ҚазАқпарат – Ұлы Абайдың әкесі, қайраткер тұлға Құнанбай Өскенбайұлы туралы көркем фильм осы айдың соңында еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайды. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы, жазушы Дидар Амантай өзінің Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасына жазады.«Таяуда Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, өнер ардагері, ұлттық театр және кино актері, режиссер, продюсер Досхан Жолжақсынов жұрт назарына ұлы Абайдың әкесі, қайраткер тұлға Құнанбай Өскенбайұлы туралы толықметражды көркем фильмін ұсынады… 12 мамырда Қарауылда, 13 мамырда Семейде, 16 мамырда Астанада, 24 мамырда Алматыда тұсауы кесілетін бұл кинотуынды кино әлеміндегі үлкен жаңалық болады деп ойлаймыз», деп жазады киностудияның бас редакторы.
Сондай-ақ ол «Құнанбай» фильмі мамырдың 25-нен кейін еліміздің барлық кинотеатрларынан көрсетіле бастайтынын атап өтеді. Фильмнің сценарийін жазғандар: Досхан Жолжақсынов пен Таласбек Әсемқұлов.

Пікір қалдыру