерде орналасқан Мыржық ауылын және Байкел мен Ақтас қыстақтарын зерттедік. Шөп пен қынада цезий-137 мөлшері, Ақтас қыстағындағы шөпте плутоний-239, 240 мөлшері шамадан тыс көп екені анықталды. Үй жануарларының сүйегінен, бұлшықетінен стронций-90, цезий-137 радионуклидтері, жануарлардың қиы мен адам нәжісінен өте көп радионуклидтер табылды.
Дәрігерлер Мыржық ауылы тұрғындары арасында қан аздығы дерті көбейгенін анықтады. Олардың ағзасында нейтрофилдердің метаболикалық белсенділігі тежеліп, перифериялық қан жасушалары азайып бара жатқаны айқын байқалды. Дәрігерлердің дерегінше, ауыл тұрғындарының қанындағы жасушалардың хромосомалық ауытқуы қалыптан 1,7 есе артқан. Ал мутация қарқыны қалыпты мөлшерден 4,9 есе өскен. Ауыл халқының құрсақта жатып сәуле алған адамдардың екінші ұрпағы неғұрлым көп зардап шеккен. Гипертония, әйелдер дисфункциясы аурулары көбейді. Ата-анасы сәуле зардабына ұшыраған балалар арасынан 13 адам қатерлі ісікке, 4 адам глаукомаға, 14 адам тері ауруына, 6 адам туабітті жүрек дертіне шалдыққан. Оның бәрін дәрігерлер радиоиндукцияланған ауру деп таныған.
– АЭС-тің орнына не салуға болады? Сөз етіп отырған энергия тапшылығы мәселесін шешудің қандай балама жолы болуы мүмкін?
– Біздің тобымызда еліміздегі энергия тапшылығының себебін зерттеумен айналысып жүрген жас ғалымдар бар. БҰҰ-ның дерегі бойынша, Қазақстан халқы электр энергиясының бестен бір бөлігінен азын тұтынса, көп бөлігін өнеркәсіп орындары пайдаланады екен. Еліміздің бүкіл халқына қарағанда, электр қуаты көп тұтынатын 10 компания тағы бар. Одан шығудың жолы қандай? Энергия тиімділігін арттырып, жаңаратын энергия көздеріне көшкен жөн. Егер алдыңғы қатардағы 8 компания электр энергиясын тұтынуды кем дегенде 10 пайыз азайтса, онда алдағы төрт жылда энергия тапшылығы болмас еді. Ал жаңаратын қуат көздерін қолданысқа енгізсек, келер жылы-ақ энергия тапшылығының алдын алған болар едік. Сағатына шамамен 4,2 миллиард киловатт үнемдер едік. 2029 жылға таман сағатына 5,5 миллиард киловатт энергия тапшы болуы мүмкін деген болжам бар.
Еліміздегі желілердің 65 пайызы тозған, ол тасымалданатын энергия көлемінің 11 пайызын жұтып қояды. Электр желісі компанияларының талдауынан қазір қолданыстағы жоғары вольтті желілер 30-35 жыл бұрын салынғанын көріп отырмыз. Тозған желілердің үстіне АЭС салу көп шығын әкеледі. Сол АЭС-тің құрылысына кететін 15 миллиард долларды тозған желілерді жаңартуға, жаңаратын электр көздеріне жұмсаған абзал. Мұнай-газ энергетикасы, әсіресе ЖЭС балама шешім болуы мүмкін, газ қажеттілікті толық өтей алар еді. Осы бағытта жұмыс істеу керек. Оның орнына, АЭС-ті жалғыз шешім ретінде ұсынбақшы.
Жаңаратын қуат көздерінің болашағы жайлы көптеген энергетика саласындағы сарапшылар да айтып жүр. Бірақ олардың сөзіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ. АЭС-ті неге лоббиге айналдырып жатыр? Бұл жобаны алған адам қыруар қаржыны армандауы мүмкін. Мұндай жобаны қадағалау қиын, нысан шектеулі, оған қоғамдық мониторинг жүргізе алмайсың. Қалай қадағалған жөн? Атом мамандары АЭС-те апат қаупі төмен дейді, бірақ Чернобыль мен Фукусиманы қалай ұмытамыз?
– Президент пен үкімет АЭС құрылысы бойынша ұсыныстарды қарастырғанда азаматтардың пікірі мен референдум қорытындысын ескеретінін сан мәрте айтты. Бірақ жуырда өкімет ұсыныстарын қарастырып жатқан елдердің тізімін ұсынды. Бұл ресми мәлімдемелерге қайшы емес пе?
– Ресми мәлімдемелердің әралуандығы көкейге күдік ұялатады. Референдумға АЭС салу қажет пе, жоқ па деген мәселені ғана шығаратын шығар. АЭС-ті салу-салмау жағын әлі шешкен жоқ, бірақ құрылысқа қажеттінің бәрін дайындап, іске кірісіп жатыр. Салынатын жерді де таңдап қойды, оны қалай таңдағаны беймәлім. Аяқ астынан бізге АЭС салып бергісі келетін әртүрлі компания бар екен деп шықты. Бәрін кесіп-пішіп қойғандай, адамдарды да соған итермелеп отыр. Өңір халқы “біз үшін бәрін шешіп қойған, ал референдум жай ғана көзбояу” дейді. Ал негізінде, осындай стратегиялық маңызы бар мәселе бойынша үкіметтің референдум өткізуі бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға емес пе?
Дауыс беруге бақылаушыларды, әсіресе халықаралық бақылаушыларды көптеп тарту қажет. Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген кезде эколог мамандардың да пікірі маңызды. Халықты толық хабардар ету керек, АЭС-ке балама болатын энергия көздерін көрсету керек. Халық даусын санаған кезде бәрінің даусы ескерілетініне, ешқандай құқық бұзушылық болмайтынына сендірген жөн. Егер бұлай жасамайтын болсақ, онда жұрт сенуден қалады.
Үкімет халық үдесінен шыға алмаса, бәрінен сол жаман. Өңірде менен “Сіз осы референдумға сенесіз бе?” деп сұрағандар да болды. Біз эколог ретінде жауапкершілікті сезінгендіктен, ақпарат беруге тырысамыз. Кімнің не айтқаны, жарлықта не жазылғаны маңызды емес. АЭС-тің жақсы, жаман тұсын, баламасын түсініп, халықтың референдумға қатысқаны маңызды.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру