Жаһан жаңалықтары
Али Гасанов: Әзiрбайжанды да қолшоқпар еткiсi келетiн мемлекеттер бар

Жақында Бакуде “Әзiрбайжанның ұлттық баспасөзiне – 140 жыл” атты үлкен ғылыми-практикалық конференция өттi. Осы конференцияда Әзiрбайжан президентiнiң көмекшiсi, белгiлi саясаттанушы Али Гасанов былай дедi: “Отан, ұлт, халық. Әрбiр Әзiрбайжан журналисi өзiнiң осы үш ұғымға, үш мәселеге байлаулы екенiн ешуақытта ұмытпауы керек. Әсiресе, бұл жерде “отаншылдық” деген мәселеге ерекше назар аударар едiм. Әзiрбайжан секiлдi жас мемлекеттiң қазiргi журналистикасы отаншылдықты ұдайы алға шығарғаны, алға шығарғанда да бiрiншi орынға қойғаны жөн. Отаншылдықты ешуақытта екiншi планға ығыстыруға болмайды!”
Бұл сөздi жай саясаттанушы емес, Әзiрбайжан президентiнiң көмекшiсi айтып отыр. Демек, бұл – Әзiрбайжанның бүгiнгi журналистикасының алдына қойылған талап-тiлек те!
Адам салыстырам деп салыстырмайды ғой, ерiксiз… Қазақстанның орыстiлдi баспасөзiне назар салыңызшы, тұп-тура Ресей баспасөзiнiң көшiрмесi. “Көшiрмесi” деймiз-ау, айна-қатесiз дәл өзi! Күлбiлтелегенi де, күшенгенi де, кiжiнгенi де! Тiптi, қуанғандары да! Орыс мектебiнiң жанынан қазақ сыныбын аштырмай қойса (Омбыда болсын, Астраханда болсын, Талдықорғанда болсын…), алақайлап қуанғандары да бiр-бiрiнен айнымайды-ау, айнымайды…
А.Гасанов сонымен бiрге мына мәселеге де назар аударды. Жақында Бакуде жазғы Еуропа ойындары өттi. Бұл ойындардың өте жоғары деңгейде өткенiн дүниежүзi өз көзiмен көрдi де. “Солай бола тұрса да, жазғы Еуропа ойындары өтер қарсаңда антиәзiрбайжандық топтар (А.Гасанов бұл жерде Арменияның кейбiр газет-журналдарын және осыларды қолдаған ресейлiк, шетелдiк топтарды айтып отыр – ред.) “Баку мұндай шараны өткiзуге дәрменсiз” деп ашық айтты. Бiз мұсылман елдерiн тұқыртуға дайын тұратын күштердiң өте көп екенiн бiр сәтке де ұмытпауға тиiспiз. Оны айтасыз, Әзiрбайжанды қолшоқпар еткiсi келетiн iрi-iрi мемлекеттер де бар. Бiрақ, бiз ешуақытта қолшоқпар болмаймыз және бола да алмаймыз. Өйткенi, Әзiрбайжанның мемлекеттiк саясаты – әзiрбайжан ұлтының мүддесiне байлаулы!” – дедi Али Гасанов.
Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ.
zhasalash.kz
Пікір қалдыру