МҰХТАР МАҒАУИН. “МЕНІҢ ТҮРЛІ ТҮСТЕРІМ” (ӘҢГІМЕ)
МЕНIҢ ТҮРЛI ТҮСТЕРIМ Кейiнгi кезде бей-берекет, сұрықсыз түстер көрем. Сұрықсыз ғана емес, мән-мағнасыз, күлгін, күңгірт. Әлдебір бекетке, мекенге жете алмай жатам. Пойыздан, белгілі-белгісіз тағы бір көліктерден кешігем. Жылғалы сайдың, көшенің, жолдың көз көріп тұрған арғы бетіне өтуге қаншама бөгесін табылады. Көбіне-көп әлдебір жалаңаш қабырғаға жапсарлас, қиғаш, тар баспалдақпен жүре алмай, кейде ортан белінен үзілген тұсына тіреліп, абдыраймын. Немесе, барар жолымда біріне-бірі жалғас, көріксіз, иесіз бөлме, далан, дәліздерді адақтай келе, денем сыймас тар қуыспен өту керек болады. Дағдарып, тоқырап тұрам. Ақыры, қиналып барып оянғанда, осының бәрі түс екенін біліп, қуанбасам да жеңілейіп қалам. Содан соң ойлаймын. Бұл не пәле. Әрине, жайсыз ұйқы, сыр бере бастаған денсаулық. Тек сол ғана емес. Жете