|  | 

Саясат

МЕМЛЕКЕТШІЛДІК, ҰЛТШЫЛДЫҚ ЖӘНЕ РЕЖИМШІЛДІК ТУРАЛЫ БІР ОЙ

Еліміздегі саяси үдерістерден саяси күштердің мемлекетшілдік, ұлтшылдық және режимшілдік ұғымдарын шатастырып алғандай ой қалдырады. Соңғы уақытта жиі айтылып жүрген қазақстандық ұлт тұжырымдамасы соның айғағы болса керек.

Мемлекетшілдік идеясының негізінде – елдің тәуелсіз мемлекет ретінде, ұлт ретінде дамуын қарастыру идеясын жатқызуға болады. Мемлекетшілдік ресми билікті қолдаумен ғана емес, оған конструктивті сын айтумен де, халықты, мемлекетті кемелдендіруге шақырумен де көрініс табады. Ұлтшылдық ұлттық құндылықтарды мемлекеттік мүдденің орталық, негізгі мәселесіне айналдыру, ұлт мүддесін қорғау, ұлтты ұлт ретінде сақтап қалу, оның дамуына жағдай жасау идеясынан туындайтындығын түсіндірмесе де белгілі. Ал режимшілдік деген белгілі бір мемлекетте билікке жеткен саяси партияның немесе саяси лидердің бағытын қолдау болып табылады.

Өкінішке қарай, бүгінгі Қазақстанда осы үш ұғым тек шатасып қана кетпеген, саяси идеология мен процестің дамуын тежеуші негізгі факторға айналып отыр. Ұлтшылдық, өкінішке қарай, фашизм идеясының жалғасы, мемлекетшілдік интернационализм идеясының айқын айғағы бірлікке шақырушылық, ал режимшілдік бірінші кезекте мемлекетшілдік деп қарастырылады. Бұл түбірінде дұрыс емес ұғымдар. Ұлттық мүдде әрқашанда мемлекеттің негізгі мақсаты, тірегі болуы керек. Сонда ғана біз шынайы мемлекетшілдікке жетелейтін идеологияға бет бұрамыз. Сондықтан болар, қазақстандық ұлт идеясы біріктіруші фактордан ажыратушы факторға айналуы мүмкін. Себебі, өзге ұлт өкілдері қазақстандық болғаннан өзге ұлттың өкілдігінен бас тартпайды. Ал қазақ қазақстандыққа айнала алмайды. Себебі, қазақ – қазақ. Яғни, мемлекетшіл болу үшін бірінші кезекте ұлтшыл болуы керек. Ал мемлекетшілдік пен режимшілдіктің арасындағы арақатынас одан да айқын түсінікті. Қазақстанда Елбасымыздың саяси бағыты мен бағдарын қолдау нағыз мемлекетшілдік секілді көрінеді. Бірақ кез келген саяси жүйедегідей идеялар плюрализмі заманында өмір сүріп жатқан қоғамда бір идея абсолютті басымдыққа немесе саяси монополияға ие болмауы керек. Яғни, саяси сезімі оппозицияға итермелеген тұлғаларды да мемлекетшіл мәртебесінен айыруға болмайды. Мысал келтіру үшін алысқа барудың керегі жоқ. Қазақтың ұлы данасы Абайдың өзі – мемлекетшіл, ұлтшыл тұлға. Неліктен? Өйткені, қазақтың қамын ойлап, ұлтты модернизациялау керектігін уақытында түсінген адам. Бірақ Абайдың пікірлерінің көбі өз кезіндегі саяси биліктің жүзеге асырып отырған саясатына қарсы болды емес пе? Яғни, саяси сын мемлекетшіл адамдардың бойынан шығады. Себебі, мемлекетшіл адам өз елінің болашағына немқұрайлы қарай алмайды.

Режимшілдіктің де бірнеше көрінісі бар. Бір адамдар режимнің идеясын шын жан тәнімен қолдап, оның мүлтіксіздігіне сенеді. Енді бірі осы идеяларды жүзеге асыруда өз көзқарасын білдіріп, жаңа бағдар ой қорытуға тырысады. Енді бір жағдайларды режимшілдік жағымпаздыққа, эгоисттіке, саяси болашақты болжай алмаушылық яки саяси басырлыққа апарып соғады. Олар әдетте жеке мүдде басымдығына арқа сүйейді. Яғни, мұндай типтегі режимшіл адам өзінің бойынан ұлт болашағы жайлы ойды алыстау ұстайды. Себебі, ол адам үшін басқа адам ойлап тұжырымдамаларды жасап қояды. Ол – өзінің саяси еркінен бас тартқан адам. Ол сол режимшілдіктен саяси немесе экономикалық табыс табуды көздейді. Шындыққа мән бермейді. Себебі, шындық ащы болуы мүмкін. Қожайынға қызмет етіп содан пайда табуды көздейтін кейбір қайраткерлерге шындық керек емес. Себебі, олар өз мүддесінен басқа мүддені қабылдай алмайды. Біздің қоғамымызда қалыптасқан пікірге сай кез келген биік қызметке орналасқан адам, мемлекет және қоғам қайраткері. Бірақ бізде қайраткерліктің оң түсінігі бар ма? Сонда қайраткерлік тек қана мемлекеттік қызметте биік шен алумен ғана шектеле ме? Әрине, жоқ. Қайраткерліктің критериі осы мемлекетшілдік пен ұлтшылдық болуы керек. Өз билігінен айрылғысы келмегендіктен өтірік мәлімет беріп халқын алдаған шенеуніктен қандай қайраткерлік күтуге болады? Одан да сынын ашық айтып, елдің қамын ойлап жүрген азаматтар қайраткерлік қасиетке көбірек ие.

Қазақстан – ұлттық мемлекет құру жолындағы ел. Бұл, әрине, өзге ұлттарды басып-жаншу мағынасын білдірмейді. Бұл бірінші кезекте қазақ ұлтының құндылықтары мен қазақ елінің болашағының берік негізін қалау идеологиясына арқа сүйейтін мемлекет. Біз барлық ұлт өкілдеріне ешқандай қысым көрсетпей, өз ұлттық құндылықтарымызды сіңдіре алуымыз керек. Елбасымыздың «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» немесе «Қазақстанды біріктіретін негізгі фактор қазақ тілі» сөздерінің астарында да осы тұжырымдама жатқан болуы керек.

Бірақ бұл бағытта не істеліп жатыр? Осыған назар аударып көрелік. Көп жағдайда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде орнықпағандығын аңғару қиын емес. Біріншіден, Қазақстанда мемлекеттік тіл аударма тіл күйінде өмір кешіп жатыр. Яғни, ресми мәліметтердің көбі алдымен орыс тілінде жасалып, сосын қазақ тіліне аударылады. Бұл құжаттың сөлін жоғалтады. Екіншіден, мемлекеттік тіл саяси мәлімдемелер тілі болмай тұр. Еліміздегі жоғары лауазым иелері өз сөздерін орысша дайындап сосын оны күрмелген тілдерімен қазақшаға аударуы тиіс. Әрине, бұл тілді білуге деген ынтаның бір көрінісі шығар. Бірақ Қазақстан Республикасының атынан өзге елдерде, тіпті бұқаралық ақпарат құралдарында өз ойларын мемлекеттік тілде жеткізе алмайтын тұлғалар қалай елдің алдында есеп бере алады? Олар қалай мемлекетшіл, ұлтшыл бола алады? Үшіншіден, мемлекеттік тіл коммерциялық және өзге де операциялар кезінде қолданылмайды дерлік. Неліктен? Бизнестің тілі не орысша, не ағылшынша. Қазақтың тілі бизнес қауымдастықтың келіссөздерінде керек емес тілге айналып барады.  Бұл – қауіпті. Төртіншіден, әсіресе қалалық жерде орыс тілін немесе ағылшын тілін білу даму, өркендеу көрінісі деген қоғамда пікір қалыптасқан. Тіпті жұмысқа тұруға арналған хабарландыруларды оқысаңыз, онда орыс немесе ағылшын тілін білу талап етіледі делінеді. Қазақ тілі жайында тіпті ештеңе көрсетілмейді. Яғни, қазақ тілінің қолданылу аясы тар. Ал оны кеңейту үшін мардымды шаралар жүзеге асырылып отыр деп айта алмаймыз. Ал біз осындай жүйені ұлттық мемлекет, ал оны құрушыларды мемлекетшіл адамдар деп айта аламыз ба? Әй, қайдам. Біз бүгінгі шенеуніктерді ұлтшыл деп те мемлекетшіл деп те айта алмаспыз.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК

Abai.kz

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: