“Astana Arlans” клубы WSB чемпионы атанды
“Astana Arlans” WSB финалының екінші күнінде де “Куба Домадорес” клубын 3-2 есебімен жеңіп, Әлемдік бокс сериясының (WSB) чемпионы атағына ие болды-деп vesti.kz ке сілтеме жасап tengrinews.kz хабарлайды.
Әлемдік бокс сериясының (WSB) финалындағы бірінші кездесуде 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық боксшы Олжас Саттыбаев “Куба Домадорес” клубының боксшысы Йосвани Вейтианы 3:0 (49:46, 49:46, 49:46) есебімен жеңді.
Екінші болып қазақстандық Закир Сафиуллин мен әлемнің екі дүркін чемпионы Лазаро Альварес шықты. Кездесу 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтті. Жекпе-жек 2:1 (49:46, 49:46, 47:48) есебімен кубалық боксшының пайдасына шешілді. Осылайша, “Астана Арланс” пен “Куба Домадорес” клубтары арасындағы есеп айырмасы 4:3 болды.
Үшінші жекпе-жекте қазақстандық Асыланбек Шымбергенов “Астана Арланс” командасына бесінші жеңісті сыйлады. 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жерлесіміз Лондон-2012 олимпиадасының жеңімпазы Роньель Иглесиас Сотолонгоға қарсы шықты. Алғашқы раундта жеңіліп қалған Асылан қалған екеуінде жеңіске жетті. Кездесу 2:1 есебімен аяқталды.
WSB финалының екінші күнінде 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде кубалық Хулио Ла Круз қазақстандық Нұрдәулет Жармановты жеңді. Кездесу 3:0 (50:45, 50:45, 49:46) есебімен аяқталды.
Финалдық кездесуде соңғы болып рингке қазақстандық Иван Дычко шықты. 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен ол “Куба Домадорес” клубының Йоанди Ортега Тойрака атты спортшысына қарсы өнер көрсетті. Ол үш раунд бойы да басым болып, жалпы есепте қазақстандық клубқа тағы бір жеңіс сыйлады.
Осылайша, “Астана Арланс” клубы Әлемдік бокс сериясының (WSB) чемпионы атанды. “Астана Арланс” – “Куба Домадорес” арасындағы финалдық кездесу 6:4 есебімен қазақстандық клубтың пайдасына шешілді.
Айта кетейік, екі клуб арасындағы WSB финалы 20 және 21 маусым күндері Астанадағы “Дәулет” спорткомбинатында өтті. Шараның алғашқы күнінде де қазақстандық клуб жеңіске жеткен болатын.
Пікір қалдыру