|  |  | 

Руханият Сұхбаттар

Зайсандағы «Қазақия» және «Ғизатия» медіреселері Шығыстағы мұсылман орталығы болған

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатайұлымен еліміздің шығыс өңіріндегі діни ахуал, өткені мен бүгіні туралы сұхбаттасқан едік.baq.kz

Ермек қажы, Өскемен өңіріне өкіл имам болып тағайындалғаныңызға жылға жуық уақыт болып қалды. Осы мерзім ішінде қандай игі бастамаларға мұрындық бола алдыңыз?

Бисмиллахир рахманир-рахим! Иә, Жаббар-Хақ біздің маңдайымызға Шығыс Қазақстанда, Өр-Алтайдың тәжі болған Өскеменде діни қызмет етуді жазыпты. Аллаға сансыз шүкірлер болсын!

Жалпы, бір жайтты жақсы білгендеріңіз жөн, ҚМДБ-ға қарасты өкілдіктер өз бетінше ештеңе жасамайды. Біз тек ҚМДБ төрағасы, бас муфти мен орынбасарлары және аппарат жетекшісі тарапынан берілген нұсқауларды тиісті мерзім ішінде қал-қадірімізше орындауға күш саламыз. Негізінен ҚМДБ-ның өкілдікке тапсырған уағыз-насихат ісі, жат ағыммен күрес, сауат ашу курсы, мешіт аясында қайырымдылық шаралар, діни экстремизм мен терроризм бойынша түзеу мекемелерінде жазасын өтеп шыққан азаматтарды қайта қоғамға бейімдеу жұмыстарымен шұғылданамыз.

Мешіттерімізде жыл бойы «Қазақстан мұсылмандарының тұғырнамасы», «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жылға 2020 дейінгі білім беруді дамтыу тұжырымдамасы», «ҚМДБ қызметкерлерінің этикасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» секілді құжаттар мен тәлімдерді түсіндіріп, ұдайы насихаттаймыз. Жылма-жыл дәстүрлі түрде қайталанып отыратын Ашура, Мәуліт, Барағат, Қадір кеші, Ораза айт, Құрбан айт секілді діни атаулы күндер мен мерекелерді, сондай-ақ, бас муфти Ержан қажы Малғажұлы 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» деп атап өтуіне байланысты осы тақырып аясында конференциялар мен көшпелі семинарлар өткізуді қолға алдық. Бұдан өзге «Исламдағы зайырлылықтың орны» атты аймақтық конференция мен «Ақсақалдар форумын» өткіздік. Айта берсек, күн тәртібіндегі ірілі-ұсақты талай игі шараларды атқарып келеміз. Дегенмен, шараларды атқару барысында мейлінше науқаншылдыққа ұрынбай, сапасына маңыз аударудамыз.

«Исламдағы зайырлылықтың орны» атты конференцияда нендей мәселелер көтерілді? Ислам мен зайырлылық ұғымдары бір-бірімен қабысатын дүние ме?

Бұл конференцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз ислам дінінің құндылықтары мен зайырлы қоғам арасындағы сабақтастықты насихаттау болды. Алқалы шараға ҚМДБ-ның уағыз-насихат бөлімінің басшысы Ершат Оңғаров, Дін істері комитетінің Дін мәселелерін ғылыми зерттеу және талдау орталығы Исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұхан Исахан, Шығыс Қазақстан облыстық Дін істері басқармасының басшысы М.Мұхамеджанов, Семей қаласындағы «Алаштану» орталығының директоры Тұрдығұл Шаңбай, сондай-ақ Назигүл Ғазизова, Айжан Қартаева сынды ғалымдар шақырылып, баяндамалар жасады. Конференцияға облыс пен қала әкімдігінің қызметкерлері және аймақтағы мешіт қызметкерлері түгелдей қатысты. Біздің мемлекетіміздің дін мәселелерін реттеудегі ұстанымы зайырлылық қағидаттарға негізделген. Кейбір шетін діни көзқарасты ұстанушы азаматтар осы зайырлылықты дұрыс түсінбей, дін мен мемлекетті бір-біріне қарсы қоюда. Осы мәселенің тігісін жатқызып, зайрлылық құндылықтарын таратып түсіндіру уақыт талабына айналып отыр. Конференцияда баяндамашылар елімізде мемлекет пен діни бірлестіктердің қарым-қатынасын реттеудің құқықтық негіздерін жан-жақты түсіндіріп берді. Жиынға қатысушылардың таным көкжиегі артып, конференциядан зор әсер алды. Көтерілген тақырып аса маңызды болғандықтан кейін «Ислам және зайырлы қоғам» атпен аудандарда да семинарлар өткіздік.

«Дін және тарих тағылымы» жылына қатысты қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?

Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің бастамасымен қолға алынған «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында Өскемен қаласында «Зайырлы қоғамдағы ұлттық және рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ақсақалдар институтының рөлі» атты өңірлік қариялардың I форумы болып өтті. Елімізде тұңғыш рет өтіп отырған бұл алқалы жиынға ҚМДБ-ның Өскемен аймағына қарасты 10 ауданмен Өскемен, Риддер қаласынан 170-ден астам ел ағалары, абыз ақсақалдар шақырылды. Жиынға ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысының орынбасары Сансызбай Құрбанұлы, ҚР МСМ Дін істері комитетінің Дін мәселелерін зерттеу, талдау ғылыми орталығының Исламды зерттеу бөлімінің басшысы, дінтанушы ғалым Мұхан Исахан, ШҚО Дін істері басқармасының басшысы М.Мұхамеджанов және облыстық «Нұр Отан» париясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты.

Басқосуың мақсаты: дініміз бен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, ұлттық және рухани құндылықтарымызды ұлықтау, салтымыздың жақұт-жауһарларын қайта жаңғырту, ұрпақ жадына орнықтырып, санаға сіңіруге бағытталды. Алқалы жиында сөз алғандар қазіргі таңда елді елеңдетіп, қауіпсіздігімізге қатер төндіретін жат ағымдардың тамырына балта шауып, жолын кесудің бірден-бір жолы салт-дәстүрімізді жаңғыру, әлеуметтің діни сауаттылығын арттыру, жамағатқа дұрыс діни түсінік беру екендігін баса айтты. Жиында салттық рәсімдерді бірізділікке салу, ысырапшылдыққа салынбау, осыған байланысты мәселелерді ҚМДБ- ның Ғұламалар кеңесі қабылдаған пәтуалар негізінде орындау ұсынылды. Форумда ақсақалдар осы бағытта шешімін таппай келе жатқан ойлар мен ұсыныстарды ортаға салды.

Сонымен бірге, «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында мешіт жамағаты мен сауат ашу курсында оқитын шәкірттерді Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өткеніміздің куәсі саналатын тарихи құнды жәдігерлермен таныстырдық. Осы шара Қатонқарағай ауданында «Дін және тарихи сабақтастық» атты семинармен жалғасын тапты.

Саған айтар бір сыры бар мылқау қара тастың да,

Өткен күннің бар белгісі жатыр құмның астында, – деп Мұхтар Шаханов ағамыз жырлағандай имамдармен бірге төл тарихымыздың жауһары атақты «Берел» қорғанына далалық экспедиция жасап, ондағы «Патшалар жазығында» болып, керемет әсер алып қайттық. Мешіт шырақшылары қазақтың бай тарихымен танысу барысында ұлтымыздың дінін ардақтаған, өресі биік халық екеніне тағы да көз жеткізе түсті. Бұйырса, жыл аяғына дейін тағыда бір-екі іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз

Дін саласында қызмет еткеніңізге біраз жылдың көлемі болыпты. Тәжірибелі маман ретінде Шығыстың имамдарына көңіліңіз толды ма?

Биылғы жылы имамдарды аттестациядан өткізуге ҚМДБ-ның Діни істер бөлімінің басшысы К.Тұрдыбаев, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісінің орынбасары С.Шоқанов шақырылды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Шығыс Қазақстанның мешіт имамдары ешкімнен кем емес. Мешіт имамдарының 50 пайызға тақауы жоғары білімді. Орта деңгейдегі имамдардың көпшілігі Алматыдағы Имамдардың білімін жетілдіру институтында оқып білім алған. Десе де, аймақтағы мешіттерге білікті имамдарды тарту үшін биыл мен жазтоқсанның басында ОҚО-ғы «Шымкент» медресесі мен Алматы облысындағы «Үшқоңыр» медресесіне арнайы барып, медресе түлектерімен сұқбаттасып, оларды Шығысқа шақырдым.

Сондай-ақ, өңір мешіттерін жас діни мамандармен қамдау мақсатында «25 жылдыққа 25 қадам» жобасы аясында «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жасаған болатынбыз. Осы жоба аясында Алматыдағы «Нұр-Мүбарак» университетінің биылғы жылғы түлектеріне арнайы дастархан жайып, шақырып сөйлестім. Нәтижеде, «Нұр-Мүбарак» университетін бітіріп, қолдарына дипломдарын алған 15 түлек Шығыс Қазақстан облысы Өскемен аймағына қарасты қала, аудан мешіттеріне қызметке қабылданды. ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфтидің бұйрығымен жас мамандардың екеуі Д. Нұрнәсір Шығыс Қазақстан облысы «Көкпекті аудандық мешітіне» және С.Сметов Ұлан аудандық «Мұса баба» мешітіне бас имам болып тағайындалса, басқалары қала, аудан мешіттеріне найб имамдық және ұстаздық қатарлы қызметтерге бөлінді.

Осы жас мамандардың алаңсыз жұмыс жасауына бар мүмкіндік туғызып, баспана қамтуға қол ұшын берген шығыс қазақстан облысының әкімі Данияал Кенжетайұлы Ахметов және Өскемен қаласының әкімі Ерлан Аймұқашев ағаларымыға шынайы ниетпен алғыс білдіремін.

Алла қаласа, алдағы уақытта да өңір мешіттерін білікті имамдармен қамтамасыз етуді жалғастыра беретін боламыз.

Ал, мешіт имамдарының біліктілігін ширатуда қандай іс-шаралар атқардыңыздар?

Өзге өңірлерге қарағанда діни экстремизм белгілері төмен болғандықтан, мұнда елімізге белгілі теолог-ғалымдар көп ат ізін салмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Шығыс Қазақстан облысы Дін істері басқармасы және Дін мәселелерін зерттеу коммуналдық мекемесімен бірге бірнеше рет имамдардың біліктілігін көтеретін семинарлар ұйымдастырдық. Семинарларға елімізге теолог-ғалымдар Ершат Оңғаров, Асқар Сәбдин, Сансызбай Шоқанұлы, Мұхан Исахан және т.б. да мамандар шақырылды. Сондай-ақ, имадармен бірге ақпараттық-насихат тобының мүшелеріне арнап «Дін мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының басым бағыттары» тақырыбында семинар өткіздік. Оған Ақтөбе мен Павлодар қалаларынан дінтанушылары мен аудан және қала имамдары қатысты. Сонымен қатар, 2015 жылы өткен Республикалық имамдар форумында қабылданған құжаттың бірі – «Имамның тұлғалық келбеті» болатын. Осы құжатты имамдардың санасына сіңіру, ондағы ұстанымдармен талаптарды талдау мақсатында «Имамның тұлғалық келбеті: Діни қызмет-мәртебелі міндет» атты семинар өткіздік.

Өңірде мешіттері бар, имамы жоқ ауылдар көп. Діни мамандар тапшылығын жою мақсатында облыстық өкілдіктің күшімен, Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің жанынан 2 айлық сауат ашу курсын ұйымдастырып, оқытып жатырмыз. Мұнда әр ауданнан 20 дан астам имамдыққа бейімі бар азаматтар дәріс алып жатыр. 4 мезгіл ас, жатар орны мешіттен дайындалды. Бұл іске аудан имамдары белсенді ат салысуда. Олар курсты бітіген соң имамы жоқ ауылдарға барып қызмет етеді. Бізге діни мамандар қажет деп аудан әкімдіктері тапсырыс беріп отыр. Оларға жалақы, баспана мәселесі шешіледі.

Имамдардың біліктілігін арттыру мақсатында қолға алған әрбір іс-шараның оң әсері мол болды. Әрбір семинарда мешіт қызметкерлерінің таным көкжиегі кеңейіп, біліктілігі ширатыла түсті. «Ат аунаған жерде, түк қалады» демекші, Шығысқа келген әрбір майталманның қалдырған өнегесі біз үшін мол рухани байлық. Осылай бұл үрдістің дәйім жалғаса беретініне сенімдімін.

Сөз басында қайырымды іс-шараларға да басымдық беретіндеріңізді айтып қалдыңыз. Қандай қайырымдылық шараларын атқардыңыздар?

Ағымдағы жылы Діни басқарманың тапсырмасы бойынша «Мүгедектерге мейірімділік танытайық» атты акция жүргізілді. Осы акция аясында ҚМДБ-ның Өскемен аймағы өкілдігі облыс орталығындағы «Үлбі» әлеуметтік сауықтыру орталығында мүгедек балаларға қайырымдылық шарасын өткіздік. Мұнда жеткіншектерге облыстық мешіт атынан тәттілер мен ойыншықтар үлестірілді. Сонымен бірге, «Қайырымдылық-қадірлі іс» атты қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырдық. Мешіт қызметкерлерімен сауат ашу курстарының ұстаздары мен шәкірттері қолдан әртүрлі тағамдар дайындап әкеліп, оны сатуға шығарды. Жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа зәру емделуші Ахметова деген отандасымыздың шотына аударылды. Қалған қаражатты Наурыз мерекесі қарсаңында «Үлбі» сауықтыру үйіндегі мүгедек балаларға жұмсадық.

Өскемендегі «Үміт» балалар үйіне барып, қайырымдылық шарасын өткізіп, шара барысында 30-ға жуық балаға спорттық формалар мен спорттық құралдар, тәттілер тарту еттік. облыстық «Халифа Алтай» мешіті Ұлан ауданындағы «Хоспис» мекемесіндегі панасыз қарияларға қамқорлық жасап, осы қарттар үйінің ескірген жылу жүйелерін күрделі жөндеуден өткізіп бердік.

Діни басқарманың «Бауырыңа өмір сыйла» акциясы шығыс өңірде мешіттер арасында кең өрістеп, жамағат жүрегіне жол тапты. «Халифа Алтай» мешітінде жұма намазына жиналған қауым қан тапсыру шарасына қатысты. Қанға мұқтаж жандарға өмір сыйлауға асыққан қауымның көптігі сонша, қан алатын арнайы көліктің алдына жамағат ұзын-сонар кезекке тұрды. ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфтидің қасиетті рамазан айында қайырымдылық жасау, сауапты істерді көптеп ұйымдастыру туралы берген тапсырмасына сәйкес Өскемен аймағы өкілдігі жамағатқа тегін қызмет көрсететін тұңғыш рет «Имам такси» жобасын қолға алдық. Осы Рамазан айында мешіттерімізде отыз күн бойы жамағатқа ауыз ашар ұйымдастырдық. Бірінші қыркүйек күніне орай өңірдегі әлеуметтік аз қамтылған мектеп жасындағы мыңдаған оқушыға көмек көрсеттік. Құрбан айт мерекесінде тұрмысы төмен 400-ден астам отбасыға 1 жарым тонна құрбан еті мен азық-түлік таратылды.

Мешіттің БАҚ және қоғамдық ұйым өкілдерімен қарым-қатынасы қалай?

Жалпы, мешіт қызметкерлері жергілікті газет-журналдар мен телеарналарға шығып, ұдайы діни мағұлматтар беріп отырамыз. Мысалы, қасиетті Рамазан айына дөп келген журналистер мерекесі қарсаңында журналистерге ауызашар ұйымдастырдық. Ақ дастархан басындағы алқалы жиынға Өскемен қаласындағы облыстық БАҚ өкілдері, Семей қаласынан журналистер, қалалық ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты. Өңірдегі діни мәселелерді, ислам жауһарларын қаламына арқау етіп жүрген үздік журналистерге марапат ұсынды.

Басқа да қоғамдық ұймымдармен тығыз қарым-қатынастамыз. Осы жылы Шығыс Қазақстан облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жаңабай Әшімов және қариялармен кездесу өтікздік. Сондай-ақ, «Жаннат ананың табанының астында» атты қайырымдылық шараларының аясында «Халифа Алтай» мешітінде елге еңбегі сіңген ардақты апалармен бірге көпбалалы аналарға кәде-сый жасалып, құрмет көрсетілді.

Әдебиет және өнер өкілдерімен де байланысымыз жақсы деуге болады. «Халифа Алтай» мешіті ақындар арасында «Бағытым – Ислам, Бақытым –Тәуелсіздік» атты республикалық жыр мүшайрасын қолға алып, бас жүлдеге ие болған ақын Ғылымхал Манайдың өлеңін қасиетті Қадір кешінде жамағатқа тыңдаттық. Бұдан өзге ұлыстың ұлы күніи әз-Наурыз мерекесінде мешіт аулаларына ақ шаңқан киіз үйлер тігіп, өңірдегі тұрып жатқан әр түрлі ұлт өкілдерін шақырып, қонақ қылды. Ағаш отырғызып, ұлан-асыр той жасадық. Ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіп, қалың бұқараға шат-шадыман көңіл-күй сыйладық.

Алда қандай жоспарларыңыз бар?

Шығыс Қазақстан – мұсылман әлемінің қиыр солтүстігінде жатқан өлке. Шекара бойына орналасқан Шемонайха, Зырян, Глубокое аудандарындағы бірнеше елді-мекендерге демеушілер тартып, мешіт тұрғызуды жоспарлап отырмыз. Көрші Таулы Алтай өлкесі, онда қөзіміздің қандастарымыз көбірек шоғырланған Қосағаш ауданымен тығыз қарым-қатынас орнату ойымызда бар. Задында, Қазан төңкерісіне дейін Зайсандағы «Қазақия» және «Ғизатия» медіреселері Шығыстағы мұсылман орталығы болғаны белгілі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің бастамасымен ағымдағы жылды «Дін және тарих тағылымы жылы» етіп жариялауына байланысты біз осы екі медресенің тарихын зерделеп, оған байланысты құжаттарды зерттеп жатырмыз. Бұйырса осы «Қазақия» және «Ғизатия» медреселерінің жалғасы ретінде, шығыста Өскемен қаласында Діни медресе-рухани колледж салу бастамасы қолға алынып жатыр. Сызбалары мен жобалары дайын болды.

Шығыстан Зуқа батыр, Райымжан Мәрсеков, Отыншы Әлжанов, Баязит Сәтбайұлы секілді дін және ұлт қайраткерлері шыққан. Осы сүрлеуді жаңғыртып, Хақ діннің Шығыста қанат жаюына қолдан келгенше қызмет етпекпіз!

Әңгімеңізге рахмет!

 

Related Articles

  • Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады?

    Zhalgas Yertay         Қазақстан билігі мемлекеттік тілді дамыту үшін қатаң шешімдерге барғысы келмейді дейік. Бірақ қазіргі заңнама аясында мемлекеттік тілді қалай дамытуға болады? Соны ойланып көрейік. Қазақ тілін дамыту жайын айтқан кезде Қазақстан билігі қоғамды екіге бөледі. Бірі – тілді дамытудың радикал шешімдерін ұстанады, екінші жағы – қазіргі статус-квоны сақтағысы келеді, яғни ештеңе өзгертпей-ақ қояйық дейді. Бірақ екі жолды да таңдамай, ортасымен жүруді ұсынып көрсек қайтеді!? Батыл қадамдарға барайық, бірақ ол радикал жол болмасын. Қазақ тілін күшпен емес, ортаны дамыту арқылы күшейтсек болады. Яғни адамдар тілді үйреніп әуре болмай-ақ, халық жай ғана қазақ тілі аясында өмір сүруді үйренсін. Негізгі ой осы. Біз осы уақытқа дейін адамдар ортаны

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    «Алғашқы кітап» деректі бейнефильмі

    Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетіне қарасты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «JBF company» компаниясы Семей қаласында, Шыңғыстау өңірінде, Алматы облысының Жамбыл ауданында  «Алғашқы кітап» атты деректі бейнефильм түсіруде. Деректі фильм Абайдың 1909 жылы Санкт Петербургтегі Илья Бораганский баспасында басылған алғашқы шығармалар жинағының жарық көруіне арналады. Ұлы Абай мұрасының қағаз бетіне таңбалану тарихын баяндайды. Қазіргі адамдар бұрынғы уақыттың, Абай заманының нақты, деректі бейнесін, сол кездегі адамдардың әлпетін, киім үлгісін көз алдарына елестетуі қиын. Көпшіліктің ол уақыт туралы түсінігі театр мен кинофильмдердегі бутафорлық киімдер мен заттар арқылы қалыптасқан. Алайда Абай уақытындағы қазақ тіршілігі, қазақтардың бет-әлпеті, киім киісі, үй – жайы, бұйымдары таңбаланған мыңдаған фотосуреттер сақталған. Бұлар Ресей, Түркия, Ұлыбритания

  • ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

    ЖАЛБЫРҰЛЫ ҚОЙБАС ЖАЙЫНДАҒЫ КҮМӘНДІ КӨҢІРСІК ӘҢГІМЕЛЕР

                          1. АМАНДЫҚ КӨМЕКОВТІҢ АЙТЫП ЖҮРГЕНІ – АЙҒАҚСЫЗ БОС СӨЗДЕР        Қазақстанның батыс аймағында ғұмыр кешкен өнерпаздың бірі – Жалбырұлы Қожантай  жайлы соңғы кезде қисыны келіспейтін неше түрлі әңгімелер өріп жүр. Мұның басында тұрғандардың бірі – Амандық Көмеков. Бұрында да оның, басқа да кісілердің елді адастыратын негізсіз сөздеріне байланысты нақты дәлелдер келтіріп, «Құлан құдыққа құласа, құрбақа құлағында ойнайды» деген атаумен түзген сын мақаламызды республикалық «Түркістан» газеті (28.09. 2023 жыл) арқылы жұрт назарға ұсынғанбыз-ды. Әлеуметтік желіде Азамат Битан есімді блогердің жуырда жариялаған видео-түсірілімінде А. Көмеков өзінің сол баяғы «әләуләйіне» қайта басыпты. Сөзін ықшамдап берейік, былай дейді ол: «1934 әлде 1936 жылы (?) Мәскеуде өткізілетін

  • ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    Олар ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілінде оқудан бас тартқан. Неге солай ? Өйткені олар қазақ тілін таңдаған! Қазір университетте қазақ тілі курстары ашылып жатыр. Айтқандай, Әзербайжандарға тілімізді қолдағаны үшін құрмет пен құрмет. Олар нағыз бауырлас халық екенін көрсетті. Бірақ қазір біздің қорғаныс министрлігіне сұрақтар туындайды. Бұған дейін барлық шетелдіктерді орысша үйретіп пе еді? Біреу не сұрайды? Әйтеуір, білім – қазақ тілін насихаттаудың ең жақсы тәсілі. Ал неге орыс тілінде оқытады? Ал кім үшін? Ең қызығы, осының бәрін тек Әзербайжандардың арқасында ғана білетін боламыз. Ал неге бұрын қазақша оқытпаған, ең болмаса кейбір елдерде. Неге сол қытай тілін орысша үйретеді? Руслан Тусупбеков

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: