АЛАШТЫҢ САЯСИ МӘДЕНИЕТІ
300 жыл туралы білетініміз аз, бірақ осыдан 100 жыл бұрынғы Алаш ардақтыларының, күллі алаш жұртының саяси мәдениеті қазіргіден бір сүйем жоғары еді. Басқасын айтпағанда, бір ғана оқиғаны мысалға алуға болады. Ол 1917 жылдың желтоқсан айында өткен мұқым қазақтың ІІ съезі.
Бұл съезд өткелектен өтіп, қағазға жазылған сценарийден ауытқымай сөйлейтін күн сәулелі съезд емес. Ол 1917 жылдың сәуірінен бастап ауылдық, одан соң болыстық, одан кейін уездік һәм облыстық съездерде талқыланған, әбден толғағы жеткен жалпыұлттық мәселелерді ортаға салған шын жиын. Ешқандай «показухасыз» кеңес.
Съезге әр уез, әр облыстан теңдей жиылған өкіл келген, пропорционалды баланс толық сақталған. Облыстан тысқары шақырылғандар және бар. Бұл саяси мәдениет емес пе?
Хан тұқымы төре, батырдың ұрпағы, рулы елдің бетке ұстар ақсақалы демей, бәрі бір азаматтық дауысқа ие. Бұл демократияның көрінісі емес пе?
Талқыланатын мәселелер дауысқа түсіп, секцияларға бөлініп жатса, баяндамашылар сөзінен соң ду қол шапалақ емес, қып-қызыл прения жүріп жатса, ол сөз бостандығы, пікір еркіндігі емес пе?
Алашорда төрағалығына Ә.Бөкейхан, Б.Құлманов, А.Тұрлыбаев дауысқа түсіп, 90-нан асып жығылмай, Әлиханнан ұтылған екі кандидат онымен ауыздық шайнасып келсе, бұл баламалы, әділ сайлау емей немене?
Автономияны жариялауды кейінге қалдырайық деген Әлихан тобына «бүгін жариялайық» деген Жаһанша тобы қарсы шығып, Жаһанша қуғындалып кетпей екі оппоненттік топ консенсусқа келіп жатса, бұл демократиялық мәдениет болмағанда не?
Алашордаға Әлиханның Арқаның жігіттерін ғана жинамай, 7 облыс қазақтың әр облысынан бір азаматтан енгізгені ше?
Япыр-ай, сол Алашордаға Әлекеңнің шығарда жаны ғана бөлек Ахмет пен Міржақыпты кіргізбей қойғанын шыққыр көздер тарих кітаптарынан көріп отыр емес пе?
Басқа не айтуға болады?
Болат МҮРСӘЛІМнің facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру