|  | 

Көз қарас

ТЕРРОРИЗМ ҚАУПІ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

 

Соңғы уақытта терроризм әлемдегі ең қызу тақырыпқа айналды. Радикалды топтар қауіпі біздің ел үшін де алыс тақырып емес. Ғаламторда жиілеген Сириядағы джиһадшы қазақтар видеосы бұл тақырыптың біз үшін өзектілігін тіптен арттыра түсті. Осыған орай лаңкестікке қатысты бірнеше өзекті сауалдың жауабын сарапшылардан алуды жөн көрдік.

1. Соңғы кездері елімізде джиһадшы балалар, Сирияға аттанған қазақтардың қарасы көбейіп кетті. Қазақстандағы террористік қауіп деңгейіне қандай баға берер едіңіз?

2. Жастар діни экстремизмді на¬сихаттайтындар үшін «оңай олжаға» айналып жа-тады. Өйт¬кені, жастар олардың ық¬палына төтеп беруге қау¬қарсыз. Жастарды қор-ғаудың қандай әдістері бар?

3. Бүгінгі терроризм әлемнің барлық мемлекеттеріне қауіп төндіріп отырған жаһандық фак¬торлардың біріне айналған. Террозимнен қорғану үшін елімізде қандай шаралар атқа¬рылуы тиіс?

4. Мысалы, джиһадшы ба¬ла¬ларға қатысты видеоны бұғаттау, Сириядағы азаматтардың Қазақстан азаматтары еке¬нін жоққа шығару сынды ҰҚК әдістері дұрыс па? Мұндай мәселені шешудің орнына оны жасыруға тырысу әдісінің салдары қандай болмақ?

Айдос САРЫМ, саясаттанушы
1. Бүгінгі күннің басты ерекшелігі – ешбір ел өзін террористік қауіптен адамын, бізге қауіп ешқашан, еш жерден келе алмайды деп айта алмайтын жағдайға жетті. Ал егер Қазақстанның бірнеше ірі державалардың қызығушылығы мен мүдделерінің тоғысында тұрғанын, елімізде әсіредіншіл топтардың тамыр жібергенін, халқымыздың әлеуметтік және экономикалық жағдайынын біркелкі еместігін, алдағы жылдары экономикалық дағдарысқа байланысты халықтың бақуаттылығы одан әрі төмендеуі мүмкіндігін ескеретін болсақ, біздің еліміз террористік қауіп деңгейі тұрғысынан қауіпті аймақ қатарына әбден жатқызуға болады. Оның үстіне еліміздің біраз азаматы Ауғанстан, Пәкстан, Сирия, Ирак сияқты терроризм жайлаған мемлекеттерде қылмыстық әскери дайындықтан өтіп, әскери тәжірибе жинақтап жатқанын еш естен шығармауымыз керек. Террористік қылмыс, экстремистік үгіт-насихат жасаған талай адам бүгінгі күні айыпты деп табылып, түрмеде отыр. Отырғанда қарап отырған жоқ, өзіне жақтас тауып, өздерінің үгітін жалғастырып жатыр. Бұлардың барлығы да түрмеден шыққан соң айға ұшып кетпейді, ел ішінде қалады. Шетелде тәжірибе жинағандар кез келген уақытта қайтып келіп, өздерінің шетелдік басшыларының тапсырысымен «үлкен джиһадты» біздің жақта жалғастыруы әбден мүмкін.
2. Сұрағыңыз орынды. Менің білуімше, бұл індетке қарсы тұрудың үш жолы бар сияқты. Біріншіден, жастардың білімі мен мәдениетінің деңгейін арттыру. Қазақ пен әлем тарихы, мәдениеті, ғылымның өркендеуінен бейхабар адамдар әсіредіншілдердің арбауына бірінші болып түсіп жатады. Жастардың арасындағы құқықтық білім мен мәдениетті де осының арасында еселеп арттыру қажет. Өкініштісі, біздің билік авторитарлы билік, ал авторитарлы билік халқының арасында ағарту жұмысының жүргізілгеніне атымен қарсы. Ал шын мәнінде халқымызға бүгін ең керекті дүние – халық ағарту жұмысы. Биліктің қорқатыны түсінікті: көзі ашық, санасы ояу халық авторитарлы билікке қарсы, өз есебін жақсы біледі, түсінеді. Бұндай халық елді жегідей жеген жемқорлыққа, атқарушы биліктің озбырлығына қарсы болады. Бірақ, билік бүгін ағарту жұмысын бастамаса, осындай жұмысты атқарамыз дегендерге қарсы шықса ертең талай опық жейтіні айдан анық. Бүгін азды-көпті оппозиция¬ны, ұлтшылдарды ауыздықтаймын деп, ағарту жұмысына балта шапса, ертең бұл билік лаңкестер мен джиһадшылармен бетпе-бет келгенде жалғыз қалады.
Екіншіден, жастарды қазақ ұлттық, мемлекетшілдік құндылықтарға баулу қажет. Бүгінгі күні Сириядағы лаңкестердің арасында қазақ тілін білмейтін, қазақ мәдениетінен ада, қазақшылықтан мүл¬дем бейхабар адамдардың көп болуы тегін емес. Әрине, мәселе тек тіл мен тарихта ғана емес, бірақ шынайы қазақы ортада өскен, қазақы құндылықтарды бойы¬на сіңірген, өзін «алдымен – қазақпын, сосын – мұсылманмын» деген қазақ жас¬тары ешқашан Сирияға барып біреудің мүддесі үшін қиянатқа, өлімге бармас еді. Бүгін террористер мен экстремистерге қарсы төтеп бере алатын жалғыз идея, жалғыз күш бар. Ол – қазақ ұлтшылдығы. Күші, қаны, тереңдігі жағынан әсіредіншіл идеялармен, тұжырымдармен пара-пар келетін, тіпті олардан асып түсетін жалғыз жанкешті күш, идея, балама тек қазақ ұлтшылдығы, мемлекетшілдігі. Осы идея¬ларды билік мемлекетті нығайту, экономиканы өркендету, елді модернизациялау үшін пайдаланғаны абзал. Егер билік киген «тақиясына» сеніп әсіредіншілдерді өз қанатының астына алып, есесіне қазақ ұлтшылдарын тұншықтырып, елді одан әрі бұрынғыша билей береміз деп ойласа әбден қателеседі.
Үшіншіден, билік, қоғам, діни ұйымдар бірігіп, дін саласында, діни білім мен мәдениет саласында терең, кешенді реформалар жүргізуі керек. Қазақстанда бір ғана жамағат қалуы тиіс. Тарихи жолымызды ескере отырып, еліміздің түркі-мұсылман болмысын ескере отырып, оны «Алашия жамағаты» деуімізге әбден болады. Қазақстан жері, қазақ диаспорасы тұрып жатқан барша аумақ «Алашия жамағаты» деп танылып, Діни басқармамыздың канондық жауапкершілігі аумағы болып танылуы тиіс. Еліміздегі діни білім, діни насихат пен мәдениет жүйесі Діни басқармамыз бен мемлекеттік органдарымыздың басқаруымен жүргізілуі тиіс. Еліміздегі басқа бөтен барша жамағаттарға рахмет айтып, оларға «сау бол» деуіміз керек. Діни бағытта, діни бағыты бар білім, мәдениет таратып жүрген барлық шетелдік ағартушы ұйымдарды да құрметпен елден шығарып салуымыз керек. Еліміздің байлығы, білімі, мәдениеті, сапасы, әл-ауқаты қазақы құндылықтарға, мемлекетшіл идеяға қарсы келмейтін, аталарымыз ұстаған дін исламды насихаттауға, ұстануға толық мүмкіндік береді. Бұл айтып отырғандардың барлығы да ұзақ мерзімді, сапалы, саналы жұмысты талап етеді. Бір күннің ішінде қажетті деген нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Терроризмге, экстремизмге тек мемлекеттің, биліктің, күштік құрылымдардың күшімен төтеп беруге болады дегенге сенбеймін. Мүмкін емес дүние. Бұл барша қоғамның, барша саналы азаматтың, барлық қоғамдық күштердің, партиялардың ортақ мін¬деті. Билік өзіне тән менмендіктен, өзім¬шілдіктен бас тартып, халыққа, көпшілікке, зиялы қауымға сене бастауы тиіс, осыларға арқа сүйеуі керек. Басқа жолы жоқ.
3. Бұл сұрақтың бір бөлігіне
жауап берген сияқтымын. Айтқаннан тыс жасалатын шаруалардың қатарына елдегі демократиялық үрдістерді арттыру, елдің құқықтың мәдениетін көтеруді қосар едім. Ел азаматтарының елге, мемлекетке деген сенімін арттыру қажет. Өз еліне сенбеген, елдегі әділеттіліктің барына сенбейтін, билікті тек жемқор, озбыр күш деп санайтын қазақ жастары ертеңгі күні осы террористердің қатарын толықтыруы әбден мүмкін дүние. Жұрттың барлығын бірден бай қылу мүмкін емес. Бірақ баршаға ортақ тек мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге толық болады. Елдегі заң мен соттың құқын, әлеуетін, күшін еселеп арттыруға әбден болады. Ел ішінде жастардың, жас отбасылардың өзіне деген, болашағына деген, балаларының кемел келешегіне деген сенімін арттыратын әлеуметтік, экономикалық бағдарламаларды, жобаларды қарастыруға болады. Елдің көңілі тоқ болса, болашағына деген сенімі артса, билік әділетті болса, сот әділ болса ешкім өз еркімен лаңкестер қатарына барып қосылмайды.
4. Өз басым сайттарды бұғаттап, ақпаратты жасыру арқылы терроризмді жеңуге болады дегенге сенбеймін. Әсіресе, бүгінгідей ақпараттық заманда, интернет пен байланыс құралдары кең етек жайған заманда бұның барлығы күлкілі дүние. Террористер мен экстремистер поштасы, интернеті, тоғы, байланысы, ұшағы, пойызы жоқ заманда да етек жайған, мемлекетке, қоғамға қарсы жұмысын жүргізген. Әрине, террористерді барлығын еркінсітіп, тайраңдатып қой деген сөз емес. Оларға барлық алаңдарды ашып, насихат жүргіз деген сөз емес. Бірақ, қоғамның көзі ашық болуы керек. Қоғам ішінде барлық кешенді, маңызды мәселелерді ашық талқылайтын, зерттейтін, ба¬ғамдайтын мүмкіндіктер болуы керек. Егер билік барша еркін ақпарат арналарын
жауып тастаса терроризмді жеңе
алмай¬ды, керісінше, солардың әлеуетін арттырады. Терроризмнің басты нысанасы – қоғам, қоғамның санасы мен ойы. Қараңғы халықты қорқытып-үркіту оңайдың оңайы. Бәрінен бейхабар, еш ақпараты жоқ халықты алдау да, арбау да, жанын шығарып қорқыту да қиын емес. Қоғамда болып жатқан шындықты ашық айта білу, оны талқылай білу, сол мәселелер бойынша әділетті шешімге қол жеткізу зиялы, зерделі, парасатты қоғамның бірден-бір белгісі. Бұндай қоғамның ішінде лаңкестік әрекеттерді жүргізу, жасырын, астыртын әреке жасау еселеп қиындай түседі. Біздің билік пен күштік құрылымдар осыны естен шығармағаны дұрыс.

Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдары докторы, профессор
1. Бұл жерде өте терең жаһандық сұрқия саясат жатыр. Баланы құрал қылу, қолдану мәселесін айтып отырмын. Кезінде «Батыр бала Болатбек» тұлғасы қазір терроризмнің де құралына айналды. Шындығында бала бір отбасының ғана мүшесі емес, ол бір елдің, мәдениеттің өкілі. Біз балаға өзіміздің жеке меншігіміз ретінде өзім туған балам деген эгоизмнен әріге асқан емеспіз. Ал сыртқы күш олай қарамайды. Бала-шаға болсын ол кез келген социумнің өкілі, жаһандық саясаттағы субъект. Қазір мұсылман халқының барлық өкілдері ИМ қатарында бар. Бұл жағдайды ақпараттан да өзіңіз күнде көріп жүрсіз. Бұл нені білдіреді? Бұл діннің киелігінің, рационалдығының, құндылықтық құнының қалмағандығын, әсіресе, ислам дінінің іші бос, ешқандай нормалық қуаты қалмаған ұғымдардан тұратын діни екендігін көрсету сахнасы. Исламмен қорқыту, өзінен қорқу, үрейлену арқылы өркениеттік, мәдени болмысымыздан жеріту сценариі. Бұл сценарий диалектикалық мәндегі негіздерге сүйенеді. Бұл мұсылмандарды Батыс пен Шығыс арасындағы, ислам мен христиандық арасындағы ғасырлар бойы келе жатқан бәсекелестік пен бақталастық пен тақ таластыққа, өзара жарысқа тек қара күшпен жауап беруге итермелейді. Бұл роль Батыс саясатына керек. Оны исламофобия деп атаймыз. Біз Қазақстандағы діни ахуалдан да осы исламофобияның сұлбасын байқаймыз.
Мемлекеттік деңгейде терроризммен күрес бағдарламалары қабылданып жатыр. Қазір бағдарлама, жоба, дегендерің тендер сияқты жабық елге де қоғамға да беймәлім механизмдермен жүре беретін болды емес пе? Қоғам осы арнаға ақша аударылып жатқандығын біледі, бірақ қалай жүзеге асырылып жатқандығынан бейхабар. Мүмкін террор онсыз да үрейдің жатыры, оның ішкі мәнін ашып елді дүрліктірмеуді ойлайтын шығар деп үміттенемін. Бірақ сол террорға құрал болатын, сырттан келетін субьектілер емес, өзіміздің азаматтар екендігін ойлағанда, онда көп мәселе әлі түбегейлі, сарапталып шешімдер ұсынылып жатпағандығы көзге айқын көрінеді. Ең басты мәселе жастар мәселесі, оның әлеуметтік, экономикалық, құқықтық, психологиялық және саяси қабаттардағы орны мен қызметіне ғы¬лыми танымдық деңгейде баға берілмей келе жатыр. Ал діни мәселе ол жанама, әр азаматтың ішкі мәселесі екендігі белгілі. Терроризмге ислам дінін жабыстырып қосақтау ол да саясат. Сондықтан терроризмнің қаупі дегенде қоғамдағы жастар мәселесінің түбегейлі және рационалды шешілуіне қатысты мәселе деп қараймын. Мына жаһандық саясаттың қыспағынан қай ел өз жастарына еге болады, сол аман шығады.
2. Жастық потенциалды қолдану деген табиғи мәселе. Кез келген қоғамның қабаттарына ену сол жастық құбылысы арқылы мүмкін болады. Оңай олжа болатын себебі сондықтан… Жалпы қоғамдық қабаттар өз ішінде ғана емес, көршілес елдер, қала берді одан да әрі әлемдік құндылықтық ақпараттармен таныса алатын халдеміз. Қазір мына ақпараттық қоғамда ішіне бүрініп, имманентті идеология жүргізуге «мемлекет» құбылысы қауқарсыз болып қалды. Кеше мемлекет өзара идеологиялық ерекшеліктер мен құндылықтық шаб¬лондары арқылы танылып, адам факторына иелік ететін еді. Қазір барша адамзат атаулы «Жаһандық құбылыстар мен үдерістердің» ықпалында. Оны сол ықпалдан қорғау не оған қарсы иммунитет қалыптастыру деген ниет болғанымен, интернет оған мойынсынар емес. Жастардың діни экстремистік селге қарсы төтеп берер қауқары қайдан болсын, ол ең алдымен жартылай мемлекеттің функциясына кіруі тиіс мәселе. Жастардың өз ізденістері мен таңдаулары, танымдық негіздері, білім беру жүйесіндегі тәлімі мен тағылымы оларға азық қару болу керек еді. Бірақ жастарға олардың қай бағыт, арнада, құндылықтық шамада тұлғалық қасиеттерінің жиынтығына жауапты институттардың ролі туралы да сын айтпасқа болмас. Міне, бұл мемлекеттің қызметіне кіретін іс. Жастарға ұлттық болмыстық діни танымы мен тәжірибесі туралы да тарихи санамен өрілген білім беруді қанағаттандыра алдық па? Қазір жаһандық аренада дін құбылысы ең басты саяси шешімдер мен стратегиялық бағдарлар қатарына алынды. Мемлекеттілікті баянды ету жастарымыздың экзистенциялық ұста¬нымы мен танымына байланысты, олай болса, мемлекеттік идеология осы жолда өзінің келешегі жастық феномені үшін бүгін қамданбаса, ертең кеш болатын түрі бар. Жастықты да жастарды да бағыттау, қорғау, немесе өз болашағына пайдалы тұлға дайындау, мемлекеттің тікелей идеологиялық тетіктеріне қатысты.
3. Қазір үрей негізгі саяси стра¬тегиялық қаруға айналды. Мем¬лекеттің тұтастығы, қауіпсіздігі, тұрақтылығы, сая¬си еркі, сияқты платформалар тұтастай қауіп пен қатерге толы, қорғалуы тиіс ұстын болып тұр. Кімнен қорғаймыз, әрине сыртқы күштердің бағыттаулары мен саяси ойындарына құрал болып кететін ішкі өз азаматтарымыздан. Себебі біз ашық қоғамбыз. Азаматтарымызға сыртқы кез келген идеологиялық діни танымдық әлімен танымдарға тосқауыл қоюға да құқықтық, демократиялық, зайырлы елдігіміздің Конституциясы ыңғай бермейді. Бірақ біздің мемлекет мына Еуразиялық кеңістікте ең кемі төрт мың жылдық тарихы бар, дәстүрлерге жол салған орталық, көпір болған елдің мәдениеттік, өркениеттік негіздері бар ел. Кез келген сыртқы идеологиялық саяси қысымдармен тек өз тарихи тәжірибесі мен тарихи санасын, құндылықтық негіздеріне оралу арқылы ғана қорғана алады.
4. Айды етекпен жапқан ешкім жоқ. Қазір жаһандық ақпараттардан қашудың да реті жоқ. Соған қарамастан біздің елде бәрі орнықты, ал жаңағы жайттар, тек арандату ғана деп қарап отыру уақытша биліктің, уақытша мансап иелерінің амалдары дер едім. Әрине болған жайттарды терістеу, бол¬мағандай көрсету, немесе бұғаттап тастау, бізге қатысы жоқ деп алдарқату «боқты шапаныңмен жапқанменен, оның иісі бар» екендігін ұмыту сияқты «әпендінің тірлігі». Мен айтар едім, біздің мемлекетке ештеңеден сасып, үркудің керегі жоқ. Нақты шешімдер нақты стратегия, нақты қадамдар, нақты амалдар арқылы жауап беру керек. Мысалы ИШИМ-дегі қазақ өкілдері туралы нақты батыл шешімдер күтіп отырмыз әлі… Ал билік тым тырыс…Арты қайырлы болсын!!!

Мұхан ИСАХАН, Дін мәселерін талдау және зерттеу орталығының ислам бөлімі бастығы
1. Арнайы құзырлы орган жетекшілерінің «өзге елдермен салыстырғанда Сирияға джиһад жасауға кеткен 300
адам пәлендей қауіпті емес» деген мағынаға саятын басалқы сөздері елді шошытпау үшін айтылды деп ойлаймын. Ал, шын мәнінде солай ма? Әлбетте, қауіптілік рейтингісін санмен ғана өлшеуге болмайды. Осыдан екі жыл бұрын abai.kz сайтында алғаш болып «Сирияға қырық бала «джиһад» деп аттанған» деп мәселе көтерген болатынмын. Оған себеп сол уақытта Жезқазған, Сәтбаев қалаларында болғанымда салафи бағытын ұстанатын жергілікті азаматтардың Сирияға кетіп жатқанын қарапайым халықтан естіп білдім. Тіпті, кейбіреулері бір маусымға барып джиһад жасап келіп үлгеріпті. Құқық қорғау орындары іс қозғап, дінтанушы мамандармен оңалту жұмыстарын жүргізгенімен, толарсақтан қан кешкен, оның ішінде дін үшін жанымды шүберекке түйдім деген жансебіл рухтағы адам бәрібір қауіпті. Ең маңыздысы олардың қан төгуге
бойын үйретуі, джиһад деп жанұшырып, сол рухты өң бойына сіңіруі өте қауіпті. Осы себептен де меніңше, 300 адам емес, 3 лаңкестің өзі қоғам үшін аса қауіпті саналады.
2. Иә, ақ-қараны ажырата алмайтын әлі буыны қатаймаған, ақылы толыспаған жастар лаңкестер үшін «оңай олжа». Ақылы толысқан, егде тартқан адам әрбір істің салдарын бағамдай алса, керісінше жас буын қызуқанды, максимализмге жақындау болып келеді. Ал, сол отты жастарды Алланың разылығы үшін күресу деген ұран оларды одан бетер құтыртатыны бесенеден белгілі. Біз қанша жылдан бері мектептерге дінтану пәнін енгізуіміз керек деп жағымыз жар, тіліміз кез болып айтып келеміз. 2010 жылы мектептерге факультативті пән ретінде енгізу туралы шешім қабылданды. Бірақ, пәннің факультативті болуы әрі берілген сағаттар санының аз болуы, жас буынның діни экстремизге иммунитет қалыптастыруына сеп бола алмауда. Біз орта оқу ғана емес, арнаулы орта оқу, жоғары оқу орындарына да дінтану пәнін міндетті пән ретінде енгізуіміз керек. Одан басқа, қазір ҚМДБ-ға қарасты мешіттердің жанынан кешкілік курстар жұмыс істейді. Осы мешіттердің жанынан құрылған курстардың насихатын жасауымыз қажет. Ислами білім аламын деген талапкерлердді Нұр-Мүбарак университеті және колледждерге те¬ңестірілген елімізде ашылған он медреседе оқытуымыз керек. Шетелдерде тек белгілі бір уақытқа тәжірибе алмасу үшін, сондай-ақ ғылыми деңгейін көтеру үшін ғана оқытуға болады. Басқа жағдайда шетелдерде діни білім алуға жол бермеу¬ге тиістіміз. Былтырғы жылы алты айдай уақыт Египетте ғылыми жұмыс жасадым. Сонда Александрия қаласында жүзге жуық қазақтың балалары салафиттік бағытта білім алып жатыр. Оған тыйым салып жатқан ешкімді көрген жоқпын. Сирияға кеткен жастардың кейбірі осы Египет арқылы кеткен жастар.
3. Терроризмнің қорғану үшін жалпы халықтың діни сауатын арттыруға күш салуымыз керек. Және халықтың ислами білімін бірізделендіруге тиістіміз. Еліміздегі 2300-ге астам мешіттің басын қосып отырған ҚМДБ амалда ханафи, нанымда матуруди мәзһабын ұстанады. Осы екі мектептің ұстанымына қайшы келетін діни бірлестіктердің жұмыс жасауына жол берілген жағдайда қоғамда діни келіспеушілік орын алады. Оған көз жұмып отыра берсек оның арты содырлардың сойқанына айналатыны белгілі. Кезінде, ХІХ ғасырда В.Радлов алты мың шақырымдық аймақты мекендейтін Қазақ деген халықтың салт-дәстүрі мен ойлау жүйесі біртұтас екенін көріп, тамсанып жазған болатын. Ал, қазір сырттан келген діни ағымдардың белсенді жұмыс жасауына байланыс¬ты, Алаш баласы қаншама жамағатқа бөлшектеніп кетті. Сөз жоқ, бұл қазақ қоғамының ең үлкен қасіреті! Сондықтан терроризмге қауіпсіздік шараларымен бірге діни сананы біртұтастандыруға барымызды салуымыз керек. Сонда бізді жау ала алмайды деп ойлаймын.
4. Қазақ «ауруын жасырғанды өлім келіп әшкерелейді» дейді. Кез келген дертті жаба тоқығанмен, онымен ымырасыз күрескен әлдеқайда дұрыс болады. Сіз айтып отырған видеоны бұғаттағаннан гөрі, еліміздегі кейбір салафит шейхтары шетелдерде отырып алып аптаның белгілі бір уақытында «скайп» арқылы уағыздарын жасайды. Олардың уағыздарын мыңдаған азаматтар тыңдайды. Кибернетика ғылымында дауысты немесе кілт сөздер арқылы белгілі сипаттағы уағыздарды алдын-ала бұғаттап тастауға болады екен. Мен қауіпсіздік орындарына осы әдісті қолдануды ұсынамын. Сонда ел азаматтарының санасын улайтын ақпараттардың алдын алған болар едік.

Дайындаған Мадина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ

Ашық алаң

Related Articles

  •    ЕРОФЕЕВАНЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ БЕЙБАСТАҚТЫҒЫ  

       ЕРОФЕЕВАНЫҢ ҒЫЛЫМДАҒЫ БЕЙБАСТАҚТЫҒЫ  

       ӘЛҚИССА Әбілқайыр хан жайлы өрбіген қолайсыз әңгімелерге байланысты көлемді сын мақала жазып ек бұдан жиырма жеті жыл бұрын. Араша түсіп. Біреулердің айтып жүргеніндей емес деп. Дәлелдерімізді келтіріп. «Ана тілі» газетіне жарияладық, 1998 жылы. Бірде кітап дүкеніне бас сұққанымда көзім сөредегі «Хан Абулхаир: полководец, правитель и политик» атты кітапқа түсті. Қуанып, қолыма алдым. Ақтара бастадым. Баспадан 1999 жылы шығыпты. Авторы – Ирина Ерофеева есімді тарихшы екен. Тарих ғылымдарының кандидаты. Бұл – 2000 жылы жаз айы-тын. Сатып алдық. Оқыдық. 1710 жылы үш жүздің қазағы Қарақұмда Әбілқайырды хан қып сайлап алыпты. Ғазиз Тәукенің көзі тірісінде-ақ. Осыған сәл шүбәландық. Бірақ рас та шығар, оқиғаны арнайы зерттеген тарихшы айтып отыр ғой деп күдігімізді сейілтік.

  • Қазақ мектебінде оқитын 7 жасар бала орыс тілі сабағында неге орысша сайрап тұруы керек?

    Қазақ мектебінде оқитын 7 жасар бала орыс тілі сабағында неге орысша сайрап тұруы керек?

    Магнумды өзім мүлде ұнатпайды екенмін. Үнемі барсам, есі дұрыс көкөніс таппайтынмын. Ескірген, шіріген. Азық-түлікті тек базардан аламын. Бірақ магнумге байкотты тоқтатпау керек! Сонымен бірге, орыстілді кино, фильмдерге де байкот жариялау керек. Бірақ, одан күштісі, балаларыңды тек қазақша оқытып, қазақша тәрбиелеу керек. Бірақ, балаңды қазақша тәрбиелейін десең, тағы бір кедергі шығып жатыр. Ғалымдардың айтуынша, баланы 13 жасқа дейін қазақ тілінде оқытып, ұлттық құндылықтарды бойына, ойына сіңіру керек. Енді солай істеп жатсақ, 7-8 жасар қап-қазақша өсіп келе жатқан балаңды мектепте орыс тілін үйретіп миын ашытуға тура келіп отыр. Яғни, 2-сыныптан бастап орыс тілі мектеп бағдарламасында тұр. Бжб, тжб-сында орыс тілі мұғалімдері баланың орысша мазмұндамасын (говорение) тексереді. Талап етеді. Сонда, біз байғұс қазақ,

  • Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Саясаттанушы: Еуроодақпен әріптестікке Орталық Азия көбірек мүдделі

    Нұрбек ТҮСІПХАН Еуроодақ жетекшілері мен Орталық Азия елдерінің басшылары “Орталық Азия – Еуроодақ” саммиті кезінде. Самарқан, Өзбекстан 4 сәуір 2025 жыл 3-4 сәуірде Самарқанда “Орталық Азия – Еуропа одағы” саммиті өтті. Орталық Азияның ресми БАҚ-тары мен мемлекеттік құрылым сайттары Самарқан саммитінің “тарихи маңызын” айтып жатыр. Ал екі аймақ арасында осындай форматтағы алғашқы кездесуді сарапшылар қалай бағалайды? Азаттық тілшісінің сұрақтарына саясаттанушы Жәнібек Арынов жауап береді. – Орталық Азия және Еуроодақ саммиті қаншалықты тең жағдайда өтіп жатыр деп айта аламыз? – Орталық Азия мемлекеттерінің 30 жылдық сыртқы саясатына, тарихына үңілсек, Еуроодақ әрдайым тең дәрежеде жұмыс жасауға тырысатын үлкен әріптестердің бірі. Мысалы, АҚШ немесе Ресей не болмаса Қытаймен салыстырғанда мемлекет тарапынан болсын, қоғам

  • Енді қазақ тілін елемейтін мекеме байкоттың нысанасына ілігіп, шығынға бата беретін болады

    Енді қазақ тілін елемейтін мекеме байкоттың нысанасына ілігіп, шығынға бата беретін болады

    Кейде қоғамды бір ғана оқиға қозғалысқа түсіріп, іште қатқан шеменді жарып жібереді. Бұл жолы дәл сондай ахуал орын алды. Magnum дүкендер желісінде орыс тілді бір азамат қазақ тілін білмейтін курьерге шағым түсіріп, артынан дүкен әкімшілігі әлгі курьерді жұмыстан шығарып, мәселені жылы жауып қоя салмақ болғанда, жұртшылық оқыстан оянып кетті. Бұл тек бір азаматтың реніші немесе дүкеннің ішкі тәртібі емес. Бұл – тілдік теңсіздікке қарсы ұлттың рефлексі. Қазақтың өзі, өз жерінде, өз тілінде сөйлей алмайтын күнге жеттік пе деген сұрақ сананы сыздатып тұр. Өз елінде тұрып, өз тілінде сөйлемейтін азаматты қоғамнан аластатылуы ақылға симайтын дүние. Ал Magnum дүкендері желісі отты күлмен көміп қойғандай болды. Қазақ тілі – елдің өзегі. Оған жасалған

  • НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    НАУРЫЗ туралы маңызды құжат

    Ашық дереккөздерден 1920 жылғы 20 наурызда Ташкентте Тұрар Рысқұлов қол қойған Наурызды атап өту туралы бұйрыққа көзім түсті. Демек, биыл бұл тарихи құжатқа – 105 жыл! Алайда, арада небәрі алты жыл өткен соң 1926 жылы Наурызға тыйым салынды. Ал, 1920 жылы Түркістан Кеңестік Республикасының Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Тұрар Рысқұловтың тағдыры қандай қайғымен аяқталғаны баршамызға мәлім. Оны “халық жауы” деп танып, 1938 жылдың 10 ақпанында ату жазасына кескен… Нашел вот такой документ в открытых источниках: Приказ, изданный в Ташкенте Тураром Рыскуловым от 20 марта 1920 года о праздновании Наурыза. Получается, в этом году этому историческому документу исполнилось 105 лет! В 1926 году Наурыз оказался под запретом. А

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы:

Zero.KZ