Түркия қазақтарының II құрылтайы өтеді
Ораза айт күндері, яғни, 17-20 шілдеде Зәйтінбұрын қаласында Түркия қазақтарының II құрылтайы өтеді. Бұл туралы Түркия қазақтары қорының баспасөз қызметінен хабарлап отыр.
Түркия қазақтары қоры өткен жылы Түркия қазақтарының бірінші құрылтайын 28-31 шілде күндері өткізген болатын. Жыл сайын өткізілуі жоспарланған құрылтай биыл екінші рет өткелі отыр.
Құрылтайдың алғашқы үш күнінде Түркиядағы қазақ жастарының 12 футбол командасының жарысы болып, «Қабанбай Батыр» жүлдесі үшін сайысқа түседі. Түркия қазақтары жастардың ұлттық, тарихи санасын қалыптастыру үшін сайысқа жыл сайын қазақтың бір батырының атын беру туралы шешім қабылдаған. Өткен жылы жүлде 300 жылдығы тойланған «Ер Жәнібек батыр» атына тағайындалса, биыл Қазақ Хандығының 550 жылдығына байланысты «Қабанбай батыр» атына беріліп отыр. Ақтық сайыста бүлдіршіндерден құралған аяқ доп шеберлері мен ардагер-ақсақалдар шоу матчтарын өткізеді.
«20 шілде күні құрылтай аясында бірқатар шаралар өтеді. Атап айтқанда, Түркияның қандастарымызды қабылдағанына 63 жыл және Түркия елінің Қазақстан тәуелісіздігін әлемде бірінші болып тануына 24 жыл толуына байланысты түрік халқына алғыс сезімдерін білдіру мақсатында экспремьері Аднан Мендерес пен Президент Тұрғыт Өзалдің кесенелеріне гүл шоқтарын қою рәсімі өтпек. Түстен кейін «Түркия қазақтарының кешегісі, бүгінгісі, ертеңгісі және атамекен Қазақстанмен байланыстары» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Құрылтай соңы гала концертке ұласып, Қазақстан мен Түркиядан Елмира Шендұран, Нұрлан Бекенов, Нұргүл Алқожа, Бешір Ахмет Көсе, Седат Солакоғлы, Ержан Тұнжер және домбыра кұрсының түлектері сынды өнерпаздар мен Беқарыс Нұриман, Сырым Әуезхан қатарлы айтыс ақындары өнер көрсетеді. Құрылтайға Қазақстаннан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев және Германия, Франция, Швеция, Австрия, Голландия, сынды Еуропа мен Түркиядағы 18 қазақ қоғамының төрағалары шақырылып отыр» делінген хабарламада.
baq.kz

Пікір қалдыру