АРАНДАТУШЫ АҚПАРАТТАРДАН САҚТЫҚ ҚАЖЕТ
Әлеуметтік желілерде әр жерде өтіп жатқан «Жерімізді қорғаймыз, тілімізді сақтаймыз» жиындарына қатысты «Бұл митингілерді АҚШ, тағы басқа шетелдер қаржыландырып жатыр екен» деген секілді түбірімен жалған, өтірік, арандатушы ақпараттар тарап жатыр. Мұның өтірік екендігі бесіктегі балаға да аян. Сонда қалай, халық өз жерін қорғамауы, тілін сақтамауы керек пе? Ата-баба аманаттаған жерімізді шетелдіктерге беріп қойып қалай үндемей отырамыз?!
Алаңға шығу, өзінің пікірі мен тілегін айту азаматтардың ҚР Конституциясының 24-бабының 3-тармағында қарастырылған құқықтары. 4-баптың 3-тармағында «Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басым болатындығы» тағы айтылған. Оның үстіне қазақтардың өз пікірін білдіруге қажеттілігі Америкаға байланып отырған жоқ.
Осы күнге дейін өткен митингілерге оған қатысушылардың бір тиын қаражаты жұмсалған емес. Әдетте митинг кезінде қаражат мегафон, рация, түрлі түсті шарф, биотуалет, листовка, автобус, ұйқтайтын қап, сусын, тамақ, т.б. алу үшін жұмсалады. Қазақстанда бұған дейін өткен жиындарда мұндай нәрселердің бірде бірі қолданылмағанын жұрт жақсы біледі.
Сондықтан кейбіреулер халық талабынан жалтарудың амалдарын қарастырып, «ауру бастың сақинасын сау басқа көшіргісі» келеді. Мұндай адастырушылыққа сеніп қалмау керек. Бізге керегі халық пен биліктің диалогы. Ең бастысы халықты алдай берудің қажеті жоқ!
Сондай-ақ билік назарына Ата заңымыздың 1-бабының 2-ші тармағында қарастырылған «Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелері демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда» (әрине әділ референдумда!) шешу мүмкіндігі бар екендігін естеріне салғымыз келеді.
Пікір қалдыру