|  |  |  |  | 

Тарих Қазақ хандығына 550 жыл Қазақ шежіресі Әдеби әлем

Екі дастан, бір оқиға

2-батырҚалың оқырманмен 80-жылдардың соңында қайта табысқан Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанын білмейтін адам кемде-кем. Сөзімізді осы «Батыр Баяннан» бастап отырған себебіміз, ХVІІІ ғасырдағы ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің бірі Үмбетей жырау Тілеуұлының «Жантай батыр» деп аталатын дас­таны бар. Осы екі шығарманың екеуі де «Шаңды жорық» атанған бір ғана тарихи оқиғаға арналған. Мағжан ел аузынан естіген тарихи әңгімеге ақындық қиялын жалғап, көркем дас­тан тудырса, Үмбетей жырау өзі тікелей ішінде болып, көзімен көрген оқиғаны жырлаған.

Оқырманға түсінікті болу үшін жоғарыда айтылған екі дастанның қысқаша мазмұнына тоқтала кетейік. Оқиғаға арқау болған – ХVІІІ ғасырдағы қазақ-қалмақ соғысының бір кезеңі. Сол уақыттарда Сыр бойынан Арқаға қарай бет бұрған жеті момын тайпасының бір тармағы қанжығалы елі Ереймен тауларына келіп ат­басын тірейді. Ол кезде Ерейменді Уса Серен бастаған 10 мың үйлі жоңғар-хошоуттар жайлап жатыпты дейді бүгінге жеткен өңір тарихы жайлы ауызекі деректе. Бөгенбай бастаған батырлар күндіз-түні ұрыс салып, осы қалың қалмақты Ерейменнің оңтүстігіндегі Аюлы-Нияздың Қаракөліне қарай ығыстырып тастайды. Мал-жанына өріс тарылып, қысымшылық көрген қалмақтар Абылай ханға кісі салып, оның баласы Қасым төрені қонаққа шақырып, қалмақ бегінің сұлу қызын көрсетелік, алам десе әйелдікке берелік, сөйтіп, Қасым арқылы қазаққа дегенімізді істетерміз деп шешеді. Абылай хан Уса Сереннің бұл ұсы­нысына көп ойланып, ақыры жанына бірнеше кісі ертіп, Қасымды қалмақтарға жібереді.

Бұл тарихта болған оқиға. Себебі, ол жөнінде Үмбетей өз дастанында былай деп толғайды:

Қонаққа қарауылдан шешен Қанай,

Сүйіндіктен баспа қу би Төлебай.

Уақтан батыр Сары бірге аттанып,

Жырауды Үмбетейдей қосты болмай.

Жоғарыда «Батыр Баян» мен «Жантай батыр» дастандары бір оқиғаға арналды деген сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетейік. Үдере қуған қазақ қолы қуып жеткен соң, қал­мақтар амалсыздан Абылайға елші салады. Елшінің сөзіне иланып, біраз уақыт күтпекші болған Абылайға «Жантай батыр» қиссасында Баян батыр былай деп наразылық білдіреді.

«Хан сөзін уақ Баян ұнатпады,

Қасарып бәрі де оны қуаттады.

«Нанбаңыз, шын бағынса ант бұза ма? –

Десті жұрт: ол сұмырай зытат тағы».

«Хан ием, аңқау деме Усаны сен,

Пиғылын о залымның таныдым мен.

Осылай күліп жүріп тұзақ құрып,

Еліңе ажал оғын бүркеді ертең.

Бұл Уса шет елдерді сан алдаған,

Бодансып Қытайды да екі арбаған.

Елшісін құрту керек деп қанжарын

Қынаптан суырып алды Сары Баян», – десе, «Батыр Баян» дастанында бұл оқиға жөнінде Мағжан ақын Баян батырдың аузына мынадай сөздер салыпты:

– Тұрды да деді: Алдияр, Абылайым,

Мергеннің мылтығына қарсы жүрмес,

Қырдағы адам түгілі құландайын.

Сөзімді не кектерсің, не жұптарсың,

Ойыңды теріс дейді Баян-айың.

Талқыға салмай шындық табылмайды,

Құл ғана қожаны ылғи қабылдайды.

Қу қалмақ күні кеше алдамап па еді,

Шоңқитып ой Қытай мен өр Қытайды, – дейді.

Екі дастанды оқып отырып, Мағжан ақынға кезінде «Батыр Баяндай» жауһарды жазуға осы Үмбетейдің «Жантай батыр» дастаны себеп болмады ма екен деп ойлайсың. Осылай болуы әбден мүмкін. Себебі, сол уақытта «Жантай батыр» Омбы мен екі арадағы елдің ішінде кең тарап, жиі жырланған қисса. Және Мағжан ақын Омбы өңірінде ғұмыр кешкен, түбі ерейментаулық Ғабдырахман молла Жолдасұлымен, кейін Қазақстан мұсылмандарының қазиы болған ғұлама ақын Сәкен халфе Ғылманимен таныс, дос-жар болған. Сондықтан, Мағжан Үмбетейдің «Жантай батырын» естімеді деуге негіз жоқ.

Енді екі дастандағы бар айырмашылықты айтсақ, «Батыр Баянда» қазақтар жауды қуып жеткен соң, қалмақтар елші салғаны айтылады. Олардың сөзіне иланып, кейін қайтпақшы болған Абылай ханның айтқанына көнбей, Баян батыр қалың жауға 100 кісімен шабады. Және сол шайқаста Жантай екеуі қатар жүріп қаза табады.

Қасында жалғыз жолдас – жас Жанатай,

Қансырап зорға ғана кірпік қаққан.

…Қайран ер, қайсар Баян, жолбарысым,

Алайда, уақыт өтті, құлап түсті

Құшақтап Жанатайдай жан жолдасын, – делінеді.

Ал «Жантай батыр» қиссасында Бөгенбай мен Баян бастаған бір мың сарбаз қашқан қал­мақтың соңынан қуып жетіп соғысады делінеді.

Тағы бір ескерту, «Батыр Баяндағы» «Жана­тай» деген кісі атын, Жантай деп ұғыңыздар. Кезінде «Қазақ КСР энциклопедиясына» еніп кеткен осы қателікті түземек болып, бір топ ерейментаулық ақсақалдар 1960 жылы «Қазақ КСР тарихын» редакциялаған академик Әлкей Марғұланға хат жазады. Оларға Әлекең: «Жантайдың – қарабұжар Жанатай болып жазылуы Шоқаннан тарады. Шоқанның жазуында тура Жанатай. Осы күнге дейін бұл аттар туралы ешкім түсінік бермеген соң, айтылған деректерге сүйенбеуге болмайды. Жантайды Шоқанның Жанатай деп жазуына себеп, араб харпінің толық жеткізе алмауынан болса керек. Мұны тек Жан­тай батырдың ұрпақтары сақтап келген қария сөзбен, тарихи әңгімелермен өздеріңіз ғана дәлелдей аласыздар» – деп жауап қайырыпты.

Кезінде Шыңғыс сұлтан өзінің қасында болған қыпшақ Сатыбалдының Жаманқұлы деген жыршыға «Жантай батыр» қиссасын айтқызып, оны Шоқанға жаздыртып алып, облыстық шек­ара бастығы полковник М.Ладыженскийге тапсырған екен.

Жоғарыда аталған тарихи оқиға жайлы Шо­қан еңбектерінде де аталып өтіледі. Бұл деректерді Шоқан да ел ішінде айтылып жүрген ескі әңгімелерді негізге алып жазғаны байқалады: «..Когда узнал Джанатай о смерти любимого своего брата (Арқандыр – С.Б.), сделал проклятие и поклялся против убиц: «Или умру, или напьюсь вашей кровью!» Велел подать лошадей, с 500 человек ворвался в ставку калмыков, их было 10 тысяч, и утонул в битве – битва была страшная, киргизы шли на смерть. Уисинбай с распоротым животом, держа внутренности в полах своего халата, дрался и спрашивал: «А что, Джанатай батыр, с распоротым животом можно ли жить?».

…Все пали, остался Джанатай и 8 человек и сын его Токаш. Джанатай слез с лошади, подал ее сыну, говоря: «Отправляйся домой, пробейся, ибо не будет человека который при случае мог бы за меня отомстить».

«…В это время канджигалинец Джанатай батыр (Жантай батыр – С.Б.) державший передовой караул с отрядом в 500 человек в расстояний суточной езды, был убит калмыками.

Когда Аблай узнал о смерти Джанатая, плакал неутешно, говоря: «не дававший себя точить, черный булат мой!».

Бір өкініштісі, Абылай хан «қайраусыз қара қылышым» деп атаған Жантай батыр Төлекұлын Ерейментау елі болмаса, былайғы жұрт біле бермейді. Оның басты себебі, кеңестік кезеңде тарихымыздың дұрыс зерттелмеуінен және Жантайға байланысты жоғарыдағы шығар­малардың әдеби айналымға түспеуінен деп білеміз.

Осы «Шаңды жорық» оқиғасына қатысты Ерейментау жерінде сақталған, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан тағы бір ауызекі тарихи дерек бар. Бір таңғаларлығы, үш ғасыр бойы осы бір деректі хикаят атадан-балаға ауы­сып, жоғалып кетпей келе жатыр. Негізгі желісі жоғарыдағы дастандармен үндес. Біз де осы әңгімені бала жасымыздан естіп өстік. Ертеде үлкендер бұл оқиғаны ауызға алғанда: «Жантайдың жанында өз туыстарынан басқа уақ руынан Баян деген батыр болыпты», – деп айтып отыратын. Ол уақытта Баян тұлғасына дәл бүгінгідей қызығушылық тумаған кез еді. Бірақ, Баян батыр есімі құлағымызда қалып қойған-тын. Одан басқа, қазір көп адамдар жаңалық қылып айтып жүрген: «Қалмақтар жолдағы құдықтарға өлген малдың жемтігін тастап, осы бүлінген судан ішкен қазақтардың біразы қара тышқақтан қырылып қалыпты», деген дерек те бала жасымыздан құлағымызда қалған. Осы дерттен опат болғандардың ішінде Бөгенбайдың ағасы Көлбай да болғанын ертеде үлкендер айтып отыратыны есімізде.

Көне заманның жәдігері іспеттес, бағалы тарихи дерегі бар осы әңгімені өткен ғасырдың 50-жылдары Ерейментауда Тұқпидың Өмірбегі деген шежіреші қарт кейінгі ұрпақ біле жүрсін деп, арап әліпбиімен қағаз бетіне түсіріп кетіпті (Қолжазба біздің қолымызда – С.Б.). Өмірбек өзі жетпісінші жылдары сексеннен аса беріп қайтыс болған адам.

Сөзінің басында Өмірбек ақсақал: «Мен бұл әңгімені бала күнімде Төре ауылындағы Сәкей атты жездемнің үйінде жасы сексеннен асқан Кенжалы деген қарттан естіп едім», – дейді. Қараңыздар! Өмірбек ХХ ғасырдың 70-жылдары сексеннен асып барып өмірден озған кісі. Яғни, ол 1800-жылдардың аяғында дүниеге келді деген сөз. Сонда бұл әңгімені естіген уақыты 1900-жылдардың ең басы, шамамен 1900-1905 жылдар болуы керек. Ал әңгіме айтушы Кенжалы қарт сол кезде сексеннен асқан адам болса, онда оны 1800-жылдардың басында өмірге келген деп шамалаймыз. Яғни, Кенжалы қарт осы хикаятты Бөгенбай заманын көзімен көрген адамдардың өз аузынан естігені айдан анық. Сондықтан, бұл әңгіме ешқандай алып-қоспасы жоқ, тарихта болған оқиға деп сеніммен айта аламыз!

Әңгіменің қысқаша мазмұны былай. Қазақ­тар жағы Ерейменнің тауларын босатып алғасын Қоржынкөлде жиын өтіп, қазақ-қалмақ арасында бітім жасалады. Бұған Абылай хан бастаған Орта жүздің игі жақсыларымен қоса, қалмақ ханы Уса Серен де қатысыпты дейді.

Жиында Қасым төре: «Қалмақтарды қаңғыт­пай, қоныс беру керек», деген ұсыныс айтады. Бұған ашуланған Жантай батыр: «Сен телімге түскен қалмақтың қызы Топыштан туып едің, нағашыңа бүйрегің бұрып тұр ма, қалмақ бізге ел болмайды, біржола әрі қарай асырып тастау керек!» – деп қарсы шығады. Бұл сөзді жалпы, Орта жүз батырлары құптағанымен, Абылай хан мен Бөгенбай елді уақытша бітім жасауға көндіріп, қалмаққа Ерейменнің сыртқы бетіндегі теріс қыстаулардан қоныс беріп, бейбіт тірлік етуге келісім жасап, екі араға Жантайдың немере інісі Арқандыр батырды шолғыншы етіп қояды. Арқандыр бірде аң қуып жүрген немерелес туысы Үйсінбайдың астындағы жүрдек нарына көзі түсіп, қызығып, сұрапты. Бұған Үйсінбай: «Қалмақтың асыл тұқым мың түйесі бар, жігіт болсаң барып алмайсың ба?» – дейді. Бұл сөзге намысы келген Арқандыр тапа-тал түсте қалмақтың мың түйесінің ішінен тоғыз нарды айдап алады. Ақыры, осының аяғы қан­төгіске ұласып, қалмақтар далада жалғыз-жарым жүрген Арқандырды өлтіріп, бір түнде ауа көшіп қашады.

Суық хабар құлағына тигесін қаһарына мінген Жантай батыр аз ғана кісімен Қоржын­көлдегі Бөгенбайдың ауылына келіп:

– Бөке, қылдың да, тындың! Қалмақтар түбі бір қастық қылады деп едім ғой, ақыры соны істеді. Тез атыңа мін! – дейді қаһарланып.

– Сайланып бара жатқан жау аз ғана қолға алдыра ма, сәл аялда, дайындық қылайық, – деген Бөгенбай сөзін ашулы Жантай құлағына ілмей: «Не қырылып келем, не қырып келем!» – деп аттанып кетіпті.

Жантай кеткен соң Бөгенбайдың бәйбішесі Баяу анамыз:

– Әлгінің аузынан «қырылам» деген сөз бұрынырақ шықты, бір қатерге ұрынып жүрер, Бөке, жылдамырақ шығыңыз! – деп ақыл қо­сады…

Жоғарыда аталған екі дастаннан осы әңгі­менің бір өзгешелігі, бұнда Баян батыр Абылай мен Бөгенбай бастаған қолдың ішінде емес, керісінше, Жантай батырмен бірге болады. Жантай ашуға мініп, шағын қолмен Қоржын­көлден аттанып кеткен соң алдынан 40 кісімен Баян батыр қарсы жолығады. Және Баянның жанында Жантайдың өзінің немере інісі, Күңбастың ұлы Үйсінбай батыр бар екен. Осылар тынбай жортып, Балқаш көлінің оңтүстік-шығысында қалмақ көшін қуып жетеді. Қалың қалмақтың көзіне көп болып көрініп, шаңды молайту үшін аттарының құйрығына бір-бір құшақ қараған байлап алып шауыпты, «Шаңды жорық» атану себебі осыдан екен деп Үмбетей жыраудың «Жантай батыр» жырында да, біз сөз етіп отырған қолжазбада да айтылады.

Сөйтіп, осы шайқаста батырлар тегіс опат болып, Жантайдың кіші ұлы Тоқаш қана қоршаудан шығып кетеді. Абылай мен Бөгенбай бастаған қалың қол бұлардың соңынан жетсе, қалмақтың алды ұзап кеткен екен. Қазақтар жаудың соңында қалғандарын біраз қырғынға ұшыратып, кейін қайтыпты дейді. Қаза болған Жантай, Баян, Мырзакелді, Үйсінбай, Найманбай батырлардың, тағы басқа жауынгерлердің сүйектерін тауып, сол жердегі Күркілдек, Шүмекті деп аталатын өзендердің қиылысындағы бір жартастың түбіне сауыт-саймандарымен бірге жерлеп, басына тас орнатады. Естуімізше, Күркілдектің өзені әлі де солай аталады, Аягөз ауданы аумағынан Балқашқа қарай ағады екен.

Сол заманнан ұмытылмай бүгінге жеткен мына­дай бір ауыз өлең де бар:

Жылқысы ер Жантайдың ала санды,

Күркілдек, Шүмектіде қала салды.

Өлді деп батыр Жантай естігенде,

Басы Қаныс, төрт қатын қара салды.

Қаныс – Жантай батырдың бәйбі­шесінің аты деп отыратын ертеде қариялар.

Осының бәрін қозғап отырғанымыздың себебі, алдыңғы жылы Павлодарда Баян батырға ескерткіш орнатылып, «Баян батыр» атты кітап жарыққа шықты. Аталмыш кітапта батырдың зираты Қарағанды облысының Шет ауданындағы Қарабұлақ деген ауылдан табылғаны айтылады. Және кітапта сол аймақтан шыққан ақын Самат Мұсабековтың «Есей-Дос» деген дастанынан шамалы үзінді беріпті. Онда «…Деріпсалды, Байғозы, Баубек тағы. Арпалысқан жаулармен сынбай сағы. Қара сойыл, қара күш Жантай бұлақ. Дәуірінде бұлардың өскен бағы» деген бір шумақ жүр. Бұндағы «қара сойыл, қара күш Жантай» деген кім? Әлде, «Жантай бұлақ» деген жер аты ма, болса неге олай аталған деген ойға қалдық. Осының бәрін таразылай келіп, Жантай батыр да сол жерде жатыр ма екен, әлде мірбек Тұқпиұлының жазбасындағыдай, Баян батыр екеуі Күркілдек пен Шүмектінің қосылған жерінде жерленді ме екен деген әрі-сәрі ойда қалдық. Биыл, Алла сәтін салса, бір топ ерейментаулықтар қолдағы жазба дерекке сүйеніп, Жантай, Мырзагелді, Үйсінбай, Наймантай батырлардың жерленген жерін іздеп шықпаққа ниеттеніп отырмыз. Мүмкін, азды-көпті дерек білетін адамдар болса, осы мақаланы оқығасын, бізбен хабарласа жатар деп ойлаймыз.

Сайлау БАЙБОСЫН,

Қазақстанның еңбек сіңірген

мәдениет қызметкері

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы

egemen.kz

Related Articles

  • САРБАС РУЫ ЖӘНЕ САРТОҚАЙ БАТЫР

    Тарихты түгендеу, өткеннің шежіресін кейінге жалғау – атадан балаға жалғасқан ежелгі дәстүр. Шежіре, ұлт-ру, тайпа тарихы – атаны білу, арғы тарихты білу болып қалмастан ұлттың ұлт болып қалыптасуы жолындағы бастан кешкен сан қилы оқиғалары мен ауыр тағдырынан да мол дерек береді. Шежіре – тұтас халық тарихының іргетасы ғана емес, ұлт пен ұлыс танудың әліппесі  саналады. «Қазақ халқы 200-ден аса рудан құралса да әр рудың өз шежіресі болған. Шежірешілер жүз, тайпа, ру, ата тарихын терең талдай білген»(1). Патшалық ресейдің дәурені аяқталар тұста қазақтың мемлекеттігін қалпына келтіруді мақсат тұтқан Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан (1866-1937) алғашқы болып қазақ тарихының қажеттілігін алға тартып, башқұрттың әйгілі ғалымы Уәлиди Тоғанмен кездесіпті. Уәлиди Тоған өзінің естелігінде: «Мен бірнеше

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: