Қанат Ислам мен Патрик Аллотей баспасөз жиынын өткізіп жатыр
Алматыда қазақастандық кәсіпқой боксшы Қанат Ислам мен онымен 29 қазанда рингке шығатын қарсыласы ганалық Патрик Аллотей баспасөз конференциясын өткізіп жатыр.
Патрик Аллотей Алматыға бірер күн бұрын келген. Кездесу Алматыда 29 қазан күні сағат 18-де “Арена” кешенінде өтеді.
Баспасөз конференциясында Аллотей “Қазақстанға ойын үшін емес, жеңіс үшін келгенін” айтты. Ол “Қанат мен сияқты мықты қарсыласпен жұдырықтасып көрген емес” деді. Аллотейдің сөзінше, ол Қанат Исламның Олимпиада ойындарына қатысқанын, оның бұған дейінгі жекпе-жектерін зерттеп көргенін айтты.
Қанат Ислам қарсыласының мықты екенін, бірақ барлығы рингте айқындалатынын айтты.
Қанат Исламның қарсыласы ганалық 25 жастағы боксшы Патрик Аллотей кәсіпқой рингте 36 кездесу өткізіп, 34 кездесуде жеңіске жеткен, екі кездесуде жеңілген. Ал Қанат Ислам кәсіпқой рингте 21 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол 19 жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтаған.
Азаттықтың “Сіз жеңемін деп келдіңіз және соған сенімдісіз. Дегенмен, жеңілген жағдайда қандай реакция білдіресіз?” деген сұраққа “Мен жеңілемін деп келген жоқпын” деп қана жауап берді.
Қазанның 29-ындағы кездесуде жеңіске жеткен боксшы супер орта салмақта (69 кг) WBO (Әлемдік бокс ұйымы) тұжырымы бойынша құрлықаралық чемпион және IBO (Халықаралық бокс ұйымы) тұжырымы бойынша халықаралық чемпион атағын алады. Ал Қанат Ислам WBA Fedelatin нұсқасы бойынша Америка аймағы чемпионы атағын қорғауы тиіс.
Азат Еуропа / Азаттық радиосы
Пікір қалдыру