|  |  | 

Саясат Сұхбаттар

Келесi президент кiм болады?

Орталық Азиялық демократияны дамыту қорының бас директоры, саясаттанушы Тол­ғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА қоғамдағы көп про­цестердiң негiзгi себебiн президенттiң шынайы рейтингiсiнiң төмендiгiнен тарқатады. Сайлауға дауыс берушi­лердiң 95 пайызы қатысты деген көрсеткiштiң сыры да осында. Әрi оппозицияның басып-жаншылуы, Н.Назарбаевқа нақты қарсыластың шықпауы да осымен байланысты. Толғанай Бөденқызымен Н.Назарбаев билiкте қай уақытқа дейiн отырады, билiк қандай жолмен ауысады, Қазақстанның келесi президентi кiм болуы мүмкiн деген мәселенi тал­қыладық.

ШЫНАЙЫ РЕЙТИНГ ТӨМЕНДЕГЕНДЕ, ЖОҒАРЫ ПАЙЫЗ ҚОЛДАН ЖАСАЛАДЫ

Т.ҮМБЕТӘЛИЕВА

–             Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс сайлауға сайлаушылардың 95 пайызы қатысты деген деректi жария еттi. Толғанай Бөденқызы, сiз­дiң ойыңызша, бұл көр­сет­кiштiң шынайылығына сенуге бола ма? Рас болған жағдайда, мұны немен түсiндiресiз? Бұл азаматтық сана‑сезiм мен саяси мәдениеттiң өсуi ме, әл­де мұның астарында бас­қа нәрсе жатыр ма?

–             Бiрiншiден, сайлаушылардың мұндай жоғары пайызы сайлауға қатысты дегенге күмән келтiремiн. Әсiресе, Алматыдағы қатысу көрсеткiшi күмәндi. Қаланың тең жартысы марафонда болды, тағы бiр бөлiгi қаланың сыртында жүрдi. Өзiм де қаланың сыртына шыққан соң, қандай көлiк тығыны бол­ғанын көрдiм. Сондықтан мұндай көрсеткiштi беру арқылы асыра сiлтеп жiберген тәрiздi. Бұл ретте публицист Сергей Дувановтың “Алматы халқының отыз пайызы сайлауға қатысты” деген пiкiрi­мен келiсемiн.
Ал ендi бұл немен байланысты дегенге келсек, бiрiн­шi себеп – саяси мәдениетi­мiз сияқты. Бұл – бәрi мiнсiз болуы керек деген түсiнiктен шыққан дүние. Қатысудың жоғарғы көрсеткiшiн берсек қана көпшiлiк Назарбаев жеңдi дегенге көз жеткiзедi. Ал аз көрсеткiштi көрсетсе, халық оған күмәнмен қарайды, саяси қарсыластар үшiн абың‑күбiң әңгiмеге жол ашылады, президенттiң ле­ги­тим­дiлiгi және ол билiкте қалуы керек пе деген мәселе көтерiле бастауы мүмкiн. Сондықтан сенiмдi түрде жеңiске жету үшiн, Назар­баев ең танымал саясаткер дегенге халықтың көзiн жеткiзу үшiн осындай сандарды бердi. Билiк халық тек осындай жоғарғы көрсет­кiш­тi түсiнедi деп топшылайды. Егер халық 60 пайызды дұ­рыс қабылдайды деп шеш­се, онда нақты пайызды көр­сетер едi.
Екiншi жағынан президент рейтингiсi төмендеп жатыр деген пiкiр бар. Бұлай деп тұжырымдайтындардың қатарында өзiм де бармын. Бұл пiкiрдi өз зерттеуiме сүйенiп айтып отырмын. Оның рейтингiсi 2008 жылдан берi төмендеп келедi. Осы пiкiрдiң кереғар екенiн, сарапшылардың бұ­рыстығын дәлелдеу үшiн жүз пайызға жетеқабыл көр­сеткiштi алға тартты. Қыс­қасы, бұл президент жоғарғы қолдауға ие, беделiнен айырылып жатқан жоқ дегенге қоғам мен қарсыластарды сендiру әрекетi.
             2008 жылдан бастап президент Н.Назарбаевтың рейтингiсi тө­мендеу үстiнде дедiңiз. Оны көрсететiн нақты бiр зерттеулер бар ма?
–             Әлеуметтiк зерттеу­лердiң басым бөлiгi билiктiң тапсырысымен жасалады. Демек, оны жариялау‑жария­ламау, қалай жариялау – билiктiң өз қолында. Сөйтiп, көптеген зерттеу жарияланбай қалады. Жарияланған күннiң өзiнде түзетiледi. Әлеуметтiк зерттеулерге тапсырыс берген мем­лекеттiк органдардың хат жолдап, өз көрсет­кiш­те­рiңiздi бiздiкiмен сәйкес­тендiрiп түзетiп жiберiңiз­дер дегенiне өзiм куәмiн. Яғни президент рей­тингiсi төмендегеннен бастап оның рейтингiсiн қолдан жоғарылату әрекетi қолға алынды. 2004 жылы оның рейтингiсi 60-70 пайыз шамасында болғанда, бұл жоғары көрсеткiш болды және солай көрсетiлдi. Төмендей бастап едi, керiсiнше картинаны көрсететiн цифрларды қолдан жасады. Бұл ең алдымен президенттен күш‑қайрат кеткен жоқ, халық сүйiспеншiлiгiне ие дегенге өздерiн өздерi сен­дiру әрекетi. Әрине, бiзде бәрi Назарбаевты жек кө­редi деуден аулақпын. Елде оны қатты қолдайтын, жақсы көретiн топ бар. Алайда олардың саны да барған сайын азайып жатыр. 2004-06 жылдары әрбiр әлеумет­тiк топтың арасында пре­зиденттi қатты қолдап бағалайтындардың үлесi көп болса, қазiр олардың саны азаю үстiнде.
–             Сiздiң ұйымыңызда президенттiң нақты рейтингiсiн көрсететiн зерттеу бар ма?
–             Иә, бiз ондай зерттеу­лер жүргiземiз. Мәселен, Алматы қаласы бойынша президенттi қолдайтындар саны 43 пайыз шамасында. Алматы бойынша соңғы 3-4 жылдағы оның рейтингiсi 40-43 пайыз шамасында.
–             Мұны әлеуметтiк сауалнама арқылы анықтадыңыздар ма?
–             Иә. Нақты пайыздық көрсеткiштер сауалнама арқылы анықталады.
–             Ал фокус топтар ше? Фокус топтар арқылы халықтың билiкке деген қарым‑қатынасын анықтай алдыңыздар ма?
–             Иә, анықтауға болады. Бiрақ бұл ретте сұрақты ашық түрде емес, жанама түрде қою керек. Әйтпегенде, “президентке деген қарым‑қатынасыңыз қандай?” деген сұрақ қойсаңыз, адам бiрден тұйықталып, жауап бермей қояды. Сол себептi оның өмiрiне көңiлi тола ма, толмаса, нелiктен толмайды? Оның себебiн кiмнен көредi тә­рiздi жанама сұрақтар ар­қылы адамдардың саяси нәрселерге деген   қарым-қатынасын анықтауға тура келедi.
–             Бұл бiздiң мемлекетте ғана солай ма, әлде басқа елдiң әлеуметтанушылары да осындай жолмен жұмыс iстей ме?
–             Бiздiң елде солай. Өйткенi жазаланамын деген қорқыныш бар. Бiзде би­лiкке қарым‑қатынасымыз түзу болуы керек деген сая­си мәдениет қалыптасқан. Оны талқылауға құқымыз жоқ деген түсiнiк белең алған. Әсiресе қазақтiлдi топпен сөйлескенде “ол бiздiң елбасымыз, оны талқылауға болмайды” дейдi. Орыс­тiлдiлер де бастапқыда секемденiп айтпағанымен, ашыла келе сынай бастайды. Өздерi, өз бастарындағы мәселелерi туралы айта бастағанда, оған кiмдi айыптайсыз деп сұраудың да қажетi болмай қалады. Адамдар оны өздерi ашық айтып салады. Тiзiмдi әкiм­нен бастайды да, президентпен аяқтайды.
Сауалнамада президент қызметiн қалай бағалайсыз деп алғашқы сауалды қой­сақ, 70-80, тiптi 90 пайызы “жақсы бағалаймыз” деп жауап бередi. Үш‑төрт сұрақ­тан кейiн осы сауалды басқаша тәсiлмен қайталаймыз. Мәселен, президент қызметiн суреттейтiн он пiкiр беремiз. Он пiкiрдiң арасынан шындыққа жақын үшеуiн таңдап ал деймiз. Артынша бәрiн саралап топтастыратын кезде айырма жер мен көктей, мүлде басқаша пiкiр болып шығады. Ал фокус топтарда президенттi тiптi көп сынайды. “Неге сонша ұзақ отырады, орнын жастарға бермей ме?” дегендей нәрсе айтады. Ондай жаста еш­қандай даму, жаңа идея болмайтыны анық. Тек өзiн мақтаса деген идея ғана бар. Сондықтан фокус топтарды тыңдаған кезде, шырпы тұтанса болды, ха­лық алаңға шығуға дайын деген пiкiрде қаласың. Бiрақ iс жүзiнде олай болмай шығады.
–             Iс жүзiнде ешкiм алаңға шықпайды, бiрақ сайлауға дауыс беру үшiн топ-тобымен барады.
–             Иә. Мен бұл адамдарды жайлылықты таңдайтындар деймiн. Бұл жолы дауыс беруге барғандар өздерiн Назарбаев тұрғанда жайлы ортадамыз деп се­зiнетiндер. Ол билiкте қала берсе, бұлар ары қарай да жайлы өмiр сүре беремiз деп есептейдi.
Сайлауға қарсы дауыс беру үшiн барғандар да болды. “Фейсбук” әлеумет­тiк желiсiнде кiмге дауыс бергенiн қаламсаппен жазып кеткен бюллетеньдердi көрген шығарсыз. Мұндай халық Борат, Киану Ривз, тағы басқаларға “дауыс бердi”. Бюллетеньде “бәрi­не қарсымын” деген баған болмағандықтан, өз қарсылықтарын осындай жолмен бiлдiрдi.
САЙЛАУ ТҮРIНДЕ ӨТКЕН РЕФЕРЕНДУМ ЖӘНЕ ҚОСАҚ АРАСЫНДАҒЫ КӨМЕКШIЛЕР
–             Бұл сайлау науқаны тәуелсiз елдiң тарихындағы ең қызықсыз, әлсiз науқан болды дегенмен келiсетiн шығарсыз? 2005 жылғы сайлауда оппозиция “Әдiлеттi Қазақстан үшiн” қозғалысының аясына бiрiгiп, ортақ кандидатын шығарды. Әйтеуiр, пiкiрталас, шиеленiс бар болатын. Бiрақ одан кейiнгi бiрiнен бiрi өткен сұрықсыз сайлау науқандарының куәгерi болдық. Неге?
–             Өйткенi ең алдымен президентке жағымды картинаны көрсетiп, әдемi сандарды салып беру керек. Бұл – бiр. Екiншiден, Назарбаевтың қарсыласы болу өте қауiптi. Сондықтан қа­зiргi “қарсыластар” Назарбаевты сынаған да жоқ. ЕҚЫҰ бақылаушылары үмiт­керлердiң тiптi Назарбаевты мақтағанын айтты. Оны мақтап, мемлекет басшысы болуға сол лайық десе, үмiткерлiгiн не үшiн ұсынады? Бұл ретте осы сайлау науқаны ең қызықсыз болды деген пiкiрмен келiсемiн. Бұл тiптi сайлау емес, Назарбаев билiкте қала ма дегендi қарастырған референдум дер едiм. Ал екi “қарсыласты” қарсылас емес, Назарбаевқа билiк басында қалуға жәрдемдескен көмекшi деймiн. Сайлауға демократиялық пен заңдылықты қамтамасыз еткен сахна мен декорация рөлiн ойнады.
–             Жоғарыдағы сұ­рақ­ты қойғаным, билiк сайлауға шын мәнiндегi лигитимдiктi бергiсi келсе, оппозицияны басып жаншымай, көшбасшыларын қудаламай, тұн­шықтырмай, еркiне жiберу әлдеқайда тиiмдi емес пе? Мұндай қуыршақ үмiткерлердi шығару керiсiнше жағымсыз әсер қалдырады емес пе?
–             Оппозициялық алаңды тұншықтыру, ондай саяси күштердi қудалау президент рейтингiсi төменде­генiнiң тағы бiр дәлелi. 2004 жылғы парламент, 2005 жыл­ғы президент сайлауларының қызықты өтiп, оған оппозицияның қатысу се­бебi – ол уақытта президент рей­тингiсi жоғары болды. Ол уақытта президент әкiм­шiлiгiнде қорқатындай негiз болған жоқ. Қазiр президент рейтингiсi төмен бол­ған кезде және президент әкiмшiлiгiнiң өзi де осыған көз жеткiзгендiктен, оппозициялық алаңды, өз ұстанымы бар азаматтарды қысты.
Саяси алаңға өз идеясымен шығатын жаңа адам президенттi жеңiп кетуi мүмкiн екенiн олар жақсы түсiнедi. Сөйтiп, тiптi ақпараттық арнаны жапты. Жария емес түрде сайлау нау­қанын талқылауға да тыйым салды. Ешқандай пiкiрталас болмады, бағдарламалар да сөз болған жоқ. Тiптi президент үмiткер ретiнде ұсынған бағдарлама қайда? Жоқ! Ол тек съезде ғана қолға алатын шаруасын белгiледi. Бiрақ бағдарламасын көрмедiк. Өйткенi президент өткен сайлаудың алдындағы бағдарламасын орындамады. 2011 жылы Н.Назарбаев сайлау алдында екi маңызды мәселе көтердi. Қазақстанның 99 пайыз халқы қазақ тiлiнде сөйлейдi дедi. Екiншiсi – саяси реформалар жасалып, парламент­тiк‑прези­денттiк жүйеге көшемiз делiндi. Осы екi пункт iске асырылмаған күйi қалды. Сөйтiп, президент бұл жолы саясатқа қатысы жоқ нәр­селердi белгiледi. Бұл – сот жүйесi мен мемлекеттiк аппараттың реформасы. Десек те мемлекеттiк аппарат жыл сайын реформаланады. Бұл сайлауалды науқаны үшiн көтеретiн тақырып емес.
Экология тақырыбы қы­зық болғанымен, Қазақстанда аса өзектi емес. Сондықтан оны үмiткердiң бiрiне ұстатты. Ал қазақ тiлiнiң мәселесi неге кө­терiлмедi? Ал Еуразиялық одақ қайда қалды?
– Бұл тақырыпты көтере алатын азаматтар сайлау науқанына қатыстырылмады. Айталық, Жарылқап Қалыбай. Ұлттық тақырып көтерiлдi‑ау деген көзбояу үшiн бiр үмiткердi жiберуге болар едi ғой.
–             Әрине, олар жiберiл­медi. Президент рейтингiсi өте төмен болғандықтан, ондай үмiткерлердi қатыстырмайды. Халық назарын аударуы мүмкiн тұлғаларды жолаттырмайды. Ұлттық патриоттық бағыттың қы­зықты екенiн ескерсек, Ж.Қалыбайдың ұстанымы көптiң қызығушылығын тудырар едi. Ұлттық патриоттық бағыт тар этникалық топтың аясынан шыға алды, бұл бағытты көзi ашық басқа ұлттың өкiлдерi де қолдайды. Ж.Қалыбай осы тақырыпты көтерiп шықса, бел­гiлi бiр пайыз дауыс жинар едi. Әрi бұл Қазақстандағы ұлттық патриоттық қозғалыс­тың қазiргi уақытта қандай деңгейде екенiн, халық бұл идеяны қаншалықты қолдайтынын көрсетер едi.
ЖЕЛГЕ ҰШҚАН УӘДЕЛЕР ПРЕЗИДЕНТ БАҒДАРЛАМАСЫНА СЕНIМСIЗДIК ТУҒЫЗАДЫ
–             Президент Н.Назарбаевтың сайлау алдында берген уәдесiне қайтып оралсақ. “Нұр Отан” съезiнде белгiленген бес институционалды реформаны ол iске асырып үлгере ме?
–             Бiз президенттiң идея­лары iске аспай жатқанын көптен берi көрiп‑бiлiп жүрмiз. Президент тапсырмасын орындайтын және орындамайтын министрлiк­тер деген түсiнiк құр бекерден шықпаса керек. Менiң­ше, оның бастамалары көп уақыттан берi iске аспаған күйi қалды. Жолдауларды қараңыз. Жыл сайын ауқымды идеялар арқау болады. Мәселен, “Мәңгiлiк ел” туралы екi жылдан берi сөз қозғалғанымен, сол құжатты әлi күнге дейiн көрмедiк. Президент ол бағдарламаны дайындау жөнiнде екi жыл бұрын тапсырма бергенi­мен, оның мазмұнын ешкiм бiлмейдi. Яғни президенттiң қол астындағы президент әкiмшiлiгiнiң өзi оның тапсырмасын орындамайды. Кез келген жолдауды алып, әрбiр пунктiн қарап шығуға болады. Ешқайсысы орындалмады. Осылайша прези­денттiң идеялары тек қағаз жүзiнде қалып қойды. Сондықтан президент съезде айтқан бес реформа да iске аспайды. Жүйенi реформалау үшiн оның әлсiз тұстарын бiлу керек. Ал оны зертеп, талдап жатқан ешкiм жоқ. Бiзде бүкiл ескi дүниенi сызып тастайды да, жаңасын жасағандай болады. Бiрақ ол қайтадан ескi соқ­паққа түседi. Әкiмшiлiк реформа дегенде, көзбояу үшiн үстiртiн нәрселер жасалуы мүмкiн, бiрақ бұл айтарлықтай өзгерiстерге әкел­мейдi.
Халықтың 99 пайызы қазақша сөйлейдi дедi, бiрақ президенттiң өзi қа­зақ тiлiнде сөйлемейдi ғой. Адам өзiнен бастауы керек. Конституцияда қазақ тiлi мемлекеттiк тiл екенi жазыл­ған, орысшаны қоспаса, оны ешкiм де айыптамайды. Бұл – президенттiң немесе аппаратының қорқынышы. Орыс тiлiнде сөйлейтiн өзге этникалық топтар – президентке тұрақты дауыс бере­тiн электорат. Олар ұлттық патриоттық қозғалыстан билiк басына бiреу келсе, өз болашағы үшiн алаңдайды. Өйткенi ұлттық патриоттық қозғалыстың мәнiн түсiнбейдi. Президент әкiм­шiлiгi үкiметтiк БАҚ арқылы олардың жағымсыз бей­несiн қалыптастырды. Ер­теңгi күнi бұл қозғалыстан билiкке бiреу келсе, бiздi құртады, қысым көрсетедi деген түсiнiктерi қалыптасты. Тек саяси белсендiлiгi бар өзге ұлт өкiлдерi ғана қазiргi ұлттық патриоттық қозғалыстар мұндай пиғылдан ада, сенiм артуға болатын күш екенiн түсiнедi. Сая­си сауаты жоқ басым бөлiгi Назарбаевтан басқасынан қорқады. Сәйкесiнше президент бұл электоратқа тәуелдi, сондықтан олардың жетегiнде кеткен.
Президент бұрыннан реформатор, идея бастамашысы болудан қалған, ол өз электоратына тәуелдi, сол тұзаққа түсiп қалған. Өз танымалдылығын жоғалтып жатқаны да содан. Батыл идеяларды көрмейтiн се­бебi, билiктен айырылып қалам ба деп қорқады.     Би­лiкте неғұрлым көп уақыт отырған сайын бұл үрейi өсе түседi. Үрейi өскен сайын сол топқа тәуелдiлiгi артады. Сөйтiп, сол топтың мүддесi өз идеясынан басым түседi.
–             Осы жерде басқа сұрақ туындайды. Ертеңгi күнi Назарбаевтың орнына ұлтшыл патриоттық бағыттағы адам келсе, бүгiн Назарбаевқа дауыс берiп жүргендер қайтедi? Олар ондай адамды қолдай ма?
–             Қарсы шықпайтыны анық. Олар жаңа билiкке бейiмделiп, өздерi үшiн оң тұстарды iздей бастайды. Әрi бұл билiк басына келе­тiн жаңа президент пен оның командасына байланысты. Олар өздерiнiң ұлт­тық патриоттық идеяларын қалай насихаттайды, әңгiме сонда. Яғни Украинадағыдай радикалды бағытпен емес, өз идеяларын байыптап түсiндiруi керек. Сонда әлгi топ қарсыласпай, жаңа жүйеге бейiмделедi. Ал егер “ертеңнен бастап тек қазақша сөйлеңдер, әйтпегенде көресiнi көрсетемiз” десе, онда әрине, бұл топты өздерiне қарсы қояды. Мұндай жағдайда ахуалға сыртқы күштер де араласады.
–             Ресеймен интеграцияны ескерсек, Қазақстан билiгiнiң басына ұлттық патриоттық бағыттағы адамның келуi мүмкiн бе?
–             Жаңа президенттiң бағдарламасында ұлттық патриоттық идеяларға орын берiледi деп есептеймiн. Назарбаев кетiп бара жатқан президент, оны жаңа идеялар аса қызықтырмайды. Ал билiкте қалам деген жаңа президент бұл идеяларды елемей кету мүмкiн еместiгiн жақсы түсiнедi. Тiптi ұлттық патриоттық бағыттағы адам болмаса да, ол өз бағдарламасының белгiлi бiр бөлiгiн осыған арнайды. Әйтпегенде, оны тез арада ығыстырып тастайды. Ұлттық патриоттық күштер – бұл ендi ғана күш алып келе жатқан, жас бағыт. Оған жасы 25-40 аралығындағы белсендi топ кiредi. Сондықтан қазiргi президент оны елемесе де, жаңа президентке бұл азаматтарды ескеруге тура келедi.
 
ТРАНЗИТТIК ПРЕЗИДЕНТ ДАРИҒА ЖӘНЕ ТIЗIМНЕН ТҮСКЕН ТАСМАҒАМБЕТОВ
–             Олай болса, ендiгi кезекте Х сағатынан кейiн оқиға қалай өрбуi мүмкiн екенiн қарастырсақ. Бiзде президент мiндетiн атқара алмай қалған жағдайда Конс­титуция бойынша билiк Сенат спикерiне көшедi. Қасым-Жомарт Тоқаевты сарапшылар амбиция­сы жоқ адам ретiнде суреттейдi. Ол бұл мiндеттi атқара алмаса, кезек Мәжiлiс спикерiне ауысады. Қ.Жақыповты да көпшiлiк бiле бермейдi. Есесiне, бұл орынға қазiргi уақытта төменгi палатаның вице-спикерi мiндетiн атқарушы Дариға Назарбаева жайғасуы мүмкiн. Жалпы, Д.Назарбаева өтпелi кезеңде транзиттiк президент болуы мүмкiн деген пiкiрге қалай қарайсыз?
–             Х сағаты келдi деп есептейiк. Президенттiң уақытша мiндетiн Сенат спикерi атқарады. Бiрақ оған дейiн элита бас қосып, мәмiлеге келуi тиiс. Олар белгiлi бiр мәмiлеге кел­мейiнше, Х сағаты болды дегендi халыққа ешкiм хабарламайды. Бәрiн келiс­тiрiп, жете ойластырып, рөлдердi белгiлеп, ахуалды бақылауға алған соң ғана хабарлайды. Сосын өздерi жабық жағдайда келiсiп-пiшкен сценарийдi iске асырады. Әйтпегенде, онсыз да үрей құшағында отырған халыққа “Назарбаев жоқ, ал бiз әлi ымыраға келмедiк” дегендi қалай айтады? Тек белгiлi бiр элемент есепке алынбаса, мәселен, элитаның бiр тобы бұл ымыраға қатыспай қалса, шақырылмаса, онда ақпарат сыртқа шығып кетуi мүмкiн. Десек те өте тар ауқымдағы топ мәселенi талқылап, күштiк құрылымдарды бақылауға алып, келесi президенттiң үмiткерлiгiн мақұлдағаннан кейiн қаралы ақпар хабарланады.
Ал Дариға Назарбаеваға келсек, оның үмiткерлiгi элитаның көңiлiнен шығуы мүм­кiн. Өйткенi, менiңше, Д.Назарбаеваны оңай көн­дiрiп, басқаруға болады. Ұлдары да өсiп жетiлдi. Бiрақ өзi саяси ойыншы ретiнде әл­сiз. Дегенмен қазiр Тимур Құлыбаевты ысырып жатқанын ескерсек, Дариға бұл орынға таласатын сияқты. Оның үстiне отбасының жасыратындай нәрсесi бар. Сондықтан ол транзиттiк президент рөлiн атқаруы мүмкiн екенiн жоққа шығармаймын. Десек те бәрi белгiлi, айдан анық болған күннiң өзiнде аяқ астынан ешкiм ойламаған үмiткерлер пайда болуы мүмкiн. Мәселен, Брежнев. Хрущевтi билiктен алып тастау операциясын басқарған – КГБ-ның төрағасы. Бүкiл саяси бюро соған дауыс бердi. Бiрақ ол бiрден бас хатшыға айналса, күдiк туатын едi. Осылайша әлсiз, амбициясы жоқ, бос, сылбыр Бре­жнев­тiң үмiткерлiгiне тоқтады. Оны уақытша отыр­ғызып, бiр жылдан кейiн алып тастаймыз деп кестi. Алайда олар қатты қателес­тi. Брежнев билiкке келген соң ең алдымен КГБ төрағасының көзiн жойып, аппаратты тазалап, өз адамдарын қойып, мықты ойыншыға айналды. Сондықтан саясаттағы ойыншыны әлсiз деп бағалауға болмайды. Оны жете бағаламау қауiптi. Сондықтан бiз қазiр жете бағаламай отырған бiр әлсiз ойыншы Х сағатында мықтыға айналуы мүмкiн.
Қазiр Дариғаның күшейiп жатқаны жасырын емес. Ол барлық жерге өз адамдарын әкеп жатыр. Президент әкiмшiлiгiнде адамдары бар, сарапшылық құрылымдарды оның адамдары басқарып отыр. Ендi өз айналасындағы бiр адамды Бiлiм және ғылым минис­трлiгiне әкелмек ойы бар сияқты. Әйтпесе, президент әкiм­шiлiгiнiң Бiлiм және ғылым министрлiгiн тексер­генi қай сасқаны? Президент әкiмшiлiгiнiң ондай өкiлетi мүлде жоқ.
Тiптi Р.Әлиевтен кейiн басымдыққа ие болған Тимур Құлыбаевқа “билiкке баруға амбициям жоқ” дегендi айтқызды. Қысқасы, қазiр отбасы арасында да, элита мен бизнес өкiл­дерi арасында да таққа таластың белгiлерi бiлiнедi. Көптен берi көрiнбей кеткен Машкевич Қарағанды оқи­ғалары кезiнде қайта пайда болып, қайырымдылықпен айналысты. Саясаттан бiр кезде кеткен адамдар елге жиналып, белсене бастағандай. Айталық, Тимур Құлыбаев кәсiпкерлердiң ұлттық палатасы арқылы антиеуразиялық идеяны алға тартып жүр. Шын мәнiнде, саяси амбициясы бар болса, бұл ұпай жинауға мүм­кiндiк беретiн жақсы тақырып.
–             Бұлардан өзге тағы қандай үмiткерлер элитаның көңiлiнен шығуы мүмкiн?
–             Әрине, бұл өз айналасындағы адамдар. Тасма­ғам­бетовтi бiрден мұрагерлер тiзiмiнен сызып тастар едiм.
–             Неге?
–             Менiң ойымша, қазiр президент болмаса, Тасма­ғамбетовтiң үстiнен бiрден жемқорлық бойынша iс “қозғап”, түрмеге жауып тастар едi. Назарбаевқа бұл керек емес. Оған батыстан шыққан, сол өңiрдi ұстайтын батыс элитасының өкiлi керек. Осылайша батысқа да “билiкте сендердiң өкiл­дерiң бар, сендердiң мүд­де­лерiң ескерiледi” дегендi көрсетедi. Тасмағамбетов – бұл жүйенiң тұтқыны. Элитаны сескендiретiнi, Тас­ма­ғам­бетовтiң басымдыққа ие екенi. Мәселен, сайлауға Д.Назарбаева мен И.Тасмағамбетов түссе, әрине, соң­ғысы жеңедi.
Менiңше, Тасмағам­бетов­тiң өзi де өз бетiнше үмiткерлiгiн ұсынбайды. Өйткенi мұның арты қан­төгiске, қақтығысқа ұласуы мүмкiн. Сондықтан элита оны не ысырып тастайды не бiрден келiсiмге келедi. Бiрақ Тасмағамбетовтiң өзiнiң де амбициясы өшкен сияқты. Жұмыс iстеп жүре берсем, өз тiрлiгiмдi аяғына дейiн жеткiзсем деумен ғана жүр. Бұрынғыдай өз көзқарасын көрсету жоқ. Шаруашылықты дөңгелетiп әкететiн қабiлетi бар. Дегенмен бетiне салық қылып басуға болатын тiрлiктерi баршылық. Алматыдағы “Шаңырақ” оқиғасын ауызға алсақ жеткiлiктi.
–             Десек те элитаның арасында көпшiлiкке сүйкiмi бар жалғыз тұлға – И.Тасмағамбетов емес пе?
–             Қазақтiлдi, көшбасшылық қабiлетi бар, ең бас­тысы, жақсы жұмыс iс­тейдi. Элита онымен күрес­пейтiнi, үмiткер­лiгiн ұсынбайтыны да содан. Бiр кезде И.Тасма­ғам­­бетовтi тран­зиттiк президент ретiнде қарастыратынмын. Бiрақ қазiр пiкiрiм өзгердi. Өйт­кенi ол тран­зиттiк президент болса, ұзақ уақытқа келетiн тұрақты президентке айналады. Оны бәрi жақсы түсiнiп отыр.
–             Тасмағамбетовтiң үмiткерлiгiн элита неге қолдамайды?
–             Өйткенi ол мықты. Ол билiкке келсе, халық қолдауына сүйенiп, өз бетiнше шешiм қабылдайды, элитаны тыңдамай қояды.
Қорғаныс министрлiгiнiң басына келген соң, бұл ведомствоны қалай тазалап жатқанына өзiмiз куәмiз. Демек, ол билiкке келсе де, ат қораны тазалайды. Бұл кейбiреулерге ұнамайды. Ал қорықпай тазалайтынының сыры – менiңше, Тас­мағам­бетовтiң айып тағуға негiз болатын лас тiрлiктерi жоқ. Жалғыз күнәсi – Алматыдағы “Шаңырақ” оқиғасы. Егер артында шикiлiктерi шұбатылып жатса, баяғыда мойнына қыстырар едi.
Менiңше, соңғы жылдары көзге көрiнбей, көлеңкеге кеткенiмен, жұрттың Тасмағамбетовке ауатын назары арта түстi. Оны артқы орындарға жылжытып жатыр деп құрбан етiп көрсету арқылы керiсiнше, абыройын өсiре түстi. Оның үстiне Қорғаныс минис­трлi­гi­не баруы тегiн емес. Өйткенi бұл – барынша былыққа батқан құрылым. Егер Тас­мағамбетовтi ығыстырып, шегiндiремiн десе, бұл өте ыңғайлы ведомство. Бiрақ билiк оны неғұрлым артқа шегiндiрген сайын халық оны аяп, рейтингiсi өсе түседi.
–             Жақсы, Тасмағамбетов билiк басына келмейдi делiк. Онда басқа кiмдердiң келесi президент болуға мүмкiндiктерi бар?
–             Менiңше, Н.Нығ­ма­тул­­линнiң амбициясы баршылық. Былтырғы жылы “президент болуға ешқандай таласым жоқ” деп ақтал­ғаны тегiн емес. Менiң ойымша, ол таққа таласа алады.
Ал Н.Әбiқаев таласуы мүмкiн бе? Менiңше, ол шаршады әрi өмiр бойы Н.Назарбаевқа қызмет еттi. Сондықтан ол таласпайтын секiлдi.
Кәрiм Мәсiмов таққа таласпайды дегендi бiрден кесiп айтуға болады. Өйткенi оны ешкiм қолдамайды. Транзиттiк тұлға ретiнде ғана ұсынылуы мүмкiн. Оны әкелу төң­керiске ұласпайтынын элита жақсы түсiнедi.
–             Ал Аслан Мусиннiң саясатқа қайтып оралып, бұл орынға таласуы мүмкiн бе?
–             Менiңше, жоқ. Тас­ма­ғам­бетовтiң халық арасында қолдауы бар болса, Мусиндi халық та, элита да қолдамайды. Президент әкiмшiгiнiң жетекшiсi бол­ғанда өзiн мықты ойыншыға айналдыра алмады. Элита арасындағы орнын сақтай алмағаны оның әлсiздiгiн көрсетедi. Сондықтан элита арасында ойнай алмағанда, мұрагерлiк не теңi. Менiң­ше, ол өзiн ұсынбайды, бiрақ И.Тасмағамбетовтiң үмiткерлiгiн қолдауы мүмкiн.
–             Элитаның оңтүстiк тобынан бiреу шығуы мүмкiн бе?
–             Кландардың арасынан әрекетiн болжап бiлуге болмайтын, өте құпиялы топ бұл. Шүкеев бұған дейiн де, қазiр де белсендi ойын жүргiзген жоқ. Iшкi саясаттағы жұмыс тәжiрибесi жоқ. Ол тек атқарушы органдарда жұмыс iстедi. Президент әкiмшiлiгi тәрiздi шешiм қабылдайтын жерлерде мүлде жұмыс iстемедi.
Бұрындары Б.Сағынтаев­ты үмiткер ретiнде қарастырсам, қазiр оны тiптi транзиттiк президент ре­тiнде де қарастырмаймын.
Бердiбек Сапарбаевты да шаруашылықты жүргi­зетiн адам ретiнде бiлемiн. Бiрақ ол еш уақытта президент әкiмшiлiгiнде, iшкi сая­сатта жұмыс iстемедi. Ал ондай тәжiрибесiз қиын. Айталық, К.Мәсiмов мықты аппарат ойыншысы болғанымен, президент әкiм­шiлiгiнде жарты жыл ғана жұмыс iстедi. Iшкi саясатты басқару өте қиын шаруа. Ал онда жұмыс iстеп көрмеген адам тiптi iшкi саясатта ештеңе тындыра алмайды. Қызығы, оңтүстiктiң өкiл­дерi не атқарушы, не аймақтық деңгейде ғана, одан арғы сатыға көтерiлмейдi. Десек те оңтүстiк тобын есептен алып тастауға болмайды. Мәселен, 2004 жылы өткен президент сайлауында Шым­кент Н.Назарбаевты қолдаса, кейiн өткен парламент сайлауында Жармахан Тұяқбайдың ЖСДП партиясын қолдады. Назарбаевты қолдаса, “Нұр Отанға” да­уыс беруi керек едi. Бiрақ олай болмай шықты. Сондықтан оңтүстiк “Назар­баевты қолдаймыз” десе де, шын мәнiнде iштерiнде не жатқанын ешкiм тап басып айта алмайды.
Солтүстiктi басқарып отырған Қанат Бозымбаевқа тәжiрибе жинауға көмек­тесiп жатқандай болып көрiнедi. Өзiн Тасмағамбетов сияқты ұстауға тырысады. Бiрақ ол қолынан онша келмейдi. PR науқаны оның әрекетiнiң алдын орап жүредi. Жамбыл облысында көп нәрсе iстегендей көр­сеттi, бiрақ қазiр халықтан сұрастырсаң, жағымсыз пiкiрiн көп айтады. Мәселен, менiң ойымша, Бозымбаев Жамбыл облысында әкiм болса да, сол облыстың жұрты жеме-жемге келгенде оны емес, Тас­мағамбетовтiң үмiткер­лiгiн қолдайды.
МҰРАГЕРIН БЕЛГIЛЕУ ӨЗIНЕ ҚАУIПТI, ОЛ ОҒАН БАРМАЙДЫ
–             Олай болса, билiк транзитiнiң қандай сценарийiне көбiрек арқа сүйейсiз? Н.Назарбаев билiкте өле-өлгенше отырады, мұрагердi белгiлемей кетедi дейдi. Ендi бiр сарапшылар ол аяғына дейiн отырмай, мұрагерiн таныстырады да, өзi “ұлт көшбасшы” мәртебесiнде қалады дейдi.
–             Мен бiрiншi сценарийге көбiрек сүйенемiн. Назарбаев өз орнын еш­кiмге бермейдi. Беретiн болса, осы күнге дейiн өткiзер едi. Президент өте асығыс. Сайлаудан үш күн өте салысымен инаугурация­сын өткiздi. Билiктi уыстан шығарып алуға қорқады. Бәлкiм, инаугурацияны Ре­сейдегiдей бiр айдан кейiн өткiзсе, ахуал бақылаудан шығып кете ме деп қорқатын шығар.
–             Президентке билiктiң ауысу жолын белгiлеп кетуге не кедергi?
–             Сенiмсiздiк. Мұра­герiн белгiлеген күнi билiгi бiтетiнiн ол жақсы түсiнедi. Ол салмағы мен орнынан тез арада айырылып қалады. Бұл – бiр. Екiншiден, ол айналасындағы ешкiмге сенiм артпайды. Оның Ресей­дегiдей Ельциннiң қауiп­сiздiгiн қамтамасыз ететiн Путинi жоқ.
–             Мұрагердi белгiлеу оның өзiне қауiптi, ал белгiлемеу қоғамға қауiптi болып шықпай ма?
–             Ол ендi өзiмiзге байланысты. Бiз Н.Назарбаев салып кеткен соқпақпен жүремiз бе, әлде басқа жолды таңдаймыз ба?.. Н.Назарбаев “мен бар жерде тұрақтылық бар, менсiз жағдайларың нашарлайды” деген сценарийдi белгiлеп, санаға сiңiрдi. Оның жете­гiнде кетсек, демек, бiз тобырмыз. Ал сана-сезiмi бар қоғам болсақ, одан кейiн де өмiр жалғасатынын түсiне­мiз. Ол өмiр тұрақты, тыныш бола ма, әлде ресурстар бөлiнiсiнен тыс қалған топтың жетегiнде кетемiз бе, бұл өз қолымызда.
–             Сонда халық ахуалды тек бақылап, қол қусырып отыра бере ме?
–             Менiңше, иә. Қазiр де талас-тартысты бақылап қана отыр ғой. Менiңше, президент кеткен соң да ештеңе өзгермейдi. Халық төңкерiске бармайды. Үрей мен қорқыныш басым бол­ған сайын жұрт бұға түседi.
–             Ашық та айқын пiкiрлерiңiз үшiн рақмет!

 Әңгiмелескен Елнұр Бақытқызы.
zhasalash.kz

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. 22 қыркүйек 2025 жыл. Тоқаев пен Зеленский. Сурет: Ақорда 21 қыркүйек күні Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясына барған сапарында Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ, Зеленский “Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын” білдірген, ал Қазақстан басшысы “қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет” деген. Зеленский осы кездесу туралы мәлімдемесінде Украина, АҚШ, Еуропа және өзге елдердің соғысты тоқтату жөніндегі талпынысын талқылағанын айтты. Оның сөзінше, қос басшы сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті, қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіру ісіне қатысуға деген қызығушылығын сөз еткен. 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей Қазақстанның ең

  • Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі

    Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі

    Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі Амос ЧЭПЛ Ресейлік “Белая” әуе базасын шабуылдаған украин дронынан түсірілген видеодан скриншот. Фото:Source in the Ukrainian Security  1 маусым күні жарияланған видеода бомбасы бар квадрокоптерлер жүк көлігінен ұшып жатқаны көрінеді, арғы жағында өрт болып жатыр. Сол күні Украина қауіпсіздік қызметі Ресей аэродромдарына соққы жасағанын, нәтижесінде Кремльдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары жойылғанын мәлімдеді. Әскери тактика бөлмелерінде бұл видеоларды мұқият зерделеп жатқаны анық. “Бұл шабуылды бүкіл әлем әскери қызметкерлері дабыл деп қабылдауы қажет” деді Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының Қорғаныс бағдарламасы директоры Стейси Петтиджон (ханым) Азаттық радиосына. “[1 маусымдағы шабуыл] көптеген қыры бойынша Украинаның ұзаққа ұшатын дрондар шабуылынан тиімді бола шықты. Өйткені шағын дрондар шашырап кетіп, әртүрлі нысандарды көздей алады

  • Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Осы уақытқа дейін құпия сақталып келген 106-қазақ атты әскер дивизиясының деректері енді белгілі бола бастады. 1942 жылы дивизия Ақмолада жасақталыпты. Әскери шала дайындықпен жасақталған дивизия 1942 жылдың мамырында, Харьков түбіндегі қоршауды бұзып шығуға бұйрық берер алдында, 4091 сарбазға 71мылтық, яғни 7 адамға бір мылтық және бәріне 3100 жарылғыш оқ –дәрі бәріліпті. Қазақ боздақтарын қарусыз жалаң қылышпен өлімге жұмсауы – «Гитлермен салыстырғанда Сталин солдаттарды өлімге 8 есе көп жұмсадының» айғағы (Михаил Гареев, Әскери академиядан.2005 жыл). “Төртінші билік» газетінің 2016 – жылғы мамырдың 28-жұлдызындағы санында шетелдік архивтерден алынған видеосюжеттегі 106-атты әскер дивизиясы жөніндегі неміс офицерінің айтқаны: «Не деген қырғыз (қазақ) деген жан кешті батыр халық, атқа мініп, ажалға қаймықпай жалаң қылышпен танктерге

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: