|  | 

Руханият

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ АЛЫПТАР

Кіріспе

Орталық Азиядағы мұсылмандық киелі жерлерді аралап көрсеңіз, 3 метрден 24 метрге дейін жететін аса үлкен қабірлер (мақбара) ерекше назар аударады. Әдетте саз балшықтан немесе шикі кірпіштен тұрғызатын мұндай қабірлер мұсылман әулиелерінің зиратына орнатылады. Бұл құбылыс осы аймақта кең тараған. Белгілі зерттеуші, академик Э. В. Ртвеладзе осы жолдардың авторына берген сұқбатында мұндай қабірүсті құрылыстар тек Орталық Азияда кездесетінін және мұсылмандық кезеңге тиісті екендігін, исламға дейінгі кезеңге жататын ескерткіштерге тән еместігін айтады. Бұл мақалада Орталық Азияны зерттеу Француз институты (ФИИЦА, IFEAC) 1996-1998 жылдары ұйымдастырған экспедициялар кезінде табылған далалық материалдар мен автордың пайым-пікірі жинақталып ұсынылып отыр.

 

Ежелгі заман алыптары

Әдеттен тыс ұзын қабірлердің бірқатары исламға дейінгі кезеңде өмір сүргенімен, Құран кейіпкері ретінде мұсылмандар құрмет тұтатын тұлғаларға қойылған. Мұндай қабірлер мысалы Самарқандағы Данийал пайғамбар зиратында (20 метрден астам), Маргелан қаласындағы Ескендір Зу-л-Қарнайн (Александр Македонский) мазарында (Ферғана алқабы, ұзындығы 20 метр), Қарақалпақстанның Ходжейли қаласындағы Миздахкан қалашығы аумағында сақталған Шам‘ун (Шамун-Наби) зиратында (20 метрден астам),[1] Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам қаласындағы Йушуқ пайғамбар (44 метр) зиратында, т.б. жерлерде кездеседі.

Жоғарыда аталған киелі жерлердің жанында бұл кейіпкерлердің іс-әрекетіне қатысты әртүрлі ерекше нысандар да сақталған. Мысалы, бұл қатарға Ош (Қырғыз Республикасы) қаласының ортасындағы үлкен тау – «Сүлеймен пайғамбардың тағы» (тахт-и Сулайман) да кіреді. Жергілікті аңыз бойынша, Сүлеймен пайғамбар өз уәзірі Асаф ибн Бурхийамен бірге осы жерден арна тартып, суландыру жүйесін жасаған.[2] Тағы бір аңыз бойынша, Сырдарияның бойымен жүзіп жүрген (жергілікті жұрт ол балық әлі бар деп санайды) нән балық (наһан балық) Жүніс пайғамбарды (пророк Ионис) аузында 40 күн сақтап әкеліп, осы биік жағалауға аман-есен жеткізген. Сырдария жағасындағы биік төбе басында (Әндіжан облысы, Өзбекстан) пайғамбардың жұрт зиярат ететін бейіті тұр. Ташкент қаласындағы «Шайх Хаванд Тахур» деп аталатын киелі жерде Ескендір Зу-л-Қарнайн (Александр Македонский) жер астынан шыққан делінеді.[3] Тағы бір пайғамбар Сет (Шис пайғамбар) Ташкент қаласын тұрғызып, оған өз есімін – Шис-Кент (Таш-Кент) атауын берген. Келесі персонаж – Джирджис пайғамбар (пророк Георгиус) Ташкент облысы аумағында жатқан Той-Төбе ауылының жанында тақуалық өмір (захид) сүріпті. Биік таулы Тянь-Шанның Чатқал аталатын жерінде (Қырғыз Республикасы, Жалал-Абад облысы, Жаңа-Базар ауданында) Ыдырыс пайғамбар (пророк Георгиус) Құдайға сыйынған.[4] Дәуіт пайғамбар (пророк Давид) Самарқан тауындағы үңгірге өз қолымен айлапат жол салған. Орталық Азияның төрт жерінде (Бұхара,[5] Варахша, Бұхара облысы, Ферғана алқабындағы Жалал-Абад қаласы) Аййуб пайғамбардың (пророк Иов) қабірі бар делінеді. Бұл қабірлерге зиярат жасау – «халықтық исламның» бір бөлігі саналады. Әдетте бұл алып қабірлер жергілікті маңызға ғана ие, облыстан тысқары жерде көп танымал емес.

 

Ислам кезеңіндегі алыптар

Ерекше ұзын қабір иелерінің екінші тобы тарихтың ислам кезеңінде өмір сүрген тұлғаларға жатады. Олардың арасында Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбардың сахабалары (Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданы Қарнақ елдімекеніндегі Уккаша ата хазіреттің қабірінің ұзындығы 42 метр; Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір елді мекеніндегі «Арыстан Баб» атауымен белгілі Салман ал-Фариси сахабаның қабіртасы, 20 метрден астам), олардың ізбасарлары (табиун; Бұхара облысы Қаған ауданы Таш-Рабад жеріндегі Каб ал-Ахбар қожа қабірінің ұзындығы 10 метр, Имам Мухаммад ибн ал-Ханафийа бірнеше жерде кездеседі: Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ елді мекеніндегі қабіртасы 40 метр болса, Өзбекстанның Навоий облысындағы Дибаланд селосындағы қабіртасы тоғыз метр) және басқалары бар.

Бұлардың арасында халиф Али ибн Аби Талибқа (656-661) ерекше тоқталсақ болады. Әзірет Әліге қатысты (моласы, аяқ басқан жері [қадамжай], ерлік істері туралы аңыздар) деректер көп жерде кездеседі. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, Ферғана алқабының өзінде ғана Алиға қатысты 18 табиғи ескерткіш бар екен.[6]Сондай-ақ, Өзбекстанның Наманған облысы Ғауа қыстағындағы «Санг-и ланат» («Лағнет тасы») аталатын алып жартас Әзірет Әлі қылышын тауға ұрғанда пайда болған-мыс, ал осы облыстың Қасансай ауданы Қоқымбай шаруашылығындағы биік төбелер Әлидің аты – Дүлдүлдің тұяғынан ұшып түскен топырақтан пайда болған делінеді.[7] Исфайрам-Сайдың жағасында (Тәжікстан Республикасы) «Қара-Таш» атты алып кесене бар. Бұл жерде Әзірет Әлі Сүлеймен тауынан қайтып келе жатып демалған деседі. Дәл осы жерде оның тас болып қалған түйесі де тұр. А.А. Бобринский XX ғасырдың басында Пянж тауының биігінде тұратын адамдардан жазып алған аңызда Әлидің Ишкашим бекінісін аларда Қахқаха дәумен соғысқаны айтылған.[8] Оның дерегінше, осы жерде Қахқаханың бекінісі, оған қарсы Шах-и Мардан мазары тұрған. Аңыз бойынша Ескендір Зу-л-Қарнайн Памирді үш жылда жаулап алса, Әзірет Әлі керемет күшімен үш-ақ сағатта өзіне қаратыпты.[9] Халыққа қажетті су көздерінің, биік бәйтеректер мен құздардың пайда болуы Әлидің есімімен байланысты айтылады. Мәселен, Истаравшан қаласындағы Хазрат-и Шах мазарындағы бәйтерек (Ұра-Төбе, Тәжікстан) аңыз бойынша Әзірет Әлінің алып асатаяғынан өсіп шыққан.[10] Гиндукуш тауының күні кешеге дейін Кафиристан аталған беткейіндегі (Ауғанстан), Наматгул қышлағында Әзірет Әлінің есімімен аталатын мазар бар. Мазар ішінде, суффаның жоғарғы жағында бірнеше шамдал және шар тәрізді, қара түсті екі тас ілінген. Тастың әрқайсысы 1,5 пұт (24 кг) тартады. Аңыз бойынша, Әзірет Әлі Пянж өзені алқабын бағындыруға келген кезінде осы тастармен ойнап, жаттыққан екен.[11]Ферғана облысының Алтыарық ауданындағы «Катпут» пен «Соликур» ауылдарының атауын да жергілікті тұрғындар Әзірет Әлі мен оның аты – Дүлдүлмен байланыстырады. Мысалы, информанттардың айтуынша, Катпут – «Катта пут» (сөзбе сөз «үлкен аяқ») Әзірет Әлінің ерекше үлкен аяғынан шыққан.[12] Шын мәнінде, Али тұлғасы Мұхаммед пайғамбардың туысқаны, күйеу баласы ретінде, әділ халифа (рашид) ретінде өзге персонаждарға қарағанда өте танымал еді, сондықтан шиғалық және халық ауыз әдебиетінде, сопылық топтардың шынжырында талай аңызға (хикайат) өзек болды. Әзірет Әлі тұлғасының танымалдығына тағы бір себеп: ол шиғаларға да, сүнниттерге де ортақ еді, екі әлемді біріктіруші, байытушы, мәдениеттер арасында диалог орнатушы болды.

 

Киелі аңыздар

Орталық Азияда жергілікті тілдерде айтылатын киелі аңыздар көп. Олардың кейбірі қағазға түскен, бірақ негізінен ауызша әңгіме түрінде тараған. Бұл аңыздардың негізгі мазмұны осы өңірге ислам дінін таратқан ерлердің ұлы жорығы туралы болып келеді. Кейіпкерлер осы жорықта жиі қаза табады, кейбірі ұзақ өмір сүріп, Құдай жолында әрекет етеді. Олардың қабірі кейін киелі жерге айналады. Мұндай әңгімелерде жергілікті текті тұқымдар, киелі әулеттер туралы да деректер кездеседі, мәселен бір әулеттің Орталық Азияға қалай келгені, осы жерге қалай орналасқаны айтылады. Мысалы, қазақ арасындағы қожалар, өзбектегі худжа, ұйғыр, қарақалпақ ішіндегі қожа,түрікмендегі овлат – Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтары саналады.

Осынау «Ұлы жорық» сюжеті Орталық Азияның әр бөлігінен кездеседі: 1) Дешті Қыпшаққа жасалған жорықтың басында халиф Әбу Бакр ас-Сыддық (632-634) болған;[13] 2) Ферғана алқабы мен Сырдария өзені аңғарындағы жорықты Имам Мұхаммад ибн ал-Ханафийаның (701 ж. қайтыс болған) үш ұрпағы басқарған;[14] 3) Шыңжаңдағы жорықтың қолбасшысы Имам Жафар ас-Садық (762 ж. өмірден өткен) болған.[15]

Киелі аңыздарда батырлар алып денелі (3,5 метрден асатын), ғаламат күш иесі (жалғыз өзі жаудың мыңына татитын) ретінде сипатталып, ұзақ өмір сүреді. Олардың зиратына қойылатын асатаяқтарының ұзындығы әдетте 3-4 метрге жетеді. Бұл кейіпкерлердің әулиелігі ұзақ өмір сүруімен – 120-130 жасауымен де ерекшеленеді (Арыстан Баб одан да ұзақ – 340 жыл жасаған). Олардың өмірі екі кезеңнен – мемлекетті басқарған зайырлы кезеңнен (падишахтық) және дін жолындағы тақуалық кезеңнен (ибадат, зухд) тұрады. Бұл екі кезеңнің аражігі 63 жаспен (Пайғамбар жасы), Мұхаммед пайғамбардың жасымен өлшенеді. Осы аймақтың діни тіршілігінде «увайсийа» және «ұзақ жасаушылар тізбегі» формасында көп жасаған әртүрлі құбылыстар кездеседі.[16] Бұл кейіпкерлер ерекше қабілетінің арқасында керемет көрсетуші күшке де ие. Тағы бір аңыздарда ғажайып рухани күш (береке) Қызыр ата пайғамбармен (Хидр-у Илйас, Хидр-у Илйас-у Абдал деген атаулары да бар) кездесуден пайда болады.

Киелі аңыздар – әулиелік жерлерге зиярат жасаудың негізгі дәлелі саналады. Аймақтың рухани өмірінде мұндай жерлердің маңызы зор болғанымен, діни және аңыздық сипатына орай бұл сала совет зерттеушілерінің назарына ілінбеді, немесе әдеби мұра ретінде біржақты қаралды.

 

Шешуші тұлға: Каб ал-Ахбар

Аңыздағы барлық кейіпкерлер арасынан Ходжа Каб ал-Ахбар тұлғасы – Орталық Азиядағы барлық киелі аңыздардың құрамын, эволюциясын және мүмкін болған трансформациясын бағамдауға мүмкіндік береді. Осы өңір тарихында Ходжа Каб ал-Ахбардың да орны бар. Оның атымен аталатын мазар Өзбекстандағы Бұхараның солтүстік-шығысында, 30 км жерде, Қаған ауданының Таш-Рабат елдімекеніне жақын тұста тұр. Әулиені жергілікті халық «Ходжа Каба» немесе «Кош-Кафт» деп атайды.[17]

Ходжа Каб ал-Ахбар – белгілі тарихи тұлға, исламның алғашқы кезеңіндегі көрнекті қайраткер.[18] Йеменде туған иудей 17/638 жылдар шамасында ислам дінін қабылдайды. Иудей және христиан аңыздарын өте жетік білгендіктен, оған «аңыздарды, жаңалықты таратушы» деген мағына беретін «Каб ал-Ахбар» құрметті атағы таңылған. Н.С.Терлецкий ол жөнінде жазба дерек тауып, парсы тілінен аударып жариялады. Қолбасшының Орталық Азияға жорығы туралы бұл деректі жоғарыдағы киелі аңыздардың мәтінімен салыстыра зерттеуге керемет мүмкіндік туып отыр.

Қаралып отырған аңызда біздің тақырыбымызға қатысты бірнеше маңызды тұс бар. Бірінші мәселе – Орталық Азияға бағытталған қасиетті жорық сюжеті: «…бірде Хазрат Али мен Хазрат Ходжа Каб ал-Ахбар және Хазрат Ходжа Васиқ пен Хазрат Махмуд Васиқ Джаб[а]ли, Алла оларға разы болсын, Мединеге жиналды. Ираннан келген біреу Түркістаннан мынадай хабар жеткізді: О, Халиф! Түркістан тұрғындары Хазірет Пайғамбарымыздың дінінен ауытқып, кәпірге айналды».[19] Бұдан әрі киелі аңыз оқиғасы қайталанады: Халифа Алидың әмірімен кейіпкеріміз атқа қонып, әскерімен Орталық Азияға (Түркістанға) аттанады, сөйтіп, осы аймаққа дін таратып, ерлік көрсетеді.

Екінші назар аударатын мәселе – Ходжа Каб ал-Ахбар алып денелі, ғаламат күшті және ұзақ жасаушы болып сипатталған. Киелі аңыздардың исламға дейінгі кезеңнің батырлары мен мұсылман әулиелері туралы екі тармағы Орталық Азияда ертеден-ақ өмір сүріп келе жатқандығына дәлел көп. Бірақ олар жүйелі түрде ғылыми зерттелмеген. Бұл, біріншіден, әулиелі жерлер топонимикасында Құран кейіпкерлерінің аты-жөні өте көп кездесетініне байланысты. Киелі жерлер төңірегінде арғы және бергі батырлар жөнінде де сансыз көп аңыз сақталған. Олар жазба деректерде де көрініс тапқан.

Осы тақырыпқа қатысты аңыздың ең бастысы – Ходжа Каб ал-Ахбардың ад тайпасынан шыққандығы, жас күйінде жүздеген жыл өмір сүруі.[20] Яғни, оның образы арқылы Библия-Құран хикаялары әлемі мен қахтанид аңыздарының арасына көпір салуға болады: Каб ал-Ахбар пайғамбарлар жөнінде иудей және христиан аңыздарын жетік білді, өзі сахабалардың ізбасары – табиундар қатарынан еді, әрі оңтүстікарабиялық/қахтанид тайпаларының отаны Йеменде туған еді.[21]

 

Ад қауымы туралы

Біз сөз еткен кейіпкерлерге ортақ сипат – олардың бойшаңдығы. Ал қасиетті Құранда Ад қауымынан шыққан адамдардың ұзын бойлы әрі аса күшті болатындығы айтылған.

Ад – Құран мен мұсылман аңыздарында (хадис): Арабияның жойылып кеткен ежелгі халықтарының бірі ретінде аталады. Құранда байлыққа мастанып, тәубасын ұмытқан халықты Алла тағала қалай жазалайтынын мысал етіп көрсетеді.[22] Құран хикаясы бойынша, ад қауымы байлықта өмір сүрген, ұзын бойлы болған. Бірақ Құдайға сенбеуі себепті Алла тарапынан жазаланып, әуелі қуаңшылыққа, кейін қатты дауылға ұшырап, жер бетінен жойылып кеткен. Құранда адтықтар Құдайға құлшылық қылып, жаңбыр сұрау үшін Меккеге елші жібереді. Елшілерге «қалаған бұлтты таңдаңыз» дейді. Олар ең қою, ең үлкен бұлтты таңдайды. Осы бұлт ол қауымға сұмдық дауыл (рих сарсар) болып тиеді, бұл зұлматтан Алланың пайғамбары Хұд пен оның бірнеше серігі ғана аман қалады. Ад қауымынан Лұқпан хәкім, атақты патша, Ирамды тұрғызған Шаддад шыққан. Құранда Ад қауымы «ал-Ахкаф» өңірін мекендеген деп айтылады (Құран, 46 сүре, 21/20 аят). Бұл атау «құм төбелер» дегенді білдіреді, мұндай жер Арабияның әр өңірінен кездеседі. Құранның дәстүрлі тәпсіршілері (муфассирлер) «ал-Ахкаф» өңірін Хадрамаутпен (Оңтүстік Арабия) шектес құм деп есептейді.[23]

Құран хикаясы исламға дейін араб әлемінде әлдебір отырықшы патшалықтың болғанын, ол Арабияның солтүстік немесе оңтүстік бөлігінде орналасқанын, кейін жойылып кеткенін анық көрсетіп тұр. Исламға дейінгі поэзияда «адтық» – тәкаппарлығы кесірінен жазаға ұшыраған деген образ беретін. Сонымен бірге «адтық» анықтауышы – «көне», «өте ескі» деген мағынаға ие еді. Әлі күнге дейін Арабияда көне қиранды орындары «адийат» деп аталады.

Орталық Азиядағы әулиелі жерлер мен киелі аңыздарды зерттей келе «адийат» ұғымымен ұқсастықты көп байқаймыз. Бұл сәйкестіктің бірінші тобын оңтүстік-араб/қахтанид аңыздарындағы кейіпкерлердің аты-жөні мен сипаттарының ұқсастығы құрайды.[24] Бір аңыз бойынша, оңтүстік араб кейіпкері – тубба Шаммар Йуриш Самарқанд қаласының негізін қалаған.[25] Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданындағы Сауран бекінісінің аңызға айналған билеушісі Сад-и Уаққас культі оңтүстік араб патшасы Асад ал-Камилді еске түсіреді: ол да Асад ал-Камил секілді, үш мәрте дінін өзгертеді – пұтқа табынады, иудаизмге өтеді және исламды қабылдайды. «Насаб-нама» дерегінше, Шаш, Исфиджаб, Чумушлағу, Қара-Асманда қалған ислам дінін таратушылар «тубба» деген титулге ие болған.[26] Осы титулден туған адам есімі бүгінде Орталық Азияда өте сәнді, жаңа туған нәрестеге жиі қойылады. Есімінде «Зу-» буыны кездесетін қаһарман-әулиелер тізімі де ұзақ:[27] Термездегі аралда жерленген Зу-л-Кифл пайғамбар, жоғарыда аталған Зу-л-Қарнайн, Наманған облысында жерленген әулие Зу-н-Нун, т.б.

Оңтүстік араб аңыздары кейіпкерлері иудей пайғамбарлары туралы Көне Өсиет (Ветхий Завет) хикаяларымен де үндеседі. Оңтүстік араб патшалары иудаизмді қабылдағаны белгілі, сондықтан олар иудаизмді ұстанушылар ретінде қағазға түскен. Орталық Азия аумағында көнеөсиет пайғамбарларының есімімен байланысты киелі жерлер кездеседі. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт тауында Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған (Кеме тоқтаған, Нұқ пайғамбар) жер, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы районындағы (ҚХР) Тұйық селосындағы «ұйықтап қалған жеті адамның үңгірі» (Асхаб ал-Кахф) т.б. бұл аңыздар жергілікті киелі географияны барынша байытып, алуан түрге түсірді. Орталық Азия тарихындағы бұл персонаждар туралы деректер қаншалықты көне екендігі де өте маңызды мәселе. Ферғана алқабында Аюп пайғамбардың (Жалал-Абад қаласы, Қырғыз Республикасы) культі (қабрАййуб) бар екендігін ортағасырлық араб географы әл-Мұқаддаси 985 жылы жазылған «Ахсан ат-такасим фи марифат ал-акалим» еңбегінде айтып өтеді.[28] Осыған сүйеніп, біз Құран персонаждары мен оларға байланысты киелі аңыздар Х ғасырда-ақ Орталық Азияға кең тараған деп есептейміз. Бұған қоса, иудей пайғамбарлары мен әулиелері туралы аңыздар циклі (исра’илийат) – орталықазиялық Құран тәпсіршілерінің өте жиі көтеретін, сүйікті тақырыбы екенін айта кету керек.

Әлбетте, нақты материалдардың аздығынан кахтанид эволюциясы аңыздарының Орталық Азияға қай уақытта енгендігін тап басып айту қиын. Бұл үшін көп дерек жиналуы, бірін бірі жоққа шығаратын дереккөздерді игерудің әдістемесі жасалуы қажет.

 

Қорытынды

Бұл идеяның түбінде шынайы тарих тұр ма, әлде Орталық Азияға тереңдеп енген төркіні таяушығыстық/орташығыстық (иудаизм, христианства, манихеизм, соғды немесе араб-мұсылман мәдениеті) мәдени дәстүр немесе ілім иелерінің киелі аңыздары жатыр ма, оны гипотетикалық тұрғыдан болжауға ғана болады. Уақыт өте келе мұндай аса ауқымды көш идеясы аумақтың әр бөлігіндегі түрлі ислам ағымдары мен бағыттарының (Али ұрпақтары – кайсаниттер, имамиттар немесе суфилер) өкілдері тарапынан өзге мәнге ие болды.

Әзірге болжамды гипотеза ретінде мынаны ұсынамыз: Орталық Азияны алғаш жаулап алушы солтүстік араб және оңтүстік араб тайпаларының бәсекелестігі осы өңірде кахтанид аңыздарының сюжеті таралуына әкелген. Жергілікті сипаттарды қабылдай отырып, бұл аңыздар кең таралып кеткен.

Бұл аңыздар Орталық Азия аумағында тамыр жайып, одан әрі эволюциялық өзгерістерге ұшырады. Әлсіз жақтары (исламға дейінгі кезеңмен, иудей-христиан мәдениетімен байланысы, өлке тарихында болған тарихи оқиғалармен қарама-қайшылығы) исламның жергілікті формасы қалыптасу кезеңінде фундаменталистер тарапынан жиі-жиі сынға ұшырап отырды. Фундаменталистердің мұндай сынына қарсы айла-амал ретінде исламға дейінгі кезең кейіпкерлерінің есімі әуелі ерте ислам дәуіріндегі тұлғалардың, кейінірек Әзірет Әлі халифаның атына ауысқанын көруге болады.

                                                                                                                                                                                                                                                                   Әшірбек Мүминов,

                                                                                                                                                                                                                                            тарих ғылымдарының докторы,

                                                                                                                                                                                                                                                                             Астана қаласы

                                                                                                                                                                                                           Орыс тілінен аударған

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

danakaz.kz

Related Articles

  • Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Zhalgas Yertay         Қазақстан билігі мемлекеттік тілді дамыту үшін қатаң шешімдерге барғысы келмейді дейік. Бірақ қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады? Соны ойланып көрейік. Қазақ тілін дамыту жайын айтқан кезде Қазақстан билігі қоғамды екіге бөледі. Бірі – тілді дамытудың радикал шешімдерін ұстанады, екінші жағы – қазіргі статус-квоны сақтағысы келеді, яғни ештеңе өзгертпей-ақ қояйық дейді. Бірақ екі жолды да таңдамай, ортасымен жүруді ұсынып көрсек қайтеді!? Батыл қадамдарға барайық, бірақ ол радикал жол болмасын. Қазақ тілін күшпен емес, ортаны дамыту арқылы күшейтсек болады. Яғни адамдар тілді үйреніп әуре болмай-ақ, халық жай ғана қазақ тілі аясында өмір сүруді үйренсін. Негізгі ой осы. Біз осы уақытқа дейін адамдар ортаны

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

    ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

                          1. АМАНДЫҚ КӨМЕКОВТІҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ – АЙҒАҚСЫЗ БОС СӨЗДЕР        Қазақстанның батыс аймағында ғұмыр кешкен өнерпаздың бірі – Жалбырұлы Қожантай  жайлы соңғы кезде қисыны келіспейтін неше түрлі әңгімелер өріп жүр. Мұның басында тұрғандардың бірі – Амандық Көмеков. Бұрында да оның, басқа да кісілердің елді адастыратын негізсіз сөздеріне байланысты нақты дәлелдер келтіріп, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген атаумен түзген сын мақаламызды республикалық «Түркістан» газеті (28.09. 2023 жыл) арқылы жұрт назарға ұсынғанбыз-ды. Әлеуметтік желіде Азамат Битан есімді блогердің жуырда жариялаған видео-түсірілімінде А. Көмеков өзінің сол баяғы «әләуләйіне» қайта басыпты. Сөзін ықшамдап берейік, былай дейді ол: «1934 әлде 1936 жылы (?) Мәскеуде өткізілетін

  • ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    Олар ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілінде оқудан бас тартқан. Неге солай ? Өйткені олар қазақ тілін таңдаған! Қазір университетте қазақ тілі курстары ашылып жатыр. Айтқандай, Әзербайжандарға тілімізді қолдағаны үшін құрмет пен құрмет. Олар нағыз бауырлас халық екенін көрсетті. Бірақ қазір біздің қорғаныс министрлігіне сұрақтар туындайды. Бұған дейін барлық шетелдіктерді орысша үйретіп пе еді? Біреу не сұрайды? Әйтеуір, білім – қазақ тілін насихаттаудың ең жақсы тәсілі. Ал неге орыс тілінде оқытады? Ал кім үшін? Ең қызығы, осының бәрін тек Әзербайжандардың арқасында ғана білетін боламыз. Ал неге бұрын қазақша оқытпаған, ең болмаса кейбір елдерде. Неге сол қытай тілін орысша үйретеді? Руслан Тусупбеков

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: