|  | 

Руханият

«Туылған» мен «өлінген» (жалғасы-2)

(жалғасы. Басы өткен санда).

«Қараша». Ағымдағы баспасөзде жиі ұшырасады, бұқара жұрт, еңбекші қауым, жалпы халық мағынасында. Барды бұрмалаудың әдепкі бір көрінісі. Бұл бұзылған сөздің түп төр­кіні – «қарашы». Арғы заманда ханның кеңесші бегі: «Хан қасында қарашы» деген мәтел де бар. Кейінірек, «ақсүйек» емес, «қара халық», «қалың бұқара» мағынасына көшкен: «Ханның жақсы болмағы – Қарашының елдігі, – Қарашы халқы сыйласа, – Алтыннан болар белдігі», – деген Бұқар жырау, Абылай ханға айтқан уағыз тол­ғау­ларының бірінде. Барлық жазба нұс­қа­ларда айта-қатесіз – «қарашы». Ал «қараша» – «қарақоңыр» деген сөз, мәселен, «қараша үй», ақбоз емес, жыртық-жамау да емес, орта жағдай­дағы киіз үй. «Қараша» айы бар, ол мүлде басқа.
Сонымен, «қараша халық» емес, «қарашы халық» болды.
«Қар барысы». Бұл – «снежный барс»-тың тікелей аудармасы. Орыс­тың көлеңкесі жоқ кезде Алатау мен Ерен-Қабырға, бүткіл қырат Азияда ғұмыр кешкен, қазірде мүлде сиреген, мысық тұқымдас, қожбан, жырт­қыш аң – қазақша атауы «ірбіс». Күні кешеге дейін осылай жазылып келді, тіл білместердің соңғы төрт-бес жылда жеткен табысы.
«Қорған». Мүлде масқара болдық. «Есік қорғаны…» «Қазақ даласындағы ежелгі сақ қорғандары…» Қайдағы қорған, қандай қабырғалы қамал? Орысшаға көшірсек, «крепость», немесе «крепостные сооружения» – бекіністі құрылым екен. Біздегі қаптап кеткен «қорған» – сол орыстың түрки­ден еніп, мүлде басқа мағынаға ие болған «курган» сөзінің нақпа-нақ көшірмесі. Бірақ айттық, қазақша «қорған» сөзінің жалғыз-ақ мағынасы бар – қамалды, қабырғалы берік шеп. Ал Есіктегі – Алтын адам табылған, Алтайдағы Құдырғы, Пазырық және басқа да тараптағы біразы зерттелген, көпшілігі сол қалпында тұрған, қазыналы немесе әлі де ашылмаған, жұмбақ кейіпті, қадым замандарда елбасы, рубасы, батыр, бағлан кө­семдер жерленіп, қабір үстіне қолдан үйілген үлкенді-кішілі, қисапсыз, жасанды төбешіктердің қазақтағы бағзы, күні бүгінде әдеби қолданыс­тағы атауы – «қорым!» Кейде «мықтың үйі» деп те аталады. Бала кезімізде үлкен әкелеріміз: «Қазақтан бұрын бұл өлкеде мық деген халық болыпты, солардан қалған белгі» деп ұғындыратын. Аңыз, ауызекі айтылым бойынша «мықтың үйі» деңіз, оған арнайы түсінік қажат деп санасаңыз – жалпыға ортақ, әдеби «қорым» бар – тек қана «қорған» емес! Біздің                 қа­зақша түртпейтін шалағай та­­­­рих­­­шы­­ларымыздың орысша жа­зылған еңбектері арқылы таралған «курган» қазақшаға «қорған» қалы­бында қотарылып, тарихи таныммен қатар, таза тілімізді де бүлдіріп жатыр. «Есік қорғаны…» емес, осы шаршыда және басқа да төбешік, төм­пешіктердің орнында ешқашан еш­қандай «қорған» болмаған, әуел бастан-ақ тасты, топырақты үймек – «қорым!» «Есік қорымы», «сақ қо­рымдары» – міне, дәп осылай. (Көне қыпшақ және қазіргі кейбір түрік тілдерінде «оба». Мәселен, Қырым­дағы, әлемге әйгілі мәдени, тарихи қазыналар шыққан «Күл-Оба» және соған қарайлас «Қара-Оба», «Алтын-Оба» һәм басқа да «обалар». «Оба» жалғанымы Қа­зақстан шегіндегі кейбір қорымдар атауында сақталған, айталық, Батыс өлке, Бөрілідегі «Қы­рық-Оба». Алайда, жекелей алғанда, қазіргі қазақтағы «оба» сөзінің мағ­насы мүлде басқаша: бұл – әдетте тоқал төбешік, шоқы биіктер басында атаулы белгі, немесе қарауыл көлегей ретінде тастан қалап, ор­нықты тұр­ғызылған, асса кісі бойы, немесе одан да аласа, ұзыншақ , көрнекі нысан.)
«Қызметші». Мұндай сөз қазақта ежелден бар. Бұрнада үй шаруашы­лығында жүретін әйел, қора тазартып, қар күреп, қи оятын еркек, яғни, құл мен малайдан бір саты ғана жоғары, басы бостан, әйтсе де тіршілік қамындағы кіріптар жан. Бүгінгі қазақ жетік білетін орыс тіліне көшірсек – «слуга», «прислуга». Ке­йін­де советтік, әкімшілік кеңселе­рінде, мектеп және басқа да жайларда от жағатын, үй сыпыратын, еден жуатын қызметшілер пайда болды – «уборщица», бүгінде кез келген байшыкештің мекен-тұрағын, бақша-бауын қарайтын, күнделікті тұрмыс қажетін атқаратын бірнеше, тіпті, ондаған қызметшісі бар. Кемсіту емес, әркім жағдайына қарай жұмыс жасайды, адал еңбектің бәрі орынды, алайда, қандай да бір нәрсенің төл атауын бұрмалауға болмайды: «қыз­мет­ші» дегеніңіз – «слуга». Ал бізде бәрі «слуга» болып кетті, «мемлекеттік қыз­метші», «әскери қызметші», тағы бірдеңе «қызметшілер». Күні кеше ғана, осындай, қол жұмысы, әдепкі жиым-теріммен айналыспайтын, бірақ белгілі міндеті бар кісілер – «қыз­меткер» деп аталатын еді: «мем­лекеттік қызметкер», «әскери қыз­мет­кер», «кеңсе қызметкері», «ғы­лыми қызметкер…» Әрине, барлығы да «данагөй елбасы» мен «егемен елдің» қызметінде, бірақ «қызметші» емес, «қызметкер». Жаман болар, жақсы болар, әр нәрсенің артық емес, кем емес, өзіне ғана тән анықтамасы бар дедік. «Қызметші» бір бөлек, «қызметкер» бір бөлек. Әрқайсы өз орнында тұрғаны жөн.
«Небәрі». Біз ес білгеннен бастап, бұқаралық баспасөзде теріс қолда­нылып келе жатқан сөз. «Колхоз (совхоз) өзінің шөп шабу (жер жырту, егін жинау, т.т.) жоспарын небәрі жүз жиырма (жүз қырық) процент орындады…» Оқушы кезімде таңғалатын едім. Сонда жүз жиырма (жүз қырық) процент, бүгінгіше жүз жиырма, жүз қырық пайыз жетімсіз болғаны ма? Одан бері алпыс, жетпіс жыл өтті, колхоз тарады, совхоз күйреді, «небәрі» әлі күшінде тұр. Жиынтығы деген мағынада. Шындығында, керісінше. «Небәрі» – «қанағатсыз» ұғымын бермек, бар болғаны осындай-ақ деген сөз. Көпе-көрнеу жаңсақ қолданыс, бірақ әлі күнге түзелмепті.
«Өзіне қол жұмсау», «өзіне қол салу». Бүгінгі қазақ баспасөзінде «суицид», яғни өзін-өзі өлтіру мағы­насында жаппай қолданылады. Бұр­нағы жұртымызда болмаған сұмдық. Кемел жастағы әйел мен еркектің, әсіресе, кәмелетке толмаған, жаңа толған өспірімдердің ерікті түрде өмір­ден кетуі – шетін оқиға емес, әдепкі жағдайға айналыпты. Бұл ретте біздің егемен республикамыз әлем­дегі, бар жағынан дамыған, ен­дігі «қатарына қосылып қойыппыз» дейтін елу мемлекет тұрыпты, арман болған таңдама отыз елдің де алдына түсіп, тіпті, ондық, бестік қана емес, алғашқы үш орынның біріне шыққан сияқты. Себеп, салдары қандай болса да, бәрін түгел жасырып қалу мүмкін емес, сыздықтап баспасөзге өтіп кетеді. Орысшасы анық: «самоубийство», немесе ха­лықаралық «суицид». Қазақ тілінің тазалығы үшін күрескер «тіл жанашырлары» бүткіл техникалық, ғылы­ми, саяси және әлеуметтік термин­дердің бәрін «қазақшалап», елу жылда арылмас былық ботқа жасады, сондықтан ешбір жат сөзге орын жоқ, орысшадан тікелей аударамыз. «Самоубийство» – «өзін-өзі өлтіру» болады екен, тым дөкір, біздің бүгінгі шат-шадыман өмірімізге үйлеспейді, сондықтан сыпайырақ анықтама ізделеді. Ақыры таптық – бұл төтенше пәлекет крепостник-құлдық заманынан бері үйреншікті қалыпқа түскен орыс жұртының байырғы тілінде «наложить на себя руки» деп аталады екен, қазақшаға нақпа-нақ аудара саламыз: «өзіне қол жұмсау», «өзіне-өзі қол салу» болып шығады. Мән-мағынасы түсінікті сияқты. Тиесілі деректерге тіркелген себепті түсінікті, бірақ қазақ тілінің оралымына мүлде қайшы, теріс құрылым. «Қол жұмсау» – қашанда ұрып-соғу мағынасын берген. Мәселен, әлдебір мас, немесе нойыс еркек «әйеліне қол жұмсайды». Алдағы өмірден ешқандай сәуле көрмеген әлдебір бейбақ бала немесе азапты тіршіліктен түңілген әйел мен еркек «өзіне-өзі қол жұмсаса», көлденең көмексіз, өзін-өзі сабаған болып шығады. «Қол салудың» хик­меті бұдан да сорақы. Кәдімгі қазақ тілінде «қол салу» – әйел затына көңіл білдіру, жай ғана айналдыру емес, қойынға шақыру, жыныстық қатынас­қа талап деген ұғым береді, айқын орысша нақтыласақ – «сексуальное домогательство», еуропа тілдерінен аудармасы. Ал қазақша «өзіне қол салды», – «өзін-өзі қоздырды» болып шықпақ. Енді қайттік? «Аллаңнан ойбайым тыныш» дегендей, манағы тәркі болған «өзін-өзі өлтіру» қабыл­дануға тиіс. Немесе жат жұрттың салқыны, жат жұрт әкелген замана ыңғайы, тіршілік салтымызда болма­ған жат ұғым сол озық халықтар лұғаты бойынша, «суицид» аталсын. Өмірде күнделікті болып жатқан жағдай және жыл өткен са­йын бес, он пайыздан көтеріліп ке­леді, тілімізге тезінен сіңісіп кетпек. Қайткенде де, дәп қазіргі «жалпы жұрт байлыққа бөккен, бар жағынан бірдей жетілген» кезімізде бұл сұмдықтың өзінен де, сөзінен де құтылу тым қиын болып тұр.
«Майор». ХІХ ғасырдағы отарлық заманға, әдебиет тарихына қатысты зерттеу еңбектерде қолданылып жатыр. Көп білгеннің бір пайдасы. Дулат ақынның толғауларында: «Майырдың алса бұйрығын, – Борбайға қысып құйрығын, – Ел пысығы жортады», – деген сөздер бар еді. «Абай жолы» романында да әлденеше жерде (кейінгі басылымдарда түзетіліп кетпесе) «майыр» аталатын. Бүгінгі бі­лермендер бұл сөздің түп-төркінін нақты тауыпты – «майор» екен, осыған дейін түсінбестікпен жаңсақ жазылып келген. Дулат – оқымаған кісі, ал Әуезов… даналардың да қателесетіні бар. Бұл «майыр» – қазақ арасында қалыптасқан тарихи атау екенін байыптауға өркеуде сенім мен кенен білік бөгесін жасаған. «Майор!» Ал «майыр» – патша өкіметі орнатқан дуан әкімшілігінде аға сұлтаннан кейінгі, шын мәнісінде барлық жағ­дайды бақылап, тексеріп, тежеп, ба­ғыттап отыратын, орыс текті шенеу­ніктің әскери атағы емес, мәртебесі. Әуелде әлдебір майор болуы мүмкін. Одан кейін майор ғана емес, штабс-капитан, бәлкім, подполковник, тіпті, хорунжий. Қарқара­лыдағы, Семей, Көкшетаудағы орыс әкімі атаулының шен дәрежесі әрқилы болуы мүмкін, бірақ қазақ үшін бәрі де «майыр». Осылай, түзетусіз жазылуға тиіс.
«…Оқулары». «Абай оқулары», «Әуезов оқулары» т.б. Осы жақында «Таңжарық оқулары» деген тақы­рыпқа көзім түсті. Абай да, Әуезов те өздері оқып жатқан жоқ, осы кісілер турасындағы үлгілі сабақ, талдау, талқалау, таным ғой. Күні кеше ғана «дәрістері» деген анықтама қосы­латын еді: «Абай дәрістері», «Әуезов дәрістері». Аяқ астынан жаңа бір қисын шығармай, осы, тілімізде бір­шама орнығып барып кейін ысырыл­ған, мағынасы дәлме-дәл, әрі айқын «дәрістерге» қайтып оралуымыз қажет.
«Ортанқол». Әдеби сында «ортанқол шығарма», әдепкі, әрқилы мақалаларда «ортанқол дүние» дейтін баға айтылып жатады. Керемет шығарма, керемет дүние емес, орташа, жұпыны деген мағынада. Ортан қол ұғымы – батыс жұрттарына керісінше, біздің халықта «озық» деген сөз. Қолдың ортаңғы, ұзын саусағына теңеуден шыққан. «Ортан қолдай азамат» дейді біреуді мадақтағанда. Сондай-ақ, «ортан қолдай, көрнекті роман». Бұл жерде бар кілтипан «ортан қол» мен шынында да орташа «ортақол» шатысып, орындары ауысып кеткен. Кез келген жөндем сөздің бір қарібін өзгертіңіз, не болып шығар екен. Білместік қана емес, әуелгі бір салақтық нәтижесі. Бізде қанша айтсаң да қате түзел­мейді, тіркесе созылып, мәңгілікке дейін жалғасып кете бермек. Осы айтылып отырған «орташа ортан қол» ғана емес, қатарлас басқа лепесіміз­ден соң да әлдене оңалып, жөнделеді деп ойламаймын, әйтеуір бізден сөз қалмасын деген далбаса. Бірақ бастап қойған соң, межелі жерімізге жетейік.
«Сусамыр». Сырқат атауы ретінде қолданылып жүргеніне көп болды. Тіпті, арнайы сөздіктерге еніп кеткен. Орысша «сахарный диабет» – «қант диабеті». Біздің жаңаға құмар «тіл жанашырлары» қайткенде де, тіпті, орыс та емес, арғы шет тілдік «диабет» сөзінен құтылу үшін, осындай жаңа термин ойлап тапқан. Сөйтіп, қазақтың «сусамыр» дейтін тамаша бір сөзі кәкәй болып шықты. «Суса­мыр» – қырат, таулы аймақтарда өсетін, әдетте түйе жейтін, дәрілік емі бар, хош иіс, өзгеше шөп болса керек. Алатаудың қақ ортасын ойып алып жатқан атақты Сусамыр жайлауы бар. Көлденеңі кейбір тұста 30-40 шақырымға жетіп, ұзына бойы 150 шақырымға дейін созылады. Бүгінде бастан-аяқ қырғыз иелігінде. Теңіз деңгейінен екі-үш мың метр биікте, біздің Шалкөде мен Қарқара сияқты, өзгеше құнарлы қоныс. Бұдан жүз жетпіс жыл бұрын және одан да арыда түгелімен болмаса да, басым бөлігін қазақ жайлаған. Сөз жоқ, сол ескі заманда шыққан, «Сусамыр – елдің жайлауы» дейтін, әуезді, әдемі ән де бар. Кенесары ханның сатқындық нәтижесіндегі қапыл қазасынан соң, осы айныма қазақтар кері сүріліп, қырғызға біржола өтіпті. Совет заманындағы жұртымыз бұрнағы сағыныш есесіне, төменгі бір пұшпағын жалға алып, жаз айларында еркін көсілген. «Қант диабетінің» жайлауы емес, туырылған басқа көгімен қоса, әйгілі шөбі де мол болғандықтан, «Сусамыр» атанған. Қазақстан астанасында «Сусамыр көшесі» бар екен. Қант диабетиктері бас құраған көше емес, тәрізі, атақты жайлау есімінде және ағайындас қырғызға құрмет белгісі болса керек.
Сонымен, әдемі «Сусамыр» сөзін қатерлі сырқат атауына көшіру – «ұлтшылдық» танымның кезекті бір сорақы көрінісі болды. Ал шынды­ғында, бұл дерттің қазақша атауы бар еді – «сусақ». Негізгі бір белгісі – тынымсыз шөліркеу, суды мөлшерсіз көп ішу десек, «сусақ» – «суға құмар» деген сөз, малға бейім, малды жақсы көретін баланың «малсақ» атанатын жорасымен. Бұл сөзді мақұл көрме­сеңіз – «қант диабеті». Медицина термині. Қайткенде де «сусамыр» емес.
«Толағай табыс». Қате ұғынылып, журналистер тарабынан жаппай қолданысқа түскен сөздердің бірі. «Телегей», немесе «толайым» сөзде­рінің әсерімен қабылданған сияқты. Шын мәнісінде «толағай» – «жала­ңаш», «тықыр» деген соз. Топоним орайында – панасыз оқшау, бұта, дарақсыз жадағай тау – мен білгенде Арқада және Шығыста осындай аттас екі шоқы бар. Махамбеттегі «толағай» – қазір айтылып жүргендей, «қу бас» емес: «Темір қазық жастанбай, – Қу толағай бастанбай…» – мұнда «қу толағайдың» «жастануға» қатысы жоқ, «шашың түскенше», «басың ағар­ғанша» деген мағына бермек. Қайткенде де «толағай» – молшылық, дарқандық белгісі емес. Яғни, «тола­ғай табыс» – ешқандай дерексіз, тіпті, теріс мағынадағы сөз.
«Түркі». Қазақ баспасөзі мен кітаптарда соңғы жиырма-отыз жылда «түркілер», «түркі халықтары», «Түркі қағанаты» дейтін атаулы сөздер кеңінен қолданылып жүр. Қазақ тілінің ішкі үйлесімі бойынша, «түркі» дейтін сөздің ешбір оғашы жоқ, бірақ бұл – зат есім емес, сын есім – «қазақы» деген тәрізді; адами, кәсіби, ғылыми – бәрі бір орайда. Сондықтан «түркі» – мүлде басқаша ұғым бермек. (Осыған қарайлас «түрки» бар – яғни «түрік тілі».) Тарихи тұрғыда негізі жоқ, теріс қана емес, қисынсыз: «қазақ» этнонимін «қа­зықа», немесе «қызақ» деп түрлен­дірген сияқты. «Түркі» дейтін халық та, «Түркі қағанаты» дейтін мемлекет те болмаған, сондай-ақ, бүгінгі, түп негізі бірлес, тілдері үйлес, ағайын жұрттардың ортақ атауы да «түркі» емес. Бұл жер астынан жік шыққан барлық «түркінің» ақиқат түбірі – «түрік». Орта ғасырлар тарихында жарым әлемге қанат жайған, құдірет-күші кенеусіз «Ұлы Түрік қағанаты» болды, мемлекетке ұйытқы, негізгі халық – «түрік» атанды. «Мен – Тәңірі текті, Тәңірі сыпатты түрік Білге-қаған… Түрік жұртым үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым…» Бұл халық тарихтың келесі кезеңінде бүкіл Еуразия құрылығына таралды. Ұрпақтары уақыт оза келе әрқилы аталғанымен, бәрі де түрік жұрағаты болып қала берді. «Түрік халықтары» дейтін ортақ атау – Еуропа ғылымын­да, бар тарихта біржола қалыптасты (орысша – әуелде «татарские народы и племена», кейінірек Батыс әсе­рі­мен «турецкие народы»). Ежелгі тарихты кәміл таныған қазақ зиялылары да XX ғасырдың басында осы «түрік» этнонимін жаңадан жаң­ғыр­тып, жалпыға ортақ «түрік халық­тары» атауын қатарға қосады. Қайта­дан ту көтерген Алаш мемлекетінің гимні: «Арғы атам – ер түрік, – Біз қазақ еліміз!» – деп жариялаған. Бұдан соң: «Ежелден ер түрік, – Оқ тескен етіміз, – Қасқарып, қайтпаған, – Еш жаудан бетіміз!..» – деп шалқиды. Алаш ардагері Әлихан Бөкейхан қашанда: «Біздің түрік текті қазақ халқы…» – деп жазады. Аз-мұз кейінірек Мұста­фа Шоқай бауырлас, туыстас бүткіл «түрік халқына» жар салады, оның ішінде жігерлі, жаңашыл «түрік жастарына» ұран тастайды. Осы екі аралықтағы Сұлтанмахмұт, туған жұрты, оның өткендегі тарихы мен өз тұсындағы ахуалын салғастыра келе: «Бұлардың түрік еді арғы заты, – Әлемді тітіреткен салтанаты, – Бүгінде азып, тозып, күлкі болған, – Бұлар да сол түріктің жұрағаты!» – деп күйінген – жүз жыл өтсе де, әуелгі күшінде тұрған лепес. Қайткенде де – түрік, түрік және түрік халықтары! Тек біз ғана емес. Ресей шегінде отарлық күн кешкен бұлғар (қазан татарлары) мен башқұрт, және Қырым түбегін, Қапқаздың қырқасы мен қаптал етегін қоныстанған ағайындар, тіпті шыбаш пен сақа-якутке дейін түгелдей ежелгі «түрік» негізіне ден қойыпты. Ал Бірінші Жихан соғысынан соң Ежелгі Осман империясының түпкі қонысында қайта құрылған мемлекет – Ата-Түріктің басшылық, нұсқауымен «Түркие», «Турк жумхурияты», яғни Түрік республикасы деп ресми түрде атала бастаған. Енді Ресей империясы шегінде комму­нистік қызыл орыс өкімі біржола орныққан кезде, дағдылы «түрік» этнонимі екі тармаққа ажыратылады: Анадолы түрігі – «турок», «турки», ал қалған барлық түрік қауымының атауы – «тюрки», «тюркские народы» болып өзгертілді. Бұл жіктелу – 1926 жылы Бакуде өткерілген, тілге, мәде­ниетке қатысты көптеген мәселелер оңымен шешіліп, латын жазуына жаппай көшу туралы қарар қабылданған айтулы оқиға – «Бүкілодақтық Бірінші түркология құрылтайында» («Первый Всесоюз­ный Тюркологический съезд») ресми түрде қабылданған болатын. Әлбетте, жоғарғы өкімет нұсқауы әрі дәп осы кезде айырым елеусіз көрінген, өйткені, осы «тюрк» халықтарының барлығының өз тілде­рінде аталу да, жазылу да бірегей – «турк», «түрік» болып қала бермек. Және дәп солай жалғасты. Біздің қа­зақ ғылымында да, шамамен 1970 жылдарға дейін «түрік халық­тары» деп жазылып келді, ал өткен тарих­тағы ұлы мемлекет ешбір бұр­ма­сыз, «Түрік қағанаты» аталды. Алайда советтік орыс саясатында «Пантүр­кизм» дейтін үрейлі ұғым бар, бірте-бірте қазақтағы «түрік халық­тары» түп негізінен аулақтап, «түркі халықта­рына» айнала бастады. Ақы­ры, міне, әлі де бұғаулы бастың саясаттан тысқары ерікті ауыз заманында, манағы жасанды «тюрк» жобасымен, ежелгі «түрік» этнонимі мүлде қатардан шығарылған екен: «түрік» – ол Түркия халқына ғана тиесілі, ал қалған жұрт, оның ішінде қазақ та «түркі» болғаны мақұл. Осы ораймен жалбағай жазармандар Ежелгі Ұлы Түрік қағанатының бар тарихта тұрған, әлі де теріске бұзылмаған өзіндік атауына дейін өзгертіп салды: «Түркі қағанаты». Даналықтың ерекше үлгісі. Шындығында, бұрнағы, қағанат аталған мемлекет бүгінгі Түрік республикасынан шалғай, алыс бір қиырда жатыр ғой. «Түрік» деп танылуы қисынсыз, «Түркі» деп, нақты айғақтаған жөн. Өстіп, бұл «Түркі қағанаты» ағымдағы баспасөз беті­нен озып, бірте-бірте қазіргі тарихшы­ларымыздың «ғылыми» еңбектеріне көше бастапты. Есебі, осындай қисық пен қыңыр бар тарапта қатарға қосылды, ежелгі тарихи атауды ығыс­тырып шығарды деген сөз. Енді қараңыз. Жоғарыда айтқанымыздай; «Қазықа хандығы», «Қызақ Ордасы» деген жаңаша атауға тоқтау мүмкін бе. Мүмкін екен. Түрік қағанатын «Түркі қағанаты» деп отырмыз ғой. Айырымы қанша. Жоқ, мұндай бұрал­қы атаулар осы қалпында қалуға тиіс емес. Ерте ме, кеш пе, түзетілуі шарт.
Өткен мың жарым жылдық тарихта – «түрік», «Түрік қағанаты», кейінгі бес ғасырда аралары ажырап, әрқайсысы өз дербестігін тапқан қауым жұрттың ортақ атауы – «түрік халық­тары». Егер Осман империя­сындағы жұртшылық өздерінің арғы бабала­рының есімін сақтап қалса (шын мәні­сінде алғашқы президент Мұстафа Кемал қалпына келтірсе), бұл – тек қана сүйінішті жағдай, ұлттық сана­ның биік көрінісі, ал «түрік халықтары» дейтін анықтама – сені Түркиямен қосақтап, Ресей сияқты басыбайлы құлға айналдырып жібер­мейді. Азып-тозудың ең сұмдық белгісі – ата-анаңнан безу десек, түп тамырын теріске шығарған, туған халқының ежелгі атауынан жеріп, арғы тарих­тағы ұлы империясының есіміне дейін өзгерткен ғаламатты қалай бағалауға болады? Тексіздік, ұлтсыздық деп қазбаламай, ең жеңіл, бергі себебін айтайық – қара таны­маған сауат­сыздық аталады.
Мұхтар МАҒАУИН
Көкек, 2016,
Америка Құрама Штаттарынан. 
«Туылған» мен «өлінген» (3-бөлім)

«Ұлыс». Бүгінгі қазақ баспасөзі мен саяси өмірдегі ең бір бұзылған, бұрмаланған, кері мағына, басқаша ұғымға көшірілген сөздердің бірі. «Ұлыс» – нешеме ғасырлық ғұмыры бар тарихи атау, Көне Түрік заманынан кешегі күнге жалғасқан, бүгін де әуелгі мағынасын жоймаған, «мемлекет», «хандық», ауызекі тіл, әдепкі жағдайда – «бүткіл халық» деген сөз. Шыңғыс хан империясы «Еке Моғұл Ұлысы», яғни Ұлы Моғұл мемлекеті деп аталды. Қадымнан бері, наурыз күнгі ең басты тілек – «Ұлыс оң болсын!» яғни ел-жұртымыз аман болсын, мерейлі болсын! Адам мен та­биғат, жер әлемнің жаңару, жаңғыруы есепті көктем мерекесінің байырғы қазақтағы өзіндік атауы – «Ұлыстың ұлы күні», яғни мемлекеттік, бүкіл­халықтық мереке. Енді келіп… «ұлттар мен ұлыстар…» Неткен «ұлыс» десек, Қазақстан Республи­касында тұратын басқа да халық­тардың диаспоралары екен. «Диас­пора» деп, өз атауымен айтып қалсақ, «біздің егемен елімізде бірлігі жарасып, тату-тәтті, шат-шадыман тіршілік кешіп жатқан» басқа ұлт өкілдерін кемсіту болып көрінбек. Сондықтан, тарихи танымы кемшін, білім-сауаты төмен әлдебір жоғары дәрежелі шенеунік, немесе сол шенеунікке ақыл қосқан тарихшы, әлде тіл маманы, өзіне беймәлім ғана емес, мүлде түсініксіз, әйткенмен ауыз толтырып айтарлық «ұлыс» деген сөзді ұсынған. Сонымен, Қазақстанда тұратын, әуелде жүз отыз, кейінде жүз қырық, қазірде, бәлкім, жүз елу, жүз жетпіс «ұлт пен ұлыс» болдық та шықтық. «Ұлтымыз», тәрізі, жалғыз қазақ емес, саны біршама толымды, ай­рықша құрметті тағы бірнеше халық: орыс, украин, беларусь, өзбек, татар, түрік, ұйғыр, ал «ұлысымыз» – бұлар да ерекше сыйлы, әйткенмен жиын саны бір, екі-үш, бес-алты, он шақты кісілік: эскимос, чукча, юкагир, нганасан, нивх, нанай, одан озса жетпіс-сексенге жеткен, тіпті, екі-үш жүз, бес-алты жүз кісіден құралатын тағы қаншама – санамалап келгенде жүзден астам халық өкілдері. Сонда екі чукча мен үш нивх та «ұлыс» болып шығады екен. Әрине, республиканың тең құқықты азаматы, бірақ «ұлыс» түгілі, атаулы, дербес қауым емес, шыққан тегі сондай да сондай, жекелеген кісілер. Керек десеңіз, екі миллионнан астам орыс пен екі жүз мың ұйғыр да «ұлыс» бола алмайды. «Ұлыс», бүгінгі Қазақ Ұлысы – Қазақстан шегіндегі он жеті миллион – барлық жұрттың жиынтық атауы болуға тиіс. Ал жаңағы, екі кісілік, елу кісілік, асса бірер, бес-он мыңдық шағын топтарға телінген «ұлыс» мәртебесі, сөз жоқ, біздің данагөй өкіметіміздің тікелей ұсынысы болмаса да, бармақ басқан мақұлынан соң ғана ресми түрде қабылданды. Егер осы, қазаққа жат, қалған жұрттың бәріне басыбайлы, интернационал өкіметіміз «диаспора» атауынан шошынса, «ұлттар мен халықтар» деп айтуы керек еді. Өйткені бес-он кісінің өзі белгілі бір халық өкілі. Сөйтіп, кемі мың-мың жарым жылдық тарихы бар, қастерлі «Ұлыс» сөзін ел-жұртымыз­бен бірге құрдымға жө­нелтпек екен­біз. Мұны аз десеңіз, осы жақында, ағымдағы баспасөз бетінде әлдебір білімпаз «облыс» сөзінің орнына «ұлыс» сөзін қолдану керек деген ұсы­­ныс жасапты. Өтіп кетсе таңы жоқ. Бүгінгі үш кісі, бес кісілік дәреже­ден көтеріліп, тұтас бір аймақтың атауына жетеміз.

Қалай тартсаңыз да, ежелгі «Ұлыс» сөзінің байырғы және әдеби қалыбы ешқашан өзгермейді, бұл тараптағы далбағай шешімдер – совет заманында тыйым салынған «алаш» атауы сияқты, қайта тірілмек. Біздікі – бүгінгі сорақы жағдайдың бет пердесін ашып көрсету талабы ғана.
«Халиф». Араб халифатының әскери, саяси-әкімшілік басшысы, «патша», «хан», «қаған», «король» есе­біндегі, кейінде әкімшілік қана емес, жүмлә мұсылман әлеміндегі (бүгінгі Рим папасы сияқты) діни-рухани көсем атауын қазір осылай жазатын болдық: «халиф». Тағы да көп білгеннің кеселі, біз ықпалынан шыға алмай отырған орыс әсері. Арабтың өзіндегі атау тұлғасы – «халифа». Осыған орай, арғы-бергі қазақ әдебиетінде, ХІХ ғасырда айрықша дамыған, роман кейіпті, қисса, хи­каят аталатын өзгеше үлгілі эпостық жырларда – «халифа». «Сол Масғұт халифаға уәзір бопты», – деп жазған Абай. Өлең-жырлар мен шығыстық ертегілер «халифа Харон-Рәшид» заманы туралы толғайды. Өзіміз де талай рет «халифа» деп жаздық. Біздің алдымызда және тұсымызда түгелдей «халифа». Есебі, халық тіліне де, әдеби нұсқаларға да енген, әбден қалыптасқан атау. Енді екі жүз жылдан соң, «егемендік» кезінде орыс әсерімен «халиф» деп жазсақ, бұл – жай ғана жаңсақ емес, ұлттық әде­биет үлгілерінен тақыр-таза бейха­бар­лық, қазақша жаза отырып, қазақ тілін білмеген дүмшелік деп қана бағалануға тиіс.
«Ханым». «Халиф»тен өткен со­рақы жағдай. «Ханым» – бұрнағы хандық заманда өз тұлғасындағы, кейінгі әдеби қолданыста және де мағынасы өзгермеген саяси-этногра­фиялық атау – «ханның әйелі», «патшайым» деген сөз. Ал қазір кез келген әйел заты «ханым» аталатын болды. Бәлкім, қай-қайсы да бұрынғы «ханымға» теңдес, тіпті, артықша болар, бірақ неше қайыра айтқанымыз­дай, әр нәрсенің өзіне ғана тән атауы бар, мәселен, теректі – емен, жылқы­ны – түйе деп танымайтынымыз сияқ­ты. «Ханым» – әуелгі де, қазіргі де нақты мағынасы – «ханның қаты­ны», бүгінгі майысқақ тілге көшірсек, «ханның жұбайы» деген сөз. Онда қазақ жерін қаптап кеткен әлденеше миллион «ханым» қайдан шықты – ешқандай жұмбағы жоқ: орыста – «дамы и господа», ағылшында «леди… джентльмен». Осыған сәйкес, ер кісілеріміз ешқандай талассыз – «мырза» болып шықты, ал әйел заты… «әйелдер» десек, сөкет көрінеді, «қатындар» десек – сұмдық, бұдан гөрі көтеріңкі сөз қаперге келмеген, ақыры аспандап, «ханымға» жеттік. Шынында, байырғы қазақ тілінде балама сөз бар еді – «айым» деген. Бізге қарағанда зердесі тұнық қырғыз бірден тапты «мырзалар мен айымдар!» Сонымен, ерте ме, кеш пе, «мырзалардан» соң «айымдар» тұруға тиіс. Немесе, қазіргі әйелді алдыға шығаратын мәдениетіміз бойынша, «айымдар мен мырзалар». Бұл           «айым» біздің бүгінгі тілімізге де жат емес – «төрағамен» сыңарлас «төр­айым» бар ғой. Енді, реті келіп қалған соң айта кетейік, совет заманында тіліміз­ден аласталған «қатын» – «тәрбиелі» кісі шошынардай тұрпайы сөз емес, әйел затына құрметтің айрықша көрінісі. Әуел баста, Ежелгі Түрік, одан соңғы Қыпшақ пен Хорезм, Шыңғыс хан ұлысы, тіпті, кейінгі Осман империясының өзінде «қатын» – «императрица» деген сөз. Ұлы қаған Шыңғыстың қаншама құмасы, яғни некесіз әйелі болса, тұрақты төсектес, таңдама бесеуі ғана «қа­тын» атанған. Сұлтан гәрем­дерінде әлденеше жүз құма мен қызметші кәнизак бар, ал некелі «қа­тын» («қадын») саны төртеуден аспа­ған. Кейінде, империялар ыдырап, хан мен қара теңеспесе де, заман өз­герген кезде әрбір қарашы (айттық, «қараша» емес) еркек өзінің нақсүйе­рін «сен хан қосағынан кем емессің» деп еркелетіп, «қатын» атай бастаған, ақыры, нақты күйеуі бар, тұрмыстан өткен ұрғашы атаулы түгел «қатын» болып шықты. Советтік жыныс теңдігі кезеңінде адамзаттың екінші жарымын өз ныспысы бойынша, «қатын» атау кемшілік саналып, ілкіде азды-көпті қолданысқа ене бастаған ғараби «әйел» сөзі қалыпқа түсті. Шын мәнісінде жоғары емес, кемшін атау. Алайда, әдебиет пен баспасөзде, ауызекі тілде түбегейлі орнығып кеткен сөздің әуелгі мағынасына сілтеме жасап жату – орынсыз, кез келген тіл қандайма сөзді өзіне сіңірген жағдай­да, бастапқы мәнісі айна-қатесіз сақтала бермейді, мәселе – осы тіл­дегі түпкілікті қалыптасқан ұғымында қабылдауымыз керек. Қазақ тіліндегі «әйел» де өте әсем, терең мағыналы сөз. Қолданыстан шеттеу орынсыз және мүмкін де емес. Тек баяғы құр­метті «қатынды» мүлде ұмытып кетпесек болғаны. «Әйелдің» күң емесі сияқты, бұл «қатын» да патшайым емес. Екеуі өзара синоним ретінде, қатарлас жүре беруге тиіс. Ал бүгінгі қаптаған «ханым» – өздеріне лайықты «айым» мәртебесіне көшкені жөн.
«Шариат». Егемен болғалы, жаңа­дан ештеңе таппағанымыз тұрыпты, барымыздан айырылып жатырмыз. «Шариат» – әлде орыстан ауысты, әлде кәдімгі дүмшелік көрінісі. Қа­зақта барлық заман, барша әдебиетте – «шариғат». Жүз сан мысал келтіруге болады. Ғарабы нұсқада «и» мен «а» аралығында көмейлік «айн» дыбысы бар, қазақ қашанда ұяң дауыссыз «ғ» арқылы берген – «шариғат». Сондай-ақ, «ғалым», «ғұлама», тағы басқа да үйлес дыбысты сөздер.
Тізбелей берсе, тіл мәдениетіне қатысты реніш пен кейістің шегі жоқ. Осы орайдағы көрнекі мысал – бүгінгі әдебиет пен журналистика тілінде қалыптасқан, тіпті, ілкідегі әжептәуір жазушылардың өзінде ұшырасатын өрескел бір қателікке назар ауда­райық. Табиғи қазақ тілінде көптік сан есімнен соңғы анықтауыш сөзге көптік жалғау тіркелмейді. Мәселен, «өз елінде тұратын он бір миллион қазақтар» емес, «он бір миллион қазақ». Біздегі «екі жүз жиырма мың немістер» емес, «екі жүз жиырма мың неміс». Сондай-ақ, «төрт-бес кісілер», «қырық-елу кісілер» емес, «төрт-бес кісі», «қырық-елу кісі»; мың қой, жүз жылқы, отыз сиыр, ондаған құры­лыс, жүздеген завод-фабрика, тағы осы ретпен.
«Бір қайғы мың қайғыны қозғайды» деген. Тіл төңірегінде уайым көп. Мен қазақ тілінің қолданыс аясы, бүгіні мен болашағы туралы қам жемеймін. Бұрын да талай айтқам, жазғам. Бір заманда қазақ әлемдегі ең үлкен отыз халықтың бірі болды дедік. Совет кезеңінде тікелей геноцидке ұшырады, әдейі ұйымдас­тырылған аштықтан қырылды, айдалды, атылды, жер ауды, алпауыт жат жұрттар арасындағы еріксіз майданға түсті, өз жерінде қуғынға ұшырап, қорлық күн кешті. Алайда, Қазақ-Ата осы сұм­дықтың бәрінен аман өтіп, қазіргі де-юре, сөз жүзіндегі болса да тәуелсіз заманға жетті және ХХ ғасырдың соңғы қырық жылында еселей өсіп, бүгін де ептеп-септеп төңірегін толтырып, әлемдегі саны көп, ең ірі алпыс халықтың қатарына қосылды. Қазір өз қо­нысындағы жалпы жұрттың кем дегенде жетпіс па­йызын құрайды, алдағы он жылдықта жетпіс бес-сексенге иек артуға тиіспіз. Және, маман эксперттердің түйінді пікірі бойынша, өкіметіміз, рас, мүлде басқа бір дабырамен емсеп отырған 2030 жылы – 90 пайыздан асуы анық! Ал жай ғана байбалам емес, үлкен қасірет болып тұрған орыстілділік – уақытша ғана құбылыс. Баяғыда жазғанбыз, бір ауыз орысша білмеген қазақтың немерелері енді қазақ тілінен мүлде мақұрым шықса, бүгінгі орыстілді қазақтың немересі неге қазақша білмеске деп.
Бұл мақала жоғарғы дәрежелі тіл мәдениетінің бір ғана тармағы, онда да шетқақпай мәселе – лексикалық қордың бұзылып, бұрмаланып кеткен жекелеген жағдайларына арналды. Баспасөз бетіндегі, кейбір әдеби нұсқалардағы, шалағайлықтан сауат­сыздыққа бейім кілтипан – жекелеген бір сөз, ұғымдардың мүлде басқаша мағна алып бара жатқан мысалдары. Әлдеқалай көзімізге шалынған ерекше сорақы жағдайлар. Бұзылған сөз, теріс, басқаша қолданыла бастаған ұғымдар мен тіркестер. Айта берсең, әңгіменің ұшы-қиырына жетпейсің. Тек қана «кеңес» атауының өзі неге тұрады. Жетпіс жыл бойы «совет» болып еді. Шаласауат, жалған ұлтшыл­дар мен шалағай жазармандар бір-ақ күнде «кеңес» қылып шығарды. «Кеңес өкіметі». Өз өкіметің екен. Етене жа­қын, тілге жағымды сөз – туған өкімет. «Хан кеңесі», «билер кеңесі», «ақыл, кеңес», «Кеңес күйі». Осының ешқай­сының совет өкіметіне қатына­сы жоқ еді, енді сол советтің өзін кеңеске теңедік. Кезінде бұл туралы да жеткеріп жазғанбыз. Амал­сыздан қайталауға тура келді. Өткен жетпіс жыл бойы, күні бүгінге дейін, арғы, бергі тарихта жер жүзі түгел «совет» деп айтады, жазады. Ағыл­шын да, неміс пен француз, испан мен итальян – барлық Еуропа ха­лықтары. Ағылшын, неміс, француз, испан, басқа да әлемдік тілдердің ғұзыры жетпегеннен емес, тарихи-саяси термин болғандықтан. КСРО деген қандай сөлекет. «Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы» екен. «Кеңесті» қабылдайық, онда неге «Социалистік», неге «Республика» – «Ортақтастық», немесе «Әлеу­меттік», «Қоғамдастық» һәм «Жұм­хұрият» емес пе!? Жер жихан қабыл­даған, тарихқа енген, әлемдік барлық тілде қолданыста тұрған, үрейлі, қанкешті «КГБ» атауы – жүрекке жақын «МҚК» болып шықты. Тағы соншама сорақы жағдайлар. Айтып түгесе алмайсың. Тәуелсіз­діктің кеуде көтеріңкі алғашқы жылдары, баспасөз бетінен алғаш рет «ұжым­шар» деген сөзді ұшыратқанда, бұл не болды деп аңырып қалғаным бар. Тәрізі, жаңа заманда жаңадан көтері­ліп, жаңаша құрылып жатқан әлдебір қауымдастық шығар деп ойладым. Ізінше, бәлкім, бірталайдан соң «кең­шар» дейтін пәлеге көзім түсті. Сонда ғана шатысқан миым­ның бар талшықтарын іске қосып, не керемет екенін анықтап едім. «Ұжым­шар» – колхоз екен, «ұжымдасқан шаруа­шылық», «кеңшар» жөні тіпті оңай – «кеңес шаруашылығы!» Дана­лықтың шегі бар деседі, ал осыған қарама-қарсы мағынадағы ғаламаттың шегі жоқ екен. Бізден бұрынғылар айтқан. Сөйте тұра Бораттың мазағы ұлттық намысымызды қоздырып, жаппай ашу-ыза туғызады. «Кеңес­пен», «кеңшармен» тоқтасақ жөн ғой. Күнделікті тұрмыстағы «әптек» пен «ресторанға» дейін қазақшаланды – «дәріхана», «мейрамхана»; «ойынханамыз» тағы бар – «казино». Әлемдік қолданыста жүрген, онсыз жөндем сауатыңыз не, орта мектеп шегінен өте алмайтын ғылыми-техникалық терминдер түгелге жуық «ұлттық патриот», «тіл жанашырларының» қорыс батпағына араласып, өз тілінде оқыған қазақ үшін жоққа сайды. Әзірше сол терминдер қолданылатын «физика», «алгебра», «химия», «математика» дейтін пән атаулары ғана өз орындарында тұр, күні ертең бұлар да «ана тілімізге» қотарылып жатуы ғажап емес, мәселен, «математика» өзінен-өзі сұранып тұр: «есеп», әлде «есеп-қисап», бәлкім, «санамақ»; қал­ғанын қазақшалауға біздің қауқа­рымыз жетпесе, кейінгілер қисынын табады, мүмкін тауып та қойған шы­ғар.
Бүгінгі «озық заман, егемен еліміз­ге» лайық жаңалықты құбылыстар өз алдына, енді өткен тарих пен әде­биетті түзете бастадық. Мәселен, «Октябрь революциясы» – «Қазан төңкерісі» болып шықты; «төңкерісі­міз» түсінікті, орыстардың өзі осылай өзгертіпті – «переворот» – «Октябрь­ский переворот» – ал «Қазанның» ешбір қисыны жоқ. Айна-қатесіз «Октябрь төңкерісі» болуға тиісті. Саяси, тарихи атау. Ал біздің жаңа­шыл, санасы жоғары қауым бәрін белінен басып жатыр. Ең соңғы мысал – «1916 жылғы Маусым жарлығы» – бар тарихта «Июнь жарлығы» ғой. Есеп емес. Өтіп кеткен іс, мен күнтізбедегі ай аттарын жаңғырту – оқыс қате болды деп санаймын. Рас, өзім он жылға тақау жерін жерлеп, суын ішкен чех жұрты да бұрнада өз тілдеріне ыңғайлаған екен: январь – леден, апрель – дубен, май – кветен, ноябрь – листопад дегендей. Жалпы, халықаралық терминдерден қашу – өзіне сенімі аз, ұсақ халықтарға тән, кемшілікті санадан туындаған ғадет. Мейлі дейік. Алайда, бұрнағы әдеби нұсқаларда, журналистикада, сол замандағы ресми атау бойынша жазылды ғой. Оң ба, теріс пе, тарихи құжат екені өз алдына, ол кезде ешкім де «Маусым жарлығы» деп мәймөң­келеп тұрған жоқ, ай аты орыс нұсқа­сында, өз қалпында өтті. Ең кереметі – осы іспеттес белсенді, жанкешті надандық (орысша «воинствующие невежество») өткендегі мұраларға да зардабын тигізіп жатыр. Совет тұсын­да жазылған, басылған, таралған мәтіндерге «Қазан төңкерісі» деген түзету жасасақ не болып шықпақ. Бұл да мүмкін екен. Мәселен, Міржақып мақалаларындағы ай аттарын білгір редактордың қалай түзеткенін өз көзіммен көрдім. Мұндай өңдеуге түскен – жалғыз Жақаң ғана болмаса керек. Яғни, ХХ ғасырдың басы ғана емес, одан соңғы жетпіс жыл бойғы мұра атаулы түгелдей «дұрысталып», жаңартылуы әбден ықтимал. «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспанда көр» демекші, кейінгі қаламгерлердің жарасы тіпті оңай. Нақты бір куәлік – мына менің өзімнің бұрынғы-соңғы жазбаларым. Өте көп білетін, азатшыл, ұлтшыл редакторлар, саяси сауаты ғана емес, ұлттық танымы да бізден артық корректорлар сыртымнан, өз қалаулары бойынша, еркін түзеткенін және сол қалпында журналға, кітапқа шыққанын алғаш көргенде құтырып кете жаздадым. Әр жылда әлденеше рет қайталанған жағдай. Әрқайсы бір тауарих. Есіме түссе әлі күнге дегбі­рім­нен айырылам. Сен таңбалаған ақиқат «совет» атаулының жаппай «кеңеске» айналуы тұрыпты, ешқашан ешкім айтпаған «кеңес адамдарына» ұшырысқанда сабыр сақтау қиын. Түзу сөзіңді қисайта бұрап жібергені, күрделі, құрмалас сөйлемдерді бөл­шектеп, екпінді, қысқа сөйлемдердің арасын ілмектеп қосып қоятыны, мәнді, мағыналы тыныс белгілерін, ең аяғы жақшаның ашылу, жабылуына дейін жылжытып, сені жақсарту жолында жасалған қыруар еңбекті түгендеп шығу мәнсіз. Өйткені әзірге барсың, тірісің, кейінгі бір басылымдарда қалпына келтірдің, қалғанын түзетіп, оңдап қойдың, әдебиетші, мұрагер балаңа мұқият тапсырдың. Әйткенмен, көңіл алаң. Тіл тазалығы жолындағы күрескер қауым осымен тоқтаса жөн ғой. Ең сұмдығы – бүгінің тұрыпты, ғұмыр бойы тінтінектеп құраған барлық жазуыңды нендей хикмет күтіп тұр? Жалғыз сен ғана емес, ХХ ғасырдағы қазақтың озық әдебиеті – Мұхтар Әуезовтен бастап, Ілияс Есенберлинге дейінгі ұлттық мұраң қандай кепке түспек? Мұраны айтасың, бай да бағлан, оралымды, икемді, әсерлі, мағыналы, кенеусіз бай қазақ тілінің өзі қандай қоқысқа толмақ? Жалғыз-ақ алданыш қалды. Дамыған халықтарда «әдеби тіл» және «сөйлеу тілі» дейтін екі бөлек ұғым бар. Бүгінгі күнге дейін қазақта бұл екі тараптың өзара айырымы болмады. Ұлттың тұтастығының, тіл бірлігінің көрінісі. Енді… манағы «туылған» мен «өлінген» және басқа да ғажайып, сілімтік сөздер саржағал басылым, сауатсыз жазармандар үлесіне өтіп, ежелгі жыраулар мен эпос, Абай мен Әуезов, оларға жал­ғас қазіргі және кейінгі үлгілі әдебиет­тің тілі, соншама былыққан ұшан мұхи­ттағы шалғай арал есебінде болса да, әуелгі саф таза қалпында сақ­талып қала ма деген үміт қана көңіл жұба­тады. Әзірше «туылғандардың» екпіні тым қатты, қазақ руханиятының төрт бұрышын түгел басып барады және жуық заманда «өлінетін» түрі бай­қалмайды. Әйтсе де, «Үмітсіз – шайтан», алдамшы емес, ақиқат болашақ деп сенейік. Тас та уатылады, тау да құлайды. «Туылған» рас болса, «өліну» де күмәнсіз. Өз еркі, өз бетімен «өлінбейді», азды-көпті білігі бар жалпы жұрт жаппай жұмылып, жардан құлатып жібермесе. Ертеңнен озып, арғы күндерден бастап, ақыр түбінде.
Дегенмен, адам да, қоғам да ең әуелі бүгінгі күн аясында ғұмыр кеше­ді ғой. Тіл бұзарлықтан құтылудың, шын мәнісіндегі, тым құрса орташа сауатқа жетудің қандай жолдары бар? Оқу, білім, үйрену, тағы тағылар деп бас ауыртпайын. Ең оңай жолын айтайын. Орысша «Толковый словарь», қазақша «Түсіндірме сөздік» деген бар. Бір томдық және көп томдық. Біздегі бір томдық мен елде жүргенде, 1999 жылы басылып шықты. Сарапшы ғана емес, жартылай редактор ретінде қолжазба нұсқаның толымды бір бөлігін қада­ғалап, пікір, кеңес айтуға тартылып едім, менімен қатар белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділов, тәжірибелі аудармашы Нияз Сыздықов қаты­нас­қан. Тіл білімі институты дайын­даған еді. Қазақ тілінің біршама толымды тізбегі – 50 мың сөз қам­ты­лыпты. Ойдан құралмаған, қазақ әдебиеті нұсқаларынан айғақты мысалдар негізінде. Қайырсыз «қайманадан» бастап, бірталай сөздің дәлме-дәл, нақты мағынасын оп-оңай табасыз. Бұдан гөрі күрделірек және артық сенімді – он томдық «Түсіндірме сөздік» және бар. 1970–1980 жылдарда шыққан. Ғылым Академиясы Тіл білімі институтының Сөздік бөлімінің тура ширек ғасырлық тыңғылықты, бажайлы жұмысының нәтижесі. Қазақ лингвистикасының үлкен маманы, ана тілінің білгірі академик Ақмәди Ысқақовтың басшылығымен жүзеге асырылған. Кез келген атау сөздің нақты анықтамасы мен соған сәйкес бірнеше мысал – белгілі әдеби нұс­қалардан алынған дәйекті және әрқилы қолданыс айғақтап көрсеті­леді. Бұл он томдық кейінгі бір жылдарда толығып, қайыра басылыпты деп естимін. Рас болар. Негізінен осы көптомдыққа жүгінген жөн. Ол қолға түспесе, манағы бір томдық тұр. Бәлкім, ол да жаңадан басылған шы­ғар. Мүмкіндігінше, дүниеден үмітті әрбір жазарманның қолында тұрса артық емес.
Мен өзім Шыңғыстау, Сары-Арқа – алаштың ежелгі лұғатының қаймағы бұзылмаған қалың ортасында туып, өстім, көз ашқан кезімнен, ескілікті ертегі, аңыз, көне эпос, қисса-хикаят үлгілерін тыңдап, зердеме құйып, өспірім шағымда халық әдебиеті нұсқаларын, бұрынғы-соңғы елеулі жазушылар шығармаларын мұқият оқу, ақыр түбінде Түрік қағанаты заманынан басталатын қадыми мұра­ларды игеру, Шағатай әдебиетінің ұлағатын байыптау, бұрнағы ақын, жыраулар шығармаларын зерттеу, Ғылым Академиясының архивіндегі қолжазба ескерткіштерді қарастыру, тіпті, туыстас татар, қырғыз, ноғай, қарақалпақ әдебиетіне үңілу – тынымсыз, табанды ізденіс нәтижесінде, ана тілім – қазақ тілін мүмкін болған ең жоғарғы шегінде біліп шықтым деп ойлаймын, соған қарамастан, күні бүгінге дейін, әлденендей күмән ту­ған, тіпті, анықтай, жеткере түскім келген жағдайда осы «Түсіндірме», және де «Аймақтық» һәм «Синоним­дер», Абай мен «Абай жолы» сөздікте­ріне жүгініп отыратыным бар. Қанша жетіктім десең де, қисапсыз бай туған тіліңнің қадір-қасиетін тани түсесің, барыңа сенімің артады. Қашанда білместік – ең үлкен айып емес, білуге ұмтылмау айып. Манадан бері біз санамалап өткен жаңсақ қолданыстар – түзетілуі оп-оңай кінәрат еді, аз-маз талап қылса. Амал жоқ, көпе-көрнеу жағдаяттар төңірегінде осыншама тау­сылып сөйлеуге мәжбүр болдық.
Мұхтар Мағауин
Америка Құрама Штаттарынан. Көкек, 2016,
zhasalash.kz

Related Articles

  • Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Zhalgas Yertay         Қазақстан билігі мемлекеттік тілді дамыту үшін қатаң шешімдерге барғысы келмейді дейік. Бірақ қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады? Соны ойланып көрейік. Қазақ тілін дамыту жайын айтқан кезде Қазақстан билігі қоғамды екіге бөледі. Бірі – тілді дамытудың радикал шешімдерін ұстанады, екінші жағы – қазіргі статус-квоны сақтағысы келеді, яғни ештеңе өзгертпей-ақ қояйық дейді. Бірақ екі жолды да таңдамай, ортасымен жүруді ұсынып көрсек қайтеді!? Батыл қадамдарға барайық, бірақ ол радикал жол болмасын. Қазақ тілін күшпен емес, ортаны дамыту арқылы күшейтсек болады. Яғни адамдар тілді үйреніп әуре болмай-ақ, халық жай ғана қазақ тілі аясында өмір сүруді үйренсін. Негізгі ой осы. Біз осы уақытқа дейін адамдар ортаны

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

    ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

                          1. АМАНДЫҚ КӨМЕКОВТІҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ – АЙҒАҚСЫЗ БОС СӨЗДЕР        Қазақстанның батыс аймағында ғұмыр кешкен өнерпаздың бірі – Жалбырұлы Қожантай  жайлы соңғы кезде қисыны келіспейтін неше түрлі әңгімелер өріп жүр. Мұның басында тұрғандардың бірі – Амандық Көмеков. Бұрында да оның, басқа да кісілердің елді адастыратын негізсіз сөздеріне байланысты нақты дәлелдер келтіріп, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген атаумен түзген сын мақаламызды республикалық «Түркістан» газеті (28.09. 2023 жыл) арқылы жұрт назарға ұсынғанбыз-ды. Әлеуметтік желіде Азамат Битан есімді блогердің жуырда жариялаған видео-түсірілімінде А. Көмеков өзінің сол баяғы «әләуләйіне» қайта басыпты. Сөзін ықшамдап берейік, былай дейді ол: «1934 әлде 1936 жылы (?) Мәскеуде өткізілетін

  • ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    Олар ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілінде оқудан бас тартқан. Неге солай ? Өйткені олар қазақ тілін таңдаған! Қазір университетте қазақ тілі курстары ашылып жатыр. Айтқандай, Әзербайжандарға тілімізді қолдағаны үшін құрмет пен құрмет. Олар нағыз бауырлас халық екенін көрсетті. Бірақ қазір біздің қорғаныс министрлігіне сұрақтар туындайды. Бұған дейін барлық шетелдіктерді орысша үйретіп пе еді? Біреу не сұрайды? Әйтеуір, білім – қазақ тілін насихаттаудың ең жақсы тәсілі. Ал неге орыс тілінде оқытады? Ал кім үшін? Ең қызығы, осының бәрін тек Әзербайжандардың арқасында ғана білетін боламыз. Ал неге бұрын қазақша оқытпаған, ең болмаса кейбір елдерде. Неге сол қытай тілін орысша үйретеді? Руслан Тусупбеков

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: