|  | 

Әдеби әлем

СМАҒҰЛ ТЕҢІЗІНЕН – БІР ТАМШЫ…

Smagul Saduaqas

СМАҒҰЛ ТЕҢІЗІНЕН – БІР ТАМШЫ…

Бұл осыдан 90 жыл бұрын жазылған алғашқы Алаш романының үзіндісі. Туынды «Сәрсенбек» деп аталады. Авторы – аса көрнекті ұлт қайраткері Смағұл Садуақасұлы (1900-1933). Шығарма 1916 жылдың күрделі оқиғасы туралы. Бұл басында «Мінсіз» атты повесть түрінде хатқа түсіпті. Кейін кеңейтілген және өзгертілген. Роман қолжазбасын Смағұлдың жары Елизавета (Зейнеп) Әлиханқызы 1957 жылы Мәскеуде Мұхтар Әуезовке тапсырған. Қазір түпнұсқасы «М.Әуезов мұражайында» сақтаулы тұр. Роман қолжазбасының біраз бөлігі оқылмайды: жазуы өшкен, көмескіленген. Біз оны алғаш М.Мағауин тұсындағы «Жұлдыз» журналына жариялағанбыз. Кейін «Алаш» баспасынан шыққан С.Садуақасұлының екі томдық мұрасына да енді. Романда бүгінгі оқырманға әулиенің айтқанындай көрінетін қызық детальдар бар. Мысалы, біз қазір жоқтан бар жасап жатқан «тарихи шындықтарымызға» Смағұл тың әрі байыпты қарайды. Сондай-ақ, Кенесары құбылысы да қызғылықты баяндалады. Болашақ (бізше қазіргі) Қазақ елі астанасының жайы да сарапталады.

«Теңізді тамшысынан таны» деген. Осы мақсатты ұстанып біз Смағұл теңізінің тамшысын «Абай» сайты оқырмандарына ұсындық.

Әрине, сақталды деген романның толығырақ нұсқасын оқығанға не жетсін?!..

 

Дихан Қамзабекұлы,

профессор

Смағұл Садуақасұлы

 

СӘРСЕНБЕК

(романнан үзінді)

 

 

Қас қарайған шақ еді. Қап-қара болып түнерген күн. Батыстан қою бұлт қаптап келе жатты.

Аспан мен жер тұтасқан зауал кеште дала төсін дүбірлетіп қатты келе жатқан сартылдаған ат тұяғы естілді. Сып-сып етіп сауырға тиген қамшының суылы кешкі тыныш ауаның қалпын бұзғандай. Сыпылдаған жіті жүріс қара жерді қақ айырардай. Ат та қамыс құлақтарын бірде тікейтіп, бірде жымқырады. Ауыздан көбік атып, кең танаудан ентіге дем алады. Белден бел асты, көлдерді де кешіп өтті. Тоқтаусыз ұзақ жүрісте «Япыр-ау, бір күннің ішінде бұл елге не болып калды?» дегендей бастарын еріксіз жұлқи тартып, аяқтарын жылдам басады.

Ат үстіндегі екі азамат тұғырда мүсіндей нық отыр. Айналаға жіті қараған батыр көздері от шашады.

Бұл суыт жүрісті екі адам қайда асығады, неге асығады?!. Қайда барасыңдар, осынша жол шегетіндей не боп қалды?!

Сәрсенбек шаһарға келгенде, Жұмажан мен Бұқардан басқа мұнда әлі ешкім жоқ екен.

Бір күннен соң былтырғы қазақтың үйінде жиналғанда, Асқардың жанында отыратын қыз секілді әдемі қара торы жігіт келді. Мұның аты Қабдеш еді. Шын аты – Қабдолда ма, Хамит па – онда біздің жұмысымыз жоқ. Жұрт Қабдеш дейді, біз де Қабдеш делік. Жақсы көргенде не, жас көргенде не – оны, оқушы бауырым, сұрамай-ақ қоя тұр! Алыста жүрген бауырыңның бір назын көтере сал!

 

* * *

 

Қабдеш үйіне кіріп келгенде, Сәрсенбек газет оқып отыр еді.

- Ассалаумағалейкум, философым, – деді.

Сәрсенбек жалт қарағанда Қабдешті көрді. Орнынан ұшып түрегеліп, көрісе кетті. Құшақтасып, төс түйістірді.

- Ал, философым, жаз қайда болдың? Қай жердің суын ішіп, қай жердің дәмін таттың? – деді отыра беріп Қабдеш.

- Қайда болушы ем?! Өз ауылымда өткіздім. Әуелде жолым болмады, артынан оның есесін толтырдым. Қазір көңілім бір түрлі жақсы, – деді Сәрсенбек салмақты дауыспен.

- Сенің ежелгі әдетің ғой! Бәрін салыстырып, өлшеп-кесіп беретін, – деді күлімсіреп Қабдеш.

Сәрсенбектің ақылды жүзі әрең күлімсіреді:

- Өлшегенде тұрған не бар? Әуелі жаман жағдайда болдым, артынан ойдағыдай орнына келді. Сұраған соң, айтып жатырмын. Өзің жазды қалай өткіздің, Қабдеш? – деді.

Қабдеш ұшуға ыңғайланған қыранша орнынан көтеріліп, екі қолын жайып, аузын ашып:

-       Қандайын сұрайсың? Бір түрлі тамаша өткіздім, – деді.

Сәрсенбек бір нәрсе айтқалы ыңғайлана бергенде Қабдеш:

- Жазғытұры Бұқарбек екеуіңнің тапсырған жұмыстарыңды да орындадым. Көп мақал, ертегі жиып әкелдім. Бір қыздың мынадай үлкен сәукелесі де бар. Рас-өтірігін білмеймін, «Кенесарының қызының сәукелесі» дейді. «Қобыланды батырдың қобызы» деген бір үлкен домбыра секілді қара тақтайы да бар. Асанқайғының қамшысын таптым. Тағы да толып жатқан нәрселерім бар. Бұқарды бір қуантайық. Жасаймын деген музейін жасап, тілегіне жетсін! – деді.

Қабдеш бір нәрсенің атын атағанда өзінің қолымен соны ұстап тұрғандай болып, денесін қозғалтып, беті-жүзін өзгертіп отырады. Сәукелені айтқанда екі қолын сәукелеше шошайтып басына көтерді. Қобыландының қобызына келгенде, қобыз тартқан кісіше сол қолының саусақтарын жыбырлатып, оң қолымен ауаны осып-осып жіберді.

Сәрсенбек қазақ ішінде мимиканы қолданбайтынын біледі. Қабдешке көзінің астымен қарады. Өзін-өзі ұмытқандай болған, еркек басымен жеңілтектеніп кеткенін ерсі көрсе де, шын ықыласында жадырап күлімсіреді.

- Жарайды, Қабдеш! Өлеңдеріңді ертең таңертең осында алып кел, оқиық!.. Өлеңді жинағаның жарайды. Одан халықтың не ойлағанын, нендей сыры барын білеміз. Егер бұл өлеңдерді шығарған нағыз өлең ақыны болса. Бірақ мен сенің музейге алып келген нәрселеріңе сене алмаймын. Біздің тарихтан білетініміз бойынша Кенесарының қызы болмаған. Оның бер жағында Қобыланды батыр қобыз тартпаған дейді қариялар. Асанқайғының қамшысы дегенің – тіпті қата сөз. Асанқайғы аңыздан туған. Оның қамшысы қайдан болады?

Сәрсенбей сөйлей берді:

- Әр халық киелі аруақты қасиет етіп, тәу етеді. Асанқайғы – болған ба, жоқ па, бірақ біздің халық сондай ауыздан-ауызға аңыз қылып қалдырған киелі адам тұлғасы. Мысалы, ескі заманындағы грек жұртының Аполонға қатысты  аңыздарын алайық. Онда шындықтан гөрі қиял көп. Бірақ гректер Аполонды әулие тұтады.

Мұсылмандар арасында Қожанасыр деген әулие бар. Ол да – халық аузындағы киелі адам. Айта берсек, мұндай мысалдар толып жатыр. Осының бәрі – өмірде болмаған, халықтың жақсы ойынан шыққан аңыздар.

Қабдеш әкелген еңбегі далаға кетіп, оның нәрселері музейге түспейтіндігіне өкпелеген кісіше қабағын  түйіп:

- Жарайды, Сәрсенбек, саған сенсек, Кенесарыда қыз жоқ, Қобыланды батырда қобыз болмаған дегеніңе көнсем, көнейін! Асанқайғы болмады дегеніңе мен тіпті нанбаймын. Біздің елде Асанқайғының жүрген жерлері бар. Жолдыөзек деген араға келгенде ол: «Жолдыөзек дегенше, сорлы өзек десеңдерші», – депті. Айтқаны келгендей-ақ, сол Жолдыөзекте бұл күнде түк жоқ. Маңайындағы ел жұтап, түгелдей қырылып капты! Қане, Асанқайғының болмағаны?

«Осыған қандай жауап берер екенсің?» деген кісіше Қабдеш масаттанып, Сәрсенбекке тіке қарап отырды.

Сәрсенбек аспай-саспай Қабдешке ұғындырмақ ниетте сөйлей бастады:

- Қабдеш, бұл жағдайды мен саған түсіндірейін. Асанқайғы қашан болды, білемісің? Әркім әр түрлі айтады. Біреулер айтады: «Ақтабан шұбырындының заманында болды», – деп. Енді біреулер: «Кешегі Кенесары уақытында болды» – дейді. Кейбіреулер, өтірікші шалдар бала кезімізде «Асанқайғыны көрдік» – дейтін.

Асанқайғының қай заманда болғаны туралы нақты дерек жоқ. Тарихын жазып, бізге қалдырған қазақ тағы да жоқ. Соған қарамастан, Асанқайғының бармаған жері, баспаған тауы, жер-суға қоймаған аты қалмаған сияқты. Шойын жол, пошта жоқ кезде бүкіл қазақ жерінің бәріне ат қойып, айдар тағып қалай аралап шықты? Менің ойымша, бұл – сенімсіз нәрсе. «Желмая мініп жүрген» дейді. Сол желмая деген бар ма? Бар болған болса, біздің кезімізде ол неге болмайды?

Жаратылыс ғылымы бойынша желмаяның бар екені көрсетілмеген. Қазақ жерінің аттарын Асанқайғы қойды делік. Сонда ол жерлердің бұрын аттары болмаған ба? Болса қалай аталған екен? Қазақ бұрынғы атауларды ұмыту мүмкін бе?!.. Менің саған берер жауабым: күлкі, миф қайдан шықса, Асанқайғы да содан шықты. Бұл – бір жылдың ішінде емес, жүз мың жылдың ішінде жаралған адам. Осы күні ел ішінде билердің көбі бір жақсы сөзді «Құнанбайдың Ыбырайы айтқан екен» деп келеді. Өзімізге келсек, «Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай» деп отырамыз.

Бұның себебі не? Себебі бұл адамдар – халық көңіліндегі кіршіксіз жандар. Жұрт оларды пайғамбар көреді. Пайғамбардың хадисын айтқандай, бұлар айтты деп таратады. Өз заманында Ыбырайды да ешкім тыңдамаған. Осы күні замандас ойшылдардың қадірін кім біліп жатыр?! Ыбырай халқына сөйлегенде, атам марқұм айтқандай, «Ол кезде ешкім де қадір-қасиетін түсінбеді. Өліп еді, қандай кісі екендігіне көзі жетіп, енді міне «Құнанбайдың Ыбырайы айтқандай» дейді. Мысалы, мың жыл, жүз жылдардан кейін Ыбырай мен Байтұрсынұлы Асанқайғы секілді киелі жандар болмасына көз жете ме? Бірнеше жүз жылдардан соң халықтың: «Ахмет кием, қолдай гөр! Бір өзіңе сиындым!» деп тұрмасын кім білсін?

Қабдеш алдынан алтын сарайдың есігі ашылып кеткендей болып, біраз отырды.

Бұл – ақылсыз туған бала емес. Сәрсенбек аузына салып жіберген жемісін шайнап жатып, Қабдештің миына бір нәрсе келе қалды. Содан Сәрсенбекке қарап:

- Сәрсенбек, айтқаныңды ұғындым. Асанқайғы бүкіл қазақ жерін араламаса, араламаған шығар, бірақ маған мынадай ой келіп отыр. Миф – киенің қайдан шығатынын айтқанда Ахмет пен Ыбырайды мысалға келтірдің. Бұлар болмаса миф қайдан шығар еді. Сондықтан мен Асанқайғы миф болса, дүниеде болған адам деп ойлаймын, – деді.

Сәрсенбек Қабдештің мұндай зеректігіне өте риза болып, қуанышты жүзбен:

- Дұрыс, дұрыс, Қабдеш, оның рас. Мүмкін Асанқайғы деген бір ақылды шалдың болуы. Бәлкім, аты Асанқайғы емес, жай Асан ғана шығар. Бірақ, ол бүкіл қазақ жерін аралаған жоқ. Осы күнгі қазақ айтатын Асанқайғы болған жоқ. Қазақтың Асанқайғысы – миф, – деді.

- Олай болса, қамшысын да миф қыла салсақ қайтеді? – деді Қабдеш күліп. Екеуі де сақ-сақ күлді.

-       Жарайды, болса-болсын! – деді күлкісін тиып жатып Сәрсенбек.

Қабдеш қуанып, «еңбегім жанды» деген оймен:

- Ендеше сәукелені де, қобызды да миф қыламын, – деді.

Сәрсенбек қарқылдап:

-Жарайды, жарайды! Мейлің, өзің біл енді. «Қабдешті миф қыл!» деп өлерде өсиет айтып кетсең де!

Тағы да күлді.

Елу жылдан соң қазақтың көретін жақсылығы, бақыты дәл сол екеуінің айтқаны бойынша орнай қалатындай. Екеуінің жан дүниелері – қиялы алып ұшып алысқа шырқап кетті. Ойдың мұхитында жүзіп жүр, жүзіп жүр.

- Елу жыл деген немене? Қазақ ең алдымен тұтас ел болсыншы. Сонан соң кімді миф қылса да, өзі біледі, – дейді толқып тұрған Қабдеш. – Бақыт, ырыс дегенің сол емес пе?!

Сәрсенбек орнына ұшып түрегеліп, үйдің ішінде ерсілі-қарсылы жүріп сөйлей бастады:

- Қазақ жұрты биыл қалай болар? Бір жылдан соң қайтеді? Он жылдан соң қандай өмірге жетеді?

Елу жылдан соң қазақтың ерекше қуатты ел болғанын, көркейгенін көз алдына елестеткендей болды. Жүгенсіз қиялдың жетегіне кеткенін артынан сезіп, өзін-өзі мысқылдай күлді. «Қиялшыл басым-ай!» Ол жолдасына қарап еді, Қабдеш алдындағы үлкен ақ дастарқандағы нарттай болып піскен бауырсақтарды жей берді, жей берді.

Үйдің іші тым-тырыс, жып-жылы. Дариға-шіркін, адам баласы мұнша неге көрерге көзі болса да, көкірегі соқыр болады екен?!..

Қап-қара болып түнеріп келе жатқан дауылдың алдындағы толысым тымырсық. Жағымсыз жайсыздық.

 

 

* * *

Екі терезелі шағын бөлменің ортасына қойылған үстелді айнала төрт жігіт отыр: Сәрсенбек, Қабдеш, Бұқар, Асқар.

-       Қашаннан бері ойландың? – дейді ашуланып Бұқар.

Сәрсенбек төмен қараған көзін Бұқарға тіктеп:

- Қашаннан ойласам да бәрі-бір емес пе? Оны іске асыру бұл күнге дейін мүмкін болмаса, оған мен кінәлі емеспін! – деді.

- Жарайды, сені кінәлайын деп отырған кісі жоқ. Сен бір жұма бұрын қарсы едің. Оныңды өзің жұртқа айтып та жүрдің. «Әлек болмай, барыңдар окопқа» деп жүрген өзің емес пе едің? Сені қоя тұрайық. «Қазақ» газеті: «Барыңдар да барыңдар» деп жар салды емес пе?! Ахметшіл болып жүргенің қайда? Ахметтің тілін неге алмайсың? – деді Бұқар.

-  Оның бәрі рас. Ол бірақ ту көтерілмей тұрғанда еді. Енді көтерілген туды құлатпау керек. Әрине, орыс халқының күшті екендігіне қарағанда, олармен соғысу – текке қан төгу. Бәріміз жеңілеміз дедім. Басқа одан да маңыздырақ болжамдар жасасаң, мүлде олай емес екен. Соғысатын жер – тау, тас. Зеңбірек ол арадан өте алмайды. Оның үстіне біздің жақтың ішінде әйел бар. Мен бұған үлкен мағыналы мән беремін. Менің ойымша, бұл бізге жіберілген әулие. Сондықтан біз өлмейміз.

Асқар мырс етіп күліп жіберді де:

- Сенің әйелің Францияда болған Орлоттың қызы дейсің бе? – деді. «Орлоттың қызы» деген сөзді Асқар орысшалап айтты.

Сәрсенбек тоқтамастан сөйлей берді:

-  Орлот-морлатыңды білмеймін. Мен Ауропаға шорқақпын. Жалғыз-ақ айтарым: Алатаудағы жігіттердің ішінде Жұпар деген қыз әулие бар. Оны бізге «намысыңды оятыңдар» деп Жаратушының өзі жіберді.

- Сен оның әулие екенін қайдан білесің? Бай алмай жүрген қазақтың қызының бірі шығар? – деді Бұқар.

- Жоқ, Бұқар! Ол қыз туралы  ең көбірек білемін. Ол қыздың ғашық болған адамына мен өте жуық болдым. Оларды кедергілер қоспады. Біздің заманымызда сүйгеніңе қосылу деген өте қиын.ол қыз бақытын таппағанына өкінбес, өйткені ел үшін бел буып, тәуекелге барғанын көрмейсің бе? Оның бер жағында өмірімдей жақсы көретін бір адамым сол қызға серіктес болып тағы кетті. Бұндай кезде оқу оқып қалай жүруге болады? Бұл аз десеңіз, екі жерде өзіме лағынет айтқам. Бірі – өзімнің жақыным маған қатты ренжігенде, екіншісі – Бұқар өзіңмен бірге казарманың жанында топтасқан қазақтарды көруге барғанда. Көп халықтың ішінен «лағынет», «лағынет!»  деп жатты. Әрі зәрлі, әрі аянышты, мұңлы естілді. Өз халқым маған «лағынет!» деп айтпасын. Өздерінің адал перзенті екенімді білсін, көрсін. Мен сол үшін не көрсем де солармен көрем! – деді Сәрсенбек.

- Менің саған айтқан сөзім қайда, «Туыс пен ағайын арасына жік салып» деп. Сен оны теріс ұғынды ма десем, олай емес екен! Қазақ айта береді. Оның айтқаныңа қарасаң, біз бәріміз жаулық киген қатын алуымыз керек. Қайсымыздың ісімізге «Тәңір жарылқасын!» айтып жүр. Бізге «Тәңір жарылқасын» айтатын халге әуелі қазақ жетсе, мұндай надан болмас еді. Онда біз революционер болып кетсек, шетімізден ренжіп өкінбес едік. Біз қазір нағыз Ауропаның революционеріндей тәртіпті, жігерлі, өліспей беріспейтіндей өзімізге өзіміз сенімді бола аламыз ба? Кешегі Кенесарының заманындағыдай бізде бейберекеттік, ақылсыздық, әліне қарамай көзсіз ұмтылатындық болмаса қайтсін. Кенесары 60 жыл бұрын Сарыарқаны қанға боямаса, біз ендігі елін салған тып-тыныш жұрт болар едік… – деді.

Бұқар Сәрсенбекке жағыңқырамай жүруші еді. Ендігісіне не жорық? Кенесары кім? Бұқар кім? Неге соны ойламайды? Кенесарыны сөккені – көз жұмбайлық, көріне жамандау ғой. Осы сөзінен кейін Сәрсенбек Бұқарды мүлдем жақтырмай ашуланып кетті. Орнын ұшып түрегеліп, тез-тез сөйлей жөнелді.

- Мен Бұқар, сені ұға алмаймын. Бәріміздің басшымыз, патшамыз Кенекеңді пәлен деуге қалай аузың барады? Ойың да, болжамың да біртүрлі. Кенесарының саяси қыры қалай? Тәуке бидің жер туралы жасаған заңын білесің бе? Тәукенің заңы осы күнгі заңнан қай жері кем?  Сарыарқаны мұжық қаптады. Жер туралы Кенесарының ойы қандай еді? Әрине, қырғызбен соғысты. Ол үшін кінәлауға болады. Бірақ Кенесары бүлдірді дегенің – ол қателескенің. Біз осы күнгі жүрген ауропашалатып алған революционерлер Кенесарыдай артымызға атақ-даңқ қалдырсақ жарар еді. Кенесарының заманында соғыс құралы – мылтық, зеңбірек болды болғанда. Қазақ сонда да қарсы тұра білген. Менің бұрыннан тілегім осы секілді оқиға еді. Әрине, ерте уақытсыз қандай болғанда да жүрегім бір нәрсені сезеді. Бізге осы істің ақыры қайырлы болады. Жақсылықпен бітеді, – деді Сәрсенбек.

Манадан бері үндемей отырған Асқар өкінішті жүзбен:

- Бәрі бұзылды! Барлық пылан, тып-тыныш, жап-жақсы болып келе жатыр еді. Бунт. Мыж-қыж! Жапония секілді оқып-жетіліп алып, бірақ істейтін жұмысты кәкір-шүкір адамдар келіп, бұзды да жіберді, – деді.

Сәрсенбек ашуланған бойы Асқарға қарап:

- Сен Жапония деген сөзді біліп айтасың ба, білмей айтасың ба? Қазақ Жапониядай болу үшін кемінде елу жыл керек. Жапониядай еркін, өз алдына тәуелсіз ел болу керек. Орыстың патшасы мен төрелері тұрғанда Жапония түсіңе де кірмейді. Бұл пікірді мезгіліне жеткендей айтайын деп жүр едім. Ту мезгілінен бұрын көтерілді. Мезгілінен бұрын айтуға тура келді, – деді.

Сәрсенбектен басқасы езу тартып күлді.

-       Сонымен кететін болдыңдар ма? – деді күрсініп Бұқар.

Сәрсенбек шапшаң пышақ кесіп өткендей:

-       Кетеміз! – деді.

Бұқар мен Асқар түрегелді. Сәрсенбек, Қабдеш екеуімен құшақтасып, қоштасып үйден шығып жүре берді. Олар кетісімен асығып-үсігісіп бұл екеуі де киіне бастады. Киініп болған соң Сәрсенбек Қабдешке қарап:

- Қабдеш, бата оқимыз ба? – деді. Бата қылуға Қабдеш қолын жая беріп еді, Сәрсенбек Қабдешке қарап:

-Жоқ, солдатым, олай емес! Сен үйдің ортасында тұр, мен батаны оқиын! – деді. Қабдеш түсініп екі қолын жанына жіберіп, сымдай болып тұра қалды. Сәрсенбек батасын оқи бастады… «Аллатағала беталдымыздан жарылқасын!» – деп беттерін сипады.

Енді бұйрықты үнмен: Оңға, солға, айнал! – деп еді, Қабдеш ұршыққа айналып барып бетін есікке беріп тұра қалды. – Алға тарт!

Екеуі еденнің тақтайын тықылдатып, сап түзеп далаға шыққанда, қас қарайған екен.

* * *

Тамақтанып алған екі жігіт үюлі шөптің ішін қуыстап алып, жасырынып дем алуға жатты. Көпке дейін ұйқылары келмей қойған соң, түндегі уақиғаны естеріне алып, әңгімелесті. Қабдеш аттың аяғына оқ тиіп, қалай құлағанын айтты. Сәрсенбек соғысқа келе жатқандықтан ба, бір ой басып, көбіне үндемей жатты. «Заманның бәрі соғысқа айналып бара жатыр ма, қалай?» деп ойлады да, сол ойын Қабдеш айтты.

Ал, Қабдеш болса көптен мазалап жүрген жайды білгісі келіп:

-       Сенің ойың қалай, Сәрсенбек, түріктер жеңе ме? – деді.

-       Әрине, түрік жеңеді. Түрік жеңбейді деу – ағаттық, – деді Сәрсенбек.

- Япырмай, орыс жұртының түрік дегенде жыны бар. Былтыр түріктер соғыс ашқанда школдағы балалар мені «түрік, түрік» деп қыр соңымнан қалмады! – деді Қабдеш.

- Түрік дегенде жыны болмай қайтсін? Орыстың ең адамы дегеннің бірі  - Достоевский. Оның өзі түрік соғысы уақытында түрікке қарсы жарнама жазған. Осы күні Стамболды аламыз дейтін көрінеді. Стамболдың маңына бара алмайтынына иманым кәміл, – деді Сәрсенбек.

- Соғыс мәселесін ойлағанда өзіміздің қазақ қалай болар екен деп ойлаймын, – деді Қабдеш.

- Тұп-тура анығын айтшы, Сәрсенбек! Қазақ неше жылда нағыз Жапониядай болады? - деді тағы да ол.

- Елу жылдай деп жүрміз! Қайдан білейін?! Бірақ биыл жаздан бері маған екі үлкен ой келіп жүр. Оның бірі – кешегі айтқаным. Қазақ Жапония секілді болу үшін өзінің елдігі өзінде болу керек. Онсыз қазақ бәрібір оңалмайды. Екінші ойымнан кетпейтін бір нәрсе – қазақтың жерінің тым үлкендігі. Қазақтың санына қарағанда осы отырған жерінде бұл қазақтай енді он есе халық болу керек. 70 миллион Жапонның отырған жері біздің бір үйездің жеріндей екен. Қазақ анық ел болу үшін оған шаһар салу керек. Шойын жол түсіру керек. Бұның бәрі істелген соң халық жиі отыру керек. Зауыт, фабрик орнатылу керек. Олай істемей, осылай жүрек берсек, бұл айтқанның бірі де болмайды!

-       Сенің ойыңша қазақты қалай жиілету керек? – дейді шыдай алмай Қабдеш.

-       Менің бір пыланым бар, бірақ ол қазір іске аспайды, – деді.

- Ол ойың қазір іске аспаса да, түсіндіріп айтшы, қашан естігенше менің шыдамым жетер емес, – деді Қабдеш.

Сәрсенбек саспай:

- Ол пылан: Барлық қазақ баласын Сарыарқаға жинау. Ақмола мен Семей облысы барлық қазақты сыйғызады. Ең жаманы мұндағы орыстарды ол жақтан көшкен қазақтың орнына орналастыру. Жерді өңдеуге қайта ол жақ жақсы. Қостанай, Ақтөбе, Орал – осының бәрі егін салатын жер. Мұжықтар онда барса, шаш-етектен пайда табады.

- Орыстың қамын жемей тұра тұршы. Әуелі қазақты жарылқап, сонан соң орысты сөз қыларсың! – деді Қабдеш.

Сәрсенбек күлді де, Қабдешті еркелетіп:

- Асықпа, қазір бәрін айтып берейін. Иә, сонымен барлық қазақ баласы Сарыарқаға жиылды. Менің ойымша, нағыз қазақ болу үшін біртұтас жерде бірыңғай орналасса жеке ел болып қалыптасар едік. Сонда қазақ Жапония сияқты елге айналар еді. Салынып жатқан шойын жолдар: Атбасар, Ақмола, Шідерті, Кереку, Қызылжар, Көкшетау араларына жүргізілсе; Омбы, Баянауыл, Семей жолы салынса, Қарқаралы, Аягөз, Әулиета арқылы жолдар қатынаса, шіркін, қандай жақсы болар еді.

-       Шідерті деп жатқаның не?

-       Жердің аты. Ақмола, Шідерті…

Сәрсенбек өзі де қуанып кетті. Шөптің астында жатқан аяғы қозғалғандай болды.

- Менің болжауымша, Ақмоладан кейін – Шідерті. Сол жерге ең үлкен шаһар салса. Оған тақау Кереку – маңайы толған зауыт, фабрик. Міне, бұларға қоса таскөмір, тұз, қорғасын тиелген сан мыңдаған шақырымнан теміржолмен вагондар әлгі мен айтқан Шідерті шаһарынан жан-жаққа тарап, түйісіп, ерсілі-қарсылы тоқтаусыз жүріп жатса кереметтің көкесі сол емей, немене! Үлкен өндіріс болған соң, оған жұмысшы да көп керек. Мыңдаған, миллиондаған қазақтар жұмысшы болып істесе өз жерінің байлығының рахатын көргені емей немене?! Бұл дегенің адам айтқысыз жаңару болар еді. Ар жағында Ертіс жақын. Керек десең, су бойымен де шаһарға неше түрлі бұйымдар да келе бастар еді. Сөйтіп, ұлғая-ұлғая енді елу жылда осы күнгі Әмериканың ең үлкен қаласы Чикагодай болар еді.

Қабдештің сұрағын күтпестен Сәрсенбек қызып кетті білем, әрі қарай сөйлей берді:

- Менің бұл айтып жатқан пікірлерім өз басымнан шығарылған қиял емес. Бұның көбін бізден бұрын елдің қамын ойлағандардың бәрі де айтқан.

-       Япырмай, кім айтты екен, Сәрсенбек? – деді Қабдеш.

«Әу»  деген Сәрсенбек дауысын қатайтып:

- Сен Абылайға қалмақтың ханы Қалдан серінің сөйлескенін естідің бе? Естімесең көңіл қойып тыңда!

Абылай аң аулауға шыққанда, қалмақтарға кездеседі.

-       Уа, кімсіңдер? – деп сұрайды.

- Біз – қалмақтың ханы Қалдан Серінің қолымыз. Абылайды шапқалы барамыз, – дейді олар.

Абылай «өзім жоқта тыныш жатқан елді тонап кетер» деп ойлайды да:

- Іздегенің Абылай болса, Абылай – мен. Мені ұстап апар ханыңа. Елімді бүлдірме! – дейді.

Абылайды Қалдан Серіге алып келеді.

-       Уа, Абылай. Мұнша менің елімді неге қырдың? – дейді Қалдан.

- Оны менен сұрама! Қазақтың халқынан сұра! Мен – қазақ халқының дегенін істейтін оның қолымын! – дейді Абылай.

Абылайды өлтірмек болады. Басын алардың алдында Қалдан Серіге алып келеді.

- Уа, Абылай, дүниеде не арманың бар? Айт өлеріңнің алдында! – дейді Қалдан.

Сонда Абылай тұрып сөйлейді.

- Уа, Қалдан, тірі болсам, айтатын сырым емес еді. Басым алынғалы тұр! Сен сұрадың, мен айтайын!… Дүниеде үш арманым бар. Оның бірі: тірі болсам алты алаштың баласын біріктіріп, Ертістің бойынан қоныс әперіп қатардағы ел қылармын деп едім. Бұл арманыма жете алмадым.

Екінші арманым: қол-аяғым байлаулы тұр. Қолдарыңа қапыда түстім. Абылай деген атым бар еді ғой, тым болмаса сендермен соғыста өлмедім. Бұл да мен жетпейтін арман болып барады. Үшінші арманым: ойлаған ойымды, істеген ісімді тапсырып кетерлік артымда өзімдей перзентім жоқ. «Қайран елім жерсіз қалдың-ау» деп өкіндім! Бұл – ең зор арманым! – деп Абылай көзіне жас алыпты.

Қалдан Сері бармағын шайнап жіберіп:

- Уа, Абылай, сен жалғызыңның жоқтығын айттың-ау! Менмен екенсің. Сені өлтіріп болмас! Бар, шырағым, жүре бер! – деп Абылайды босатып жіберіпті…

Сәрсенбек әңгімені бітірді.

Қабдеш бір-аз үндемей жатты. Бір шама үнсіздіктен кейін:

- Япырмай, Сәрсенбек! Сен осынша қазақы әңгімелерді қайдан ести бергенсің? – деді.

Сәрсенбек бұл сөзге жауап бермей, басталған әңгімені  соңына дейін аяқтайын деген болар, сөзін әрі қарай сабақтады:

- Абылайды әлгі екі арманы менің жаңағы айтқан пікіріме жанаспайды. Әрине, Абылайдың заманында шойын жолдар сөз болуға тиісті емес. Ол кезде шойын жол жоқ. Арғы негізінде Абылайдың арманы – дәл жаңағы айтылғандар екені айдан-анық. Егерде Абылай XX ғасырда туса, ол да мен айтқанды айтпасына кім кепіл?

Қабдеш жаны кіріп:

- Япырмай, Абылай осы күні неге тумады екен? – деді.

Сәрсенбек салмақты дауыспен:

- Бір есептен мен Абылайды жек көрем. Абылай өте өзімшіл, күншіл болған. Алдына жүгініп келген адамдарға еш уақытта өмірлік бітім айтпайды екен. Бәрі бірдей тату болса, мені қадірлемей кетер дегені, бәлки. Әлгі айтылған армандардың орындалмауына себеп болған Абылайдың сол өзімшілдігінен шығар. Орыстың Иуан патшасындай болса, әлде қайтар еді?

Қабдеш мұңайып үндемеді. Сәрсенбек те сөзді арман қарай айта бермей тоқтатты.

Дәл сол кездегі екеуінің ойы: «Сорлы қазақ, сорлы қазақ!» деген сөздер еді.

 

Орынбор қаласы,

1922-1925 жылдар

“Abai.kz”

 

Related Articles

  • АЛАШ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҮРІМШІДЕН ҚАЙТЫП КЕЛЕ ЖАТҚАНДА

    Болған оқиға ізімен Болған оқиғаның ізімеН…   Алаш жұртының бір емес, бірнеше съезі өтіп, Әлиханның Колчактан беті қайтып, “Енді қайтып тәуелсіз ел боламыз” деп жүрген кез еді. Семй Алаш қайраткерлерінің ордасы еді. Семейде жүрген Ахмет Байтұрсынов бастаған бір топ алашордашылар Қытай шекарасындағы Үрімші қаласына барып, ондағы қазақ жұртының хал жағдайын біліп қайтуға жолға шыққөан. Ол кезде Үрімшінің көбі қазақ еді Үйлері негізінен саздан құйылған. Орта Азияның көп қалаларын еске салғандай. Біраз үлкен кісілер мен жастар Ахаңның төте әліпбиімен кітап газет оқиды. екен. Ахаңды бұрын көрген адамдар да кездесті. Дегенмен, Ахаң Үрімші қазақтарының тәелсіз автономия құру туралы ойлары да жоқтығын байқаған. Соныменг, Үрімші қазағының және Қытайға жақын басқа ұлттардың басты тұрмысы

  • БІР АУЫЛДАҒЫ  ЕКЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

      Жұмат  ӘНЕСҰЛЫ   ( Махаббат туралы әңгіме) “МЕН СЕНЕН БАСҚАНЫ ӨЛГЕНШЕ  КӨРМЕЙМІН ДЕП СЕРТ БЕРІП ЕДІМ ӨЗІМЕ” “ДЕДІ БУЫНЫП ӨЛЕЙІН ДЕП ЖАТҚАН МАЙСА ДЕГЕН ҚЫЗ.. Бұл БАЙТӨБЕ деп аталатын ауыл. БҰРЫН ҮЛКЕН ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫ БОЛҒАН.ОҚУ АЯҚТАЛЫП, МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕР МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ АЛМА БАҒЫНДА МЕКТЕП БІТІРУШІЛЕРДІҢ ТОЙЫ МЕН  СЫНЫПТАС ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ТОЙЫ БІРГЕ ӨТЕІЗІЛЕТІН БОЛҒАН. ЖАРАСТЫҢ ƏКЕСІ ФЕРМЕР, АЗДАП ЕГІСТІГІ БАР. Ал Жараспен біргн оқыған Əміренің əкесі əкімшілікте қызмет жасайды, əрі жеміс өсіреді. БҰЛ ЖАРАС ПЕН МАЙСАНЫҢ ҮЙЛЕНУ ТОЙЫ БАСТАЛАЙЫН ДЕП ЖАТҚАНДА БОЛҒАН ТРАГЕДИЯ. ЖАРАС ПЕН МАЙСА МЕКТЕП БІТІРІП,, ӨЗ СЫНЫПТАСТАРЫМЕН МЕКТЕПТІҢ ЖАНЫНДАҒЫ ҮЛКЕН БАҚТА ҮЙЛЕНУ ТОЙЛАРЫН МЕКТЕП БІТІРУ ТОЙЫМЕН ЖАЛ,ҒАСТЫРМАҚШЫ ЕДІ. МЕКТЕПТІҢ БАҒЫ АЛҚЫЗЫЛ ГҮЛМЕН ЖАЙНАП ТҰР. оҒАН ТҮРЛІ ТҮСТІ ЛАМПАЛАР ҚОСЫЛҒАН. сЫРТЫНАН

  • МӘҢГІ ҚАЗАҚ(ертегі фэнтези) 

    ҚАЗАҚТАРҒА ЖАСАлып жатқан  ҚИЯНАТ КӨП БОЛҒАСЫН, « Мәңгі қазақ» атты әңгіме жазсам деп жүретін едім. Осыдан бір күн бұрын сол әңгіменің сюжетіне келетін түс көржім. Кешеден бері жазуға кіріссем бе деп жүр едім, сәті бұгін түскен сияқты. ЖҰМАТ ӘНЕСҰЛЫ Өте ертеде емес, бүгінде емес, ғылым докторлары Санжар мен Балжан институтта қызмет ететін.Өздерінің лауазымдарына қарай қарапайым екі қатарлы жақсы салынған коттеджде тұрды.Интеллигент адамдар өмірдің қиындықтарына көп мін бере қоймайды ғой, Өмірлері мәнді, жайлы өтіп жатты. Жақсылықта көп күттірген жоқ, Санжар мен Балжан ұлды болып, коттеджде шағын той өтті. Неге екенін қайдам, әке шешелері ақылдасып, ұлдарыныі есімін Аңсар деп атаған. Аңсар ертедегідей тез де өскен жоқ, кеш те өскен жоқ. Тәрбиелі жігіт болып

  • СУ ІШКЕНДЕ ҚҰДЫҚ ҚАЗЫУШЫНЫ ҰМЫТПА

    (23 – әңгіме) БАЙАХМЕТ ЖҰМАБАЙҰЛЫ — Біздің заманда сендерше киімнен-киім таңдайтын жағдай қайда, жамап-жасқап, тон, шалбар кисек те жететін. Сөйтіп жүріп аянбай еңбек еттік. Бүгінгі күн басатын жолды ол кезде айлап жүрдік, тіпті бүгінгідей дүниенің төрт бұрышынан хабар тауып отыратын жағдай қайда? — деген қария немересінің жұмыстың қырын білмей, тік қасық болып өсіп келе жатқанына наразы бейнесін аңғартып, өз өмір кешірмесінен кеңестер қозғаған. Немересі: — Ата, сол дәуірде туған өздеріңіздің сорлы болған тәлейлеріңізден көрмейсіз бе? Оларыңызды бізге айтпаңыз, —демей ме. Ашудан жарыларман болған қария: — Е, ондай болғанда «Ұрпақ үшін бақыт-байлық жаратсам» деп тер төгіп, жан қиып, азып-тозған ата-бабаларың сендерге айыпты болғаны ғой. «Теңдік үшін» деп әкем оққа ұшты. Ал

  • Мұхтар Мағауин: ОРАЛХАНДЫ ДА, ҚҰДАЙЫҢДЫ ДА ҰМЫТҚАН ЕКЕНСІҢ…

    яғни, Д.Исабековты тәубаға түсіру рәсімі Республика президентінің қолынан биік марапат алып, желі көтеріліп тұрған Д.Исабеков, мына біз сияқты пендесіне көңіл бөліп, «Мұхтар Мағауиннің бүкіл позициясы маған ұнамайды» деген түйінді тақырыппен сұхбат беріпті – Nege.kz, 10.ХІ.2022. Бір заманда таныған, білген, енді көзден таса, көңілден өшкен жазарманның, тәрізі, қырық-елу жыл бойы іште булыққан жүрекжарды толғамы. Жарыққа шыққан кезде біз тарихи-танымдық «Алтын Орда» кітабын дендеп, қажетті тынысқа Эрнест Хемингуэйдің ескі жұрты – жылы теңізге бет түзеген едік. Енді міне, екі аптадан асқанда қайрылып соғуға мүмкіндік таптық. Артықша қажеттіліктен емес, әлдебір әуесқой ағайындар дүдәмалда қалмасын деп. Алдымен, айқайлы сұхбатты оқымаған бүгінгі жұртшылық үшін, ең бастысы – Д.Исабеков бауырымыздың мүбәрак есімін кейінгі заманға ұмыттырмай жеткеру

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: