|  |  |  | 

Көз қарас Руханият Сұхбаттар

Зiкiрия Жандарбек, дiнтанушы ғалым: ҰЛТТЫ САТУ БIР ӘРIПТI САТУДАН БАСТАЛАДЫ

Бүгiнде Қазақстанның дiни әлемi түрлi ағымдарға жiктелiп кеткен. Бұл ұлт үшiн өте қауiптi. Керек десеңiз, елдiң есiн алған экстремизмнiң де бiр ұшы осы дiни адасушылыққа барып тiреледi. Ал Дiн деген не? Дiндi мәдениеттен бөлiп қарастыруға бола ма, әлде ол ұлттық таным-түйсiктiң ажырамас бiр бөлшегi ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын оқырман төмендегi сұхбаттан табады ғой деген ойдамыз. Бұл – белгiлi дiнтанушы ғалым Зiкiрия Жандарбектiң “Есi дұрыс адам “Аллах” деп айтқызумен руханиятты көгертем деп ойлай ма?” атты тақырыппен әлеуметтiк желiде жарияланған көлемдi сұхбатынан ықшамдалып алынды. Ғалымның барлық пайымы редакция пiкiрiмен сәйкес келе бермеуi мүмкiн екенiн ескерте отырып, бұл тақырыпта тың ой, қайшы пiкiр айтам деушiлерге де газет бетiнен орын беретiнiмiздi ескертемiз.

– Алтын Орда хандары шексiз билiкке жету үшiн батырларды емес, дiншiлдердi көбiрек қолданды ма?
– Сауыт киiп, кару асынған батырлар қан майданда ғана керек. Ал дiни уағызшылар кез келген уақытта қажет. Орта ғасырды қоя тұр. Қазiргi тарихқа назар сал. Күнi кеше Қазақстанда ЖЕР ДАУЫ болды. “Шетелге жер сатылады” дегендi естiген халық көшеге шерулетiп шықты. Үкiмет оларды Жаңаөзендегi сияқты әскермен басқан жоқ. Патша сарайынан пана тапқан дiншiлдер әманда елдi адастыруға дайын тұрады. Қазақтың барлық салт пен санасын ширкке балап жүрген “бұлбұлдар” аяқ астынан қазақ жұртының қамын жеп шыға келдi. Үстерiне қазақтың ою-өрнегi салынған оқалы шапанды киiп алып: “Уа, халқым, сабыр сақталық. Патшаның әмiрiне қарсы келмеңдер. Дүрлiгiп көшеге шыққаннан пайда жоқ. Одан да мешiттерге барып дұға етелiк. Дұғадан басқа нәрсе көмектеспейдi” деп әлеуметтiк желiде пост жазып, ТВ арналардан жарыса сөйлеп жатты. Бұл оқиға ХХI ғасырда болып жатыр. Елдi ақымақ қылудың түрлi қитұрқы амалдарын бiлетiн саяси технологтар “Жер дауында” классикалық әдiске жүгiндi. Ұлтын сатқан екiжүздi дiншiлдердi билiк қажетiне қолданды. Олар да өздерiнiң билiкке адал екендерiн дәлелдеуге барын салып бақты. Мына Түркияның қазiргi диктаторы Ердоған да солай. Билiгiн имамдар арқылы ұстап отыр. Имамдар жұма намазында жамағатына қаратып “Ердоғанға дауыс берiңдер” десе, шаруасы бiтiп жатыр. Ауыл-аймақтағы миллиондаған намазханның дауысы iрi қалалардағы көзi ашық, бiрақ әманда саны аз интеллегенцияның дауысын басып тастайды. Сондықтан диктатура орнаған елде дiни лидер болып өмiр сүру қашан да болсын рақат. Үкiметтiң тапсырысын орындасаң – шылқып өмiр сүресiң. Бiрақ олардың ақыреттегi халi нешiк боларын айта алмаймын…
– Жарайды, тарихтағы Нақшбандия тарихаты парсыдан келдi де, орта ғасырда Алаш жұртына мәдени соққы бердi делiк. Бiрақ ендi ескi дауды қоздырып не керегi бар? Мысалы, қазiр де нақышбандия жолында жүрген сопыларды бiлемiн. Бәрi де қазақтар. Әлеуметтiк желiде белсендi. Бiрақ олар туыстарына үйленiп, немесе билiк үшiн күресiп жүрген жоқ қой. Өздерi ақиқат деп тапқан дiн үшiн айқасып жатыр. Аруақ культiн қызғыштай қориды. Бұның несi жаман?
– Дұрыс, оны мен де бiлем. Олардың пiрлерiмен де жолығып, сөйлесiп тұрам. Бiрақ бiр нәрсеге көңiлiм толмайды.
– Не нәрсеге толмайды?
– Бұларда мәдени тоқырау бар. Қазақ мәдениетiн тұтас алып қарайтын терең таным жоқ. Түп атасын Ясауиден таратады. Бiрақ Ясауи шайқылары тудырған рухани, мәдени өнiмдердi тұтас тұтынбайды. Мысалы, терең iлiм-бiлiмдi айтпағанда ән, күй, жыр, терме, дастан, поэзия, проза дегенге өте шорқақ. Тек қана шариғат пен тарихаттың аясында тартысады. Бұл – мәдени майданда жеңiлдiң деген сөз. Сауатты көзi ашық адамдар оларға сырттан қарап “Орта ғасырда қалып кетiптi” деп мысқылдайды. Негiзi дiннiң дұрыстығы мәдени өнiммен өлшенедi.
– Нақтырақ, ненi айтасыз?
– Мысалы былай. Мен көне қолжазба оқимын. Сол бойынша мәдени шкаланы анық көремiн. Ясауи шайқылары билiкке ықпал етудi бастағанда, көне түркiлiк рух тiрiлiп шыға келедi. Мәдениеттiң барлық саласында даму байқалады. Ауыз әдебиетi мазмұны жағынан байып кетедi. Ең қызығы – Ясауи шайқылары халықты ассимиляцияға ұшыратпайды. Керiсiнше, басқаның өнiмiн өзiне сiңiрiп, төл танымына бейiмдеумен күшейедi. Сол себептi де мәдени экспансияны тоқтатуға үлес қосқан кез келген ТҰЛҒАНЫ – Ясауи жолын жалғастырушы деп танимын. Кез келген дiни жамағатқа барып: “Жиналып құлшылық қылғандарыңа он бес жыл болды. Осы уақытқа дейiн халық тұтынатын қандай мәдени яки рухани өнiм бердiңдер?” деп сұрасаң, саудасы бiтiп жатыр. Бiрде-бiреуi жауап бере алмайды. Дiн дұрыс болса: мәдениеттiң дамуына үлес қосуы керек. Нағыз рухани көсемдер шеттен құндылық импорттап қана қоймайды. Керек десең, экспорттайды. Ал бiздiң дiни көсемдер идеяны тек сырттан импорттайды. Өздерi өндiрмейдi. Экспортқа ештеңе шығармайды. Бұрыннан бар құндылықты қолданбайды. Керiсiнше, жояды. Қысқасы қазiргi Ауғанстан сияқты ел болғысы келедi.
– Дiнi дұрыс болса, мәдени танымды күшейтедi деген ойды тарқата кетсеңiз.
– Мысалы, Абай мен Шәкәрiмдi-ақ ал. Маған олардың Ясауи туралы дерек қалдырғаны маңызды емес. Мен үшiн олардың қазақ мәдениетiн байытқан әрекетi маңызды. Хәкiм Абай Шығыстың неше түрлi жауһарлары мен Лермонтовты аударғанда тура бiр қазақтың төл өнiмi сияқты аударған. Ал Шәкәрiм қажы Қожа Хафиздi аударғанда “Шарап” деген сөздi “Қымыз” деп өзгерткен. Бұл қос ғұлама осыншама iлiм-бiлiмде жүйрiк бола тұра, күнделiктi тiршiлiкте қазақ салтымен өмiр кешкен. Ал ұнамаған салты болса оны радикалды жолмен емес, бiлiмнiң қуатымен реттеуге тырысқан.
– Е, сол екен ғой, 2002 жылдары сiздiң бiр студентiңiз “Зiкiрия ағай қызық адам. МузАртты Ясауи жолын жалғастырушы деп айтады” деп күлiп жүретiн едi. Сол осы екен ғой.
– Сендерге күлкiлi шығар. Маған олай емес. Есiңде болса, 2001 жылы Қазақстанның эстрадасы өлiмшi халге жеткен. Тыңдайтын есi дұрыс бiр әнi қалмаған. Қайда барсаң да, сарттың әнi сайрап тұрады. Алматыдағы Республика сарайында кiлең сарттар концерт беретiн. Парвиз Назаров, Юлдуз Усманова деген сияқтылар қазақ жастарының кумирiне айналған. Шымкентте тойға барсаң, қазақтар тек өзбекше ән айтып, өзбекше билейтiн. Басы “Бәригалдан” басталып, соңы Ялланың “Бака-бака байымен” аяқталатын. Мiне сол кезде сахнаға МузАрт шықты да, бәрiн эстрада алаңынан ығыстырды. Содан бастап қазақ әндерiн шырқау сәнге айналды. Оның арты “Ән мен Әншi” деген үлкен жобаға ұласты. Қазiр Парвиз да, Юлдуз да бiздiң жастарға кумир емес. Естуiмше, қазiр МузАрттың дiни танымы өзгерген дейдi. Соған орай олардың да мәдени ықпалы ендiгi кезде басқаша болады деп болжаймын.
– Әншiлердiң ықпалы керiсiнше болады дегiңiз келiп отыр ғой?
– Сөз жоқ, солай! Арабтық танымға бой ұрған әншiлер көне түркiлiк рухты көтеретiн жыр стилiнде ән салудан бас тартады. 1991 жылдары “Роксонаки” ескi жырларды жаңа жанрда шырқап, көне дәстүрге жан бiтiрген. Ол дәстүр қайтадан өлiп барады. Ендi араб-парсы стилiнде уағыз-өлең айту күшейедi. Дұшпан да пышақты қай жерден қадау керегiн жақсы бiледi. Әманда ең ауыр соққыны мәдени қабатқа бередi. Мәдениет тозғанда адамдар жұртымен, ұлтымен мақтана алмайды. Өзiн қор сезiнедi. Көрмейсiң бе, Досмамбеттiң жырларын қобызбен шырқайтын баяғы батырымыз қазiр не күйге түстi? Ол 20 жыл бұрын жыр айтқанда түркi баласының арқасы қозатын. Сол феномен қайда кеттi қазiр? 2000 жылы Сиднейде чемпион болған боксшылар “АРУАҚ!” деп ақырған едi. 2016 жылы Риода жеңген боксерлер рингте сәжде жасап, “Мен аруаққа табынмаймын!” деп мәлiмдедi. Бар-жоғы 16-ақ жылда осындай болды. Одан бөлек айтыс ақындарына қара. Олар езiлген халықты рухтандырудың орнына дiни уағыз айтып, сахнада елдi конформизмге шақырып отыр. Айтыс демекшi, Янушкевичтiң күнделiгiн оқып қара. Сол жерде ХIХ ғасырдағы екi қазақтың айтысын көзбен көрiп, тәптiштеп тұрып жазады. Қазақтың қос ақыны ежелгi Вавилондағы патшалардан бастап, Мысырдағы перғауындарды еске салып, бүкiл пайғамбар қиссасынан берi қарай таратып насихат айтты дейдi. Қазiргi айтыс ақыны қиссаның не екенiн бiле ме екен?
–Сонда дiни экспансия әлi тоқтаған жоқ дейсiз ғой?
– Жоқ. Тоқтаған емес. Тоқтамайды да. Осылай үздiксiз жүрiп тұрады. КСРО кезiнде темiр перде тартылып, шекаралар жабылғанда бiзге арабы-парсы тарапынан мәдени экспансия жоқ сияқты көрiнген. Темiр перде түрiлiп, шекара ашылған соң ежелгi мылтықсыз майдан тез арада арнасына қайта түстi. Оның айқын дәлелi мынау. Қазiр Ясауи жолынан бас тартып, арабтық танымға бой ұрған жас қазақтар жаппай шетелге барып бiлiм алып жатыр. Ақылшы ағалары АҚШ-қа, Англияға артынан iздеп барып, оларға уағыз айтып, миларын тұрақты “тазалап” тұрады. Олардың арабтық танымға адал болуын қатаң қадағалап отыр. Сондықтан Батыста бiлiм алушы “иманды” жастар Отанға оралған соң демократиялық қоғам құрады деп дәмелену – ақымақтық! Менiңше, олар коммунист қазақтар сияқты өз ұлтының тарихи жады мен рухани танымын жоюға шындап кiрiседi. Олар Ясауи жолынан бас тартқан күнi-ақ халқының мүддесiн сатып жiберген. Мен не үшiн Ясауидi жақсы көрем? Не үшiн оған өмiрiмдi арнадым, бiлесiң бе?
– Иә, не үшiн?
– Себебi, Ясауи кезiнде де тура осындай сатқын уағызшылар ел iшiнде қаптаған. Жастарды араб, парсы нәсiлiне табындыратын мұнафық сарттар өрiп жүрдi. Елдiң бәрi оларға табынып, садақа-зекетiн соларға апарып берген. Түркi нәсiлiн адам қатарына санамаған. Қазiргiше айтқанда, осы өңiрге дискриминацияның көкесiн орнатқан ғой.
– Сосын?
– Сосын, тарих сахнасына Ясауи шықты. Түркiнiң ұлы ұстазы араб пен парсының жалған имамдары жұқтырған бүкiл рухани кеселдi қоғамнан жойды. Жүрек көзiн ашатын Хикмет iлiмiн түркi баласынан олардан артық игермесе кем бiлмейтiнiн iс жүзiнде көрсеттi. Шариғат айтып дауласатын догматиктердi iлiмнiң күшiмен тас-талқан қылды. Ясауи ежелгi түркiлiк салт пен санаға КИЕ дарытып, мәңгiлiк құндылыққа айналдырды. Дала заңдарын Құран рухымен үндестiрiп, Исламның түркiлiк жаңа формасын әлемге сыйлады. Ислам өркениетi түркi мәдениетiмен тағы да байыды. Әйтпесе “түркi тiлi дымға жарамайды” деген әңгiме сол кезден бар едi. Бұл көзқарас әлi тiрi. Орысқа, арабқа, ағылшынға бас ұрғандар “Қазақ тiлi дымға жарамайды” деп жиi айтады. Өзiң ойлап қара, соңғы 25 жылда дiни экспансияның тiлге деген ықпалының күшейгенiн мынадан бiл. Харам, халал, хиджап, ақи, ухти деген сияқты арабы сөздер айналымға енiп жатыр. Басқаны былай қой, атам заманнан берi Алла деп келе жатқан Құдай атын “Аллах” деп өзгерттi. Оны өзгерткен жалпы жұрт емес, мүйiзi қарағайдай филолог ғалымдар! Абай өлеңдерiне ревизия жасап, Алла сөзiн “Аллах” деп өзгерткен де сол ұятсыздар. Көзi ашық деген ғалымдар ана тiлiне осындай сатқындық жасаған соң қара халықтан не күтесiң? Есiңде болсын, ұлтты сату – бiр әрiптi сатудан басталады! Әйтпесе, есi дұрыс адам “Аллах” деп айтқызумен руханиятты көгертем деп ойлай ма? Көне қолжазбаны қарап отырсаң АЛЛА сөзi сирек кездеседi. Қолжазбада ТӘҢIР деген сөз көп қолданылған. Қазiр муфтиятың осы “Аллах” сөзiн Алла деген қалпына келтiру үшiн арнайы пәтуа шығарып әуре боп жатыр. Ауызашар деген әдемi қазақы сөздi “ифтар” деген араб сөзi ығыстырды. Аға, iнiшек, бауырым деген қаратпа сөздер адыра қалып, “АҚИ” деген араб сөзi енiп үлгердi. Осының бәрi адамның өз нәсiлiн қорсынудан шыққан бейшаралық. Болмаса нәсiлдi, ұлтты, ана тiлдi адамға Құдай бередi. Тағдыр деген сол. Осы Алла берген тағдырыңа қарсы шығу, оған риза болмау – Құдайға қарсы шыққанменен тең деп бiлемiн.
– Бұл ендi расында қызық үрдiс. Орта ғасырда мақұл делiк. ХХI ғасырда Саудияға табыну деген ұят қой.
– Ұят емес, кәдiмгi қауiп бұл. ХХI ғасырда интернет дамыды. Үйiңде отырып басқа елдi барлай аласың. Араб әлемiнiң қандай былыққа батқанын интернет ашық көрсетiп жатыр. Арнайы барып жасырын түсiрген бейнематериалдар Саудияның бүкiл былығын айдай әлемге паш еттi. Сонда да сорлы қазақ соларға бас ұрады. Қыздарын сылап-сипап өсiретiн қазақ мәдениетiнен бас тартып, әйел затын малдан да бетер төмен ұстайтын сондай қараңғы қоғамға қызығу үшiн адам қандай дәрежеде надан болуы керек? Ендi өзiң ойлай бер: интернет жоқ орта ғасырда осы надандық қай деңгейде болды. Ол дәуiрде де бiздiң жұртта арабты көрсе, Құдайды көргендей қалтырайтын қуыскеуделер толып жүрген. Олар сол кезде “Мынау ширк, анау бидғат” деп көне түркiлiк бал-бал тастарды қиратумен Исламды сiңiрмекшi болған. Қожа Ахмет атаң сондай есалаңдардың есiн жиғызған ғой қысқасы.
– Ендi тағы бiр сұрақ. Қазiр Ясауи жолын оқытатын деген классикалық iлiм ошағы жоқ. КСРО оны толық жойды. Бертiнде жылт еткен сәуленi Үкiмет тағы да таптап тастады. Ендi қазақ мәдениетi жойылды деп бiлемiз бе? Осымен қазақ халқының адамзат тарихындағы тәуелсiз тiршiлiгi соңына тақады ма?
– Толық жойылды деуге сәл ерте. Есiңде болсын. Ясауи жолына қауiп негiзiнен дiни тараптан болады. Ясауи iлiмiнiң сәулесi әлi де мәдениеттiң көп саласында сақталып тұр. Дәстүрлi әншiлер, термешiлер, әсiресе жыршылар сол аманатты арқалап келе жатыр. Одан бөлек қазақ тiлi үшiн күресiп жатқан кез келген көзi ашық маман – Ясауи жолының жоқшысы. Мысалы ғылымдағы Асқар Жұмадiлдаев, тiлдегi Қанат Тасыбеков, әдебиеттегi Мұхтар Мағауиндердi Ясауи жолының модерн дәруiштерi десе де болады. Мен сен сияқты Ясауи жолын тар аяда түсiнбеймiн. Сен ғой ол зiкiр айтқан қазақты ғана Ясауи iлiмiне бет бұрған деп танитын. Ал мен Яссауи жолын тұтас Қазақстанның шеңберiнде, мәдениеттiң барлық қабатында барлаймын. Яғни, құндылық атаулыны – мейлi ол тiл болсын, мейлi ол дәстүр болсын, мейлi ол әдеби мұра болсын – сақтауға тырысып, сол үшiн жанын аямайтын қазақтың бәрiн Ясауи iлiмiнiң мұрагерi деп бiлемiн. Ғылымда оларды “ақ күштер” деп атайды. Яғни кез келген мәдени экспансияға қарсы тұрушы зиялы жұртты солай деп атайды. Әзiрге қазақтың жанын да, барын да, нарын да жауға бермей жағаласып жатқан батырлар – осылар!
– Ендi бiр сұрағым бар. Ясауи жолын зерттегенде ескi араб тiлi мен парсы тiлiн меңгеру бәрiне шарт па? Оны сұрағаным, сiз монографияңызда көбiне ауыз әдебиетiн қолданғансыз. Ол қалай сонда?
– Жалпы, мен академик ғалымдар ауыз әдебиетiндегi деректерге қалай күмәнмен қараса, мен де тура сол деңгейде жазба дерекке күмәнмен қараймын.
– Неге?
– Себебi көнеден жеткен қолжазба шүбәсiз иман келтiретiн Алланың уахиы емес. Оған 100 пайыз сенiп, соған ғана сүйенiп, ғылыми пайым жасау қате деп бiлемiн. Өз басым араб-парсы мәдениетi ықпал еткен аймақтардан табылған деректерге толық сенген емеспiн. Сарттар қағазы мен қаламы қолында тұрғанда өзiне ыңғайлап, не болса соны жазып қалдыра берген. Бiр қолжазба дерек табылғанда “Бұны кiмдер жаздырды? Бұл қолжазбаны қалдырған адамның артында кiм тұрды? Жылнамашы кiмнiң мүддесiне орай жазды?” деп сұраймын. Қазiргi заманмен салыстыр. Мысалы, қазiр саяси маңызы бар, яки танымал қоғамдық тұлға туралы мақтаулы яки даттаулы мақала шықса, көзi ашықтар бiрден “Бұны кiм жаздырды? Бұның артында кiмдер тұр? Не үшiн жаздырды?” деп сұрайды. Саясаттың тамыршылары қай мақаланың артында қандай топтар тұрғанын бiрден айырады. Мысалы, үкiмет тапсырыспен мақала жаздыру үшiн қаншама блогерлердi жалдап, солардың қолымен, аузымен жалған идеяларды халыққа таңады. Былайша айтқанда, манипуляция жасап отыр. Тағы бiр мысал. Фейсбукте биыл Ясауи туралы 100 пост шықты делiк. 10 пост Ясауидi мақтап жазады, 90 пост қарғап жазады. Себебi әлеуметтiк желiде Яссауидi қаралайтын сатқындардың қарасы көп қой. Ақшалары көп болғандықтан олар антиясауилiк насихатты қарқынды жүргiзедi. Арада жүз жыл өткен соң бiр ғалым шығып, ХХI ғасырдың басындағы деректердi академиялық әдiспен тексерсiн делiк. Әлбетте, ол Ясауидi қаралап жазған посттарды жазба дерек ретiнде алар едi. Сосын “ХХI ғасырдың басында Ясауи түк те танымал болмаған. Оны қазақтар жек көрген. Бәрi оны жек көрген. Ол елдi адастырушы сопы болған” деген қорытынды шығарады. Ал шындығында Ясауидiң iлiмi мен салт-санасы миллиондаған қазақтың жүрегiнде өмiр сүрiп жатыр. Бұл фактiлер жазба деректi ақтарғанда назарға iлiкпейдi. Сол себептi жазбашадан көрi ауызша дерекке көбiрек сүйенем. Халықтың нағыз мұңы, зары, көңiл-күйi, рухани ахуалы, дүниетанымы жырда, қара өлеңде, аңыздарда, мақал-мәтелдерде, ертегiлерде дұрыс сақталады. Хикмет iлiмi адамға не үшiн керек? Осы ауыз әдебиетiнде сақталып тұрған абстарктiлi МӘН мен МАЗМҰНДЫ қапысыз айыру үшiн керек!

Сұхбаттасқан Санжар КЕРIМБАЙ

zhasalash.kz

Related Articles

  • Герб ауыстыру мәселесі немесе «терістеу синдромы» қалай пайда болды?!

    Еліміздің гербін ауыстыру туралы Президенттің ұсынысы (о баста ұсыныс суретші-дизайнер мамандардан шыққан сияқты) тұтас қоғамда болмағанмен, әлеуметтік желілерде әжептәуір қарсылық тудырды. Бірақ, байыптап қарасақ, бұл қарсылықтың қазіргі гербтің қазақ үшін ерекше қастерлі немесе эстетикалық тұрғыдан мінсіз болуына еш қатысы жоқтығын аңғарасыз. Соңғы уақыттары, ауыр індетпен қатар келген қаңтар трагедиясынан бастап, халық айтарлықтай күйзеліске ұшырады. Қазақстанның еркінен тыс, соғысқа, басқа да себептерге байланысты болып жатқан экономикалық қиындық салдарынан халықтың әл-ауқаты төмендеді. Осының бәрі қазір қоғамда байқалып қалған «терістеу синдромына» түрткі болды. «Терістеу синдромы» – дұрысты да бұрысқа шығаратын, қандай бастамаға болсын қарсы реакция шақыратын құбылыс. Әлеуметтік психологияны зерттеушілердің пайымдауынша, осы құбылысты барынша күшейтіп тұрған фактор – әлеуметтік желілер. Яғни, алдағы уақытта

  • Үздік ойдың үзінділері

    Үздік ойдың үзінділері Арма әлеумет! Мен қазір таза академиялық ғылыми ортада жүрмін. Өзімнің неше жыл бойы жинаған білімімді, оқыған оқуымды, шетелдік тәжірибемді, интеллектуалды қарым-қабілетімді шынайы қолданатын қара шаңырақтың ішінде жүрмін. Алматының бәрінен бөлек мәдени ортасы ерекше ұнады. Алматы қала мен дала дейтін екі ұғымның түйіскен әдемі ортасы екен. Ойлап көрсем мен бақытты перезент, бағы жанған ұрпақ екенмін. Әкем тұрмыс пен жоқшылық, жалғыздықтың тауқыметін әбден тартып еш оқи алмадым, небәрі үш ай оқу оқыдым-, деп менің оқуымды бала күнімнен қадағалады, шапанымды сатсам да оқытам деп барын салды. Ал мектепте бақытты шәкірт болдым. Маған дәріс берген ұстаздарым кілең дарынды, қабілетті кісілер болды. Университетте және шетелде мен тіптен ерекше дарын иелеріне шәкірт болдым.

  • Самат Әбіш қалай “сүттен ақ, судан таза” болып шықты?

    Азаттық радиосы Саясаттанушы Досым Сәтпаев ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке шыққан үкім “Қазақстандағы режим болашақты ойламайтынын көрсетті” дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев. Сарапшының пайымдауынша, билеуші “элита” жеке істерімен және тасадағыкелісімдермен әуре болып жатқанда елде тағы бір жаңа әлеуметтік жарылысқа әкелуі мүмкін факторлар күшейіп келеді. СаясаттанушыРесей өзінің экономикалық мүдделері мен геосаяси жоспарларын кеңінен жүзеге асыру үшін Қазақстанның ішкі саясатына тікелей әсер етуге тырысып жатуы мүмкін деп те топшылайды. ПУТИН “ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ” МЕ? Азаттық: Сонымен ұзақ демалыс алдында осындай үлкен жаңалық жарияланды. Мейрам алдында, 19 наурызда қазақстандықтар мәжіліс депутатының постынан Самат Әбішке шыққан үкім жайлы білді. Мұның бәрінің байланысы бар ма әлде кездейсоқтық па? Досым Сәтпаев: Әңгімені бұл істің құпия

  • Христиан миссионерлерінің құмдағы іздері

    Орыны: Қашқар қ-сы; Жылы: 1933 ж; Аты-жөні: Қабыл Ахонд; Діні: христиан; Түсініктеме: Бұл жігіттің кейінгі есімі Қабыл Ахонд, христиан дінін қабылдаған алғашқы ұйғыр. Кейін діни сеніміне байланысты өлтірілген. Сурет еуропадағы миссионерлік музей архивінде сақтаулы. Аталған музейде жүздеген христиан ұйғыр өкілдерінің суреті сақталған. 1930 жылдары христиан ұйғырларына тұрғылықты мұсылмандар мен әкімшілік билік тарапынан қысым көрсетіле бастаған соң бір бөлімі миссионерлерге ілесіп еуропа елдеріне “һижраға” кетті. Алқисса Христиан әлемінің Қашқарияға баса мән беруі әсіресе Яқұп Бек мемлекеті кезеңінде жаңа мүмкіндіктерді қолға келтірді. 1860-70 жж. Қашқарияның Цин империясына байланысты көңіл күйін жақсы пайдаланған Христиан әлемі Үндістан мен Тибет арқылы Қашқарияға мәдени ықпалын жүргізе бастады. Олардың мақсаты бұл аймақты Ресей империясынан бұрын өз ықпалына

  • Демографиялық сараптама

    1-ші сурет қазақтар; Демографиялық ахуал 1949-2020 жж. аралығын салыстырмалы көрсеткен. 1949 жылға дейін, атап айтқанда коммунистік қытай үкіметі орнағанға дейін Шынжаң өлкесінің солтүстік бөлігінде қазақтар, оңтүстік бөлігі Қашқарияда ұйғырлар басым санды ұстады. 1951-54 жылдары ұлттық межелеу кезінде орталық үкімет құрған комиссия сараптамасы бойынша ұлттық автономиялық территорияны анықтау мына екі бағытта жүргізілді. Олар: БІРІНШІ, ұлттық автономияны межелеу бойынша оның атауын тұрақтандыру. Осы бойынша үш атау ұсынылды: *ШЫғыс Түркістан автономиялық федерациялық респубиликасы; *Ұйғырстан автономиялық респубиликасы; *Шынжаң автономиялы респубиликасы. ЕКІНШІ, автономияның әкімшілік тұрпатын анықтау; Осы бойынша: *Федерециялық тұрпат; *Автономиялық облыс және окург тұрпат; *Аймақ және аудан дәрежелі автономиялық окург тұрпаты. Межелеу комиссиясы аталған екі бағытта сараптама нәтижесін қорытындылады. Комиссия қорытындысы бойынша Шынжаң өлкесінің

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: