Англияның Жоңғария қазақтарына озық соғыс қаруларын беруге талпынуы
Англияның Қашқариядағы консуль қызметі 1881- жылдан кейін бастау алады. Англияның түпкі мақсаты Цин империясының солтүстік-батыс аймағы мен Түркістан (орталық азия) даласына өз ықпалын жүргізу еді. Бірақ, бұл тұста патшалық ресейдің де аймақтағы саяси ықпал күшін ескермеу мүмкін емес еді.
Патшалық ресейдің әу бастағы мақсаты Түркістан аймағын ендей өтіп Үндістан арқылы телегей теңіз жолына шығу еді. Бірақ, Түркістан даласындағы Түркі хандықтары (Қазақ, тб) бұл мақсатты жүз жылдап кешіктіріп жатты. Ресей енді Түркістан даласын қиыр шығыстан айналып өтіп Қашқария арқылы Үндістанға ұласуды көздеді. Бірақ, ол тұста Қашқария мүлде жабық әлем еді.
Дейтұрғанмен де жабық әлемнің түстік қапталынан Англия империясы да келіп үлгірді. Сосын не керек, бұл аймақ Ресен-Англия империясының таластағы зонасына айналды. 19- ғасырдың 70-80 жылдарында Цин үкіметімен жасасқан бірқанша келсім негізінде патшалық ресей де, англия үкіметі де Қашқарияда өз ықпалын жүргізе бастады және консуль ашты.
Қашқарияда Англия консулы құрыла салысымен ағылшын миссионерлері жаппай Қашқарияға ағылды. Олар тұрғылықты наным-сенімдерге енді христиандық жаңа танымды уағыздай бастады. 20- ғасырдың басына келгенде Қашқарияда алып шіркеу тұрғызылды және оның жүз, тіпті мыңдаған діни жамағаты пайда болды. Шағатай жазуымен 100′ге тарта хирстиан қиссалары мен “інжіл” кітабы баспадан шықты.
Қашқарияда Ангияның сауда пункиттері қалыптасты. Англия тауары патшалық ресеймен бәсекеге түсті. Цин үкіметінің аймақтағы мәдени, сауда ықпалы мүлде әлсіреді. 20- ғасырдың басынан бастап (1912-1917) Англия үкіметі енді Тәңір тауын кесіп өтіп қазақтар тұрған аймақтарға келе бастады. Олар алдымен қазақтардың хан-төре тұқымдарына жақындай бастады. Мыңдаған түтін үй мен он мыңдаған халықты билеп тұрған төре тұқымдарымен жасырын диалог жасады. Диалогта “егер сіздер көмір, темір, алтын және мұнай кендерінің Англия үкіметі жағынан қазылып ашылуына толық мүмкіндік берсеңіздер, Англия үкіметі де сіздерге озық соғыс қаруларын беруге әрқашан дайын”, тб дегендей сөздер айтылды.Англия үкіметі жіберген ғылми экспедиция қызметкерлері мен дін миссионерлері қазақтар тұрған аймақтарды аралап үлгі жинап, жүздеген тарихи суреттерге түсіріп қайтты. Бұл құнды суреттер қазір Еуропа университеттерінің архиві мен миссионерлер архивінде сақтаулы.
Аглияның қазақтар арасындағы қатынастарын байқаған Цин үкіметінің барлау қызметі және Яң Зыңшин үкіметінің сыртқы барлау құпия қызметкерлері өңірдегі ахуалды хаттап орталық барлау бас штабына рапорттап отырған. Орталық штап жолданған рапорт негізінде аймақ әкімі мен шекара қорғаныс гарнизоны арқылы қазақтарды жазалап отырды. Осы оқиғаның бір мысалы ретінде Тарбағатай өңіріндегі Мамырбек төренің ұлы Қызыр Мамырбекұлын айтуға болады. Қызыр (Қызырбек) Үрімжіде әскери оқу бітірген санаулы зиялы азамат еді. Англия үкіметі Қызыр төремен диялог жасап оны Англия үкіметімен ортақ келсім жасауға шырғалады. Бірақ диалог сәтсіз болды.
Қызыр Төре Мамырбекұлы Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековпен өте тығыз байланыс орнатты. Райымжан Қызыр төренің ауылында ағартушылық жұмыспен айналысты. Қызыр төре кейін 12 бөлмелі заманауи оқу орласының құрлысын салдырды бірақ құрылыс аяқтап оқу жылы енді басталатын кезде 37 жасында тұтқиылдан қайтыс болды. Қызыр төре қайтыс болған жылы өлкеде қым-қуыт жағдайлар орын алды. Жапония үкіметі Осман сұлтанының немересі Әбділкерім Әпенді арқылы қазақтармен байланыс орнатып, жаңа саяси оқиға басталу алдында тұрды. Алтай төресі Шәріпқан Көгедайұлы ұлттық автономия құру үшін Нань Кин үкіметіне байланысқа шығуға тырысты. Кезінде Ыстанбұлда Осман сұлтанының қабылдауында болып елге саяси миссия арқалап қайтқан қазақ игі-жақсылары қастандықпен өлтірілді. Тағысын тағы…
Карта
Қашқар; Патшалық Ресей және Жоңғария
1874- жыл
Картада, қазіргі Боратала облысы, Тарбағатай аймағы Жоңғария жағында көрсетілген. Іле өлкесі Патшалық Ресей құрамында көрсетілген. Олай болатыны 1871-1881 жылдар арасында Іле өлкесі он жыл Ресей құрамында қалды.
Бұл тұста Қашқария жағында Жақыпбек (Яқұп Бег) мемлекеті өмір сүрді. Цин империясы Яқұп Бег басшылығындағы Жеті Шаһар мемлекетін жойған соң одан қалған елдің атауын СИНЬЦЗЯН (新疆) деп атады. Мағынасы жаңа шекара, жаңадан игерілген жер, тб деген сөз.
Тарихи деректерге қарайтын болсақ Цин империясының бұл аймақтағы сыртқы саясаты мынадай еді:
Бірінші, Құлжа өлкесінде Іле әскери губерниясын құру арқылы орталық азияға саяси және экономикалық үстемдік жасау; Бірақ, Патшалық Ресейдің орталық азия хандықтары мен Іле өлкесін жаулап алуы Цин империясының бұл сыртқы саяси жоспарын тас-талқан етті және неше он жылға кешеуілдетіп жіберді.
Қашқарияда әскери губерния құру арқылы Ауған, Кашмир, Қорасан және Пакістан аймақтарына саяси және экономикалық ықпалдастық жасау; Бірақ, бұл сыртқы саяси жоспарды Қоқандық фактор тас-талқан етті. Қашқария өлкесі діни қожалар мен Қоқандық таптың ықпалында болды. Кейін Цин үкіметі Яқұп Бег мемлекетін жойып Қашқарияны отарына алған соң бұл аймақтағы сыртқы саясаты түбегейлі өзгерді.
Құлжа мен Қашқар шекараға сүйкеніп тұрған қауіпті аймақ, Цин империясының шекара аймақта үстемдікке шығуы үшін әлі он жылдай уақыт керек, бірақ бұл он жылда Ресей, Англия бұл аймақты толықтай өз отарына алып үлгіреді. Жылдам әрі нақты қарар шығару керек, көп талқыдан соң Ди Хуа деген қаланы таңдады. Ди Хуа дегеніміз қазіргі Үрімжі…
1883-1884 жылдары Дихуа (Үрімжі) қаласы ресми түрде өлкенің саяси орталығы болды. Өлкенің аты сол жылы Синьцзян атанды. Өлкеге (провинцияға) үш үлкен аймақ қарады; олар:
Бұрын Гансу өлкесіне қарап келген Жьнши аймағы (Баркөлден Үрімжіге дейінгі аумақ); Бұл аймақты кейін Үрімжі аймағы, Құмыл аймағы деп өзгертті.
Ақсу аймағы;
Қашқар аймағы;
Сосын қосымша Іле аймағы; Бірақ Іле аймағы бұрын әскери губернияға қарасты болғандықтан Дихуа қаласына қарағысы келмеді, бұрынғыша Іле шекара әскери губерниясы болып сақталып тұра берді. Осыдан кейін Құлжа мен Үрімжінің 30 жылдық айқасы туды.
Жоңғариядағы саяси ахуал
Іле аймағы Шыңжаң (Синьцзян) өлкесі мен өлке орталығы Дихуаға (Үрімжіге) бағынғысы келмеді, 1914- жылға дейін осылай болды, сонымен қатар Тарбағатай аймағы да өлкеге бағынбады, Үрімжінің сөзі Шәуешекке мүлде жүрмеді. Бұл жағдай 1916- жылға дейін сақталды. Шыңжаң өлкесі 1883- жылы құрылған болса да, Іле уалаяты 1914- жылы, Тарбағатай уалаяты 1916- жылы өлке қарастылығына енді. Оған дейін олар Іле әскери губерниясы мен Шәуешек Амбан мекемесі арқылы тіке Бейжің үкіметіне бағынып тұрды. Алтай уалаяты Қобда аймағымен бірігіп тіке Бейжіңнің бақылауында болды. 1920- жылы Алтай зорға дегенде Шыңжаң (Синьцзян) өлкесінің қарастылығына өтті.
Сонымен Жоңғария қазақтары жеке-жеке 1914-1916-1920 жылдары ғана Синьцзян өлкесіне қосылды. Енді бір сұрақ, қазақтардың Синьцзян өлкесі аумағына қарауы қандай саяси, әлеуметтік өзгеріс әкелді?
Жауабы:
Бірінші, Қазақтар бұл өлкеде бұрын саны жағынан да, сапасы жағынан да ең көп, ең белді тұрғылықты халық болып келіп еді, Синьцзян (新疆) өлкесіне қосылған соң сан жағынан өзі тұрған аймақта ғана басым салмақты ұстады, ал жалпы өлке санына шаққанда аз халыққа айналып шыға келді;
Екінші, қазақтар Синьцзян өлкесіне қосылмай тұрғанда әскери губерния арқылы Бейжіңдегі патша билігіне тіке қарайтын. Патша қазақтардың әртүрлі мәселесін жеке өзі басқаратын, қаласа өзіне шақыртып алатын, ал Синьцзян өлкесіне қосылған соң қазақтардың саяси, әлеуметтік мәселесін жергілікті губернатор, шенді шонжарлар қарайтын болды. Олар қаласа шешіп отырды, қаламаса белден басып жоғарыға жалған мәліметтер жолдап отырды;
Үшінші, қазақтар Синьцзян өлкесіне қосылмай жеке губернияға бағынышты болып тұрған кезінде саяси статусы мен шен статусы біршама жоғары еді. Елде хандық түзім жақсы сақталды. Әскери губернияға салық ғана тапсырды, ал губерния қазақтардың саяси, әлеуметтік мәселелерін өздерінің дәстүрлі билік жүйесіне берді. Сол себепті қазақтар бұрынғы ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫның хан-төрелерімен болған саяси һәм рухани байланысты үзбеу үшін арнайы ТӨРЕ әкеліп хан сайлады және Бұхара мен Түркістанның діни институтынан қазірет, ишан алдырып тұрды. Бұл таңдауды әскери губерния заңмен мақұлдап Бейжіңге жолдап мақұлдап құптап тұрды. Кейін қазақтар Синьцзян өлкесіне қосылған соң осы саяси һәм рухани дәстүрге балта шабылды. Қазақтарға басқа саяси, әлеуметтік басқару форматын енгізді, соның кесірінен ел арасында дау шықты, талас-тартыс жүрді;
Енді, 20- ғасырдың 30- жылдарына келгенде яғни қазақтардың Синьцзян өлкесіне толықтай қосылғанына 10 жыл уақыт өткен кезде, осы онжылдықтың бүкіл зиянын жіті түсіне білген қазақ зиялылары болды. Неге, көзге көрінетін тіке себебі осы он жылда елдың көбі тоз-топалаң болып жан жаққа көшіп кетті. Қазақ зиялыларының ойында бір ғана жол тұрды, ол “қазақтарды Синьцзян өлкесінен бөліп алып, тіке орталық үкіметке қарасты автономиялы өлке құру”. 1931-1933 және 1937-1939 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің түпкі саяси себебі осы еді. Біз осыны ашық айта алмадық, енді айтатын уақыт келген сияқты.
Сіздерге мынадай тарихи фактіні айта кетейін, 1933-34 жылғы қазақтардың ұлттық автономия құру жолындағы күресін тоқтатқан сыртқы дипломатиялық күш- совет одағы еді. 1939-43 жылғы ұлт-азаттық көтерілсті де бәсеңдетіп Қазақтардың жеке ел құруына тосқауыл болған сыртқы күш- тағы да совет одағы. Қазақтар шекаралық аймақта өз алдына дербес автономиялы респубилика болып кетсе онда Қазақ ССР-дағы қазақтармен бірігіп кетеді, оданша Синьцян өлкесінде тұра бергені дұрыс…
Пікір қалдыру