Саясат
Тосын Трамп немесе әлемдiк саясаттағы жаңа тренд
“Бағы жоққа тағы жоқ”. Сонымен, АҚШ-та президент ауысатын кез жеттi. “Бақан тiрес, ит тартыс”, бұрын-соңды болып көрмеген айқай-шуға, өсек пен төсекке, жеке басқа барушылыққа дейiн жеткен cорақылау сайлаудан кейiн қаңтардың басында Ақ үйге демократ Обаманың орнына республикашыл Трамп келедi де, алдағы төрт жыл бойына дүние жүзiндегi ең дамыған елдi басқарады, әлемдiк саясатқа өз ықпалын жасайды.
Шындығын айту керек, о баста “миллиардер Трамп президент болады” деп ешкiм ойлаған жоқ. Сол болжауды жоққа шығара алған Трамптың феноменi неде және одан бiз, Қазақстан, қандай қорытынды шығара аламыз? Әлде мәселе тек оның осы жолғы сайлауға жұмсаған 500 миллион долларында ма?
Бiрiншiден, бүгiнде әлемнiң бет-бейнесi ғана өзгерiп жатқан жоқ: адамзат өмiрiнiң барлық саласында күтпеген, тосын құбылыстар мен оқиғалар орын алып жатыр. Дағдарыс тек экономика мен қаржы салаларын шарпып өтпедi. Құндылықтар, соның iшiнде қоғамдық-саяси және геосаяси мазмұны бар ұстанымдар мен дәстүрлер де өз дағдарысын бастан кешiп жатыр. Бейнелеп айтар болсақ, Трамп – сол үлкен дағдарыстың бiрегей көрiнiсi.
Саясат, соның iшiнде оның қалыптасып-түзiлген, көз үйренген заңдылықтары да жаңаша сипатқа ие болды. Әрине, Трамптың образын бiз көбiнесе оны онша жақтырмайтын шетелдiк БАҚ арқылы бiлiп жатырмыз. Сондықтан да бiздiң ол туралы ойымыз бiржақты кетуi де мүмкiн. Десек те, оның нақты мынандай имиджi қалыптасып қалды. Атышулы шатаққұмар, даңғаза. Ертең не айтып, не қоятынын ешкiм болжай алмайтын эксцентрик. Өмiрдiң бар қызығына ешкiмнiң пiкiрiне пысқырмай-ақ тойып жүрген қыдырымпаз. Кейде төбеден жай түскендей қойып қалатын шешен. Классикалық үлгiдегi саясаткерге мүлдем ұқсамайтын, ешқашан мемлекеттiк қызмет атқарып көрмеген бизнесмен. Халықаралық саясатта ел үш ұйықтаса түсiне кiрмейтiн бастамалардың авторы.
Дәл осындай тосын мiнездемесi бар адам АҚШ секiлдi үлкен державаның президентi болып шыға келедi деп кiм ойлаған? Ешкiм де ойлаған жоқ! Тiптi маңдайы жетi қарыс, әлемнiң ең үздiк те бiлгiр деген саясаттанушылары да осы жолы дұрыс болжам жасай алмады! Оған қоса, кезiнде бiр ұйымның “уығын қадасып, шаңырағын көтерiскен” партияластары оның одағайлау, эксцентрикалық болмысын қабылдай алмай, демарш жасап, одан бас тартқан жоқ па?! Бiр сөзбен айтқанда, үлкен саясат деп жүрген құбылыс ендiгi жерде басқаша қалыпқа құйылды, танымдық өлшем өзгердi.
Және де ол тек қана АҚШ-қа ғана қатысты емес. Германияиның беделдi Bild am Sonntag газетiнiң тапсырысы бойынша Emnid агенттiгiнiң жасаған социологиялық зерттеуi бойынша, немiстердiң 44 пайызы осы күннiң өзiнде Трамп секiлдi саясаткердiң өз елдерiнде болашағы зор болар едi деп жатыр. Яғни, трампизм халықаралық аренаға шықты! Осы фактор басқа елдерде де қайталанып, саяси алаңға күнi ертең дәл осындай кейiпкерлер ойламаған жерден шыға бермей ме? Және де олардың дәстүрлi саясаткерлердi жеңбесiне кiм кепiл?!
Екiншiден,Трамптың сайлауалды бағдарламасы талай жұртты таңғалдырып, ал кей тұстары тiптi шошындырып жiбергенi бар. Әрине, мен Трампты танып- бiлдiм деуден аулақпын. Ол өз уәделерiнiң бәрiн жүзеге асыра ала ма? Әлде, нақты өмiр оған өз түзетулерiн енгiзе ме? Мәселен, президент орынтағы үшiн күрес барысында Трамп Обаманың медицинадағы реформасының быт-шытын шығарып сынап, “түкке жарамсыз” деп танып едi. Ендi болса, “Обамамен сөйлестiм, оның реформасының бiраз оң тұстары бар екен” деп шегiншектеп жатыр. Немесе сайлау науқаны кезiнде “АҚШ пен Мексика шекарасында қорған тұрғызамын!” деген уәдесiн алайық. Солай-ақ болсын. Бiрақ соншама қаржыны Трамп қайдан табады? Және де қазiргi заманғы көлiктiк технологиялар тұсында ол қорғаннан не пайда? АҚШ-қа келгiсi келетiндер Мексикадан да басқа ел таппай ма? Мәселен, Канада немесе мұхит арқылы да “тең мүмкiндiктер елiне” жете алады ғой.
Үшiншiден, сайлау алдында Трамп пен Клинтон екi түрлi аудиторияға арнап сөз сөйлеген сыңайлы. Клинтон билiк басындағылар мен ықпалды қаржылық топтарға көбiрек үмiт артса, Трамп орташа тапқа, яғни қатардағы американдықтарға арқа сүйегендей. Оның саяси темiрқазығы солар болды. Сондықтан екеуiнiң де риторикасы, сөз саптауы мен көтерген мәселелерi екi түрлi шықты. Оның үстiне Клинтон Обаманың iзбасары ретiнде қарастырылды, ал Обаманың сөзсiз жетiстiктерiмен бiрге, бiршама кемшiлiктерi де бар. Әсiресе, әлемдiк дағдарыстың отанына айналған Америкада осы күнге дейiн өз шешiмiн таппаған экономикалық және әлеуметтiк мәселелер шаш етектен екенiн ескерсек, таразының басы қай жаққа ауғаны айтпаса да түсiнiктi.
Төртiншiден, Трамптың сайлауалды бағдарламасының осындай, шектен тыс әрi экзотикалық тұстарының қағаз жүзiнде қалатынының тағы бiр себебi бар. Оның түбi АҚШ-тағы билiк тармақтары арасындағы тепе-теңдiкте жатыр: ол елде президент барлық мәселенi жеке өзi шеше алмайды, ең маңызды шаруалар бойынша ол Конгрестiң келiсiмiн алуы керек. Иә, қазiр Конгресте Трамптың партияластары басым. Бiрақ, ол органның құрамы жүйелi түрде жаңарып отырады. Сонымен бiрге ендi о бастан “ұзында өштi, қысқада кектi” Демократиялық партия Трампқа ашықтан-ашық оппозиция болады, ал ол партияның қатарында елге сөзi өтетiн мықты саясаткерлер бар. Олар сайлаудағы жеңiлiсiн ұмыта қоймас та, есесiн қайтарар. Оның үстiне төрт жылдан кейiн тағы да сайлау, демократтар осы күннiң өзiнен соған дайындалары хақ! Мұның үстiне елдегi тәуелсiз прокуратура мен сот жүйесiн, еркiн БАҚ-ты қосыңыз. Әрбiр сөзiн аңдап сөйлеуге үйрене қоймаған Трамптың әр қадамын олар ендi ерекше ыждағаттылықпен аңдып отырары да шын. Бiр сөзбен айтсақ, Трамп ендi “ұзын арқан, кең тұсау” бола алмайды. Әзiрше Трамп ескi әуенiнен жаңыла қойған жоқ, бiрақ…
Трамптың iшкi және сыртқы саясатының қай бағытта iске асарын болжап айтудың өзi мүмкiн емес; әлемдiк саясаттану бұрын-соңды Трамптай құбылысты көрiп, бiлмеген, оның қай сөзiне сенерiн де бiлмей жатыр.
Әрине, халықаралық қарым-қатынаста адами, жеке тұлғалық тұрғыдан белгiлi бiр өзгерiстер болады, ол сөзсiз. Бiрақ АҚШ секiлдi түпкi мүдделерi ғасырлар бойына түзелiп, қалыптасқан тұтас бiр конгломераттың сыртқы саясаты бiр күннiң iшiнде 180 градусқа өзгере қояды дегенге мен сенiңкiремеймiн. Бұл мәселе, әсiресе, НАТО мен Сирияға, Ресейге қатысты. Әлемде геосаясаттың тағы бiр мықты кiндiгi – G-7, яғни “үлкен жетiлiк” бар екенiн ескерсек, Трамптың сайлауалды сөздерi орындалса, АҚШ мұхиттың ар жағында оқшауланып қалуы әбден мүмкiн, Оған қарсы күштер Американың өзiнде жетерлiк. Олардың пiкiрiн Трамп қалайша жоққа шығарады? “Жетiлiктен” тыс қалуы – дүниежүзiлiк трендтен тыс қалуымен пара-пар.
Ал Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасқа келсек, Ақордаға ұнамаса да, ащы шындық сондай – ол мәселе Вашингтон мен Мәскеу арасындағы байланысқа тiкелей тәуелдi. Өйткенi бiз өзi ұстараның жүзiнде отырған Ресейдiң шылауындамыз, онымен бiр одақтамыз, бiр блоктамыз. Ашығын айтсақ, санкцияның астында қалып, “ұшар көгi, қонар көлi тарылған” Кремльдiң айтқанынан шыға алмаймыз.
Ал даудың басы болған Украина мен Сирияға қатысты екеуара текетiрес тез арада шешiлетiн түйткiл емес. Кеше ғана Еуроодақ: “Бiздiң Ресейге және оған жариялаған санкцияларымызға көзқарасымыз АҚШ-тың позициясына байланысты емес, ол ұжымдық пiкiрiмiз өзгермейдi!” деп кесiп айтты. Трамптың ең жақын серiктесi, өзi де миллиардер, Нью-Йорктың бұрынғы мэрi Рудольф Джулиани болса, “АҚШ Ресеймен күш тұрғысынан қарым-қатынас жасайды” деп тағы мәлiмдедi. Байқап отырсақ, Трамптың антиресейлiк риторикасы Обаманыкiнен де қатқылдау боп тұрған секiлдi.
АҚШ-пен байланыс туралы айтқанда жұрт “адам құқы мен бостандықтары, демократия” секiлдi ұғымдарды сабақтастырып жатады. Менiңше, Қазақстанда осы салада орын алған жағдайға Трамп немесе басқа президент болсын, бәрiбiр өз талаптарын айтып отырады. Өйткенi өз елiнiң iшiнде ол жалпыадамзаттық талаптар мызғымастай боп орныққан және де бостандығы шектелген елмен қарым-қатынасқа түсуi, сөзсiз, оның саяси оппоненттерiнiң аяусыз сынына ұшырайды. Сондықтан да, батыс елдерiнiң басшылары демократиялық риторикадан айни қоймайды. Оның үстiне Назарбаевтың орнын басар президент те легитимдi сайлау арқылы билiкке келуi керек, шетел инвестицияларының сақталуының бiр кепiлi сол емес пе? Батыс, соның iшiнде АҚШ та, соған мүдделi болуы тиiс.
Иә, Трамптың жеңiсiне қуана қоймаған адамдар аз емес. АҚШ-тың өзiнде мыңдаған адам көшеге шығып, наразылық бiлдiруде. Тiптi кейбiр сәуегейлер “Трампқа импичмент жариялануы мүмкiн” деген болжам айтуда. Демократиясы дамыған Америкада бәрi де мүмкiн. Бiрақ бiр нәрсе анық: Трамп бiреуге ұнар, бiреуге ұнамас, бiрақ ол – АҚШ-тың келесi президентi. Ол фактыны мойындау керек. Кеше ғана “бақыттың да көзi соқыр” деген сыңайда оны келемеждеп жүрген бiраз тұлғалар бүгiнде өз ойларынан айни бастағаны да сезiледi: қызметтiң аты қызмет.
Сондықтан да ол, Трамп, АҚШ-тың 45-шi президентi ретiнде, институт және тұлға ретiнде, алдағы төрт жылда тек қана АҚШ-қа емес, бүкiл дүниежүзiлiк саясатқа өз әсерiн тигiзбек.
Ол әсер оң бола ма, терiс бола ма, оны уақыт көрсетедi…
Әмiржан Қосанов
zhasalash.kz
Пікір қалдыру