|  | 

Қазақ хандығына 550 жыл

«Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды»

Қазақ хандығы және Қытай деректемелері

Мен Германияның Бонн университеті шығыстану институтында ғылыми қызметтемін. Қазақ хандығының тари­хын­дағы аса маңызды жəне күрделі, əрі аса қызықты тақырыптардың біріне хандықтың аталуы тақырыбы жатады. Тарихшы ғалымдардың көбі мына пікірді қуаттайды: бұрын Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығында қол­данылған «өзбек-қазақ» деген жалпы атау бір-бірінен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Дешті Қыпшақ пен Жетісуда қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниға еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орталық Азияда ғана қолданылды. Синолог (қытайтанушы) ғалымдардың пікірінше, қытай деректемелерінде ең алғаш «қазақ» этнонимі мәнчжүрлік Цин империясының (1644-1911) XVIII ғасыр­дың алдындағы Орталық Азиядағы халықаралық қатынастарына байланыс­ты ізденістер кезінде табылды. Француз шығыстанушысы Пол Пеллио (1878-1945) Цин деректемелерінде кезігетін қытайша Хасакэ этнонимі түрікше «қазақтың» дыбыстық аудармасы емес, моңғолша Хасэктың (қазақ этнонимінің моңғолша аты – Н.К.) дыбыстық аудармасы екенін тілге тиек етеді. Мин патшалығының әйгілі орда хроникасы Мин шилу (Мин патшалығының нақты хроникалық жазбалары, бұдан былай – МШЛ) деректемелерінде Мин ордасы дипломатиялық қатынас орнатқан елдерден сырт, өздері естіп-білген елдер, тіпті, қиырдағы шағын иеліктер туралы егжей-тегжейлі деректер хатталған. Мин шилу – Қытайды 1368 жылдан 1644 жылға дейін билеген, Мин патшалығы деген атпен белгілі болған мемлекеттің 15 патшасының күнделікті шынайы тарихын баяндайтын 3045 томдық мұрағаттар жинағы. Оған енген мазмұндар Қытайдың күнделікті дипломатиялық қимыл-істерінен, әкімшілік-жарлықтарынан құралған бірінші материалдар болып табылады. Өкінішке қарай, синолог ғалымдар осыған дейін қазақтар туралы естеліктерді МШЛ жазбаларынан кезіктірмеген.

Менің зерттеуімше, МШЛ деректе­рінде Қазақ хандығы туралы мәліметтер кездеседі (Nurlan Kenzheakhmet, The Qazaq Khanate as Documented in Ming Dynasty Sources. Crossroads — Studies on the History of Exchange Relations in the East Asian World. Vol.8, 2013, 131-156). Бұл деректердің синолог ғалымдардың назарына ілінбеуінде екі түрлі себеп жатты: біріншіден, этноним құрамында күрделі, екі түрлі оқылатын иероглифтің болуы; екіншіден, қазақтардың әу баста жай ғана өзбек немесе өзбек-қазақ деп аталғанын ескермеуі. Керей мен Жəнібек хандар тұсындағы олар негізін қалаған мемлекетке МШЛ Қазақ хандығы атауын қолданбайды. Мин патшалығының орда тарихшылары Қазақ хандығымен іргелес басқа елдерді де олардың қосалқы аты бойынша немесе өздерінше атайды. Мысалы, Ақ Орданы Тохума (Тұқмақ), Темір Әулеті мемлекеті мен Мұхаммед Шайбани мемлекетін Самарқанд, Моғолстанды Бешибали (Бешбалық) немесе Илибали (Елбалық) деп атайды. Осы себептер салдарынан МШЛ-дегі қазақтар туралы деректер тарихшылардың назарынан тыс қалып қойған.

МШЛ-де 1453 жылы Асыбе (Өзбек), 1532 жылдан бастап Эцзибе-Хасинь деген мемлекет хатталады. Тұңғыш қазақ ханы Жәнібек МШЛ-де Чжа-ни-бе деп аталса, Шайбани ұлысының негізін қалаған Шайбани хан (1451-1510) Самарқанд ханы Ша-и-бе (Шаһибек) делінеді де: «Самарқанд ханы Ша-и-бе қатарлылар Махэйма хочжэ (Мұхаммед Қожа) қатарлы елшілерді жіберіп, жылқы, түйе және басқа тартулар сыйлады. (Ордамыз) оларға дәрежесі бо­йынша торғын-торқа сыйлады» (МШЛ, Мин Уцзун шилу, цзюань 44.). Ша-и-бе – Шаһибек хан, Шайбани әулетінің негізін қалаушы Шайбани ханның енді бір аты, Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» кітабында Шаһибек хан деп аталады.

Qazaqtar Aitay derekterinde

Асыбе (өзбек) атауы парсыша немесе шағатайша хатталуы бойынша (اوزپك) аударылғаны анық. Мин Инцзун патша Цзинтай жылнамасының 3 жылы 12 ай цзичоу күні (қаңтардың 10 жұлдызы 1453 жылы) Мин патшалығы ордасына 121 мемлекеттен және иеліктен елшілер келеді. МШЛ-дегі мәтіннің аудармасында ол төмендегідей көрсетілген:ъ

«Құмыл чжуншунь (адал) ваны (ханы) Дао-вадашили (Давадашир) мен тоумусы (әмірі) Тотобухуа (Тохтобуға), Илибали (Елбалық) жерінің ханы Есяньбухуа (Есен-Бұға) мен ханшайымы Худу-судань (Құтлық Сұлтан ханым), әмірі Шэла (Шыра), Тұрфан жерінің ханы Емили хучжэ (Имин Қожа) мен ханшайымы Гу-ва-эр сутань (Гаухар сұлтан), әмірі Мама миэрза (Мамай мырза), Чалыш жерінің ханшайымы, Емили хучжэның қарындасы Даламэнь (Даулат Сұлтан ханым), әмірі Далабе-эрдэ (Дәулетберді), Тохума (Тұқмақ) жерінің ханы Булахай (Әбілқайыр), Сайлань (Сайрам) жерінің әкімі Гэлайтань (Керей Сұлтан), Баданьша (Бадахшан) жерінің әмірі Сулутань махэйму (Сұлтан Махмұд), Сулутанья (Сұлтания) жерінің әмірі Су-эр бу Савэнь, Асыбе (Өзбек) жерінің ханы Джанибе (Жәнібек), Шэливаньнайдин (Ширван) жерінің ханы Сутань Али (Сұлтан Әли), Аламула (Варамула) жерінің ханы Сайни-абудин (Зайн әл-Абидин) мен оның ұлы Адэханьша (Һажи Хан Шах), сондай-ақ, Кашмир, Қарақожа, Телимань (Термиз), Саолань (Сауран) қатарлы 121 жердің әкімдері патшалығымызға елші жіберіп, жылқы тарту етті. Оларға қонақасы беріліп, алтын-күміс, киім-кешек, тон силанды» (Мин Шилу, Мин Инцзун патшаның орда естелігі, 224-том).

Жоғарыдағы деректе Асыбе (өзбек) ханы Жәнібек Моғолстан ханы Есен-Бұғамен, Тұқмақ ханы Әбілқайырмен қатар аталды. Темірлік жылнамаларда Орыс хан елі Тұқмақ немесе Тоқмақ ұлысы деп аталса, XV-XVI ғасырлардағы моңғол-қытай дереккөздерінде Шығыс Дешті Қыпшақ немесе Ақ Орда жалпылай Тоғмағ немесе Тохэма делінеді. Муин ад-дин Натанзидың «Мунтахаб ат-тауарих-и Муйни» («Муйнидың таңдамалы туындылары») атты шығар­масында Ақ Орда «ұлұс-и Тұқмақ» (ūlūs-i Tūqmāq) деп атады. Әбілқайыр хан иеліктері де Тұқмақпен байланыс­тырады. Мысалы, Махмуд бен Вали секілді өте сенімді деректер авторлары Әбілқайыр хан маңына топтасқан әскерді «Тұқмақ әскері» деп атайды. XVI ғасырдағы буддистік моңғол жылнамаларында Дешті Қыпшақ немесе Жошы ұлысы Тоғмағ (Toγmaγ) деп аталды. Ақ Орданы 1413-1415 жылдары Шахрухқа елшілікке барған қытай елшісі Чэнь Чэн (1365-1457) Тохэма (Тұқмақ) депті. Еліне қайтқан соң, аталмыш елші патшасына берген есебінде Тұқмақ елін Йаңының (Тараздың) солтүстік батысында дейді. Оның есебі МШЛ жинағына енгізілген.

МШЛ дерегіне сүйенсек, Тұқмақ елі 1415 жылдан бастап аталады. Он­дағы Тұқмақ туралы мәлімет 1456 жыл­ға дейін созылады 1447 жылы Тұқ­мақ елінің Махэйма (Мұхаммед) деген патшасы Мин патшалығына елші жіберіпті. Тарихи деректерде, 1431 жылы Әбілқайыр хан Екритупте Тоқа-Темірлік кіші Мұхаммед ханның ұлдары Махмұд ханмен және Ахмед ханмен шайқасады. Әбілқайыр Орда-Базарды басып алады. Алайда, көп ұзамай Мах­мұд пен Ахмед өз билігін қайта қалпына келтіреді. Екри-туп немесе Айкри-тув топонимін тарихшылар әр жерден іздей­ді. Ортағасырлық түркі тілінде екри немесе айкри «йір» деген мағына бере­тінін ескерсек, мұны Йір-туп немесе Айр-тув деп жаңғыртуға болады. Қазіргі Ұлы­таудың маңындағы Айыртау деген жер. Орда-Базарды қазақ ғалымдары Кен­гір өзені алабына, Ұлытау өңіріне телиді. Мин Шилу-да кезігетін Тұқмақ ханы осы Мұ­хаммед хан болуы мүмкін. Қы­тайға жібер­ген елшілер жолына бірта­лай уа­қыт кететінін ескерсек, Мұхам­мед­хан елшілерін Әбіл­қайыр шапқын­шы­лы­ғынан сәл бұрын Қытайға жіберген. Әбіл­­қайырдың билігі Орталық Қазақ­станда орнаған соң, ол МШЛ-де 1453 жыл­дан Тұқмақ ханы деп атала бастайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, Ақ Орда шығыс деректерінде Тұқмақ деп аталудан сырт, Өзбек ұлысы немесе Өзбекстан деп те аталды. Өкінішке қарай, Өзбек немесе Өзбекстан атауын қазір көбінесе Әбілқайыр хандығына теліп жүр. Тарихшылардың көбі 1446 жылы Әбілқайыр Сығанақты басып алған соң, бүкіл Дешті Қыпшақ оның қол астына бірікті деген көзқараста. Осы арада ескерте кететін жайт, 1428 жылы Әбілқайыр Чимги Тұрада (қазіргі Ресейдегі Түмен қаласының маңында) хан тағына отырғаннан бастап, 1446 жылы Сығанақты басып алғанға дейін оның билігі Барақ ханның бұрынғы иелігіне жүрмеген. Оны Мұхаммедхан билеген.

МШЛ хроникасындағы деректердің ерекшелігі мынада: Мин патшалығының орда ұлықтары жіберген елдердің нақты жағдайын олардың елшілері келгенді анықтап, біліп отырған. Мысалы, Құмыл арқылы келетін елшілерді алдымен Цзяюйгуань қамалының (Мин патшалығының батыс шекара қақпасы, Құмылдың шығысында) маңында бірер ай кідіртіп, олардан өз елі туралы нақты мәліметтер алған соң, астанасы Пекинге қарай жөнелткен. Олардың билеушілерін өз тілдеріне қарай ван (хан немесе патша), тоу-му (әмір немесе елағалары) деген қатаң дәрежемен атаған. Сондықтан, Әбілқайыр Сығанақты басып алған соң, Сыр бойында немесе Жетісуда тәуелсіз Қазақ хандығының өмір сүргені шындық. Өйткені, қытайлар Жәнібек ханды тегіннен тегін Өзбек патшасы немесе ханы деп атамайды. Жәнібек ханның елшілері Мин патшалығы ордасына өздерін Өзбек ұлысынан келгендігін мәлімдеген.

МШЛ деректеріне сүйенсек, Әбілқайыр хан тұсында Өзбек атауы тек Барақ хан ұрпақтарына тән болған секілді. МШЛ дерегіне сүйенсек, Керей мен Әбу Саид (Жәнібектің мұсылманша аты) 1447 жылы Мин патшалығына Моғолстан мемлекетінің атымен елші жібереді. МШЛ-де оларды Моғолстан ұлысының әмірлері (тоу-му) деп атайды: «Құмыл чжуншунь ваны (адал ханы) Давадашир мыңбасы Махмұд, т.б., Илибали ұлысының тоумулары (әмірлері) Гэлай (Керей) мен Буса-и (Әбу Саид) қатарлылар мыңбасы Әли, т.б. жіберіп жылқы тарту етті. (Ордамыз оларға) түсті ақша, торғын-торқа сыйлады, сондай-ақ, Махмұд қатарлыларға патша жарлығы мен түсті ақша табыс етіп, оны Адал ханға және Керей, Әбу Саидке жеткізуді ұйғарды» (МШЛ, Мин Инцзун шилу, цзюань 159.). Ал Цзяцзин жылнамасының 11 жылы екінші ай цзичоу күнгі (19 Наурыз, 1532) орда естелігінде Эцзибе-Хасинь елінен Мин патшалығы ордасына елші келеді: «Тұрфаннан Сұлтан Мансур, Тяньфаннан (Арабиядан) Жалал ад-Дин, т.б., Самарқандтан Сұлтан Әбу Саид, т.б., Құмыл вэйынан (қорғаныс орнынан) мұрагер тұтық Мир Махмұд, т.б., сондай-ақ, Эцзибе-Хасинь қатарлы елдер елшілер жіберіп тарту-таралғы сыйлап, алғыстарын білдірді, жиыны 400-ден астам адам келді» (МШЛ, Мин Шицзун шилу, цзюань 135.). Эцзибе-Хасинь елі туралы жоғарыдағы деректе былай ескертпе беріледі: «Эцзибе-Хасинь еліне келсек, олар мұсылман татарлар. Көптен бері елші жіберіп, тарту-таралғы сыйламаған, қазір елуден астам адамын жіберіпті, Тұрфан тайпалары олардың атын жамылып келген болуы мүмкін» (МШЛ, Мин Шицзун шилу, цзюань 135.). Осыдан Мин патшалығының орда тарихшыларының Эцзибе-Хасинь туралы көп мәліметтер білмейтінін аңғаруға болады.

МШЛ-дің өзбек-қазақ туралы мәліметі 1537 жылға дейін созылады. Енді қытай авторының Эцзибе-Хасинь деген сөзіне талдау жасап, түсініктеме берелік. 1574 жылы жазылған «Шуюй чжоуцзы лу» («Шалғайдағы елдер туралы деректер») деген еңбектің авторы Янь Цунцзянь Эцзибе-Хасинь елі туралы мынадай анықтама береді: «Хасинь патшасы бұрын Самар­қандтың солтүстігіндегі Эцзибе территориясында тұратын, естуімізше олар жартылай дацзы (татар) екен. Осыдан бұрын Тұрсын деген елшісін жіберіп тарту-таралғы сыйлаған. Мұрағаттағы мәліметтерді ақтарсақ, қазіргі Хасинь деп жүргеніміз бұрынғы Хасинь екен. Сол кезде Солтүстік тау жақ осылай аталған, қазір жердің аты бойынша Эцзибе деп аталды». Эцзибе-Хасинь деп Мин ордасының өзбек-қазақтарды айтып отырғанында дау жоқ. 1533 жылы 19 желтоқсан күнгі МШЛ дерегінде мынадай жазылған: «Батыс өңірдегі Эцзибе-Хасин ван (хан) жіберген елші шетелше жазылған 29 мәлімдемені алып, Қытай елінен жібек, ақша және басқа заттарды беруді талап етті. Жарлық шығарылып кездеме, торғын, шай, дәрі-дәрмек қатарлы заттар берілді» (Мин Шилу. Мин Шицзун шилу. Цз.157). Өзбек-қазақ этнонимінің шығу тарихын анықтауда Шахрухтың орда тарихшысы Абд ар-Разақ Самарқандидің (1413-1482) «Матла ас-садайн ва маджама ал-бахрайн» («Екі бақытты жұлдыздың шыққан жəне екі теңіздің қосылған жері») атты еңбегінің рөлі ерекше. Өз еңбегінде автор Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық тұрғындарын жалпылама атаумен өзбектер, елін – өзбектер елі, Өзбек ұлысы, ал билеу­шілерін – Өзбек елінің патшасы деп жиі атайды. Абд ар-Разақ Самарқанди еңбегінде 1440-1441 жылдардан бас­тап қазақ болған өзбектер Шахрухтың қол астындағы Мазандаран өлкесін шапқаны жайлы деректер кезігеді. 1447-1448 жылдары Шахрух әмірлеріне Дешті Қыпшақ жағынан келетін өзбек-қазақ жасақтары туралы мәлімет беріп тұру туралы жарлық шығарады [(Абд ар-Разақ Самарқанди. Места восхода двух счастливых звезд и места слияния двух морей (Мунтахаб ат-таварих-и Му‛ини) // Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т. II. Извлечения из персидских сочинений, собранные В.Г.Тизенгаузеном и обработанные А.А.Ромаскевичем и С.Л.Волиным. М.; Л., 1941, 198 (аударма), 258 (текст)]. Қазақ атауының өзбекпен қосарлана аталуы Барақтық Өзбекстан ыдырағаннан кейінгі тарихи шындықтың куәсі.

Қазақтар туралы деректер батыс­тағы темірлік, шайбанилік немесе шығыстағы Моғолстандық тарихшы­лардың еңбектерінде өте қысқа, көмескі түрде ұшырасады. Әрине, аталған тарихшылар тарихи оқиғаларды өз елінің пайдасына бола бұрмалап немесе жауларын (қазақ хандарын) жек көрінішті етіп, үзік-үзік ауызекі әңгімелер мен аңыздар бойынша ғана жазады. Абд ар-Разақ Самарқандидің мағлұматы бойын­ша, Жәнібектің әкесі Барақ хан 1429 жылы Моғолстанда Сұлтан Махмұд оғлан дегеннің қолынан қаза табады. Тарихшылар 1429 жылды Барақ­тық Ақ Орданың немесе Барақ­тық Өзбекстанның жойылу жылы деп қарас­тырады. Осы тұстағы тарихи шығар­маларда Барақ ханның ұрпақтарының тағдыры туралы ештеңе айтылмайды. Тек бір ғасырдан астам уақыттан соң, яғни 1542-1546 жылдары Мұхаммед Хайдар Дулати «Алла жақсы біледі» деген тіркестерді қолдана отырып Жәнібек пен Керейдің тағдырын баян­дайды. «Тарих-и Рашидиде» Керей мен Жәнібекке ілесіп келген жұртты «өзбек-қазақ» деп атағаны, осы елді Керей ханнан кейін Бұрындық хан, онан соң Қасым хан басқарғаны туралы жазылады: «Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды.

Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бас­тады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. Алла жақсы біледі. 940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді», деді. Жәнібек ханның ұлы Қасым сұлтан билік басына келген соң, «Дешті Қыпшақ даласын толық биледі. Оның әскерінің саны миллионнан астам адам болды. Жошы ханнан кейін бұл жұртта одан құдіретті хан болған жоқ», дейді тағы бірде Мұхаммед Хайдар Дулати. Ал «Бабыр-наме» кітабында Қасым хан туралы: «Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде үш жүз мыңға жуық адам бар еді», деп атап өтеді. Иә, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының Орталық Азия саяси сахнасында шешуші фактор болғанына еш дау жоқ. Поляк тарихшысы Матвей Мехов­скийдің (1457-1523) латын тілінде жазған «Tractatus de duabus Sarmatiis» («Екі Сарматия туралы трактат») тарихи-географиялық шығармасына сүйенсек, Қазақ хандығы сол тұста-ақ Еуропаға мәлім бола бастаған. Матвей Меховский Едігенің немересі Оқас немесе Уаққас (1428-1447) туралы деректер келтіріп, татарларды беске бөлген: Волганың ар жағындағылар, Перекоп (Қырым), Қазан және Ноғай; осы төрт ордада өз патшалары болған, патшасы жоқ бесіншісін – Қазақ (Kazacka), деп атайды (Матвей Меховский, «Трактат о двух Сарматиях», Москва-Ленинград, 1936, 63). Автор аталмыш шығармасын 1517 жылы жазған. Осыған орай, ол жоғарыдағы бөлініс осыдан (яғни 1517 жылдан) 70 жыл бұрын болған (яғни 1447 жыл) еді деп ескертеді. Шайбани әулеті 1500 жылдары оңтүстікке Самарқанд жаққа кеткен соң, МШЛ мұрағатында Шайбанилер Самарқанд хандары деп атала бастағаны айтылады. Тағы бір МШЛ деректерінде кезігетін Самарқанд бастабында Темір әулеті билеген тұтас Мавараннахрды меңзесе, кейін Мұхаммед Шайбани тұсында Шайбани мемлекетін меңзейді. Парсы деректерінде Шайбани әулеті жалпылай Шайбани ұлысы (ulūs-i shībānī), Шайбани өзбектері (uzbak-i shībān) немесе жай ғана өзбектер (uzbek) деп аталды. Алайда, осы әулетті құрушы Мұхаммед Шайбани өз елін өзбек деп атамаған немесе атағысы келмеген, бұл аталмыш терминнің тарихи және қазіргі қолданылысы арасындағы айыр­­­машылықты нақты көрсететін факт. Мавараннахр тұрғындары мен парсы­лар солтүстігіндегі көршілерін жал­пы­лай өзбек деп атаған. Олардың ұғы­мында өзбек атауы еуропалықтар қол­дан­ған татар атауы секілді көшпелі тобыр, қират­қыш күш ретінде белгілі болды.

Шайбани ханның өмірбаянын жазушы Мұхаммед Салих (1455-1535) өзінің «Шайбанинама» атты еңбегінде: «Бу Самарқанд худ өз тәхтимдур, білгіл андін кі нетек бәхтимдур», дейді. Шайбанинамада Мұхаммед Шай­бани былай дейді: «Шағатай елі мені өзбек демесін, Беталды ойлап қам жемесін. Мен Өзбек елінен келсем де, Бірақ менің рухым тәңірден келген». Шынымен Шайбани хан өзін өзбек деп атамаған, ол өзін Шыңғыс хан ұрпа­ғы­нан деп санаған. Мавараннахрдағы заң­ды орнын бекемдеу үшін ол Темірлік әулет­терімен құдаласады, Бабырдың туған қарындасы Ханзада Бегімен үйленеді. Жаңадан құрылған мемлекетке ықпалды хандардың атын қолдану Моң­ғол дәуірінен кейінгі Орталық Азия­­да жаппай етек алған құбылыс. Оның үстіне өзбек атауы Шыңғыс хан ұрпа­ғынан тарамаған, әскери-әкімші­лік істерімен араласатын түркі тайпала­ры­ның жинақ аты болды десек, қате кетпейміз.

Нұрлан КЕНЖЕАХМЕТ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Ақпарат көзі:  egemen.kz

Related Articles

  • БҰЛАНТЫ-АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСТАРЫ: ЖАЛҒАНЫ МЕН ШЫНДЫҒЫ

    БҰЛАНТЫ-АҢЫРАҚАЙ ШАЙҚАСТАРЫ: ЖАЛҒАНЫ МЕН ШЫНДЫҒЫ

    СӨЗ БАСЫ «Совет өкіметі тұсында қазақ тарихы бұрмаланып, теріс түсінік берілді» деген сөз жиі айтылады қазір. Басылым беттерінде болсын, тарихшылардың бас қосқан жиындарында болсын. Жалғаны жоқ, анық еді. Куәміз, 70-жылдардағы қазақ тарихы оқулығының қалыңдығы пышақтың қырындай ғана-тын. Оның өзі мардымды оқытылмады. Бұл шежіреміздің отар кездегі күйі еді… Ал қазіргі тарихымыз бұрынғыдан да бетер сорақы жағдайға түсті. Білім мен ғылымға көңіл бөлудің орнына бүгінгі қазақ ру-тайпа ұймасынан шыға алмай жүр. Осы күні әркім өз аталасының немесе бабасының би болғанын, жырау не батыр болғанын ойдан шығарған жалған деректерімен үздіксіз насихаттап, кейін оған сан миллиондаған қаржы шашып, кітап шығару, ас беріп, кесене, ескерткіш орнату сықылды т.б. берекесіз істің соңына түскен. Өкінішке қарай, жағымсыз

  • Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес

    Тарбағатайдағы ұлт-азаттық күрес

    (Осы тарихи оқиғаның  70 жылдығына арналады) Қазақ жерінің шығысындағы Тарбағатай жеріде тарихтың тарғалаң жылдарыныда бөліске түсіп жарымы қазіргі Қытай жерінде қалғаны белгілі. Осы қасиетті топырақ ежелден атам қазақтың құтты қонысы болып келген еді, осы Тарбағатайдың арғы бетінде (1944-1962) жылдарға дейін түрлі тарихи, саяси оқиғалар болып жатты, ішінде ең көрнектісі 1944-1947 жылдар аралығында болған ұлт-азаттық күрестер еді.  Деседе осы күрестер болған қазақтың төрт аймағының екеуінде яғни Алтаймен Іледе болған ұлт-азаттық күрестері туралы көп айтылыпта жазылыпта келеді, деседе Тарбағатай жерінде болған күрестер айтылмай келеді, болған тарих тасада қалмау керек, ендеше Тарбағатайдағы оқиғалар қалай болды? Кімдер қозғалыс бастады? Соңы немен аяқталды? Осы сауалдарға тарихи деректермен сол оқиғаға қатысқан куагерлердің естеліктері , тарихи картиналар арқылы жауап

  • Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғыспаған!

    Қазақ-жоңғар дін үшін соғысқан дегендер мына дерекке сүйенсе керек: 1691 жылы 6 ақпанда Иркутск қаласында Жоңғар ханы Галдан Бошогту (моңғол. Галдан Бошигт; Қалм. Галдан-Бошигт; 1644 – 1697) елшілерінің Қазақ хандығы туралы әңгімесі. «…Шабармандар: «Осыдан он жылдай бұрын олар, Қалмақ Бушухту ханы мен Казак Ордасы, діні әртүрлі болған. Бушухту хан қалмақтармен және басқа да орда мүшелерімен бірге Далай-ламаға сенеді, ал казак ордасы әсіресе Мұхаметке Қырымдық жолмен сенеді, бұсурмандық жолмен сүндеттеледі. Ал Бушухту хан Казак Ордасына онымен, қалмақ Бушухту ханымен және Орданың басқаларымен бір Далай Ламаға бірігіп буддаға сенсін деп жіберді. Сондықтан да олармен жанжал туындады, өйткені олар қалмақ жолымен Далай-ламаға сенгісі келмеді, осының салдарынан үлкен шайқастар болып, Бушухту хан олардың көптеген

  • БӨРІНІҢ АТЫН АЛҒАН ИТЕЛІ МЕН МОЛҚЫ

    БӨРІНІҢ АТЫН АЛҒАН ИТЕЛІ МЕН МОЛҚЫ

    («”В”дыбысының өмірі» мақаласынан үзінді) Ворг(ворк). Бұл кәдімгі көк түсті және осыған байланысты бөріні білдірді. Бөрі деген сөздің өзі көк түсті ұғындырады. Ворг(ворк) сөзі В дыбысының “ұб, об, аб, ба, бо, бұ, ұ, у” болып түрленуіне сай, бурғ, ворғ, буры, влуе, бөрі, бөрік, волк сөздерін тудырды. Волк – өлекшін. Влуе(бөре, бөле) – ағылшын тіліне көк түсті білдіретін атау ретінде ғұндар жағынан енді. Волф(бөріп) сөзі оларда бөріні білдіреді. Бурыл түс те көк түсті негіз етеді. Қазақта “бөріктіріп қырады” деген сөз бар. Бұл біріктіріп қырады деген мағынаны береді. Қазақтың бірігу деген сөзінің әубаста туылуына да бөрілердің азығын ұстаудағы ұйымшаң әрекеті әсер еткен. Волк(бөрғ) – Шығыс Еуропа жерінде бөріні білдірді. Волк сөзі болғ, болқы

  • ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН ҰРПАҚТАРЫ

    ТҰҒЫРЫЛ ХАННЫҢ ӘЛЕМДІ БИЛЕГЕН ҰРПАҚТАРЫ

    Тұғырыл ханның Нылқы шамғұн(санғұн), Еке(Үкі), Тайбұға деген үш ұлы болды. Нылқы шамғұннан тараған әулет Торғауыт, Қалмақ, Абақ-Сахара қатарлы ордалардың билеушілері болса, Тайбұғадан тараған әулет Сібір, Төмен хандықтарын биледі. Тұғырыл ханның інісі Жақа қамбының қызынан туған жиендер Ұлы Моғол ордасын, Қытайды, Иранды билесе, өзінің Құлағудан туған жиендері Иранды тағы дүбірлетті. Тұғырыл ханның ұрпақтарынан Қазан, Қажы-Тархан(Астрахан), Қасым хандықтарының тағына отырғандар да болды. Қырым хандығын билеген Тұғырыл хан ұрпақтары тұтас Жошы ұлысындағы барлық хандықтарды шеңгелінде ұстады. Жошы ұлысынан шыққан хандықтардың тәуелсіздігін қорғау жолындағы шайқастарды ұйымдастырушы болды. Қырым хандығын билеген Тұғырыл ханның ұрпақтары Қырым хандарының есімінің бәрінде Керей қосымшасы бар. Бұл туралы Орыс зерттеушілері екіге жарылады. Бірі, Қажы -Керейді Тұғырыл хан әулетінен десе, бірі

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: