Бұл сурет 2003 жылы сәуірдің 29-ы күні түсірілген. Ол кезде әлем 21 ғасырдағы алғашқы пандемияға айнала жаздауға шақ қалған вирусқа жолыққан еді. SARS атты жаңа жұмбақ коронавирус жұқтырғандардың он пайызға жуығы қайтыс болды. Науқастардың көбі дем жетпей қиналып, өкпесі сұйыққа толып қайтыс болды.
SARS вирусын 2002 жылдың соңында анықтады. Жарқанаттар арасында кең тараған деп саналатын коронавирус, болжамға сәйкес, алдымен циветке (сүтқоректі жабайы жыртқыш жануар), кейін одан Қытайдың оңтүстігінде адамға жұққан. Вирус жануардан адамға ауа арқылы, жануардың тезегі жұққан тамақ жегенде немесе ауру жануарды сойған кезде жұғуы мүмкін.
Вирустың тіршілік иесінің бір түрінен екіншісіне жұғуы – үйреншікті құбылыс. Бірақ 2002 жылы “нөлдік науқас” (жануардан вирус жұққан бірінші адам) жұқтырған коронавирус өзгеріске ұшырап, адамнан адамға тез жұғатын қасиетке ие болған. Осылайша пандемия қаупі туған.
Қытайда бұл жаңа дерттен ондаған, кейін жүздеген адам қайтыс болды, бірақ елдің Коммунистік партиясы елде бой көтерген дағдарыстың көлемін жасыруға тырысты. Дәрігерлерге ол туралы айтуға тыйым салып, ауру шыққан аймақтарға баруға шектеу, я бақылау қойылған жоқ.
Қытайда тұратын дәрігер Лю Цзяньлунь Гуандунда “атипиялық пневмония” деген атауға ие болған дертті жұқтырған науқастарды емдеумен құпия жағдайда айналысқан. 2003 жылы ақпанның 21-іне Лю Цзяньлунь Гонконгке үйлену тойына барған Лю Цзяньлунь Metropole қонақүйіне түсіп, тоғызыншы қабатындағы бөлмеге жайғасқан. Көп ұзамай дене қызуы көтеріліп, лоқсыған Лю Цзяньлунь қонақүй дәлізінде құсып жібереді. Ауру симптомдары анық байқалған науқасты жақын маңдағы ауруханаға жеткізеді. Бірақ оған дейін жаңа вирус осы қонақүйдегі бірнеше туристке жұғып үлгереді.
Лю Цзяньлунь наурыздың 4-іне қайтыс болды. Ол өзін қараған дәрігерлерге Қытайда бұрын кездеспеген біртүрлі вирустық инфекция өршігеніне куә болып, науқастарды емдеуге қатысқанын айтқан.
Гонконг билігі аяқ астынан пайда болған инфекцияны жедел түрде ауыздықтауға тырысты, бірақ олар бұл жөнінде дүйім жұртқа хабарлағанға дейін Гонконг қонақүйіне ауру жұқтырған бірнеше адам елдеріне жетіп үлгерген еді. Олар бұған дейін белгісіз болған қауіпті вирусты таратушыға айналғанын өздері де байқамай қалды.
Ақпанның 23-і күні Гонконгтегі Metropole қонақүйінен аттанып, Канададғы шаңырағына оралған егде жастағы әйелді баласы тосып алды. Арада үш аптаға жетер-жетпес уақыт өткенде екеуі де аурудан қайтыс болды.
Metropole қонақүйінде вирус жұқтырған Вьетнам мен Сингапур азаматтары өз еліне оралған соң атипиялық пневмония өзге адамдарға жұқты. Дертті ауыздықтау үшін қатаң шаралар қабылдауға тура келді, Маусым айына дейін вирустан кемінде 774 адам қайтыс болды. Сол 2003 жылдың жазында ауру тыйылды.
Азаттық сөйлескен профессор Оксфорд 2003 жылы атипиялық пневмонияның көп ұзамай (одан қайтыс болғандардың жалпы саны COVID-19 індетінен өлгендердің бір пайызына да жетпейді) ауыздықталуын орайы келген сәттіліктің арқасы деп біледі.
“Бұл екі вирус бір-бірінен мүлде өзгеше деп ойлаймын. Осы тұрғыдан алғанда 2003 жылы атипиялық пневмониядан аман қалғанымызды асқан сәттілікке балаймын. Ол (COVID-19 коронавирусы сияқты) тараған жоқ” дейді Оксфорд. Вирус енген елдер ол індетке ұласып кетпесі үшін қатаң шаралар қолданып, инфекцияны “жөргегінде құртты” деп санайды профессор.
Оксфорд COVID-19 сынды коронавирустың жаңа түрі неліктен тез тарағанын түсіну әзірге қиын екенін айтады. “Неліктен тақсаның аяғы қысқа, ал тазының аяғы ұзын? Бұл эволюция. [Жаңа коронавирус] лезде тарады, көп жағдайда аурудың симптомдары білінбеген, кей жағдайда науқас көз жұмды. Оның сипаттары басқадай” дейді профессор.
Қытай ғалымдарының жақында жүргізген зерттеу қорытындысы жаңа вирустың тез тарауы ешқандай сипмптомы білінбей тұрып, адамнан адамға жұға алатындығымен байланысты екенін көрсетті.
Профессор Оксфордтың айтуынша, өзіне инфекция жұққанын білмейтіндермен бірге ауру белгісі ешқашан байқалмайтын (яғни дертке шалдықса да ешқандай симптомы білінбейтін) адамдардан да өзгелерге вирус жұғуы мүмкін. 2003 жылы атипиялық пневмониямен ауырған науқастардың бойынан ОРВИ белгілері байқалғаннан кейін ғана олардың вирусты мағайындағыларға жұқтыруы мүмкін екені ескеріліп, дереу оқшауландырылып, емдеуге кірісетін. Яғни ауру симптомдарының байқалуы дәрігерлерге шұғыл шара қабылдап, уақыт ұттырмауға мүмкіндік беретін.
Джон Оксфордтың сөзінше, сайып келгенде жаңа коронавирустың дүниежүзуіне тарауына не себеп болғанына қарамастан, COVID-19 өзінен әлдеқайда қауіпті, бірақ мұндай жұқпалы емес SARS коронавирусымен салыстырғанда анағұрлым айлалы вирус боп көрінеді.
“Бұл осы ерекшелігін сақтап қалады деп ойлаймын” деп тұжырады профессор.
Азаттық радиосы
Пікір қалдыру