|  | 

Саясат

Серік Ахметовтің түрмеден ерте босауын түрліше болжайды


Серік Ахметовтің премьер-министр кезінде түскен суреті. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Серік Ахметовтің премьер-министр кезінде түскен суреті. Астана, 24 қыркүйек 2012 жыл.

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, коррупциялық айыппен сотталған Серік Ахметов қыркүйектің 21-інде бостандыққа шықты. Азаттық сөйлескен сарапшылар “Қазақстанда заң әркімге әрқалай қолданылатынын, саяси тұтқындарға Ахметовке жасалғандай рақымшылық болмайтынын” айтады.

Серік Ахметов Қарағанды облысындағы Қарабас кентіндегі түрмеден қыркүйектің 21-і күні таңертең шықты. Жеңіл күртеше мен қаракөк джинс шалбар киген бұрынғы премьерді ондаған журналист пен видеооператор күтіп алды. Журналистерге Ахметовтен сұхбат алудың сәті түспеді, ол колониядан шыққан бетте қасындағы қарауыл жігіттің көмегімен жол талғамайтын Toyota көлігіне мініп кетіп қалды. Көлікке қарай жүріп бара жатып ол журналистерге болашақта не істейтінін «әлі жоспарламағанын», денсаулығының жақсы екенін айтып, «Рахмет сіздерге!» деп қана тіл қатты.

ЕКІ ЖЫЛҒА ЖЕТЕР-ЖЕТПЕС МЕРЗІМ

Қазақстанның премьер-министрі қызметіне дейін өскен Серік Ахметовтің 2015 жылы ұсталуы да, сотталуы да қоғам назарын айрықша аударған. Ресми түрде «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» және «өкілетін асыра қолданды» деп айыпталған бұрынғы премьерді «кінәсіз» санаушылар әлеуметтік желіде Ахметовті қолдайтындарын жиі білдірген еді.

Таяуда «Ахметовтің бас бостандығынан айыру жазасының қалған өтелмеген бөлігін бас бостандығын шектеу түріне өзгерту туралы» сот шешімі шықты деген алғашқы ақпарат та әлеуметтік желі қолданушылар арасында жылдам тарады.

Сот залынан шығып бара жатқан Серік Ахметов. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

Сот залынан шығып бара жатқан Серік Ахметов. Қарағанды, 28 шілде 2015 жыл.

2015 жылы желтоқсанда 10 жылға сотталған Серік Ахметов жаза мерзімін біртіндеп азайтуға ұдайы тырысқанын ақпарат құралдарындағы хабарлардан аңғаруға болады. Соттағы соңғы сөзінде Серік Ахметов президент Нұрсұлтан Назарбаевтан кешірім сұраған. Кейін 2016 жылы наурыздағы апелляциялық сотта ол «тағылған айыпты мойындайтынын, адал ниетімен өкінетінін айтып, жалпы сомасы 2 миллиард 255 миллион теңге материалдық залалды толық өтегенін ескеруді» өтінген. Мұнан соң апелляциялық сот оның жазасын 10 жылдан 8 жылға азайтқан еді.

Ахметовке тағайындалған жаза мерзімін тағы бір кемітуге «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негіз болған. Ахметов қамауда отырған колония басшылығы «жазаның өтелмеген мерзімінің төрттен бір бөлігін рақымшылықпен азайту туралы ұсыныс» жасап, Ахметовке кесілген жаза тағы да бір жыл жеті ай 11 күнге қысқарған болатын.

Ал кейінгі сот шешімінде «Серік Ахметов жазасының бас бостандығынан айырудан оны шектеуге ауыстыруға қажетті мерзімін және келтірген шығынын толық өтегені, түрмеде «тәртібі жақсы болғаны», колонияның қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны» ескерілген.

Серік Ахметовтің жазасының біртіндеп азайтылып, 10 жылға сотталса да екі жылға жетер-жетпес уақытта жаза түрінің бас бостандығын шектеуге ауысып, оның колониядан шығуы сарапшылардың түрлі болжамына себеп болды.

«​ЗАҢСЫЗ БОСАТА АЛМАЙДЫ, БІРАҚ…»​

Сарапшылардың сөзіне қарағанда, Қазақстанда қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоғары лауазымды қызметкерлер арасында ұзақ жылға сотталғанымен, көп ұзамай-ақ бостандыққа шығатындар жиі кездеседі. Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылардың көбі Серік Ахметовтің колониядан босап шығуын заңсыз деп санамайды, заң мүмкіндіктерінің жұрттың бәріне бірдей қолданылмайтынын ғана айтады.

Адвокат Айман Омарованың сөзінше, «сотталушыларды түрмеден шартты жазамен босатуға заңды мүмкіндіктер бар, Серік Ахметов сол мүмкіндікті пайдаланған».

- Оның барлық құжаттары бостандыққа шығуына мүмкіндік беретін заң нормаларына сәйкес реттелген болар. Онсыз бостандыққа шығара алмайды. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, сондай мүмкіндік сотталғандардың бәріне бірдей беріле бермейді. Интернеттегі ақпаратты көшіріп жариялағаны үшін «діни экстремистік ақпарат таратты» деп бес жылға сотталған балалы әйелдерді, «40 мың теңге пара алды» деген толық дәлелденбеген айыппен төрт жылға сотталған, бірақ әлі күнге шартты жазамен бостандыққа шыға алмай отырған адамдарды білемін, – дейді ол.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Серік Ахметовтің бостандыққа шығуын заңға қайшы деп санамайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина.

Бірақ ол «қылмыскер деп саналса да биліктің өз адамдары бар» екенін айтады. Серік Ахметов билікте жүрген кезінде де, сотталған шағында да елде қалыптасқан саяси жүйеге қатысты сын-ескертпеге ұқсайтын пікірлер де айтпаған. Бақытжан Төреғожинаның сөзінше, кейінгі жылдары «қылмыстық жазаға тартуда тырнақша ішіндегі гуманизация» тенденциясы пайда болған. Оны кейде билік кейбір әріптестерін жуасыту үшін де пайдаланады.

- Біз оның мысалын соңғы кездері жиі байқадық. Ауыр айып таға тұра заңның түрлі баптарына сәйкестендіріп, жазасын жеңілдете салудағы мақсат – ең бірінші «сотталған» деген статус бергісі келетіндіктерін көрсетеді. Яғни оның түрмеде отырған-отырмағаны маңызды емес. «Сотталған» деген таңба қою арқылы олар қарсыластарын, бәсекелестерін жолдан алып тастағысы келеді, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Ахметовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, 5 жыл мемлекеттік қызметпен айналысуына тыйым салынған. Соттылығы бар азамат ретінде ол әзірге мемлекеттік қызметке бара алмайды.

Құқық қорғаушылардың көбі Серік Ахметовтің босауы мен «Қазақ атом өнеркәсібі» компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің (14 жылға сотталған) әлі түрмеде отыруын салыстыруға бейім екені байқалды. Жәкішев ісі қозғалғанда «қуғында жүрген оппозициялық тұлға Мұхтар Әблязовке қатысы болды» деген болжам айтылған. Құқық қорғаушылар «жаза мерзімінің жартысынан астамын өтеген Жәкішевті босату жайлы билікке бірнеше хат жолдағандарын, ондай ұсыныстар халықаралық құқық қорғау ұйымдарынан да түскенін» айтады.

Ал саясаткер Әміржан Қосановтың сөзінше, биліктің Серік Ахметовке «жұмсақ қарауына» бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Соның ішінде Қосанов сот кезіндегі қоғамдық реакцияны атайды.

- Ахметовтің басына іс түскенде көптеген қазақстандықтар оған тағылған айыптарға сене қоймады. Оның білімі, іскерлігі мен елбасына адалдығына қоса басқалар секілді жемқорлыққа батпағаны да айтылып жатты, – дейді саясаткер.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

Саясаткер Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосанов «Ахметовке қатысты жағдайдың өзгеріп, жұмсартылуын кланаралық тепе-теңдіктегі таразы басының өзгеруінен» деп те біледі.

Азаттық тілшісімен сөйлескен құқық қорғаушылар жоғары лауазымды қызметкерлер сотталғанда «президенттен кешірім сұрауы немесе өкіну мәселесі» де айтарлықтай рөл атқаратынын айтты.

Қазақстан жоғары лауазымды қызметкерлердің қылмыстық жауапқа тартылуы жиі кездеседі. Кейбір бейресми пікірлерге қарағанда «сотталған бұрынғы үкімет мүшелерінің өзінен «абақтыдағы үкімет» құрауға болады». Олардың арасында жауапқа тартылғанымен, «президенттен кешірім сұрап» сот залынан босатылғандары да, «қылмыстық істің ашылуына көмектескені үшін» немесе рақымшылық туралы заң бабына сәйкес мерзімінен ерте босатылғандары да бар.

Азат Еуропа / Азаттық радиосы

Related Articles

  • Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Зеленскийдің “жалғыз сенері әрі оң қолы”. Андрей Ермак кім?

    Рэй ФЕРЛОНГ Андрей Ермак (сол жақта) пен Украина президенті Владимир Зеленский (оң жақта). 2019 жыл. Андрей Ермак ұшақтан түсе сала өзінің бастығын құшақтады. 2019 жылы қыркүйекте президент Зеленскиймен жылы жүздесу жаңадан басталып келе жатқан саяси серіктестіктің басы еді. Бұл – Ермактың Ресей түрмесінде отырған 35 украиналықты Мәскеуден алып келген сәті. Ал 2020 жылы Ермак Зеленский әкімшілігінің басшысы болды. Бірақ Украинадағы жемқорлық шуынан кейін оның қызметіне жұрттың назары ауды. Себебі Ермак Украина энергетикалық инфрақұрылымына бөлінген қаржы жымқырылған коррупция схемасында негізгі рөлде болған деген ақпарат тараған. Бірақ тергеушілер бұл жайттың жай-жапсарын толық ашқан жоқ. Ермактың өзі Азаттықтың Украина қызметінің ресми сауалдарына жауап берген жоқ. Сонымен Зеленскийдің кеңсесін басқарып отырған Ермак кім? ТЕЛЕВИДЕНИЕДЕН

  • Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Тоқаев Нью-Йоркте Зеленскиймен кездесті

    Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. 22 қыркүйек 2025 жыл. Тоқаев пен Зеленский. Сурет: Ақорда 21 қыркүйек күні Қазақстан президенті БҰҰ Бас ассамблеясына барған сапарында Нью-Йоркте Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер екіжақты экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ, Зеленский “Украинадағы жағдайға байланысты көзқарасын” білдірген, ал Қазақстан басшысы “қақтығысты тоқтату мақсатында дипломатиялық жұмыстарды жалғастыру қажет” деген. Зеленский осы кездесу туралы мәлімдемесінде Украина, АҚШ, Еуропа және өзге елдердің соғысты тоқтату жөніндегі талпынысын талқылағанын айтты. Оның сөзінше, қос басшы сондай-ақ екіжақты сауда-экономикалық әріптестікті, қазақстандық компаниялардың Украинаны қалпына келтіру ісіне қатысуға деген қызығушылығын сөз еткен. 2022 жылғы ақпанда Украинаға басып кірген Ресей Қазақстанның ең

  • Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі

    Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі

    Украина “өрмегі” заманауи соғысты қалай өзгертті? Әскери сарапшылар пікірі Амос ЧЭПЛ Ресейлік “Белая” әуе базасын шабуылдаған украин дронынан түсірілген видеодан скриншот. Фото:Source in the Ukrainian Security  1 маусым күні жарияланған видеода бомбасы бар квадрокоптерлер жүк көлігінен ұшып жатқаны көрінеді, арғы жағында өрт болып жатыр. Сол күні Украина қауіпсіздік қызметі Ресей аэродромдарына соққы жасағанын, нәтижесінде Кремльдің стратегиялық бомбалаушы ұшақтары жойылғанын мәлімдеді. Әскери тактика бөлмелерінде бұл видеоларды мұқият зерделеп жатқаны анық. “Бұл шабуылды бүкіл әлем әскери қызметкерлері дабыл деп қабылдауы қажет” деді Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының Қорғаныс бағдарламасы директоры Стейси Петтиджон (ханым) Азаттық радиосына. “[1 маусымдағы шабуыл] көптеген қыры бойынша Украинаның ұзаққа ұшатын дрондар шабуылынан тиімді бола шықты. Өйткені шағын дрондар шашырап кетіп, әртүрлі нысандарды көздей алады

  • Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Сталин ажал аузына тастаған қазақтың атты әскері

    Осы уақытқа дейін құпия сақталып келген 106-қазақ атты әскер дивизиясының деректері енді белгілі бола бастады. 1942 жылы дивизия Ақмолада жасақталыпты. Әскери шала дайындықпен жасақталған дивизия 1942 жылдың мамырында, Харьков түбіндегі қоршауды бұзып шығуға бұйрық берер алдында, 4091 сарбазға 71мылтық, яғни 7 адамға бір мылтық және бәріне 3100 жарылғыш оқ –дәрі бәріліпті. Қазақ боздақтарын қарусыз жалаң қылышпен өлімге жұмсауы – «Гитлермен салыстырғанда Сталин солдаттарды өлімге 8 есе көп жұмсадының» айғағы (Михаил Гареев, Әскери академиядан.2005 жыл). “Төртінші билік» газетінің 2016 – жылғы мамырдың 28-жұлдызындағы санында шетелдік архивтерден алынған видеосюжеттегі 106-атты әскер дивизиясы жөніндегі неміс офицерінің айтқаны: «Не деген қырғыз (қазақ) деген жан кешті батыр халық, атқа мініп, ажалға қаймықпай жалаң қылышпен танктерге

  • ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    ЖАРАЙСЫҢДАР, ӘЗЕРБАЙЖАН

    Олар ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде орыс тілінде оқудан бас тартқан. Неге солай ? Өйткені олар қазақ тілін таңдаған! Қазір университетте қазақ тілі курстары ашылып жатыр. Айтқандай, Әзербайжандарға тілімізді қолдағаны үшін құрмет пен құрмет. Олар нағыз бауырлас халық екенін көрсетті. Бірақ қазір біздің қорғаныс министрлігіне сұрақтар туындайды. Бұған дейін барлық шетелдіктерді орысша үйретіп пе еді? Біреу не сұрайды? Әйтеуір, білім – қазақ тілін насихаттаудың ең жақсы тәсілі. Ал неге орыс тілінде оқытады? Ал кім үшін? Ең қызығы, осының бәрін тек Әзербайжандардың арқасында ғана білетін боламыз. Ал неге бұрын қазақша оқытпаған, ең болмаса кейбір елдерде. Неге сол қытай тілін орысша үйретеді? Руслан Тусупбеков

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: