|  |  | 

Тарих Қазақ шежіресі

БӨРІЛЕР ЖОРТУЫЛҒА ШЫҚТЫ

Edil  qagan


Арада бір қыс өтсе де Түркі жұртының олқу-толқуы тоқтамады. Таң ордасы Батыс Түріктегі он оқ халқын құзырына қаратуға қанша тырысқанымен, тау жайлаған тибеттер оларға ырық бере қоймады. Баяғы Дапей бұлағындағы шайқастан соң табғаштар да тибеттермен бетпе-бет келуге жүректері шайлығып қалды. Бір иықтарын жалаңаштап, аң терісінен жұрындап ішік киген тибеттер ұзын түлкі немесе қарсақ бөріктерін алшита киіп, қоңыр жорға аттарымен Аталайдан Тәңіртауға дейінгі сары даланы еркін шарлап, ту батыстағы Сарымсақты асуына дейін ат басын тірейтін. Барсакелмес атанған Такла-макан шөліне құятын Күнше, Зерапшан, Жоңқаш, Тарым өзендерінің бойын жайлаған егінші жұрттармен қоса Тәңіртаудың күнгейі мен теріскейіндегі көшпелі түріктер әлі де Тибет отарында еді. Табғаш ордасы бұл кезде олардан сарайға қуғын көріп келгендерді бауырына тартып, сырттай шен-шекпен бергені болмаса, он иелік жұртына билік айтудан қалған болатын.
Он иелік – ұлы жұрт. Оның батысы Темір-қапыққа, теріскейі Меңіреудің тұңғиық қара орманына, түстігі Тәңіртаудың күнгейіне, шығысы Боғда мен Аратүрікке, Идұқбашқа дейін созылып жататын. Алтай кейде он иелік, кейде он оқ аталған тардұш түріктері мен шығыста Табғаш бодандығына түскен түліс түріктеріне ортақ еді. Алтай тауының күнгейінде Шеміршек деген жерде түріктердің алтындалған ордасы бар еді. Әйдік орда еді. Тардұш, түліс түріктері, олардың ақсақалдары, ағамандары сонда бас қосатын еді. Қысы-жазы ордасы сонда еді.
Түрікше қоян жылы, табғашша Ұлы Таң патшалығының дяолу жылнамасының бірінші жылы (679) көктемде тардұш және түліс түріктерінің ақсақалдары, ағамандары сол жерде бас қосты. Ван Либэньннің алаңдауы тегін емес екен. Олар сонда бірігіп, Таң патшалығына қарсы көтерілсек деп ақылдасты. Бұл жерге Таң әскерлерінің аяғы жете бермейтін. Бөрілі таудан да, Бес-балықтан да алыс еді. Тибеттер де оңай келе алмайтын. Түрікке қолайлы жер еді.
Ақсақалдар ақылдасып:
- Көтерілейік, Тәңірқұт басқақ бегі Үнбе кісі жіберді. Ол бізді қолдайды екен! – деді.
- Енді көтерілмесек, ұрпақтарымыз өз-өзімізге жат болар. Садақ көтерер кісі қалмас, деді.
Бұл сөзді естіп бәрі алаңдады. Қорықты. Үнбеге кісі жіберді. Алыстан елші келгенде Үнбе де астанадан Ашына Низекті, Моншақты алдырып, олармен кеңес құрып отыр еді. Мақсаты Низекті түліс түріктеріне қаған қою еді. Сол жерде жасы отыз үшке келген Тоныкөк те отырды. Бұл Тоныкөктің Моншақты алғаш көруі еді. Ол бұрыннан Табғаш жеріндегі бір әскери бекіністе тұрғауыл болған екен. Енді елге келіпті.
Алтайдан келген елші аяғында саптама етігі, бұтында тақыр шалбары, үстінде жеңіл торғай көз сауыты, жарғақ күртесі бар жас жігіт екен. Ту Алтайдан қосар атпен жалғыз өзі ғана келіпті.
Үнбе оған күміс қырсаулы үлкен шарамен қымыз берді. Жігіт оны алды-артына қарамай сылқыта жұтты. Оған қарап сүйсінген Үнбе жігіт сусын ішіп, әптігін басқан соң келген бұйымтайын сұрады. Жігіт жан-жағына жалтақтап, «айта берем бе!» дегендей сәл бөгеліп қалып еді, Үнбе алды-артына қоймады:
-Тартынбай айта бер, бұл кісілер бөтен емес, – деді. Жігіт Алтайдың күн бетінде, Шеміршек қолатында жиналған ақсақалдардың сәлемін жеткізді.
-Ақсақалдар бұған дейін бір емес, бірнеше рет бас қосты. Оларға сіздің сәлеміңіз де жетті. Бұдан ары қарап отыра берсек, түркі халқы түбірімен жойылмақ. Атадан қалған елдік пен ерлікті ту етіп ұстар ұрпақтан айырыламыз десті. Сол үшін сізден үміт күтіп отыр, -деді.
Үнбе ойланып қалды. Ол енді шыдай алар емес. Онсыз да патшаны да, Ван Либэньді де алдап, Тәңірқұт басқақтығына Табғаш әскерінің келуінің алдын алып, ереуіл атқа ер салар күнді ойлап ай-күн, әлетін тосып жүргеніне де неше айдың жүзі болды. Тәңірқұт басқақтығындағы жиырма төрт дуанның елі шала бүлініп, ақсақалдары алаң көңіл болып отырғанда одан әрі қол қусырып қарап отырған жараспас. Бұрынғыдай сөзбұйдаға салып, жұртты алдаусырата бергенмен Таң патшалығы оларға ойран болған қағанатын қайта құрып бермейді. Түн ұзаса түс көбейер деген. Кім біледі, ертең әлдеқайдан сайтан түртіп, істелген істің, бүкіл күш-жігердің бәрі зая кетпесіне! Жаман айтпай жақсы жоқ. Түркі халқының тағдыр-талайы қыл үстінде тұр. Жұрттың бәрін жақыным деп жаныңа тарта алмайсың. Табғаштардың алдап-арбауына түскен тағы біраз ұлықтың өз ішкі есебі өздерінде. Оларды халқының қайғысынан көрі қара басының қамы қинайды. Қайтсем хан сарайдан, патша ағзамның алдынан алтын аяқтан су ішем деп армандайды. Ендігіде дәл сондайлардың орта жолда орға жықпасына кім кепіл. Бірақ солай екен деп отыра беруге тағы болмас.
Ол бұрылып Тоныкөкке қарады. «Баяғыда бір ораты келіп еді, онда сен басу айтқансың. Түркі халқы етек-жеңін жинасын, есін білсін дегенсің. Одан бері де аз уақыт өткен жоқ, енді бізге бөгет болма!?» дегендей ішкі айтар ойын көзінен білдірді.
Тоныкөк «тұра тұр, мына жігіт не дейді екен?» дегендей алыстан келген жолаушыға қарады.
-Сен өзің кімсің, қай атаның баласысың? – деді.
-Менің атым Күллі-чор. Нәсілім Ашиде. Сіздерге чықан, жиен боламын. Руым сегіз оғыз, жасым он тоғызда, деді. Өзі де қарпымды, қылқандай жігіт екен, жауабын айтып болып енді не сұрайсың дегендей Тоныкөктің аузына қарап бір тізесін шынтақтай отырды.
-Ақсақалдар жиналғанымен, олардың артынан ерген қолы, қол бастайтын ағамандары бар ма? – деді Тоныкөк.
-Бар. Олардың көбі біздің Тәңірқұт басқағынан. Ханғай басқағынан да бар. Он иеліктен келген ақсақалдар – олар да қол дайын деп отыр.
-Дегенмен он иелік түгел емес болар?
-Солайы солай. Бұдан алдын Он иелікке аттанған Пэй Синцзян Тушы қағанды ағамандарымен қоса қолға түсіріп, Чань-аньға сүргінге айдап, Сяо Сы-ие бастаған Таң әскерін сонда қалдырып кетіпті. Басшысынан айырылған ел үрейленіп, тағы да тибеттермен бірігіп кеткен көрінеді.
–Не дейді!
–Иә, ақсақалдар. Сондай жағдай болуы болды.
-Сяо Сы-ие әлі тірі ме еді?
-Тірі екен, ағатай.
-Ол неме кезінде Су Диңфаңмен бірге барып Қара қағанды қолға түсіріп, астанаға сүргінге айдаған еді. Енді Пэй Синцзянмен бірігіп Тушы қағанды да ұстап, оның да бетін Чань-аньға бұрған болды ғой.
-Дұрыс айтасыз. Он оқтарға қарсы әр аттанған сайын оның жолы болып келеді.
- Қарай көр өзін!
Үнбе тісін тісіне басып, ұрынарға қара таппай отыр.
-Енді ұрыста тұрыс жоқ. Елді солтүстікке көшіріп, өзіміз атқа қонамыз! – деді.
-Алты дуандағы елді қайтеміз? Оларды осы беті Табғаш қоластына тастаймыз ба?! – деді бір қария. Оның аты Құлашын еді.
-Жоқ, оларды әсте қараусыз қалдырмаймыз. Біз бұл жолы Тоныкөкті қатарымызға ертпейміз. Ол Ван Либэньмен бірге кетсін. Алты дуандағы елге бұл өзі бас-көз болады. Кейін Көк тәңірі қолдап жолымыз болса ол бауырларымызды үйіріне қосамыз.
-Апыр-ай деген, солай болса игі еді! – деп Құлашын қарт сақалын сипап күрсініп жіберді, жат жұртта өгейлік көп көріп, екі көзі төрт болып өлеусіреп бітті ғой ол жақындарым.
Сол күні Үнбе Күллі-чордың басқаруына қосар атымен, азығымен қырық жігіт берді. Олар бес қаруын асынып, бұлқыншағын байланып, бір-бірімен хабарласатын жерлерін белгілеп, Бөрілі таудан Алтайға дейінгі сайын далаға сіңіп кетті. Таң патшалығының арнайы өртеңдерін пайдаланбай, иендегі ат арқандық сулы, тұрғылы жерлерді талдап, екі жағынан хабар күтті. Тепсе темір үзетін жас шабандоздар ту алыстан тізгін ұшымен жеткен хаттарды іліп алып екіншісіне жеткізетін. Осылайша Үнбенің Ашына Низекті қаған сайлап, түліс түріктерін бір тудың астына біріктірмек болғаны көп өтпей қарлы Алтайдың күнбетінде – Шеміршек қолатында отырған ақсақалдарға да жетті.
Көне түркі жазуында Хотанның саман қағазына қытайы қылауышпен өте ыждахаттап жазылған ақжолтай хатты көргенде, ақсақалдар қуаныштары қойындарына сыймай жырғап қалды.
- О, жаратқан! Бір тұяқ серіппей кетеміз бе деп едік.
-Бөрілі таудың бөрілері жортуылын бастаған екен. Енді аузы-басын қандамай қайтпас…
-Оларға Көк тәңірім қормал, Көкбөрі ием жебеу, аруақтар арқа болсын! – десіп, алда кім не істейтіндіктерін ақылдасты. Үлкен ақбоз биені құрбанға шалып, ата-бабалары Бумын, Істеми, Тоңябғу секілді күлік қағандардың аруағын атап отырып, қолдарын қызыл қанға малып, ант-су ішті.

ӨТҮКЕН ЖОЛЫ— ҚҰМКЕШУ

Бұл кезде Тоныкөктің сарайдағы оқуы әлдеқашан бітіп, орда ұлығы ретіндегі өмірі басталған-ды.
Өткен жылан жылының (669) қысында ол Үнбе, Ашына Низектермен бірге Өтүкен тауындағы сыр-ендалардың бүлігін жаныштауға қатысып қайтты.
Ол жолы бұрыннан Түліс түріктеріне теріскейден жау болып келген сыр-ендаларды бір тұқыртып алу түріктер үшін де аса қажет болды. Балаларын кепілге берген түріктің әрбір ағаман-ру басылары алда-жалда қағанатты қайта құрудың қам-қарекетіне кіріссек әуелі ту сыртымыздағы белдеу жау – сыр-ендалардың қаупінен құтылайық деп Құмдандағы (Чань-аньдағы) ел беделділеріне жасырын қолқа салған еді. Олардың бұл қам-қарекетіне Таң мемлекетінің сыр-ендаларға қарсы жаза жорығын жасау жөніндегі жарлығы да сәйкесе кетті. Қай-қай жағы да жауды жаудың қолымен соғып алуды ойлады. Кезінде түліс түріктеріне солтүстіктен түре тиіп, Таң қоластына түсуге итермелеген де осы сыр-ендалар болатын. Енді жазасын тартсын деді жұрт.
Сол қарлы қыста Тоныкөк Өтүкен қойнауына дейін барып қайтты. Соңдарынан ерткені кілең түрік сарбаздары еді. Мұндай қыстың көзі қырауда алты малта ас қылып, ат жалында кірпік айқастырып, қарлы маңғар даланы көктей өтіп, атқан оқтай жебелеп тартар тек түріктер ғана еді.
Сақылдаған сары аязда майлы тобылғыдан салған ауыздықтарын қарс-қарс шайнап, тұмсығынан демдері атпалдаған тоқ жарау аттарға мініп, мұздай темір құрсанған қалың қол Орхон қыратына жеткенде сыр-енда елі тайлы-тұяғымен келіп қылша мойын талша деп тізе бүкті.
Жасы жиырма үштегі Тоныкөк жас болса да бас болып қалған еді. Ашиде Үнбе, Ашына Низек секілді ағалары соғысқа шебер болғанымен амал-айлаға келгенде Тоныкөктің аузына қарайтын. Отбасы, үйелменімен, кәрі-жас демей алдарынан шыққан елді – соғыстан, қорқыныш-үрейден әбден жүдеп-жадаған елді көріп олардың аза бойы қаза болды.

— Бұлар да өз түркіміз, бауырларымыз еді. Солай бола тұра қағандарының, ағамандарының берекесіздігінен араларында береке-бітім болмады. Елге де тыныштық бермеді. Енді не істейміз? – дегенде Тоныкөк ат үстінде қабағын түйіп, буырқанып, шырқы кете ширығып оларға ұзақ қарап тұрды.
— Енді не істейміз? – деп Ашиде Үнбе қылышын жалаңдатып екінші қайтара сұрағанда Тоныкөк:
—Тек бүлік бастаған адамдарының басын алайық. Бұқара жұртқа тимейік, – деді.
Олар Өтүкенде сыр-ендалардың қаған ордасында үш күн ерулеп, Тайзоң заманында оларға қаған болған Тобықчының ұлдары Ярман мен Баршұқтың жақ-жақ болған ағамандарын ұстап әкеліп басын кесті.
— Неге бұлай істедіңіз? – дегенде Тоныкөк:
—Бұлар біздің аяғымызға қадалған шөгір. Ертең өзімізге оралғы болады. Бір туған бауыр бола тұра бұлардың бізге пайдасынан зияны көп болды. Таң мемлекетінің алдында олар бізді ылғи да жарға итеріп келді. Кезінде бұлардың атасы Інжу Білге қаған да солай еткен еді. Кейін оның ағасының ұлы Тобықчы да солай істеді. Енді, міне, Тобықчының ұлдары мен олардың жақтастары шықты! –деді.
Інжу Білге қаған демекші, бір кезде оның балбалы да Ілік (Ел)қағанмен бірге Тәңір қағанның (Таң патшасыТаң Тайзоңның түрікше аты) қабір кешеніне қойылған еді. Олай болатын да жөні бар. Кезінде Інжу Білге қаған сыр-енда елінде Инан деген атпен белгілі болды. Алтайдың күнбетінен көшіп, Өтүкен қойнауына барған оның ұлысы алғашында Сыр елі атанды. Кейін Өтүкендегі Енда елін өзіне қосып алып Сыр-енда болды. Оларға Инан қаған болып тұрған кезде елінде қиын-қыстау күндер болып, ол қарамағындағы жетпіс мың түтінмен келіп Ілік қағанға кірім болды. Ілік Таң мемлекетіне қарсы ұрыс салғанда Тәңір қаған (Таң Тайзоң) Инанға сырттай Інжу Білге қаған деген атақ беріп, оған дабыл мен бөрібасы байрақ тарту етті. Мақсат – Ілік қағанды ту сыртынан әлсірету еді. Осыған күпіне қалған Инан Ілік қағанды көзге ілмей бұрындары өзіне еріп келген елін қайта бастап Өтүкен тауына барып, ордасын сонда тікті. Таң мемлекетінен тағы да қолдау болып қала ма деп үміттенген ол інісі Тоң-тегінді сарайға сауға-сәлемге жіберді. Патша оған алмас сапы мен дырау қамшы тарту етіп:
—Қарауыңдағы елден бағынбағандардың басын кес, ауа жайылғандарды аямай дүреле! – дейді. Ілік қолға түскен соң Тайзоң оның күш бермей кетуінен қорқып, ұлдарына кіші қаған деген лауазым береді. Сырт көзге мұның өзі үлкен ілтипат секілді көрінгенімен, іс жүзінде патша осы арқылы оның әл-қуатын жоюды ойлады. Сырттай сыйласқанымен Инан Інжу қағанның да Таң патшалығына бір бармағы бүгулі еді. Тайзоң патша шығыстағы Тай-шань тауына барып, Көк тәңіріне тәу еткен орайында Инан екі жүз мың әскермен Қапыт Тегін иелігіндегі Табғашқа қараған түліс түріктерін шапты. Сол жолы сайыпқыран Ли Цзи оны тойтарды. Кейін Инан қаған өліп, қылмысы Ілікке теңестіріліп, балбалы Цзюзоң-шань тауындағы Тәңір қаған Таң Тайзоңның қабір кешенінен қойылды. Елі Түліс түріктерімен бірге бодан болды.
—Иә, Инан ақылды болса сол кезде Ілікке сүйеу болуы керек еді. Басына күн туғанда Ілікті барып паналады. Табғаш қағаны арқадан қаққанда Ілікке қарсы шықты. Оның ұлдары да не Түрікке, не Табғашқа қайыр қылмады, – деді Ашына Низек.
Топ алдына шығып қара халыққа араша тілеген бір қария да осылай деді. Кезінде сайыпқыран Ли Цзи Тобықчыны талқандағанда бұлардан бес мың адамды бауыздап, жиырма мыңнан астам ер-әйелді қойша көгендеп, көк сүңгінің астына алып айдап, Ұлы қорғаннан кіргізген еді.
Бұлар олай істемеді. Қанша дегенмен өз халқы, өз түрігі еді. Өз қолын өзі кесе алмады. Тек олардан өлімге үкім етілген бүлікші ағамандарының басын алып, Чань-аньға қайтып кетті.

—”МӘҢГІТАС” кітабынан

Тұрсынхан Зәкенұлы

Related Articles

  • Тек тілге байланысты…

    Тек тілге байланысты…

    Қазақ Республикасында бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол- қазақ тілі. Қазақ тілінен басқа ешбір екінші тілге мемлекеттік мәртебе берілмеуі керек! Отыз жылдан астам уақыттан бері геосаяси ахуалды сылтауратып келдік. Енді біздің де мінезімізді һәм мысымызды көрсететін уақыт келді. ҚР-ның азаматы һәм салық тапсырушы қатардағы тұрғыны ретінде талап етемін! Алдағы бес жылда Қазақ Республикасында елеулі демографиялық өзгерістер болады. Атап айтқанда 2030 жылынан кейін қазақтардың республикадағы жалпы үлесі 80-85% ке дейін артады. Славян халықтарының өсімі азайып 10%-ға дейін түседі. Есесіне елдегі түркітілдес өзбек, татар, ұйғырлардың өсімі еселеп өсіп тіпті 10-15 жылда орыстардың орнын басып озуы мүмкін. Сол кезде Қазақ Республикасындағы жалпы түркітілдес халықтардың үлес салмағы 85-90% ке жетеді. Нәтижесінде қазақ мектептерінің саны,

  • “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін.

    “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл” деп жазылып тұр ғой дейді. Неге ондай сөздің пайдасы жоқ екенін түсіндірейін. “Жаңа конституцияның” 9-бап 2-тармағы тұрғанда құжаттар ешқашан қазақша жасалмайды. Тек аударма тілі болып қалады. Себебі мемлекеттік бюрократия 9-баптың 2-тармағына сүйеніп, іс-қағаздарды орысша жасап үйренген. Сол себепті іс-қағаздың бәрі алдымен орысша жасалады, кейін қазақшаға қалай болса солай аударылады. Сол себепті 1-тармақтың болғаны қазақ тілінің нағыз мемлекеттік тіл мәртебесінде болуына еш көмектесе алмайды. Бір ғана жолы бар: конституцияда мемлекеттік тіл де, ресми тіл де – қазақ тілі деп тайға таңба басқандай жазылып тұруы керек. Құжаттың мемлекеттік тілдегі нұсқасының ғана заңды күші болуы тиіс. Сол кезде басқа тілдердегі нұсқасы жай аудармасы болады. Сол кезде ғана қазақ

  • Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

    Мемлекеттік тіл: Қауқарлы ма, әлде әлі де декларация ма?

     Серік Ерғали Суреттер: aqmeshit-zhastary.kz, democrat.kz сайттарынан алынды. Ата Заң жобасының талқысы Қазақстандағы ең сезімтал, ең ұзақ талқыланып келе жатқан мәселенің бірі — мемлекеттік тілдің нақты мәртебесі. Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылғанына отыз жылдан асты. Алайда қоғамдағы шынайы сұрақ әлі де ашық: қазақ тілі — басқарудың тілі ме, әлде символдық мәртебедегі тіл ме? Тіл мәселесі неліктен шешілмей келеді? Себебі біз ұзақ уақыт бойы тілге: – мәдени құндылық ретінде ғана қарап келдік; – оны мемлекеттік басқару тілі ретінде нақты бекітпедік. Нәтижесінде: – Конституцияда бір мәтін, – тәжірибеде басқа жағдай қалыптасты. Бұл қайшылық тілдің емес, конституциялық айқындықтың әлсіздігінен туындады. 9-баптағы басты түйін Жоба бойынша: 1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. 2. Мемлекеттік ұйымдарда

  • “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    “Төңкеріс жасауға машықтанғандар” кім? Қаңтар құпиясы ашылса, салдары не болады? Депутатпен сұхбат

    Нұрбек ТҮСІПХАН Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан Азаттыққа сұхбат беріп отыр. Астана, 26 қазан, 2023 жыл Қаңтарды кім ұйымдастырғанын билік біле ме, білсе неге ашық айтпады? Парламентте неге Қаңтар бойынша тағы тыңдау өтпейді? Президент Тоқаев Қаңтар “төңкеріс жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен” ұйымдастырылды деді. Олар кімдер? Мәжіліс депутаты Абзал Құспан осы сұрақтарға жауап берді Азаттық: Абзал мырза, сіз – Қаңтар оқиғасына бір тараптан емес, жан-жағынан қарауға мүмкіндік алған адамсыз. Ең алдымен сол оқиғаға тікелей қатыстыңыз, жұртты алаңға шығуға шақырдыңыз. Одан кейін қанды қырғында қамауға алынғандарды босатуға ат салысып, заңгер ретінде де араластыңыз. Одан бөлек мәжіліс депутаты есебінде де жаңа бір ракурстан қарап отырсыз. Айтыңызшы, жан-жағынан қарағанда Қаңтар оқиғасында сізге

  • Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Олжас Сүлейменов. Мен білем!.. 

    Серік Ерғали Суреттер: madeniportal.kz және С.Ерғали мұрағаттарынан алынды. «Я знаю!..» кітабынан үзінді-аударма. ОСИРИС ЗАҢЫ I Біз адамзат тарихын өте нашар білеміз. XIX ғасырдың басында Наполеон әлемге Мысырды ашты, ал ғалымдар бұл елдің қирандыларын зерттеп, оның шамамен б.з.д. III мыңжылдыққа тиесілі екенін анықтады. Сол кезде адамзат тарихы тағы да қос мыңжылдыққа тереңдей түсті. Бірнеше мыңжылдық бұрын (мен білем) адамзат (немесе оның кейбір бөлігі) таңбалы жазуды қолданып, жазып жүрген. Бұл білімдерді қалпына келтіру арқылы біз XX ғасырдың басында жасанды түрде үзілген тіліміздің тарихына қатысты қолжетер шындықты қайта тануымызға тура келді. 1926 жылы Бакуде өткен алғашқы түркологиялық конгрестен кейін түркология ғылым ретінде қалыптаса алмады… …2018 жылы Назарбаев мені әңгімелесу үшін Ақордаға шақырды. Үлкен үстелдің басында

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: