|  |  | 

Тарих Әлеумет

КӨШ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ.

                         Uli kosh Sagat ZaqanqiziII.КӨШ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ.

 

МОҢҒОЛИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ НЕ ОЙЛАДЫ,

БІЗ НЕ ОЙЛАДЫҚ, КӨШ ҚАЛАЙ ӨРБІДІ

Моңғолияда өрбіп жатқан ұлт саясатына қарап, қол қусырып отыра беруге болмайтынын, ұрпақ-ұлт тағдырын қазірден бастап саналы түрде ойластырып, іс-әрекет жүргізбесе, ұлттық болмысты сақтау мәселесі кеш қалатынына Моңғолиядағы қазақ зиялыларының көзі әбден жеткен болатын. Моңғолдың саяси өмірінде айтарлықтай демократиялық бетбұрыс байқалып, ұлт мәселелері оң шешімін тауып жатыр дегенімізбен, билікті қолына ұстап отырған партия мен ел басының қазақ ұлтына деген нақты көз қарасын білу керек еді. Сондай бір ізденіс кезінде іс сәтіне орала кетті.

1990 жылы 1 қаңтарда Министрлер кеңесінің бірінші орынбасары, ел экономикасын нарық жолына бағыттау бағдарламасының бас жетекшісі Д.Бямбасүрэн мырза зайыбы Дуламханд ханым екеуі біздің үйге қонаққа келді. Жоғары мәртебелі қонақтар марқұм Дөрбетханды еске алып, отбасымызды жаңа жыл мерекесімен құттықтай келген екен. Бямбасүрэн мырза сөз арасында «күрделі мемлекеттік мәселелерді бірлесіп шешуші едік, мен үшін Дөрбетханның орны ойсырап-ақ тұр» деп бір сәтке толқып та алды.  Сонда мен ол кісіге, демократиялық қозғалыс басшыларының бірі МХРП-ң жаңа бағдарламасын жасап жатқан қоғам қайраткері Зардыхан Қинаят пен пікір алмасып, күш қоспайсыздарма деген ойымды айттым. Д.Бямбасүрэн мырза мен Зардыханды жақсы білмейді екенмін деді. Мен, Зардыхан Қинаятұлы бізбен көрші,туысқанымыздай жақын араласып, Дөрбетхан марқұм көзі тірісінде жақын сыйлас досы болған жан деп Зардыхан  туралы жақсы пікір айтып ол кісімен Бямбасүрэн сияқты білімді, парасатты, беделді, үлкен лауазым иесіне таныстыруды мақсат еттім.

1990 жылы 12 қаңтарда соғым басын асып дайындалып жатқанымда  аяқ астынан Бямбасүрэн мырза өзі келе қалды. Ол кісі Москваға барғанда Моңғолияның төтенше және өкілетті елшісі Д. Гүрбадам мырза қызым Алтынға дәрі-дәрмек сәлемдеме беріп жібергенін жеткізе келгені екен. Киелі ақ дастарханыма Зардыхан ағамен мен зайыбы Қадыханды дереу  шақырып алдым. Сөйтіп көктен тілегенім жерден табылып Зардыхан мен Бямбасүрэн мырзаны таныстыру сәті осылай түскен еді. Дастархан басында Дөрбетханды еске алудан басталған әңгіме біртіндеп екі саясаткердің етене жақын танысып, бір-бірін түсінісіп, пікір алмасуына ұласты. Зақаң да орайлы сәтті оңынан пайдаланып әңгіме барысында Д.Бямбасүрэн мырзадан өзін ел басы Ж.Батмөнхінің қабылдауында болып қазіргі қоғамдағы өзгерістерге байланысты ой-пікірлерін бетпе-бет білдіргісі келетінін өтінді.

Д.Бямбасүрэн мырза Зақаңды келесі күні өз кабинетінде қабылдап ел басы Ж.Батмөнхінің қабылдауына жіберді. Міне осылайша Д.Бямбасүрэннің тікелей көмегімен 1990 жылы 17 қаңтарда сол кездегі Орталық Партия Комитетінің жанындағы әлеуметтік ғылми-зерттеу институтының «Социалистік құрылымының қисын мәселелері» деп аталатын бөлім меңгерушісі Зардыхан Қинаятұлын МХРП-ның Орталық Комитетінің бас хатшысы, Халық Ұлы Хуралы басқармасының төрағасы Ж.Батмөнх қабылдады. Зардыхан Моңғолия қазақтарының діни және ұлттық мәдениетіндегі орын алып отырған дәстүр, салт-сананың кейбір сын көтермейтін жүдеу жағдайларынан елбасын толық хабардар етіп, Улан-Батыр қаласында «қазақтың ұлттық мәдени қоғамын» құру туралы пікірін ұсынды.    Сондай-ақ Зардыхан Моңғолиядағы демократиялық қозғалыстың белсендісі белгілі саясаткер ретінде тек қазақ ұлтының мәселесімен ғана шектелмей, МХРП-ның жаңа бағдарламасы, жаңадан құрыла бастаған Моңғолдың Демократиялық одағының іс-әрекетінің барысы және МХРП-ның оған көз қарасы, бірлесіп жұмыс жүргізу жолдары туралы өз пікірін Ж.Батмөнхіге таныстырады. Елбасы, «Қазақтың мәдениет қоғамын, істің барысын саясатқа соқтырмай, қауымдастық тұрғысында тек дін, салт-дәстүр, мәдениет шаралары төңірегінде ғана іс-әрекет ететін, халыққа даяшылық жасайтын орын негізінде құру дұрыс»-деген ақыл-кеңесін береді.

Елбасының Зардыхан Қинаятұлына берген ақыл кеңесінен Моңғолия үкіметінің қазақ ұлтына деген көзқарасын білген соң  енді Абай бабамыздың «Ақырын жүріп, анық бас» деген қағидасын еске ұстап, ұлт мәселесіне сабырлы да салмақты қарау, бірақ әрекетсіз жатып алмау, іс-әрекетті елдегі саяси өзгерістің ыңғайына қарай ақырындап жүргізе беру керек деген шешімге келдік.

Зардыхан Қинаятұлы, қазақ зиялылары Ж.Ахмет, А.Мекей, Ш.Етекбай, А.Шакерхан, Ж.Хайролла, А.Қабылаш, Ш.Жамлихалармен ақылдасып басын қосып,Улан-Баторда «Қазақ мәдениет қоғамын» құрып, сол арқылы қазақтың ұлттық мәселесінің туын көтеруді мақсат етті. Олар әр шаңыраққа жиналып кеңес құрып жүрді. Ш.Жәмлиханың шаңырағында болған кезекті әңгімеде Сайт Заханұлы да болыпты. Ол әңгіменің барысына зер салып тыңдай келе, қоғам құрумен мәселені шеше алмайтын сияқтымыз. Онанда уақыт оздырмай Қазақстанға көшу жағын ойластырғанымыз дұрыс екен деп кесіп айтқаны Зақаңа жақпай қалыпты. Сөзіне ешкім қосыла қоймаған соң ол біздің үйге келіп көшу жайында әңгімелесті.

Сонымен халықтан қолдау таппады ма әлде мүмкіндігі шектеулі болды ма Қазақ мәдениет қоғамы заңды түр де құрылып, жұмыс атқара алмады.   Ақыры 1992 жылы А.Қабылаш, Ш.Жамлихалардың отбасы, 1994 жылы Қ.Зардыханның өз отбасы Қазақстанға көшіп келді. Ал қалғандары көшке ақ жол тілеп ақ баталарын беріп шығарып салды.

Сол кездегі нарықтық қоғам талабына сай халықтың саяси белсенділігі артып жұмыс орындарында, әр әулетте бас қоса қалса мүддесі бір адамдар қоғам, ел жаңалықтарын қызу сараптауды әдетке айналдырған.

Аятхан Тұрысбекұлы, Сайт Заханұлы және мен үшеуіміздің  ойымыз ортақ бір мақсатқа түйіскендіктен, елдегі жағдайды өзара кеңінен сарапқа салып, ақылдасып, ой елегінен өткізе отырып, болашақ ұрпақ тағдырын, ұлт мүддесін, түбегейлі шешу үшін, мүмкіндігінше қазақстанға көшу жағын қолға алғанымыз дұрыс деген бір шешімге келдік.

Атамекеніміз Қазақстанмен қандай қарым қатынаста болу мәселесіне келгенде Монғолиядағы қазақ зиялылары әр түрлі бағыт ұстанды.Кейбір мансапқор шенеуніктер Баян-Өлгей аймағын автономиялық ұлттық өлке ретінде қайта құру арқылы Қазақстанмен терезесі тең ел болуды армандады. Олар Моңғол елі бір тұтас ел екендігі жазылған ата заңына да мән бермеді.  Саяси сауатсыз жандар автономиялық билікті қолға алуға ешқандай экономикалық  мүмкіндік жоқ екенін түсінбеді. Құр даурықпа айғайға басып, қарапайым халықты біраз дүрліктіріп тастады.

Ал бұрынғы жоғарғы лауазымда болған кейбір ағаларымыз, Көш басшыларының қазақстанға көшу туралы ұлттық мәселе көтергені,олардың ғасырдан астам уақыт өмір сүріп, сіңісіп туғанындай болып кеткен  Моңғол ағайындарын силамағандығы, жеңіл ойлап тез шешетін ойламсыздығы…деген сияқты кінәләрін жаудыртып баспа бетінен кең орын иеленіп халықтың ой жүйесін қажытты.

Қазақ зиялыларының тағы бір бөлігі «Мұсылман қоғамын» құру жұмысын қолға алды. Олар халықты жиып қоғам құру туралы қаулы қабылдап, басқармаларын сайлап, жұмысқа кірісіп жатты. 1990 жылдың аяғында болған осы жиында менде болдым. Сөз алып, мінберге шықтым. Қоғам жұмысына сәттілік тілеп, шама-шарқымша қаржылай көмегімді ұсындым.Бұл ұйымның, қазақтардың ұлттық сұранысын қанағаттандырып ауқымды деңгейде жұмыс жасауына күмәнім болса да, ойымды ашық айтып алауыздық жасаған болып көрінгім келмеді. Бәрін уақыт көрсетер, кезінде халық дұрыс таңдауын жасар, деген сеніммен қазақстанға көшу туралы ой пікірімді ашыққа шығармадым. Осыдан екі-үш ай өткеннен кейін көш мәселесі жарыққа шығып халық қозғала бастағанда, осы Мұсылман қоғамының басшылары көшке тура қарсы шығып, үкіметке депудаттық сауал жолдап, халықтың ішіндегі кейбір беделді адамдарға көш бастаушыларды қаралаған арыз жазғызып, үкіметтен көш жұмысын уақытша тоқтатып, тексеру жұмыстарын жүргізуге дейін әрекет жасады. Қоғам басшылары ақсақалдардың жиналысына Аятқан Тұрысбекұлы екемізді шақырып, қатыстырып, талқыға салды. Өз құқұғымызды, ой пікірімізді қорғап, демократиялық заңдылықтарға сүйеніп, алған бетімізден қайтқамыз жоқ. Себебі халық артымыздан ерді.Үкімет қолдады.

Аятхан Тұрысбекұлы. 1989 жыл.

 

Аятхан Тұрысбекұлы Киевте оқып жүрген кезінде Мұрат Әуезов құрған  «Жас тұлпар» ұйымына қатысып, сол кездің өзінде, қайтсек қазақтың басын біріктіреміз деп атсалысқан ұлт жанды азаматтардың бірі еді.  1968 жылы Киевтің Жеңіл өнеркәсіп институтын КИП автоматика инженері мамандығымен тәмамдаған. Оқу бітіріп келгеннен кейін Улан-Батырдағы тері өңдеу, жүн жуу фабрикасында инженер, директор қызметін абыройлы атқарып, көптеген жаңа бастамаларды іске асырған. Кейіннен Будапешт, Берлин, Мәскеу, Ленинград қалаларының «Монетный дворында» қызмет атқарып, білімін жетілдіріп келгеннен соң моңғолдың құнды металдардан бағалы бұйымдар өндіретін зауытын басқарды. Сол кездерде Аятхан Тұрысбекұлының білікті іскерлігін мадақтаған мақалаларды орталық баспа беттерінен жиі оқитынбыз.

Аякең, жолдасым Дөрбетханның нағашысы, әрі әріптесі мақсат мүдделері ортақ,  ақылдасып пікір алмасатын жақын жолдасы еді. Дөрбетхан,     «Нағыз қазақ кім десе, Аякеңді көрсетуге болар еді» – деп жиі айтатын

Аятхан Тұрысбекұлы атақты Оспан батырдың нағашысы. Оның ұлы әкесі- Әубакір, туған халқы Алтайдың батысынан Моңғол жеріне ауып қоныстана бастаған алмағайып кезде, бүкіл саналы ғұмырын ауыл-аймағы ел жұртының тыныш бай-қуатты өмір сүруіне, ешкімнен қақпай- қағажу көрмей еркін ғұмыр кешу жолындағы күреске арнаған. Осы күресте “Шыбын жаным арымның садағасы” деп алған бетінен қайтпай қайсарлық көрсетіп жүріп, кейбір жағымпаз ала ағайындардың қолынан абайсызда қаза тапқан. Әубәкірдің бірге туған қарындасы Ғайша- Оспан батырдың анасы. Ғайшаның  1930 жылы қораға шапқан аюды бақанмен басқа  ұрып өлтірген ерлігі елге аңыз болған. Ғайша өте сабырлы зейінді кесек бітімді адам болған екен. Ол кісі, баласы Оспан туралы: Оспан нағашысына тартқан. Менің ағам Әубәкірдің бойы екі метр, алып күш иесі, алдын болжай білетін ой иесі… деп отырады екен.

Аякеңнің ұрпақ болашағын баянды ету мақсатында қажымай тер төгіп, шешуші қадамдарға батылдықпен баруымен бірге,   ұлттық болмыс, салт-дәстүрді жанындай қастерлейтін қасиеті, тіпті жасынан аңшылықмен айналысқан өжеттігі, ер қанаты жылқы малын қасиет тұтып өскен серілігінің өзі бұрынғы ата тегінен жалғасып келген тектілікке нағыз қазақи болмысқа  байланысты.

Аякең алғыр ойлы, көп ойланып аз сөйлейтін, сөзге сараң ойға жомарт. Кесек ойлайды. Батыл да шешімді. Ұлтжанды.  Көп нәрсені өз ақылынан өткізбей, көріп білмей, ел айттыға елірмейді. Басқаның бейберекет ақылын талғамсыз қабылдамайды.Сабырлы да салмақты. Әділет, шындыққа ұстамды. Ол жаныңда жүрген кезде асқар таудай тірегің  бардай. Шаршап-шалдыққанға сүйеніш, қамығып- қайғырғанға қамқоршы бола біледі.

Дөрбетхан ауыр науқасқа шалдығып, Мәскеудің Орталық Клиникалық ауыруханасында бір жыл жатқанда, Аятхан Тұрысбекұлы рухани демеушісі, тілеуші досы, жақын туысы ретінде артындағы қарт ата-ана, жас жеткіншек балаларына қолдаушы болды. Өмірден өткеннен кейін  қамқоршы болды. Дөрбетхан марқұм өмірден өтер алдында тілдей қағазға «Сіздер болған соң алаңсыз жатырмын!»  деп жазып Аякеңнің қолына ұстатып, оған артында қалып баражатқан балаларын сеніп тапсырған еді. Өткен күнде белгі жоқ. Аякең өзінің отбасы ағайын туғанының алдындағы азаматтық борышын мүлтіксіз орындаумен бірге, Дөрбетханның балаларының көзінің жасын, мұрнының боғын сүрте жүріп, халқының болашағына қатысты үлкен игілікті іс атқарып ұлы көшті басқарды. Көшті басқарып жолға қоюда ол кісінің еңбегі ұшан теңіз деп айтар едім. Біз екеуміз көш барысында талай қиыншылықтарды бастан кешірдік, талай ауыр жүкті бірге арқаладық. Ел қамы үшін жұмыстың ауырын мойнына алған да осы Аякең болды. Аятхан Тұрысбекұлы болмағанда көш мәселесі іске аспауы да мүмкін еді. Маған сағым сынған жерде жігер беріп, шаршап шалдыққанда қайраттандырып, ауыр қайғыдан еңкейіп қалған еңсемді көтеруіме үлкен демеу болды. Өмір бойы жинақтаған білім тәжірибемді өз туған халқымның болашақ тағдыры үшін жұмсауыма көмек қолын созып, әркез сабырлық пен төзімділікке жол көрсетіп отырды. Аятхан Тұрысбекұлына, марқұм Дөрбетханның аруағы да, атажұртқа қоныс аударып бүгіндері алаңсыз ғұмыр кешіп жатқан қандастарымыз да риза шығар деп сенімді айта аламын.

Мен өзім, Cағат Заханқызы Моңғолияның мемлекеттік Экономикасын басқарған мекемесінде қызмет еткен 20 жыл ішінде жылсайын Үкіметтің «Алғыс хаты», «Құрмет грамоталарымен» марапатталып, 1985 жылы экономика саласының «Еңбегі сіңген қызметкері» деген атаққа ие болдым. Моңғолия қазақтарының ішінде экономика саласында мемлекеттік жоғарғы орында қызмет атқарған алғашқы қазақпын. Осы уақыт ішінде қызыметтес әріптестеріме сыйлы болдым және қазақ қызының білім парасаттылығын моңғол ағайындарға үлгі етіп көрсете білдім деп ойлаймын. Халықпен мемлекеттің мүддесін тең ұстап шешім шығарып дағдыландым. Соның нәтижесінде атамекенінен жырақта ғұмыр кешіп жатқан ұлтымның болашақ тағдырына байланысты шешім қабылдағанда өзіме сенімді болдым. Бұл сенім, Моңғол үкіметінің, оның білімді де парасатты азаматтарының берген  білім,тәлім тәрбиесінің жемісі деп білемін!

Біз, «Болашақ ұрпақ тағдырын тек Қазақстанға көшу арқылы ғана түбегейлі шешуге болады» деген ойымызды қолдайтындар көп екеніне күмән келтіргеміз жоқ. Бірақта көшу керек деген мәселені бастапқыда  ашық жария етсек, Кеңес Одағының Москвадағы билік иелері және Моңғол үкіметіне де ұнай қоймайтыны бұрыннан қалыптасып келген ұстанымдарына томпақ келетіні айдан анық еді. Сонымен қатар көш екі елдің ішкі және сыртқы экономикалық-әлеуметтік жағдайына байланысты шешілетін аса күрделі мәселе.

Әуеліде қазақтардың өздері құрған қоғамдық ұйымдар мен кейбір ел ішіндегі белгілі, беделді жеке тұлғалар да көш дегенде ат тонын ала қашты.    Әсіресе биліктегі лауазым иелері қарсы болып жасырын іс әрекетке де барғаны өмір шындығы. Сонда да атамекенге деген сағыныш алға қойған мақсат мүддемізге жетуге ұмтылып алған беттен қайтпадық.

Көшті саясаттандырмай, халықты «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратпай ел жағдайына сәйкес байсалдылықпен бастап жүргізу жолын қарастырдық.

Атамекеніне көшіп, өз қандастарына қосылып, өз ұлтының өз елінің азаматы болуды армандамайтын қазақ жоқ шығар деп ойлаймын. Бірақта ұзақ жылдар бойы тоталитарлық жүйенің жалған саясаты, алдамшы интернационалдық идеясына тұншығып, ұлттық болмысы бүркемеленіп келген халық үшін халықаралық көш мәселесі қол жетпес қиял, алынбас қамалдай болып көрінетіні даусыз. Әсіресе ұлттық сипаттағы көш, кейбір коммунистердің түсінеде кірмейтін күмәндана қарайтын мәселе еді.

Ел ішінде даурықпа, бейберекет демократиялық ағымдар пайда болып, ұлт мәселесі туралы ойына келгенін айтып халықты дүрліктірген жандар да болды. Бірақ олардың моңғол мемлекетінен кетіп, атамекендегі ұлы қандастарымен қосылу туралы сөз айтуға қауқары жетпеді, батылы бармады. Ал қазақстанға көшуді қалайтын бір бөлігі, екі елде де «Көші-қон заңы» жоқ заманда, қалай көшу жолын ашып айта алмады. Себебі біріншіден, екі ел үкіметінің рұқсатын алу керек,  екіншіден, көш жолында Ресейдің жері жатыр үшіншіден, мәселе экономикалық қаржыға тіреледі. Сондықтан да екі елдің үкімет орындарының шешімі шықпаса шекара жабық, жол ашылмайды.

         Ойлана келіп негізгі мәселенің түйінін кәзіргі халықтың әлеуметтік      хал-ауалының түйткілді түстарын шешуге әрекеттенуден бастау керек екені түсінікті болды .Экономикалық дағдарыс басталғаннан бері жұмыссыздар саны көбейіп кетті.

Үкімет оларға қалайда жұмыс көзін тауып беруге қанша әрекеттенгенімен, жұмыссыздар саны азайар емес. Сондықтан, біз  тілі, діні бір Қазақ еліне барып жұмыс көзін тауып еңбек етуімізге  мүмкіндік бар. Үкіметке осындай ұсыныс-пікір жасап көшті осылай өрбітуге бел будық.

 

 

 

 

 

МОСКВА-АЛМАТЫ-МОСКВА-УЛАНБАТЫР-АЛМАТЫ

ІС САПАРЫ..

1990 жылы 19 наурызда Моңғолия үкіметінің баға  саясатын өзгерту  жөнінде,  Кеңес одағының Баға комитетінен ақыл кеңес алу мақсатымен Москваға келген  негізгі жұмысымызды абыроймен атқарып келісім жасалды.  Осы іс сапарды пайдаланып Алматыға келіп қайтуды  мақсат тұттым. Алматыға бұрын барып көрмеген едім. Алла қолдап жоспарым сәтті  аяқталды. Ол былай болған еді;  Кеңес Одағының Баға жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшылары іс сапар мақсатымызбен танысып, біздің жасаған жұмыстарымызды білікті мамандарға табыстап, олар зерделеп өз пікірлерін дайындағанша біз Мәскеу қаласында күтуімізге тура келді.

Мен,Делегация басшысы Моңғолияның Экономика комитетінің төрағасы Э.Бямбажав мырзадан, Қазақ елінің астанасы Алматыға барып келуіме рұхсат алып, Мәскеудегі қазақ ағайындардың көмегімен 1990 жылы 23 наурызда Алматыға келдім. Алматы консерваториясында оқып жүрген Моңғолиядан келген Көпжасар деген азамат қарсы алып жұмысымның тез уақытта бітуіне үлкен септігін тигізді. Ұлт жанды қайсар жігіт екен, көш туралы пікірімді қолдап жігерімді қанаттандыра түскен еді. Мен шет елдердегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын «Қазақстан қоғамына» барып төрағасы Ш. Жәнібеков мырзаға жолықтым. Моңғолияда тұратын қазақтар атамекенге көшіп келгісі келетінін айттым. Әзірше түпкі мақсатымызды жария етпей, тек жұмыс күші ретінде келу жолын қарастырсақ деп ойлаймын. Қазақстанға жұмыс күші қажет болса Моңғолияда жұмыссыздар саны көп екенін баяндадым. Ш.Жәнібеков мырза ұлтымыз үшінгі мұндай мәселені ойлану керек, жоғарғы орындарға таныстырып талқылап көрейік. Күзде Қаз ССР-ң құрылғанына 70 жыл толуына байланысты торқалы той болады. Тойға келіңіздер шақыру жіберейік. Сол кезде толық жауабын береміз деді. Мен, қазақта бұрынғыдан келген үрдісті еске алып, қоныс жолын азаматтар бастасын деп түйіндедімде Аятхан Тұрысбекұлы мен Сайт Заханұлының атына шақыру жіберуін өтініп кеттім. Күзде 70 жылдық тойға Аятхан Тұрысбекұлы мен Сайт Заханұлы  келді. Дүниежүзі қазақтарының өкілдері жиналған осы бас қосуда Аятхан, Моңғолия қазақтары жайында  егжей тегжейлі баяндап, олардың Қазақстанға шөшіп келгілері келетінін айтады.

Cуретте,оң жақта артқы датардан екінші Ш.Арыстан, З.Сайт, Х.Алтай, жетінші Т. Аятхан, сол жақта Ә.Қаблаш.

Аятхан мен Сайт екеуін  «Қазақстан қоғамы» азаматтары Талдықорған обылысы Кербұлақ ауданының Әкімі Тілеужан Садықұлов мырзамен кездестіріп, олар жұмыс күші ретінде жұмысшылар әкелуге ауызша сөз байласып елге қайтып келді. Арықарай Моңғолия Еңбек министрлігінің ықтиярлығын алып, ресми Еңбек келісім-шартын жасау керек болды. Сондықтан осы мәселе бойынша Моңғолияның Еңбек министрлігіне өтініш жасап, елдегі жұмыссыз қалған қазақ азаматтарға тілі, салт дәстірі бір Қазақ елінен жұмыс көзін тауып беру мәселесін шешіп келуге ресми жолдама берулерін сұрадым. Еңбек министрі: «Шетелдерге жұмыс күшін шығарумен арнайы айланысатын бюро» ашатын ойымыз бар. Осы мекеме ашылған соң мәселені қарайық деп кейіндетіп қойған.1990 жылы 19 желтоқсанда Еңбек министрлігінің жанынан Бюро ашылды. Бастығы  Д.Пүрэвбатарға жағдайды түсіндіріп ҚазССР-ына барып, жүмыс күшін апаруға Еңбек келісім-шарт жасап келуге жолдама беруін өтіндім. Ол, қазір қаражат мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Мен уақыт ұттырмау үшін өз қаражатыммен барайын деп бірінші іс сапар рұқсаттамасын алдым.

Рұхсаттама қолға тигенсоң Аякеңмен ақылдастым. Аятхан Тұрысбекұлы:- Ташкентте Зуха Жапарұлы жүр. Ол қайтаржол Алматыға келеді.  Сенімен бірге Шегебек Тоқтамұратұлы еріп барсын, үшеуің Алматыда кезігіп, бас қосып, арғарай  келісім шарт жасасып қайтарсыңдар деді. 1990 жылы 23 желтоқсанда Шегебек екеуміз Алматыға «Қазақстан қоғамына» келдік.

Бізді жауапты хатшы Маман Жүнісұлы қабылдады. Жуықта ғана Улан-Батырға, Аятхан мен Сайттың атына жолдаған хатты таныстырып көшірмесін  бізге ұсынды.

                                        Құрметті Аятхан, Сайт!

            Сіздерге, сіздер арқылы сол жердегі барлық ағайындарға туысқандық сәлем жолдаймыз.Сәлемнен соң айтарымыз, сіздер сол жердегі көпшілік қауымның тілегін бізге жеткізіп, ел мен жерді сағынып жүрген қазақ бауырларымыздың атамекенге түбегейлі көшіп келіп қоныстанғысы келетінін айтқан едіңіздер. Бұл орынды тілектеріңізді естіген жұрт, ел ағалары мақұлдап, шет жайлап жүрген ағайындарға қол ұшын беруге дайын екендерін қоғамға білдіруде. Соның ішінде Семей облысы Шұбартау ауданы және Торғай облысының атқару комитеті көшіп келетін адамдардан өз аудандарына мал шаруашылығына және басқа салаларда жұмыс істеу үшін бөлінсе деген тілек білдіріп ресми хат жіберді.

        Шұбартау ауданы көшіп келетін адамдардан 400-ге жуық семьяны қабылдап, оларды баспана және жұмыспен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр. Олар, тіпті қыс ішінде көшіп келсе де қуанышпен қарсы алатындықтарын білдірді. Аятхан, Сайт, осы бір келелі істі ауыл ақсақалдарымен, жергілікті өкіметтің тиісті орындарымен кеңесіп, шешімін бізге хабарлаңыздар. Қашан, қанша семья көшіп келетінін алдын ала анықтап жазып жіберіңіздер.

        Амандықпен кездесейік. Сәлеммен Қазақстан қоғамының жауапты хатшысы.   Маман Жүнісұлы 20. 12. 1990 ж.

       Мен Моңғолия елінің Еңбек Министрлігінің ресми жолдамасымен келгенімді таныстырып алдымен сөз байласқанымыз бойынша Кербұлақ ауданына барып,  Еңбек келісім-шартын жасауға дайын екенімізді білдірдім. Маман Жүнісұлы оған қарсы болмады. Біздің келгенімізді Шәңгерей Жәнібеков мырзаға хабарлап еді, ол кісі өз кабинетіне шақырды. Шәкең, біздің Моңғолия елінің Еңбек Министрлігінің ықтиярлығымен  ресми жолдама алып келгенімізге разы болып, қонақ үйдің төлем ақысын қоғам міндетіне алатындығын білдірді. Біз қуанып қалдық. Келесі күні  Ташкенттен келген Зуха ағайды Алматы теміржол вокзалынан күтіп алдықта Шегебек, Зуха үшеуіміз Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзекке келіп жеттік.

 

АЛҒАШҚЫ «ЕҢБЕК КЕЛІСІМ-ШАРТЫ” және

МОҢҒОЛИЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ Д.БЯМБАСҮРЭННІҢ

ҚАБЫЛДАУЫ

Ауданның ауылшаруашылық бірлестігінің төрағасы Нұрбай Жантілеуұлы қарсы алып, Аудандық атқару комитетінің төрағасы Тілеужан Садықұловтың қабылдауына апарды.  Біз, келісім-шарт жасау үшін келгенімізді айттық.

Т.Садықұлов біздің келгенімізге ыстық ықылас танытып, өзі басқарып отырған ауданның экономикалық, әлеуметтік жағдайымен қысқаша хабардар етті. Ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрбай Жантілеуов мырза алып жүріп мал шаруашылығының жай күйімен таныстырды. 26 желтоқсанда Зуха мен Шегебек екеуі Н. Жантілеуовпен бірге құрылыс базасын көргелі кетті. Мен ауыл шаруашылық басқармасының бас экономисімен келісім-шарттың жобасын дайындауға кірістім. Кешкісін Зуха ағайымыз, Сағат бұл жолы келісім шарт жасамаймыз деді.

Мен, уақыт бізді күтпейді «шегірткеден қорыққан егін екпейді» мұндай мүмкіншілік қайтып біздің қолымызға келе бермес. Мен алған бетімнен қайтпаймын, және де сіз менің бастығым емессіз ғой. Менің өз бетіммен келісім шарт жасауға құқық беретін рұқсатым бар, келісім-шарт жасасам. Әдейі келген жұмысымды бітіріп кетуім керек, деп кесіп айттым.  Ол кісі үндемеді. Ертеңгісін Нұрбай Жантілеуов екеуіміз келісім-шарттың жобасына келісіп, машинкаға басуға бергелі жатқанымызда бағанадан үндемей мұқият тыңдап отырған Зуха ағайымыз, Сағат менің атымды да қосып жаздыр деді Зуханың атын өз атымнан кейін жаздым да, жобаны неше еселеп шығаруға тапсырдым. Осылай көштің басталуына себепкер болған алғашқы тарихи құжат «Еңбек келісім-шарты» Кербұлақ аудандық Атқару комитеті төрағасының орынбасары В.М.Колупаев және Ауыл шаруашылық бірлестігінің төрағасы Нұрбай Жантілеуовпен жасалып 1990 жылы 27 желтоқсанда Сары-өзек кентінде дүниеге келді.

Келісім-шартта Кербұлақ ауданының әкімшілігі мен Ауылшаруашылық бірлестігінің алған міндеті:

1.Моңғолиядан мал шаруашылығы мен құрылысқа барлығы 200 отбасын қабылдап, келген адамдарды жұмысқа толығымен орналастыру және оларды баспанамен қамтамасыз ету, балаларын мектепке, балабақшаға орналастыру;

2.Моңғолиядан келген жол қаражатын төлеумен бірге және әр отбасына алғашқы көмек ретінде он бес қой, бір сиыр,1000 сом ақша беру;

3.Оларға, шаруашылықтарда істеп отырған адамдардың деңгейінде айлық жалақы тағайындап төлеу;

4. Құрылыс бригадаларын материал құрал- жабдықтармен қанымдау;

5. Малшы, жұмысшылардың жанұясын әлеуметтік қорғау, сақтандыру, салық төлеу жүйесіне қамту;

6. Мал шаруашылығына, құрылысқа келгендерді толық шаруашылық есеп негізінде жұмыстату;

Монголия Еңбек министрлігінің атынан біздің алған міндетіміз;

1. Кербұлақ ауданына 1991 жылдың наурыз айынан бастап малшы, жұмысшыларды келтіру;

2. Келушілердің жеке басының мал мүлкін, киіз үйлерін алып келулеріне мүмкіндік жасау;

3.Төлқұжаттарын дайындап, жол құжаттарын реттеп, адамдарды бөгетсіз алып келу;

Бұл Келісім-шартты арықарай Қаз ССР-ң басқа облыстары мен мекеме, кәсіпорындары арасында жасауға  үлгі ретінде қолданып отырдық.

Келісім-шарт жасап алғаннан кейін асығыс Улан-батырға оралып, оны жүзеге асыру жұмысына дереу кірісіп кеттік. Қазақстанға Еңбек келісім шарты бойынша баруға тілек білдірушілердің саны көбейіп, тізімделушілер ілек-ілегімен келе бастады. Жұмыссыздарды ұйымдасқан түрде тізімге алуда қиыншылықтар аз болмады.

Мәселені Моңғолия үкіметінің басшысына тікелей таныстырып ризашылығын алу дұрыс деген шешімге келдік. 1991 жылы 20 ақпанда Премьер-министр Д.Бямбасүрэннің қабылдауында болдым. Үкімет басшысы көп жыл бірге  қызметтес болған жақсы көретін сыйлас адамы, премьер-министр Д.Содномның кеңесшісі экономика ғылымдарының докторы жолдасым Дөрбетхан марқұмның жарқын бейнесін еске ала отырып, өзімнің де өз қол астында 20 жыл мемлекеттік қызмет еткенімді еске алып жылы қабылдады.

Кешікпей Д.Бямбасүрэн мырза рұқсат етіп қол қойған өтінішім Үкімет әкімшілік басшысы Д.Моломжамцының хатымен бірге Еңбек Министірі Ц.Цолмонға келіпті. Онда, «Сағат Заханқызы Қазақстанға еңбек күші ретінде адамдарды жұмыстату туралы бастама көтеріп келіскен екен. Қолдап, сонда жұмыстатайық. Бямбасүрэн. 22 ақпан» деп бұрыштапты.

Министр Ц.Цолмон 1991 жылғы 14 наурыздағы № 67  бұйрығымен мені Қазақстанға баратын жұмысшыларды басқаратын  тұрақты өкіл ретінде тағайындады. Сонымен 1991 жылы 12 наурызда Аятхан екеуіміз жүзге жуық  адамның құрамындағы көшті бастап Кербұлақ ауданына жол тарттық. Олардың арасында бала-шаға үй-мүлкімен екі отбасы болды. Ол Әуіпбай ақсақалдың балалары болатын.

Кейбір адамдар келе айнып моңғолияға қайтып кетті. Олар Моңғолияға келе Қазақстанды жамандап, Кербұлаққа барғандар қаңғырып қалды деп елді үрейлендіріпті. Артынан бұл да көшке бөгет жасағысы келген кейбір кертартпа адамдардың ұйымдастырған жымысқы әрекеті болып шықты.

Моңғолиядан келгендерді аудан басшылары, алдымен ауданның барлық шаруашылақтарына бірден-екіден таратып төл алу науқанына көмектестіруді ұйғарды.  Бұл шешімге көптеген адамдар келіскісі келмеп еді, Біз; келмей жатып үлкен науқаннан бас тартқанымыз ұят болар, халықпен араласып жағдайларын біліп, отбасыларыңды әкелу мәселесін шешіп алу керек деп ақыл қостық. Бәріде келісіп, ұйғарған шаруашылықтарға аттанып кетті. Біз, Нұрбай Жантілеуұлының көмегімен Талдықорған обылысының Гвардия, Көксу, Киров, Қаратал, Ақсу, Алакөл, Саркант, Андреевка аудан басқармалары басшыларымен байланысқа шығып, олармен кездесіп, шауашылықтарды аралап көріп, көп мекемелермен 100-200 отбасын әкелуге  Еңбек келісім- шартын жасадық.

 

ЕЛАҒАСЫ  ШӘҢГЕРЕЙ  ЖӘНІБЕКОВ АҒАМЫЗҒА

                           АЙТАР АЛҒЫСЫМЫЗ ШЕКСІЗ!

 

1991-ші жылы 8 сәуірде Қаз ССР  Еңбек министрлігіне келдік. Министр С. Бейсенов мырза: – Сіздерге кім жұмыс күшін әкел, деді шет елден жұмыс күшін алуды Мәскеу біледі. Бізде жұмыссыздар көп. Біз проблеманың үстіне проблема қосып ала алмаймыз. Дереу қайтыңыздар, біз өз жеке бастарының қамымен жүрген адамдарды қабылдай алмаймыз,- демесі барма. Біз аңтаң болдықта амалсыздан шығып кеттік.  Басқасын қойшы «өз  жеке бастарының қамымен жүрген» деген сөздің байыбына бара алмай министр С.Бейсенов мырзамен болған әңгімені Шәңгерей Жәнібеков мырзаға келіп айтып ақыл кеңесін тыңдадық. Міне қызық, Қабдолда деген кісі, біз 96 адамның көшін бастап Моңғолиядан шыққанда артымыздан көп ұзамай арнайы  Алматыға келген екен. Улан-батырдан Алматыға келіп, Зардыхан Қинаятұлының визиткасын беріп,”  Сағат пен Аятхан деген адамдарды қабылдамасын, олар өздерінің жеке бастарының қамымен жүрген адамдар, деп сәлем айтып мені жіберді”, деп Шәңгерей мырзаға да келіп кетіпті. Көпті көрген Шәңгерей Жәнібеков мырза парасатты адам ретінде оған мән бермепті. Ол кісі біздің істеп жүрген іс әрекетімізге жасап жүрген батыл қадамымызға разы болып отырады екен. Бізге, ондай ұсақ-түйек әңгімеге көңіл бөлсеңіздер алға қойған үлкен мақсаттарыңызға жету қиын болады, деп ақыл айтып, өз қолынан келген көмегін аямайтынын білдірді. Бізге жол көрсетіп бағыт бағдар беріп көмектесіп тұру үшін қоғамның жауапты қызметкері Әбен Омаровқа  тапсырма берді.

1991 жылы 6 сәуірде Моңғолия елінің Қазақстанды жауаптанған Ташкенттегі бас Консулы Б.Буд мырзаға телефон арқылы хабарласып, Кербұлақ ауданына 96 жұмысшы алып келгенімізді жеткіздім. Консул мырза Сыртқы істер министрінің орынбасары С.Батыршаұлы, Еңбек министрінің орынбасары Н.Романовтарға барып жұмыс күшін алып келгендеріңді айтып, арығарайғы жоспарларыңды таныстырыңдар деді.

Біз алдымен С.Батыршаұлына бардық. Ол кісі бізді жылы қабылдап, қысқаша әңгімелесті де, кешке “Жерұйық” мейрамханасына шақырып дастархан басында отырып асықпай әңгімелесті. Әңгімесінен, шет елдерде жүрген ағайындар елге оралса екен, деген ізгі ниеті бер екеніне марқайып қалдық.

Бізді, Ш.Жәнібековтың жол сілтеуімен, С.Бейсенов  Мемлекеттік  хатшы Қаратай Тұрысовтың қабылдауына апарды. Мәртебелі мырза, көп сөзге келместен: – Бізде кәзір жұмыссыздар саны күннен күнге молайып жатыр, және мұндай мәселені Мәскеудің нұсқауынсыз шешкеніміз жарамайды.

Біз кешікпей тәуелсіздігімізді аламыз, содан кейін барып шет елдегі қандастарымызды өзіміз көшіріп аламыз. Ал қазір ел көшіретін уақыт емес,- деді. Бізді есік алдына қалдырып алдымен С.Бейсеновтың өзі кіріп шығып еді аузына сөз салып қойған екен ғой деп ойладық. Әрине Қазақ халқы үшін кәзіргі кездегі ең маңызды мәселе, өз тәуелсіздігін алу мәселесі екені белгілі, бірақ біздің де асығуымыздың өз себептері жетерлік.Және де, біздің осы қозғалысымыз, тәуелсіздіктің келуіне ешқандай кедергі елтірмейді, деген сенім біздің ой елегімізден өтіп, болашаққа деген сенімімізді бекемдеп алғандықтан, уақыт созып жайбарақат қалып мүмкіндіктен айрылып қалмауымыз керек деген ой алған бетімізден қайтуға мүмкіндік бермеді. Асығуымыздың себептерін тізбелеп түсіндіре бастадық: Өз ұлтымыз қандастарымыз үшін,  елдің саяси- әлеуметтік жағдайына байланысты осы өтпелі кезеңді пайдаланып шығып кетпесек, Моңғолия елінің жағдайы түзелсе жібермеуі мүмкін екенін айттық. Жәнеде, Моңғолия мен Кеңес одағының арасында азаматтар визасыз қатынасып жатқан кәзіргі  жағдайды пайдалануымыз керек.Егер екі ел арасында бизалық тәртіп орнаса көшкенді қойып, қыдырып келудің өзі қиын болары сөзсіз. Сосын, Моңғолия қазақтары уақыт оздырмай, қандастарымен бірге тәуелсіздіктің тұғырын бірге қалап, уығын көтерісіп еңбек етсе, деген  сияқты ой-пікірімізді  түсіндіріп бақтық.

Бір қызығы, ағайымыз: – Бізде жұмыссыздар көп дегенді алға тарта береді…Ал мал шаруашылық саласында жұмыстаушылырға сұраныс бар болғандықтан, олар келісім- шарт жасауға ынталы екенін біз көріп-біліп келіп отырмыз…

( Айтқанымыздай, 1994 жылдан бастап Ресей мен Моңғолия арасында бизалық режим орнап,Қазақстанға көшіп келушілерге ортада жатқан Ресейдің шекарасынан өтетін виза алу мәселесі өте қиындап кеткен.)

Жоғары лауазымды ағалардың ой пікірлерін білгеннен соң, ұлтжанды азаматтар зиялы қауым ортасына ой тастап, солардан қолдау табуды көздедік…

12 сәуірде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редақторы халық жазушысы Шерхан Мұртаза мырзаға келдік.  Шерағамыз өз кабинетінде бізді жылы шыраймен қабылдады. Біз келген шаруамызды, арман мақсатымызды әңгімелеп бердік. Шерағаң журналист Әмірхан Меңдекені шақырып, бізбен болған әңгімені газетінің бүгінгі нөміріне шығаруды тапсырды.Сол күні ”Социалистік Қазақстан” газетіне Ә.Меңдекенің  «Жақыныңды жат етпе»

 

деген мақаласы шықты.

 

ЖАҚЫНЫҢДЫ ЖАТ ЕТПЕ!

Сірә, қан деген қиын білем.”Қанына тартпағанның қары сынсын”да бекерге айтылмағанға ұқсайды…

Моңғолиядағы қазақ жастары ә дегеннен-ақ “Біздің Қазақстанға барып еңбек еткіміз келеді” деп тілек білдіріпті. Не себепті? Қай уақытта? Енді осыған аздап түсінік бере кетейік.

Бүгінде жариялылық Моңғолия жерінде де кең етек жайыпты.Мәселен бұрындары интернационализм мүддесіне қайшы келеді деп Шыңғысхан туралы бүркемелеп қана айтылып, бүркемелеп қана жазылып келсе, қәзір атышулы әмірші туралы тарихи ақиқат өз болмыс- бояуымен айтыла бастапты. Жазыла бастапты. Әлдебіреулердің нұсқауымен, я болмаса әлдекімдердің қалауымен жазылған тарих-тарих болып жарытушыма еді.Моңғол тарихшыларының мұндай аяқ алысын, әрине, тек құптасақ, қуаттасақ керек. Моңғолдар да –қазақ халқы сияқты киіз туырлықты ел. Тұрмыс- кәсібі ғана емес, тағдыры да ,тарихы да ұқсас.Екі елдің арғы-бергі тарихында бірлесіп зерттер ортақ тақырыптар, ортақ ақтаңдақтар аз емес. Алдағы уақытта мұндай маңызды іске мән беріп жатсақ, қанекей?!

Сонымен бірге соңғы жылдары Моңғолияда экономикалық және әлеуметтік саладағы бірсыпыра сәйкессіздіктердің де беті ашылған. Өндіріс пен өнеркәсіп орындарының, шаруашылықтардың еңбекке жарамды азаматтарды жұмыспен түгел әрі толық қамтамасыз ете алмай отырғаны анықталған. Республикада артық жұмыс күшінің, яғни жұмыскерлер тобының жинақталып қалғаны мәлім болған. Содан, Моңғол Халық Республикасы Министрлер Кеңесінің арнайы қаулысымен шетелдерге барып жұмыс істеймін деген талапкерлерге ұлықсат етілген. Осы қаулыға сәйкес қазір біраз моңғол жастары Польшада, Чехо-Словакиада және т. б. Елдердееңбек етіп те жүр. Ал енді осы орайда моңғолиялық қазақ жастары өздерінің Қазақстанға барып еңбек еткісі келетіні жөнінде Моңғолия өкіметіне өтініш білдірген. Өтініш қанағаттандырылған.

Жуықта алдын-ала жасалған келісім-шарт бойынша, моңғолиялық қазақ жастарының алғашқы тобы Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына келіп жетті.Бұл топты бастап келгендер-Моңғол Халық Республикасы Еңбек министрлігінің өкілдері Сағат Заханқызы мен Аятхан Тұрысбекұлы. Қалған әңгімені енді қонақтарымыздың өз аузынан естиік.

СағатЗаханқызы:-Таяуда ғана Талдықорған облысының Кербұлақ ауданына Моңғолиядан 96 жұмысшы жігіттерді алып келдік. Бұлардың бәрі де қазақ жастары. Түгел үйлі-баранды. Алды- 35-ке  енді жеткендер болса, арты 25-тен жаңа ғана асқандар. Жігіттердің дені-құрылысшылар. Біразы-механизатор мамандығын игергендер… Иркутск арқылы пойызбен шығып, Сарыөзек станциясынан түстік. Осында бізді Кербұлақ ауданының басшылары мен жергілікті жұртшылық күтіп алды. Екі жақтан бір-біріне құшақ жаяұмтылып, мәре-сәре көрісіп жатқан топқа қарап, ал кеп көңілім босасын. Өзімді өзім тоқтата алсамшы… Жырақта жүрген өндірдей қазақ жастарының атажұрт, ұлы мекеніне табаны тигеніне қуанып жыладым-ау деймін. Ұзағынан сүйіндіргей!Әлден уақытта Аятханға қарасам, мұныңда көзі боталап…

Аятхан Тұрысбекұлы:-Иә, мұндайда қалай толқымассың… Бұқар жырау бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын-ақ “Керей, қайда барасың?” деп сауал тастапты.Сол Бұқар әулие екен. Жә, тарихты қоя тұрып, енді бүгінімізге көшейік. Моңғолиялық қазақ жастары неге Қазақстанда еңбек етуге тілек білдірді?Ең алдымен ойлағаны- тірлік қамы емес, ұрпақ қамы болды.Алдын-ала жасалған келісім-шарт бойынша біздің жігіттер Қазақстанда 5 жыл бойы еңбек етуі тиіс. Бұл-әрбір шаңырақ иесі осында өзінің үй ішімен көшіп келеді деген сөз. Бала-шағаларын ұлттық мектепте оқытуға, тілдік және ұлттық мәдени ортадан алыстамауға мұнда толық жағдай бар екені өзіңізге де белгілі. Біз осы жағына баса көңіл бөлдік. Қазір Баян-Өлгийден басқа аймақтарда, яғни ішкі Моңғолияда 25 мыңнан астам қазақ әулеттері тұрады. Бұлар шашырап орналасқан. Сондықтан жас ұрпақты ұлттық мектептерде оқытуға мүмкіндіктері де, жағдайлары да жоқ. Жоғарыда айтылған мәселеге жете назар аударғанымыз да содан.

Сағат Заханқызы:-Келісім-шарт бойынша Кербұлақ ауданының шаруашылықтары біздің әрбір жігітімізге яки әрбір үйге 1 бұзаулы сиыр, 15 қой, 1000 сомнан ақша беретін болды. Мұндай шартты Талдықорған облысының тағы да 5 ауданымен жасастық. Жазға қарай осы аудандарға Моңғолиядан 840 түтін келмек. Құрылысшылармен қатар, бұлардың ішінде малшылар да бақташылар да бар. Келіп жатқан туысқандарына Кербұлақ ауданының және өзге де аудандардың басшылары тиісті қамқорлық көрсетеді ғой деп сенеміз. Алдымыздың келіп жатқаны да – осыдан, сенгендіктен. Қазақстанға келіп еңбек еткісі келетін қазақтар Моңғолияда аз емес. Мәселен бір ғана Семей облысына келуге тілек білдіргендер 1200 түтіннен асып түсті. Бұл ретте өкіметімізге, Моңғолия мемлекетінің басшыларына үлкен алғыс айтамыз. Қолымызды қаққан жоқ. Қолдау жасап отырды.

Аятхан Тұрысбекұлы:-“ Кедей болсаң көшіп көр”  Қазақстанға еңбек етуге келушілерге өкіметіміз мол кеңшілік жасады. Олардың үйге қажетті тұрмыс-жабдықтарын, жасау-мүліктерін өздерімен бірге алып кетуіне келісім берді. Енді осы жерде бір гәп бар. Арғы жақтан біз артынып-тартынып келеміз-ау, Таулы Алтай автономиялы республикасының территориасындағы ССРО таможнясы( Қосағаштың маңы) дүние-мүліктерімізбен бері қарай өткізе ме Қазақстан өкіметі осы мәселені назарда ұстаса, нұр үстіне нұр болар еді.

Сағат Заханқызы –Алдыңғы уақытта барыс-келісіміздің мұнанда гөрі кеңірек етек алатынына өз басым сенімдімін. Осындай игі істің мүддесі үшін аз-кем тілек айтсам, артық көрмейсіздер деп ойлаймын. Біз Аятхан екемізде осында бес жылға келдік. Моңғолияның өкілі ретінде Қазақстанға келіп жатқан жастарымыздың басы-қасында жүріп, олардың мұң-мұқтажын, талап –тілектерін жергілікті орындарға жеткізіп отырамыз. Моңғолиялық қазақтардың осындағы бауырларымен етене тіл табысып, кетуіне дәнекер болмақпыз. Бізді қинап тұрған баспана жағы. Әзірге Аятхан екемізде қонақ үйде тұрып жатырмыз. Бір ай емес, екі ай емес, бақандай бес жыл бойы қонақ үйде тұрудың әрине, қиындығы да бар. Қазақстандық бауырларымыз енді бізге баспана мәселесін шешуге көмектессе екен.

Аятхан Тұрысбекұлы –Алдағы уақытта шешілер мәселелер, әлбетте, аз емес. Ең алдымен, ғазет арқылы айтпағым мынау.Бізді аса жылы қабылдап, үлкен ізет көрсеткен қазақстандық бауырларыма, оның ішінде Кербұлақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Тілеужан Садықұловқа, Талдықорған облысының партия комитетінің хатшысы Аманғазы Шегіровке, ҚазақССР білім беру  министрі Ш.Шаяхметовке, Шетелдердегі қазақтармен мәдени байланыс жасайтын ”Қазақстан” қоғамы президумы төрағасының орынбасары Халиолла Нұрмахановқа және осы қоғамның өкілі Әбен Омаровқа, өзге де жолдастарға үлкен алғыс айтамыз. Алғысымызды қабыл алыңыздар.

***

Ендігі бізге қалғаны –алыста жүрсе де ата мекенін ұмытпаған, Қазақстанға еңбек етуге келген бауырларымыздың алғашқы қадамдарына қайырлы болсын айту ғана.

                                                           Әмірхан Меңдекеев,

                                              “Социалистік Қазақстанның”

                                                                   арнаулы тілшісі.

kerey.kz

жалғасы бар…

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: