Жаһан жаңалықтары
Түркия президентi Ережеп Ердоған Ресей президентi В.Путинге: Өзiң диуанасың…
«Жас Алаштың» коллажы
“Жақтарың талмай қайталайтындарың бiр сөз: “Христиандарды қырды, армяндарды қырды” дейсiңдер. Мұны қандай дәлелге сүйенiп айтып жүрсiңдер? Бұл – өте лас тәсiл! Бұлай деп байлам жасауға қандай дәлелдерiң бар? Арменияның сыртқы iстер министрi арамызда отыр. Қараңыз, мен шақырту жiбердiм. 2005 жылы хат жаздым. Тағы да солай iстеуге әзiрмiн. Бiз барлық мұрағатымызды аштық. Бұл мәселеге қатысты миллионнан астам құжат декларацияланды. Егер Арменияның мұрағаттарында дәлел болса, олар да солай iстесiн.
Бiз археологтарды, тарихшыларды, ғалымдарды, заңгерлердi шақырдық. Осы мәселенi зерттесiн, шешiмiн айтсын деп. Егер үшiншi бiр мемлекеттерде құжат болса, оны да қарастырайық. Содан кейiн ғана мына бiз – саясаткерлер келiссөзге отырып, қорытынды жасайық. Ешқандай дәлел-дәйексiз “1915 жылы Түркия әлдебiр геноцид жасаған” деп қайталай беру ешкiмге абырой әпермейдi. Бiздiң қоғамда, мәдениетiмiзде “геноцид” деген нәрсе жоқ. Сондықтан мұндай айыптаумен келiспеймiз. Құжаттарды алға тарта отырып бұл мәселенi кез келген уақытта талқылауға дайынбыз. Армения да солай етсiн. Түркияны “геноцид жасады” деген жалаң айыптауға көндiре алмайсыңдар! Алдымен дәлелдерiңдi көрсетiңдер. Егер қажет болса, содан кейiн ғана бiз өз тарихымыз үшiн жауап беремiз.
Қараңыз, Осканян мырза, мен премьер-министр болғанға дейiн Армения мен Түркияның арасында авиабайланыс болған жоқ. Мен оны аштым. Бұл – бiр.
Екiншiден, менiң елiмнiң шығысында Ван деген көл бар. Ван көлiнде Акдамар деген арал бар. Осы аралда армяндар көп тұрады. Шiркеулерi бар. Осы шiркеу құлап қалғанда бiз оны қайтадан салып бердiк. Мұны өз қалауымызбен iстедiк, ешкiм бiздi қыстаған жоқ.
Қазiр Түркияда азаматтығы жоқ 40 мыңнан астам армян жүр. Олар неге Түркияға қашып келдi? Осы сұрақты өздерiңе қойып көрiңдершi. Неге келдi? Өйткенi бiздiң елдiң азаматтығын алған армяндарға жайлымыз. Арамызда ешқандай мәселе жоқ. Түркия – бейбiтшiлiк пен достықтың елi.
Таулы Қарабақ мәселесiнде Минскi тобы мәселенi шеше алмады. Бiрақ Арменияның басқыншы екенiн бүкiл әлем бiлiп отыр. Қарабақты босатыңдар, әскердi алып кетiңдер! Жүздеген мың әзiрбайжандыққа өз отанына оралуына мүмкiндiк берiңдер! Олар да бiздiң бауырларымыз. Мәселенi шешу жолында неге конструктивтi жол iздемейсiңдер?! Кiмнiң басқыншы екенiн, кiм жерiнен айырылғанын анықтайық”.
Бұл – Түркияның президентi Ережеп Ердоғанның Армения билiгiне қарата айтқан сөзi. Жиында Арменияның сыртқы iстер министрi бастаған делегация отырды. Үндей алмады, жиын барысында да, жиыннан кейiн де.
24 сәуiр күнi Армения “Осман империясының армяндарға қарсы жасаған геноцидiне 100 жыл толғанын” қаралы күн ретiнде атап өттi. Сол күнi Ресей президентi Владимир Путин Ереванға барып, армяндардың “бұдан 100 бұрынғы қайғы-қасiретiн” бөлiстi. “Жаппай қырып-жоюды ақтауға болмайды, бiздiң ұстанымымыз айқын” дедi. Ереванға Франция президентi Франсуа Олланд та барыпты.
Путиннiң бұл сөзiне Ердоған қатты шамданды. Ол былай дедi: “Путиннiң бұл әрекетiне қатты ренiштiмiн. Геноцид туралы сөз қозғаған екен, онда Ресей өз тарихына да көз салсын. Өткенiн еске түсiрiп, Қырымға қатысты жауап берсiн! Ресейдiң “геноцид” деген сөздi айтып отырғаны бiрiншi рет емес. Ол Украина мен Қырымдағы жағдайды қалай түсiндiредi?!
Путин де, Олланд та Арменияға бармауы керек едi. Алдымен олар өз тарихындағы қара таңбадан құтылып алсын!”.
Путиннiң баспасөз хатшысы Д.Песковтың айтуына қарағанда, Ресей президентi Ердоғанның ренiшiнен хабардар. Бiрақ Путин де ештеңе айтпады. Путинге айтатын да ештеңе жоқ қой. Мұндайда қазақ “өзiң диуанасың, кiмге пiр боласың” демейтiн бе едi.
Ерiк РАХЫМ
zhasalash.kz
Пікір қалдыру