|  |  | 

Сұхбаттар Шоу-бизнис

Димаш Құдайберген I Am a Singer жобасына қалай келді?

Бүгінде қазақ елі талантты ұлдары Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы танымал телешоуда өнер көрсетіп, аспан асты елі тыңдармандарын тәнті етіп жатыр. Бұл қуаныш тек Димаштың ғана емес, дүйім қазақтың қуанышы, абыройы, жеңісі. Ал бұл жеңістің ар жағында қаншама еңбек, қажыр-қайрат жатыр. Осы жобаға өтініш беріп, Димаштың жұлдызды сәтіне жол ашқан Ертай Нүсіпжановпен сұхбатымызды ұсынамыз-деп жазды TENGRINEWS.KZ .

TENGRINEWS: Қытайда білім алғаныңызды, соңғы кездері өнер саласында түрлі жобалар жасап жүргеніңізді білеміз. Бір кездері Facebook-тегі жеке парақшаңызда “шетелдік музыкалық жобаға қатысуға қазақтың қай әншісін лайық деп ойлайсыз?” деп көпшілік арасында сауалнама да жасаған едіңіз. Одан кейін де біршама жазбаларыңыздан үлкен бір жаңалықтың болатынын көпшілік сезіп жүрді. Бұл Қытайда өтіп жатқан I Am a Singer жобасы туралы ой қайдан, қалай пайда болған еді?
Ертай Нүсіпжанов:Қытайда білім алып жүрген жылдары Қытайдың көптеген ірі компанияларында, журналистика саласындағы ССТV сияқты медиа орталықтары мен агенттіктерде тәжірибе жинадым. Сол жылдары-ақ қазақты танытудың түрлі тетіктерін қарастырып жүретінмін. Оқуымды аяқтап, “Қазақстан” ҰТА-да қызмет істеп жүрген кезім болатын. Ол 2014 жылдың қысы еді. I Am a Singer жобасының 2-маусымы жүріп жатқан кез. Телефонымдағы арнайы бағдарлама арқылы осы жобаны үзбей көріп жүрдім. Шебер ұйымдастырылған екен. Шарттарты да өте қызықты, соңына дейін үзбей көрдім. “Осында қазақтың бір әншісі шықса ғой” деген арман кеудемде “бұрқ” ете қалды. Ол туралы көптеген достарыма айтып жүрдім.


© Instagram.com/asspankz

Көп ұзатпай интернеттен ұйымдастырушыларын тауып, телеарнаға да, жекелеген адамдарға да ой-өтінішімді айтып хат жаздым. Бірақ Қытайдағы миллиард халықты айтпағанда, мен сияқты әлемнің әр бұрышынан қаншама өтініштер келеді? Жауап болар деген үмітпен ұзақ күттім, бірақ хабар келмеді. Мейлі ол қандай нәтиже бермесін, бастаған әрбір ісімді соңына дейін жеткізу менде бұрыннан қалыптасқан әдет. Бірінші талпынысым нәтижесіз болғанымен, әрі қарай жол іздеуімді тоқтатқан жоқпын. Сәл кейіндеу Қазақстандағы Қытай елшілігіндегі қытайлық қызметкерлермен де кездесіп, бұл идеяның екі ел халықтарының мәдениетін танытуда өте үлкен рөл атқаратынын жеткіздім. Олар ойымды қолдағанымен, жобаның коммерциялық сипаты болған соң, жекелеген компаниялардың ісіне араласа алмайтындықтарын айтты.

Мен жыл сайын Қытайда “Шанхай кинофестивалі” аясында өтетін “Фильм тілі, аударма, дубляж” тақырыбындағы халықаралық симпозиумның тұрақты мүшесімін. Оны ҚХР Мәдениет министрлігі ұйымдастырады. Оған әлемнің 60-қа жуық мемлекеттерінен кино өнеркәсібі саласынан әртүрлі мамандар қатысады. 2015 жылғы Шанхай қаласында өткен қорытынды отырысқа Қытайдың ақпарат және мәдениет вице-министрі Дин Вэй мырзаның өзі қатысты. Сонда мен төрт адамның бірі болып баяндама жасадым. Артынан ол кісінің өзі арнайы келіп, «жасаған баяндамаңыз сәтті болды деп» қолымды алып, құттықтады. Жекелеген кездесулер кезінде ҚХР Ақпарат министрлігі, халықаралық департаменттің бастығы Ма Ли ханыммен жолығып, қазақ-қытай мәдениетін дамытатын жобалар туралы, оның ішінде I Am a Singer тележобасына қазақ әншісін қатыстыру арқылы үлкен нәтижеге қол жеткізе алатындығымызды айтып, өтініш білдірдім. Сол мезетте-ақ ол кісі мені өзінің орынбасары Жаң Миң деген кісіге табыстады. Кейін мен Қазақстанға келгеннен соң ол кісімен тұрақты байланыста болдым. Қытайдағы ең ауқымды, коммерциялық жоба болған соң бірден шешімін табу қиынға соқты. Ол кісі арқылы, тағы бірнеше адамдармен байланыс жасап жүрдім. Сөйтіп жүргенде тағы бір жыл аяқталды. Соңында ұйымдастырушы тараптан маған қоңырау келді. “Біздің жобаға қызығушылық тантытқаныңызға алғыс білдіреміз. Бірақ біздің талап жоғары. Халқымыздың талғамы биік” деп, телефондағы адам әңгімесін жылы-жұмсақтай бастады. “Жауапсыз қалды демесін” деген оймен ғана хабарласып, “құтылғылары” келгенін бірден түсіндім. Мұндай мүмкіндіктің енді қайтып болмайтынын білген соң мен де ойымды бүкпесіз айтым: “Мен сіздердің шешімдеріңізді менің Отаным – Қазақстан деген бүкіл бір мемлекетті менсінбеушілік деп есептеймін. Бізге еш мүмкіндік берместен жобаға қатыстырғыларыңыз келмейді. Демек, жобаның басқа да идеологиясы бар. Сәлемдемемді басшыларыңызға жеткізерсіз деп үміттенемін” деп сөзімді аяқтадым.


© instagram.com/kudaibergenov.dimash

2016 жылдың көктемі басталды. Ұйымдастырушыларға жақын жүрген адамдарға тағы да хат жаза бастадым. Менің табандылығыма риза болды ма, әлде ұялды ма екен, әйтеуір кастингке жолдама берді. Қуанышымда шек болмады. Қазақ мәдениетінде үлкен бір сенсациялық серпілістің болатынын сол кезде-ақ сезіндім. Кімді қатыстырамын деген сұраққа жауап іздеуге кірісіп кеттім. Көптеген достарыммен, музыканттармен ақылдастым. Мақпал Исабекова, Гауһар Қаспақова, Маржан Арапбаеваларға жоба туралы айтып, қызығушылықтарын байқадым. Айқын, Мәдина Садуақасова, Жанар Дұғалова сияқты бірқатар әншілерге бұдан әлдқайда бұрынырақ хабардар еттім. Бұл туралы ұсынысты Димашқа алғаш әкесі Қанат арқылы жасадым. Бірақ көпшілігі бұл конкурстың маңыздылығын аса түсінбеді, белгісіз себептермен біразы бас тартты. Бірақ Құдай тағала бұл жобаға қатысуды Димашқа бұйырып тұрыпты. Күзде кастингке апардым. Жобаның бас продюсері, әрі бас режиссері Хоң Тао мырза Димаштың өнеріне деген таңданысын жасырмады: “Сіздің екі жылдан бергі жасаған зор еңбегіңізге ризамыз, бізге осындай талантты таныстырғаныңызға қуаныштымыз” деп алғысын білдіріп, кастинг уақытының әлі аяқталмағанын, нақты шешімді кейіндеу хабарлайтынын айтып шығарып салды. Көп ұзамай қуанышты хабар алдық.

TENGRINEWS: Қазақстанда да, алыс-жақын шетелде түрлі байқаулар, ток-шоулар аз емес. Осы конкурс туралы аз-кем айтып берсеңіз, ерекшелігі неде?
Е. Нүсіпжанов:Бұл конкурстың мақсаты таланттарды таныту емес, керісінше, халық алдында талай жылдан бері өнерін көрсетіп жүрген ең танымал жұлдыздар арасындағы бәсеке. Қатысушыларға ұйымдастырушы тарап өздері шақырту жібереді. Жоба шарттары жылда өзгеріп отырады. Оны әр айналым басталарда немесе аяқталғанда ғана ресми хабарлайды. Әр айналымның жеңімпазын залға жиналған 20-60 жас аралығындағы 500 көрермен анықтайды. Олар келесі айналымға қатыспайды. Әр көрерменнің үш әншіге дауыс беруге құқы бар. Әр айналымдағы ұпай саны ең аз қатысушы жобамен қоштасып, орнын жаңа бір әнші толықтырып отырады. Оған алдыңғы үштіктен көріну сияқты үлкен талаптар қойылады. Ол үдеден шықпаса, оның орнын тағы бір әнші толықтырады. Осы маусымның ендігі шарттары қандай болатынын ұйымдастырушы тарап құпия ұстайды. Басты талап - әнші көрерменнің жүрегін жаулауы, әр жолы әр қырынан, жаңа стильде, басқа жанрда көрінуі керек. Сол себепі басы-аяғы 14 айналымнан тұратын жоба соңында мүлдем басқа әншілермен жаңарып, жеңімпаз атануы әбден мүмкін.

TENGRINEWS: Біздің білуімізше, Димаш қытай тілін білмейді. Конкурс талаптарына сай келді ме? Қандай талаптар қойылды?
Е. Нүсіпжанов:Жобаға дейінгі барлық ұйымдастыру жұмыстары мен аударманы өзім жасадым. Димаштың қытайша сөйлеуі міндет емес, бірақ қытайша ән айтуы керек болады. Әрбір әншінің ұйымдастырушы “Хунан” телеарнасы тағайындаған жеке-жеке агенттері болады. Қытайда танылған әнші Арай екі тілде еркін сөйлегендіктен оны Димашқа агент ретінде шақыртты. Мұнда айта кететін бір жайт бар. Димаш кокурс басталғанға дейін қытайдың мықты музыканттарының бірі (1997 жылы Қазақстанда өткен “Азия дауысы” фестиваліне қатысқан) - Лан Тиен Янь мұғалімнен қытайша әндерді дұрыс орындау, эстрада жанрының талаптарын меңгеру бағыттарында арнайы сабақтар алды. Бұл конкурс дауыс мүмкіндігін көрсететін емес, әншінің жан-жақтылығын, тіпті түрлі сұхбаттар арқылы әншінің білімділігін сынайтын алаң екенін ол кісі өз тәжірибесі ретінде бөлісті. Әлбетте, бақ сынаушы Димаш болғандықтан, соңғы шешімді өзі қабылдап, қандай ән орындайтынын өзі біледі.

TENGRINEWS: Байқауға қатыстыру барысында ұйымдастырушылық жұмыстардың ішінде ең қиыны не болды?
Е. Нүсіпжанов:Конкурсқа жол іздеген екі жыл ішінде оңай жұмыс атқарылған жоқ. Талай табалдырықтар тоздырып, есіктерді қағып жүріп, бірқатар келіссөздер жүргізіп жүріп, Құдайдың қалауымен жеттім. Бейжің мен Шанхайға осы жұмыстар үшін қаншама рет бардым? Кездесу нәтижесіз болып талай рет бос қайтқан кездерім болды. Жоба барысында, Димаштың қатысатыны шешілгенге дейінгі қаржылай шығындардың барлығын өзім көтердім. Демеуші іздеп сабылғам жоқ. Өйткені, жобаның қаншалықты маңызды екенін Димаш эфирге шығып екі ел халқын дүр сілкінткенге дейін ешкім түсінген жоқ. Басқа емес, айналамдағы адамдардың өзі қатардағы бір конкурс деп қабылдады. Сондықтан да бұл расымен де Димаштың бағы деп ойлаймын. “Тәлейің бар екен” дегенді Димаштың өзі де көптеген қытайлық әріптестерінен, ұйымдастырушылардар естіді. Димаш арқылы өнерде де осал емес екенімізді Қытайға дәлелдедік. Себебі, өзін Қытай нарығында мойындатқысы келіп жүрген қаншама ел бар?! Бұл конкурсқа әлемдік деңгейде үлкен сұрыптаулар жүреді. Жеті қатысушының қатарына бір ғана шетелдік әншіні таңдалатын болса, ол мүмкіндік қазаққа бұйырды! Қытайда алған білімімді ұлттық мүдде жолында игілікті істермен ұштастыру бұрыннан келе жатқан азаматтық арманым еді. Тарихи жағдайдың себепкері болғаныма өте қуаныштымын. Сол арманға қол жеткізіп, қазақтың атын жарты әлемге таныту бақытына ие болдық.

TENGRINEWS: Биылғы жылғы байқау қатысушылары осал емес. Димаштың мүмкіндіктерін қалай бағалайсыз?
Е. Нүсіпжанов:Иә, қытай әншілері бізге беймәлім болғанымен, олар хытай халқының алдында өте беделді, миллиондаған жанкүйерлері бар әншілер. Мысалы, осы жолы жасы 60-тан асқан Гонконг тумасы, Канадалық әнші Дулиша (Teresa Carpio) қатысып жатыр. Өте мықты әнші. Ли И Лянның жасы 51-де. Қытайлар көп үміт күтіп отырған әншінің бірі. Қазір Димаштың талантына тәнті болып жатқан халықтың қарасы өте көп. Димаш Құдайбергеннің аты weibo іздеу жүйесі бойынша бірінші орында келеді. Сайыстың алғашқы күні-ақ 400 мыңнан артық адам іздеу салған. Фоллоуер саны да әнді орындап біткенше 60 мыңнан 120 мыңға жекен. Алайда Қытайдың бірқатар эксперттері егер Димаш опералық ән айту стилін өзгертпесе, көп ұзаққа бармайды деген ойларын айтып жатты. Әрине, біреудің алдына біреу шығып көрген жоқ. Бәрін бақ пен бап шешеді, бір Құдайдың қалауы біледі. Ең бастысы – Димаштың өз-өзіне сенімі мықты. Осы бетіңнен тайма деп өзім де кеңес бердім. Қалай болғанда да, “қазақтың ұлы бәйгеге түсіп жатқанда, кез келген қазақ үйде тақымын қысып”, тілеуін тілеп отырғаны анық! Алла жар болсын деймін!

TENGRINEWS: Бұл байқауға Қазақстан атынан тағы кімнің қатысып, жүлде алу мүмкіндігі бар деп ойлайсыз?
Е. Нүсіпжанов:Кейбір дереккөздерге сүйенсек, бұл 5-маусым I Am a Singer жобасының соңғы маусымы. Димашты қатыстыру туралы бір шешімге келмес бұрын, көп ойландым. Бір рет берілетін мүмкіндікте қате таңдау жасап алмау керек болды. I Am a Singer жобасына жасы 30-40-тан асқандар қатысып жатқандықтан, маған Димаш бұл сахнаға тым жастау болып көрінді, бір кездері. Егер Гауһар Қаспақова көптеген талаптарды орындаса, осы жобада топ жарады деген де үміт болды. Өкінішке орай, басқа көп ешкімді елестете алмадым. Өйткені, біздің эстрада той-томалақ деңгейіне түсіп кеткенін мойындауымыз керек…

Сұхбаттасқан Бэлла Орынбетова

 Kaz.tengrinews.kz

Related Articles

  • Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Елдес Орда, тарихшы: «Түркістан» атауын қолдану – аймақтағы жұмсақ күш позициясын нығайту тәсілі

    Фото ашық дереккөздерден алында Өткен аптада Түркияның ұлттық білім министрлігі мектеп бағдарламасына «Түркістан» деген терминді енгізген еді. Шетел басылымдарының жазуынша, бұл атау енді «Орталық Азия» ұғымының орнына қолданылмақ. Білім министрі Юсуф Текин жаңа атау түркі әлемінің бірлігін қамтамасыз етуге бағытталғанын айтады. Оның сөзінше, үкімет оқу бағдарламасынан империялық мағынасы бар географиялық атауларды алып тастамақшы. Ең қызығы, «Түркістан» аумағына Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен Тәжікстан жатады екен. Сондай-ақ кейбір басылымдар бұл терминнің Қытайдың батысында орналасқан Шыңжан өлкесіне қатысы барын да атап өтті.  Кейбір ғалымдар «Орталық Азия» термині колониализмнен қалғанын жиі атап жүр. ХХ ғасырдағы әлемдік академиялық ғылымды сол кездегі ірі империялар қалыптастырғандықтан, бүгінде мұндай терминдер мен атаулар халық санасына әбден сіңіп

  • Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

    Thai AirAsia X Алматы – Бангкок тікелей рейстерін іске қосады: визасыз*

     Тайландтың сан қырлы дәмдерімен, бояуларымен және мәдениетімен танысыңыз — бір бағытқа 199 USD-ден басталады Алматы, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Thai AirAsia X Алматы (Қазақстан) мен Бангкокты (Тайланд, Дон Муанг әуежайы) байланыстыратын жаңа әуе бағытының іске қосылуын қуана хабарлайды. Енді қазақстандық саяхатшылар қысқы маусымда жайлы әрі қолжетімді бағамен жылы самалға бөленген, күн шуағымен нұрланған әрі жарқын өмірімен танымал Бангкокқа ұша алады. Жаңа рейс 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма және жексенбі күндері орындалады. Ұшулар сыйымдылығы 367 жолаушыға арналған кеңфюзеляжды Airbus A330 ұшағымен жүзеге асырылады. Іске қосылуына орай Thai AirAsia X бір бағытқа 199 АҚШ долларынан басталатын арнайы промо-тарифті ұсынуда. Билеттерді 2025 жылғы 8–21 қыркүйек аралығында,

  • Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада 2025 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпаздарымен кездесу өтті

    Астанада «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали 2025 жылғы питчинг сынынан сүрінбей өткен ашық конкурс жеңімпаздарымен кездесті. Іс-шара дөңгелек үстел форматында өтіп, оған Сараптамалық кеңес мүшелері мен Орталық мамандары қатысты. Жиында отандық киноиндустрия алдында тұрған басты міндеттер мен басым бағыттар талқыланды. Биылғы байқауға жалпы 444 өтінім тіркелді. Соның ішінде 16 жоба мемлекеттік қолдауға лайық деп танылды. Олардың қатарында үш дебюттік жұмыс және Тайландпен бірлескен киножоба бар. Бұл қазақстандық авторлардың халықаралық ынтымақтастыққа дайын екенін және шетелдік әріптестермен байланысын нығайтып отырғанын көрсетеді. Кездесу барысында Орталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали – «Сапалы фильм түсіру – басты талап. Конкурста жеңіске жеткен жоба жетекшілерінің кино өндірісінің алғашқы сатысынан бастап, экран арқылы көрерменге жету кезеңіне дейін

  • «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат»-«Реал» матчының билет бағасы белгілі болды

    «Қайрат» футбол клубы UEFA Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өз алаңындағы матчтарға, соның ішінде «Реалға» қарсы ойынға билеттерді сату тәртібі мен мерзімдерін түсіндірді. «Қайрат» клубының ресми сайтында хабарланғандай, «Қайрат»-«Реал Мадрид» матчы үшін билеттер 23 қыркүйекте Алматы уақыты бойынша сағат 17:00-де сатылымға шығады. Бір ЖИН-ге бір адам ең көп екі билет ала алады, ал деректер сатып алу кезінде де, стадионға кіргенде де қатаң тексеріледі. Билет бағасы: 30 000 – 250 000 теңге аралығында болады. Айта кетейік, бұған дейін «Қайрат» – «Реал» матчының билеттер бағасы 75 мың мен 250 мың аралығында болатыны жарияланған еді. Алматылық клуб өз алаңында «Реалды» (30 қыркүйек), «Пафосты» (21 қазан), «Олимпиакосты» (9 желтоқсан) және «Брюггені» (21 қаңтар) қабылдайды.

  • Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды

    “Слован” командасының қақпасына гол соққаннан кейінгі сәт. Дастан Сәтпаев (сол жақта). “Қайрат” футбол клубының парақшасы. 6 тамыз 2025 жыл. Алматылық “Қайрат” пен мадридтік “Реал” 30 қыркүйекте Алматыда ойнайды. Матч кестесі турнирдің ресми сайтында жарияланды. Алматының “Қайрат” командасы чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты “Қайрат” футбол командасының мүшелері жеңісті тойлап жатыр. 26 тамыз, 2025 “Қайрат” фк Instagram парақшасынан алынған скриншот.  Футболдан Алматының “Қайрат” командасы Еуропа Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңінде “Қайрат” Шотландияның “Селтик” командасын пенальти сериясы арқылы жеңді. Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: