Серік Ахметовтің түрмеден ерте босауын түрліше болжайды
Асылхан МАМАШҰЛЫ Серік Ахметовтің премьер-министр кезінде түскен суреті. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл. Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, коррупциялық айыппен сотталған Серік Ахметов қыркүйектің 21-інде бостандыққа шықты. Азаттық сөйлескен сарапшылар “Қазақстанда заң әркімге әрқалай қолданылатынын, саяси тұтқындарға Ахметовке жасалғандай рақымшылық болмайтынын” айтады. Серік Ахметов Қарағанды облысындағы Қарабас кентіндегі түрмеден қыркүйектің 21-і күні таңертең шықты. Жеңіл күртеше мен қаракөк джинс шалбар киген бұрынғы премьерді ондаған журналист пен видеооператор күтіп алды. Журналистерге Ахметовтен сұхбат алудың сәті түспеді, ол колониядан шыққан бетте қасындағы қарауыл жігіттің көмегімен жол талғамайтын Toyota көлігіне мініп кетіп қалды. Көлікке қарай жүріп бара жатып ол журналистерге болашақта не істейтінін «әлі жоспарламағанын», денсаулығының жақсы екенін айтып, «Рахмет сіздерге!» деп қана тіл қатты.