Жаһан жаңалықтары Қазақ хандығына 550 жыл
Ресей Қазақ Хандығының 550 жылдығын назардан тыс қалдырмайды – А.Климов
Ресей Федерациясы Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесін назардан тыс қалдырмайды. Бұл туралы Ресей Федералдық Кеңестің Халықаралық істер бойынша комитеті басшысының орынбасары А.Климов «Нұр Отан» партиясы делегациясымен кездесу барысында мәлімдеді.
«Қазақ Хандығының 550 жылдығы Қазақстан халқының тарихындағы маңызды кезеңі болып табылады. Осынау маңызды оқиғаны назардан тыс қалдырмау мәселесін біз сіздермен бірлесіп ойластыруымыз қажет», – деді ол.
Сондай-ақ, Ресей парламентшілері атаулы күндерді мерекелеу бойынша бірлесіп жұмыс жасаудың қажет екенін жеткізді, олардың қатарында Ұлы Отан Соғысы Жеңісінің 70 жылдығы да бар.
Еске сала кетейік, 23 маусымда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің басшылығымен «Нұр Отан» партиясы делегациясының Ресей Федерациясына сапары басталды.
Ресми сапардың бірінші күнінде Бауыржан Байбек Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинмен кездесті.
Екіжақты кездесу барысында бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенаты мен РФ Федерация Кеңесінің, ҚР Парламенті Мәжілісі мен РФ Мемлекеттік Думасының арасында тікелей өзара іс-қимылдың орнатылғаны, ал, депутаттардың ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ҰҚШҰ, ЕҚЫҰ мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы отырыстары шеңберінде жемісті жұмыс жасап жатқаны аталып өтті. Тараптар екі ел парламенті арасындағы байланыстарды әрі қарай да дамытуға ниетті екендерін жеткізді.
Сонымен қатар, кездесу барысында Мәскеуде «Единая Россия» бүкілресейлік саяси партиясының басшылығымен екі билеуші партияның арасындағы өзара іс-қимыл мен әріптестік туралы Келісімге қол қойылды.
kerey.kz
Пікір қалдыру