|  |  | 

Көз қарас Қазақ шежіресі

Батыс ғалымдары білген Қазақстан


Қазақстан туралы Батыста жарияланған кітаптар. Көрнекі сурет

Қазақстан туралы Батыста жарияланған кітаптар. Көрнекі сурет

Тәуелсіз ширек ғасыр ішінде Қазақстанның тарихы, саясаты, экономикасы мен мәдениеті жөнінде Батыстағы академиялық зерттеушілер қандай тұжырым жасады?

Постсоветтік Қазақстанмен бірге жетіліп жатқан Батыстағы жас қазақстантану саласын ресейтану, синология, я ирантану сияқты арнасы кең зерттеу бағыттарымен салыстыру қисынсыз. Бірақ аз уақыт ішінде Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкадағы қазақстантанушылар Орталық Азиядағы жетекші елдің академиялық портретін нобайлап шығарды. Он шақты жыл бұрын Лондон университетінде өткен Қазақстанға қатысты бір жаңа зерттеуді таныстыру шарасына қатыстым. Зерттеген елінде бірнеше жыл тұрған, әлеуметтану мен антропологияның тоқайласар тұсында еңбек еткен ғалымның таңдап алған тақырыбына қайран қалдым. Қазақстандық құрылыс компанияларының «тиімді тендер мен ірі жоба иелену жолындағы әкімдіктермен келіссөз жүргізу тәсілдерін» тыңғылықты түрде танып білуге тырысыпты. Ондаған құрылыс және қаржы мамандарымен, әкімдік өкілдерімен, заңгерлермен сұхбаттасқан. Қазақстанның бейресми саяси-әлеуметтік өмірінде күнделікті сөздік қорға енсе де, ресми құжаттарда, зерттеулер мен БАҚ-та көп көріне бермейтін «тендер», «откат», «шапка», «процент», т.б. сияқты түсініктерді жаңағы зерттеуші тыңғылықты түрде тәпсірлеген. Жемқорлық пен парақорлықтың кейбір жекелеген жағдайларда бизнес қауымдастық пен жергілікті билік өкілдерінің саяси-әлеуметтік мінез-құлық нормаларын қалай өзгерткені жан-жақты көрсетілген. Он шақты жыл бұрынғы «ставкалар» көлемі, кейбір әкімдік, я министрлік өкілдерімен «келіссөз» жүргізу техникасы құрылыс компаниялары жетекшілерінің, бухгалтерлері мен заңгерлерінің аузымен таратылып айтылған.

Марта Олкотт, Орталық Азия мен Қазақстанды зерттеуші

Марта Олкотт, Орталық Азия мен Қазақстанды зерттеуші

 

Мысалдардың бірінде Пәлен деген қалада тиімді «строительное пятно» алу үшін Түген деген әкімнің бірінші орынбасарына қанша «откат» берілгені, үстеме ақы ретінде құрылыс компаниясының әлгі шенеунікке қызының ұзату тойын қаладағы ең ірі қонақ үйде жасап беруге қалай мәжбүр болғаны тәптіштей баяндалады. Презентация соңында «Қазақстанның шынайы әлеуметтік тарихы шетте жазылып жатыр-ау» деген ойға қалдым. Джейкоб Риги есімді зерттеушінің бұл жазбасының бір бөлігін оқырман «Мораль мен заң ортасында: жемқорлық, антропология және қоғамды салыстыра зерттеу»атты жинақ кітаптан таба алады. Әлбетте, қазақстандық әріптестерімен салыстырғанда Батыстағы қазақстантанушылардың академиялық еркіндікті пайдалану мүмкіндігі зор, сол себепті тақырып аясы мен зерттеу тереңдігі де өзгеше.

САЯСАТ ПЕН ЭКОНОМИКА

Қазақстанның саяси режимі мен элитасы туралы жазылған негізгі зерттеу еңбектердің бірі ұлыбританиялық Сэлли Каммингске тиесілі. «Қазақстан: билік пен элита» атты кітабында зерттеуші постсоветтік елдің алғашқы он жылдық кезеңін зерделей отырып, саяси режимге «жоғарыдан төменге күшпен таңудан гөрі қазіргі элитаның ішкі саудаласуы мен ымыраласуының нәтижесі ретінде құрылған авторитаризм» деген баға берген. Айта кетерлік бір жайт, Қазақстанды жеке алып зерттемесе де, басқа бір Батыс ғалымы оның саяси режимі туралы осыған ұқсас тұжырым жасайды. Веллингтондағы Виктория университетінің (Жаңа Зеландия) бұрынғы зерттеушісі Пол Брукер «Демократиялық емес режимдер: теория, басқару және саясат» деген кітабында Ресей мен Орталық Азиядағы елдерді «протодемократия» деп сипаттайды. Зерттеуші «протодемократия» терминін «диктатураны жойып, жартылай демократия немесе жартылай диктатура жолына түскелі тұрған режим» деп түсіндіреді. Брукердің ойынша, Орталық Азиядағы кейбір көршілері сияқты Қазақстандағы «протодемократияға да жартылай диктатураға айналу қаупі төніп тұр».

Бавна Даве, Ресей, Орталық Азия мен Қазақстанды зерттеуші

Бавна Даве, Ресей, Орталық Азия мен Қазақстанды зерттеуші

«Қазақстан: этнос, тіл және саясат» атты кітабында Лондондағы Шығыстану мен африкатану мектебінің ғалымы, Батыстағы негізгі қазақстантанушылардың бірі Бавна Даве: «[президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың патронажға негізделген жеке бас билігі этносаралық қарым-қатынастарды реттеуде күшке салу мен кооптацияға сүйенеді» деп жазады. Бұл – постсоветтік Қазақстандағы негізінен мемлекетқұрушы этнос өкілдерінен тұратын билік жүйесінің жаңа «ұлттық даралық» символдарын қолдану арқылы қайта құрылымдалуы мен елдегі этникалық азшылықтардың саяси өмірге қатысу жолдарының тарылуы жайлы Батыс авторы жазған іргелі еңбек.

Торонто университетінде дәріс оқитын Орталық Азия зерттеушісі Эдуард Шатц «Қазіргі клан саясаты: Қазақстандағы және оның тысындағы «қанына тарту» күші» атты кітабында режимдегі билік бөлісінің кландық ерекшеліктерін жан-жақты суреттейді. Мысалдардың бірінде автор кейбір аймақтардағы облыс орталығынан бастап ауылға дейінгі аралықтағы әкім-қараның рулық-кландық негізде сұрыпталу механизмін ашып көрсетеді.

Батыстағы қазіргі қазақстантанудың іргетасын қалаушылардың бірі – америкалық тарихшы әрі саясаттанушы Марта Олкотт. Оның «Қазақтар» деген тарихи шолу кітабы АҚШ-та 1987 жылы басылып шыққан. Зерттеуші кейінгі «Қазақстан: Орындалмаған уәде ме?» деген еңбегінде бұл елдегі режимге «басқарушы элитасы бастапқыда демократия транзиті идеясына қызыққансып, макроэкономикалық реформаны қолдағансып, кейін оның бәрінен бас тартқан, бір отбасы билеп отырған мемлекет» деп анықтама береді. Лондон университетінің Орталық Азияны зерттеуші ғалымы Ширин Акинердің «Қазақ бірегейлігінің қалыптасуы: ру-тайпадан ұлт-ұлысқа» атты шағын кітабы Қазақ хандығы мен Қазақстан республикасын 1990 жылдардың басында Батыстағы академиялық орта мен студенттерге таныстырған алғашқы зерттеулердің бірі болды.

Эдуард Шатц, Қазақстандағы клан саясатын зерттеуші

Эдуард Шатц, Қазақстандағы клан саясатын зерттеуші

 

Ұлыбританиядағы Кент университетінің зерттеушісі Роджер Макдермотт «Қазақстанның қорғаныс саясаты: трендтерді бағалау» атты кітабында Астананың не себепті «жүйелі әскери реформа жасай алмай һәм бұл тарапта Мәскеудің ықпалынан шыға алмай отырғанын» түсіндіруге талаптанады. Зерттеуші АҚШ-тың беделді әскери академияларында оқып келген қазақстандық жас офицерлердің еліне қайтқан соң тәжірибесі мен білімін пайдаға жаратпақ түгілі, керісінше сенімсіздікке ұшырап, шеттетіліп, көп жағдайда мүлдем әскер сапынан кетіп тынатыны туралы статистикалық мәліметтер келтіреді.

Қазақстанның 1990 жылдардағы әлеуметтік бейнесі – рэкет пен жабайы базар, жаппай қалаға көшу мен этносаралық шиеленіс, парақорлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылық, жұмыссыз жастар мен қорғансыз жезөкшелер Джома Назпаридің «Постсоветтік хаос: Қазақстандағы қатыгездік пен әлімжеттік»атты кітабында суреттелген. Барахолканың Қазақстандағы шағын және орта кәспкерліктің дамуы үшін қандай рөл атқарғаны Лондон университетінің ғалымы Гүл Берна Өзжанның «Мемлекет пен базар құрылымы: Орталық Азиядағы кәсіпкерліктің дамуы» атты кітабында баяндалады. Автордың пайымдауынша, «базарлар – капитализмнің өзінше бір қалыбында қызмет істеп тұрған заманауи институттар».

Стив Левин, Каспий аймағы елдеріндегі және әлемдік энергетика мәселелерін зерттеуші журналист, публицист

Стив Левин, Каспий аймағы елдеріндегі және әлемдік энергетика мәселелерін зерттеуші журналист, публицист

 

Қазақстанның экономикасы, қаржы реформалары мен монетарлық саясаты туралы Батыстағы академиялық жинақтарда тарау, я мақала болып шығып жатқан жан-жақты талдаулар жеткілікті. Ал тұтас кітаптардан Стэнфорд университетінің зерттеушісі Энн Пектің «Қазақстандағы экономикалық даму: ірі корпорациялар мен шетелдік инвестицияның рөлі» атты еңбегі ерекше атауға лайық. Бұл еңбекте 1990 жылдардың ортасында жекешелендірілген ірі өндіріс орындары мен тәуелсіз Қазақстанға тартылған алғашқы шетелдік инвестициялар, елдің мұнай-газ инфрақұрылымының бастапқы кезеңі, қаржылық-индустриялық топтар мен биліктің қарым-қатынасындағы ерекшеліктер жан-жақты қамтылған. Автор Қазақстандағы жекешелендіру мен инвестиция тарту туралы дерек жинап жүріп ірі компаниялардағы жеке менеджмент пен сату шарттарына қатысты көпшілікке жария болуы тиіс құжаттарға қол жеткізуі өте қиынға соққанын атап өткен.

Каспий аймағындағы табиғи ресурстар мен шикізат экономикасына маманданған америкалық журналист Стив Левиннің «Мұнай мен даңқ: империяның көз сұғы мен Каспий теңізінің бағы» атты кітабы зерттеу тереңдігі мен байқағыштығы жағынан академиялық еңбектен кем түспейді. Кітаптың Қазақстанға қатысты тарауларында атышулы «мұнай лоббисі» Джеймс Гиффен мен Қазақстанның саяси элитасының кезіндегі қарым-қатынасы бүге-шігесіне дейін суреттеледі. Постсоветтік Орталық Азия мен Қазақстанның саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени өмірінің маңызды аспектілерін қалт жібермей жазып отырған және бір Батыс журналисі – «Азат Еуропа/Азаттық Радиосының» аға тілшісі Брюс Панниер.

ТАРИХ ПЕН МӘДЕНИЕТ

Соңғы 25 жылда Батыс ғалымдары Қазақстанның тарихына қатысты да бірнеше маңызды зерттеу жариялады. Солардың бірінде – «Дара билеушісіз мемлекет: аристократиялық құрылымдар, рулық қоғам мен көшпенді Ішкі Азия туралы қате тұжырымдар» атты кітабында Кембридж университетінің зерттеушісі Дэвид Снис моңғол ұлыстары мен Қазақ хандығының тайпалар одағы емес, өз ерекшеліктері бар ортағасырлық мемлекет болғанын дәлелдеуге тырысады. Снистің тұжырымдауынша, жеке дара билеуші мен біртұтас бюрократиялық аппараты болмаса да, бірнеше ақсүйек топ қатар билеген көшпенділер ұлысында эгалитарлық қоғамның және тиімді алым-салық жүйесі мен ортақ әскер жинау тәртібі сияқты мемлекеттің негізгі нышандары бар. Қазақстандық кейбір тарихшылар үшін аксиома сияқты көрінсе де, Қазақ хандығын «ортағасырлық мемлекет» деп тану Батыс тарихшыларына қиынға соғып келген. Сол себепті де болар ортағасырлық және ерте жаңа заманғы Шығыс елдері мен мұсылман династиялары туралы анықтама кітаптарда Астрахан хандығы мен құйтақандай Қасым хандығына дейін көрсетілгенмен олардың іргесіндегі алмағайып территорияны жайлаған Қазақ хандығы аталмай қалып жатады. Ал Снис мұндай көзқарасты отарлық көзқарас сарқыншағы деп сынап, Батыста аз зерттелген, өзі «Ішкі Азия» деп қарастырған Моңғолия мен Қазақстан аумағындағы көшпенді ұлыстардың мемлекет тарихын жаңа қырынан тануға шақырады.

Девин ДеВиз, ортағасырлық мұсылман Орталық Азиядағы діни дәстүрлерді зерттеуші

Девин ДеВиз, ортағасырлық мұсылман Орталық Азиядағы діни дәстүрлерді зерттеуші

 

Орталық Азия мен Қазақ хандығының тарихына қатысты соңғы жылдары Батыста жарияланған және бір маңызды еңбек – Скотт Кэмерон Леви мен Рон Села құрастырып шығарған «Мұсылман Орталық Азия: тарихи дерек көздерінің антологиясы». Бұл – осы аймақтың ортағасырлық және ерте жаңа заманғы тарихын зерттеушілерге арналған ағылшын тіліндегі алғашқы дерекнама.

Қазақ хандығындағы діни дәстүрлер мен мұсылмандық мистицизм тақырыбы Орталық Азиядағы дін тарихының көрнекті зерттеушісі, Индиана университетінің ғалымы Девин ДеВиздің бірнеше жазбасына арқау болған.Ал қазіргі қазақтардың діни дүниетанымы Брюс Привратскидің «Мұсылман Түркістан: қазақтың діні мен ұжымдық жады» атты кітабында терең зерделенген. Оңтүстік Қазақстанда бірнеше жыл тұрып, қазақ тілін еркін меңгерген автор жергілікті тұрғындардың «Ислам» деген терминнің өзін қазақыландырып «мұсылмандық жол», я «тура жол» деп атайтынын дәл аңғарған. Соңғы он шақты жыл ішіндегі Қазақстандағы діни ахуал орталық және шығыс еуропалық бірнеше зерттеушінің жеке мақалаларында көрініс тапқан.

Шарлоттағы Солтүстік Каролина университетінің зерттеушісі Стив Сабол «Ресейдің отаршылдығы мен Қазақтың ұлттық санасының генезисі» атты кітабында «Алаш» қозғалысы мен 20-ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциясының «ұлттық жаңғыру» жолындағы ағартушылық қызметіне жаңаша баға берген. Сабол Алаш Орданың рөлі мен маңызын азайтып көрсетуге тырысқан бұрынғы кейбір Батыс зерттеушілерінің тұжырымдарына қарсы шығады. Бұл қозғалыс жетекшілерінің саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық сияқты қиын-қыстау заманда қызмет еткеніне, большевиктер «контрреволюциялық аса қауіпті күш» ретінде іздеріне шам алып түскеніне назар аудартады. Саболдың ойынша, алашордашылар чех тарихшысы Мирослав Грох ұсынған «ұлттық жаңғырудың үш кезеңінің» (ғылыми қызығушылық, патриоттық үгіт-насихат және жаппай ұлттық қозғалыс) алғашқы екеуінен өте бергенде Бірінші дүниежүзілік соғыс пен большевиктердің революциясы жолдарын қиып кеткен.

Уильям Фиерман, Индиана университеті (АҚШ) саясаттану факультеті Орталық Еуразияны зерттеу кафедрасының профессоры

Уильям Фиерман, Индиана университеті (АҚШ) саясаттану факультеті Орталық Еуразияны зерттеу кафедрасының профессоры

 

1930 жылдардағы Сталиннің ұлт ұйыстыру саясаты кезінде заманауи қазақ ұлтының пайда болуы мен 20-ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ интеллигенциясының белсенділігі туралы тыңғылықты зерттеуді франциялық шығыстанушы-саясаттанушы Оливье Руаның «Жаңа Орталық Азия: геосаясат пен ұлттардың тууы» атты еңбегінен табуға болады.

Уильям Фиерман сияқты америкалық ардагер ғалымның ізіне еріп, Қазақстан қоғамы мен мәдениетін орыс тілімен қатар қазақ тілін меңгеру арқылы да тереңірек тануға тырысып жатқан батыстық жас зерттеушілердің жаңа бір шоғыры қалыптасып келеді.

Тақырып аясы тым кең болғандықтан Орталық Азия мен Еуразия Одағы туралы соңғы уақытта жазылған көптеген іргелі академиялық зерттеулерді шолуыма қоспадым.

Соңғы 25 жылда Орталық Азия мен Қазақстанды зерттеу белсенділігіне орай Еуропада алға шыққан академиялық орталық ретінде Лондон университетіне тиесілі Шығыстану мен африкатану мектебін (SOAS) айтуға болар еді. Ал Солтүстік Америкада бұл салада АҚШ астанасындағы Джордж Вашингтон университетіне қарасты Еуропа, Ресей мен Еуразияны зерттеу институты және Блумингтондағы Индиана университетінің Орталық Еуразияны зерттеу факультеті ерекше көзге түсті. Осы аталған орталықтардан бөлек жекелеген университеттерде саяқ қазақстантанушы ретінде танылған ғалымдар да бар. Алды Батыстағы университеттерде ғылыми дәреже қорғай бастаған, я батыстық әріптестерімен бірлесе зерттеу жасап жүрген қазақстандық ғалымдар да көбейді. Бұл құбылыс – болашақтағы бөлек бір шолудың тақырыбы.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

  • Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті.

    Арман Әлменбет Екі-үш күн уайымға салынып кеттім. Осы соңғы жазғаным болсын. Әрі қарай Құдайға тапсырып, жұмысымды істейін. 6 ақпан күнгі ойым: Бізді басқарып отырған бір топ адам үшін орыс тілі – ИВЛ аппараты іспетті. Ковид кезінде өкпесі жұмыс істемей қалған адамдарға Түркиядан ИВЛ деген аппарат әкелгені естеріңізде ме? ИВЛ болмай, қанша адам өліп қалды. Орыс тілін алып тастасақ, Мәңгілік ел мен Есіл өзенінің ортасындағы бес-алты ғимарат босап қалады. Тек орысша ойланатын адамдар жиналып ап, өздері әдемі отыр о жерде. Менің түсінігімде, орыс тілін конститциядан алып тастау үшін оған алдын ала дайындалу керек. Соңғы екі жарым жылда осыны қатты ойланып жүрмін. Ұсынайын деп едім, қызығатын адам таба алмадым. Сөйтіп «Ана тіл

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: