|  | 

Көз қарас

ҚАЗАҚТЫҢ КЕШІГУ СИНДРОМЫ

Біз үнемі кешігеміз. «Неге кешіктің?» – деп сұрай қалса, «Қазақпыз ғой», – деп ақталамыз. Өйткені, қазаққа «кешігу» деген сөз таңсық емес. Тіптен әзіл-сықақ театрларының нысанасына да осы тұсымыз жиі ілігіп жатады. Қазақтың санасына кешігу шартсыз рефлекс ретінде қалыптасып, ұлттық менталитетіміздің бір бөлшегі іспеттес болып кеткендей көрінеді де тұрады.  

Құдай Тағала адамзатты жаратып, кейін келе олардың ұрпақтары ұлттар мен ұлыстарға бөлінгенде, әрбірінің пешенесіне тағдырын белгілеп бергені хақ. Мүмкін сол кезде қазақ халқының маңдайына кешігуді жазып жіберген болуы керек деген мағынасыз ой да келеді кейде… Содан кейін бізге геніміз арқылы қанымызға сіңіп кеткен-мыс. Бірақ Құдай Тағала адамзаттың бәрін тең жаратты ғой. Еврейге ақылды болуды, неміске шөгел болуды, жапондарға қайсар болуды, арабтарға діндар болуды пешенесіне жазып, өзіне тән болмысын бәсірелеп берген жоқ шығар, әрине. Туыстық жағынан бірігетін белгілі бір қауымнан ру, рудан тайпа, тайпадан ұлыстар мен ұлттар пайда болғанын тарихтан жақсы білеміз. Әйтсе де сол ұлттар мен ұлыстар түп атасы бір болса да, кейін келе бір-бірінен алшақтап, өз тарихын, тілін, салт-дәстүрін, болмысын  қалыптастырады. Сондықтан да қандай ел болуымыз тікелей өзіміздің іс-әрекеттерімізге тәуелді. Құдай тағала жамандықты жаратса да, оны адамзатқа телімек емес. Жамандықты жұқтыруы адамның өз амал-әрекетінен.

Уақыт бар екен, ендеше кешігу де бар. Бірақ кешігу ұлтқа немесе жекелеген адамға тиесілі емес. Сол секілді Жаратушы иеміз ешбір ұлт пен ұлысқа кешігіп жүрсін деген жоқ. Өйткені кешігуді жек көреді. Құдай тағала сүйген құлының маңдайына кешігуді жазып қоюы мүмкін емес. Демек кешігу қазақ халқымен бірге пайда болмаған екен.

 

Көшпеділер кешікпеген…

Ежелгі ата-бабаларымыздың жауынгерлігімен аты шыққаны белгілі. Сонау сақ пен ғұннан бастап бергі Қазақ хандығына дейін жерімізде небір үлкен империялар өмір сүрді. Сол империялардың барлығының әскери әлеуеті өте жоғары болатын. Сол себепті де дұшпандарынан үстем тұрды. Ата-бабаларымыздың әскери әлеуетінің күшті болып, тек жеңімпаздар сапынан көрінуіне де бірнеше фактор әсер етті. Олар: ұтымды соғыс тәсілдерін қолдану, арыдан ойластырылған сұңғыла амал-айлалар, қатаң әскери тәртіп, жауынгерлердің жоғары деңгейлі физикалық дайындықта болуы т.б. Ең бастысы уақытты ұтымды пайдаланып, тез қимылдай білуінде. Яғни, кешікпеуінде. Шыңғысхан әскерлерінің қозғалу жылдамдығы қазіргі бронды соғыс техникаларынан (танк, БМП) да жылдам болған деседі. Тіптен І. Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы Қоқан ханына Кенесары әскерлерінің іргесіне келіп тұрғаны жайында хабар келгенде сенбей қойғаны жайындағы эпизодын оқысаңыз көшпенділердің уақытты игеру жағынан көш ілгері болғандығына көзіңіз жете түседі. Бұған әскери қуаты әлдеқайда күшті деген Ресей империясының өкілдерінің өзі де таңырқағанын қосыңыз. Біздің де ата-бабаларымыздың жылдамдығы мен ұшқырлығына таң қалмасқа шарамыз жоқ. Яғни, олар ешқашан кешікпеген. Демек, кешігу ата-бабаларымыздан да мирас болып қалмаған екен. Онда неге кешігуді әдетке айналдырдық?

Кешігу де әдеттенуден, бүгінгіні ертеңге, қазіргіні кейінге қалдырудан басталады. Өйткені, адам өмірге келгенде кеміс ауруы болмаса барлығы бірдей болып туылғанымен, өсе келе жақсы істерді де, жаман істерді де айналасынан үйреніп, кейін келе әдет болып қалыптасып кетеді. Бізде кешігуді алдымен үйрендік, сосын өзгелерге үйреттік.

 

Мектептегі кешігу…

Алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезіңізді еске алыңызшы. Көңіліңіздің кірі жоқ, жүрегіңіз пәк періште кезіңіз еді ғой. Ата-анаңыздың да еркесі едіңіз. Күні бойы ойынның қызығына тоймай, кеш болғанда да ұйқыңыз келмей, аласұрып жүрген шағыңыз. Таңертең тәтті ұйқыда жатқаныңызда ата-анаңыз сіздің ұйқыңызды қимай, оятуға батылы бармайтыны шындық. Бұл ата-ананың баласына деген қамқорлығының көрінісі ретінде көрінетін шығар. Бірақ ата-анаңыз осы кезде сіздің бойыңызға кешігу әдетін қалыптастыруды бастап жатқанын сезген жоқ.  Дегенмен, сабағыңыз бар, оятуға тура келеді. Өйтіп-бүйтіп орныңыздан тұрып, киініп, бүгінгі өтілетін сабақтарыңызды реттеп болғанша уақыт та біраз жерге барады. Сіз бойыңыздағы адами қасиеттеріңіз әлі қалыптасып үлгермеген шағыңыз ғой. Сол себепті кешіккіңіз де келмейді. Енді тамағыңызды шала-шарпы ішуге тура келеді. Қай ата-ана баласының аш болғанын қалайды дейсіз. Сіздің тамақ ішкеніңізді өздері бақылауға алады. Қатты асығып, байбалам сала бастайсыз. Ата-анаңыз сізді ертерек оятпағанына өкінудің орнына, сізге ақыл айта бастайды. Қандай ақыл дейсіз ғой. Ұзын ырғасы былай болып келеді: «Асықпай тамағыңды іш, бес минут кешіксең ешкім басыңды алмайды!». Міне, сізге болашақ кешігулердің жолын осылай ашып береді. Біртіндеп бұған бойыңыз да үйрене бастайды. Өйткені ешкім басыңызды алмайды ғой. Бірақ сол бес минуттардан құралатын өміріңіздің біраз бөлшегін босқа жұмсап, өзіңізге тиесілі нығметтеріңіздің «басын алып» жатқаныңызды түсінбей жатасыз. Жоғары сыныптарға барғанда сіздің кешігу қасиетіңіз дами келе, бұрынғы бес минуттар сағаттарға өседі. Енді сіз екінші, тіптен үшінші сабақтарға келе бастайсыз. Бұрынғыдай ұялмайсыз, кешіктім-ау деп байбалам салмайсыз. Себебі, кешігуге біртіндеп бойыңыз үйреніп, әдетке айнала бастағанын сезбейсіз де. Кешіккен кезіңізде амалсыз сылтау айта бастайсыз. Біртіндеп сол сылтауларыңызды судыратып жүріп нағыз Судырахметтің өзіне айналып шыға келесіз.

 

Университетті сылтаумен өткізесіз…

Енді кешігуді университет табалдырығын аттағанда дамыта түсесіз. Айтатын сылтауларыңыздың да тараулары көбейіп, жаңа сатыға көтеріледі. Мәселен, кептелісте тұрып қалдым, автобусты ұзақ күтіп қалдым, т.б. Университеттің іргесіндегі жатақханада тұрсаңыз да, бұл әдетіңізден айнымайсыз. Кейін дипломыңызды алып, жұмысқа тұрғанда да үйренген әдетіңізге адалдық танытасыз. Бірақ жұмыстың аты – жұмыс. Болашақ наның сол болған соң ескерту алмауға тырысып ерте келуге талпынғаныңызбен, «үйренген әдет қалмайдының» керін істейсіз. Әріптестеріңізге өзіңізді жоқтатпауын сұрап, жалынып-жалпаясыз. Кешігу басыңызға таяқ болып тиіп жатса да, әдетіңізден айнымайсыз.

Күндердің күні болғанда ата-анаңыздың жолын қуып сізде балаңызға кешігудің қыр-сырын үйрете бастайсыз. Келе-келе сіз болып, біз болып, бүкіл халық болып кешігуді әдет қылған соң, кешігу дегенге қалыпты жағдай ретінде қарай бастаймыз. Оның мысалын алыстан іздемей-ақ қазақтың тойын алсақ та жетіп жатыр.

Бәрін шақыру билетінен-ақ аңғаруға болады. Онда уақыты сағат 17:00 немесе 18:00 деп жазылады. Бірақ жиналатын уақыт 20:00 мен 21:00-дің аржақ, бержағы. 22:30-ға дейін созылуы мүмкін. Егер дәл уақытында барып көріңізші. Қонақтар түгілі, тойхананың қызметкерлерін де көрмеуіңіз мүмкін. Өйткені бәрі кешігуге үйренген. Кімнің төрт-бес сағат сарылып күткісі келеді дейсің. Тіптен бір минут кешікпейтін немістердің өзі де қазақтың тойына кешігіп келуді көп өтпей-ақ өзімізден де тәуір меңгеріп шыға келер еді.

Осылай жалғаса келіп кешігу қоғамдық сипат ала бастайды. Арты саясатқа ұласады. Дер кезінде қабылдануы тиіс заңдар кешігіп, дер кезінде шығарылуы тиіс шешімдер маңызын жояды. ТМД елдері ішінде тәуелсіздігімізді ең соңынан, тіпті Ресейдің өзі отауын оңаша тігіп кеткен соң кешігіп жариялағанымыз сондықтан шығар. Өйткені саяси аренадағылар да қазақтар ғой…

 

Қазақстанға ғылым кеш келеді

Тәуелсіздігімізді алып, жеке отау тіксек те кешігудің дертін әлі тартудамыз. Мұны ғылым мен білім, мәдениет, экономика саласынан айқын аңғаруға болады. Әлемдегі білім берудің үздік технологиялары біздің елімізге жиырма-отыз жылға кешігіп келетіні жасырын емес. Өнертабыс жағынан әлемде алғашқы орындарда тұрамыз деп көпіргенімізбен, оларды өндіріске енгізгенімізше басқалар алдымызды орап кетіп жатады. Бұлда кеш қимылдаудың салдары. Экономикамыз қарқынды дамуда деп кеуде кергенімізбен,  Жапония, Германия секілді елдермен салыстырғанда көптеген жылдарға артта қалудамыз. Тағы да кешігу…

Ендеше осы кешігу дейтін пәледен қазақты қалай арылтуға болады?«Қалыптасып кеткен әдетті тастау қиын», – дейсіз бе? Жоқ… Үйретудің арқасында арыстанды да жуасытып, аюды да билетіп, тотыны да сөйлетіп жатқанда, адам деген атыңызбен бұлай ойлау арыңызға сын. Сондықтан өзіңізді осы бастан тәрбиелеңіз. Сіздің әр ісіңіздің балаңыз үшін үлгі екенін ұмытпаңыз. Әрі өзіңіздің де қоғамның бір бөлшегі екеніңізді жадыңызда сақтаңыз. Жеке адамды тәрбиелеу арқылы қоғамды тәрбиелеуге болатыны ақиқат. Қоғамы түзелсе, ұлт та түзеледі. Демек, ел болашағы өз қолыңызда.

Нұрсерік ТІЛЕУҚАБЫЛ

Дереккөз: “Қала мен Дала” газеті

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: