|  |  | 

Жаһан жаңалықтары Саясат

Тәліптер ұйғыр жасағын Қытай шекарасынан шеттетті. Мұның астарында не жатыр?


Кабул көшесін күзетіп жүрген қаруланған тәліп. 3 қазан 2021 жыл.

Кабул көшесін күзетіп жүрген қаруланған тәліп. 3 қазан 2021 жыл.

“Талибан” Ауғанстанның Қытаймен шекарасына жақын аумақтағы ұйғыр жасағын сол маңнан шеттетті. Бұл – Пекин мен “Талибан” арасы жақындай түскенін білдіретіндей.

“Талибан” Ауғанстан мен Қытай шекарасына жақын аумақтағы ұйғыр жасағын сол жерден шеттетті. Бұл жайлы Азаттық радиосына құпия дереккөз хабарлады. Сарапшылар бұл Пекин мен тәліптердің байланысы нығайып жатқанын білдіреді дейді.

Ауғанстан шекарасынан басқа өңірлерге көшкен ұйғыр содырлары “Түркістан ислам партиясының” мүшесі деп айтылып жүр. Пекин бұл экстремистік топты Шыңжаңдағы тәртіпсіздіктерге қатысты жиі айыптап, оны әлі “Шығыс Түркістан ислам қозғалысы” деп атайды.

1990-жылдары билікте болған “Талибан” аталған ұйғыр тобына Ауғанстанда әрекет етуге ерік берген. Қазір де қозғалыстың топпен байлысы бары айтылып жүр. Ал Қытай тәліптерден содырлармен қандай да бір байланысты үзуді талап еткен.

Сарапшылар тәліптердің ұйғыр жасағын шекарадан шеттетуі Пекинмен қарым-қатынастың жаңа қадамы дейді. Тамызда қозғалыс билікті басып алғалы, Қытайдың қауіпсіздікке қатысты үрейі өрши түскен еді. Ал бұл шешім тәліптер осы аумақта қабылдаған бірінші шара болды.

"Түркістан ислам партиясы" жариялаған 2008 жылғы видеоның скриншоты.

“Түркістан ислам партиясы” жариялаған 2008 жылғы видеоның скриншоты.

“Қытайдың қалауы осы. Тәліптер Пекинмен әріптестікті тереңдеткісі келсе, осыған көнуі керек. Бұл жерде “Олар істі соңына дейін жеткізе ала ма?” деген сұрақ туындайды” деді АҚШ-тағы Уилсон орталығындағы Қытай мен АҚШ жөніндегі Киссинджер институтының ғылыми қызметкері Бредли Жардин Азаттыққа.

“Түркістан ислам партиясының” содырлары Бадахшан уәлаятында болған. Бұл уәлаят елдің солтүстік-шығысында Ауғанстан мен Қытайдың 76 шақырымға созылған шекарасын бойлай орналасқан. Ұйғыр содырлар басқа аудандарға, оның ішінде шығыстағы Нангархар уәлаятына да көшкен. Бұл жайлы Азаттыққа оқиғамен таныс бұрынғы әскери шенеунік айтты.

Өткен аптаға дейін ұйғыр содырлары Бадахшанда болып, кейін ауданнан шығарылған деді Азаттыққа осы аудандағы тәжік шекарашысы барлау деректеріне сілтеме жасап.

Тәліптер ұйғыр содырларын Қытай билігіне бере ме, ол жағы әлі белгісіз дейді Тәжікстан мемлекеттік шекара қызметінің өкілі Азаттыққа. Ол бұқаралық ақпарат құралдарымен сөйлесуге рұқсаты болмағандықтан, аты-жөнін атамауды сұрады.

ПЕКИН ЖӘНЕ “ТАЛИБАН”

Қытай ондаған жыл бойы “Талибанмен” прагматикалық және ара-тұра шиеленісті байланыста болды. Ал тәліптер осы аралықта бар назарын лаңкестікпен күреске бұрған еді.

Ауғанстанның Батыс қолдаған үкіметі құлағанға дейін Пекин Кабул билігімен де тығыз байланыста болған. Ауғанстан күштері Қытайдың сұрауымен ұйғыр топтарына мониторинг жасап, ізіне түсуге көмектескен.

15 тамызда тәліптер Кабулды басып алған соң Пекин “Талибанмен” де байланысын нығайта бастады. Қытай тәліптерге экономика және даму саласында қолдау білдіретінін айтып, оның орнына қауіпсіздік проблемаларына назар аударуды, әсіресе, Ауғанстандағы ұйғыр топтарына бассауға болмауды талап етті.Пекин әлем елдерін “Талибан” үкіметін мойындауға шақырып отыр

“Талибанның” жаңа үкіметі Қытайды тығыз әріптестікке шақырды.

Ұйғыр содырларының шеттетілуі Пекин мен тәліптер әріптестігінің жаңа қадамы болғандай. Ал сарапшылар Қытаймен әріптестігін арттырып жатқан қозғалыс өзінің шегін біледі дейді.

1996-2001 жылдары Ауғанстанда “Талибан” билікте болғанда, қозғалыс ұйғыр содырларын шекарадағы аудандардан елдің басқа жерлеріне қоныстандырған еді. Осылайша олар Қытайдың көңілін тыныштандырмақ болған. Бірақ қозғалыс содырларды Қытай билігіне беруді тоқтатып, Пекин мен тәліптердің әріптестігі әлсірей түскен.

Герман Маршалл қорының қызметкері, Қытайдың Оңтүстік Азиядағы қызметін қарастыратын Эндрю Смол тәліптер сол стратегиясын қайталағысы келетін болар дейді.

“Бұл олар билікте болғандағы жағдайға ұқсайды” дейді Смолл. “Тәліптер ұйғырлардың кез келген әскери әрекетінен ұялатын жағдайдан қашуға тырысты. Бірақ егер “Талибан” расымен оларды берсе, тіпті басқаша болар еді”.

ҚЫТАЙДЫҢ ҮРЕЙІ

Қыркүйекте тәліптер Ауғанстанда ұйғыр содырлары жоқ деді. Алайда үйғыр жасағының орнын ауыстыру соғыс жайлаған елде олардың бар екенін көрсетеді.

Қытай саясаткерлері Ауғанстаның ұйғыр топтардың базасына айналатынына бұрыннан алаңдайды. Ұйғыр содырлары Шыңжаңды “Шығыс Түркістан” деп атап, оның тәуелсіздігі үшін ондаған жыл бойы күресіп келеді.

Шілдеде Қытай сыртқы істер министрі Ван И Қытайда “Талибан” өкілімен кездесіп, қозғалыстан содырлармен кез келген байланысын үзуді сұрады.

"Талибанның" негізін қалаушылардың бірі молла Абдул Ғани Барадар (сол жақта) мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Тяньцзинь, Қытай. 28 шілде 2021 жыл.

“Талибанның” негізін қалаушылардың бірі молла Абдул Ғани Барадар (сол жақта) мен Қытай сыртқы істер министрі Ван И. Тяньцзинь, Қытай. 28 шілде 2021 жыл.

Қытай осы орайда президент Си Цзиньпиннің саяси стратегиясына қатысты терроризм қаупін алға тартты. 2017 жылдан бастап Қытай 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лаңкестікпен күресті желеу етіп қайта тәрбиелеу лагерьлерінде ұстап отыр.

Шыңжаңда мұсылман халықтардың үлесі басым. Қытай билігі олардың адалдығына бұрыннан күмәнмен қарайды.

Орталық Азиямен шектесетін Шыңжаң ауданы лаңкестік шабуыл алаңына айналды. Пекин ол шабуылдарды “Түркістан ислам партиясы” мен оның ізашары болған “Түркістан ислам қозғалысынан” көреді.

Қытай коммунистік партиясы Шыңжаңдағы басып-жаншу мен лагерьлер жүйесін құруын контртерроризм мен радикалдандыруға алаңдайтынымен ақтап алғысы келеді. Мұны 2019 жылы The New York Times жариялаған құжаттардан көруге болады.

Қытай полициясы Шыңжаңдағы мұсылмандарды қамауға арналған лагерьді күзетіп тұр.

Қытай полициясы Шыңжаңдағы мұсылмандарды қамауға арналған лагерьді күзетіп тұр.

Алайда ұйғыр содырлары төндіретін қауіп әлі дау туғызып келеді. Сарапшылар топтың үлкен шабуылдар жасауға мүмкіндігі жетпейді дейді.

2020 жылы Вашингтон “Түркістан ислам қозғалысын” шетелдік лаңкестік топтар тізімінен алып тастап, бұл топтың барына дәлел жоғын мәлімдеді.

Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 2020 жылғы баяндамасында Ауғанстанда жүздеген ұйғыр содыры барын жазды.

Пекин мен БҰҰ оны әлі де лаңкестік топ санайды.

ҰЙҒЫРЛАР НЕДЕН ҚАУІПТЕНЕДІ?

Қытай мен тәліптер әріптестігінің күшеюі Ауғанстандағы ұйғырларды алаңдатып отыр.

Олардың көбі – ата-анасы ондаған жыл бұрын Қытайдан көшіп келген адамдардың ұрпақтары. Ауғанстанда 2 мыңнан астам ұйғыр бары айтылады.

Пекин мен тәліптердің байланысы нығайтып жатқанда, олардың көбі Қытайдың ұйғырларға қарсы күресінен қауіптенеді.

Пекин ұйғыр белсенділерін қорқытып, сөз бостандығын шектеуге, кей жағдайда оларды Шыңжаңға экстрадициялауға тырысты.

Қытайдан "Талибан" үкіметіне көмек келгенде Кабул әуежайында болған баспасөз мәслихаты. 29 қыркүйек 2021 жыл.

Қытайдан “Талибан” үкіметіне көмек келгенде Кабул әуежайында болған баспасөз мәслихаты. 29 қыркүйек 2021 жыл.

Ауғанстандағы төрт этникалық ұйғыр Азаттыққа “Талибанның” жаңа режимі кезінде Қытайға депортацияланудан қауіптенетінін мәлімдеді. Олар тәліптердің қудалауынан қауіптеніп, аты-жөнін атамауды сұрады.

Олардың жеке куәлігінде “ұйғыр” немесе “Қытай босқыны” деп жазылғаны оларды анықтауды жеңілдетеді. Бұл ұйғыр азшылығының қаупін тереңдете түседі.

“Талибан” жоспарының Ауғанстандағы ұйғырларға бағытталғаны әзірге байқалмағанымен, бұл бірте-бірте күшейе түседі дейді сарапшылар.

“Ауғанстандағы жағдайдың қаупі ұйғырларды олай болмаса да, содыр деп атаудың жеңіл екенінде жатыр. Қытай бұрын бұл сөзді асыра пайдаланды. Егер жауапкершілік болмаса, нағыз содырдың кім екенін білу қиынға соғады” дейді Бредли Джардин.

Автор Азаттық радиосы Тәжік қызметінің хабарына сүйенді.

Азаттық радиосы

Related Articles

  • АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    АҚШ Иранның Харк аралын басып ала ма? 

    Киан ШАРИФИ Иран ислам республикасына тиесілі Харк аралы. Америка мен Израильдің Иранға әуе шабуылдары жалғасып жатқан тұста АҚШ-тағы саяси ортада ислам республикасына тиесілі Харк аралын басып алу идеясы талқылана бастады. Сарапшылардың айтуынша, Вашингтон Ирандағы мұнай экспортының негізгі ошағы саналатын Харк аралын нысанаға алуы әбден мүмкін. Бұл санкциялар құрсауындағы Иран экономикасын құлатпай ұстап тұрған басты табыс көзін жауып тастауы ықтимал. Алайда Иран мұнай экспортының 90 пайызын қамтамасыз ететін Парсы шығанағындағы шағын аралды басып алса, бұл АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тіпті ушықтырып жіберуі мүмкін. Мұның өзі де Иран экономикасын толық құрдымға жібере алмайды дейді сарапшылар. 7 наурызда Axios басылымы АҚШ әкімшілігі Харк аралын басып алу мүмкіндігін талқылағанын хабарлады . Иран бұл аралға

  • Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Тоқаев мырза тіл жайлы тағы бірдеңе депті 

    Zhalgas Yertay Орыс тілінің мәртебесін еш төмендетпедік, оның бәрі күңкіл сөз деген екен. Қазақ тілінің де мәртебесі төмендеді деп байбалам салмаңдар деп ұрсыпты. Алдымен жауабы жоқ сұрақтардан бастайық. Тоқаев мырза, егер ештеңе өзгермесе, онда “тең” сөзінің “қатарға” ауысуы жай көз алдау әрекеті ме? Қоғамдағы градусты басуға талпыныс қана ма? Қазіргі мемлекеттік бюрократиялық аппараттың статус-квоны сақтап қалуға тырысуы деп бағаласа бола ма? Енді Тоқаев мырзаның әр сөзіне тоқталсақ.“Жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық”Иә, қазіргі қазақ тілінің проблемасы да сол – қазақ тілі мен орыс тілінің құқықтық теңдігі мемлекеттік тілді кемсітіп тұр. Өйткені бюрократия құжаттарды орысша әзірлеп, кейін

  • Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Конституцияда қазақ тілін мемлекеттік әрі ресми тіл етсек, басқа тілдердің құқы шектеле ме?

    Бұған нақты жауап – жоқ, бұл шешімнен ешбір тілдің, соның ішінде, орыс тілінің де құқы шектелмейді. Неге? Өйткені конституциядағы мемлекеттік тіл мәртебесі биліктің жұмыс тілін ғана реттейді. Ол норманың қарапайым адамдардың қатынас тіліне қатысы жоқ. Яғни, мемлекеттік тіл – мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдары жұмыс істейтін тіл деген сөз. Бұл шешім орысша сөйлейтіндердің құқығын шектемейді, орысша сөйлеуге тыйым салмайды. Қарапайым адамдар үйінде, қоғамдық орындарда, бизнесте, медиа мен мәдениет ошақтарында қалаған тілінде сөйлей де, жұмыс істей де алады. Бұған конституцияның басқа баптары нақты кепіл болып отыр. Ал жаңа конституцияда 9-баптың 2-тармағы қазіргі күйінде қалса, бұл – қазақ тілінің құқығын шектейді. Себебі мемлекеттік органдар құжаттарды өздері үйренгендей алдымен орысша жазып,

  • Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Қазіргі биліктің ең үлкен қорқынышы…

    Zhalgas Yertay Конституциядан орыс тілін алып тастасақ, Ресей бізге соғыс аша ма? Билік осылай қорқыта бастады. Бірақ ол сұраққа қысқа жауап – жоқ. Себебі, Ресейге қарсы Әзірбайжан да, Армения да неше түрлі әрекетке барды, барып та жатыр, бірақ оларға қазір соғыс қаупі төніп тұрған жоқ. Бұл әдісті саяси манипуляция дейді, шын мәнінде, бұны қазіргі статус-кво жағдайын сақтап қалғысы келетін жүйенің асығыс ойлап тапқан аргументі деуге болады. Ойлап көріңізші, Ресейге біздің мемлекеттік органдар қай тілде іс-қағаз жүргізетіні емес, лоял болғанымыз керек. Ендеше, Ресей біздің лоялдығымызды сақтап қалғысы келсе, конституциядағы тіл мәселесіне қарсы болмауы керек. Себебі бұл ішкі тұрақтылық мәселесі. Дені сау елдің билігі өз көршісіне осындай қарсы аргумент айтар еді. Енді

  • «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    «Мағынасыз жұмыстан шаршадым»: қазіргі Конституцияның авторы мәлімдеме жасады

    Қазіргі Ата заңның авторларының бірі, академик Майдан Сүлейменов Конституция реформасын сынады. Ол заңның мәтінін шағын бір топ әлдеқашан жазып қойғанын, ал комиссия жай ғана мақұлдайтынын айтады. Оның сөзінше, ғалымдар мен сарапшылардың ұсыныстары ескерілмейді. Бұл туралы академик Facebook-те жазды: Кейінгі кезде менен Конституцияны талқылап жатқанда, неге үнсіз қалғанымды жиі сұрап жатыр. Қысқа қайырсам: мағынасыз жұмыстан шаршадым. Иә, мен қазіргі Конституцияның авторларының бірімін. Талқылау кезінде екі мәселе үшін күрестім: Конституциялық сотты сақтау және Парламенттің өкілеттігін шектемеу. Бірақ екеуі де қабылданбады. Соған қарамастан, мен бұл Конституциядан ұялмаймын. Мен Назарбаев пен оның отбасының жеке билігін нығайтуға бағытталған кейінгі түзетулерден ұяламын. Назарбаевтың кезінде-ақ осы масқара түзетулердің барлығын талдап, Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар енгізу туралы

Пікір қалдыру

Электорнды поштаңыз сыртқа жарияланбайды. Белгі қойылған өрісті толтыру міндетті *

Аты-жөні *

Email *

Сайты

Kerey.kz/Керей.кз

Біз туралы:

Тел: +7 7071039161
Email: kerey.qazaq@gmail.com

Kerey.kz тің бұрынғы нұсқасын http://old.kerey.kz тен оқи аласыздар!

KEREY.KZ

Сайт материалдарын пайдаланғанда дереккөзге сілтеме көрсету міндетті. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

Сайт санағы: