Париждегі қазақ жастарын атамекенмен футбол табыстырды
Париждегі қазақтардың Paris kazak spor футбол командасы Қазақстанда жолдастық кездесулер өткізіп жатыр. Парижде туып өскен қазақ жастары “мұндай кездесу тарихи отанымызды тануға, қазақ тілін үйренуге септеседі” дейді.
Париждегі қазақтардың Paris kazak spor командасы мүшелерінің (көк формада) қазақстандықтармен түскен суреті. Астана, 9 маусым 2015 жыл.
Paris kazak spor футбол командасы маусымның 9-ы күні Астанаға келіп, “Жас батыр” спорт кешенінде екі ойын өткізді. Астана футбол клубының 1997 жылы туған жастар құрамасымен және астанадағы журналистер командасымен жолдастық кездесу өткізген олар екі ойынды да тең аяқтады. Парижден Қазақстанға 17 мен 20 жас аралығындағы 15 футболшы, бес үлкен кісі келген. Олардың біреуінен басқасы – Парижде тұратын этникалық қазақтар.
“ФУТБОЛ – ҚҰДАЛЫҚҚА ДА СЕП”
Азаттықтың тілшісімен француз тілінде сөйлескен Paris kazak spor ойыншысы Эдуард Катриан (этникалық қазақ – ред.) жергілікті команданың доп ойнау шеберлігін “жоғары” деп бағалады және өздерінің ұшақтан шаршап келгендерін түсіндірді. Франция қазақтары енді маусымның 11-і күні Қарағандыдағы “Шахтер” футбол клубының жастарымен, одан кейін Шымкент және Алматыға барып жергілікті футбол клубтарының жастар құрамасымен жолдастық кездесулер өткізбек.
Париждегі қазақ жастарын Қазақстанға әкелген кәсіпкер Ерлан Әшім:
– Мұстафа Шоқайға былтыр мүсін қойылғанда Францияға барған едім. Сол жерде жергілікті қазақтармен танысып, әңгімелерін тыңдасам, өздерінің ұл-қыздарын футбол арқылы бір-бірімен таныстырып, араластырып отырғандарын айтты. Содан, неге сол жастарға Қазақстанды футбол арқылы көрсетпеске деген ой келді. 15 ойыншы, бес үлкен кісіні алып келдім, – дейді.
Ойыншылармен бірге келген Франция тұрғыны Зейнел Сойер Азаттықтың тілшісімен қазақша сөйлесті. Ол бұған дейін Қазақстанда екі рет болған. Оның айтуынша, қазір Парижде Түркиядан шыққан 270 қазақ отбасы, үш мыңға жуық этникалық қазақ тұрады. Парижде туып өскен жас ұрпаққа қазақ тілін үйрету қиындаған. “Ұлттық байланысты” үзіп алмас үшін Еуропа қазақтарының дәстүрлі құрылтайына жастарын қалдырмай алып барып, бір-бірімен таныстырады екен. Ол “Париждегі үлкен кісілердің кейінгі ұрпақты өзара үйлендіріп, қазақтықты сақтауға тырысатынын” да айтып қалды.
– Құрылтай мен той-думаннан өзге, жастардың басы осы футболда жақсы бірігеді. Париж қазақтарының өздері құрған Paris kazak spor командасы бар. Оның сыртында өзіміз ойнайтын үш команда, 70-тей ойыншымыз және бар. Бәрі – жастар. Футбол арқылы басымыз бірігеді, байланыс орнайды. Сыйластығымыз артады. Қазақстанға алып келген де осы футбол, – дейді Зейнел Сойер.
“ТІЛ ҮЙРЕТУ ҚИЫН”
Азаттықтың тілшісіне өзін Мәки деп таныстарған, түрікше-қазақша араластырып сөйлеген жігіт ағасы Түркияның Стамбул қаласында туғанын, 1980-жылдары Парижге көшкенін айтады. Тері өңдеу ісінің маманы. Үш баласы бар. Ол өзімен бірге Қазақстанға футбол ойнауға келген жастардың “тіл білмегендері үшін ұялып жүргенін” айтты.
– Францияда жастарға тіл үйрету қиын. Қолданыс аясы жоқ. Тіл, домбыра үйрететін маманға зәруміз. Естігендер болса, үйретеміз дегендерге есігіміз ашық. Үйрететін жеріміз [сабақ өтетін орын] бар. Мына жастар тіл білмегендері үшін ұялып жүр. Тіл білсе, барыс-келістері, таныстықтары көбейер еді, – дейді Мәки.
Парижде туып өскен студент Эдуард Катриан “үйінде әке-шешесімен французша сөйлесетінін” айтады. Францияда оқып жүрген қазақстандық студенттермен әлі танысып, араласпаған.
– Қазақ достарым көп. Бірақ олардың бәрі Парижде не Еуропада туған, үнемі французша, аздап түрікше сөйлейді. Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Мүмкін жаңа достармен танысармын. Солардан тіл үйренермін, – дейді Эдуард Катриан.
Париж жастарымен алаңда бірге футбол ойнаған спорт журналисі Төлеубек Қадырмолла мұндай жолдастық кездесудің пайдасы көп деп санайды.
– Paris kazak spor командасы Францияның 7-лигасында ойнайды. Соған қарамастан, шеберліктері ерекше екен. Жас жігіттері көп. Қанша дегенмен Франция футболының деңгейі жоғары ғой, сол жақта тәрбиеленген осындай қазақ жастарын елдегі клубтарға шақыртуға болар ма еді, – дейді ол.
Paris kazak spor командасы 1986 жылы құрылған. Биыл Францияның 7-футбол лигасында 3-орын алған. Бұдан бөлек, Париж чемпионатында, Париждің аймақтық чемпионатында 1-орын алған кездері де болған. Командада 44 ойыншы болса, оның 30-ы – этникалық қазақ.
Пікір қалдыру