|  | 

Әлеумет

Мұнайдың дәурені өтіп, «жаңа заман» келді ме?

Мұнай өндіруші компания жұмысшысы алақанына мұнай құйып тұр. Қызылорда облысы, 22 қаңтар 2016 жыл.

Мұнай өндіруші компания жұмысшысы алақанына мұнай құйып тұр. Қызылорда облысы, 22 қаңтар 2016 жыл.

Мұнайлы елдер шикізат өндіру көлемін азайту жайлы келісе алмай, мұнай бағасы тағы арзандады. Сарапшылар пікірінше, мұнай бағасы құлдырауы Қазақстанда саяси реформалар жүргізуге ұласпайды.

Мұнай экспорттаушы елдер мұнай өндірісін 2016 жылдың қаңтарындағы көрсеткішке дейін азайту жайлы келісе алмай, көпшілік үміті ақталмады. Сәуірдің 17-сі – жексенбі күні ОПЕК, Ресей және тағы бірнеше ел өкілдерінің Катар астанасы Дохадағы отырысы алты сағаттан көпке (жиынның өзі алты сағатқа кешігіп басталды) созылып, бірақ олар әлдебір шешімге келе алмай, тек тағы бір мәрте кездесуге уағдаласып тарқасты. Шынын айтқанда, «халықаралық санкцияларды алып тастағаннан кейін мұнай өндіруді өзімізге қажет көлемге жеткізген жоқпыз» деп кездесуге келмейтінін ашық мәлімдеген Иранның әрекетіне байланысты «келіссөз сәтсіз аяқталуы ғажап емес» деген болжам кездесу басталмай жатып айтылған болатын.

Батыс Сібірдегі мұнай кеніштері. 25 қаңтар 2016 жыл.

Батыс Сібірдегі мұнай кеніштері. 25 қаңтар 2016 жыл.

Кей деректерге қарағанда, Иранның мұндай мәлімдемесі онсыз да дайын келісімге қол қоймай қитығып, дәл кездесу басталар сәтте бірнеше өзгеріс енгізуді талап еткен Сауд Арабиясының бірден шамына тиген. Эр-Рияд «мұнай өндірісін азайту келісімінің шарттары бәріне ортақ болуы тиіс, ал Иран келіспесе, Сауд Арабиясы да өндіру көлемін азайтпайды» деп мәлімдеген.

Экономист Олег Червинский Азаттыққа берген комментариінде мұнай өндіруші елдердің жуық арада әлдебір келісімге келу мүмкіндігі жоқ деп санайды.

- Мұнай өндіруші елдердің жазға жоспарланған келесі кездесуінде мұнай өндірісін азайтуға қатысты тұшымды келісім жасалатынына үлкен күмәнім бар. Біріншіден, Иран факторын ескеру қажет. Екіншіден, мұнай өндіруші тағы бір ірі ел – АҚШ бұл бастамаға қатысты пікірін әлі жариялаған жоқ. Мүмкін, жазда декларативті сипаттағы әлдебір құжатқа қол қойылатын шығар, бірақ мұнай өндіру квотасын орындаудың тиімді механизмі жасала қоюы екіталай, – дейді Олег Червинский.

Қазақстан кездесуге бақылаушы ел ретінде ғана қатысты. Қазақстан энергетика министрлігі дерегінше, сәуірдің 10-ы күнгі есеп бойынша, елде тәулігіне 216 мың тонна мұнай өндірілген, ал экономист Олег Червинскийдің сөзінше, бір тәулікте әлемде 96,5 миллион баррель мұнай өндіріледі, оның 1,7 миллион баррелі – Қазақстанның үлесі. Мұндай жағдайда қазақстандық делегация шешуші дауысқа ие бола алмас еді, сондықтан энергетика министрі Қанат Бозымбаев келіссөз барысы жайлы ресейлік БАҚ-қа комментарий берумен шектеліп, көбінесе медиаперсона болды. Доха кездесуінен кейін Қазақстанның энергетика министрлігі мен өзге шенеуніктері ресми мәлімдемелер жасаған жоқ.

ТАҒЫ ҚҰЛДЫРАУ

Дохадағы сәтсіз келіссөздерден кейін мұнай нарығы күткендей реакция көрсетіп, сәуірдің 18-і күні таңғы саудада Brent маркалы мұнайы алты пайызға арзандады, бірақ кейін 42,67 доллар болып тұрақтады. Экономист Алмас Чукиннің пікірінше, мұндай құбылулар әлі аяқталмайды.

Мұнай компаниясы жұмысшылары. Қызылорда облысы, 21 қаңтар 2016 жыл.

Мұнай компаниясы жұмысшылары. Қызылорда облысы, 21 қаңтар 2016 жыл.

- Әлі бұдан да гөрі күштірек реакция болады, қазір Кувейттегі ереуіл (сәуірдің 17-сі күні Кувейтте жеті мыңға жуық мұнайшы биліктің жеңілдіктерді қысқарту жоспарына қарсы наразылық акциясын бастаған, – ред.) әсер етіп тұр. Бірақ таяу күндері ОПЕК нарыққа ықпалынан айырыла бастағанын жұрттың бәрі ұғады, ал нарықта артық өндіру проблемасы сақталады, – дейді Алмас Чукин Азаттыққа берген комментарийінде.

Экономистің пікірінше, келіссөз қорытындысына қарамастан, мұнайдың бір баррелінің кейінгі айларда 30-40 доллар шегінде тұрақтаған бағасы алдағы екі жылда осы күйінде қалуы мүмкін. Ал бір жағынан, кейінгі келіссөздер сәтті аяқталған күннің өзінде мұнай бұрынғы бағасына орала алмайды.

- Біз енді бір баррель 80 доллардан асатын бағаны ешқашан көрмейміз. Бұл тіпті кімнің қанша мұнай өндіретініне де байланысты емес. Біз өркениет дамуында мұнайдың маңызы төмендеген циклға кірдік. Кезіндегі көмір сияқты мұнай дәуірі де өтіп барады, – дейді Алмас Чукин.

Мұнай бағасына іле-шала теңге де арзандады. Дүйсенбі күні KASE-нің таңғы сессиясында ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы бірден 5,38 пунктке түсіп, бір доллар339,79 теңге болды. Сейсенбі күнгі таңғы саудада теңге позициясын сәл нығайтып, орташа бағам 338,64 теңгеге түсті.

Саясаткер Айдос Сарымның пікірінше, мұндай құбылмалы жағдай халық арасында девальвациялық болжамды тағы күшейтуі мүмкін.

- Бәрін күтуге болады. Девальвацияға түрткі болатын жағдай әлі реттелген жоқ. Сондықтан қазір байқаусыз жасалған кез келген мәлімдеме девальвациялық көңіл-күйді қоздыруы мүмкін, – дейді ол Азаттыққа.

«РЕФОРМА ЖАСАУ МҮМКІН ЕМЕС»

Доха кездесуінің сәтсіз қорытындысынан кейін «Экономикасы мұнай бағасына тәуелді елдер «жаңа жағдайға» қалай бейімделеді?» деген басты сұрақ пайда болды. Ресейде мұнай бағасының арзандауына байланысты бес триллион рубль басып шығару керек деген ұсыныстар айтылып жатыр. Мұндай гипотезаны «Дождь» телеарнасы эфирінде экономист Михаил Крутихин ұсынды.

Ал Қазақстанда Дохада сәтсіз аяқталған кездесуге байланысты ешкім ресми мәлімдеме жасаған жоқ, сондықтан Азаттық сөйлескен сарапшылардың пікірінше, билік қазіргі жағдайды сақтап қалу үшін ғана әлдебір қадамдар жасап, ірі реформалар жайлы ойлануы мүмкін.

Саясаттанушы Айдос Сарым.

Саясаттанушы Айдос Сарым.

- Мына жағдай реформа жүргізуге түрткі болса деп ойлайсың. Бірақ мұның қалай жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Мұнай бағасы сәл құлдырай бастап еді, билік бизнеспен санаса қалды. Ал баға сәл тұрақтала қалып еді, қазақстандық шенеуніктің ештеңеге құлқы болмай қалды. Сондықтан реформалар бәрі шегіне жетіп, төзім әбден таусылғанда барып басталады, – дейді ол.

Экономист Айдар Әлібаевтың пікірінше, мұнай нарығында болып жатқан жағдайды Қазақстанда реформа жүргізу мүмкіндігімен байланыстырудың мәні жоқ, өйткені мүлде өзге деңгейдегі өзгерістер енгізілуі тиіс.

Экономист Айдар Әлібаев.

Экономист Айдар Әлібаев.

- Мұнай бағасы өсе ме, жоқ па – маңызды емес, қазіргі саяси билік тұсында елде реформа жүргізу мүлде мүмкін емес. Мұнай 10-15 долларға дейін арзандаса, азаматтардың алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін ескеріп, өзгерістер жайлы ойлануға билікті өмірдің өзі мәжбүрлейді. Бірақ бұл олардың реформа жүргізуге деген ниетіне бәрібір әсер етпейді,- дейді экономист.

Экономикалық шолушы Денис Кривошеевтың пікірінше, елде реформа жүргізетін ешкім жоқ.

- Қазір толып жатқан экономикалық бағдарламалар жазып жатқан адамдардың әрекеті мүлде іске алғысыз. [Шенеуніктер] проблеманы түсінбейді, олар тек «ішіп-жеуге» болатын ұлттық қор бар екенін ғана біледі, – дейді ол.

«ҚОҒАМ ИЛЛЮЗИЯДАН АРЫЛҒАН»

Сыртқы факторларға қатысты қазіргі жағдай – мұнай бағасының құлдырауы, экономикалық дағдарыс, сайлауды ерте өткізу сияқты саяси оқиғалар Қазақстанның ахуалы осыған ұқсас болған 1990-жылдардың аяғын еске түсіреді. Бірақ Азаттық сарапшылары екі кезең сырттай ұқсас болғанымен, көп айырмашылығы бар – 1999 жылы қоғамның болмысы мүлде бөлек, тіпті аңғалдау болатын деп санайды.

- 1990-жылдардан өзгешелігі – қазір биліктің қолында экономиканы демейтін қомақты қаржы бар. Ол – ұлттық қор мен БЖЗҚ-ның (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры. -Ред.) ақшасы. Мұнай бағасының құлдырау ауыртпалығын сол ақша азайтып тұр. Оның үстіне, 1990-жылдарды либералдық романтизм заманы деп атауға болады. Ол кезде қазақстандықтардың көбі жаңа экономикалық жағдайға батыл бейімделуге тырысты. Ал қазір бірдеңе ашу, бизнес бастау абыройсыз іс болып қалды. Одан да мемлекеттік немесе квазимемлекеттік ақшаны бөлуге қатысы бар құрылымға, ұлттық компанияға немесе бизнесті тексеретін органдарға жұмысқа кірген жақсы, – дейді Олег Червинский.

1999 жылы біз онша биіктен құлаған жоқпыз, еліміз Совет Одағының күйреген экономикасынан енді ғана шыға бастады. Қазір біз жан басына шаққандағы 12 500 доллар ЖІӨ-ден (жалпы ішкі өнім – Ред. ) алты мың доллар деңгейіне дейін құлдырап барамыз.

Оның бұл пікірін Алмас Чукин қостады:

- Қазір жағдай мүлде басқа. Қоғам есеңгіреп отыр. Бұған дейін жеткен биігіңнен төмен құлау жаман. 1999 жылы біз онша биіктен құлаған жоқпыз, еліміз Совет Одағының күйреген экономикасынан енді ғана шыға бастады. Қазір біз жан басына шаққандағы 12 500 доллар ЖІӨ-ден (жалпы ішкі өнім – Ред. ) алты мың доллар деңгейіне дейін құлдырап барамыз. 12 мың доллармен Еуропаның кедей елдері деңгейіне жетіп қалғанбыз, ал алты мыңмен Қырғызстан деңгейінен екі есе ғана жоғары тұрмыз, – дейді ол.

Айдос Сарымның пайымдауынша, қазіргі кезең бен 1990-жылдардың аяғындағы заман арасындағы негізгі айырмашылық – «ол кезде жұрт реформалардан әлдебір үміт күткен, ал қазір биліктің саяси қимылдарына ешкім мән бермейді». Экономист Айдар Әлібаевтың айтуынша, қазір қоғам мемлекет дамуына қатысты «кез келген иллюзиядан арылған».

Азаттық радиосы

Related Articles

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: