|  | 

Көз қарас

«Жемқор-2017»

«Жас Алаштың» коллажы
  • Қыжыртпа
“Ақорда ЭКСПО-ға “ен салғалы” жатыр екен” деген әңгiме туғанда-ақ елдiң iшi қылп ете қалған. Өйткенi халықаралық жиындарға әуес қазақ билiгi бұған дейiн де халықтың несiбесiн уыстап шашып келген едi. Ал ЭКСПО – “тоймайтын тажалдың” нақ өзi. Оның үстiне қыруар қаржы құйылған жерде құлқынды қадағалау да қиынға соғады. Кiшi Үсенов жолдың оң мен солын айырудан қалған тұста жұрт “тегiн келген ақша сау адамды тентек қылады, әкесi асап жатыр екен-ау” деп ой түйген. Қазiр Үсеновтiң үлкенi қамауда. Төрағалықтың тiзгiнiн ұстаған Талғат Ермегияев те күдiкке iлiгiп, үйқамаққа алынды. Ал Әдiлбек Жақсыбеков бiр аяғын Есiлдiң сол жағалауына, екiншi аяғын ЭКСПО-ның iргетасына тiреген күйi “талтайып” тұр. Қазақстанның қазiргi кейпi де Астана әкiмiнiң осы “тұрысынан” аумайды. Ең бастысы, ортақ қазаннан ойып алу ойыны – бұдан кейiн сап тыйылады дегенге сенiм жоқ. Ендеше, “ЭКСПО-2017” көрмесiнiң атауын “ЖЕМ­ҚОР-2017-ге” алмастырсақ қалай болады?
Мұндай мәселе көтеруiмiзге екi мәселе себеп болып отыр. Алғашқысы, көрменiң тақырыбы. Ол – “Болашақтың энергия­сы” деп аталады. Бiрақ бiзде болашақтың энергиясы бар ма? Ауылды былай қойғанда, қала маңындағы кейбiр елдiмекен­дердiң өзiне жарық тартылмаған. Қайсыбiр ауылдарға көше түспеген, ауызсуды есекпен тасып iшетiн елдiмекендер елiмiздiң әр қиырынан да табылады. Сонда бiз “болашақтың энергиясы” туралы өзгелерге не айтып, не көрсетемiз? Көрсет­кеннiң өзiнде оған жұрт сене ме? “Өзiң диуанасың, кiмге пiр боласың” десе, не бетiмiздi айт­тық? Бүкiл әлем елдерiн жиып, халықаралық деңгейдегi көрме өткiзген соң, өзгеден дара тұрғанға не жетсiн?! Ың­ғайы келiп жатса, шоқтығымыз биiк, еңсемiз тiк болуын ойлауымыз керек.
Мiне, сондықтан өзi­мiзге ыңғайлы “бағытты” қолға алғанымыз дұрыс сияқты. Басқасы басқа, әйтеуiр жең ұшынан жал­ғасу жағынан ешкiмге есе жiбермейтiнiмiз анық. Оның шет жағасын сырт­көз ептеп бiледi. Transpa­rency International ұйымы Қазақстандағы жемқорлық деңгейiн үздiксiз жоғарылап бара жатыр деп бағалайды. Мәселен, дәл осы ұйым 2001 жылы Қа­зақстанды әлем елде­рiнiң iшiнде 71-орында тұр деп есептеген. 2002 жылы 88-орынға сырғытты. 2003 жылы 100-орынға шықсақ, 2004 жылы 122-орынға ие болыппыз. 2005-те ұяттымыз – 107-орынға төмендеппiз. 2006 жылы 111-сатыны «бағындырып», 2007-де 150-орынға орғыдық. Содан берi бiрде алай, бiрде бұлай, бiрақ жүздiк межеден аса алысқа ұзамадық. 2014-те алған биiгiмiз – 175 елдiң iшiндегi 126-орын.
Жемқорлыққа қарсы күре­сiмiз де сұрапыл! Алты жылдың iшiнде 8 генералды абақтыға жаптық. Бұрынғы премьердiң өзi “шiдерде”. Iстi болған шендi-шекпендi­лердiң санынан жұрт баяғыда жаңылды. Жемқорлардың жегенiн құстырып, құс­пағанын көзiн бозартып қамап қойдық. Тәубесiне ке­лiп, ел басшысынан кешi­рiм сұрағандарын “екiншi қайталама” деп бостандыққа жi­бердiк. Қайталаса, өз обалдары өздерiне, иттей боп тағы да кешiрiм сұрайды. Сосын құстырып-құстырып қоя бере саламыз. Өйт­кенi ақша керек, ол “құсық” па, “тезек” пе, бiзге бәрi­бiр.
Сондықтан да шығар, қыруар қаржы құйылатын жобалар тұсында құлқынымызға ие бола алмай қаламыз. Мысалы, 2011 жылы Қазақстанда өткен VII қысқы Азиада ойындарына мемлекет қоржынынан 1,65 млрд. доллар ақша бөлiндi. Соның 53 млн. долларға жуығы талан-та­раж­ға түсiп кеткенi кейiн анықталды. Мiне, бұл – негiзгi себеп.
Ендi ЭКСПО-ға да қисапсыз қаржы жұмсалып жатыр. Кейбiр деректер бойынша 400 млрд. теңге, ендi бiр деректерге қарағанда 5,2 млрд. еуро. Қазiрдiң өзiнде оның қаншасы тойымсыз көмейлерден өтiп кеткенiн ешкiм бiлмейдi. Және бұл – Қазақстан үшiн жазылмаған заңдылық. Шөмiш ұстағандар өздерi екi асағанда өзгелерге бiр асатып қоюға мәжбүр. Бөлiсiп жемесе, бөлiнедi.
Осының бәрiн ескерсеңiз, “ЖЕМҚОР-2017” – халықаралық көрменiң атауына әбден лайық. Жемқорлық көрсеткiшi бойынша Қазақстанмен қатарлас келе жат­қан Гондурас, Уганда, Лаос басшылары Астанаға ең құр­меттi қонақ ретiнде шақырылса, құба-құп. “Тең теңiмен, тезек қабымен” деген, пара алған шендiнi атып тастайтын Қытай мен жемқорлықтың не екенiн ұқпайтын демократиялық елдер басшылары “келмеймiз” десе, өздерi бiлер. Бiреудiң келмеге­нi­нен көрменiң қадiрi кемiмейдi. Бiз жемқорлықтың “энергиясымен” дами беремiз. Халықаралық деңгейдегi алапат жиында көрменiң өтуiне де, оның атауына да еңбек сiңiргенi үшiн кез келген шенеунiктi жолдан тоқтатып алып, марапаттай беруге болады. Әрине, басты марапат нөмiрi бiрiншi мақтаншақтың өзiне берiлуi тиiс.
Бұдан артық не керек? Жиын өткiзесiң, бастысы – көңiлiң тоқ. Қожайының да разы. Әйтеуiр бүкiл әлемге сауын айтып, қонақ шақырғанда қыруар қаржы салып тұрғызған “құжыраң” “Қособа” құсап құлап қалмаса, болды да.
 Қ. Баян.
Басқа ЭКСПО-лар
Қазақстан сонша әуре-сарсаңға түсiп өткiзетiн көрменi бiзге дейiн ұйымдастыратын елдер қанша ақша шығындайды? 2016 жылы Түркияның Анталия қаласында “Балалар және гүлдер” деген тақырыппен өтетiн ЭКСПО халықаралық көрме­сiне 2 миллион еуро жұмсап, 4 миллиард еуро пайда табуды көздейдi. Түрiк үкiметi көрмеге 100 елден 5 миллионға жуық турист келедi деп күтедi. Ұйымдастырушылар Түркияның Жерорта теңiзi аймағында өсетiн гүлдер, ағаштар, шөптер, өсiмдiктiң түр-түрiн көрмеге қояды.
Биыл Миланда өтетiн ЭКСПО көрмесiне 29 миллион турист қатысады деп күтiлу­де. Миландағы көрменiң тақырыбы – “Ғаламды тамақтандыру. Өмiрге қажеттi энергия”. Аты айтып тұрғандай, көрме тамақ, азық-түлiк, денсаулыққа пайдалы қорек көздерi, тамақтандырудағы инновацияларға арналады. Италия үкiметi көрмеге 13,2 миллиард еуро жұмсады.
СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Досым СӘТБАЕВ, саясаттанушы, Тәуекелдердi бағалау тобының жетекшiсi:
АҚША ЖЕСЕ ДЕ, IС ТЫНДЫРАТЫН ТОПҚА ТАҢДАУ ТҮСТI
–             Жоғарғы шендi шенеу­нiк­тер, iрi бизнесмендер ша­тыл­ған жемқорлық дауларының артында алдымен элиталық топтардың қақтығысы жатады. Қазақстанның қымбат имид­ждiк жобаларында бұған дейiн шын мәнiндегi жемқорлық iстерi, көлеңкелi схемалар бол­ғаны рас. Бұл ретте Азиаданы еске түсiрсек те жеткi­лiктi. Азия ойындарынан кейiн жем­қорлық iстерi әшкере болды. Сондықтан ЭКСПО-ны өткiзе­мiз деген бастама қолға алынғаннан кейiн-ақ, оны iске асырғанда да дәстүрлi көлеңкелi схемалар шығады деген күмән туды.
Елдегi экономикалық-әлеу­меттiк ахуалға көз жүгiртсек, мемлекеттiң көптеген экономикалық-әлеуметтiк жобалары қысқарды, кейбiр нысандар тоқтатылды. Президент өткен жылдың аяғында, биылғы жылдың басында үнемдеуге көшу керек, мем­лекеттiң шығынын азайту керек деп мәлiмдедi. Осының бәрi қолға алынды, тек ЭКСПО-ға бөлiнген қаржы азайған жоқ. Сол себептi осы ресурсқа ауыз салғысы келе­тiн­дер көп болғаны түсiнiктi. Бұл президенттiң, елдiң имиджi үшiн керек жоба бол­ғандықтан, оған бөлiнетiн ақшаны ешкiм азайтпады. Осы тұр­ғыдан алғанда, жемқорлық дау­ларының артында белгiлi бiр топтардың басқа топты ығыстырып, өз адамдарын қою мүд­десiн көздедi деп болжауға болады. Бiрақ олар мақсатына жеттi деп кесiп айтуға болмас. Әдiлбек Жақсыбеков “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының жетекшiсi болып тағайындалды. Ол мұны Астана әкiмi қызметiмен қоса атқарады. Логистикалық жағынан алғанда, бұл дұрыс шешiм сияқты. Өйткенi ЭКСПО Астана қаласындағы инфрақұрылымдық жоба ретiнде қолға алынған. ЭКСПО аяқталғаннан кейiн де бұл инфрақұрылым қала балансында қала бередi. Қала әкiм­шiлiгiнiң қатысуынсыз бұл жоба iске аспайтыны белгiлi едi. Сондықтан қала әкiмдiгi мен ЭКСПО жетекшiле­рiнiң арасында майлы шелпекке талас, текетiрес болды дегендi жоқ­қа шығаруға болмайды.
Ә.Жақсыбековтi жаңа қызметке тағайындау бұл ретте заң­ды, өйткенi жоғарыда айтып өткенiмдей, халықаралық көрме – Астана қаласы инфрақұрылымдық дамуының бiр бөлiгi iспеттi. Оның үстiне жаңа қызмет – Ә.Жақсыбековке президент бiл­дiрген тағы бiр сенiм мандаты. Бұл ретте Ә.Жақсыбековтi президент дағдарыс менеджерi деп бағалағандай. Бұған дейiн пре­зиденттiң дағдарыс менед­жерi тiзiмiнде Кәрiм Мәсiмов пен Иманғали Тасмағамбетов бол­ған. Президенттiң пiкiрiнше, Ә.Жақсыбеков қазiр табан астында бүкiл мәселенi шешiп, жобаны аз уақыттың iшiнде iске қосуы қажет. Ә.Жақсы­бековтiң ЭКСПО басшылығына баруы онда өз адамын қойғысы келген топтардың көңiлiнен шықты деп ойламаймын. Сондықтан президент бұл жерде Т.Ермегияевты ығыстырғысы келген әлгi топтардың ойынын бұзған болуы мүмкiн.
Жемқорлық iсiнiң болған-болмағанын тек тергеу көрсе­тедi. Десек те мұндай iрi жобаларда қашанда да астаудан ақшаны қарпып қалуға дәмелену әрекет­терi болады. Өкiнiшке қарай, көптеген жақсы бастамалардың арты осындай жағымсыз дүниелерге ұласады. Ендi мiне, халықаралық көрмеден гөрi жемқорлық даулары елдiң есiнде көбi­рек қалатын болды. “ЭКСПО-2017-нi” еске алғанда жұрт оның ашылу салтанаты мен қызықты көрме жобаларын емес, жемқорлық iстерiн ауызға алады. Өкi­нiшке қарай, бұл – Қазақстанның шынайы көрiнiсi. Қазақстан жағдайында жемқорлықпен күресу әрекетi асты-үстiне қолға алынғанымен, жемқорлықтың өзi номенклатуралы идеологияға айналды. Яғни, мемлекет қанша жерден жемқорлықпен күрессе де, кәсiпкерлер мен шенеунiк­тер бәрiбiр жемқорлық тұзақтарына түсе бередi. Өйткенi олар басқа ойын жүргiзе алмайды. Себебi егер сен жемқорлық схемаларына қатыспасаң, жүйеден түсiп қаласың. Бөлiсу керек деген қағиданы ешкiм жойған жоқ. Бiрақ бөлiскен күннiң өзiнде бұл сен ықпалды ойыншылардың қолындағы пешкаға айналып, саған айып тағылмайды, сотталып, темiр тордың ар жағынан шықпайсың дегенге кепiлдiк бер­мейдi.
– Олай болса, Жақсы­бековтi ЭКСПО жобасына жетекшi ету жемқорлық жо­йылады дегенге кепiлдiк бермейдi ғой?
– Елорда Астанаға көшiрiл­генде, қалаға әкiм болған Жақсыбеков өзiн президенттiң көз алдында жақсы жағынан көр­сетсе керек. Президент те адам, оның да белгiлi бiр сте­рео­типтерi бар. Мына шенеу­нiктер өзiн жақсы көрсеттi деп есеп­тейдi. Қазақстандағы жем­қорлар екi топқа бөлiнедi. Бiрi – ұрлайды, бiрақ түк бiтiр­мейдi. Екiншiсi – ұрлайды, бiрақ әйтеуiр бiр нәрсе тындырады. Екiншi топ, бiрiншiден аз, әрине. Бiрақ қашанда екi топтың арасынан жағымдысын таңдайды. Тағы көлеңкелi схемалар болса да, жоба бәрiбiр iске асады десе керек.
Толғанай ҮМБЕТӘЛИЕВА, Орталықазиялық демократияны дамыту қорының бас директоры:
АСТАРЫНДА ЭЛИТАЛЫҚ ТАЛАС-ТАРТЫС ЖАТЫР
–             Кiшi Ермегияевтi үйқамаққа алу жемқорлыққа қарсы күрес нәтижесi деп көрсетiлгенiмен, мұның астарында қаржылық ресурстар үшiн элиталық талас жатыр деп есеп­теймiн. Оның үстiне Ермегияевқа қарсы ақпараттық нау­қанның басталуы мұның элиталық талас-тартыс екенiн дәлелдейдi. “Матрица” веб-парақшасында Ермегияевтiң шатаққа толы өткенi жөнiнде материал жарияланды. Оны қамауға алғанға дейiн бұл ақпараттық порталдың журналис­терiн оның биографиясы қызықтырған жоқ, оның үстiне кiшi Ермегияев ЭКСПО-ға дайындықты бiр жылдан берi басқарып жүр.
Ал Қажымұрат Үсеновке келсек, ол ұлына қатысты дау-дамайдан кейiн бақылауға алынған сияқты. Бұл ретте кiшi Ермегияевтiң қызметтен алынуына да оның оқиғасы түрткi болды.
Серiкжан МӘМБЕТАЛИН, эколог, қоғам белсендiсi:
ЭКСПО – ШЫҒЫНҒА ТОЛЫ IС-ШАРАЛАРДЫҢ БIРI
–             Даңғазаға толы бұл iс-шараны өткiзуге жұмсаған ақша кiрiс табысынан да көп болмақ. Бiзде өткелi отырған “ЭКСПО-2017” “WORLD EXPO” сынды жоғары деңгейдегi көрме емес. Бар болғаны аралық көрме санатындағы iс-шара. 2010 жылы Шанхайда өткен экспозициялық көрмеге қатыстым. Кейбiр павильондарға кiру үшiн сол кезде сағаттап тұрғанымыз әлi есiмде. Шанхай тұрғындарының саны Қазақстан халқының санынан әлдеқайда көп. Сондықтан ол жақта өткен көрмеден ұйымдастырушылар үлкен пайда көрдi. Әрине, бiздегi билiкте­гiлер мемлекеттiң имидж мәселесiн алдыңғы кезекке шығаруда. Астанада өтетiн “ЭКСПО-2017” көрмесiне 5 миллион адам қатысады деп сену бекершiлiк. Әрi кетсе, 500 мың адам барар. Өйткенi қонақтарды қабылдауға 5000 қонақүйдiң ғана мүмкiндiгi бар. Қорыта айтқанда, ЭКСПО – Қазақстанның кезектi шығынға толы, даурықпа iс-шараларының бiрi ғана.
Айдар ӘЛIБАЕВ, Қаржылық тұтынушылар одағының жетекшiсi:
АҚЫРҒЫ НӘТИЖЕСI ЖОҚ ЖОБА
–             Елде жемқорлықпен күрес жоқ, ол жүргiзiлмейтiнi де баршаға түсiнiктi. Нақты күрестен гөрi жалаң ұран бар. Сондықтан ЭКСПО төңiрегiндегi жағдай жемқорлықпен күрестiң салдары емес, одан гөрi жемқорлықпен күрес ұранын жамылып, мүдделi топтар майлы шелпекке айналған нысанға таласып отырғанын көрсетедi.
–             Бұл жобада жемқорлық болатыны әу бастан белгiлi болған     си­яқ­­ты. Өйткенi бұл ешқандай әлеу­меттiк жоба емес, имидж қа­лып­тастыруға арналған дүние емес пе?
–             Қызығы, бiр жағынан бiрнеше миллиард доллар осы жобаға құйылады. Екiншi жағынан бұдан нәтиже ретiнде шығатын ешқандай өнiм, инфрақұрылымдық нысан, фабрика, зауыт жоқ. Яғни бұл жемқорлық нысаны екенi алдын ала белгiлi. Ал ондай жерде жауапкершiлiк деңгейi аса жоғары емес. Бұл жобадан қандай нәтиже шығады? Мұның нәтижесi – қысқа уақытта ғана өте шығатын iс-шара ғана. Инфрақұрылымдық, өнеркәсiптiк жобалардан айырмасы, оның ақырғы нәтижесi жоқ. Сондықтан жауапкерiшiлiктен сытылып кету де оңай. ЭКСПО-дан кейiн бос ғимараттар ғана қалады.
–             Бiрақ ЭКСПО өтетiн аумаққа Ұлттық банк пен Қазақстан қор биржасын көшiрейiн деп жатыр ғой.
–             Көшiрейiн деп жату көшiру деген сөз емес. Бұл туралы сөз қозғау әлi ерте. Олардың ғимараттары да әлi да­йын емес.
–             Десек те 2017 жылдың басына дейiн қаржылық органдар Астанаға көшiрiлiп, елорда қаржы орталығына айналады делiндi ғой.
–             Саяси және экономикалық бәсеке жоқ мемлекетте қаржы орталығы болуы мүмкiн емес. Алматыда қаржы орталығын құру әрекетi осыны дәлелдедi. Ендi басқа қалада қаржы орталығын құру – сол тырманың басын қайта басу деген сөз. Қаржы орталығын құру үшiн биржа болуы керек. Биржа қалыптасуы үшiн экономикалық бәсеке мен өз қағаздарын сататын компаниялар болуы тиiс. Бiзде ондай компаниялар атымен жоқ. Яғни бiр-бiрiне тiкелей байланысты буындар тiзбегi бар. Әрбiр буынды орындаған жағдайда ғана қаржылық орталық идеясы iске аспақ. Осы тiзбектiң бел ортасында саяси бәсекелестiк бар. Саяси бәсекелестiк қана экономикалық бәсекеге жол ашады. Экономикалық бәсекелестiк тәуелсiз соттарға жол ашады. Ал бұл өз кезегiнде қолайлы ортада орта және шағын бизнес ашуға мүмкiндiк тудырады. Бизнес өз бетiнше әрекет етiп, дұрыс жұмыс iстей алған жағдайда ғана өз қағаздарын сату үшiн биржаға кiредi. Қысқасы, мұның бәрi саяси реформаларға келiп тiреледi. Сая­си реформалар iске асқанда ғана нағыз жемқорлықпен күрес басталады.
–             Бәрiнен қынжылтатыны, осы жоба үшiн көптеген әлеуметтiк жобалар қысқартылды, айыппұлдар өстi. Яғни халық несiбесiнен жырып жоба өткiзбек едi, оның өзi жем­қорлық шырмауына шатылды.
–             Бұл жобаның өндiрiстiк, инфрақұрылымдық мәнi жоқ, тек көп ақша жұтатыны оның пайдасыз екенiн көрсе­тедi. ЭКСПО-ның қалай iске асып, қалай өтетiнiн болжауға әлi ерте. Қанша дегенмен алда екi жыл бар. Десек те екi жыл бұрын дауға шатылды, басталғанша әлi де талай даудың куәсi болатын сияқтымыз. Осының өзi жоба халықаралық талапқа сәйкес өте ме, сапалы бола ма деген сұрақтарға жетелейдi. Бiр жағынан ендi жобадан бас тарта алмайтын болған соң, ЭКСПО дұрыс дәрежеде өтсе, сыртқа масқара болмасақ деймiн. Бiз оны мемлекет ретiнде абыройлы түрде атқара аламыз ба? Мәселе осында.
Әмiржан ҚОСАНОВ, саясаткер:
«АЙДАҒАНЫ БЕС ЕШКI, ЫСҚЫРЫҒЫ ЖЕР ЖАРАДЫ»
–             Менiңше, “ЭКСПО-2017” жобасы – бiздiң билiктiң о бастан қолға алған стратегиялық-сымақ жоспарының бiр бөлiгi. Ол жоспардың мазмұны мынада: билiктiң сыртқы саясаттағы амбициясын орнықтыра түсу үшiн оны мейлiнше насихаттау, халықаралық мәрте­бесi барлық iс-шараға араластыру, мүмкiндiгiнше, оларды Астанада өткiзу, болмаса, қол­дан сондай iс-шара жасап алып, тағы да шетелдiктердi өзiмiзге шақырып алып, жиын өткiзу. Бiр сөзбен айтқанда, теледидардағы бiр жақсы кадр мен газеттегi бiр жақсы фотосурет.
Ал ондай iс-шаралардың мән-мазмұны қандай болмақ, елге, оның экономикасына, сыртқы аренадағы шынайы да боямасыз бе­делiне қандай әсер етпек, ол жағын, менiң­ше, ойлап жатқан адам жоқ.
Мәселен, қаншама уақыт бойы­на жыл сайын әлемдегi дiни конфессиялардың басын қосамыз? Ал осы басқосуларда нақты ешнәрсе шешiлмей­дi. “Айдағаны бес ешкi, ысқырығы жер жарады” дегеннiң керi. Қаншама шығын! Қаншама босқа жұмсалған күш-қимыл мен әрекет!
Бiрiккен Ұлттар Ұйымынан бас­тап, басқа да беделдi институттар шеше алмай жатқан мәселенi дәл бiз шеше қоямыз дегенге мен сене бермей­мiн. Әрбiр дiннiң өзiндiк ұстанымы, әу бастан қалыптасқан өзара қарама-қайшылығы бар. Ол, керек десеңiз, жалпыадамзаттық әрi мәңгiлiк сипат алады. Оның бәрiн бiр сәтте Астанада отырып, шеше салу мүмкiн емес. Әйтпесе, сондай отырыс неге Вашингтон, Лондон, Берлин, не Пекинде өткi­зiлмейдi?
Ал ЭКСПО төңiрегiнде бұған дейiн де көп әңгiме болды. Әри­не, әдiлетке салсақ, Ермегия­ев пен Үсеновтiң, заңгерлерше айтсақ, “кiнәлi емес­тiгiнiң пре­зумпция­сы” бар. Сондықтан сотқа дейiн оларды жерден алып, жерге салуымыз артықтау болар.
Бiрақ “ауру қалса да, әдет қалмайды” дейдi атам қазақ. Бiздiң шенеунiктер жемесе тұра алмайды. Ал ЭКСПО сияқты соншама миллиардтаған қаржы кетiп жат­қан жобада бар мәселе тек сол көр­менiң басшылығында деп ойламаймын. Негiзгi былық-шылықтың кiлтi – аспанда.
Билiк ЭКСПО-ның бiр жағымды тұсы ретiнде “осы көрме арқылы әлемге таныламыз” деп жатыр.
Қазiр “Жас Алаш” газетiнiң кез келген оқырманынан «Өткен жылы, биыл ЭСКПО қай елде өттi?» деп сұраңызшы. Жауап беретiн адам некен-саяқ болар. Кiм кезектi ЭКСПО қайда өткенiн соншалықты жiтi бақылап отыр дейсiз.
Билiк “осы көрме арқылы бiз елiмiздiң экономикасына осыншама инвестиция тартамыз” дейдi.
Қазiргi заман инвесторлары көрме секiлдi театрға емес, оның кулуарына, яғни шымылдықтың артында не боп жатқанына қарайды. Ал ЭКСПО басшылығын ауыстырып, оны үйқамаққа жауып, бiз сол театрымыздың шынайы болмысын көрсетiп отыр емеспiз бе?!
Осындай жемқор ұйым жасап жатқан көрмеге өз-өзiн сыйлайтын әрi былыққа батқысы келмейтiн, кiршiксiз халықаралық беделi бар компания келе ме?
Әуелхан ШОНЖАН, қоғам белсендiсi:
КӨРМЕ ӨТКIЗГЕНШЕ, СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛҒАНЫМЫЗ ДҰРЫС
–             Жоғары мiнберлерден ЭКСПО деп алаулатып, жалаулатып-ақ жатыр. Өкiнiшке қарай, қарапайым халықтың басым бөлiгi      ЭКСПО-ның не екенiн, бiзге қандай қажетi барын жете түсiнiп жат­қан жоқ. Онсызда қос бүйiрден қаржылық дағдарыс қысқан уақытта мұндай iс-шара өткiзу бiр кiсiнiң атын шығарудың жолы екенi белгiлi. Табиғи жағдайы қолайсыз Астанада көрме өткiзiп, туризмдi дамытамыз деу – бос далбаса. Қош, халықаралық деңгейдегi ЭКСПО көрмесi өттi делiк. Көрмеден кейiн қалай болмақ? Миллиардтаған қаржыға салынған нысандарды қалай пайдаланбақ? Сурет көрмесiне айналдыра ма, әлде мұражай етемiз бе? ЭКСПО-ға арнап салынған ғимараттарды үйсiз қаңғыған халыққа бермесi бесенеден белгiлi. Қайбiр кездерi коммунист Жамбыл Ахметбеков: “Бомждар бiздiң қоғамның ауруына айналды! Олар астанамыздың  келбетiн бұзып жатыр! Жақында “ЭКСПО-2017” өтедi, оған шетелдiк туристер келедi. Сонда бiздiң үйсiздер қайыр сұрап жүрсе, туристердiң санасында бiздiң гүлденген ел туралы қандай ой қалыптасады? Мiне, мыналарың ЭКСПО өткiзiп жатыр, ал  хал­қы кедейленiп, үйсiз жүр демей  ме? Бұған жол беруге болмайды!” – дегенi ел есiнде. Осының өзi бұл көрменiң кiм үшiн және неге өткелi жатқанын анық аңғартып тұр. Бес миллиард еуродан астам қаржы құйылатын ЭКСПО қазақстандықтарға емес, билiктегiлерге қажет. Сол қаржыны толтыру үшiн ақордалықтар барын салуда. Жол жүру ережелерiне қатысты түрлi айыппұлдарды ойлап тауып, ЭКСПО-ның қаржылық қазынасын толтыруға жанталасуда. ЭКСПО өтекiземiз деп басқа шаруалар шетке ысырылды. Елiмiздегi маңызды нысандардың құрылыстары қаңтарылып, аурухана, мектеп салынудың орнына барлық ақша көрменiң көмбесiне ағып жатыр. Мысалы, 1939 жылы Нью-Йоркте өткен әлемдiк көрмеде жұрт ал­ғаш рет телеэкранды өз көзiмен көрiп, таңданысты. Ал сол телеэкраннан Рузвельттiң бейнесiн көргенде, аузын ашып, көзiн жұмғандар қаншама! Мiне, осы көрмеден кейiн әлемде телевидение өрiстей бастады. 2017 жылғы Астанада өтетiн ЭКСПО көрмесiнде де осындай жұрттың таңдайын қақтырар жаңа, ешкiм осыған дейiн бiлмеген дүние көрсетiле ме? Әй, қайдам, күмәнiм бар. Көк тиындық құны жоқ мұндай көрме өткiзгенше, ең болмаса елiмiздiң жүздеген миллиард доллар сыртқы қарызын төлегенiмiз әлдеқайда тиiмдi болар едi.
zhasalash.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: