|  |  | 

Саясат Сұхбаттар

Арыстанбек Мұхамедиұлы: “Күдік болса, елбасы мойнымды жұлып алар еді”

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алматы, 19 қараша 2016 жыл.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы. Алматы, 19 қараша 2016 жыл.

Соңғы кездері бірнеше даулы істерде аты-жөні аталған мәдениет және спорт министрі Азаттыққа берген сұхбатында «шындық үшін күрескенін» айтты. Азаттық  радиосы 

Мәдениет және спорт министрі, соңғы кездері бірнеше азамат тарапынан жыныстық бопсалау мен жемқорлыққа қатысты айыпталған Арыстанбек Мұхамедиұлы Азаттыққа сұхбат берді. Видеокамера алдында сөйлесуден бас тартып, әңгіменің тек аудиожазбасы мен мәтінін ғана жариялауға келіскен министр өзіне қатысты дау жайлы айтты.

Азаттық: – Арыстанбек Мұхамедиұлы, бірнеше ай бұрын режиссер Талғат Жәнібеков сізді «кино түсіру үшін менен ақша сұрады» деп айыптады. Одан соң Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықова сіз туралы «жыныстық бопса жасады, ақша сұрады, кездесуге шақырды» деп мәлімдеді. Осы жағдайларға байланысты қандай уәж айтасыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Енді мен кеңірек айтсам, адамның көзқарасына, сана-сезіміне киноның әсері ерекше. Оны дүние жүзі біледі. Бір кино арқылы бүкіл бір ұлттың тағдырын шешуге болады. Біз қазақ ұлтының рухани байлығын, жеткен жетістіктерін, дәстүрін бүкіл дүниежүзіне көрсетуге тиіспіз. Осындай мақсаттарды сезінгендіктен, мен бірден кино саласына түбегейлі кірістім.

Азаттық: – Министрлікке келген бетте бірден кино саласымен айналыстыңыз ғой?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә, алдында вице-министр болғанда да араластым. Бірақ мынадай қатты мүмкіншілік болған жоқ. Оның алдында өзің білесің, ректор болдым. Біздегі үлкен факультет кино факультеті болды. Кімнің қандай мүмкіндігі бар екенін білемін. Мен келе сала бірден үлкен жиналыс жасап, айттым: «Жігіттер, бізге бөлінетін ақша ұлттық фильмдерге ғана арналады. Соны ұстануымыз керек. Біз елімізге, ұлтымызға керек, мағынасы бар фильмдерді шығарамыз. Әркімнің көзқарасындағы, ойындағы фильмдерді шығаруды тоқтатуымыз керек» дедім. Бұған барлығы келісті. Қаржы жағынан жоғары тұрған фильмдерге көңіл аудардық. Оның ішінде «Феникс» фильмі бар. Бюджеті – 3,5 миллион доллар. Үлкен ақша. Оның 80 миллион теңгесі (100 миллион теңге болуы керек, салығына ұстайды), былайша айтқанда 2014 жылғы курспен 500 мың доллар алдын-ала төленген. Содан кейін маған Талғат Мұсабаев «Космонавтар туралы фильм («Феникс» фильмін айтады – ред.) түсірілгелі жатыр. Сен режиссерді қабылдашы» деді. Ішінде Тұңғышбай [Жаманқұлов] ағамыз бар.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы (сол жақта) журналист Қасым Аманжолға сұқбат беріп отыр. Алматы, 19 қараша 2016 жыл.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы (сол жақта) журналист Қасым Аманжолға сұқбат беріп отыр. Алматы, 19 қараша 2016 жыл.

 

Азаттық: – Космонавт Талғат Мұсабаев па?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә, космонавт Талғат Мұсабаев ағамыз. Ол кезде ол кісі «Қазкосмосты» басқарды. Екеуміз үкіметтік жиналыстарда кездесеміз. Тұңғыш рет космонавтар туралы фильм түсірілгелі жатқанына қуанып кеттім. Содан кейін режиссер Талғат Жәнібеков келді. «Режиссер кім?» дедім. «Режиссері – өзім» деді. «Сценарий авторы кім?». «Сценарий авторы – өзім». «Ал, жарайды. Басты рөлді кім ойнайды?» «Өзім». Мен бірден: «Бұған келіспеймін. Мүмкін, жақсы режиссер шығарсың. Бірақ бұл – үлкен бюджетті фильм. Қасыңа басқа біреуді қосымша режиссер қылып ал, қазіргі уақытта оған мүмкіншілік көп. Ресейден шақырасың ба, Украинадан шақырасың ба» дедім. Ол екінші рет келді де: «Сценарист бір жігітті алдым» деп. Ол да – белгісіз адам. Содан кейін Тұңғышбай ағамызбен кездестік.

Азаттық: – Тұңғышбай Жаманқұловты ұсынған кім?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Режиссер мен Тұңғышбай Жаманқұловты Талғат Мұсабаев айтты. Тұңғышбай Жаманқұловты бұрыннан білемін. Ол кісі де келді. Мен ол кісілерге бірден: «Өтінішім – қастарыңызға мықты шығармашылық топ алыңыздар» дедім. Одан кейін бір-екі айдан кейін Талғат Мұсабаев маған: «Айналайын, ана сценарийді оқып шықтым. Космосқа ешқандай қатысы жоқ» деді. Содан кейін мен ол сценарийді өзіме алдырдым. Қарасам, космостық фантазия, екі ракета космоста кездеседі…

Азаттық: – Фильмнің сценарийі сценарлық коллегиядан, эксперттік кеңестен өтті ме?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Оны «Қазақфильм» қабылдаған. 80 миллион теңгені аударып та қойған. Сосын мен мазасыздандым да, сценарийді алып, түбегейлі анықтап қарай бастадым. Ештеңе жоқ, қосымша режиссер да алмаған. «Бәрін өзім жасаймын, бәрі керемет болады» дегендей. Содан кейін мен айттым: «Сіздер мына алған ақшаға не істедіңіздер, соны әкеліп көрсетіңіздер. Ары қарай бөлінетін 3 миллион доллар – өте үлкен ақша. Оған жауап беретін – менмін» деп. Олар істеген шаруаларының құжаттарын алып келді. Ол құжаттардан олардың ештеңе істемегені бірден көрініп тұрды. Сосын мен бірден Тұңғышбай ағаға: «Тұқа, сіз мына шаруаға араласпай-ақ қойыңызшы. Басқа бір жоба алыңыз. Бұның шикілігі өте көп сияқты» дедім. Бірақ ол кезде Тұңғышбай ағаның «Тұран» фирмасының құрылтайшысы екенін білген жоқпын. «Ол кісінің атақ-даңқы бар, сонысымен әр кабинетке кіреді, жігіттер сол үшін де ол кісіні продюсер қылып алған екен» деп ойлағанмын.

Министр Мұхамедиұлы мұны Тұңғышбай Жаманқұловтың «Тұран» фирмасының құрылтайшысы екенін» көрсететін құжат деп біледі.

Министр Мұхамедиұлы мұны Тұңғышбай Жаманқұловтың «Тұран» фирмасының құрылтайшысы екенін» көрсететін құжат деп біледі.

 

Сосын жігіттерге: «Бұларыңыз жарамайды, сіздер бірінші алған ақшаларыңыздың құжаттарын беріңіздер» дедім. Бір аптадан кейін ол жігіттер қайта келді. Егер біз оларға қалған ақшаны берсек, ресейлік «Алдамиса рус» компаниясы өздеріне тағы да 3 миллион доллар беретінін айтты. Олар: «Иә, біз екі жақтап түсіреміз» деді. Мен: «Ресейліктер ақшаны “Тұран” компаниясына аударсын, «Қазақфильм» ақшаны содан кейін аударады» дедім. Олар келісті. Сол кезде «Қазақфильмнің» вице-президенті болған Арман Әсенов деген жігіт: «Ареке, олар «ақша аудармаймыз, түсірілім Мәскеуде болғанда сол жақтағы техникамен қамтамасыз етеміз, ақша сол шығынға кетеді» деп айтты» деді. «Оны анықтаңдар» дедім. Біраз уақыт өткеннен кейін бұлар тағы да: «Енді Ресейге түгел ақша аудару керек» деді. Біз құжаттарды алып, қарастыра бастадық.

Министр Мұхамедиұлы бұл мәлімет сұқбатта айтылған «Алдамиса рус» фирмасы туралы екенін айтады.

Министр Мұхамедиұлы бұл мәлімет сұқбатта айтылған «Алдамиса рус» фирмасы туралы екенін айтады.

 

Сосын бұл кісілер «ол – америкалық компания» (Aldamisa Entertainment LLC компаниясын айтады – ред.) дей бастады. Талғат Жәнібеков бірнеше рет «америкалық компания» деді. Біз ол америкалық компания туралы білсек, ол жұмысын тоқтатқан екен.

Одан кейін министрлік АҚШ-тың Қазақстандағы елшісіне осы айтылған америкалық компания мен ресейлік компанияның қандай қатысы бар екенін анықтап беруін өтініп, хат жаздық. Елшінің хаты бар. АҚШ елшісі жауабында: «К сожалению, нам не удалось подтвердить факт взаимоотношений между данными компаниями» дейді.

Министр Мұхамедиұлы "АҚШ-тағы Қазақстан елшісінің хаты" ретінде көрсеткен құжат.

Министр Мұхамедиұлы “АҚШ-тағы Қазақстан елшісінің хаты” ретінде көрсеткен құжат.

 

Осы кезде бұлардың бәрі: «Біз америкалық компаниямен бірлесіп түсірмек болып едік, министр бізге жол бермеді» деп шулап жатты.

Содан кейін АҚШ-тағы Қазақстанның елшісіне де хат жаздық. Бәрі «Қазақфильм» арқылы ғой. Ол жақтан да жауап келді.

Азаттық: – Сонда Ресейде де, АҚШ-та да мұндай компания жоқ па?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Ресейдегі – уақытша ашылған компания. Америкада ашылған компания жұмыстарын екі-үш жылдан бері тоқтатқан. Сосын бізге жаңағы Aldamisa Entertainment компаниясынан хат келді. Біз де оларға алдында хат жаздық қой. «Подтверждение беріңіздер, мына компания сіздердікі ме?» деп. Сосын бұлар бізге ашуланып, хат жазған. Қолы мынау. Жалған электронды қолды алып қоя салған. Түпнұсқасын сұрасақ, ол жоқ. Бұлардың бар қоқан-лоқысы – мені қорқытып-үркітіп 3 миллион долларды алып кету. «Мосфильм» болса, бір жөн, «Ленфильм» болса бір жөн – қайдағы біркүндік компанияны ертең біз қай жақтан іздейміз» дедім.

Азаттық: – Сонымен ақша бөлу тоқтатылды деңіз. Ал Тұңғышбай Жаманқұлов «министр менің фильміме бөлінуі керек қаражатты «Қазақ елі» киносына сұрап алды» дейді. Ол кісімен араларыңызда осындай әңгіме болды ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Бір үлкен жиналыс өткізген кезде «Феникске» белгіленген ақшаны басқа жобаларға жұмсаймыз» деген сөзім бар. «Ол жиналыстың протоколына барлығыңыз қол қойыңыздар» дедім. Өйткені ол жиналыста «Қай фильм ары қарай жалғасады, қайсысын біз уақытша тоқтатамыз?» деген шешімді бірге қабылдадық. Мен «Феникстің» құжаттарының дұрыс емес екендігін, тағы да бірнеше фильмдікі бар екенін, «Қазақ елінің» басталғанын айттым.

Азаттық: – «Феникс» фильміне қатысты басталған қаржылық тексеру мен Талғат Жәнібековтің сізді айыптауының арасында қандай байланыс бар?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Бүкіл қағаздарының бәрі анықтала бастаған соң ол жігіттердің іс-әрекеті ашылып қалды. «Сіздер мұндай іс-әрекеттеріңізбен қалған қаражатты алып кетпек болғандарыңыз анықталып қалды» деген кезімде, ол азаматтар өздері халыққа жария болудан қашып, мені негізсіз айыптауға көшті.

Азаттық: – Бұл – Талғат Жәнібековтің айыптауы. Ал Еңлік Сыдықованың айыптауына не айтасыз? Сыдықова мен Жәнібековтің айыптауларын қалай байланыстырып отырсыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Еңлік Сыдықова бейнежазбасының аяғында: «Я выступаю в поддержку режиссера. Я требую отставку министра» дейді. Байланысы осыдан-ақ көрініп тұр ғой. Еңлік шыққан кезде «Феникс» фильмі төңірегіндегі тексеріс басталған. Мен қаржы полициясына олардың бопсалаумен 3 миллион долларды алып кеткісі келетінін, алдыңғы қаражаттарының құжаттарының дұрыс емес екендігін айттым. Бізде Республикалық Есеп комитеті тексеріс жүргізеді. Олардың міндеті. «Қазақфильмді» тексерген кезде «Феникске» бөлінген 80 миллион теңге қаражаттың қайда жұмсалғаны жөнінде ешқандай құжаты жоқ, таза емес» деп солар айтты.

Азаттық: – Бұл іске қатысты қанша адам айыпталып отыр? Ол істің қазіргі жағдайы қалай?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Өздеріңіз ақпараттан көріп отырсыздар. Бөлінген 80 миллионның 69 миллионына [қатысты] ешқандай құжаттар жоқ.

Азаттық: – Оны кім алған?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – «Тұран» фирмасы. Ол жерде атқарушы директор Юдина деген қыз болған. Құрылтайшысы – Тұңғышбай ағамыз. Режиссері – Талғат Жәнібеков. Мен оның ішкі нюанстарын нақты білмеймін. Бірақ жаңағы 80 миллионның 69 миллионына құжаттары жоқ. Оның 11 миллионы – айлық еңбекақы. Оның өзі күдікті. Егерде ешқандай жұмыс жүрмесе, кім не үшін айлық алды?

Азаттық: – Осыған байланысты «Қазақфильмнің» қаржы жөніндегі бір қызметкері тергеуде отыр ғой.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Ол кісіні отырғызғаны былай. Әр мекеме алған қаржыға есеп береді. Егер ол есебі дұрыс болмаса, актімен ол есепті қабылдамауға тиіс. Ол кісі оны қабылдап алған. Онда 35 миллионға мүлдем құжат жоқ. Басқалары әйтеуір жалған бірдеңелерді алып келген. Талғат Жәнібековке «Не істедің?» дегенде, «Тизер түсірдім» деген. Ол тизерді көріп тұрсың, анадан бір, мынадан бір алған да монтаж жасап істеген. Бар бітірген шаруа – осы.

Азаттық: – Тұңғышбай Жаманқұлов мәлімдемесінде өзін сіздің қыспаққа алғаныңызды айтады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мен ол кісіні қалай қыспаққа аламын? Ол – тергеу ісінің жұмысы, мен оған қалай араласа аламын? Мен де бәрін тек ақпараттардан ғана біліп отырмын.

Азаттық: – Тұңғышбай Жаманқұлов әуелі ұсталды, сосын босап шықты. Сіз сол аралықта «Тұңғышбай Жаманқұловтың босап шығуына кепіл беруге де дайынмын» дедіңіз. Ол кісінің босап шығуына сіздің қатысыңыз бар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә, бар. Мен өтініш айтып, сұрадым.

Азаттық: – Кімнен не сұрадыңыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – «Бұл кісі – халық әртісі» дедім. Адвокаттары, театр саласында істейтін жігіттер көмектесіп жүрді жанында. Мен Астанада болдым. Ол кісі 5 миллион теңгені мойнына алып отыр. Сол қаражатты құю керек деді. Соған ат салысып, бірнеше азамат 5 миллионды жинап бердік.

Азаттық: – Құпия болмаса, өзіңіз кепілге қанша қаражат бердіңіз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Бір жарым миллион теңгедей.

Азаттық: – Енді Еңлік Сыдықованың жайына оралсақ. Сіз Еңліктің бұл іске қатысын «режиссерді қолдаймын» деген сөзімен байланыстырып отырсыз. Басқа дәлелдеріңіз бар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мысалы, мен қазір шығып, «Қасым Аманжолды қолдаймын» десем, оған бір себеп болуы керек. Еңлік өзінің айыптауын айтып жатып қалай «режиссерді қолдаймын, министр отставкаға кетсін» дейді. Егер сол кезде мен отставкаға кетсем, кім біледі, басқа министр «Фениксті» аяғына дейін тексере ме, тексермей ме? Менің бұл жердегі кінәм – жаңағы 3 миллион долларды оларға жіберткізбегенім, екінші кінәм – түк жұмыс жасалмай желініп кеткен 80 миллион теңгені қайтартып жатқаным. Оған неге көзімді жұмып отыруым керек?

Азаттық: – Сіз Жүргенов атындағы өнер академиясының бұрынғы студенті Еңлік Сыдықованы танисыз ба? Өмірде онымен бетпе-бет кездесіп көрдіңіз бе?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мүмкін, бір емтиханда, тыңдауларда кездескен шығармын. Ал былай нақты екеуміз кездесіп отырғандай бетпе-бет кездескен емеспіз.

Азаттық: – Ол сізбен кездескенін, сіздің одан ақша талап еткеніңізді, ақша бере алмаса басқа да қатынасқа шақырғаныңызды айтады. Ондай болды ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мен сізге нақты айтайын. Егер қандай да бір қатынас болса, ол қыз көрсетер еді. «Бүгін шілденің мынадай күні мынадай сағатта мынадай адам мені жолықтырды. Оған куә мынадай» дер еді. Ол қыз сол жылы академияға түспеген.

Азаттық: – «Түсе алмағанымның себебі – ректордан осындай талап болды» деді емес пе?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жоқ, ол қыз айтып жатыр, «мен түсіп оқыдым» дейді.

Азаттық: – Оқуға түспеген болса, онда қалайша оқуды бітіріп шығады?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Ол қыз айтып жатыр: «2011 жылы оқуға түстім» деді. «Емтиханға кешігіп қалдым, бірақ ректор маған солай жасады, бірақ оқыдым» деді. Міне, саған құжаттар. Міне, мынау – [режиссер] Болат Атабаевтың қолы. Еңлікті сызып тастаған. Емтиханға бару үшін бәрі допуск алады. Әркім өзінің өнерін көрсетеді. Емтиханға допускіден өткендер барады. Мынау – соған қатысқан 50 адам. Болат Атабаевтың почеркі. Ішінде Еңлік жоқ. Ол қызды Болат Атабаевтың өзі өткізбеген.

"Еңлік Сыдықованың 2011 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына түсе алмай қалғанына" министрдің дәлел ретінде ұсынған құжаты.

“Еңлік Сыдықованың 2011 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына түсе алмай қалғанына” министрдің дәлел ретінде ұсынған құжаты.

 

Азаттық: – Сонымен бұл нені дәлелдейді?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Бұл қыздың сол жылы емтиханға өтпегенін дәлелдейді.

Азаттық: – Яғни сіздер кездескен жоқсыздар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Емтиханның алдында келген. Атабаевтың өзі өткізбеген. Ол құжаттарын алып кетіп қалған. Академиядағы құжаттарда да барлығы бар. ҰБТ сияқты тест болады. Оны білім министрлігінің өзі қабылдайды. Ол жерде де ол қыз жоқ, оқуға түспеген. Ең қызығы, сол жылы Еңлік Қызылордадағы «Болашақ» деген жекеменшік оқу орнына түскен.

Министр Мұхамедиұлы "бұл құжат - Еңлік Сыдықованың 2011 жылы Қызылордадағы «Болашақ» университетіне түскенінің дәлелі" деп сипаттайды.

Министр Мұхамедиұлы “бұл құжат – Еңлік Сыдықованың 2011 жылы Қызылордадағы «Болашақ» университетіне түскенінің дәлелі” деп сипаттайды.

 

Азаттық: – Ол қай жыл?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – 2011 жылы.

Азаттық: – Сол оқу орнына түскенін дәлелдейтін құжат бар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә, бар. Ең бастысы, ол қыз бір жыл Қызылордада оқыған.

Азаттық: – Яғни сіздер Еңлік айтып тұрған жылы кездескен жоқсыздар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Әрине.

Азаттық: – Еңлік Сыдықова ғана емес, президент оркестрінің бұрынғы бір музыканты да ертедегі оқиғаны еске алып, сізді «тиісті» дейді. Бұған қатысты не айтасыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Одан бері де 18 жыл өтті. Ал неге сен ол қыздың өзін шақырып сұрамайсың? Шақыршы сол қызды. Содан кейін өзің ары қарай бәрін сұрайсың.

Азаттық: – Сізбен сұхбатымыз жария болған соң бұл оқиғаға қатысты аты-жөндері аталған басқа азаматтармен де әңгімелесеміз. Жалпы, мұндай оқиға болды ма, болмады ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мен саған айтайын. Ондай оқиға болса, ол қыз да сол кезде айтар еді. Осындай күні, осындай сағатта, мынадай куә бар дер еді. Ол қыздың өзінен сұраңыз. Егер Талғат Жәнібеков «Менен 100 мың доллар алды» деп халықтың алдына шығып жатса, Тұңғышбай ағам менің атымнан «бір адам келді, қағазды жыртып тастады» деді. Еңлік шықты «Мен ол кісілерді қолдаймын» деп. Сол сияқты сен біреуге 100 доллар бер қазір, келеді дағы айта салады.

Азаттық: – Сонда бұл айыптаулар арнайы ұйымдастырылған дегіңіз келе ме?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Әрине. Егер сол қыздардың біреуімен суретке түсіп отырғанымды, би билеп жүргенімді, телефонмен сөйлескенімді алып келсе, жағдай мүлдем басқаша болар еді.

Азаттық: – Режиссер Болат Атабаев «Жүргенов академиясында сабақ беріп жүрген кезімде менің курсыма сол кездегі академия ректоры Арыстанбек Мұхамедиұлы мас күйінде кіріп, сабағыма кедергі келтірді» деп жазды. Мұндай оқиғалар болды ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Болат Атабаев «Еңлік менде 2011 жылдан бастап оқыды» деді. Өзі Еңлікке емтихан тапсыруға рұқсат бермеген. Сонда кімге сенесіз? Болат Атабаев бүкіл халықты «Еңлік менде оқыды» деп алдап жатыр. Мен сол құжатты көрсетіп жатырмын. Ол кісі өз сөзіне өзі қарсы шығып жатыр. Енді маған ыңғайсыз. Мен саған айттым: «Егер шындық айтылса, көп адамдар ұятқа қалады» деп. Сонда сен кімге, неге сенесің?

Министр Мұхамедиұлы бұл құжатты "Еңлік Сыдықованың 2012 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына ауысуға жазған өтініші" деп сипаттайды.

Министр Мұхамедиұлы бұл құжатты “Еңлік Сыдықованың 2012 жылы Жүргенов атындағы өнер академиясына ауысуға жазған өтініші” деп сипаттайды.

 

Азаттық: – Сіз сонымен Еңлік Сыдықованы сотқа бердіңіз.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Заң бойынша мен бір айдың ішінде сотқа беруім керек. Мен мемлекеттік қызметте болған соң міндетті түрде сотқа беруім керек. Егер оларды сотқа бермесем, жаңағы айыптарды мойындағаным. Бұл – дүниежүзіндегі тәсіл.

Азаттық: – Сонда сіз мәжбүрлі түрде сотқа бердіңіз бе?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә. Бір ай күттім. Тұңғышбай ағамыз «Мені Астанада кездескенде қинады, сөйтті, бүйтті» деді. Мен ол кезде Тұңғышбай ағамызға айттым: «Кешірім сұраңыз. Бірінші, кешірімді халықтан сұраңыз. Екінші, Жүргенов академиясынан сұраңыз. Бүкіл академияның атына кір келтіріп, балағаттадыңыз. «Академияда сондай, бәрі мұндай» деп. Үшіншіден, театр қоғамынан кешірім сұраңыз. Елдің бәрі кино саласында тек қана ұрлайды деп ойлайтын болды. Содан кейін Еңліктен де кешірім сұраңыз. Сіз неге ол қызды ойлаған жоқсыз. Келешекте ол қыздың өз өмірі бар. Орысша нашар білетін қыз. Оған орысша текст жазып берді. Камера қойып, былай сөйле деп айтты» дедім.

Азаттық: – Оған тексті жазып бергеніне, камера қойып жазғызғанына сіздің дәлеліңіз бар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жазғаннан кейін маған бір психолог әйел келді. Мүлдем танымаймын. Мен оны бірінші ретте қабылдаған жоқпын. «Қағазын қалдырып кетсін» дедім. Мүлдем бөлек адам. Жазғанында бәрі бар, қалай адам алдап отырғанда оң қолымен сол құлағын ұстайды, ернін жалайды, сөзінен шатасады. Бәрін. Оқысаң, керемет.

Азаттық: – Яғни сол кісі Еңліктің сіз жайлы жазған видеосына анализ жасады ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә, иә. Ол кісі өзінің жазғандарын алып келді. Мен өзім оқып отырып анализ жасай бастадым. Еңліктің тексті оқып отырғаны көрініп тұр. Мен шынымен бір ай күттім. Тұңғышбай ағаммен кездескенде де айттым. Ол кісілер мені бүкіл елге солай айыпты қылып жатыр. «100 мың доллар алды», «Бір адамды маған жіберді, запискамен келді, ақша сұрайды», «Студенттер түскен кезде маған тізімді беріп, осыларды ал деп айтты» деп. Артынан Еңлік шықты: «Маған осылай істеген» деп.

Министрі Мұхамедиұлы мұны "Еңлік Сыдықованың бейнежазбасын талдаған психологтың сараптамасы" деп түсіндірді.

Министрі Мұхамедиұлы мұны “Еңлік Сыдықованың бейнежазбасын талдаған психологтың сараптамасы” деп түсіндірді.

 

Азаттық: – Әнші Жеңіс Сейдоллаұлына «Еңлікке айт, алдыңғы бейне айыптауын терістеп, басқаша бейнежазба жазсын» деп өтініш еткеніңіз жайлы да сөз тарады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жасыратыным жоқ, Жеңіс Сейдоллаұлы – жақын досым. Бірге өстік. Қызылорданың азаматы. Олар маған алаңдайды. Сенің жақын досыңды бәрі негізсіз айыптап жатса, сен де алаңдайсың ғой. Содан ол айтты: «Қызылордада менің достарым бар. Олар оның әкесін біледі» деді. Мен содан кейін оған айттым: «Жеңіс, оның әкесіне айтшы. Менің бір тәулігім ғана қалды. Бір тәуліктен кейін оны сотқа беруім керек» деп. Бұл мәселеде менің арым таза.

Азаттық: – Әлемдік тәжірибеде шенеуніктер сіз сияқты параға немесе сексуальдық бопсалауға қатысты айыптарға ұрынса, қызметінен кетеді де, содан соң ғана өзінің репутациясын қорғайды. Ал сіз министр қызметіңізде отырып, қарапайым азаматпен соттасып жатырсыз. Репутацияңызды министрлік қызметтен кетіп, содан кейін ғана неге қорғамадыңыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Менде ондай ниет болды.

Азаттық: – Онда неге отставкаға сұранбадыңыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мен түнімен ұйықтамай уайымдадым «барлық шындық шықсын» деп. Содан соң, жасыратыны жоқ, отырып ақылдастық. Маған барлық құжаттарды алып келді. Ешқандай дәлелсіз айыптау. «Егер қолында записі немесе суреті болса, жағдай басқаша болар еді. Өз сөзіне өзі шатасып отырған қыздың айыбын неге сен мойындауың керек?» деп кеңес берді.

Азаттық: – Соттан соң сіз өз репутацияңызды толық ақтап шыға аламын деп ойлайсыз ба? Жұрт сізді «қызметін пайдаланып сотқа ықпал етті» деп ойлауы мүмкін ғой. Әлде сізге қызметті сақтап қалу маңызды ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Өзің қара, бірінші құжаттарды саған беріп жатырмын «оқымаған» деп. Егер ол қыз шынымен де оқуға түссе, оқыған болса, «мынандай-мынандай кезде кірдім» десе, сол кезде екі жақта бірдей тепе-теңдік болу үшін мен отставкаға кетуім керек. Өз сөзінен өзі шатасып тұрған, оқуға түспеген адам үшін қызметтен кету дұрыс емес. Кім айтты сот оң шешімін бермейді деп? Қасында адвокаты бар, саған көрсетіп жатырмын. Бұндай жағдайда сотқа қандай ықпал болады? Егер жабық сот болса, сен айтар едің «жабық сот» деп. Мен саған бүкіл құжаттарды көрсетіп тұрмын ғой.

Азаттық: – Бұған дейін осы жағдайды ашып айтпай, осынша уақыт ашық сұхбат бермеуіңіздің себебі неде? Неге бұған дейін шықпадыңыз? Сізді журналистер іздеді ғой.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жоқ. Мен журналистерге бердім.

Азаттық: – Дәл осылай дәлелдеуге тырыстыңыз ба?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Менің сен айтқандай кемшілігім бар. Мен басында «халық өзі біледі ғой, ақ-қарасын ажыратып, кімдікі қандай іс екенін анықтайды» деп ойладым. Егер мен өмірімде осы сәтке байланысты дұрыс қадам істемесем, қасымда жүрген жігіттер айтар еді: «Слушайте, вы, оказывается, сволочь. Мен сенімен араласпаймын» деп. Көзі ашық азаматтар айтып жатыр «мұны тоқтату керек» деп.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы (сол жақта) журналист Қасым Аманжолға құжаттарды көрсетіп тұр. Алматы, 19 қараша 2016 жыл.

Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы (сол жақта) журналист Қасым Аманжолға құжаттарды көрсетіп тұр. Алматы, 19 қараша 2016 жыл.

 

Азаттық: – Қызметтестеріңіз бен басшылығыңыз бұл оқиғаны қалай қабылдады? Астанадағы жоғарғы билік – Ақорда қалай қабылдады?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Ол кісілер толығымен зерттеді. Екеумізден көп зерттеді.

Азаттық: – Қандай орган зерттеді? Президент әкімшілігі ме?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Біз үкіметтің мүшесі болғандықтан ұлттық қауіпсіздік комитеті, ұлттық бюро, ішкі қауіпсіздік қызметі – бәрі тексерді. Олар міндетті түрде тексеру керек. Министрге айып болып жатқан соң ол кісілер міндетті түрде тексереді.

Азаттық: – Тексерген соң не болды?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Тексерді де «мына айыптаулардың барлығы – еш негізсіз» деп көрсетті.

Азаттық: – Ал тікелей басшыңыз – премьер-министрмен, президент әкімшілігімен кездесу болды ма осы мәселеге байланысты?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Иә. Барлығы айтып жатыр «шындық үшін аяғына дейін күресу керек» деп.

Азаттық: – Яғни сізді қолдап отыр ма бұл тұрғыда?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Әрине. Бір кішкентай күдік болса, ол кісілердің өзі айтар еді «Мынауың не? Не масқаралап жатырсың?» деп. Елбасының өзі, былайша айтқанда, мойнымды жұлып алар еді «Мынауың не?» деп.

Азаттық: – Президентпен осы туралы әңгіме болды ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жоқ.

Азаттық: – Еңлік Сыдықоваға қатысты іс айыптау бағытына бұрылса, оны сотта кешіруге дайынсыз ба?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Маған үлкен айып тағылған соң, менде жаңағы психологтың қағазы бар, басқа да мамандардың қағазы бар, тиісті органдар оны міндетті түрде тексереді. Ол кісілердің қағаздары бар. Мен ашығын айтайын – егер сот, тергеу аяғына дейін барса, Болат Атабаевтың өтірігі сияқты көптеген өтіріктер ашылады.

Азаттық: – Сот Еңлік Сыдықоваға ауыр жаза кесіп жатса, сіздің әрекетіңіз қалай болады?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Қандай жаза кесетінін сот өзі шешеді.

Азаттық: – Ал сіз оған қандай жаза сұрап жатырсыз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Еңлік менен тек қана кешірім сұрасын.

Азаттық: – Ешқандай моральдық, материалдық шығын талап етпейсіз?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жоқ.

Азаттық: – Түрме жазасын сұрамайсыз ба?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Жоқ, сұрамаймын. Талғат Жәнібековке 1 миллион кесті. Ол – маған емес, үкіметке кететін ақша. Менің адвокатым Талғат Жәнібековтің өзіне сұрағаны әлеуметтік жұмыс болатын. «Елді алдап ақша ұрлағанша, қолына күрек алып жұмыс істесін» деп.

Азаттық: – Еңлік Сыдықовамен болатын сотқа өзіңіз барасыз ба, әлде адвокаттарыңыз қатыса ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Керек болса, сотқа барамын. Оның несі бар? Талғат Жәнібековпен очная ставкаға бардым. Сол сияқты Еңлікпен болатын очная ставкаға да барамын.

Азаттық: – Еңлік осыдан бірнеше күн бұрын жазбалар жариялады. «Менің есігімнің алдына қаржы полициясынан келіп, көліктер торуылдады» деп фотолар жариялады. Бұл туралы не айтасыз? Ондай күштік құрылымдармен байланысыңыз бар ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мысалы, сен журналиссің ғой. Телефоныңмен машинаның номерін түсіріп, финансовый полицияға «мынандай-мынандай азаматтар, мынандай көліктер жұмыс істей ме» деп өтініш жіберсең болды. Мен арыз бергеннен кейін мені екі рет тергеуге шақырды. Мен сол кезде сұрадым: «Неге сіздің азаматтар барып, Еңліктің есігінің алдында жүр?» деп. Олар таң қалды. «Бірінші сізден тергеу аламыз, екінші академияның ұстаздарынан тергеу аламыз. Содан кейін Еңліктен сұраймыз. Біз Еңлікке әлі жеткен жоқпыз» деді.

Азаттық: – Олар кімдер сонда?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мен қайдан білейін. Сен де сөйт. Екі машинаны өз үйінің қасына қойып қой да сосын айт: «Міне, менің артымнан екі адам аңдып жатыр» деп.

Азаттық: – Еңліктің адвокаттары «біздің қолымызда министрді әшкерелейтін көзір бар» деді.

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Ол кісілер көзірлері бар болса, бәлкім, тағы да жала жауып, біреудің бетін жауып шығаратын шығар. Оларда көзір болса, неге біреудің бетін жауып шығарады? Қазір-ақ шығарар еді.

Азаттық: – Сотқа дейін Еңлікпен бетпе-бет кездесуге дайынсыз ба?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Мен саған тағы да айтайын. Еш керегі жоқ, кездескім де келмейді ондай адамдармен. Егер маған бір параққа терістеу жазып берсе, мен сотқа жазған арызымды артқа қайтаруға дайынмын. Ашыла бастағанда мына қыздың – бірінші өтірігі, екінші өтірігі тағы ашылады. Сонда жағдай мүлдем қиын болады.

Азаттық: – Бұл даудың шығуына басқа да саяси себептер болды ма? Әлде бәрі бір ғана фильмнің аясында туған себептер ме? Сіздің дұшпандарыңыз көп пе?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Әрине, бар. Жастайымнан қызметке араласқан адаммын. Басшы қызметте істеген соң біреуді жұмыстан шығарасың. Барлығына ұнаймын, жағамын десең, жұмысқа әсерін тигізеді. Кейбір кезде ішкі дүниең қайнап жатады. Бірақ амал жоқ, біреумен қоштасуың керек. Неге десеңіз, қызмет істеген соң оны алға қарай жүргізуің керек болады. Сен айтшы, мен осы екі жарым жылдан аса министр болдым. Осы «Феникстен» басқа, кинодағы жас режиссерлерге «өз ұлтын масқаралауды тоқтату керек, ондай фильмдерге біз «Қазақфильмнен ақша бергізбейміз» дегенімнен басқа бір нәрсе болды ма? Үлкен шаралар өтіп жатыр, заңдар қабылданып жатыр, менің жұмысымда олқылық болған жоқ. Театрда дау болып немесе депутаттардың алдына барып заңымды қорғай алмай жатқан кезім болған жоқ. Екі жарым жыл министр болғанда осындай бір жетіспеушілік болды ма? Айтшы. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығында «Әй, көке, мына істегенің ұят болды, масқара» дегендей.

Азаттық: – Қазақ хандығының 550 жылдығында дайын болуы керек «Қазақ хандығы» фильмі уақытында шықпай қалмады ма?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – «Қазақ хандығы» 16 желтоқсанда шығады. Сол кезде рахмет айтасыңдар сол фильмді аяғына жеткізіп шығарғанымызға. Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі шықты, көпшілік рақметін айтып жатыр. «Қазақ хандығы» шығады. «Аманат» шығып жатыр, Әміре Қашаубаев туралы түсіріліп жатыр, Балуан Шолақ жайлы түсіріліп жатыр. Кеше «28 панфиловшы» көрсетілді.

Азаттық: – Жалпы, осы оқиғалардың бәрінен кейін отставкаға кету ойыңыз бар ма? Жоқ болса, неге?

Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Сіз маған айтыңызшы «сіз осындай келеңсіз жағдай жасадыңыз, отставкаға кетуіңіз керек» деп. Мен не үшін кетуім керек? Шындық үшін күрескенім үшін бе? Ұрланған ақшаны орнына қайтаруға жұмыс істегенім үшін бе? Не үшін? Өзің айтшы.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

Азаттық алдағы уақытта бұл оқиғаға қатысты аты-жөндері аталған басқа азаматтармен де әңгімелеседі.

Қасым АМАНЖОЛ

Азаттық  радиосы 

www.azattyq.org

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.

Related Articles

  • ОА қорғанысқа қаржыны не себепті арттырды? Каспийден Украинаға зымыран ұшырған Ресей суды ластап жатыр ма?

    Елнұр ӘЛІМОВА Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Әзербайжан әскері бірігіп өткізген «Бірлестік-2024» жаттығуы. Маңғыстау облысы, шілде 2024 жыл. Қазақстан қорғаныс министрлігі таратқан сурет.  Орталық Азия елдері қорғаныс шығынын арттырды, мұның астарында не жатыр? «Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін екі есе көп өндіруді жоспарлап отыр, алайда үкімет бұл салада жұмыс күшінің азайғанын есепке алмаған». «Каспий теңізінен Украинаға зымыран ұшырып жатқан Ресей теңіздің экологиялық ахуалын ушықтырып жатыр». Батыс басылымдары бұл аптада осы тақырыптарға кеңірек тоқталды. ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ҚОРҒАНЫС ШЫҒЫНЫН АРТТЫРДЫ. МҰНЫҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР? АҚШ-тағы «Америка дауысы» сайты Украинадағы соғыс тәрізді аймақтағы қақтығыстар күшейген тұста Орталық Азия елдері қорғаныс саласына жұмсайтын ақшаны арттырғанына назар аударды. Бірақ сарапшылар мұндай шығын тұрақтылыққа септесетініне күмән келтірді. Стокгольмдегі бейбітшілікті

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • “Геосаясат илеуіне түсіп қалуымыз мүмкін”. Қазақстанда АЭС салуға қатысты сарапшы пікірі

    Елена ВЕБЕР Атом электр стансасын салу және пайдалану экологиялық қатер және төтенше жағдайда адам денсаулығына қауіпті ғана емес, оған қоса соғыс барысында Украинаның Запорожье АЭС-індегі болған оқиға сияқты бопсалау құралы дейді әлеуметтік-экологиялық қордың басшысы Қайша Атаханова. Ол мұның артында көптеген проблема тұрғанын, қазақстандықтарға АЭС салу жөніндегі референдум қарсаңында біржақты ақпарат беріліп, онда тек пайдалы жағы сөз болып жатқанын айтады. Сарапшы АЭС-тің қаупі мен салдары қандай болатыны жайында ақпарат өте аз деп есептейді. Голдман атындағы халықаралық экологиялық сыйлықтың лауреаты, биолог Қайша Атаханова – радиацияның адамдарға және қоршаған ортаға әсерін ширек ғасырдан астам зерттеп жүр. Ол бұрынғы Семей полигонында және оған іргелес жатқан аудандарда зерттеу жүргізген. Қарағанды университетінің генетика кафедрасында оқытушы болған.

  • “Қазақстан дұрыс бағытта”. Деколонизация, Украинадағы соғыс және Қаңтар. Балтық елшілерімен сұхбат

    Дархан ӨМІРБЕК Балтық мемлекеттерінің Қазақстандағы елшілері (солдан оңға қарай): Ирина Мангуле (Латвия), Эгидиюс Навикас (Литва ) және Тоомас Тирс. Совет одағы ыдырай бастағанда оның құрамынан бірінші болып Балтық елдері шыққан еді. Өзара ерекшеліктері бар болғанымен, сыртқы саясатта бірлігі мықты Латвия, Литва және Эстония мемлекеттері НАТО-ға да, Еуроодаққа да мүше болып, қазір көптеген өлшем бойынша әлемнің ең дамыған елдерінің қатарында тұр. Ресей Украинаға басып кіргенде Киевті бар күшімен қолдап, табандылық танытқан да осы үш ел. Соғыс басталғанына екі жыл толар қарсаңда Азаттық Балтық елдерінің Қазақстандағы елшілерімен сөйлесіп, екіжақты сауда, ортақ тарих, Ресей саясаты және адам құқығы тақырыбын талқылады. Сұхбат 8 ақпан күні алынды. “БІЗДЕ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДҰРЫС БІЛМЕЙДІ” Азаттық: Сұхбатымызды Балтық елдері мен Қазақстан арасындағы сауда қатынасы

  • Бақсылар институты

    Сараптама (оқысаңыз өкінбейсіз) Бірінші, ілкіде Түркі баласында арнайы қаған құзіреті үшін жұмыс істейтін көріпкел бақсылар институты болған. Аты бақсы болғанымен ханның қырық кісілік ақылшысы еді. Көріпкел бақсылар хан кеңесі кезінде алдағы қандайда бір саяси оқиға мен ситуацияны күні бұртын болжап, дөп басып талдап һәм сараптап бере алатын соны қабілеттің иесі-тін. Оларды саяси көріпкелдер деп атаса да болады. Хан екінші бір елді жеңу үшін білек күшінен бөлек көріпкел бақсылардың стратегиялық болжауына да жүгінетін. Қарсылас елдің көріпкел бақсылары да оңай емес әрине. Екінші, уақыт өте келе саяси көріпкел бақсылар түркілік болмыстағы стратегиялық мектеп қалыптастырды. Түркі бақсылары қытай, үнді, парсы, ұрым елдерін жаулап алуда маңызды рөл атқарды. Ол кездегі жаһандық жауласулар жер, су,

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: