|  |  | 

Тарих Тұлғалар

«Қомсынғанға Алла бар» арыстың бiрi – Әбдiрахман

Иманқұлдың Әбдiрахманы – Сарықопа бойындағы Майқарауды 30 жыл басқар­ған болыс, Мекке-Мәдинеге екi рет барған қажы, ақын, күллi Арқа өңiрiне абыройлы тұлға. Июнь жарлығынан кейiн Торғай дуанына келiп болыс-билермен жиналыс аш­қан генерал-губернаторға қызметтен айырыламын, айдалып кетемiн деп бүгежектемей, “Қомсынғанға Алла бар, сом темiрге балға бар, қазақты басынбаңдар” деп қарсы шапқан, қазақтың сөзiн сөйлемекке Николай II патшаның қабылдауына барған, Торғайдан екшелiп шыққан жетеудiң бiрi де – осы Иманқұлдың Әбдiрахманы-тын. Император табалдырығынан аттатпағаннан кейiн ол көтерiлiсшiлер жағына бiржола шығады. Патшаның жазалаушы әскерiмен болған шайқаста өз ұлы Шарафидден мен iнiлерi Сейiткерей, Мәди, Сәкен Нарымбайұлдарының оққа ұшуы Әбдiрахман болысты бұрынғыдан бетер ашындырады. Амангелдi батырдың қазасынан кейiн Торғай ревкомының тiзгiнi Әбдiрахман болыстың қолына көшедi. Бiрақ Торғайда кеңес өкiметi бiржола орнап, күш алғаннан кейiн “қазағым”, “халқым” деген қажы мен большевиктердiң жолы екi айырылады. “Бай” деп, “қажы” деп, соңына шам алып түскен құдайсыздар Әбдiрахманның сүйегiн ақыры Қостанайдың түрмесiнен шығарады. “Әкең қамауға алынды” дегендi естiп Мәскеудегi оқуынан Торғайға келген ұлы Мұхтарды да қызыл жендеттер жеткен бойда тұтқындайды. Сөйтiп, түрмедегi “халық жауының бөлтiрiгiн” 550 шақырымдағы Қостанайға қыстың көзi қырауда жаяу айдайды. Киiмi жұқа студент жолда Нау­рызым тоғайының iшiнде үсiп өледi. Сүйегi қай бұтаның түбiнде қалғаны да белгiсiз. Сонымен, қазаққа теңдiк әперемiн деп ақ патшамен де, қызыл патшамен де арпалысқан қажының өзi де, ат жалын тартып мiнгелi тұрған ақынжанды, ақжүрек ұлы да қызыл қасапхананың көмейiнде кеттi.

Азаттықтың алдаспанындай Әбдiрахман қажы есiмi қалтарыста қалып бара жат­қан. Бiреулер күрескер қажыны тiптi Торғай революциялық комитетiнiң төрағасы бол­ған қып-қызыл большевик деп бiлдi. Алайда қазақтың мұңың мұңдап, жоғын жоқтаған, көтерiлiсшiлер сапына баласы мен бес бiрдей бауырын өз қолымен қосып берген, сүйегi кеңестiң түрмесiнен шыққан Әбдiрахмандай асылдың ардақты есiмi сәл кешiгiп болса да ортамызға оралды. Оралтқан – қажының Мұхтарынан қалған тұяқ Сапар Әбдiрахман. Лазерлiк физика саласындағы алғашқы қазақ ғалымының бiрi, Қазақстан Жоғары мектебiнiң еңбек сiңiрген қайраткерi Сапар ағамыз – бүгiнде зейнеткер. Балаларымен, немере, шөберелерiмен Алматыда тұрады. Са­пекеңнiң 2011 жылы жарыққа шыққан “Иман­құлдың Әбдiрахманы” атты кiтабы Алаштың Әбдiрахмандай арыс ұлын халқымен қайта қауыштырды. Мұрағат деректерi мен Әбдiрахман қажыны көзi көргендердiң әңгiмелерi негiзiнде жазылған бұл тарихи-танымдық баянды жұртшылық қолына тигiзуге атсалысып, демеушiлiк жасаған – Сапекеңнiң аталас iнiсi Ермек Ахметбеков.
Әрине, бұл – Әбдірахман қажы­ның бар қадір-қасиеті немересі жазған кітапқа сыйып тұр, осы құрмет жетіп жатыр деген сөз емес. Патшалық империяны қызыл империя алмастырған алмағайып уа­қытта ұлт теңдігі туралы коммунис­тік уағыз Иманқұлдың Әбдірахма­нын­дай ердің ерін де баурап алды. Аузынан Алласы түспейтін қайрат­кер қажы большевиктермен басы піспейтінін, өзі қалаған жолдың бұл емесін кеңестер әбден орнығып, күшіне мінген соң барып түсінді. Әбдірахман қажының көзі жеткен шындықты Әліби Тоғжанұлындай шыңдалған саясаткердің көрмеуі, сезбеуі тіпті де мүмкін емес еді. Бірақ шегінерге жол жоқ, енді бәрі кеш болатын.
Осы арада Алашорда үкіметінің сапында Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Бай­тұрсынұлы сияқты айтулы арыстармен үзеңгілес жүрген нағашы атам Қырымгерей төре Сейдалин туралы анам айтқан мына бір әңгімені айта кетуім орынды тәрізді. Бұл Қазақстанның билігіне Голощекин келіп, тап күресі қызып, қуғын-сүр­гін басталған, Алашорда қайрат­керлеріне берілген кешірім қайтып алынған 1928-29-жылдары болса керек. «Онда мен 5-6 жасар, әне-міне, мектепке барамын деп жүрген кішкентай қызбын, – деп бастайтын естелігін Гүлсім апамыз. – Қызылордада Міржақып ағаның үйімен көршіміз. Бір қабатты, екі пәтерлі үйде бірге тұрамыз. Гүлнәр апаң менен 3-4 жас үлкен, мектепке барады. Екеуміз үйде бірге жүреміз, бірге ойнаймыз. Әлде жаз, әлде күз, әйтеуір жер қара. Бір күні таңертең Гүлнәрдің үйі азан-қазан болды да қалды. Сөйтсек, Міржақып ағаны милиция ұстап әкетіпті. Арада 2-3 күн өтті ме, өтпеді ме, бір күні түнде біздің үйге тура менің әкемнің мұртындай ширатылған мұрты бар, әскери киімді, орта бойлы бір кісі келді. Үйге біреу келгендегі қашанғы әдетіммен өз бөлмеме зып берген менімен анам Асылжамал да ілесе кірді. «Әліби Жангелдин деген ағаң әкеңмен сөйлесуге келді, сен қоз­ғалмай осында отыр», – деді маған нықтап. Әліби ағай көп бөгелген жоқ, сәлден кейін әкем екеуі дәліз­ге шығып қош айтысты. Әкеммен қол алысып тұрып: «Қыреке, ар­қаны кеңге салмаңыз, ендігі кезек сіздікі, ертеңнен қалмай кетіңіз Қызылордадан», – дегенін естіп қалдым. Үй оңашаланған соң, шешем екеуміз өзінің жұмыс бөлме­сіне кірген әкемнің қасына бардық. Бала болсам да ата-анамның әлде­неге абыржып, толқып тұрғанын байқадым. «Әлекең азамат қой, – деді қасына тақап барған анама әкем. – Бұлар ешкімді аямайды, ендігі кезек сіздікі, ертеңнен қал­май бұл арадан кетіңіз деп кетті. Содан түні бойы буынып, түйініп, таңертең вокзалға барып, Қостанай пойызына міндік… Атақты Әліби Жангелдиннің өз отбасыларына жасаған жақсылығын Гүлсім апамыз аса бір ризашылықпен осылай баяндайтын. Жанкешті большевик болса, Әліби Жангелдин, Сапар ағамыздың кітабында нақты құ­жаттармен көрсетілгендей, Әбді­рахман қажыны абақтыдан боса­туға үкім шығартар ма еді? Өкінішке қарай, Жоғарғы соттың бұл үкімі Қостанайға қажы бақиға аттан­ғаннан кейін бір-ақ келеді.
Қалай дегенмен де, қазақтың Кенесары хан бастаған он жылдық ұлт-азаттық көтерілісі де, Әбдіғапар хан ту ұстап, Әліби, Әбдірахмандай қайраткерлер дем берген, Аман­гелді батыр қолбасылық еткен 1916 жылғы майдан да қайтара алмаған өз ырқы қазір өзіне тиді. Мұрағат ақтарып, көз көргендермен тілде­сіп, атасын қайта тірілткен немере­сі, физик-ғалым Сапар Мұхтарұлы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс­тің осы ғасырлық мерейтойы қар­саңында және бір үлкен шараға ұйытқы болды. Кәсіпкер інісі Ермек Қасқырбайұлымен бірге, Алматыда Әбдірахман атасы мен сол майданда шәйіт кеткен бауырларына, басқа да құрбандарға бағыштап ас берді, Құран оқытты. Осы рәсімнің аясында қазақтың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің тарихы, Әбді­рахман Иманқұлұлының соқтық­палы-соқпақсыз, қарама-қайшы­лыққа толы өмір жолы туралы ғылыми конференцияға бергісіз әңгіме өрбіді. Онда осы асқа Торғай-Қостанай өңірінен арнайы келген профессор Қыпшақпайдың Нариманы мен ғалым-педагог әрі әуесқой тарихшы Сапар Мұхтар­ұлының өзі баяндама жасады. Сарықопадан шыққан қос ғалым өз сөздерінде 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті ғана айтып қоймай, соның серпінімен Ресейде тұтанған ақпан революциясының қазақ үшін қаншалықты маңызы болғанын да ашып көрсетті.
Ендігі бір тілек – Иманқұлдың Әбдірахманындай халқы үшін оттан, судан тайынбаған арыстың есімін ардақтау тек немересінің ғана міндеті болып қалмаса екен. Біздің пайымдауымызша, Иман­құлдың Әбдірахманы мемлекеттік деңгейде құрметтелуге әбден лайық. Осы орайда, біз Әбдірахман қажының атына өзі туып-өскен, қызмет еткен Торғай – Қостанай өңірінен мешіт, мектеп, көше, мекеме, мекенжай атаулары берілсе деген ұсынысты баспасөз бетінде бұрын да айтқанбыз. Бүгінгі сөзі­міздің соңында соны тағы да қайталап айтамыз, елінің азаттығы үшін басын бәйгеге тіккен бұрынғы- соңғы осындай арыстарды құр­меттемесек, жадымызда сақта­масақ, отаншыл, патриот ұрпақ қайдан келеді?..
Сырымбет КӘРІМҰЛЫ, журналист,
Алматы қаласы.
Қандастары хан көтерген…

ТҰРЛЫҚОЖА ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Тұрлықожа Жансеркеұлы әуелде Ресей әкімшілігіне қызмет етіп, болыс болған. Бірте-бірте орыс озбырлығын көрген. Июнь жарлығы, Ұзақтың үйіндегі бата, Айттөбедегі ереуіл, ел басына төнген қайғының қара бұлты, зорлық-зомбылық, елдің бас көтерер азаматтарының құрбан болуы, мұздай қаруланған патша әскерімен ашық соғыс – бәрін басынан кешірген ол, ақыры патша үкіметінің қас жауына айналған.
1916 жылы 10 шілдеде Ұзақ батырдың ауылында болған жиынға албанның 16 болысынан өкілдер қатысады. Онда отаршыл орыстан көрген қорлық, майдан жұмысына бала бермеу, қарсылық көрсету, әскер келетін жолдардан күншілік жерлерден хабар алу, тіпті болмаған жағдайда Қытай ауып кету, жалпы, ертеңгі ел тағдыры сөз болады. Бұл мәмілені көршілес жатқан Верный, Қапал уезінен келген өкілдер, жергілікті тараншылар, қарақолдық қырғыз-бұғылар да қостап, қолдарын қызыл қанға матырып, ант беріп, баталасады. Сөйтіп, 11 шілдеде ел жәрмеңкеге жиналды. Жалпы саны – мың қаралы адам.
Мәліметтерге жүгінсек: «…Июльдің он бірінші дүйсенбі күні албан Қарқараға жиналды. Кеңес – бала беру, бермеу. Көп бермеуге қаулы қылып келіп, Серікбай, Айтбай, Тұрлықожа үшеуі арқылы жауабын берді. Үшеуі келіп приставқа айтты. Пристав бір ауық ашуланды, бір ауық ақылын айтып, майдалады: «Қатты жазаға ұшы­райсыңдар!» деді. Жұрт илікпей тұрып алысты. Аяғында пристав елге: «Тарқа, не жауап болса, бо­лыс­тарыңнан естисіңдер», – деді.     (Ғы­лы­ми кітапхананың Сирек қол­жаз­балар қоры. 1022-бума. Жина­ған – Ілияс Жансүгіров. Әңгімелеуші – Алдаберген Қойшыбекұлы).
Қазақтан: «Үш кісі жауап бере­міз» деді. Пристав: «Мақұл» деді. Жауап беруге бастапқы шақырыл­ған Тұрлықожа, Айтбай, Серікбай үшеуі келді. Ел артынан ентелеп, жаяу сығылып, басып кетті. Поли­ция ұрып-соғып, қылыштарын жар­қылдатып, әзер тоқтатып тұр. Мен дәл сол алдыңғы топтың ішінде бұ­ғып тұрмын. …Бөркі қолында, Серікбай сөзді майдалап, ізектеп тұр: «Көп біледі, жұрттың ісі, жұртқа ауыр тиіп тұр, жұрт өз аузымен айтсын, бала бересіңдер ме?» дегенде, көп: «Жоқ, жоқ!» деп шу ете түсті.
Үстінде көгала шыт шапаны бар Тұрлықожа: «Тоқта, олай емес, – деп сөзді алып кетті. – «Хан әділінен тайса, қарашасы бұзылады» деген. Біз орысқа қарағанға елу жыл тол­ған жоқ, елу жылға дейін солдат алмақшы емес еді, одан танды.        1 сом 20 тиыннан артық түтіннен рамат алмақ емес еді, биыл 21-45-тің арасына келгеннен алым алды, ар­тық алды. Жерді алды, қонысты алды, суды алды, аш орысты алып кел­ді, өз жерімізді өзімізге сатты!» деп, тағы бір осындайларды «бір» деп, «екі» деп, дауыстап өзі санап тұрды. Бітіп, айтып келіп: «Біз бала бере алмаймыз! Рас па?» деп еді, тұрған көп: «Рас, Рас!» деп айқайды аспанға шығарды. Көптің қозғалы­сы қозып кетті. Көптің ортасынан бір шал өгізін жетелеп келіп қалған екен: «Кім болса да, «бала берем» дегенді мен жарып өлтірем» деп пышағын суырып алды. «Патша бала алмасын, мал алсын. Бала алса, қолына жабдық берсін. Ұрыста ор қазып, шепке ұсталып, қойша қы­рыл­ғанша, жастығын ала жататын болсын! Астына ат, қолына қару берілсін, жұрт осыны тілейді!» деді Тұрлықожа. Айтбай да кібіртік­теп, бірдемені айтты. Бірақ ду оның сөзін естіртпеді. Намаздыгерде ел тарады («Қарқарадағы көтеріліс». 46-59-беттер)
«Сонымен, шілденің 11-і күні ере­уілдің оты лап етіп жанған күн болды». (С.Тәнекеев. 1916 жыл. Қар­қа­­ра-Албан көтерілісі) Иә,         11 шіл­де­де көтерілістің туы тігілді. Сол туды ұстағандардың бірі – Тұрлы­қожа Жансеркеұлы.
Енді Тұрлықожаның тергеу ісіне берген жауабына тоқталайық. «1916 жылдың 10 шілдесінде Қабан қарағайдағы Ұзақ Саурықовтың ауы­лындағы кеңесте басқа да адам­дармен келісе отырып, Жоға­ры мәртебелінің 25 июнь жарлы­ғына орай соғысып жатқан әскер маңына қатынас, қорғаныс салу жұ­мыстарына адам бермеуге және осы жылдың 11 шілдесінде осы уездің Қарқарадағы Нарынқол-Шарын бөлімшесінің приставы Подварковқа револьвер, нагандармен қаруланған мың қаралы жиынына қатысып, «адам бермейміз, кім беруге келісетін болса, оны өл­тіреміз» деп айттым. …Қарқараға кеңеске келген Иванов, Кеген, Баянкөл, Алжан, Құрман болыста­рының тілмаштары Гудзалевский, Достовалов, Комаров, Грибанов­ски­йлерден әскерге шақырылған­дар­дың тізімін тартып алып, құртып жібердім» (Қ.М.О.А. 109-қор. 1-тіз­бе, 35-іс).
Сонымен, тергеу қорытынды­сында 67 адам қылмысты деп танылады да, 15 адам аса қауіпті қылмыскер ретінде ату жазасына бұйырылады. Олар:
1. Тұрлықожа Жансеркин – Айт болысы
2. Ұзақ Саурықов – Құрман болысы
3. Қазыбек Шорманов – Байын­қол болысы
4. Жәмеңке Мәмбетов – Иванов болысы
5. Серікбай Қанаев – Шілік болысы
6. Айтбай Дәркембаев – Қож­бам­бет болысы… деп ары қарай кете береді. 11 шілдедегі оқиғаны тергеу кезінде тыңшы-тілмаш біткеннің барлығы Тұрлықожаны «ерекше белсенділік танытты» деп көрсетеді де, атылуға бұйырылған 15 адамның ішінде ол «№1 аса қауіпті қылмыскер» деп танылады.
М.Әуезовтің «Қилы заманында» және С.Тәнекеевтің «Қарқара-Албан көтерілісі» шығармаларында Тұрлықожаны Қарақол түрмесінде «жоғалтып» алады. «Серікбаймен бірге жолда атылды» дей салады. Шын мәнінде, ол түрмеге қамалған. Қарақол түрмесіндегі қырғыннан төрт адам аман шығады. Олар – Әубәкір Сұлтанбеков, Тұрлықожа Жансеркин, Біләл Разақов, Жай­шы­бек Бектенов. Енді Әубәкірдің естелігіне назар аударалық: «…Түн ортасында абақтының есігі ашылып, үстімізге бірталай адам кіргізді. Олар – албаннан: Жәйші­бек, Тұрлықожа, Бекдайыр, Қазы­бек, Саза, Кәрібоз, Сыбанқұл, Құ­дияр­бек, Нөке, Жәмпейіс, Құрман, Жаңабай, Біләл – барлығы он үш кісі, бұларды да Қарқараға шақы­рып алыпты да, Қарақолға айдап келіпті».
Тұрлықожаның Қарақол қырғы­нынан кейінгі тағдыры туралы           әртүрлі деректер жарияланып жүр. Бірде елмен бірге қаза болғандығы айтылса, енді бірде аман қалғаны, іле-шала қайта ұсталып, атылып кеткендігі сөз болады. Деректердің осылайша түрленіп кетуіне Қарақол түрмесінің бастығы Храмыхтың 1916 жылы 31 тамызда берген рапорты себепкер болған. Онда ол тұтқындардың бәрін «атылдыға» жатқызып қойған.
Сонымен, Тұрлықожа елге оралады. Абақты азабы, Қарақол қыр­ғы­ны, үзеңгілес серіктерінің түгел­ге жуық опат болуы оны мойыта алмайды, қайта ширата түседі. Тауы шағылмаған ол, патша үкіме­тіне қарсы күресін тоқтат­паған. Серік­те­рімен бірге Қытайға жұртты өт­кіз­бей тұрған шекара бекетiне шабуыл жасап, оны жойып жібер­ген.
1917 жылдың көктемінде Тұрлы­қожа жанына айт ішіндегі сүйіндік­тен Әміре мерген мен қалыбектен Байбосын ділмарды ертеді де, Сүмбенің сағасымен Шартастың етегі, Қысаңның аузы арқылы тағы да Қытай асады. Осы сапар туралы Көдек ақын «Үркін» дастанында былай дейді:
«Тұрлықожа жиып ап:
«Ел болмайсың Қытайға,
Қашуды, албан, қой! – дедi.
Қалмақтан дүре жегенше,
Өз жерiңде өл!» – дедi.
…Тұрлықожа жол шектi,
«Елiмдi жиып алам» деп.
«Үрiккен жұртты қайтарып,
Қонысына салам», – деп.
Сүйдiн деген қалада,
«Ерлiгiмдi көр» дедi.
Сабап Төрге қалмақты,
Айтқанына көндiрдi.
Аударып алып бөрте атты,
Жанына қауiп төндiрдi.
Үсейiнбай қашқарлық,
Ыңғайында ол жүрдi.
Мың амбы, сiбе қалыс боп,
Сөзiне сонда сендiрдi.
Сексен түйе, сегiз ат,
Ел шығынын өндiрдi.
Қас, Күнес, Текес, Жырғалаң
Ердiң iсiн ел бiлдi.
Бәрiн түгел аралап,
Ақылға елдi көндiрдi.
Қалжат, Қорғас, Нарынқол,
Шегарадан өткiзiп,
Жерiне елдi қондырды.
…Опасы жоқ сұм ажал,
Есiл ердiң қапыда,
Оң сапарын сол қылды.
Бармақ тiстеп, сан ұрып,
Қалың албан шулапты.
«Ажал неден болды» деп,
Шаңдатыпты тулақты.
Қауіп қайдан демеңiз,
Қалмақ деген қу халық.
Қапысын тауып кетiптi,
Үзеңгiге у жағып.
…Үш күн салып араға,
Сүмбенiң өтiп суынан,
Сол удан ер сұлапты.
Жеткенiнде жұма күн,
Жансеркенiң жанына,
Ат жалын құшып құлапты.
Райымбек, ауданында тұрып, сексеннен асып о дүниелік болған Айтбай қарияның әңгімесіне кезек берелік: «1952 жылы мені басшылар хат беріп, Маңғұлкүреге жұм­сады. Бұл Қытайдағы «ашылып сайрау» науқанының кезі болатын. Құрманжанның құлыбы жанында иін тірескен ел. Атақты қалмақ Молынға айып тағылып жатыр екен. Жиналыс соңында сөз айып­та­лушыға берілді: «Ал, халайық, – деді ол, – бағанадан бері таққан кінәларыңның бәрі өтірік. Менде бір-ақ айып бар. Оны таба алма­дыңдар. Бала кезімде үлкен­дердің жұмсауымен «хасақтың ханы» Тұрлықожаның үзеңгісіне у жақтым. Кейін «өлді» деген хабар келді. Менің айыбым – осы».
Қалмақтар Тұрлықожаны «ха­сақтың ханы» деп бекер атамаған. Албан ішінде алжандар Диқанбай Жанпейісовтi, айттар Тұрлықо­жаны хан сайлаған. Бұл – патша билігін мойындамай, өз алдына ел болу мақсатындағы талпыныс. Қалмақтар қазақтың екі адамы өлгенде той жасап, ат шаптырған. Бірі – Тұрлықожа, екіншісі – Құсық Мергенбай батыр.
Тұрлықожа қалмақтардың қастығынан 1917 жылдың мамыр айында 54 жасында дүниеден өткен.
Нұрлан Әбдібеков, Журналис­тер одағы сыйлығының лауреаты.
Бес нәрсені біліңіз

1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс қанды қырғынға, қасіретті босқындыққа ұласты…Сондықтан да бүгінгі Тәуелсіздігіміз үшін құрбан болғандарды алдымен ел болып аза тұту, сонсоң барып ұлықтау жөн деп білеміз.

Мен бұл мақаламда төмендегідей шындықтарға мән бергім келді. Біріншіден, Ресей патшасының жаппай қырып-жою әрекеті – қазақ ұлтына жиырмасыншы ғасырда жасалған барлық геноцидтің басы. Неге?
Ұлы Мұхтар Әуезовтiң «Қилы заманының» француз тіліндегі нұсқа­сын оқыған (аударған – Ғалымжан Мұқанов) Альберт Фишлер: «Патша өкіметінің өз халқын малша қырған мынадай сұмдық оқиғаны Еуропа білмейді! Сұмдық қой! Қандай қасiрет!» деп аза бойы қаза болады. Ал енді повесте нағыз қырғындар емес, оның шет жағы ғана айтылған ғой. Шын мәнінде, Мұхаң меңзеп отырған патша тарапынан болған қазақ ұлтына жасалған қырғынды кей­бір ғалымдар мойындағысы келмейді екен. Жақында, мамырдың 20-21-де Бішкекте өткен халық­аралық конференцияға әлемнің ірі-ірі бірнеше мемлекетінің – АҚШ, Еуропа, Азия, Қиыр Шығыс елдерінің ға­лымдары қатысқан болатын. Сол ғылыми жиынға қатысушылар бұл көтерілісте геноцид болған жоқ дегенді айтқысы келген. Шынды­ғында, әр ауылдан жан санына қарай ондық, елулік, жүздік топ құрып атқа қонған қазақтардан шошынған пат­шалық Ресей Қарқарадағы көтеріліс­шілерді басып-жаншу және қыру-тонау үшін 8750 адамнан құралған 35 рота, 3900 жендеттен құралған 24 жүздік, 16 зеңбірек, 47 пулемет жі­бер­ген. (Өмірбек Озғанбаевтың де­регі. «Түркістан» 16 маусым, 2016) Осынша әскер анадай қаруымен қорғансыз елдің маңдайынан иіскейін деген жоқ. Жаппай қырды. Ату, асу, шабу, өртеу, зорлау, қорлау әдістері­мен әдейі қыру – жай ғана жазалау емес, бұл – тұтас бір ұлтты жер бетінен жоспарлы түрде жоқ қылу әрекетінің айғағы. Геноцид екендігінің себебін сол кездегі қырылғандар мен аман қалғандар санын салыстыру арқылы анықтау оп-оңай. Мұха­мед­жан Тынышбайұлы 1917 жылы «Қа­зақ» газетінің №254 желтоқсанның 6-сында шыққан мақаласында Жетісу бойынша 44 болыста 47 мың 759 түтін болғанын, (әр түтінде 3-4 адам бар деп есептегенде, барлығы орта есеппен 200 мыңға жуықтайды – С.М.) сонан қырылғаны 95 200 адам екенін, сөйтіп, көтеріліске қатысқандардың тең жартысына жуығы қырылғанын көрсеткен. Қарқара алабындағы 100- ге жуық елді мекен қиянатқа ұшырап, 373 үй өртенген, күл болған. Жаза­лаушы Фон Бергтің бір ғана отряды үш күннің ішінде Қарақолдан Текеске дейінгі аралықта 1110 адамды атқан, асқан, шапқан. Ивановтың отряды мұнан да көп адамды өлтірген. (Бұл жөнінде өздері берген рапорттарында айтылады) Ылайлыда болған қан­ды оқиға, Қырғынтекшедегі қырғын, Ақшоқыдағы қырғын – мұның бәрі – сол жаппай қырып-жоюдың жоспарлы түрде жүзеге асырылғандығының дәлелі. Ендеше, Қарқара көтерілісіне қатысушыларды жазалаудың соңы геноцидке ұласты деп түсінген әлде­қайда әділетті болмақ. Сонда ғана біз Азаттықтың, Тәуелсіздіктің, Бос­тан­дықтың, Еркіндіктің құнын терең сезінеміз.
Екіншіден: Жаппай қырып-жою басталғанда қазақтар ұрпағын аман алып қалу мақсатында амалдың жо­ғынан туған жерін тастап босқын болды.
Кіндік қаны тамған жерді, атаме­кенін тастау – «туған жерге туың тік» дейтін қазақ үшін ең ауыр азап. Моральдық-психологиялық ауыр соққы. Өлшемі жоқ жаза. Қашудың соңы босқындыққа ұласты. Бұл үрку немесе үдере көшу емес, бұл жаппай босқындыққа ұшырау. 237 мыңнан астам адам шексіз зәбір көріп Қытай асқан. Жаркент уезінің халқы көтеріліске дейін 17 мың 712 түтін құраған болса 1916 жылдың күзінде 12 мың 612 адам босқындыққа ұшырап, Қытай асқан. Олар шекарада тағы да қырғынға ұшыраған. Ары өткеннен кейін Қытай қалмақтарының қыру, тонау, қорлау, зорлауына тап болған. Одан 1917 жылы қайта бері өткенде де босқындықтың зардабын одан әрі тартқан. Қашып бара жатқан Анненковтың ашулы әскеріне тап болып, тағы қырылған. Осындай саяси қуғын-сүргін елді жаппай босқындық­қа ұшыратқан. Мамырдың 20-21-інде Бішкекте өткен конференцияда 1916 жылғы қазақтардың қытайға амалсыз босуынның себебі – патшаның әскер­ге адам алу туралы жарлығын орындаудан, яғни «патша әскеріне бала беруден жалтару амалымен қашқан» деген тұжырым айтылады. Мен мұн­дай пікірге түп тамырымен қарсымын. Қа­зақтардың Қытайға босуы сол­датқа бала бермеу себебінен емес, патшаға әділін айтамын деген қара­пайым ха­лықты жаппай қырып-жоюға ұшырат­қаннан кейін қара басынан гөрі Ұрпа­ғын аман алып қалу мақса­тында амалсыз босқан. Патшаға «бала бермеймін» дегенде олар орыс баласы қатарлы қолына мылтық алып майданға шығу емес, тылдағы қара жұмысқа салынатын болғандықтан, мұның өзі өзге халықтың ер-азаматтарынан төмен санағандық ретінде намысына тиген­діктен, мұнан да зорғысы патша үкіметі отарлау саясатын тым біржақты жүргі­зіп және ашықтан-ашық жергілікті ұлтты атаме­кенінен ығыстырғандық­тан, оның өзі өз жерінде өзі салық төлейтін, өз жеріне өзі ие бола алмай қорланған­дықтан көтерілді. Көтерілген елді қырғынға ұшыратты. Сол себептен де ел амалсыз босты. Сондықтан да амалсыз туған жерінен басқа жаққа кетуге мәжбүр болғандарды «қашқан­дар», «үріккендер», «ауа көшкендер», «ауғандар» демей, ресми түрде «бос­қындар» деген атпен атаудың осындай ғылыми негізі бар деп білемін.
Үшіншіден: Зар өлеңдері – тарихи шындықтың бұлтартпас айғағы. Осы босқындық кезінде әу баста ақындық қанында бар қазақтың екеуінің бірі зар айтқан. Ішкі шерін сол зарлы өлеңмен шығарған, көңілін зарлы өлеңмен жұбатқан. Осы қырғыннан, босқыннан туған сол зарлы өлеңді екінің бірі айтатын болған. Солардың көбі ел ауызында кешегі күнге дейін сақталып келді. Оны Көдек те, Рыс­келді де, Әкімбек те, Әбдіха­лықтың әйелі де, Нұрақын жыршы да, Шарғын да, Әжек те шығарған. Оларды бы­лайғы жұрт бірінің аузынан бірі жаттап айтатын болған. Айту арқылы ішкі зар-запыранын сыртқа шығарып, өзін-өзі жұбатқан. Шерін тарқатқан. Сөйтіп, өлең арқылы өзін-өзі рухтан­дырған. Тарихи шындықты айта отырып, жігерін жаныған. Жеңіл­меске, берілмеске бекінген. Босқын­дықта туған бұл зарлаулар кейін байларды жаппай тәркілеу кезінде қайта айтыла бастаған Туған жерінен кеңес үкіметінің қысымынан амалсыз босып бара жатқан. Кеңес үкіметінің солақай саясатынан ұрпа­ғын аман алып қалу мақсатында туған жерін қимай көшкен ел тағы да нәубетке ұрынып, тоз-тоз болып бос­қан. Осы нәубеттер кезінде туған зар өлеңдерді Қазақ ауыз әдебиетіндегі тарихи оқиға тудыр­ған зарлау жанры деп ғылыми айна­лым­ға енгізуді қолға алған дұрыс жә­не ол бүгінгінің міндеті деп білемін..
Ел басына туған аласапыран, азалы күндерді өз көзімен көрген Көдек ақын Байшығанұлы Маралбай қай­ғысы мен мұңы бір, көрген зобалаң­дары ұқсас Албан мен Бұғы руының зарын айтады:
Бұғымен қатар жатқан Албаным-ай,
Құлаштап татыраңға салғаның-ай!..
Бұл күнде қырғын менен қуғын көріп,
Тұрғаның заман тетір айналып-ай!
Төскейде малы бірге, төсекте бас,
Күйзелді, күңіренді мал-жаның-ай!
Барғанда өрге босып қайтып келдік,
Қорланып жаяу-жалпы арланып-ай!
Билігі заманыңның өзіңде емес,
Қайтейін амал бар ма, арманым-ай!.
Ел тозған, ер азған зобалаңды күн­дерде не істерін білмей, амалы құрыған жүректен ащы мұң зар болып шыққан:
 …Албаным!
Албаным-ай, Aлбаным-ай,
Айырылып Албанымнан қалғаным-ай…
Айт, тойда алты қырдан ән шырқаушы ем
Зарына сор заманның салғаным-ай!
Сапыра сар қымызды шайқап ішкем,
Зар болып қара суға қалғаным-ай…
Деп едім Ақ патшадан құтылдым ба,
Қытайдың тұтылғаным қалмағына-ай…
Қу қалмақ іліп алып қармағына-ай
Жаныңды жегідей жеп, жалмауын-ай…
дейді жыршы Нұрақын Қасымбек­ұлы. Осындай зарлы жырларды зерттей келе мынадай қорытындыға келеміз:
Хантәңірі баурайында болған тарихи қанқұйлы уақиға туғызған шер­лі, мұңлы, қайғылы, өксікті, өкінішті, қасіретті көңілден шыққан зарлы өлеңдерді біз екі сөзбен «зар өлең» немесе бір сөзбен «зар» деп атасақ. Олай атауымызға басты себеп мыналар:
– Зар бір ғана адамның емес, тұтас бір елдің басында бар мұң-шерді арқау етеді;
– Зар бір ғана сәттік емес, бір күн немесе бір ай тіпті, бірнеше жылдар бойы тұтас бір елдің басында тұрып алған ауыр да азапты қиыншылық­тарда өмірге келеді де сол жылдар бойы ел ішіне кең жайылады.
– Зар типтік сипат алғандықтан да өзіне ғана тән мазмұндық-пішіндік қалыпқа түскен, ол қалпы тұрақ­талған; (көбінесе 11 буынды қара өлең үлгісінде. Тармақтың соңғы сөзі «-ай!» деген өкініш пен ащы зарды айқындайтын жұрнақ қосылып айтылады).
– Зар бір ақын шығарғанымен жұрттың бәріне ортақ тақырыпты қозғайтын болғандықтан, өзгелер де тез жаттап алып, шерін тарқату үшін айта беретін жыр болып қалыптасқан, сондықтан да ол жалпылық яғни халықтық сипат алған;
– Зар бір ғана кезеңдік жанр ретінде өмір сүреді, яғни халық басынан өткен қырғын мен босқындық, арып-ашқан, елден, жерден айырыл­ған қиын-қыстау кезеңде ғана ерекше көрініп, кейін заман өзгергенде күнде айтыла бермейтін, тарихты еске түсіргенде ғана бой көтеретін дәстүрлі өлең-жырдың бірі санатында өмір сүреді.
Төртіншіден: Ереуілтөбе – тарихи тағылымы бар ескерткіш. Оның орны көмескіленбеуі керек.
«Жұлдыз» журналы 1976 жылғы бір санында осы көтерілісте шейіт болған батыр аталарымызға және нақақтан қырылған балалар мен ана­ларға арнап 1926 жылы Ораз Жан­досов, Ыдырыс Көшкінов, Әубәкір Жүнісовтер бастап, Қазақ драма театрының іргетасын қалаған Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Қанабек Байсейітов, Елубай Өмір­зақов, Қапан Бадыров, Күләш Бай­сейітова, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовтар қоштап, жәрмеңкеге жиналған бүкіл елді ұйымдастырып, қазақтардың шешім шығарар, ант қабылдар төрі, кешегі көтерілістің ордасы болған Айттөбеге шығыс жа­ғындағы Желқарқара арнасынан тас тасып үйіп, оны намысты көтері­лістің құрметіне, басқаша айтқанда, азат­тық үшін айқастың қадірі мен қасие­тіне арнап «Ереуілтөбе» деп атағанын жазыпты. Осы Ереуілтөбе тұрғызуға қатысқандары туралы Иса Байзақов та, Елубай Өмірзақов та, Қалибек Қуанышбаев та өз естеліктерінде айтқан.
Кейін газет-журналдарда біршама айтылды. Осы мақаланың авторы, Бексұлтан Нұржекеев, Тұрсын Жұрт­баев, т.б. жазды. Мәселе көтерді. Осын­дай қо­ғамдық пікірдің қалыпта­суынан кейін ғана Кеген ауданының коммунистер бастаған басшылары іске кірісті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 1987 жылы Қазан төңке­рісінің 70 жыл­дығына орайлас ескерт­кіш қойылды. Ол ескерткіш нағыз Ереуілтөбенің үстіне емес, басқа төбеге орнатылды. «Ереуілтөбе – осы» дегенге жұрт нана қоймады. Өйткені, бұл төбенің басында, не айналасында, бауырында, тым болмаса етегінде кешегі 1926 жылы «бүкіл халық екі қабат үйдің биіктігін­дей» (Серке Қожамқұловтың сөзі) етіп үй­ген тастардың бірде-бірі жоқ еді. Шы­ғысындағы Желқарқара да, батысын­дағы Басқарқара да алыс. Жаяу-жалпы да, арбамен де, қор­жын­ға салып бөктеріп те тас тасуға тым шалғай еді.Үлкен Қарқара өзені мен бұл төбелердің арасында тас көтерген емес, жай жаяу адамның өзінің өтуі қиын саздауыт бар-тын. Осындай күмәнді төбеге қойылған ескерткіштің мәрмәр тақтасына «Тасүйік» деген дүдәмал атау жазылды. Коммунистер «қазақтар орыстарды қырған, реак­циялық характері бар көтеріліске ескерткіш қойды» дей ме деп жас­қанса керек. Бірақ БАҚ араласып, жоғары жақтан Өзбекәлі Жәнібеков нұсқау беріп, көп ұзамай осы орна­тылған ескерткіштің аты өзгертілді. «Ереуілтөбе» делінді.
Қырғындарда өлген адамдардың сүйегін кім арулап жерге тапсырды дейсіз?! Қарақолдан Текеске дейінгі аралықтағы сай-сала, қырат-қырқа, жазық далада қалған жоқ па көмусіз… ендеше, бүкіл Қарқара алабы тұтасы­мен ұлт -азаттық көтерілістің ордасы және сол жолда шейіт болғандардың сүйегі жатқан киелі жер ретінде әр нүктесі тәу етуге тұрарлық.
Бәрі жөн. Бірақ халық жадын алдау мүмкін емес. Басты мәселе – ата-бабалар аманатына адалдықта. Міне, 90 жыл өтті. Шын Ереуілтөбе өзінің тарихи орнында жоқшысын әлі күтіп жатыр…
Ереуілтөбе – осындай қасиетті де киелі істерге қойылған, тарихи тағы­лымы бар ескерткіш. Ереуілтөбе­де – елі үшін басын бәйгеге тіккен Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Әубә­кір Жүнісов, Қапез Байғабылов бас­таған қайраткерлер мен Сер-ағаң Қожамқұлов бастаған өнер тарлан­дарының алақандарының табы, та­ба­нының ізі қалған, маңдай терлері­мен бірге азаматтық-патриоттық се­зімі сіңген рухты төбе, тарихи мағы­насы зор құнды мұра. Бұл Ереуіл­төбе – азаттық үшін айқас, тәуелсіздік үшен күрес символы. Қазақ деген халықтың алдыңғы буынының кейінгі буынына қалдырған тарихи аманаты.
Бұл төбені әу баста кімдер үйген? Ғұндар ма? Сақтар ма? Үйсіндер ме? Түріктер ме? Кімдерден біздерге тіке­лей мұра болып қалды екен? Әрине, мұның бәріне Ахан Оңғар бастаған археолог, тарихшылардың күні ертең жауап беретіні сөзсіз. Бізге айтқаны – бұл төбеде біздің заманымыздан бұрынғы 6-7-ғасырға тән белгілер де және біздің заманымыздың 2-5-ға­сырларына тән нышандар да бар көрінеді.
Мен 1926 жылы қазақтардың ес­керт­кіш қалдыру әдісін еске ала тұрып, сонау көне замандардан жал­ғасқан ұлы сабақтастықты байқа­дым. Байырғы сақ, Үйсін бабаларымыз ел жадында қалдырар тұлға жерленген моланың, бейіттің үстіне дәстүр бо­йынша саналы түрде белгілі бір заң­дылықты сақтай отырып тас үйген екен. Тас үю сол заманның әдет-әде­бі, ғұрпы, дәстүрінің бөлінбес бөлшегіне айналған.
Ең қызығы – сонау екі мың жылдық уақыт өткен соң кешегі ХХ ғасыр басындағы Ораз Жандосов бастаған саяси қайраткерлер, Серке Қожам­құлов бастаған өнер тарландары және соларға ерген бүкіл аталарымыз да төбенің үстіне тас үйген. Бұл неткен сабақтастық? Тас үю ғұрпы Ораз Жандосов бастаған халықтың санасында қайдан жүр? Соншама әуре болмай-ақ, қарағайдың шанжасын майлап, қазық жасап, оған бір тақтай шегелеп оның бетіне «Ереуіл­төбе» деп жазып, шанши салуына да болар еді ғой. Жоқ, өйтпейді! Жәр­мең­кеге келген қазақтың кәрі- жасы қалмай, бәрі жабыла жақын жердегі өзен аңғарынан жаяулап та, атпен де, арбамен де, дорбамен де тас тасып әкеліп үйеді! Неге?!
Сөйтсек, қадірлі де киелі әрі тарихи маңызы мен мәні бар орынға тас үю дәстүрі халықтың тарихи жадында ежелден, яғни сонау ғұндар мен сақ­тардан, үйсіндерден бері сақталған екен! Ондай дәстүр санадан-санаға, яғни ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыр­ған екен! Демек, Қарқара алабының қазіргі тұрғындарын ежелгі тұрғын­дардың ұрығы үзілмеген ұрпағы деп айтуға әбден болады!..
Сонымен, «Ереуілтөбенің» тарихы ежелгі дәуірлерге жетеледі. Яғни оның мәні мен маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ендеше, осы ес­керт­кіштің халықаралық мәртебесін ас­қақтатып, ұрпақтар қастерлеп өтетін тарихи мәні жоғары, рухани құны өлшеусіз жәдігерге айналуына күш салуымыз керек. Ол үшін алдымен жақсылап қоршап, тақтаға тайға таңба басқандай етіп анықтамасын жазып, бір тасын да шашау шығармай, тарихи маңызы бар ескерткіш ретінде мемлекеттік тіркеуге алып, мемле­кеттік деңгейде қорғау керек!
Бесіншіден: Бұл көтерілістің ха­лықаралық мәні бар.
Өйткені көтеріліске себепші бол­ған біріншіден, патшалық Ресейдің; екіншіден, патша жарлығын желеу етіп, отарлау саясатына қарсы шық­қан Қазақ елінің; үшіншіден, отарлау саясатына және Қарақолда орыс автономиясын құруға қарсы көтерілген Қырғыз елінің; төртіншіден, босқан елді тосып алған және кері қайтарған Қытай үкіметінің; бесіншіден, «түрік бауырларымыз неге қырғынға, одан босқынға ұшырады» деген алаң көңіл білдірген Түркия мемлекетінің қатысы болғандықтан, бұл көтеріліске бір ғана Албан деген тайпаның бас көтеруі емес, бірнеше мемлекеттің қатысы бар әрі еларалық мәні үлкен ірі тарихи оқиға деп қараған дұрыс. Ұлт-азаттық көтеріліс маңызының салмақтылығы сонда.
 Қарқара көтерілісі :
– үш жүз жылға ұласқан патшалық империяның отарлау бұғауын тас-талқан еткен;
– жазықсыз жандарды, бейбіт тұрғындарды қорлау, азаптау, қуғын­дау, қырып-жою арқылы жерді босату, босаған жерлерге өз азаматтарын орналастыру арқылы иен далаға ие болу шараларын үздіксіз жүргізген патшалық Ресей әрекетінің саяси астарын ашып берген;
– қазақ халқына патшалық Ресей тарапынан жүргізілген геноцидті айғақтаған ұлы оқиға. Ол осындай мәнімен де бағалы. Сонымен бірге Қарқара көтерілісі – қазақ халқының өз ұрпағының келешегі үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған ынтымағын паш еткен саналы әрекеттер нәтижесі;
– Тәуелсіздікке ұмтылған ата- бабаларымыздың ұлы ерлігінің куәсі.
   Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы.
Қызылсай қырғыны

…Шу өзенінің теріскейін бойлай, қатар жатқан Өрікті, Сары­бұлақ, Жолдысай, Жансай сағала­рында мал өсіріп, егін салып, өзі­мен өзі жатқан қазақ ауылдарын «Патша соғыстың қара жұмысына қазақтан адам алатын болыпты» деген жайсыз хабар дүр сілкінді­реді. Көп ұзамай «Өмірбайдың Көкағашы» деген жерде Сырымбет елінің Ырғайты, Қалғұты, Шөміш болыс­тықтарына қарасты елдің бірлескен жиыны өтеді. Аттарын ойқастатқан старшын, ауылнай атаулылар: «Ақ патшаға қарсы бол­маңдар, 19 бен 43 жас арасын­дағы жігіттерді майдан жұмысына жиып беріңдер» деп, болыстарға сөзін өткізе дігерлейді. Қарапайым жұрттың еңсесі басылып, өзегі қараяды. «Түрлі алым-салықпен жүдеткені аздай, енді желкілдеген жастарымызға ауыз салмақ па?» деп көкіректері қарс айырылады. «Халық сөзін сөйлейтін бір жанның болмағаны ма?» Жоқ, бар екен ондай азамат! Шөміш бо­лы­сының кедей жатағы, ер тұлғалы Асан Тасболатов Үшбай болыстың шадыр көзін шақшита былай дейді:

– Байқаңдар, болыстар! Біз сендерге топтап айдайтын мал емеспіз. Намысымызды таптатпаймыз, сол­датқа адам бермейміз. Біз тірі тұр­ғанда жас құрақтары­мызды отат­паймыз!
Сол кезде Асанға ілесе Бейсен­бай Қожамбетұлының да ызғарлы үні естіледі:
– Менің айтарым да осы, бармаймыз солдатқа! Туған жерден ұза­маймыз, өлсек те алысып өлеміз!
Жиын аяғын күтпестен атта­рының басын кері бұрған оларға тағы бірнеше жігіт ілесе кетеді. Соның ертесіне-ақ: «Үш болыс Сырымбеттің жиынында Асан мен Бейсенбай патша жарлығына қарсы сөз айтыпты, болысты шап­паққа қол жинап жатыр екен» деген сөз бүкіл Қордай еліне тарайды.
Бұл сыбыстың жаны бар болатын. Озбырлықтан ығыр болған халық бойларын кек кернеп, тұс-тұстан Асанды іздеп келіп жатты. Әрқилы ойларын ортаға салды. «Теріскейде Бекболат сарбаз жинап жатыр дейді, соған барып қо­сылайық», «Күнгейде қырғыз жігіт­тері де патшаға қарсы көтері­ліп, Ивановканы басып алыпты. Тоқпақ­та, Кемінде де жұрт көтері­ліп жатқан көрінеді, солармен бірігейік» десті.
Асан мұны естісімен күн-түн демей, ел арасынан жарамды мыл­тық, найза, қылыш жинап, адам санын көбейтеді. Көтеріліс­шілерге барып қосылу туралы ұйғарымға келіп, дереу іске кірі­седі. Жансыз­дары арқылы оның әр қадамын аңдып отырған болыстар «бүлікшіл» ауылдардың бас көтерерлерін жазалауды сұрап, төңіректегі орыс алпауыттарына шабады. Столыпиннің сұрқия саясатымен қазақ жерінің ең шұрайлы өңірлеріне ауыз салған қара шекпенділер бұл аймақта да аз емес болатын. Құнарлы Қордай қойнауына дендей енген орыс мұжықтары Георгиевка, Успе­новка, Малоархангельск, Новоалек­сандровка, Михайловка, Благове­щенка, Горноникольск тәрізді селолар салып, жергілікті қазақтарды жайылымнан қыса бастаған. Қара­суды билеген шіріген бай Федор дереу жасақ жиып, елді патша жар­лығын орын­дауға күштеп көндірмек болады. Сұлутөрдегі кулак Каширин де сол аймақтағы қазақтарды тырп еткізбей ұстау қамына кіріседі.
Ал, ауылдан жырақта, тау ішінде құрылып жатқан Асанның қолы күннен-күнге толығып, кәдім­гідей ірі топқа айналады. Ақыры ол жүз қаралы жігітпен атқа қонады. Көбі­нің қаруы – cойыл, тоқпақ, шоқпар, бірауыз, қосауыз білтелі мылтық. Жігіттер алдымен Шудың арғы бетіне өтіп, Бірқұлақтағы (Ивановка) қырғыз көтерісшілеріне бет түзейді. Бұлар келгенде олар жеңіліс тауып, Алатауға шегінген екен. Тоқпақ пен Кемін тараптағы көтерілісшілер де патшаның қарулы отрядтарына төтеп бере алмай, басылыпты. Асан жігітері­мен амалсыз кері қайтады. Алай­да, күш біріктірмейінше, азда­ған топпен қырғыздарша жеңіліс табарына көзі жетеді. Енді қалайда Суықтөбе, Үшқоңыр жақта құры­лып жатқан Бекболаттың қалың қолына барып қосылуды көксейді. Айналаға хабар салып жасағын, қару-жара­ғын көбейтуге ден қояды. Қасабай мерген, Арғынбай аңшы, Бейсен­бай, Еспембет сынды өжет жігіттер­ді қасына топтайды.
Қордайдағы ереуіл жайлы хабар Пішпектің уездік бастықтарына жетіп, олар жедел түрде жазалаушы отряд шығарады. Асанды не тірідей, не өлідей алып келу, жаса­ғын түгел қыру тапсырылады.
«Шаш ал десе, бас алатын» әумесер казак-орыстар жол-жөне­кей жергілікті тұрғындарға ойларына келгенін істейді. Сәл қарсы­лық көрсеткенін атып немесе қы­лыштап шауып кете барады. Жен­деттерден қаймыққан бір пақыр ақыры бас­қалардың аман­дығы үшін Асан­дардың жиналған жерін көрсетіп береді. «Солдат келіп қалды!» дегенде Асан санын бір-ақ соғады. Қапыда қалған жігіттердің қаша жүріп атқанынан бірер солдат оққа ұшып, жараланғаны болмаса, бә­лендей тегеурінді қарсылық көрсете алмайды. Жендеттер жүз­ден аса адамның қанын судай төгеді. Бұл қырғында Кенжебала Бекболат­қызы деген жасөспірім қыз ғана өліктердің астында аман қалыпты. 1992 жылы 93 жасында қайтыс болған Кенжебаланың жүре­гі қан жылап отырып айтқан есте­ліктерін жергілікті мұғалім Қаматай Тұрғанов хатқа түсірген.
Бұл оқиға туралы аз жазылған жоқ. Қордайлық журналист, мар­құм Қырғызбай Дәуітовтiң ерте­ректегі бір мақаласында Қызыл­сай­дағы қырғында опат болған­дардың саны 120 адам делінеді. Жанұясымен үркіншілікке ұшырап, қырғызға, қы­тайға ауып кеткендер де аз бол­маған.
1926 жылы қыркүйек айында Жансайдағы оқиғаның 10 жылды­ғына орай жиын өтеді. Барша жұрт сай табанынан төбе басына бір-бір тасты атқа өңгеріп алып шығып, қызыл ту байланған сырықтың қасына үйеді. Ол жер «Үйгентас» аталады, ал Жансай ауылына Қы­зылсай атауы беріледі. Бірақ қазір ол тастар жоқ. Тарихқа деген немқұрайдылықтың салдарынан жұрт үй іргелерін қалауға тасып әкеткен. Тек ауыл клубы жанынан кейіннен орнатылған кішігірім обелискідегі «Тасболатов Асанның бастауымен 1916 жылы патша жар­лығына қарсы көтеріліске қатысып, қаза тапқан жерлестері­мізге ес­керткіш» деген жазу ғана бұл оқиғадан үнсіз сыр шертіп тұ­ратын. Енді міне, жүз жыл бұрынғы сол қанды қасапты еске салатын жаңа белгілер пайда болды.
Жақында Жамбыл облысының Қызылсай ауылында осы өңірде 1916 жылдың шілде-тамыз айларында болған қанды оқиғалардың 100 жылдығына байланысты еске алу жиыны өтті. «Июнь жарлығына» қарсы толқуларда қырылған жазық­сыз жандардың опат болған жерін­де және ауыл ортасында жаңа ескерткіштер ашылды. Аудан әкі­мінің орынбасары Бейқұт Жаман­гөзов, ауданның Құрметті азаматы Бақыт Байтөле, Қызылсай ауылы­ның қариясы Рахымбай Молдашев және Ауқатты ауылдық округінің әкімі Данияр Қарымсақов бір ғасыр бұрын қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық қозғалыс­тар­мен өзектес Қызылсай қыр­ғыны туралы тебірене сөз сөйледі. Соңынан ар­уақтар рухына Құран бағыш­талды.
Қызылсай қырғыны – Қордай тарихындағы ең қасіретті оқиға­лардың бірі. Қызылсайлықтардың басталмай жатып аяусыз жаныш­талған қозғалысының да күллі қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық көтерілістер сапындағы тарихи маңызы зор.
Құрманбек Әлімжан, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.
Жамбыл облысы.
Алаш отряды. Амангелдінің жұмбақ өлімі

Газетіміздің №56 санында (14.07.2016ж.) Торғай мен оған шектес Ырғыз уездерінде ұлт-азаттық көтерілісінің қалай тұтанғанын баяндағанбыз. Күздің соңында жазалаушы отрядтармен ауыр шайқастарды өткеріп, «қазақ зеңбіректен қашып тарап кеткен соң» әскер олардың соңынан түсті. Бірақ Ресейдегі саяси бүліктің салдары қазақ даласына жеткенде көтерілісті жазалау әрекеттері саябырлады, жағдай басқаша сипат алды. 1916 жылдың қыркүйек-желтоқсаны аралығында қанша қазақтың соғыс даласында мерт болғаны, қанша әйел, бала-шағаның жазалаушы отрядтың қолынан өлгені белгісіз күйінде қалды. Бір анығы – Торғайдың оқығандары мен ел билеген ақсақал-болыстары арасында   өзара айтыс-тартыс туып жатса да, шешуші сәттерде бастарын сауғалап кетпеді. Олар елдің тағдыры үшін өздерін жауапты сезінді, ең қиын сәттерде   ел-жұртының қасынан табылды.

Амангелді мен Әбдіға­пар соңынан ерген сарбаз­дардың соңғы шайқасы қарашаның соңында Бат­пақ­қарада өтті. Батпақ­қа­раның Құм кешу деген жерінде 700 шамалы сарбаз Торғайдан келе жатқан әскердің жолын тосады. Солдаттар алыстан зеңбі­рек атып, сарбаздарды қа­шырып, іздеріне түседі. Батпаққараның табанына ығысып, бекініп жатқанда, 400 солдат үстінен түсіп, күні бойы бір-бірімен атыс­қан. Сол жерде 6 патша солдаты өлген, қазақтан 50 шақты сарбаз оққа ұшады. Кешке солдаттар Батпаққа­раға келіп қонғанда, сол түні қазақтар Ақбас Иван атандырған Торғай қала­сының уезд бастығы полковникке шұғыл пошта жі­бертеді. Барған пакетті өзі ашқан полковник еште­ңе деп айтпай, таң ата сол­даттарға Торғайға қайтуға бұйрық береді. Торғайға келісімен бірқатар солдатын қалаға тастап, қалға­нын соңына ертіп Орынбор­ға асыққан. Сол кеткеннен полковник жоғалды. Тари­хи құжаттарда осы жерден бастап Әбдіғапар Жанбо­сынұлының іс-әрекеттері жөнінде сөз жоқ, ауызша де­ректерде Әбдіғапарды Әліби Жангелдин қастан­дық­пен өлтірді деп айтылады.
1917 жылы 10 наурызда Торғайға Николай патша­ның тақтан құлаған хабары жетті. Наурыздың соңында Орынборда шақырылған съезде Әлихан Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облыстық комиссары болып тағайындалды. Сә­уір­дің соңында Торғайда уа­қытша үкіметтің бөлімшесі – земство басқармасы құ­рылды. Торғай земство басқармасы бастығы –Қор­ғанбек Бірімжанұлы, уезд комиссары – Омар Алмасұлы, хатшылыққа –Әлмағамбет Қасымұлы сайланды. Күзге қарай орыстардың большевик пен меньшевикке бөлінуі Торғай даласында да әсе­рін тигізді. Меньшевиктер жағына үгіттеушілер сол кезде Торғайды билеп тұр­ған Қорғанбек Бірімжан­ұлы, Омар Алмасұлы, Әл­ма­ғамбет Қасымұлы және елдің беделді ақсақалдары –Тәжмағамбет Көтібарұлы, Жайық Құлжанұлы, Зей­нолла Құлжанұлы, Сүйін Ата­байұлы, Қамбар Есбер­генұлы, Қосжан Тоқтабай­ұлы, Көбек балалары.
1917 жылдың тамызы­ның соңында Ақтөбе жағы­нан Әліби Жангелдин Тор­ғай еліне келіп: «Ресей хал­қының екіге бөлінуі рас, бі­рақ Бірімжан ұлдары айтқандай, бәлшебек партиясы ел таласы емес, бәл­шебек партиясы нағыз қара шаруа мен кедейлерге бостандық алып беретін, әділдікті көксейтін партия» деп қолына түскен халықты ашық үгіттеп, Торғайда боль­шевиктер партиясын ұйымдастырды. Қолдау­шы­­­лары – Амангелді Иман­ұлы, Оразғали Асауұлы, Николай Токарев, Әкімбек Төкеұлы, Сейітқасым Көш­кімбекұлы, Қанапия Қай­дасұлы, Кенжеғұл Бүркіт­ұлы, Сейдахмет Бәйсейіт­ұлы, Рүстем Әбдіғапарұлы. Елдің беделді ақсақал­да­рынан большевиктерді қол­даушылар – Әбдірахман Иманқұлұлы, Дәуренбек Сән­дібайұлы, Оспан Шо­лақ­ұлы, Нәрімбай ұлдары, Кәрібоз Қабауұлы. Бұлар – 1916 жылғы көтерілісте патшаға қарсы тұрғандар.
1918 жылдың қараша­сында Әліби Жангелдин 150 солдатпен келіп Тор­ғайда кеңес өкіметін орнатты. 15 адамнан құралған Тор­ғай уездік кеңесін құр­ды, бастығы – Амангелді Иман­ұлы.
Осы кезде бір бөлек Алаш жігіттері Алаш үкі­метін құрмақ болып Орын­бор арқылы Торғайға келе жатты. Жолда Әліби совет орнатты дегенді естіген олар не Ырғыз, не Торғай уездеріне кіре алмай, Тор­ғай қаласынан 150 шақы­рым Төре қопасы деген жерге тоқтап, елші жіберді: «Бірге қызмет жасайық, қару-жарағымызбен кір­гізіп алсын!». Торғай боль­шевиктері хабар алғасын Кәрім Тоқтабайұлы мен Қияқбай Үркімбайұлын жіберді. Орқаш деген жерде олар Алаш адамдарымен кездескен соң Қоңы­раулы, Саға деген жердегі өтей, мәдияр ауылдарына келіп, екі ай бірге жүрген. Қоңыраулы, Саға – Алаш басшылары Міржақып Дулатұлы мен Сейдазым Кәдірбайұлының туған жұр­ты. Дулатұлы мен Кәдір­байұлының соңында 400 Алашорда әскері бар. Осы жерде жұрт Алаш әскерін күтіп алып, мәре-сәре болады. Тампай ақсақал Алаш жолына деп көк қасқа ту бие шалған. Басқалары да осылай Алаш отрядына сый-құрмет көрсетеді. Өтей, мәдияр ауылдары Алаш отрядына өз арасынан 60 ерікті жігітті таңдап береді. Алаш адамдарына Торғай қызыл үкіметінен астыртын хабар жіберіп тұрғандар – Қазгелді Қар­пықұлы, бұрынғы уезд бас­тығы Ақбас Иван, Нар есімді қыз. Торғай қызыл өкіметінен Алаш отрядына елшілікке жіберілген Кәрім Тоқтабайұлы бұл кезде Алаш әскерінің шаруашы­лық бөлімінде.
Міржақып Орынбордан бірге келе жатқан 60 атты орыс солдатын Адамов ауданы арқылы кері қайтарып жібереді де, Алаштықтан бас тартып, кеңеске кіре­тіндіктерін айтып, Қияқбай Үркімбайұлынан хат жазып жіберді. Хат қолына тиген Иманұлы Ақтөбе майданында соғысып жатқан Әлі­бимен телефонмен сөйле­се­ді. Әліби Шалқарда. Алаш жігіттерінің қасында­ғы 60 атты орыс солдатын кері қайтарып, кеңес өкі­метіне кіреміз дегендерін жеткізгенде, Әліби: «Шын қызмет істейтін болса, Торғайға кіргіз. Бірақ олар кірмес бұрын Мәскеуде өтетін большевиктер съе­зіне Алаш адамдарынан –Ахмет Байтұрсынұлы, Сей­дазым Кәдірбайұлы, Бай­қадам Қаралдыұлы ме­­­­­ні­­­мен бірге жүрсін. Олар маған қосылып, жүріп кеткен соң ғана Алаш адамдарын Торғайға кіргіз»,                                         деп бұйрық береді. Хабар алған соң Алаш адамдары Бай­тұр­сынұлын, Кәдірбай­ұлын шақыртып, Иманұлы­на хабар бергізеді. Міржа­қып Дулатұлы, Ахмет Байтұр­сынұлы, Сейдазым Кәдір­байұлы, Омар Алмасұлы –барлығы 7 кісі Торғай қала­сына келе жатып, Май­­­­­­қа­­­­­рауда Әбдірах­ман Иманғалиұлының ауылында қызылдың 50 әскерімен ұшырасады. Бұлардың бастығы Сейдахмет Бәй­сейітұлы, взвод командир­лері – түрік Жамал Эдит, Никита Заваришкин. Алаш басшыларын жолда ұстап алып, Торғайға кіретін болсаңдар, қаруларыңды тастап кет дейді. Сол жерде Дулатұлы біз қарумызды беріп, Торғайға бармаймыз дегенде, Кәдірбайұлы Байтұрсынұлымен оңаша сөйлесіп, қолдарындағы қаруларын тапсырады.
Торғайға келген соң Байқадам Қаралдыұлы, Ахмет Байтұрсынұлы Жан­гелдиннің шақыртуымен жүріп кетеді де, әрі қарай үшеуі Мәскеудегі съезге бірге аттанады. Кәдірбай­ұлы бармайды. Жангелдин Байтұрсынұлымен жолық­қан соң Майқараудағы қы­зыл әскерге Алаш әскерінің Торғайға кіруіне рұқсат деген бұйрық жетті. Алаштың 450 әскері сөйтіп Торғай қаласының ішіне кіріп ор­нықты. Әскери комис­сар­дың көмекшілігіне Кә­рім Тоқтабайұлы тағайын­далды. Міржақып Дулатұлы мен Мырзағали Есболұлы бар билікті өз қолына алды.
Взвод командирлері Жамал Эдит пен Никита За­варишкин, пулеметші­лер­дің басшылары Ғаб­долла Мүлікұлы, Ахмет Жүсіпұлы Алашорда әскері жағына шықты. Амангелді Иманұлы мұны сезбейді. Сол уақытта Шалқар майданына Торғайдағы сә­беттің барлық әскері жетсін деген Әлібидің хабарын алып, шабдар жорға атпен Қанапия Қайдасұлы жеткен. Жангелдиннің қағазын Амангелді Міржақыпқа көрсетіп, Шалқардағы қы­зыл әскерге жәрдем беру керек дегенде, Міржақып:
– Ат төбеліндей қа­зақ­тың баласымыз. Қазіргі уа­қытта бүкіл Ресей мемле­кеті екіге бөлініп төбелесіп жатыр. Біз солардың еш­қайсысына жәрдем бер­мей-ақ, өзімізді өзіміз қо­рып отыруымыз керек, –дейді. Иманұлы:
– Олай емес, біздің бәл­шебек болудағы мақсаты­мыз – бәлшебек әскері жеңсе біз де жеңеміз, же­ңілсе біз де жеңілеміз. Сон­дықтан солардың өлген жерінде бірге өлеміз және Әлібидің (Әлібайдың) тәр­тібі бар. Сендер бермесең­дер, өзім тіл алған адамдарыммен жүремін, – деп қа­ру-жарағын асынып, әс­­­­­ке­­­ріне хабар берді. Пу­лемет бастықтары, взвод командирлерінің Алашқа кіріп кетіп, бірқатар әске­рінің мылтығынан айырыл­ғанын бір-ақ білген Иман­ұлы енді Торғайда қалудың мәні жоқтығын, Торғайды Алаш ала тұрсын, өзіме ерген адамдармен қызылдың әскеріне көмекке барайын деп, үйіне келіп қару-жа­рақ, киімін сайлап, жүруге дәм етіп жатқанда, Алаш отрядының 20 адамы келіп, Амангелдіні ұстамақ болды. Амангелді тұрған үй Торғайдың Совет көшесі, бұрынғы райсоюз орна­ласқан үй. Алаш отрядының келе жатқанын көргесін іштен қақпасын бекітіп алды. Кіргізбегесін олар сырт­­­тан мылтық атады, Амангелді іштен атады. Үш сағат атысады, сол жерде Амангелдінің қорада тұрған жарақты атына оқ тиіп өледі. Алаш отряды кеңсеге келіп, Иманұлы ия өзі өл­мей, яки бізді өлтірмей алдыратын емес дегенде, сол жерде Торғайдың ақсақал­дары атысу керек емес, біз оны алдап шақырып ке­лейік, қалғанын өздерің біліңдер дейді. Иманұлын шақыруға барған ақса­қалдар: Кейкінің ағасы Зей­нолла Құлжанұлы, Той­мағамбет Көтібарұлы, Кә­рім Тоқтабайұлының әке­сі – Досжан, Сүйін Ата­бай­ұлы, Дәуренбек Жақып­ұлы, Нұрпейіс Аяпұлы. Со­ңында әскер болмағасын Аман­гелді оларды үйіне кіргізеді. Ақсақалдар:
– Амангелді шырағым! Арғын-қыпшақтың баласы едік, бөтендігіміз жоқ еді, Құдай деп, Құран деп бір ынтымаққа кіріп едік. Жаңа ғана Міржақыптардың көті­не ерген бір иттері осында келіп, мылтық атып ұят жасапты. Соны Мір­жақып, Сейдазымдар ес­тіп, оларға шыбық соғып жатқан жерден біз тоқтатып келдік. Бізді сізге солар жіберді. Шалқардағы фронт­қа жү­ремін десең, бірге жүрейік. Бірақ Тор­ғай­ды да иесіз тас­тамай, әскердің бір бө­лігін осында тастап кетейік. Тіпті түгел жүреміз десек те…Онда Амангелді шы­рағым, ат төбеліндей ар­ғын-қып­шақ­тың баласы едік, кешегі кү­ні бас қосып, бір ынты­маққа кіріп едік. Бүгінгі күні итше ырылдасып, бөлек-бөлек болып жатуларың анау кеткен Бай­тұрсынның Ахме­тінен де, Жангел­дин­нің Әлі­биі­нен де ұят қой. Ба­ланың ісін істемей тас­таң­дар. Кең­­­се­ге жүр, шыра­ғым, – деп үс­темшілік айтқанда, Иман­ұлы:
– Ақсақалдар, сендер бұл сөзді үлкендік деп айтып отырсыңдар. Дулатов жаңа келіп ақтық сөзін айтқан. Өз әскерімді өзіме бермей, пулемет басында­ғы­ларды да азғырып алған­дығын жаңа барып көріп келіп отырмын. Отрядын жіберіп мені ұстатпақ болды, атып тастамақ та болды. Енді мен алаштарыңа сенбеймін, енді Алашыңа бармаймын. Өлсем бос­тан­дық жолында, қызыл­дың әскеріне барып бірге өлемін. Жібермеймін деуші болса, ол күштерін тағы кө­рем. Тұр, ақсақалдар, үй­ді босат, – дегенде, ақса­қал­дар ұшып тұрып, бел­бау­ларын мойындарына салып:
– Амангелді шырағым, сені біз қазақтың бір баласы деуші едік. Кешегі патша заманында да қазақ баласының басына ауыр күн туғанда, қара болатша қайыспай, қаһарлы пат­шаның айбатына қарсы тұрып, Торғай елінен адам бергізбей қалған сен едің. Бізге шаш қойған, шоқын­ған Міржақып секілділер керек емес, бізге сен ке­рек­сің. Ерегіссе осы Торғай уезіндегі 13 болыс елі, сені­мен біз бірігіп тұрсақ қайда барады? Біз оны қазірде жоқ етпейміз бе? Біз сенің жолыңда құрбан­дық! – деп аяғына жығыла­ды. Иман­ұлы:
– Қайыр, ақсақалдар, жы­ламаңдар. Мен Алаш адамдарына сенбеймін, бірақ сендер үшін барам. Осы жолда өліп кетсем, ме­нің қаным сендердің мо­йын­дарыңда. Бірақ өлсем де соңымнан іздеу болар, ақсақалдар, естеріңде болсын, – дейді де, басқа қаруын таба алмағасын, наганын беліне байлай ақ­сақалдардың соңынан ере­ді. Алда ақсақалдар, артта – Амангелді. Емпең­де­ген ақсақалдар кеңсе есігінен кіріп, төр үйге өте бергенде, артындағы Аман­­гелдіні сенектен күтіп тұрған Алаштың 8 адамы ұстап, на­ганын тартып алып, абақтыға апарып қа­мап тас­тайды. Бұл сәуірдің бас кезі. Амангелді қа­малған соң үйін опистап, 2 қапшық бесатар оғын, басқа да құралдарын алып, Аман­гелдінің сенімді адамда­рының қаруларын тартып алады. Қайдасұлы мен Бәйсейітұлы өздерін Алаш отряды ұстап алатынын біліп, қора-қораның арасымен елсізге қашып кетеді. Амангелді абақтыға жа­былған күннің ертеңіне Міржақып пен Омар Алмас­ұлы Алаш отрядынан 100 адамды түн ішінде ертіп алып, қаладан 12 шақырым – Қосдоскөл деген жерде Қайдасұлы мен Бәйсейіт­ұлын іздеп, таба алмайды. 30 шақырым жүріп, Орын­бай деген жерде дәл сол күні түсте ақтың көп отрядынан ығысып, Шалқарда соғысып жатқан қызыл­дарға қосылу үшін келе жатқан партизан Таранның әскерімен ұшырасады.
Баян Сәрсембина,
Ақтөбе
(Жалғасы бар. Ақтөбе облыстық мұрағатының деректері бойынша дайындалды).
zhasalash.kz

 

Related Articles

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Айтпай кетті демеңіз… (Тибет архиві туралы)

    Алтайдан ауған ел туралы тарихи жазбаларда оқтын-оқтын айтылғаны болмаса исі қазақ жұртына Тибет туралы түсінік әлі күнге дейін беймәлім. Әсіресе Тибет жазба деректерінде күллі түркі баласының тарихы туралы тың деректердің көмулі жатқанын тіптен біле бермейміз. Тибет- тарихи деректің ең көп сақталған аймағы саналады. Мәдени, әдеби, рухани және тарихи түрлі деректердің ықылым заманнан бері жақсы сақталуымен сырт әлемді өзіне баурап кеген Тибет жұртына 19 ғасырдан бастап Батыс экспедициясы баса назар аударып кешенді зерттеулер жасады. Соның негізінде Тибеттегі кейбір салалық байырғы деректер Батысқа көшірілді. Есесіне Тибеттану ғылымы қалыптасты. Жағырафиялық орналасуы тым ұзақ болғандықтан Тибеттану ғылымы қазақ жұртына қажеттілік тудырмады. Тибеттанумен негізінде алпауыт күштер айналысты. Олар тибет жұртын игеруді басқа қырынан бағалады. Тибетте

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

  • Шағын сараптама:Шыңжаң өлкелік үкіметі, шетелге оқушы жіберу жұмысы

    Шағын сараптама 1934-35 жылы жаңа Шыңжаң өлкелік үкіметі құрылған соң шетелден оқу, шетелге оқушы жіберу жұмысы кешенді жүзеге асты. Соның негізінде өлкелік үкімет Совет Одағынан оқитын жас талапкерлерге конкурс жариялап арнайы үкіметтің оқу стипендиясын бөлді, нәтижесінде 1935-39 жылдары ұзын саны 300-ге тарта студент Совет Одағында білім алды. 1935 жылдары Шығыс Түркістандық студенттердің ең көп оқуға түскен білім ордасы- Ташкендегі САГУ еді, атап айтқанда Орталық Азия Мемлекеттік Университеті. Ташкеннен оқыған Шыңжаңдық студенттер Шығыс Түркістанның барлық аймақтарында түрлі қызметте жұмыс істеді, оларды кейін “Ташкентшілдер” деп те атады. 1939 жылдан кейін Мәскеу мен Шыңжаң өлкелік үкіметтің арасы дипломатиялық дағдарысқа ұшырады, соның кесірінен ресми Үрімжі Совет Одағы құрамындағы студент азаматтарды елге шақыртып алды. Білім

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: