Эль-Ниньо, қыстың жылы болу себебтерінің бірі
2015 жылғы климатқа қатысты ең басты оқиға Оңтүстік Американың жағалауында пайда болып, Тынық мұхитын ендей жылжып ағып, Еуропаның қысын жылытып, Австралия мен Оңтүстік-Шығыс Азияда құрғақшылық тудыратын Эль-Ниньо құбылысы болып тұр. Он шақты жылда бір айналып соғып тұратын мұхит суының беткі қабатындағы жылы ағыс ауа температурасын да өсіріп жібереді. Эль-Ниньоның себебінен биыл Ұлыбританияда бәйшешек қыстың басында қылтия бастады. Орталық Еуропада да қыс жоқ. Прагада желтоқсан бойы +10-15 арасында өмір сүріп жатырмыз. Бүгін таң атпай +11 болып тұр. Өткен апта ауламда кәдімгі бақбақ гүлдеп тұрды. Эль-Ниньо ағысы 1972, 1982 және 1997 жылдары ғаламдық климатты күрт жылытып жіберіп, мамандарды қатты шошытқан. Ал биылғы екпіні осы үш рекордынан да асып түсуге шақ қалыпты. Беті жылып аққан мұхит суының демі тым қашықта жатқан Еуразияның түпкіріндегі Ресей, Қазақстан һәм Сібірге өте қатты сезіле қоймас. Бірақ Батыс және Орталық Еуропаның балалары биыл қар көрмейтін сияқты. Ағылшынша білетін достар үшін Эль-Ниньоның не екенін өте ұғынықты етіп жазған бір дерек көзінің сілтемесін салып отырмын.
http://www.bbc.com/news/science-environment-35172409
Ғалым БОҚАШтың facebook парақшасынан алынды
Пікір қалдыру