Ел қорғаны – Алмат Сардар
Сардар Алмат Тобабергенұлы – өз дәуірінде ел басқарған, беделді тұлғалардың бірі болған. Ол Ырғызда болыс қызметін атқарып, халық арасында сыйлы адам ретінде танылған. Алмат Тобабергенұлының ерлік пен елдік тоғысқан дара жолын кейін балалары Самырат пен Төремұратта жалғыстырды. Ал оның шөбересі Ғалымжан Әбдісаламов Еуропа мен Орта Азияға танымал қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы болған. ХІХ ғасырдың басында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңғы он жылдығында өмірден өткен алмат Тобабергенұлы басындағы билігі мен беделін елінің игілігіне, жұртының тұрмыс-тіршілігіне арналған өз заманының айтулы тұлғаларының бірі еді.
«Аржағы да атақты ер…»
Тағы бір жүз жыл әрі жылжып, ХVІІІ ғасыр тарихын парақтасақ, ол кезеңде ел басынан өткен қайғылы оқиғалар көп болғанын көреміз, «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» халқымызды қатты қалжыратып жіберсе, жоңғарлармен қайта-қайта тұтанған қанқасап шайқастар қазақтың жаужүрек ерлерін тарих төріне шығарды. Сондай батырлардың бірі — Киікбай Әлібекұлы болыпты. Ғалым ұсынған деректерге жүгінейік: қазақ халқының бес ғасырлық тарихын жазған ғалым-зерттеуші Ә.Хасенов сол кезеңнің аға батырлары ретінде адай Назар, Шотан, Есенқұл, Сабытай, тілеу Орыс, шөмекей Киікбай, сыбан Жанай, балталы Оразымбет, бағаналы Баянбай, табын Бөкенбай, сіргелі Елшібек, ақкете Алтайларды атаған («Үш ғасыр иінінде», «Қазақ әдебиеті» газеті, 07.02.1992 ж.). Әбілқайыр хан тұсында өмір сүрген Киікбай батыр 1717-1718 жылдары туып, 1795-1796 жылдар шамасында дүние салған. Қазақ жеріне, әсіресе Кіші жүз аймағына қалмақтармен қатар, Хиуа, Қоқан хандықтары көз сүзіп, елді әлсін-әлсін дүрбелеңге түсірген шақта қол бастап, жаудың бетін қайтарған батыр, сол ұрыстарда бірнеше рет ауыр жараланған. Ұлағаты мол жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» романында Киікбай Әбілқайыр ханның сенімді батырларының бірі, оған қолдау көрсеткен ықпалды тұлға ретінде суреттеледі. Киікбайдың ұлы Тобаберген де (1766-1840 жж.) өз аймағының беделді, ел сөзін ұстаған азаматтарының бірі болған дейді шежіре тарих. Ол Ресейдің «Гүберлі» деген жерінде (қазіргі Орск қаласының маңы) жаугершілік шайқаста 76 жасында қаза тапқан, сүйегін бір жыл аманатқа қойып, келесі жылы Ырғыздан 25 шақырым жердегі Майтөбеге әкеліп жерлейді. Алмат сардар Тобаберген арыстың ұлы, Киікбай батырдың немересі, яғни «аржағы да атақты» болған әулеттің перзенті еді(қараңыз:Рахымжан Өтеміс. Алашқа аты мәлім Алмат сардар…//9.08.2024. aqtobegazeti).
Алматтың елшілік қызметі
Алмат Тобабергенұлы 1804 жылы Ырғыз жерінде дүниеге келген. Кіші жүздің Шөмекей руының Бозғұл бұтағынан шыққан. Шежіре бойынша таратсақ: Бозғұл-Келдібай-Сейін(Желдер)-Бекет-Шобдар-Қалақ-Әлібек-Киікбай-Тобаберген-Алмат. Жастайынан өзінің алғырлығымен өз замандастары арасында беделді болып, патшалық Ресей өкілдерінің назарына ілігіп, қызметке алынған(Әйтеке би эн. 88-бет, Ақтөбе эн. 265-бет). 1830 жылдардан бастап-ақ ел билігіне араласа бастады. Осы кезеңде орыс елшілігінің атынан Хиуа хандығына барып, келіссөз жүргізіпті. Ол орыс әскерлерімен бірге Бұхара хандығына (1833-1834 жж.) сапар шеккен экспедицияның жол басшысы болған. Олардың Алматты таңдауы бекерден-бекер болмаса керек. Ол ел-жер тарихын жетік білетіні, мұсылманша алған терең білімі, қажырлы қайратты адамдармен қарым-қатынастағы ерекшеліктері ескерілген болуы керек. Бұл туралы экспедиция жетекшісі Петр Иванович Демезонның 1833 жылдың 10-шы қарашасында Орск қаласынан Бұхара керуені жолға шығады. “Керуен басшысы бұхаралық Нияз Мұхаммед және жол бастаушысы Алмат болды” – деп жазады(Талмай шапқан тарлан, 7-бет). Алмат Тобабергенұлының арқасында Орта Азия сапары орыстарға зор мәні бар эксспедиция болады. Алмат Тобабергенұлы 1846 жылдың 23 наурызында түтін салығын жинау тобының жетекшісі, 1851 жылы №54 дистанция, 1860-1868 жылдары №31 дистанция бастығы болып қызмет атқарса, 1869-1876 жылдары Ырғыздағы “Қожакөл” болыс басқарушысы болып тағайындалған.
1834 жылы қазан айында осы жылға дейін істеген жұмысы Ресей патшасы Николай І-дің көңілінен шығып Анна лентасы мен қылышпен марапатталды(“Записке о Бухарском ханстве” 10-бет). Алмат Бұхара хандығына тұтқынға түскен 60- тан астам Ресей азаматтарын тұтқынан босауына жәрдемдесу үшін талай мәрте дипоматиялық келіссөздер жасасып оң нәтижеге қол жеткізгендігі жөнінде нақты архив құжаттары сақталған. 1829 жылы мамыр айында Шөмекей руының 400 түйе, 1000 жылқы, 1000 сиыр, 50 мың қойды барымталаған Хиуалық Тұрысбек бастаған басқыншылардан малдарын кері қайтарып алған. 1836 жылы корнет Айтовты тұтқынан босату кезінде Алмат Тұрысбекпен кездесіп қалады. Оның өзің шырамытып тұрғанын байқаған Алмат: “О, Тұрысбек, құдай тас төбеннен ұрсың! Ағаң Құдайқұлды көрмей көрсоқыр болдың ба?” – деп айқара құшақтап, есеңгіретіп, құтылып кеткен көрінеді. Тар жерде жол табудың өзң оның ақылдылығын, батылдылын көрсетсе керек. Оның елге жасаған тағы бір қызметі 1864 жылы Орынбор генерал-губернаторына арнайы хат жазып, Ырғыз қазақтарына судың аса қажеттігін, егін егумен айналысудың тиімділігін дәлелдеген болатын. Ол сондай-ақ Шөмекей, Шекті, Төртқара рулармен болған арадағы дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге белсене араласып, шекараларды анықтауда басты рөл атқарған.
Алматтың Кенесары ханға жасаған жақсылығы
Алмат Тобабергенұлының неменесі Маханұлы Рахи(марқұм) 1999 жылы 14-ақпанында Сарбасовқа хат жазған екен. Хатта өзіңін Алмат бабасы өз заманында “Ырғыз уезі болмай тұрғанда, яғни 1845 жылға дейін Кенесары хан, Наурызбай 4-5 жыл Ырғызда тұрған ғой. Сол уақытта Алмат Кенесарымен кездесті деген деректі жолықтыра алмадым. Кездеспеулері мүмкін емес”, – іздестіруімді өтінгенді.
Ақсақалдың болжамы қате кеткен жоқ, әдебиетші, зерттеуші Қуаныш Ахметовтың “Табанын тауға тіреген тарлан атты”, “Жұлдыз” журналындағы (2001) мақаласында тайға таңба басқандай мұрағат құжаттар бар.
Бас штабтың поручигі Герн былай депті, “Орск бекінісіне қайтар сапардан бір күн бұрын Кенесары менің қасындағы құрметті қазақ керуенбасы алматпен жүздескісі келді. Онымен бірнеше сағат әңгімелесіп, Алматтан жоғарғы мәртебелі сізге(Обручевке В.А.) және маған хаттар беріп жіберді Кенесары онымен сөйлескенде өз жағдайының, әсіресе, қыс айларында ауыр екендігін екендігін айтыпты. Ежелден ата-бабалары мекендеген Ұлытау аймағы оған иелікке беріле қойса, үкіметке адал болуға ант беруге, әкімшіліктің барлық талаптарын орындауға әзір екендігін мәлімдепті. Мынау мен үшін аса маңызды хабар деп ұққан Алмат қазақ дәстүрімен менен сүйінші сұрады. Қолымда сүйіншіге ыңғайлы ештеңе болмай, мен оған Орскге барған соң төбетей сыйлауға уәде бердім. Оның үстіне біздің бүкіл керуеннен Кенесарымен тең ғана, Алмат жалғыз өзі кездескен соң оның үстіне олардың бұрынан аралас-құралас, сыйлас екендігін білген соң шекаралық комиссия басшылығы осындай адаммен таныссын, деп Алматты Орынборға алып келдім. Шындығында да шекаралық комиссияның төрағасы онымен 2-3 мәрте кездесіп әңгімелескеннен кейін маған онымен таныстырғаным үшін ризашылығың білдірді”. Бұл деректерден Алмат Тобабергенұлының үлкен қайраткер, саясаткер болғандығын, қазақ хандығының тәуелсіздігі жолында күрескен хан Кенесарымен болғандығы және бәйбішесі Күнімжанды патша қамауынан босатып Кенесарыға табыстаушы да болғанын көреміз.
«Балқы Базардың Алматқа арнаған толғауы…»
Майдан өте сұлу болыпты. «Шүйінішбай дегеннің қызы еді», – дейді оны Қ. Молдахметов есімді қармақшылық азамат. (Қараңыз: Базар жырау мен сардар Алмат.// «Тұран-Қазалы» газеті, 8.01. 2005 жыл) Алайда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданында тұратын Майданның інілерінің, сіңлісі Айжаннан өрген жиендерінің деректері, рулық шежіре бұл пікірді теріске шығарады. Растайық. Балқы Шөмекей руының Бозғұл тайпасынан тарайды дедік. Балқының бір баласы Пұшық. Осы Пұшықтан – Құдайсүгір, Сатыбалды туады. Құдайсүгірден – Мәттек. Мәттектен – Сарыбас. Сарыбастан – Төртбай, Тезекбай, Жетекбай, Бесбай. Төртбайдан – Бектемір, Естемір, Темірбай және Майдан, Айжан атты екі қыз. Ескерте кетейік, пайдаланып отырған мағлұматтардың бірқатарын Майданмен бір атадан өретін Қасымхан, Еламан есімді азаматтардан алдық. Туыстығын ашып көрсетейік. Төртбайдың Бектемірінен – Нұржан. Нұржаннан – Тәжімағанбет (1915 – 1968), Тәжімағанбеттен – Қалқаман, Еламан (1955), Күләйім. Ал Төртбайдың туған бауыры Бесбайдан – Күмісбай. Күмісбайдан – Тілеш. Тілештен – Бақтыбай. Бақтыбайдан – Қасымхан (1948). Базар Майдан қызды бұрыннан өзара уәде байласқан жігітіне алып берген. «Аты – Кетебай, жыраудың жақын інісі», – деп куәландырады Ш.Алдашев. (Қараңыз: «Жұлдыз» журналы, №5, 1981жыл). Қармақшылық Қ.Молдахметов мұны:«Сәлім есімді кісінің баласы-тұғын», – деген мәліметімен қостайды (Қараңыз: Базар жырау мен сардар Алмат.// «Тұран-Қазалы» газеті, 8.01. 2005 жыл). Қолдағы Жауқашты Балқылар шежіресінің бірнеше нұсқасын мұқият әлденеше сүзіп шықтық. Аталған кісілер есімдерін кездестірмедік. Бұны әлі де анықтай түсу қажет күмәнсіз шындықты індету үшін. Жаз жайлауы Мамытты мекендеп жүрген кезі екен Базардың. Отарбай атасынан тараған ет жақындарымен бірге. Ағайындарға астыртын сәлем айтыпты Сыр бойындағы: «Қыз атастырылған еліне көп ұзамай ұзатылмақ», – деп. Хабарды ести сала Мамытқа суыт жетеді бірнеше жігітті бастап Базардың әлгі туысы. Тілеулес ағасының ұқыпты ойластырған ақыл-айласының арқасында, жұрт қалың ұйқыға енген шақта, қиындықсыз Майданды алып шығып, із тастап үлгереді. Сол заманда жер дауы, жесір дауы – үлкен мәселе екен. Арты шуға айналады. Майдан атастырылған ру осал емес-ті. Шобдар жұрты еді. «Жарты патша» атанған, Әлім-Шөменге аса беделді би, сардар Алмат Тобабергенұлының елі. Майданның атастырылған болашақ күйеуі – Естай деген екен, атақты шонжармен туысады. Шөмекей руының Бозғұл тайпасынан, Шобдар аталығы. Ұғынықты болсын таратып көрсетейік туыстығын. Шобдардан – Қалақ. Қалақтан – Әлібек, Арыстан. Әлібектен – Киікбай батыр. Киікбайдан – Тобаберген, Қожас, Бабас, Айдос, Сүгіртай. Тобабергеннен – Алмат (1804 – 1892). Алматтан – Самырат, Төремұрат, Қосмұрат, Мақан, Пірмақан. Ал Бабастан – Қожағұл,Ысмайыл, Сүйінбай, Мойнақ, Тұрым, Қашқын. Осы Қашқыннан – Шынтай. Шынтайдан – Естай(Жабасақтағы марқұм Көпбай ақсақалдың атасы). Сонда ол Алматпен төрт-ақ атадан тоғысады (Мәліметті беруші Тельман аға Шағатай баласы (1934), Қожастың нәсілі). Содан дүрліккен Шобдар шырақ алып Базардың соңына түседі. Кенжеғара болысын басқарып тұрған шағы екен Алматұлы Самыраттың (Нақты деректер бойынша бұл 1875 – 1889 жылдар аралығы. – Б.К.). Қолында билігі бар ол қатуланып жазалауға бекінеді. Басынан қиқу кетпей түртпекке қатты ұшыраған Базардың амалы таусылады. Ақыры жолын табады қыспақтан шығудың. Әйгілі Төртқара Жаныс биге жүгінеді. Әлім-Шөмен ішінде беделі өте жоғары, қара қылды қақ жарған әділдігімен дүйім елге аты таныс. Базардың дарынына қанық би оның арыз-мұңын тыңдап, дауды шешудің уақытын белгілепті. Сонымен не керек, уағдалы мерзімде екі жақтың шағымы тыңдалып, кесімді уәж айтылыпты: «Шынтай баласы Естайға Майданның сіңлісі Айжан айып өтеуі болсын!» – деп. Осы бәтуаға бәрісі тоқтапты. Сырғып айлар өтеді, жылжып жылдар өтеді. «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше…». Қай кезде де ақылын жоғалтпаған, қаркесті Алмат қарт Базарға хабар салыпты дейді бірде: «Келсін, жыр айтсын!» – деп. «Келсін, жыр айтсын!» – деуі де сылтау сөз. Астары – Базармен қайта табысудың амалы-тұғын. Ескі күннің бір данагөй шалы айтыпты ғой: «Екі жақсы қосылса, Бірін-бірі қия алмас, – Екі жаман дос болса, Бір мекенге сия алмас», – деп. Өкпесі тарқаған жырау да ағасымен жарасудың сәті түскеніне қуанады. Бірақ әлдебір себептермен сәл уақыт оздырып алады. Әйтсе де жолға шығады. Аққұмдағы Алматтың ордасына жеткен Базар (Аққұм – қазір Әйтеке би ауданына қарасты жер. – Б.К.) табалдырықтан енді аттап, үйге ене бергенде ағалық доқ көрсеткен би жорта: «Кірме, көрінбе көзіме!» – деп ақырып жіберіпті дейді. Сонда сасып қалған жырау бір аяғы іште, бір аяғы сыртта: «Алайма сардар, алайма, алайма сардар, алайма», – деген сөздерді әлденеше қайталап барып, аздан соң төгілте жөнеліпті әрі қарай:
Болғанда ағам – Алмат, жеңгем – Күміс,
Ешкімге біткен емес мұндай туыс.
Ақырып Алмат ағам сыртқа шықса,
Болады Әлім, Шөмен бір-ақ уыс (толық нұсқасын қараңыз: Кәртен Б. Шаңдоз жырдың толғауы-Балқы Базар. Adyrna.kz. 28.01.2016).
Халықты алдап қазына іздеген емші сымақ
Бұл оқиға 1992 жылы 26-шы көкегінде айында болыпты. Өзбекстандық емші Әбдімәлік Талипов деген емші Жабасақ ауылына келіпті. Ауылдың кеңес төрағасы Ж.Шоқпаров пен сол кездегі конторда жұмыс жасайтын ауыл азаматтары барып жағдайын біліп тұрған. Барғанда айтатын:“адам аз келеді маған, ақша көп түсуі керек”. Тағы бірде “қасиетті мешіт бар жер екен, айналысы лас соңы тазарту, жөңдеу керек”,-деді. Сол кезде Жабасақ ауылдық кеңесінің төрағасы Ж.Шоқпаров:айналасын азарту дұрыс. Бірақ біз биыл жаңа мешіт саламыз-деген. Сонымен 10 мамыр күні сағат 3-те сеансқа барсам 70-ке жуық адам жиналған. Ал Талипов жоқ. Сосын шамалыдан кейін көмекшісі Хасан келіп:“Талипов сырқаттанып қалды, ертең келіңдер”-деп халықты таратып жіберді. Көңілін сұрайын деген оймен қонақ үйге барғанда, емші диванда жатыр. Ауырғаң адамға ұқсамайды. Ол бір кезде: “Қазір мешітті жөңдеймін”-деді. Ауыл ақсақалдарының айтуынша байырғы заманда Алмат әулеті Жабасақтағы Самырат мешітінің орнына алтын-күміс, бағалы заттарын көмген екен. Бұл емші халықты пайдаланып сол заттарды Науаи облысындағы Алмат ұрпақтарынан біліп келген болса керек. Тұсқайта аудан әкімі мен орынбасары А.Ермағанбетов, директордың орынбасары А.Бірманов, Ж.Шоқпаров үшеуі барғанда мешітті қазып жатыр екен. “Бұл жерде құран бар, соңы аламын”-деді. 12 мамырда Аққұм орта мектебінің директоры Байнязов пен шофер А.Жоламанов барса мешітті саз балшыққа ацналдырып, ішін адам көргіс етіп бүлдірген. Кірмек болған адамдарды есіктен қуғаң. Ақыр аяғында Жабасақ ауылдық кеңесі мен аудан басшылығы Ә.Талиповты ауылдан еріксіз қуып шығуға мәжбүр болған. Ол өзіңе қарсылық көрсеткен қызметкерлерге жұдырық жұмсаған. Егер нағыз емші болса қасиетті орынды қорламай, адамдарға қол көтермейтін еді.(Қараңыз:Емшінің хикаясы…//1992.06.27).
Әлеуетті әулет ұрпақтары
Алмат Тобабергенұлының – Самырат(Шахмұрат), Төремұрат, Мақмұрат, Қосмұрат, Пірмақан атты ұлдары болған. Алмат қазіргі Жабасақ, Аққұмды жәйлау етіп, Ырғыздың Қарақоғасында қыстау салған. Балалары да әкесінің дара жолын жалғап, абройын асқақтатып ел-жұрттың аузыңда қалған ұлы тұлғалар. Алматтың үлкен ұлы Самырат Ырғыз болысын басқарған. Алмат үлкен ұлы Самыратқа(Шахмұрат) арғы атасы Тархан болған шақшақ Жәнібектің ұрпағы Мұсаның қызы Мамишаны айттырған. Халық «Самыраттың Аққұмы» деп атап кеткен. Жабасақ ауылына 1902 жылы мешіт салып, Бұқар медресінен білім алған Мұқантай деген молданы мешіттің иманы қылып қойып, балалардың көзің ашқан. Кейін Төремұрат Кенжеғара болыс басшысы болғанда осы шырайлы өлке Аққұм жәйлауында мекендеген екен. Төремұраттың немерелері Файзолла Әбдісаламов Ақтөбеден шыққан тұңғыш кино операторы, Қазақ КСР-ның Еңбек сіңірген өнер қайраткері(1960)(ҚСЭ, 6-том, 8-бет, Ақтөбе энц. 288-бет) болса, ал Ғалымжан Әбдісаламов қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби скрипкашысы. Файзолла мен Ғалымжан сол сардар Алматтың екінші ұлы Төремұрат болыстың немересі, Әбдісаламның баласы.
«Бекзада болып өсті ұлдары да…»
Алматтан қыздарын айтпағанда, бес ұл туады. Кіші екі ұлы жастай қайтыс болған. Үлкені Самұрат (1845-1922 жж.) әкенің ел басқару ісін жас кезінен жалғастырған, 1861 жылдан патша үкіметінің қызметінде болып, кейін №54, 31 дистанциялардың бастығы, Ырғыз уезіндегі Қожакөл, Кенжеқара болыстықтарының басқарушысы, Ырғыз уезі бастығының көмекшісі, уезд биі болып қырық жылдан астам қызмет атқарады. Өз қаржысына орысша, мұсылмандық мектептер, мешіт салдырған. Қазіргі Әйтеке би ауданының Аққұм деген жерінен баласы Самұратқа арнап, қабырғалары қарағайдан қиыстырылған 12 бөлмелі зәулім үй тұрғызады. Бұл үй туралы Сейілхан Оразымбетов ағамыз былай деп жазған еді: «…Аққұмның сұлу табиғатына Самұрат үйінің (басқа да қосалқы құрылыстарымен) архитектурасы үйлестіріліп салынғанға ұқсайды. Қабырғасы еңселі, төбесі қаңылтырланған, суағары өрнектеліп өрілген жылан ауыз түтікшелі, терезелері ашпалы, көк шыныдан тұтқасы бар емен есікті бұл үйдің сыртын төңіректің көктемгі реңіне түстес жасыл көк бояумен қанықтыра боятса керек. Әсіресе жаздың сағымды күндерінде қозыкөш жерден ашық теңіздегі кемедей мұнарлана қалқып көрінетін, бұлтты түндерде биік қабақтың суға түскен көлеңкесіндей көзге ілігетін осы бір көрінісі бөлек көк үй жайлы көзі көргендер елжірей айтып, көрмегендері сол айтқанды елти тыңдайды. Сонан болар, асылды жасықтан айыра білген ел аузының әңгімелері небір көркем де сұлу құрылыстарды күні бүгінге дейін Самұраттың осы көк үйіне теңеп айтуды үрдіс еткен». 1905 жылы Орынборда өткен қазақ құрылтайына қатысып, сөз сөйлеген. 1913 жылы Петербургтегі Романовтар әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толу салтанатына Орынбор губерниясы делегациясының құрамында қатысады. Адал қызметі үшін патшадан дворян атағымен, зерленген қалпақ пен алтын медальмен, әр жылдары Станислав, Анна ленталарымен, күміс медальмен, басқа да бағалы сыйлықтармен марапатталған. Құрманалы ақынның:
Алматтан туған белгілі,
Мынау жүрген Самұрат.
Әлім-Шөмен ішінде,
Бәйгеден келген тарлан ат, — деп жырға қосуы оның өз заманының қайраткер тұлғасы болғанын айғақтаса керек. Алматтың дистанция бастығы ретінде қолға алған ең басты да бірінші шаруасы — мал соңында көшіп-қонып жүрген халықты отырықшылыққа бейімдеу болды. Бұндай шешім оған бозбала жігіт шағында Орта Азия елдерімен қоса, Ресейдің Орынбор, Орск, Уфа қалаларында бірнеше рет болып, қала тұрмысының ерекшеліктерін көріп, бойына сіңірген кезде-ақ келген болу керек. Өйткені, елінің үлкен-кішілеріне «Орыс халқының үйлерінің сәні мен салтанатын көргенде өз аулымның іргесінен жел үріп, төбесінен тамшы ағатын үйлерін есіме алып, көңілім орта түседі» дейді екен. Жаңа лауазым сол орта көңілінің орнын толтыруға мүмкіндік берді. Сөйтіп, Ырғыздың қалың қопалы, мол сулы жерлерінен Төремұрат деген баласына 12 бөлмелі, Әбдіразақ деген немересіне 6 бөлмелі төбесі қаңылтырмен шатырланған қалалық үлгідегі үйлер салдырған.Төремұрат (1848-1933 жж.) Қожакөл болысының кандидаты, Ырғыз уезі бастығының кіші көмекшісі, Кенжеқара болысының басқарушысы қызметтерін атқарған. Әкесі сияқты ол да «Құрметті азамат» атағына ие болады. Самұрат та, Төремұрат та Меккеге барып, қажылық парыздарын өтеген. Елі Самұратты «Үлкен қажы», Төремұратты «Кіші қажы» деп атайды екен. Махан (1865-1933 жж.) да ел билігіне араласқан, Кенжеқара болысының кандидаты, Аманкөл болысының басқарушысы болған. Әйгілі Базар жырау 1892 жылы Алмат қайтыс болғанда қара шаңырақта отырған ұлы Маханға арнайы келіп:
Алтекем емес еді қалыс адам,
Жоқ еді ақ кеуіліне алыс адам.
Бекзада болып өсті ұлдары да,
Қыздары кем болған жоқ ханшадан.
Артпақшы абыройы адамзаттың,
Береке тұқымына дарыса адам.
Ешуақытта етпес ісін ашқарақтың,
Бір тегі уызында жарыса адам… — деп көңілқос айтқан екен. Бір айта кетерлік жәйт — Алмат ұрпақтары шеттерінен өнерлі һәм қолөнер шебері болған. Немерелері Абыл, Халық, Қанилар домбырашы, қобызшы ретінде танылып, Ырғыз халық театрының іргесін қалаушылар болса, Төремұрат пен Қосмұрат және бірнеше немерелері тігін тігуге, арба, шана, басқа да тұрмысқа қажетті заттар жасайтын ұсталыққа машықтанған. Абыл Маханов Алматы филармониясы оркестрінің домбырашысы, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ өнері мен әдебиетінің алғашқы онкүндігіне қатысқан. 37-нің қанды қасабында халық жауы деген жаламен ұсталып, атылған. Оның інісі Қани да домбырашы, ат әбзелдерін жасайтын шебер, ол да 37-де ұсталып, он жылға сотталған. Шөбересі Әбсаламов Файзолла қазақтың тұңғыш кинооператорларының бірі болса, оның інісі Ғалымжан Әбсаламов елімізге Әлім Алмат деген есіммен белгілі қазақтың тұңғыш скрипкашысы(Жабасақтың Аққұм ауылында дүниеге келген), Мәскеудегі онкүндікке қатысқан. Соғыстың алғашқы күндерінде немістерге тұтқынға түсіп, кейінгі бүкіл ғұмыры шетте өткен. Париж, Вена консерваторияларын бітіріп, Ыстанбұл симфониялық оркестрінің скрипкашысы болды, 2018 жылы 102 жасында Түркияның Ыстанбұл қаласында дүниеден өтті. Оның бұралаң жолды қиын да қызықты тағдыры, Мұстафа Шоқайдың әйелі Мариямен аналы-балалы қарым-қатынасы туралы жазылған туған жерінің бұрмалап(Қарақоға деп), өтірік десертация қорғаған Күлпаш Ілиясованың «Әлім Алмат: өмірі мен өнері», «Тағдыр-тарих:Скрипкашы Әлім Алматтың күнделікті өмірі» атты кітабы бар. Немересі Рахи Маханов соғыстан майдан даласына бір аяғын қалдырып, аман оралған соң Ырғыз ауданында жауапты қызметтер атқарды. Тәуелсіздіктің нұрлы сәулесі рухани өмірімізге шуағын төккен 90-жылдары кезінде «патшаға қызмет етіп, шенін тағып, шекпенін киген шынжыр балақ, шұбар төс» деп саясаттың қара таңбасы таңылған, ұрпақтары үреймен күн кешкен атасын жарыққа шығарудың — алматтанудың жолын бастаған осы ағамыз болатын. Сондай-ақ замана ызғарымен тарыдай шашылып, өзбек елінің Тамды және өзіміздің Алматы, Қостанай, Қызылорда, Жетіқара өңірлерінде тұратын туыстарын іздеп тауып, ағайындық қарым-қатынасты қайта орнықтырды(қараңыз:Рахымжан Өтеміс. Алашқа аты мәлім Алмат сардар…//9.08.2024. aqtobegazeti).
Сөзіміздің тобықтай түйінің айтсақ аталған фактілерді негізге ала отырып таза шыңдықты сіздерге жеткізуге тырыстық. Өзіміздің көзіміз жеткен таңбалы тприхты қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа ешқандай бұрмалаусыз, нақты ақпаратпен бөлістік. Кезінде Жабасақ өңірін жайлаған төрт аталы Шөмекейдің бас биі болған, билігі мен парасаттылығың елдің мүддесіне жұмсай білген сардар Алмат Тобабергенұлы туралы көптеген деректерді сіздерге ұсындық. Киелі мекен, тарихы терең Жабасағымыздың отанымыздың төріңде ойып алатын орны қандай екенің жұрт назарына жеткізу біздің басты мақсатымыз. Жайнай бер Жабасағым!
Асқар Рахымжанұлы
тарихшы


Пікір қалдыру